Адам қарады: 364 | Жарияланды: 2017-09-11 02:18:51

Шайтан болған

Өмірінде дәл бұлай қорланбаған шығар.

Шамдары самаладай жарқыраған кең сарайдан ақтарылған жұртпен бірге сыртқа сытылып шыға беріп, өзінің тым жұпыны өмірін ойға алды. Содан жүдеп сала бергені. Сөмкесіне салған диктофоны мен кассеталарын сыртынан сипап қойды да, шаршаулы жүзбен маңайына назар жықты. Осы әзірде ғана аяқталған халықаралық саммиттен шыққан жұрт әлемдік шетін мәселелерді талқылаған басқосу әсерінен айыға алмай саясат жайын қозғап, екеуара, үшеуара қызу әңгіме соғып барады.

Басы сынып ауырып барады екен. Қарны шұрылдап, шөл қысқанын енді байқады. Түскі ас ішпегені еске түсті.

Жұмыстан қайтқан жұртпен таласа-тармаса автобусқа аяқ іліктірген. Автобустың артқы отырғышына жұртпен қыстырылысып гүмп берді. Берзент сөмкесін айырылып қалмайын дегендей қос қолдап қармап, қысып отыр. Бірінің аяғын бірі басқан ығы-жығы халықты сықай тиеп алған автобус орнынан ыңырана қозғалып, жұмысшы поселкесіне қарай сызып келеді. Күні бойғы тынымсыз жұмыстан шалдыққан жүргіншілердің сіркесі су көтерердей халде емес. Қабақтары қату. Жағы сембей айқайлап, ақша жиған билет кесушіге қалта түбінен әрең тауып алған тиын-тебенін самарқау ұсынып жатыр. Соңғы елу теңгесін билет таратушының алақанына бұл да тастай салды.

Жүзін бұрып әкетіп, терезеден көз жүгіртті. Ойында Достық-Дружба сарайында өткен саммит. Дүниенің төрт бұрышынан келген президенттер мен премерьлер жиналған осы басқосуда нелер айтылмады дейсің. Адамзат баласы жер бетіне сыймай, неше қилы қиындықты қолдан туындатып алып, енді соның салдарынан құтыла алмай әлек. Саясат дегенің сәт сайын мың құбылып, шиыршық атып тұратын бірдеңе екенін енді ұққандай. Әр мемлекет өз ішіндегі тыныштықты сақтап тұрғаны бүкіл дүниенің тыныштығына кепіл емес екен. Өз жағдайыңмен қоса көршіңнің де көңіл күйзелісіне мүдделі болмай, жер жүзі тыншу таппайтын көрінеді. Өзгенің қас-қабағына қарамасаң, өзіңнің де құрығаның. Адам адаммен, мемлекет мемлекетпен мидай араласқан кезде, мәселе деген балалаған үстіне балалап, шешімі қиындап, сыздаған сыздауықтай меңдеп, мазаңды қашырып бітеді екен. Оны дәл бүгінгідей саммит жасап, дүние жүзінің ықпалды фигуралары бірігіп сапырмаса, саясаттың қызуы басылуы екіталай. Мұхитпен шектесіп жатқан әне бір көршілес екі елдің талай жылдан бері неге қырғи қабақ боп келгенін адам түсініп болмайды. Солардың тоңтеріс қабағын дүниежүзінің саясат серкелері жиылып жұмсартпаса, сол кетіскені кетіскен. Әлемнің бір қиырында жатқан көршілес екі ел тату болмаса, олардың бұл қылығы әлемнің екінші бір қиырында жатқан өзге мемлекеттердің бүйіріне шаншудай қадалып, жамбасына тастай батып, мазасын қашыра бермек екен.

Ертеңгі сағат оннан кешкі сағат алтыға дейін тарқатылып бітпеген түйткілдерді түсінем деп отырып, ойы әлемді шарлап, не қиырға бармады дейсің. Капитал билеген елдерден ат арытып келген тісқаққан саясаткерлер айтқан сөздің бәрі, сол капитал жолына енді түсіп жатқан жас елдер үшін таңсық. Бірін ұғып, бірін ұқпайсың. Кейбіріне ой-өрісің жетпей, онсыз да шөкімдей миың аталаға айналып бара жатады.

