Адам қарады: 71 | Жарияланды: 2017-09-14 02:31:50

Қыш қала

Толқып жатқан нар өркешті нар құмдар,

Жол көрсетші артым – соқпақ, алдым – жар.

(Мені көріп неге үнсіз қалдыңдар?!)

Қыш қалаға көктем қанша келгенмен,

Құм мінезін өзгерте алмас жаңбыр бар.

Мені өткенге дедектетіп жетелер,

Құмға сіңген тағдырлар.

 

Құмға сіңген еңбек пен тер, көз жасын,

Құм мінезі құйын боп кеп, қозғасын.

Шөлстан деп бастады екен неге олай,

Асан қарт та сөз басын?

 

Иманменен бергізетін арға мән,

Қыш қалам-ау, құдіретіңе таң қалам

Сенде қанша жүріп өткен із жатыр,

Құм жасыра алмаған?

 

Жасыра алмай түйе тауға шөккен күн,

Қыш қаладан күмбездерді көп көрдім.

Пешенеге жазылғаны шығар, ә,

Кесенеге айналғаны өткеннің?

 

Мейлі, осынша қысқа болсын фәни тым,

Әлі қанша дүние бар танитын.

Қайран менің қазағымнан айналдым,

Қыштан құйған тарихын.

 

Болашақ бар, бүгін менен бұрын бар,

Құйын жүрсе, кімнің ізін құм ұрлар?!

Мен сендерге өткенім – деп, бас ием,

Қышқа айналған қысқа ғана ғұмырлар.

 

 

Қазақ тілінде жазылған