Адам қарады: 306 | Жарияланды: 2018-04-22 01:48:05

Неге?

Киносценарий

Лаңкестік пен нашақорлыққа қарсы күрес жайы сөз етіледі

1. «Ұстазым» әнінің фонында қаланың әсем көшелері мен ең сұлу жерлерін қамтып,

 зәулім мектептің ауласына кіре береміз. Ығы-жығы жұрт. Арасынан қара хиджап киген Жаңылды да байқап қаламыз. Мектеп ауласында «соңғы қоңырау» мерекесі өтіп жатыр. Әсем безендірілген алаңды айнала оқушылар, бір жақ бетінде ата-аналар мен ұстаздар, қонақтар жайғасқан. Төр жағында мектеп бітіруші түлектер хормен «Ұстазым» әнін шырқап тұр. Ән аяқталып, мерекелік шараны жүргізушінің бірі (ұл) сөз алды:

 -Ұстазым менің ұстазым.. Жанар, шынымен-ақ біз де мектепті бітіріп қойдық па? Табалдырығынан имене аттап, партаға отырғанымыз кеше ғана секілді еді..

-Ия, Болат, не десек те уайым-мұңсыз, қызыққа толы шәкірттік шағымыздың аяқталғаны да, енді алтын ұя мектебімізбен, аяулы ұстаздарымызбен қоштасып, ақ арманға қанат қағатынымыз да шындық.

-Дұрыс айтасың, Жанар, бұл шындық. Шындық болғанда да жүректі шымырлатып, көңілді толқытатын шындық. Дегенмен сен екеуміздің міндетіміз қанша толқысақ та сезімге берілмей, бүгінгі мерекелік шараны мағыналы да қызықты етіп аяқтау. Олай болса,

Кеше ғана бүлдіршін ұл, қыз еді,

Енді міне, арманға көз тігеді.

Бітіруші түлектер тұр елжіреп,

Қимастықпен  лүпіл қағып жүрегі-деп бұрынғы дәстүріміз бойынша ізімізді басып келе жатқан  іні-қарындастарымызға аманат кілтін тапсыру үшін сөз кезегін мектепті озат бітірген, алтын медаль иегері Нұргүл Жасымбекқызына береміз.

Аманат кілтін ұстаған Нұргүл тез басып ортаға шыққанмен, қолына микрафон тигенде толқуын баса алмай біраз уақыт үнсіз тұрып қалды да әлден соң барып сөйлеп кетті:

            -Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар! Бүгін мен өте қатты толқып тұрмын. Өйткені, өте қуанышты сәтті де, өте мұңды сәтті де бастан кешірудемін. Қуанатыным, ата-ана, ұстаздарымның сенімін ақтап, мектепті озат бітіріп, алтын медальға ие болып отырмын. Сондай-ақ, мектебіміздің аманат кілтін тапсыру құрметіне де ие болдым. Ал, мұңаятыным, 11 жыл бойы тәлімді тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатқан аяулы ұстаздарыммен, алтын ұя мектебіммен қоштаспақпын. Біз секілді жас түлектерінің қанатын қатайтып, қияға самғатқалы отырған аяулы ұстаздарым мен алтын ұя мектебіме қарыздар екенімді мойындап, алдарында басымды иемін. Мен бала кезімнен адам денсаулығының сақшысы-дәрігер болсам деп армандадым. Орда бұзар отызында асыл әкешім қауіпті қылмыскерлерді құрықтау кезінде ауыр жарақат алып, мүгедектер арбасына таңылды. Бұл ауыртпалық анашымның науқасын бұрынғыдан да күшейтіп жіберді. Әкешімнің шарасыз күйін, анашымның мұңды жүзін көрген сайын «қалай да дәрігер боламын, екеуін де өзім емдеп жазамын» деген ойға  беки түсуші едім. Мен бүгін де өмірден өткен әкемнің рухы алдында, аяулы анашым мен барша ұстаздарымның алдында ұлттық бірыңғай тестіні ойдағыдай тапсырып, медицина академиясының студенті атанамын деп уәде беремін.

            Ары ғарата дауыс естілмей кетеді. Ірі планда сөйлеп, кілтті ортаға шыққан оқушыға тапсырған Нұргүл есіне әлдене түскендей ойланып қалады.

2. Әлиманың (Нұргүлдің) үйі. Сәби Нұргүл қуыршақпен ойнап отыр. Үйге полиция формасын киген Жасынбек кіріп, портфелін жерге қоя берді. Әкесін енді ғана  байқаған Нұргүл  «әкелеп» ұмтылды. Әкесі еңкейіп құшақтап Нұргүлдің бетінен сүйді. Сонан соң оның басына өз фуражкасын кигізіп, портфелінен «әліппе» оқулығы мен қалам-дәптер алып берді. Қатты қуанған Нұргүл кітап, қалам-дәптерді алып, қолын шекесіне апарып тік тұра қалды. Риза болған әкесі оны көтеріп алды. Сәби Нұргүл мәз болды.

            3. Ойға батып толқып тұрған Нұргүлге 2-3 оқушы мен ата-ана гүл тапсырды. Құшағы

гүлге толған ол өзі де гүл-гүл жайнап жүре берді.

            4. Мерекелік шара аяқталып, бітіруші түлектер би (вальс) билеп жатыр. Нұргүл шеткері шығып, сөмкесінен телефонын алып түскен хабарларды қарай бастады. Кенет, түрі бұзылып бір хабарды дауыстап оқыды: «Өте жақсы сөйледің. Сенің үйіңді сатып алғым келеді. Қандай баға айтсаң да келісемін. Осы нөмірге хабарлас».

            -Мынау не деп былжырап тұр өзі? -Нұргүл телефонын жаба салды. Сәл ойланып тұрды да, телефондағы хабарды қайтадан оқып, ойланып тұрып қалды.           

 5. Түс. Әлиманың үйі. Әлима залда дастархан жасап жүр. Есіктің қоңырауы қағылып, Әлима есікті ашты. Есіктен бір құшақ гүл, артынша Нұргүлдің сынық жүзі көрінді.

-Келдің бе қызым. Мен.. мен жұмыстан шығып саған бара алмадым. Сосын, тым болмаса түскі шайын берейін деп бір сағатқа ғана әрең сұранып келдім. Мектепті ойдағыдай бітіргенің құтты болсын, қызым. Алдағы сынақты да ойдағыдай тапсырып, ойлаған арман-мақсатыңа жет. Сенің қуанышыңа арнап кішкене дастархан жасап едім.. -Нұргүлді емірене маңдайынан сүйген Әлима көңілі босағанын білдіргісі келмей залға қарай бұрыла берді. 

-Рахмет, анашым. Айтқаныңыз келсін. Мен қәзір, мына гүлдерді суға салып, жуынып келейін.-Мұңды жүзін гүлмен жасырған Нұргүл жуынатын бөлмеге кіріп, ыдысқа су құйып, гүлді салды. Қол жуғыштың суын сарылдата ағызып жуына бастады да, селк етіп ойға батып, қимылсыз тұрып қалды. Қол жуғыштың суы сарылдап ағып тұр.

6. Түн. Нұргүл өз бөлмесінде тестке дайындалып отыр. Алдында жатқан телефоны хабар түскенін білдіріп шыңғырлап барып басылды. Нұргүл телефонды ашып, түскен хабарды оқыды да, қайта теріп сөйлесе бастады:

-Бұл тағы да сіз бе? Мен сізге жаңа ғана айттым ғой. Үйімді сатпаймын. Түсіндіңіз бе? Сатпаймын. Ертең болатын ҰБТ сынағына дайындалып отыр едім. Енді мазаламаңыз.

Телефондағы ер адамның дауысы жалынышты шықты:

-Қарындасым, өтінемін, телефонды өшірмеңізші.. Мен сізге түсіндіре алмаған секілдімін. Газеттен сатылады деген хабарландыруды оқыған соң.. Айтайын дегенім..

-Ия, анам қатты ауырып, ақшадан тарыққан соң сатпақ болғаным рас. Бірақ, енді сатпаймын. Үйім енді сатылмайды. Түсіндіңіз бе?

-Қарындасым, айтайын дегенім.. айтайын дегенім мен өте ірі кәсіпкермін. Егер сіздің

Үйіңізді сатып алып пайдама жаратсам, кәсібім бұрынғыдан да кеңейіп, үлкен табысқа кенелер едім. Сондықтан, сатар болсаңыз, үйіңізді екі есе, тіпті үш есе бағасына да алуға..

-Айтқанға түсінбейтін қандай адамсыз өзі.. Үш есе түгіл бес есе тіпті он есе ақша төлеймін десеңіз де, әкемнен қалған қара шаңырақты сатпаймын. Енді мазаламаңыз, өтінем..