Олармен салыстырғанда, әрине, біздің елдің тіршілігі бейшаралық деп ойлады бұл. Енді ше? Иә, иә, қазір бұрынғы құндылық атаулының бәрі аяғы аспаннан келіп, дүниені түсінудің өзі қиын боп бара ма қалай?

Қылыштың өзін соншалық бейшара сезініп, қор санауы бұл да емес, басқа.

Автобус есігінен қысыла-қымтырыла түскен соң, аяғын сүйретіп басып үйге жеткенше ымырт үйіріліп қалыпты.

Кешкі асын ішіп-жеп жан шақырды. Бұдан кейінгі жұмыс – асхана үстелінің үстін жалаңаштап, халықаралық тақырыпты толғайтын мақаласын жазу.

Берзент сөмкеден диктофоны мен кассеталарын шығарды. Кассетаның біреуін диктофонға сұқты. Қосып көрді. Біреу саңқылдап сөйлеп жатыр. Германия президенті ме, Франция премері ме, әйтеуір еуропалық біреу. Тасада тұрған аудармашы онысын орысшаға аударып, аузы аузына жұқпайды. Басы жоқ, аяғы жоқ, қай кассета екенін белгілеп қоймағанын-ай. Қайтерін білмегендей бірауық дағдарып отырды да, екінші кассетаға қол созды. Күні бойы сапырылған сөзді диктофоннан қайта тыңдап шығудың өзі тағы бір сондай уақытты алатынын ойлағанда, басы солқылдап қоя берді. Қашан тыңдап, қашан жазып бітіреді? Өл, тіріл, мақала таңертең бас редактордың алдында жатуы тиіс. Сол үшін ұйқыны ұмыта тұрған абзал. Ұмыта тұрар еді-ау, бірақ осындайда ұйқы шіркін қас дұшпан екенін дәлелдеп бағады емес пе?

Көзің еріксіз жұмылып бара жатса, оған қылар айлаң кәні? Сондайда ғой, қағазға бір жол жазу жазудың күшке түсетіні. Қалам-қағазды былай ысырып тастап, салулы төсекке сұлай кеткің келеді-ақ. Бірақ ұйқысын қандырып келген бас редактор «Мақала қайда?» деп жалақтап отыратыны еске түскенде, салулы төсекке сұлай кетсем деген әлгі тәтті ойдан дереу айнып, қағаз-қаламға қалай жармаса кеткеніңді өзің де байқамай қаласың. Ұйықтап кетпеудің амалын жасап бағасың. Айтпақшы, осы өткен аптада ғой, мектеп бітірушілерге сынақтың тест түрін енгіземіз деп ентігін баса алмай отырған реформашыл министрге қарсы мақала жазбақ болғанда, өзі ойлап тапқан ұйқыашардың бір пайдасы тиген. Онда да дәл осылай, бала-шаға ұйқыға бас қойып, үй іші тынышталған соң, қағазға үңіліп еді, ілезде маужырай бастағаны; Құдай атып кірпігі кірпігіне ілінісе бергені; кірпігі кірпігіне ілінісе бергеніне өзінің де ит жыны келгені. Өзін өзі тірілтіп алмақ боп, ваннаға барды. Тыр жалаңаштанып ваннаға түсті. Сөйтті де бір шелек салқын суды тас төбесіне ақтара салды. Аһ... деп, шортандай шоршып түсті сосын. Шоршығаны бар болсын... табаны тайып кетіп, шатқаяқтап шалқасынан түсе жаздағаны. Екі қолы ербеңдеп, әрең құламай қалды. Қолындағы қаңылтыр шелек қаңғыр-күңгір етіп еденге ұшып түсті. «Өй, әкең... өй, шешең... – деп күйінді, – өстіп жүріп бұтымды айырып алмайын!» Ваннадан шыға беріп, қалт тұра қалды: «Ах! Не дедім мен!? Бұтымды... жо-жоқ, бұтымызды болу керек». Осы сөз өзіне қатты ұнасын. Өзіне ұнаған осы сөзден бе, әлде тас төбесінен ақтарылған он бес литр тастай судан ба, ұйқысы шайдай ашылғаны. Апыл-ғұпыл шалбар балағына аяғын сұға салып, сүртінбестен, шашының суы сорғалап үстелге қарай түра жүгірді. «Бұтымызды айырып алмайық! Бұтымызды айырып алмайық!» БҰТ деген «Бірыңғай ұлттық тест» деген сөз. Орысша айтқанда «Единый национальный тест». Тамаша! Тақырып табылды. Кілт табылды! Алақай!

