Бәрін жақсы көремін
Алдадым ба, алдандым ба, алдадың,
Мен сүюді ұмытамын, бар жаным.
Екеу ара кете бергін, онсыз да,
Жалғыздыққа толып кетті жан-жағым.
Көрме мені, іздемегін. Іздемен,
Маған тарлау мына жалған, сізге – кең.
Шайыр дейтін шашыраңқы тағдырым,
Шайтан да кеп дос болады бізбенен.
Тілегімде шынайы үміт, отты арман,
Ал адамнан, омырауымда оқ қалған.
Кеше ғана бәз біреуді жылыттың,
Енді мені құшам деме, жоқ, қарғам!
Керек емес, сен де, ол да, олар да
Дайын тұрған шаттығымды тонауға.
Сүйем деудің керегі жоқ, жек көріп,
Аяудың да керегі жоқ соғарда.
Тарс бекірмін бір шешімге тоқталсам,
Жылулықты күтпегейсің көп тоңсаң.
Қаша берме қалауыңда болмасам,
Жасырынба, жанарыңда жоқ болсам.
Бір олқылық пайда болса ісімде,
Сен жай ғана көңіліңді түсірме.
Адамдардың бәрін жақсы көремін,
Мен ешкімді сүймейтінім үшін де.