Телефондағы дауыс бірден өзгере кетті:

-Ей, жарымес қыз, мен саған осы уақытқа дейін жай сөзбен айтып келдім. Енді өз обалың өзіңе. ҰБТ сынағынан  да өте алмайсың, үйіңнен де айрыласың. «Алтын белгі» иесі сендей оқушы үшінҰБТ-дан өте төмен балл алып, оған қоса баспанасынан айрылу деген..

-Оңбаған! -Нұргүл телефонды  лақтыра бергенде, есік ашылып, Әлима сөйлей кірді:

-Тамаққа  кел  деп қанша  шақырсам да еститін емессің ғой, қызым. Сынағы құрығырға дайындалам деп таңнан бері нәр сызбадың. Егер, тағы тамақ жемейтін болсаң, мен де..-Жөтеліп, демігіп қалды да, қалтасынан бүркігішті алып, аузына дәрі бүркіді.

            -Анашым, тағы да демігіп қалдыңыз ба? -Нұргүл Әлиманы құшақтай алды. -Кешіріңіз, анашым. Ертең он бір жыл бойы алған біліміміз таразыға түседі ғой. Оның үстіне, биылғы сынақ өте қатал түрде өтеді дейді. Төмен балл алып қалсам..

            -Қызым-ау, сен осыған дейін тесті сұрақтарына толық жауап беріп, тек жоғары балл жинап келген жоқсың ба? Несіне уайымдай бересің? Көресің, бәрі де ойдағыдай болады.

            -Қайдам, апа, неге екенін білмеймін, әлдебір қорқыныштан арыла алар емеспін. Сынақтан өте төмен балл жинап, оқуға түсе алмай қалам ба деп үрейлене берем.

            -Қызым-ау, неге олай дейсің? Қанша күннен бері бір жөнді тамақ ішіп, дұрыстап ұйықтамадың. Жүйкең әбден шаршаған ғой. Қазір жақсылап тұрып тамағыңды жеп, шайыңды ішіп ал да, бәрін қойып ұйықта. Таңға дейін тынығып, жақсы болып қаласың. Кәне, жүр. -Нұргүлді қолынан жетелеп, ас бөлмеге кіргізіп, орындыққа отырғызды. Тамақ салынған ыдысты  Нұргүлдің алдына жақындатты. -Кәне, қызым, жақсылап тамақ жеп ал.

            -Ә-ә, ия, ия.. -Нұргүл қасықты тамаққа сала беріп тағы да ойға батып кетті.

            -Қызым, саған не болған? Неге тамақ алмайсың? -Әлиманың даусы қатқылдау шықты.

            Селк ете қалған Нұргүл сасқалақтап, қолындағы қасығын түсіріп алды. -Анашым, мені кешіріңізші. Тамаққа еш тәбетім жоқ. Көкірегімді әлдене қысып, жүрегімді ауыртып тұрғандай. Әкетайым да есіме түсе береді. Шіркін-ай, сіздің атыңызға да, әкемнің рухына да кір келтірмей оқуға түсіп кетсем ғой. Егер, сынақтан өте алмай қалсам, сіздің бетіңізге қалай қарамақпын?

            -Жетер, қызым! Енді бұлай айтушы болма. Тағы да осылай айтар болсаң.. –Орнынан тұрып кеткен Әлима қатты демігіп, дәрі бүркігішін алмақ болып қалтасын қармай берді.

            -Анашым..-Нұргүл тез орнынан тұрып, бүркігішті алып, Әлиманың аузына дәрі бүркіп, сүйемелдеп орындыққа отырғызды. -Қалайсыз анашым? Жақсы болып қалдыңыз ба?

            Әлиманың дауысы әлсіз шықты: -Рахмет, қызым, жаман емеспін.

            -Онда, мен сізге төсек салып келіп, мына жерді жиыстырайын. -Есікке дейін барып қалған Нұргүлді Әлиманың қатқыл дауысы кілт тоқтатты.

            -Тоқта, қызым. Кел, мында отыр.

Аң-таң болған Нұргүл орнына келіп  отырды.

 -Қызым, бүгін саған  не болған, соны айтшы. -Әлима Нұргүлге сынай қарады.

            -Нені айтасыз, апа? Ештеңе болған жоқ. Жай, көп ойланғаннан шығар.

            -Жоқ, қызым, олай жақауратпа. Байқаймын, сен әлденеге қатты алаңдайтын секілдісің. Кәні, жалғыз анаңнан жасырмай бәрін айтып бер.

            -Ол не дегеніңіз, анашым. Туған анамнан не жасырмақпын. Бар болғаны сол уайым

 ғана. Оқуға түсе алам ба, түсе алмаймын ба, соны уайымдаймын. Сосын.. сосын есіңізде ме,  әкеме, сізге серт беріп едім ғой. Мен қалай да медицина оқуына түсіп, дәрігер боламын. Екеуіңізді де өзім емдеп жазып аламын-деп. Бірақ, мен жоғары оқу орны түгіл, мектебімді бітірмей жатып-ақ әкем бұл өмірмен қош айтысып кете барды. Өмірден өтерінде менің мойныма үлкен аманат артып кетті.

            7. Әлиманың үйі. Әлима  диванда демігіп жатқан  Жасынбектің (30-35 жаста) маңдай терін сүртіп отыр. Жасынбек қолын уқалап отырған Нұргүлге (14-15 жаста) елжірей қарап жатты да, әлсіз үнмен сөйлеп кетті:

            -Қызым, өзің де көріп отырсың, менің денсаулығым күннен-күнге төмендеп барады. Сондықтан өзіңе айтарым бар.. Әкеден жалғыз екенімді өзің де білесің.  Содан болар, Құдайдан ізімді басар ұл тіледім. Бірақ, Жаратқан Алла маған қыз, сені берді. Қыз берген Алла ұл да береріне нық сеніп, алға қарай ұмтылдым. Бірақ.. бірақ, бір жауапты тапсырманы орындау кезінде, ауыр жараланып, орда бұзар отызымда мына мүгедектер арбасына таңылдым. Рас, ерлігім ескеріліп, осы үйге ие болдым. Бұл әрине, үлкен қуаныш. Бірақ, осындай кең үйде е, ағасы жоқ, е, інісі жоқ жалғыз қызым сен мен аурушаң анаң ғана тұратынын ойласам, жүрегім қан жылайды. Қызым, өзің де біліп отырсың, менің ендігі ұлым да, қызым да бір өзің ғана. Сондықтан өлер шағымда аманатымды да өзіңе артпақпын. Қызым, анаңды ренжітпей айтқанын істеп, қас-қабағына қарап, сыйлап өт. Әр кез жанында бол. Өзің айтқандай, армандаған оқуыңа түсіп, дәрігер бол. Сөйтіп, анаңды.. анаңды емдеп, науқасынан айықтырып ал.

Нұргүл әкесін құшақтай алды: --Әкешім, мен сіздің аманатыңызды орындаймын. Өзіңіз айтқандай дәрігер болып, сізді де, анашымды да емдеп жазып аламын!

            8. Жанары жасқа толған Нұргүл сөйлеп отыр:

 -Анашым, енді өзіңіз айтыңызшы, бұл ойланбайтындай, уайымдамайтындай нәрсе ме? Мен.. мен асыл әкемнің аманатын орындай аламын ба?

            Көңілі босап кеткен Әлима Нұргүлді құшақтай алды.  

-Қызым.. айналайын қызым-ау, сені күні-түні іштей мүжіп, қинап жүрген осы екен ғой? Неге орындай алмайсың? Орындайсың қызым. Оған әкеңнің өзі айтқандай білімің де, жігерің де толық жетеді. Оқуға да түсесің, дәрігер де боласың. Бұйыртса, мені де емдерсің. Тек, сары уайымға салынып, өзіңді-өзің мүжи берме, қызым. Біз секілді жетім-жесірге Құдайдың өзі жәрдем береді. Енді демал. Мен мына жерді жиыстырайын.

            Нұргүл  орнынан серпіле тұрды.

-Анашым, мен бәрін түсіндім. Әкеме, сізге  берген сертімді тағы да қайталаймын. Құдай қаласа, ертеңгі өтер тесті сынағын  ойдағыдай тапсырып, оқуға түсемін. Дәрігер мамандығын алып келіп, сізді өз қолыммен емдеп жазып аламын.

            -Тілегіңе жет, қызым! Ертеңгі сынақтан жоғары балл әкеліп, әкеңді де, мені де қуант.

Екеуі бірін-біріне елжірей қарасып қалды.

            9. Таңғы мезгіл. Үлкен ғимарат ішінде оқушылар тест сынағын тапсырып жатыр. Олардың арасында отырған Нұргүл де жүзінде қуныш ойнап алдындағы параққа тез-тез белгі соғып жатыр. Тек білетін сұрақтары ғана келіп жатқан секілді. Ең соңғы белгіні салып, қолындағы парақты тағы бір қарап шықты да, тұруға оқталды. Кенет, хабар түскен кездегі телефон шырылы естілгендей болып, селк етіп ойланып қалды да, қайтадан отырып, қолына қаламсап пен тест кітапшасын ала берді.