Айтқандай ертеңгі газеттің бірінші бетіне «Бұтымызды айырып алмайық!» деген атпен бас мақала жарқ ете қалды. «Бұт» деген бірінші буын бас әріптермен терілді. Қызықты қара! Өрекпіген министр осыдан соң кілт өзгеріп, БҰТ деген қысқарған сөзді ҰБТ-ға өзгертті де жіберді. Сыңар ауыз сөзі жоғары жаққа түрпідей тигеніне мәз. Кейде ұйқыдан қалудың осындай тәтті ләззаты да болады-ау!

Көзіне тағы да ұйқы тығылып, маужырап бара жатыр екен. Амалы таусылып, он бес литрлік қаңылтыр шелекке ұмтылды.

Ұйқысын ашып келіп, диктофонды тағы да құлағына тақады. «Әй, ит-ай, тым болмаса аударма қазақша болса ғой. Мына бір орысшасын қалай түсіндік?»

Сағаттың қысқа тілі түнгі екіні түртіп тұр. «Ойпырмай... қашан бастаймын, қашан аяқтаймын?» Орнынан тұрып кетті. Сонда күнұзақ дауыс зорайтқыштың жанынан шықпай, диктофонына жазып алғаны зая кетпек пе? Жүрегі күйіп, қорлана қалғаны осыдан ғой. Өзін ғана айтып тұрған жоқ, журналист әріптестерінің бәрінің басында осы хал. Бағана... жоқ, енді ол кеше боп кетті ғой. Кешегі саммитке келген шетелдік әріптестеріне арнап алдыңғы жақтан қаз-қатар үстел дайындалыпты. Әр үстелде бір-бір компьютер. Интернет жалғанған. Бұл болса, дауыс зорайтқыштың жанынан шыға алмай, диктофонын қолына ұстап, бүкшиіп тұрды да қойды. Тұрған жері залдың түкпірі. Тізе бүгіп отыратын орындықты бұған кім беріпті, тікесінен тік тұрғасын тізесі талып, белі құрысқан.

Шетелдік журналистерге жасалған жағдайға қызыға да қызғана қараған. Олардың екі көзі сөйлеп жатқандарда, екі қолы пернетақтада. Он саусағы жыбырлап, пернетақтаны жәй ғана сипап отырғандай. Тіпті, дұрыс жазып отырмын ба осы деп, пернетақта жаққа назар салса не қыл дейсің. «Шіркін-ай, – деген сонда қиялдап, – біздің журналистика мынадай жағдайға қашан жетер екен?»  

Қиялдап отырып байқамапты, қолындағы диктофон өшіп қалыпты. Жалма-жан басқа кассета ауыстырып, қайта қосты.

«Ай, қорлық-ай, қорлық-ай! Олар ғой, ақпаратын жаза салып, интернетпен редакциясына жөнелтіп жатыр. Ал, біз... диктофонды ырқылдатып, сөзді әуелі қағазға көшіреміз. Орысшадан қазақшаға аударымыз. Мақала жазу сонан соң ғана».

Диктофонға жазып алған саясаткердің сөзін ыждақаттап көңілге тоқудың орнына, өзге бір нәрсені ойлап кеткен екен, ұйқы тығылған көзін уқалап, басын шайқап-шайқап қойды. «Қой, – деді сосын өзіне өзі, – бұлай болмайды. Бұлай тыңдап отыра берсем, таң атып кетеді ғой».

