Адам қарады: 15 | Жарияланды: 2017-07-27 03:49:47

Ностальгия

Мен сені күзде сағындым,

Көктемде бірақ күтпедім...

Жаныма дерт қой қалың мұң,

Өтермін таппай түк те емін.

 

Шаршатып қала безбүйрек,

Жүрекке жатыр нұр сіңбей.

Мұнара-сезім тез күйреп,

Ғайып боп кетті күрсіндей...

 

Адыра қалғыр жас бақыт,

Дүр етіп бізге қонбады.

Әуре-сарсаңнан бас қатып,

Торықтым құстай тордағы.

 

Жуыспас мүлде қос ғұмыр,

Қос тағдыр мүлде қиыспас.

Азабын өмір тосты бір,

Дүниеге мәңгі сиыспас.

 

Жанардың жасы мөлдіреп,

Екеуміз үнсіз жыластық...

Ғашықтық оты сөнді деп,

Қоштасып тұрып сыр аштық.

 

Елес бар өткен шағыңнан,

Қалғаны бітті нүктемен.

Мен сені күзде сағынғам,

Көктемде бірақ күтпегем...

 

 

Қазақ тілінде жазылған