            10. Жүзі қуаныштан бал-бұл жайнаған Нұргүл ғимараттан бірінші болып шығып, теппішектен төмен түсе берді. Жұрт оған құрмет көрсете ортаға алып дуылдасып жатыр. Сәлден соң іштен Мұрат та шығып жақын жердегі гүл сатушыдан гүл сатып алды да, Нұргүлге ұсынды. Мұны күтпеген Нұргүл риза болған кейіпте Мұратқа аңтарыла қарап қалды.

            11. Кешкі мезгіл. Тест өткен ғимарат ауласы. Көпшілік таласа-армаса арнайы орынға ілінген тест қортындысын көріп жатыр. Қорытындыны көріп қатты қуанып жатқандар да, қатты ренжіп жатқандар да тіпті жылап жүргендер де бар. Бір шеттен келген  Мұрат пен Нұргүл де топтың ішіне сыналай кіріп, ұзақ-сонар тізімнен өз аты-жөндерін іздей бастады. Кенет, жүзіндегі қуанышты мұң жеңген Нұргүл  мең-зең күйі топтан шеткері шығып күбірлей берді:

            -Мүмкін емес. Бұлай болуы мүмкін емес. Бастан-аяқ білетін сұрақтарым келіп, бәріне дұрыс жауап беріп едім ғой. Онда қалайша бар жиғаным 80 балға да жетпей қалған?

            Осы кезде Мұрат та келіп Нұргүлдің қолынан ұстай алды.

            -Нұргүл, түсінбедім. Сен.. сен маған бар сұраққа да толық жауап бердім деп едің ғой. Ал, ана жақта.. ана жақта бар болғаны 70..70..

            -Мұрат, бұл.. бұл..-Нұргүл тез бойын жиып алды. -Мұрат, өзің ше? Қанша бал алдың?

            -80-нің о жақ, бұ жағы.. Маған осы да жетеді. Ал, сен.. сен.. осы уақытқа дейін тек 100

Балдан  асыра жинап келіп ең ғой.. Ал, бүгін.. бүгін..-Мұрат басын шайқай берді.

            -Ия, Мұрат, өзім де түсіне алар емеспін. Бұлай болуы, мұндай балл алуым тіптен мүмкін емес еді. -Нұргүл жылап жіберді.

            -Нұргүл, сабыр ет. Бір түсінбестік болған шығар. Бүгін жақсылап тұрып демалайық та, ертең ертемен аппелациялық комиссияға барып шағымданайық. Көр де тұр, бәрі де жақсы болады. Мен оған сенімдімін. -Мұраттың дауысы сенімді әрі нық шықты. Мұратқа жәудірей қараған Нұргүлдің кең жанарында үміт сәулесі ойнап, сәлден соң шаттанып сала берді.

            12. Таңғы мезгіл. Тест өткен ғимарат ауласы. Ғимараттың есігі алдында ішке кіруге кезек күткен адамдардың қарасы көп. Іштен түрі әбден қашып, теңселе басып шыққан Нұргүл жақын тұрған арқалы орындыққа әрең жетіп, сылқ етіп отыра кетті:--Жалғыз үмітім осы аппелациялық комиссия  еді, енді ол үмітім де үзілді. Енді кімге, қай жерге барып әділдік іздеймін? Неге бұлай болды? Неге? Неге? -Ғимарат жақтан келе жатқан Мұратты көріп орнынан тұра берді. -Мұрат?!

            -Ештеңе істей алмадым, Нұргүл. Бәрін шешкен компьютер. Біз ешнәрсе де білмейміз деп жандарына жолатар емес. -Мұрат өзін кінәлағандай жүзін төмен сала берді.

            -Жоқ, Мұрат, сен мен үшін көп жақсылық жасадың. Мен саған шын жүректен ризамын.  Болмайтын нәрсені болдыра алмаймыз ғой..  Енді үйге қайтайық. -Нұргүл кері бұрыла берді.

            13. Қала көшесі. Терең ойға батып, ілби басып келе жатқан Нұргүл телефон қоңырауын

естіп, сөмкесінен телефонын алып, түскен хабарды оқыды: «Мен саған айттым ғой. Сен енді ешқашан дәрігер бола  алмайсың. Көп ұзамай үйіңнен де айрылып, далада қаласың».

-Оңбаған! -Нұргүл ызалана айғайлап жіберді.-Дәрігер болмасам, болмаспын, бірақ, өлсем де үйімді бермеспін. -Ашуға булығып алға қарай жүре берді де кілт тоқтады. -Бірақ, қалай? Оған шамам келе ме? Ол менің арманымды күл-талқан етті ғой. Өте жоғары балл жинап мемлекеттік грантты жеңіп алмақ болғаным қайда? Әкеме, анама берген сертім қайда? Енді үйге қалай бармақпын? Анама не демекпін? Бәрі неге керісінше болып кетті? Неліктен бұлай болды? Неге?  -Басын қос қолдай қысып, жерге отыра кетті де жылап жіберді. -Неге? Неге?

            Қайдан келгені белгісіз сумаң етіп қалаша-жаңаша киінген Ержан шыға келді:

            -Қарындасым, неге жылап отырсың? Әлде біреу тиісті ме?

-Онда сенің не шаруаң бар? Өз жөніңе жүре берсеңші. -Нұргүл сүйретіле орнынан тұрды.

-Өй, сен өзің қандай қыңыр қызсың?  Мен былай.. қолдан келсе, көмек берейін деп.. Олай болса, жарайды. Өзің біл..-Ержан кетуге оқталды.

-Тоқта! Көмектесемін дейсің бе? -Нұргүл Ержанның қолынан ұстай алды.-Қалай.. Қалай көмектеспексің? Сен менің мына өкініштен от болып өртенген жанымды, қайғыдан қарс айрылып, тілім-тілім болған жүрегімді қалай емдемексің? Мен осы қазір ғана бұл өмірде еш әділеттілік жоғын өз көзіммен көрдім. Осы уақытқа дейін көзімді қызықтырып, көңілімді еліктіріп келген қызыл-жасыл дүние бір сәтте меңіреу, сұп-сұр сұрқай дүниеге айналып жүре берді. Ішімді өкініш өртеп барады. Сен.. сен сол өкінішімді, қайғымды бір сәтке болса да ұмыттырып, титтей болса да көңіліме қуаныш сыйлай алар ма едің?

-Қуаныш дейсің бе? Ол қолымнан келеді. Менде ондай дәрі бар. Кезінде мен де осындай күйді бастан кешіп, осы дәріні пайдаланғам. -Ержан сөмкесін мегзеп қойды.

-Дәрі? Қуаныш сыйлайтын дейсің бе? Ол қандай дәрі? Кәні, кәні, тезірек берсеңші ол дәріңді. -Нұргүл шыдамсыздана Ержанның сөмкесіне ұмтылды.

-Сабыр, сабыр, қарындасым. Ең алдымен маған телефон нөміріңді бер. -Ержан өз телефонын қолына алды.

-Ол не үшін керек? Жарайды. -Телефонының нөмірін айтқан Нұргүл сөмкеге тағы ұмтылды. -Ал, енді тезірек дәріңді бер.

-Сабыр, сабыр, қарындасым. Өзің неткен сабырсыз қыз едің. -Ержан сөмкесінен екі

құты шығарып, бірінің қақпағын аша берді. -Екі таблетка ғана.. Соңынан мына суды ішесің.

-Таблетка.. су.. Жоқ, мен бәр таблетканы бір-ақ жұтып, соңынан су емес, у  ішіп өле қалғым келеді.-Нұргүл тез қимылдап  құтыны жұлып алды да, алақанына түскен дәрі түйірлерін аузына сала салды. -Енді жаңағы уыңды әкел. -Екінші құтыны да жұлып алып су іше бастады.

Ержанның үрейі ұшып кетті:

-Ей, ей, сен.. сен не істедің? Мұның не сенің? Сен.. сен екі таблетка емес, төрт бірдей таблетканы бір-ақ жұттың ғой.. Өліп кетсең, кім жауап береді?

Нұргүл тіпті сасар емес:

-Қорықпа, жігітім. Бұл дәрің өлтірмек түгіл, менің ішімдегі лаулаған отты өшіре де алмайды. Ал, өліп кетсем, тіптен жақсы. Сұрауым жоқ. ***********Бір шұқырға тастап, бетімді жауып кет.жоқ. Бір үгіл, менің ішімдегі лапылдаған отты өшіре де алмайды.ің?

п-сұр сұрқай дүниеге айн

-Өй, мына қыз өзі жынды шығар. Қой, бәлесінен аулақ. -Ержан Нұргүлдің қолынан екі құтыны да жұлып алып, бір шетке барып сыртынан бақылауға көшті. Сәлден соң Нұргүл лоқси ішін басып отырып қалды да, қаңғалақтап қайта орнынан тұрды.