Ең қиыны – алғашқы сөйлем. Алғашқы сөйлем жазылса болды, қалғаны құйылып келе береді. Тәуекел деп алғашқы сөйлемді жаза бастап еді... Құдай тас төбеден ұрғанда тағы да көзі жұмылып, басы салбырап бара жатыр екен. Жалма жан орнынан ұшып тұрды, он бес литрлік қаңылтыр шелекке жармасты.

Сағаттың қысқа тілі түнгі төртке барып қалыпты. Қалғып-шұлғып отырып жазғаны бір жарым бет. Оның да соңын ала бере қаламсап тайып кетіп, қиғаш бір сызық түскен. «Қой! Қой-ә! – деді өзімен өзі сөйлесіп, – бұлай болмайды. Болмайды. Бас қатып кетті. Жатайын. Қисаяйын. Ертең... бірдеңесін қылармын».

Аяғының үшымен басып барып, жатын бөлмеден жамылғы алып келді де, асханадағы диванға қисая кетті. Қатты шаршапты. Екі құлағы шулап, денесі былқ-сылқ етеді. Удай ашыған екі көзі еріксіз жұмылып бара жатқанмен, ойынан кешегі саммит шығар емес. Шешендердің саңқылдаған, сампылдаған дауыстары құлақ түбінде тұрып қалғандай.

Енді бір сәт тәтті ұйқыға шым батып бара жатыр екен, диван жанында тұрған үстел жақтан тықыр-тықыр еткен дыбыс естілгені. Анық естіді. «Тышқан ба... атжалман ба... қап, өздерін қуып жіберетін... тайраңдатпай...»

Түпсіз бір тұңғиыққа шым батып бара жатып, санасына саңлаулап келген ойын орындауға ерінді. Үлкен бесікке таңылғандай-ақ, тербетіле бастаған жанға жайлы рақатты қимады.

Тықыр тағы естілді. Естіліп қана қойған жоқ, біреу үстіне жамылған көрпесін бүйір тұстан көтеріп, қолын сұғып жатыр. Қолы мұп-мұздай, тап-тастай. Тұла бойы түршігіп сала берді. Сұғып жатқан қолды қағып жібермек боп еді, сірескен денесі илікпей қалыпты. Қолын көтере алмады. Жаны жоқ тәрізді. Сығырайтып көзін ашқаны болмаса, тырп етіп қозғалуы мұң.

Көріп жатыр. Біреу ыржия қарап қалыпты. Көзі жылт-жылт етеді. Танауы шуылдап, дем алысы да тым жақыннан сезілді. «Астапралла, – деп ойлады, – сары серке ғой мынау!» Бұның бала кезінде бар еді осы серке. Миы зеңіп, өз ойынан өзі шошыды. Сол-ақ екен, сары серке бақылдап қоя бергені. Бүйіріне тап-тастай тұяғы тиді. Бүйірін тесіп жіберердей нұқып-нұқып қалғанда, жаны шығып кете жаздасын. Үрейі ұшып, тұла бойын суық тер жуды. Жаңа ғана кең сарайда өткен саммит туралы ойлап жытыр еді. Енді мынасы немене, үйдің ішіне хайуан кіріп кеткен бе? Марқұм әкесі сонау жылдары сойып тастағаны қайда? Саудыраған сүйегін ауыл иттері әр тарапқа тасып кеткені қайда? Сол сары серке... тіріліп кеп тұр! Мүмкін сары серке боп кеп тұрған албасты шығар... шайтан шығар. Маңыраған дауысынан құлағы тұнып, қозғала алмай қалғаны қалай? Қозғалу былай қалып, дыбыстауға дәрмені жетпегені несі? Әттең-ай, адам деген де бір бейшара мақұлық-ау! Қапелімде мынадай мүшкіл хал кешем деп ойлап па? «Пі... пі...» Ерні ерніне жуыспады. Ернінен де жан кетіп қалған ба? Мұп-мұздай тұяқ бүйірін тесіп бара жатыр ғой. Жаны бүйірінде ғана қалғаны ма? Көзінен ыстық жас саулап төгілді. «Пі... піс... піссімілла!» Тілі кәлимаға келгені сол екен, әлгі серке дегені бүйіріне қадаған сирағын суырып ала салды да, «бақ» етіп, шалқасынан құлап түсті. «Піссімілла, піссімілла» деп, дауыстап, басын көтеріп алуға күші әрең жеткен Қылыш екі көзін тарс жұмып алғанын енді байқады. Көзін ашса, бөлме іші тым-тырыс. Албасты да жоқ, жын-шайтан да болмағандай. Иығынан ауыр жүк түскендей, ауыр дем алды. Өзінің өлі емес, тірі екенін ұғынып, кеудесіне азғантай қуаныш құйылды. Әлгі бір түстен, Құдай сақтасын, түс деуге де келе қоймайтын үрейлі оқиғадан соң денесі дел-сал боп, омалып біраз отырды. Үрейден біржола арыла алмаған күйі төсегіне қайта қисайды. Көрпенің бүйір тұсын қымтап, астына басып алды.

