Адам қарады: 1090 | Жарияланды: 2017-08-28 04:15:31

Орындалған арман

Махамбеттің атынан тәуелсіздікке ода

                    "Еділдің бойы ен тоғай,
                       Ел қондырсам деп едім..."
                                             (Махамбет)

Еңсесі биік ақ орда,
Елдігі бастан таймаған.
Ертеңгі көрер күніңді,
Егемендікке байлаған.
Ереулі атқа ер салып,
Егеулі найза сайлаған,
Ерлікке барған ерлер бар,
Елдіктің қамын ойлаған.

Тұлпарлар өткен тоздырып,
Тулақтай ғана жұмыр жер.
Тарихтан дәуір оздырып,
Тайқымайтұғын ғұмыр бер!
Таңшолпан туған таң сайын,
Тәуелсіздіктің нұрын көр,
"Тар жол тайғақ кешудің",
Тәңірім енді құнын бер!


"Орай да борай қар жауса",
Осалдық бермес басқаға.
Азаттық ары секілді-
Оқалы орда- Астана.
Баянды елдің бақытын,
Бетінен әсте жасқама!

Азаттық жырын жырлатып,
Қазақтық сарын тыңдатып,
"Адыра қалған Нарыннан",
Айналып өткен бұл бақыт.
Ақтабан мінген Исатай,
Армандап өткен бұл бақыт.
Аналар айтқан зар мұңнан,
Ашылмай қалған сыр бақыт.
Алатаудан арайлап,
Алашқа қонған шын бақыт!

Мұнардан ашқан күн демін,
Мұңдардан қашқан түн легін,
Мекеніне қондырған-
Мерекем ғой бұл менің.
Мергенге түспес тоғайда,
Маралым ғой бұл менің.
"Мен Нарыннан кеткенмен",
Мәңгілік елмен біргемін!.

Қазақ тілінде жазылған