 -Басым, басым.. басым айналып барады. Ту-у, не боп кетті өзі? -Басын қос қолдап қысып тағы отыра кетті де, жалма-жан ұшып тұрды. -Неткен ғажап! Неткен керемет!. Мына дүние неткен сұлу, неткен ғажап еді. Мен мұндай ғажап күйді басымнан кешіп көрмеппін ғой. Қанатым бар, қалықтап ұшып келемін, ұшып келемін. Ехе-хе-е-ей, естисіңдер ме? Мен ұшып келемін. -Екі қолын қанат секілді қағып, сықылықтай күліп кете барды.

-Ух, сонша қорқып едім, бәрі дұрыс болды. Ақ көгершін құрған торға өзі келіп түсті. Хе, хе, хе.-Сырттай бақылап тұрған Ержанның көңілі орнына түсіп, телефонын алып тере бастады.

 -Алло, бұл мен ғой. Бәрі ойдағыдай. Ақ көгершін құрған торымызға өзі келіп түсті. Әрине, әрине, соңына дейін көз айырмай бақылаймын. Ия, ия, өзім хабарласамын.

Асыл көгершін, ұшып келерсің.

Торыма келіп өзің түсерсің. -Әндете билеп кете барды.

14. Таңғы мезгіл. Әлиманың ас үйі. Әлима таңғы шайын ішіп орнынан тұра бергенде бөлмеге түрі  қашып кеткен, халат киген Нұргүл жасқаншақтай кірді.

-Қайырлы таң, анашым!

-Қызым, тұрдың ба? Жуынып кел де, шайыңды іш. Мен жұмысқа кетіп бара жатырмын. -Әлима асығыс кете бере ойына әлдене түскендей кері бұрылды. -Айтпақшы, қызым, сен түнде өте кеш келдің ғой. Сосын мазаңды алмайын дедім. Ия, қызым, естідім. Төмен балл алып қалыпсың. Қатты ойланып, сары уайымға берілгеннің салдары ғой. Жоғары балл жинай алмай қалдым деп қапалана берме. Дәрігердің оқуы болмаса, басқа оқуға-ақ түсерсің.

-Жоқ, апа, басқа оқудың керегі жоқ. -Нұргүл бірден қарсылық танытты. -Биыл болмаса,

 келесі жылы түсемін. Тек, медицина оқуына. Мен қалай да сертімде тұруым керек.

-О-о, міне, енді ғана өзіңе ұқсай бастадың. Тілегіңе жет қызым, тілегіңе жет. -Әлима риза болып қалды. -Онда мен жұмысыма кеттім. Тағы да өзіңді-өзің іштей жей бермей, шайыңды ішіп ал да, жақсылап демал. Түріңді қарашы, құр сүлдерің қалыпты.

-Жарайды, апа, солай істеймін. - Нұргүл тәлтіректей жуынатын бөлмеге кіре берді.

-Бұл қызға не болсын? Түрінен түр қалмаған. Ауырып қалғаннан сау емес пе өзі? Қой, тезірек жұмысқа барып, сұранып келмесем болмас. -Әлима асығыс бөлмеден шыға жөнелді.

15. Жуынатын бөлме. Қиналған Нұргүл сарылдай аққан суды алақанымен бетіне шашып, оған да болмағасын басын суға тосты. Сүлгімен сүртініп, тәлтіректей басып шықты да, біраз жер жүрген соң басын қос қолдап қысып отыра кетті.

          -Маған не болды? Денем бір ысып, бір суығаны несі? Желкемнен, иығымнан зіл батпан тас басып бара жатқандай. Ішімді тағы да от қари бастады. Тағы да жүрегім, жаным ауырып барады. Ой, жаным-ай, жаным-ай. Мұнша азаптайтындай не жазып едім? -Біресе қос қолымен басын қысып, біресе ішін басып, иіліп-бүгіліп дөңбекшіп  жатты да, сүйретіле орнынан тұрды.        

-Жоқ, бірнәрсе істеуім керек. Маған бірнәрсе керек секілді. Ия, ия, сол.. сол керек екен ғой. Сол.. сол.. Қәзір телефон соғамын.-Қалтасынан телефонын алғаны сол, ол  шырылдай жөнелді.

-Алло, бұл кім? Жағдайың? Жағдайымды сұрайтындай сен қай жақыным едің? Кіммін дейсің? Көмектескен? Дәрі берген? Ә-ә, сол жігітсің бе? Жағдайым болмай тұрғанын қайдан білдің? Мен де солай қиналағам дейсің бе? Ия, ия, оның рас, жағдайым өте жаман болып тұр. Дәрі ме? Керек. Өте керек болып тұр. Оны қалай алсам болады? Жоқ, үйде жалғыз өзім ғана. Үйге? Үйге әкеліп берем дейсің бе? Ой, онда тіпті жақсы болар еді. Адрес..  Немене? Есіктің алдында  тұрмын дейсің бе? Қалайша? -Нұргүл аң-таң болып тұрғанда есіктің қоңырауы да қағылды.

-Қазір, қазір.  -Алып-ұшқан Нұргүл асыға есікті ашты.

Сөмке асынған Ержан ежелгі таныстай сөйлей кірді:

-Амансың ба қарындасым. Күтіп қалдың ба?

-Өзің де амансың ба. Кешір, мен сенің атыңды да білмейді екенмін. Бірақ, жақсы жігіт екеніңді білемін. -Нұргүл шап беріп Ержанның қолынан ұстай алды. -Маған әлгі дәрі.. дәрі..

-Сабыр, сабыр, қарындасым. -Ержан есікті жауып, сөмкесінен баяғы екі құтыны алды.

-Айтпақшы, тағы да өткендегідей етіп жүрме. Бұл жолы өзім  беремін. Екі таблетка ғана..

Нұргүл Ержан берген екі түйір дәріні де асыға аузына салып, соңынан су ішті.-Рахмет! Сен шынында жақсы жігітсің. Мен саған шай қойып берейін.

-Шай дейсің бе, шайдан қашпас едім.-Ержан құтыларды сөмкеге сала бастады.

-Онда сен залға кіріп теледидар көре бер. Мен тез шай қойып жіберейін.-Нұргүл Ержанды залға кіргізіп, өзі ас үй жаққа кетті.

Залға кірген Ержан жан-жағына қарап біраз тұрды да теледидарды қосты. Теледидар сарнай жөнелді: «..Үшіншіден, экстремистік және террористік ұйымдар өз мүшелеріне «бұл дүниенің мақсаты-жаннатқа дайындық жасау» деген пікірді қалыптастырып, оларды өздерінің «шынайы діни-саяси ұстанымдар» деп атаған аярлық пен зорлық-зомбылыққа толы қитұрқы саясаттары жолында жанын пида етуге үгіттейді. Өз мақсаттарын оңай жүзеге асыру үшін олар өз мүшелерінің діни сауатсыз әрі  дін фанаты болғанын қалайды. Ислам атын жамылып, Жаратушының атын қалқан еткен экстремистік және террористік ұйымдар мұнымен ғана шектелмей, иман-сенімі, ұлттық-патриоттық сүйіспеншілігі әлсіз жандарды алдап-арбап..

-Мынау не деп оттап тұр? -Есікке жалтақтаған Ержан теледидарды өшіре салды. Осы кезде түрі әбден қашып кеткен Нұргүл сүйретіле ішке кірді:

-Мынау сол дәрі ме? Бұл жолы еш әсер етпеді ғой. Әлде, бұл..

Ержан дызылдап кетті:

-Сол дәрі, сол дәрі. Әрине, сол дәрі. Сен өткен жолы өте көп мөлшерде ішіп қойдың ғой, сондықтан да әсер етпей жатыр. Енді, құтысымен ішсең де еш әсері болмайды. Енді..

Нұргүл шыдамсыздана сөзді бөліп жіберді:

-Не, не? Әсері болмайды?.. Сонда қалай? Мен.. мен енді..

-Егер, қаласаң, басқасы бар. Тек.. тек ол таблетка емес.. -Ержан Нұргүлге сынай қарады.

Нұргүл тағы шыдамсыздық танытты:

-Мейлі, мейлі, не болса да ішемін. Тек, өткендегідей жаным тыныш тапса болды.

-Қарындасым, тағы да айтам, ол ішетін дәрі емес, оны.. оны инемен күре тамырға салады.

-Тамырға?! Инемен?! -Нұргүл күдіктеніп қалды. -Ол.. ол әлгі.. аты қалай еді, есірткі.. есірткі емес пе?

-Есірткі?! -Ержан басын көтеріп алды. -Сонда, сен мен туралы жаман ойлағаның ба? Рас, инемен салады. Бірақ ол да кәдімгі медициналық дәрі. Кезінде өзім де пайдаланғам..