Ұйқы деген тұңғиыққа тартатын сиқыр ма немене, тағы да сондай бір ғажапқа беттей берген екен, «бақ» еткен дауыстан жүрегі зырқ ете қалды. «Бақ» еткен дыбыс бас жақтан шықты ма, әлде аяқ жақтан шықты ма, о жағын шамалай алмады. Тіпті, өзінің басы қай жақта, аяғы қай жақта екенінен де жаңылысқан бір хал. Десе де санасы ояу. Тағы да сол көзіне серке боп көрінген албасты ма, шайтан ба... енді ол жалғыз емес, топынып келіп тұрғанын анық аңғарды. Тіпті көп. Сан жетпейді. Бірінің үстіне бірі мінердей үймелесіп тұр. Біреуі табанына қол ма, тұяқ па, әйтеуір бір тап-тастай мүшесін тигізді. Енді бірі тас төбесінен тоқ еткізіп нұқып жіберсін. Тұла бойынан жан кетіп, дәл жаңағыдай сіресіп қалған. Аяқ-қолын тартып ала алмайды. Өзін піссімілла деген сөз ғана құтқаратынын санасы сезіп жатса да, сол піссімілласы бар болғырға тілі келер емес. Ерні ерніне жуыспай қалыпты. Албасты шайтанның осымен екінші рет пайда болғанын анық біліп жатыр.

Қатты қиналып ерніне бар күшін жинады. Зорланып, күшеніп піссімілла деп қалды. Әуелі үні өлімсіреп шықты. Сонан соң қаттырақ сөйлеуге демі жетті. Албастылар піссімілланы естігенде әуелі жым бола қалды да, бұл басын көтергенде дүркіреп, тым-тырақай қаша жөнелді. Қашып бара жатып сылқ-сылқ күлгендей дыбыс шығарады. Әп-сәтте көзден ғайып болды.

Тұла бойын діріл билеп алыпты. Тамағы құрғап қалған. Орнынан тұрып, су ішіп келуді ойлап жатыр еді... енді тұңғиыққа қарай емес, керісінше, шырқау биікке көтеріле бастапты дейді. Жер-дүние ілезде бүрісіп, алақанға салғандай қалайша тез кішірейіп кеткеніне таң. Шырқау биікке тез көтерілгені сондай, басы шыр-көбелек айналып кетті. Басының айналып кеткені де өзіне сондай ұнағаны. Көкке көтерілген үстіне көтеріле түссем екен дейді; басым айналған үстіне айнала түсе екен дейді. Мұндай ғажайып сезімді жер бетінде қыбырлап, әрең жылжып жүрген адам бейшара қайдан сезсін?

Алыстан, туу алыстан тырсылдата басқан тұяқ дыбысы құлаққа шалынды. Шалынғаны сол екен, қанаты қайырылған құстай көк төрінен сылқ етіп, аяқ астына құлап түскені. Енді әлгі тұяқ дыбысы жақыннан, дәл іргесінен естілді. Көріп жатыр. Қол созым жерге келіп, тоқтады. Сол... сол баяғы сары серке. Сүйір тұмсығын алға оздырып, пырс-пырс күйсейді. Қос мүйізі артқа емес, алға қарай иілген. Жіпсік көзі жап-жасыл боп, жылтырай қалыпты. Жағын қайшылаған сайын сапсиған сақалы селтең-селтең етеді. «Тағы келді!» Жүрегі суынып бара жатқанын аңғарды. Өзін «піссімілла» ғана құтқаратынын, «піссімілланың» соншалық қаһарлы қару екенін енді санасы анық аңғарды. Қиналып барып «піс... піс... піссімілла, піссімілла» деп айқайлап қалып еді... оянып кеткені. Бөлме іші тып-тыныш. Сары серке түгілі сары сайтан да жоқ. Жүрегін үрей жаулап, көрпесін сүйрете-мүйрете келіншегі ұйықтап жатқан бөлмеге жетіп барды. Дүңкілдеген аяқ дыбысынан оянып кеткен келіншегі жастықтан басын үрке көтеріп алып:

