Адам қарады: 15 | Жарияланды: 2017-07-27 03:47:14

Тандыр мен тағдыр

(Бейнеу балладасы)
Мен де кеше бала болдым балдырған,

Мен де кеше арман отын жандырғам.

Ол кез – таяқ жемеген кез тағдырдан,

Жегенім тек – тәтті дәмді тандыр нан.


Қайран шешем нан жабатын тандырға,
Қарамайтын, мейлі, қар ма, жаңбыр ма.
Қарамайтын, мейлі, аяз ба, аптап па,
Қарамайтын... аямайтын тағдыр да.

Қараған жоқ өзіне де ол дұрыстап,
Қалса да ауырып жауырыны құрыстап.
Біздер үшін күлгендей тек күлсе де,
Біздер үшін жүргендей тек тыныстап.

Тəуба қылды – арқалаумен сорын да,
Сауда қылды... ауыр сөмке – қолында.
Қатқыл заман қос бүйірден қысқанмен,
Аш қылмады – өткен ғасыр соңында.

Ақша болды сатқан наны – базарда,
Ас та болды жапқан наны – қазанда.
Өмір сыйлап, жеті рет жеңген өлімді,
Бірақ... қарсы тұра алған жоқ ажалға.

Ерте кетті... дертті дүние-ай... ерте өшіп,
Жатыр бүгін тандырдай бір төмпешік.
Көңілімнен кеткен сынды көл көшіп,
Тамға барам, жеткен сынды шөл кешіп.

Күндіз – естен, түнде шықпай түсімнен,
Бағыштадым дұғамды оқып ішімнен.
Қайраты оның ыстық еді-ау шоқтан да,
Махаббат пен шапағатты пісірген.

Кеудемдегі сағынышым – қыжым-ды,
Бейнеудегі тандыр... сосын бұзылды.
Тез өткенмен тезек терген сол күндер,
Ана-ғұмыр... соңғы дем боп үзілді.

Қайыр күтпей қайыруысыз тағдырдан,
Өкінішім көп өзекті оттай жандырған.
Ел-жұртыма ұсынатын нан-жырдан –
Мендік жүрек айнымайды тандырдан!

 

Қазақ тілінде жазылған