-Пайдаланғам дейсің бе? -Нұргүл бірден басылды. -Онда.. онда мен де.. Тек шыбын жаным тыныш тапса болды.

Ержан жан-жағына жалтақтай берді. –Ол енді.. бұл жерде болмайды. Аяқ-қолды

созып жататындай ыңғайлы, жайлы жер керек. Сосын.. сосын  сыртқы есік құлыптаулы ма еді?

-Құлыптаулы. Құлыптаулы. Ал, дәріні.. дәріні.. Жатын бөлмеге кірейік. Мына жақта. -Нұргүл асығыс бөлмеден шыға берді.

-Өте жақсы. Сен бара бер. Мен қазір..- Сөмкесіне қол соза берген Ержанның жүзінде жымысқы күлкі ойнады.

16. Жатын бөлме. Керуетте екі қолы екі жаққа кетіп түкті сезбестен Нұргүл ұйықтап жатыр. Бөлмеге кірген Ержан  оның басынан аяғына дейін көзбен сүзіп шықты.

-Хе, хе, хе, ұйықтап қалды. Тамырын, қанын жеті басты айдахар жайлап жатқанын да сезер емес. Ей, байғұс қыз-ай, ендігі күнің, өмірің не болар екен? –Кете бере ойына әлдене түскендей кілт тоқтады. Нұргүлдің шашынан аялай сипаған қолы оның жүзіне, одан төсіне  барып тоқтады да, асыға кеуде түймелерін ағыта бастады. Осы кезде телефоны шырылдай жөнелді. Жақтырмаса да амалсыздан құлағына тосты:

-Алло.. Ия, ия, бәрі біз ойлағандай болды. Ақ көгершін қазір түкті сезбей тәтті ұйқыда жатыр. Қызға тиіспе дейсің бе? Оған тиісіп жын ұрып па?  Кілтті ме? Әрине, бедерін, ізін жақсылап түсіріп алдым. Ия, ия, жолай кілт жасайтын жерге барып, көшірмесін жасатамын. Жақсы, жақсы, кездесеміз ғой. Міне, шықтым.

Асыл көгершін, ұшып келесің.

Соңымнан іздеп талай келерсің.-Әндете билеп бөлмеден шыға берді.

            17. Әлиманың үйі. Сырттан асыға кірген Нұргүл есікті кілттеп, жатын бөлмесіне енді. Өзі тығып қойған қалтадан резина, шприц т.б. алды. Шприцке дәрі толтырып, қолын резинамен буып, өзіне өзі есірткі екті. Сәлден кейін аяқ-қолы төрт жаққа кетіп, қимылсыз қалды.

            Бірде үйінде, бірде басқа жерде, бірде өзіне-өзі, бірде  Ержан есірткі егіп, осындай оқиға 2-3 рет қайталанады. Қатты қиналған Нұргүл, жымысқылана күлген Ержан.

            Әлиманың үйі. Түс мезгілі. Жұмыстан түскі үзіліске келген Әлима есікті ашып кіріп, киім ілгіш жақты шолып өтті:

            -Нұргүл тағы да бір жаққа кеткен бе? Бұл қыз соңғы кезде үйде көп тұрмайтын болып кетті ғой. -Шешініп Нұргүлдің бөлмесіне кірді. Төсек жиналмастан, киімдері әр жерде шашылып жатыр.-Мұнысы несі? Төсегін де жимапты. Киімдері де әр жерде шашылып жатыр.-Төсекті жиып, киімдерді жинастыра бере тұрып қалды.-Құдайым-ау, мынау киімдердің жуылмағанына да талай уақыт болған ғой. Бұл қызбен дұрыстап сөйлеспесем болмас. Өзі қайда жүр екен?-Бөлмеден шыға бергені сол, Нұргүлдің дауысы естілді:

            -Ей, мен саған айттым ғой, табамын деп. Ия-ия, бүгін қалай да апарамын. Тек, келетін бол.

            Ыпыны әбден қашып кеткен Нұргүл киім ілгішке сүйеніп телефонмен сөйлесіп, аяқ киімін шеше алмай жатыр. Мұны көрген Әлима шошып кетіп Нұргүлге жақындай берді:

            -Қызым-ау, саған не болған? Мына түрің не? Қайдан келдің?

            Телефонын өшірген Нұргүл Әлимаға бажырая қарап тұрды да, өзгеріп сала берді:

            -Апа, сіз келіп те қойғансыз ба? Мен сізге обед дайындайын деп..

            -Жетер, қызым! Мына түрің не? Қайдан келдің? Соны айт маған.-Әлима ашуға мінді.

            -Апа, менде бәрі жақсы. Сынақта өте төмен балл алғаныма қапаланып жүрмін. Сәл денсаулығым болмай жүргені де рас. Мен бөлмеме барып, сәл демалып алайын..-Нұргүл аяқ киімін әрең шешіп, жүре берді де, кері бұрылды:-Апа, сосын.. сосын маған ақша да керек еді. Бір 40-50 мың теңге тауып бере алмайсыз ба? Бір құрбым сұрап еді. Кейін қайтарамын дейді.

            Әлима Нұргүлге күдіктене қарады:

            -Қызым, сен алдымен не болғанын айт. Сонан соң мен де сұраған ақшаңды..

            Нүргүл Әлиманың сөзінің соңын тоспастан айғайлап жіберді:

-Айт! Айт! Не болды апа, сізге? Сұрақтың астына алып, қанымды іштіңіз ғой. Айттым ғой сізге, ауырып жүрмін деп. Ал, ақша.. ақша.. ақша табылмаса..

-Қызым, сені алдымен дәрігерге көрсетейін. Әдіра қалғыр ақша дегенді сонан кейін-ақ..

-Жоқ! Маған ең алдымен ақша керек, ақша. Ақша табылмаса, онда..-Нүргүл естен танғандай шап беріп Әлиманы қылқындыра бастады. Ол қырылдай бастағанда серпіп жіберіп, ішке кіріп кетті.

Әлима біраз қырылдап жатты да, жандәрмен дәрі бүркігішін алып аузына дәрі бүркіді. Осы кезде іштен өте көңілді шыққан Нұргүл асыға аяқ киімін киіп, бұрылып қарамастан шыға жөнелді. Төбесінен жай түскендей күй кешіп, мұңға батқан Әлиманың жүзін ыстық жас

жуып бара жатты.

            18. Сәске түс. Қаланың шет жағы. Түрі әбден қашып кеткен Нұргүл сөмкесін сүйретіп, әрең  жүріп келді де, жаңадан салынып жатқан үйлердің біріне кіре бере басын қос қолдап қысып отыра кетті. Сөмкесінен әлде нені іздеп таба алмады.

-Құрып кетсін бәрі. -Сөмкесін жерге ұрып, жата кетіп, бүгіліп-жазылып қинала бастады. -Өліп барам.. Өліп барам. Қайдасың, Ержан? Неге тез келмейсің?  Ой, жаным-ай, жаным-ай! 

Осы кезде  қара көзілдірік таққан Ержан да Нұргүлге жақындай берді.

-Ержан, келдің бе? Неге кешіктің? Тезірек..-Қиналған Нұргүл жеңін түре берді.

-Ей, бейшара, саған қалай беремін? Қарызың бастан асты. Бүгін төлеймін деп ант-су ішіп едің, жатысың мынау. Сендей өтірікшіні аяп-мүсіркеп жүрген мен де ақымақ екенмін. -Ержан Нұргүлді теуіп жіберді.-Ия, ақымақ екенмін. Ақымақ екенмін. -Кіжіне аямай тепкілей берді, тепкілей берді. Сәлден соң барып  ентіге тоқтады. -Қой, сендей өлімтікті өлтіріп алып, бәлеңе қалармын. Әлі де азаптанып, қинала түс. Мүмкін, сол кезде есіңе түсер, маған шаш-етектен қарыз екенің. Есіңді жиған соң соңымнан өзің-ақ қуып жетерсің. Міне, сол кезде мен  сұрасам, ақша түгіл жаныңды да суырып берерсің. Жарайды, сау бол. Кездескенше.

-Жоқ, жоқ, Ержан, жалынамын, кете көрме. Мен.. мен әкелдім..  Анамның..  анамның алтын  алқасын ұрлап әкелдім. Сөмкемде.. Тек, бір ғана..-Нұргүл қолын соза беріп сылқ түсті.

-Бейшара қыз! Бірден солай демейсің бе.-Ержан Нұргүлдің сөмкесінен алқаны  алып,  шыркөбелек айналдырып, қызықтап  тұрды да  қалтасына сүңгітті. Өз сөмкесінен шприц алып, қатыгез қимылмен Нұргүлдің қолына есірткі екті. -Бейшара  қыз, әзірге өмір сүре тұр.

-Нұргүлдің қолын лақтырып тастап, үстінен аттап өтіп, сөмкесіне қол соза берді.