– Не болды? Нағып жүгіріп жүрсің, – деді ұйқысын бұзғанын жақамай.

– Үш-ш... үш... үш рет келді!

– Не? Не келді?

– Ша-ша.. Шай-тан... шай-тан келді.

– Баршы әрі, ұйқыны бұзып... баланы басасың. Әрі жүр, – деді қолымен жанына алып жатқан сәбиін қорғаштап. – Шайтаны нес-с... бар, орныңа жат, елірме.

Сүйретіліп төсегіне қайтып келді. Маңайына үрейлене көз салды. Шайтан жайлаған жерге ұқсамайды. Бәрі-дағы орын-орнында. Тамағы құрғап, сусап тұрғаны есіне түсіп, тоңазытқышты ашып еді, көзіне аузы ашылған бір бөтелке арақ шалынсын. Мөп-мөлдір. Ұстап көрсе, сап-салқын. Алды да кесеге екі рет толтыра құйып, жөпемелдемелете тартып-тартып жіберді.

Көзі ілініп бара жатыр екен, біреу тық-тық абайлап басып жанына тақау келді. Келді де тым-тырыс тұра қалды. Көзін ашса, қарсы алдында қарайған біреу. Сүп-сүйір қос құлақ, қос құлақтың арасында ербиген қос мүйіз. Төрт аяқтап емес, бұ жолы екі аяғына мініп, тікесінен тік тұр. Сары серке боп келіп тұрған шайтан екенін анық түйсінді. Неге екенін қайдам, бұл жолы үрейленген жоқ. Қол-аяғы да сіресуден аман. Піссімілла деуді ойлап жатыр еді, бірақ қапелімде өзін өзі зор сезініп сала берді де, басын көтерместен «шәйт» деп жекіріп жіберді.

Аяғын абайлап басып, алға жылжи түскен сары серке қалт тұра қалды. Енді байқады, сары серкені қаумалай қоршап, ентелескен бір қора шібіш-шайтан да ошырыла тоқтасты. «Шәйт, – деді тағы. – Енеңді ұрайын!» Дауысы өктем.

Жіпсік көзі жылт-жылт еткен сары серкенің жүні жығыла қалсын. Бір адым артқа шегінді. Соңында топынған шібіш-шайтандар да бастарын сілкіп-сілкіп алысып аңтарылып тұр.

Қылыш басын жастықтан жұлып алып, қол-аяғын бірдей сермеп, жатқан орнынан жұлқынып тұрды.

– Кет! Құры!– Түкірігі шашырап, қатулана айқай салды. – Жоғал! Пошел!

