Сезім хаттары...
(триптих)
Түн торлап қабақтарың,
Баттың ғой қанша мұңға.
Есепсіз сағаттардың,
Есінен шаршадың ба?
Саған деп əн шығардым,
Күй тербеп шанағымнан.
Күздегі тамшыларлың,
Қарайсың жанарынан.
Жолыңа күте қарап,
Қоздырдым қайта мұңды.
Бетіме тіке қарап,
Айтып кет айтарыңды.
2.
Біз ұмыттық кешегінің бəрін, бəрін,
Өткеріппіз көктемнің əнін, сəнін.
Кімге керек енді сенің жылағаның,
Кімге керек енді менің сағынғаным.
Қоштасудан таппадық шын бағаны,
Достасумен ақтадық мұң-наланы.
Бəлкім қазір мəреге жетпеген де-
Мəреге жеткендер де құр қалады.
Алдымда ашылмады ойыңдағың,
(Білмеймін, келмес болар мойындағың).
Бəрін қойшы,
Мен бар ғой қоштасарда-
Сенің жалғыздығыңа уайымдадым.
Қайғыдан кеп бір сезім жетек алды,
Біз осы сыйладық па бекер арды?
Өз құйрығын өзі шаққан жыландайын,
Өзегіме мұңым сіңіп кете барды.
3.
Жылап қалма,
Жалғыздыққа сыр ақтарма.
Жауап күтпе жауабы жоқ сұрақтарға.
Сен осы дəл осылай ойланып па ең-
Алғаш мені көргенде, ұнатқанда?...
Тасынғанда,
Тағдырыңа шынымен ашынғанда.
Достасудан қоштасу шығаратын-
Білесің бе?
Шебер екен расында Алла.
Сырға берік...
Екеуміз де сын алдында тұрған едік.
Менің басым дала кезіп кеткендіктен,
Сенің жасың төгілді мұңға келіп.
Кешірмедің.
Өзіңнің өртегенің, өшіргенің.
Мен ешкіммін,
Сен үшін жалғыз ғана,
"Сүйем" деген сөзім үшін есіңдемін...