19. Екі қолы екі жаққа кетіп далиып жатқан Нұргүл біраздан соң қаңғалақтай орнынан тұрып, халық сапырылысып жүріп жатқан көшеге шықты. Сәл жүрген соң ішін басып, бүгіліп жата кетті де дөңбекшіп, аунай бастады. Жандалбаса орнынан тұра  бере құлап түсті де, аяқ-қолы төрт жаққа кетіп қимылсыз қалды. Әрі-бері өтіп жатқан адамдардың бірі қақ жолдың үстінде далиып жатқан  Нұргүлге аянышпен қарап өтсе, бірі саусағын шошайтып, жанындағы серігімен қосыла ахахалай күліп өтіп жатыр. Тіпті  үстінен  аттап өтіп жатқандар да бар. Сол жерден өтіп бара жатқан  хиджап киген Жаңыл да оны байқап қалып, жанына келді.

-Сіңілім, саған не болды? Бұлай жерде аунап жатқаның не? Кәне, тезірек орныңнан тұр.-Нұргүлді сүйемелдеп орнынан тұрғызбақ болды.

Сәлден соң есін жиып, басын көтерген Нұргүл Жаңылды  байқап, бақшия қалды:

 -Ал, сіз кімсіз?

-Сіңілім, мен бір Құдай деген пендемін. Сенің жатқаныңды көрген соң..-Жаңыл Нұргүлдің жүзіне үңіле  қарап, шошып кетті. -Сен.. сен есірткі.. есірткі қабылдаған секілдісің ғой. Жүр, жүр, сіңілім, біреулер көріп қалмай тұрып, бұл жерден тезірек кетейік.

-Пендемін дейсің бе?  Хе, хе, хе. -Нұргүл қаңғалақтап орнынан тұра берді. -Ал, мен.. мен көгершінмін. Көрдің бе, менің қанатым бар. Міне, қалықтап ұшып келемін. Ехе-хе-е-й, мен ұшып келемін. Ұшып келемін. -Екі қолын қанат секілді қағып, сықылықтай күліп кете барды.

-Байғұс қыз, есірткі қабылдаған екен ғой. -Жерде жатқан Нұргүлдің сөмкесін алған Жаңыл оны қуып жетіп, құшақтай рахаттана қызықтап тұрған жұрттан алыстай берді.

20. Емхананың дәлізі. Жаңыл шыдамсыздана әрі-бері жүріп әлдекімді күтіп тұр. Есік ашылып, дәрігер жігіт, соңынан Нұргүл шықты.

 –Жаңыл дәрігерге жақындай берді. –Дәрігер, сіңілім жақсы болып кете ме?

-Ия, бәрі жақсы. Ең бастысы, ішкі ағзасы зиянды қоспалардан толық тазартылды. 

-Рахмет сізге, дәрігер. –Жаңыл күбіжектей берді: -Рұқсат болса сізге жолықсам деп едім..

-Әрине, әрине. Жүріңіз. Кабинетке кірейік. –Дәрігер мен Жаңыл кабинетке кіріп кетті. Көп ұзамай екеуі де кабинеттен шығып, Нұргүлдің жанына келді.

-Ал, сізге тағы да үлкен рахмет. –Жаңыл дәрігердің қолын алды.

-Рахмет, аға. –Нұргүл де ризашылығын білдірді.

Дәрігер Нұргүлге бар денесімен бұрылды.

-Қарындасым, сен рахметті маған емес, алдымен мына әпкеңе айт. Ол сені бізге дер кезінде әкелді. Осындай жанашыр әпкең бар сен өте бақытты қыз екенсің. Қай кезде де осы әпкеңнің ақылын алып, айтқанын бұлжытпай орындасаң, жаман қыз болмайтыныңа мен кепіл.

-Аға, дұрыс айтасыз. Аты-жөнімді, кім екенімді  білместен, мені осында әкелген аяулы әпкемнің ақылын алып, айтқанын бұлжытпай орындаймын деп сіздің алдыңызда уәде беремін.

-Жарайды, жарайды, сіңілім.  Оны уақтысында көрерміз. Ал, енді үйге қайтайық.

–Жаңыл дәрігерге бұрылды: -Сау болыңыз, дәрігер.

-Сау болыңыз, аға.

-Сау болыңдар, қыздар. –Дәрігер бұрылып кабинетіне кіріп кетті.

Жаңыл әлдене айтқысы келгендей Нұргүлдің қолынан ұстады:

-Сіңілім, сенің дәл қәзір үйге барып, ата-анаңа көрінуіңе болмайды. Дәрігердің айтуынша біраз тынығып, дәрілерді қабылдаған соң ғана өз-өзіңе келе аласың. Сондықтан кешке дейін біздің үйге барып тынығып алғаның жөн деп ойлаймын. Жасыратыны жоқ, Аллаһтың неден тиып, неге бұйырғаны жөнінде де аздап насихат етсем  деймін.

-Әпке, қандай үлкен жүректі жан едіңіз. Айдалада есірткіге уланып өлейін деп жатқан

есерсоқ бір қызға кім екеніне қарамастан, осынша қамқорлық жасап жатырсыз. Егер, сіз жолықпағанда, мен не істер едім? Қандай күйде болар едім? –Нұргүл өзін-өзі баса алмай, кемсеңдеп Жаңылды құшақтай берді.

--Олай деме, сіңілім. Мақтаудың бәрі тек Аллаһқа ғана тән. Мұның бәрі бір Аллаһтың қалауы. Ал, мен жай ғана себепкермін. –Жаңыл да мейірлене Нұргүлді өзіне тарта берді.

21. Әлиманың үйі. Залға стол жасалыпты. Әлима ыңылдап әндетіп, кіріп-шығып  дастархан заттарын тасып жүр. Залдан шыға бергенде есік қоңырауы қағылып, есікті ашқанда

көңілді Нұргүл мен хиджап киген Жаңыл кіре берді.

-Апа, міне, біз де келдік. Мынау кісі өткенде өзіңізге айтқан Жаңыл әпкем. -Нұргүл еркелей Жаңылды белінен құшақтады. -Менің аяулы әпкем.

-Ә-ә, айналайын, сен екенсің ғой. Сол күні сен кезікпесең, қызымның ертеңі, болашағы не болар еді? Мен секілді жалғыз басты ананың жалғыз қызын қатерден аман алып қалдың. Рахмет саған айналайын, рахмет! -Әлима кемсеңдей Жаңылдың маңдайынан сүйді.

Жаңыл жүзін төмен салып, кішілік көрсетіп жатыр:

-Ол не дегеніңіз, апа? Мақтаудың бәрі тек Аллаһқа ғана тән. Аллаһтың қалауы ғана болады. Ал, мен жай ғана себепкермін.

-Құдайға құлшылық қып, дін жолында жүргеніңді Нұргүлжан айтып еді. Түсің өте жылы бала екенсің. Түріңе, сөзіңе қарап қатты сүйсініп тұрмын. Сен жетім-жесір біз секілді пақырларға жәрдем берсең, сені Құдай өзі жарылқасын! -Әлима ақ батасын жаудырды.

 Жаңыл да риза болып бетін сипап жатыр:

-Аумин, апа. Сіздерді де Аллаһ жарылқасын!

-Ой, апа, Жаңыл әпке, осылай елжіреп тұра береміз бе? Дастарханға отырайық та. Кәне, Жаңыл әпке, былай жүріңіз. -Нұргүл жол бастады.

-Ия, ия, айналайындар, сендер залға кіре беріңдер. Мен қазір..-Әлима ас бөлмеге  беттеді.

 Жаңыл күмілжи тіл қатты:

-Кешіріңіздер. Ыңғайсыз екенін де білемін. Дегенмен, бесін намазын оқып алсам ба деп..

Әлима кілт кері бұрылды:

-Әрине, әрине, айналайын. Оған несін қысыласың? Өзіміз оқымайтын болған соң.. Нұргүлжан, әпкеңе жайнамаз қылатын мата тауып бер.

-Мақұл, апа. Жүріңіз, әпке. -Нұргүл Жаңылды ертіп шығып кетті де, тез қайтып келді.

-Оқып жатыр ма? -Әлима ойланып қалды.-Үйге бір жайнамаз әкеліп қою керек екен..

-Ия, апа, мен де соны ойлап тұрмын. -Нұргүл еркелей Әлиманың қолынан ұстай алды.

 -Сонан соң.. сонан соң Жаңыл әпкем маған да намаз оқы деп жүр. Намаз оқысаң, Алла Тағала ризық-несібеңді көбейтеді дейді. Осы жолы үйіне барған соң маған намаз үйрететін болды.

Әлиманың жүзін қызғылт нұр шарпып өтті.

-Е-е, қызым-ай, намаз оқығанға не жетсін. Намаз деген Құдайға құлшылық жасау екенін білемін ғой, бірақ, соған.. соған мойынымыз жар бермей жүрген жоқ па? Қай уақытқа дейін

осылай жүре берерміз дейсің. Құдай өзі бұйырған бір күні біз де намазға жығылармыз.