Аңтарыла қалған сары серкенің жап-жасыл жіпсік көзі жыпылық-жыпылық етіп, жасқанып сәл тұрды да, кенет тұяғы сыртылдап, орғып-орғып билей жөнелді. Оған шібіш-шайтандар қосылды. Жүздеген тұяқ дыбысы тырсылдап, сыртылдап ала жөнелді. Миы шыр көбелек айналып, бір сәт сілейіп қалған Қылыштың құлағына сартылдаған-сұртылдаған тұяқ дыбысы, ысқырып-пысқырып, бақылдап-қақылдаған үндері осы күндері хит боп кеткен эстрадалық музыкадан кем естілсе не дейсің. Сол арада делебесі қозып билегісі кеп кетсін. Қараса, басын бұлғақтатып, аяғын ырғақтатып өзі де теңселе бастаған екен. Бірте-бірте қимылы ширап, басын сілкіп-сілкіп, белін ырғап-ырғап биге шындап кірісті. Белін тап осылай ырғағаны өзіне қатты ұнап барады. Осы бір қимылды жасағанда тұла бойы түгел шымырлап, алпыс екі тамырын от кеулеп, тілмен айтып жеткізгісіз бір ләззатқа кенелетін сияқты еді. Соның қашан, қандай жағдайда болатынын еске түсіре алмады. Еске түсіргісі келіп бел қимылын үздіксіз қайталай берді. Сондай бір ләззатты аңсап, екі иінін жұлып жеп, құтырына биледі. Екі қолын екі жағына жазып жіберіп, екі көзі алақтап, белін изеңдетуден танбады. Изеңдеген сайын әлдебір ләззатқа сүйсініп ыңырсығандай, сыңсығандай түсініксіз дыбыс шығарып, ешкі боп келген албастылардың арасына еніп бара жатыр екен. Олардың желп-желп еткен қылшық жүндері жалаңаш сирағын сүйкеп өткенде, қытығы оянып, өзін қоярға жер таппай, рақаттана қышқырып, қос аяқтап көкке атылады. Бір кезде аңғарса, ешкілер хормен ән салып жүр. Өмірі естімеген әуен. Қайырмасы жүрек қытықтап, қанын тасытатындай.

 

Шайтан, шайтан,

Шайтан болды,

Шайтан болды-ай-и!

 

Шайтан, шайтан,

Шайтан болды,

Шайтан болды-ай-и!

Ешкілердің жуанды-жіңішкелі дауыспен шырылдап-бырылдап салған әні жүрегін қытықтап, еріксіз елірте түседі. Бойын балқытқан сиқырлы әуен түгесіліп қалмаса екен, осылай тоқтаусыз есіле берсе екен деп тіледі. Бірақ сары серке бастаған шыбыштар еденді тықырлата басып сыртқа сытылып шыға бастады.

Шайтан, шайтан,

Шайтан болды,

Шайтан болды-ай-и!

 

Қылыштың құлағына сонша ғажап боп естілген сиқырлы әуен бірсін-бірсін алыстап, ақыры үзіліп тынды. Бұл солығын баса алмай, соңдарынан тұра жүгірмекші боп оқтала беріп еді, кенет бөлме іші жап-жарық боп кетті. Соған ілесе «ойбай, ойбай-й» деген әжептарқы дауыс құлағын тырнап өтті. Селт етіп тұра қалыпты. Қарсы алдынан алақандай боп бақырайған екі көз анық көрінді. Бақырайған екі көздің іші толған үрей.

– Ойбай! Жын ұрды ма, ойбай! Жи есіңді, ойбай!

Көз алдын кіреукелеп тұрып алған тұман сыпырылып түсті. Үрейге толы бақырайған екі көз сол сәт келіншегіне айналып жүре бергені. Ол-дағы табалдырықтан бері аттауға бата алмай, босағаны қармап ұстап, тұра қашуға оқталғандай шошынып тұр. Өзі бөлменің қақ ортасында қос қолын көкке көтерген күйі қалшиып қалыпты. Бөлменің қақ ортасында қолын көкке көтеріп не қып тұрғанын, бірақ еш түсіне алмады. Мәссаған, тіпті, бұтындағы иткөйлекті де сыпырып тастапты ғой.

– Ойбай! Ойбай! – деп зар еңіреді келіншегі. – Қызың оянып кетер, ойбай! Не көрінді саған, ойбай! Орныңа жат, ойбай!

Түкті түсінбеген қалпы, үстел үстіндегі бос бөтелкеге асылып қалған іш киімін саусағымен іліп алды да, жалт бұрылып, төсегіне гүрс құлады. Келіншегі жарықты сөндіріп, есікті нығырлай жауып қойды. Бір сәт демін білдірмей сырттан тың тыңдады.

Қылыштың құлағынан әлгі бір ән қайырмасы кетер емес.

Құмары қанбай қалғанына қатты өкінді. Өкініп жатып, шайтандар тағы да келсе екен деп тіледі.

Қазақ тілінде жазылған