-Апа, алдымен намазды мен жақсылап үйреніп алайын, сонан соң сізге өзім үйретемін. Тек, сол кезде бас тартушы болмаңыз. -Нұргүл Әлимаға сынай қарады.

-Ниетіңе жет, қызым, ниетіңе жет. Сен үйретсең, мен неге бас тартайын. Тек, Құдай сол күнге жеткізсін! -Әлима бұрылып жүре бергенде, Жаңыл да келіп қалды.

-Ой, сіздер әлі мені күтіп тұрсыздар ма? Неге ішке кіре бермедіңіздер?

Әлиманың жүзінен мейірім төгілді:

-Қызым-ау, ол не дегенің? Қай қазақ қонағынан бұрын дастарханға отырып, асқа қол салушы еді?

Осы кезде Нұргүлдің телефоны шырылдай жөнелді.

-Алло, сәләматсыз ба? Әділет басқармасы дейсіз бе? Ия, ия, Асқарова Әлиманың үйі. Мен.. мен қызымын. Үйдің құжаттары дейсіз бе? Оны не себепті тез жеткізуім керек? Не дейсіз? Қалайша? Бұл үйді кезінде әкемнің ерлігін бағалап, сыйға берген. Сонда қалай? Ерлік жасадың деп өздері үй береді де, 20 жылдан соң қате кетіпті деп өздері қайтып алып қоя ма? Бізді жетім-жесір деп көзге ілмей отырған шығарсыздар, бірақ, мен де үйімді қолдан беріп үнсіз отыра алмаспын. Ия, дұрыс айтасыз. Құқық қорғау орындарына шағымданам. Жоғары жақтан жәрдем сұраймын. Сіз де сау болыңыз. -Нұргүл Әлимаға қарап жылап жіберді: -Апа, бұл қалай? Үйді алып қоямыз деп дікеңдейді. Сонда біз.. біз қайтеміз? Шынымен де үйді алып қояр болса..

- Не дейді? Бұл үй біздікі ғой. Біздің үйіміз ғой? Құжаттары да түгел, заңды.. Алып қоямыз дегені қалай? -Әлима не істерін білмей далбарақтап қалды.

-Ия, апа, солай дейді. Кезінде заңсыз беріліп кеткен, сондықтан қайтарып аламыз дейді.

-Құдай-ау, бұл қалай болғаны? 20 жыл бойы үндемей-үндемей келіп, аяқ астынан

 үйімізді аламыз дегені несі? Сонда, біз секілді жетім-жесірлер не істемек? Қайдан пана таппақ? -Қатты демігіп қалған Әлима қалтасын қарманып дәрі бүркігішін іздей берді.

-Анашым.. –Нұргүл дереу дәрі бүркігішті алып,Әлиманың аузына дәрі бүрке бастады.

Өзіне-өзі келген Әлима Жаңылға қарап жалтақтай берді:

-Кешір, қызым. Сәл өстіп қалатыным бар. Бір келгеніңде сені де әбіржітіп жібердік-ау.

-Жоқ, апа, қайта сіздер мені кешіріңіздер. Жолым өте ауыр екен.

Әлиманың дауысы қатқыл шықты:

-Тәйт! Олай айтпа қызым. Сенің қандай кінәң бар? Үйімізді тартып алайын деп жатқан

сен емессің ғой. Бұл бір түсінбестік болар.

-Ия, апа, мен де солай ойлаймын. Жай бір түсінбестік шығар. Дегенмен.. дегенмен..

-Жаңыл кібіртектеп барып сөзін жалғады. -Сіздер рұқсат етсеңіздер, мен олармен сөйлесіп көрсем қайтеді? Басшыларын аздап танитын едім.

Әлима сенер-сенбесін білмей қалды.

-Қызым-ау, сен.. сен оларды танимын дейсің бе? Екі арада бізге бола сөз естіп..

-Жоқ, апа, сөз естімеймін. Көрерсіз, Аллаһ қаласа, бәрі де өз орнына келеді. Рұқсат болса, олармен жеке сөйлесейін. -Жаңыл телефонын алып шығып кетті де, көп ұзамай қайтып келді:

-Басшысымен сөйлестім. Өзім бәрін анықтап, жауабын берем деді.

-Көп жаса, қызым. Айдаладағы бізге бола ортаға, отқа түстің-ау. -Кемсеңдеген Әлима Жаңылды құшақтап маңдайынан сүйді. -Ал, жүре ғой, қызым. Тамақ суып қалатын болды.

Нұргүлдің телефоны тағы да шырылдй жөнелді. Телефонын алып көрген Нұргүлдің жүзі қатуланып сала берді: -Тағы да сол. Алло, ия, мен, сол Асқарова Әлиманың қызымын. Сізге тағы не керек? Мен сізге айтарымды айттым ғой. -Кенет шаттанып сала берді. -Не дейсіз? Қайтадан қаралатын болды. Сонда.. сонда біздің үйіміз.. Телефон дауысын  дейсіз бе? Ия, ия, қазір.. қазір..-Алып-ұшқан Нұргүл  телефонның даусын шығарып қойды. Телефоннан жас жігіттің жағымды  дауысы естілді: «Ия, сіздің бір адамыңыз жоғары жаққа қоңырау шалып, басшымыздан бастап бәрімізді аяғымыздан тік тұрғызды. Сол кісінің арқасында  үйлеріңіз өздеріңізде қалатын  болды.  Тек, үйдің құжаттарын алып, бізге  келіп кетсеңіз болды. Сау болыңыз». Телефон үнсіз қалды.

-Құдай-ау, бұл өңім бе, әлде түсім бе? Қызым, сені бізге Құдай өзі айдап келген екен. Сен болмағанда, жайымыз не болар еді? -Әлима кемсеңдей жөнелді.

-Ия, Жаңыл әпке, сіздің.. сіздің арқаңызда үйіміз өзімізде қалды. Біз.. біз сізге қарыздармыз. -Нұргүлдің де жанары жасқа шыланды.

Жаңыл бұрынғыша тағы да кішіпейілділік танытып жатыр:

-Сіздер неге олай дейсіздер? Мұның бәрі менің емес, бір ғана Аллаһтың арқасы.

-Апа, Құдайға шүкір, бәрі өз орнына келді ғой. Мен үйдің құжаттарын жаңағы жерге беріп келейін. Ал, Жаңыл әпкемді сізге тапсырдым. –Кетпек болған Нұргүлді Жаңыл тоқтатты:

-Нұргүл, сіңілім, қонақ болу қашпас. Жеке тірлігімізге араласты деп сөкпеңіздер. Егер, рұқсат етсеңіздер, ол жаққа мен де барайын. Тағы не боларын кім білсін?

Әлима кемсеңдей Жаңылдың қолынан ұстай алды:

-Қызым-ай, саған не десем екен? Сені біздей жетім-жесірді қорғасын деп Құдайдың өзі жіберген шығар. Қонақ болып келіп ең, туған қызымнан да жақын адамыма айналдың. Тым болмаса, бір кесе шай да іше алмадың-ау.

-Оқасы жоқ, апа, әлі талай келіп, талай шай ішерміз. Тек, мына ісімізді Аллаһ Тағала сәтімен бітірсін. Жүр, Нұргүл, тезірек барайық. Үйдің құжаттарын алуды ұмытпа. Сау болыңыз, апа. -Жаңыл Нұргүлден бұрын сыртқа беттеді.

-Сау бол, қызым. Құдай жолыңды оңғарсын. -Жаңыл мен Нұргүлді шығарып салып, есікті жауып келген Әлима залға кіріп, Жасынбектің суретіне қарап тұрып кемсеңдей жөнелді:

-Жасыным, кешір мені. Мен сенің қара шаңырағыңнан айрылып қала жаздадым ғой.. Егер, Құдай айдап Жаңыл қызым келіп қалмағанда..

Осы кезде есіктің қоңырауы қағылып, Әлима барып есікті ашты. Келіп тұрған Мұрат екен. Ол кірген бетте әлдекімді іздей бастады:

-Апа, Нұргүл.. Нұргүл  көрінбейді ғой.

-Ия, балам, Нұргүлжан мен Жаңыл қызым бір жерге кетіп еді, қазір келіп қалар. -Әлима күрсініп салды: -Е-е, балам-ай, сен бүгін біздің басымыздан не өтіп, не қойғанын білсең ғой.. Әлгі Жаңыл қызым болмағанда, мына үйден айрылып қалатын едік.

Мұрат басын көтеріп алды:

-Үйден айрылып қалатын едік дейсіз бе? Қалайша? Заңды түрде, сый ретінде берілген

 үйді алып қоймақшы болған кім? Сосын, Жаңыл қызым дегеніңіз әлгі Нұргүлдің жанынан бір елі шықпайтын қыз ба? Апа, кешіріңіз, дегенмен сол қыздың тірлігі де, сөзі де маған ұнамайды. Сізді, Нұргүлді алдап біреудің рөлінде ойнап жүрген секілді.

-Балам, кісінің сыртынан ондай сөз айтушы болма. Сен ешнәрсе айтқан жоқсың, мен ешнәрсе естіген жоқпын. Жарайды балам, Нұргүлжан келген соң, бәрін өзі айтып, түсіндіріп берер. Одан да жуын да тамаққа кел. -Әлима залға қарай беттей берді.

-Жоқ, апа, рахмет. Нұргүлде бір шаруам бар еді.. Тағы бір айналып соғармын. Сау болыңыз. -Мұрат асыға сыртқы есікке беттеді.

-Өзің біл балам. Нұргүлге сен келді деп айтармын. -Әлима есікті жапты.

Сыртқа шыққан Мұрат біраз ойланып тұрды да, басқышпен төмен түсе берді.

22. Қалалық Әділет басқармасы бастығының кабинеті. Біраз адамдар кіруге кезек күтіп отыр. Нұргүл мен Жаңыл да келіп, бір шетінен отыра кетті. Жаңыл шыдамсыздана бастады.

-Нұргүл, мен бұдан әрі күте алмаймын. Маған үйдің құжаттарын берші.-Нүргүлден құжаттарды алып, басшының аты жазылған есікке жақындай берді:

-Кешіріңіздер, мені бастықтың өзі шақырған еді.. Рұқсат болса..

 Отырғандар өре түрегеліп, шулап кетті:

-Әй, қарағым, қайда барасың жұртты баса-көктеп? Неге кезек күтпейсің?

-Жап-жас боп көрдің бе, менен де үлкендер отыр-ау демейді..

-Әй, сендер шуылдасып несіне арам тер боп жатсыңдар? Ол бәрібір кіреді..

Шуды естіп іштен хатшы қыз шықты.

-Тыныштық сақтаңыздар. Бастық жоғары жақпен сөйлесіп жатыр.-Жаңылды көріп.-Сіз, сіз Жаңыл Досанқызы емессіз бе?

-Ия, сіңілім, мен Жаңыл Досанқызымын. Құжаттарды алып кеп едім..

-Ой, әпше, неғып тұрсыз? Сізді күтіп отыр. Жүріңіз.-Хатшы қыз Жаңылды ертіп ішке кіріп кетті.

Отрғандар тағы да шулай жөнелді:

-Сендерге айтпадым ба, ол қалай да кіреді деп. Көрдіңдер ғой, өздері келіп алып кетті.

-Ия, қазір балағы қысқа ұзын сақылдылар мен осындай бүркеншік жамылғандарға бәр есік ашық тұратын болды ғой. Жүзіне қарасаң, мейірім шашып тұр, ішінде не жатқанын кім білсін.

-Дұрыс айтасың, бұлардың жоғары жақта үлкен адамдары бар дейді, содан ғой бұл жақтағы басшылардың бәрінің құрдай жорғалайтыны..

-Мына бір жап-жас қызды ерітіп жүр екен, ертең мұны да дәл өзіндей..

Соған дейін үнсіз тыңдап отырған Нұргүл ашулана орнынан ұшып тұрды:

-Сіздер неге олай дейсіздер? Кім екенін, қандай адам екенін де білмейсіздер, бірақ, аямай қара күйе жағып жатырсыздар. Құдайдан қорықсаңыздар қайтеді. Оның өте жақсы кісі

екенін мен жақсы білемін. Жөнсіз ғайбат сөйлегендеріңіз үшін ертең Аллаһтың алдында..

Отырғандардың бірі күңк ете қалды:

-Болды-болды, қызым, сенің де сырың мәлім болды. Біз жас қыз екен деп аяп отырсақ, сен де біраз жерге барып қалған екенсің. Не айтайын, тек арты қайырлы болсын.

-Бәрібір, сіздердің айтып отырғандарыңыз дұрыс емес. Жаңыл әпкем мен үшін өте көп жақсылық жасады. Осы бүгін де әлдекімдер баспанамызды алып қоймақ болғанда..

Қызына сөйлеген Нұргүлдің сөзін іштен шыққан Жаңыл бөліп жіберді:

-Сіңілім, сөз таластырып қайтесің. Ең бастысы, Алаһ қолдап, келген жұмысымыз қайырлы аяқталды.-Құжатты Нұргүлге береді.-Кеттік. Сені Әлима апа да күтіп қалған шығар?

-Нұргүлді құшақтай, аң-таң қалып күңкілдескен көпшіліктен алыстай берді.

23. Әлиманың үйі. Жағын таянып ойлана, жасалып қойған дастарханға ұзақ қарап отырған Әлима сағатына қарап орнынан тұрды.-Бұлар кешікті ғой. Менің де жұмысқа баратын уақытым болып қалды. Мейлі, кейін Нұргүлге телефон соға салармын.-Асыға аяқ киімін киіп, сөмкесін ала бергенде, есіктің қоңырауы қағылды. Есікті ашқанда, жүзі қуаныштан бал-бұл жайнаған Нұргүл кіре берді:

-Қызым, не болды? Кешіктіңдер ғой. «Аңшының кешіккеніне сүйін» деген..

Қуанышты Нұргүл Әлиманы құшақтай алды:

-Анашым, бәрі ойдағыдай болды. Үйдің құжатын да алып келдім.

Әлима есік жаққа жалтақтай берді:

-Қызым, Жаңыл әпкең қайда? Келмеді ме?

-Жаңыл әпкем бәр шаруаны бітіріп, өзі қайтып кетті. Тығыз жұмысы бар екен.

-Қап, әттеген-ай! Үйге кіріп тұрып, бір жұтым су да ұрттай алмай кетті-ау.-Әлима Нұргүлге бұрылды.-Қызым, мен сені күтіп отыр едім. Тамақ дайын. Айтпақшы, Мұрат балам келіп кетті. Бір айналып соғармын деген. Келіп қалар. Мен жұмысыма кеттім.

 Әлиманы шығарып салған Нұргүл есікті жаба бере, тұтқадан ұстаған күйі ойланып, күбірлеп тұрып қалды:

-Мұрат келді дейді? Бір айналып соғамын деді дейді? Мұрат, Мұрат! Сен сондай жақсы жігітсің. Қазір келіп қалсаң, одан жақсы жігіт болар едің.. Осы кезде Мұрат та сап ете қалды.

-Амансың ба, Нұргүл. -Мұрат Нұргүлге қолын ұсынды.-Мені күтіп тұрсың ба?

-Амансың ба, Мұрат. Бірақ өкінішке орай сені күтіп тұрған жоқпын.

-А-а, мен ендеше өзімді жақсы жігіт шығармын, дәл қәзір Нұргүлге көрінсем, одан жақсы жігіт болатын шығармын деп мәз болып келсем..-Мұрат қулана күлді.

Нұргүл қызарып сала берді:

-Мұрат, мен сені шынында жақсы жігіт деп ойлаушы едім. Бірақ, дәл осылай сырттан тың тыңдайтын тыңшы жігіт деп ойламаппын.

-Кешір, Нұргүл, сенің сөзіңді кездейсоқ естіп қалдым. Енді бұлай етпеймін. Дегенмен, сол сөзіңді естігенде, бақыттан басым айналып, құлап қала жаздағанымды жасыра алмаймын. -Мұрат Нұргүлдің қолынан ұстай берді. Нұргүл селт етіп қолын тартып алды:

-Айтпақшы, сенің келетініңді апам айтып еді. Жүр, Мұрат, жақсылап тамақтанып алайық. Менің  қарным қатты ашып кетті.

Нұргүл мен Мұрат залға кірді.

-Мұрат, сен жайласа бер. Мен тамақ салып әкелейін. Тезірек ішіме ел қондырмасам,

қарыным шұрылдап барады. –Нұргүл ойына әлдене түскендей кері бұрылды. -Мұрат, сен білмейсің ғой. Жаңа ғана үйімізден айрылып қала жаздадық емес пе. Жаңыл әпкем болмағанда..

Орындықта отырған Мұрат басын көтеріп алды:

-Нұргүл, осындай бірнәрсені  жаңа апам да айтып еді. Не болды өзі? Үйді кім алып қоймақ болды? Әлгі Жаңыл әпкең мұнда неғып жүр?

-Мұрат, ол сәл ұзақтау әңгіме. Бірақ, үйімізді біреулердің алып қоймақ болғаны да, Жаңыл әпкем жоғары жаққа қоңырау шалып, алып қалғаны да шындық. Егер, қалай да айтып бер десең, айтып берейін.Тек, алдымен тамақ ішіп алайық. Әйтпесе..

Мұрат Нұргүлдің сөзін бөліп жіберді:

-Нұргүл, мені кешір. Бірақ, тамақтан бұрын сенің әңгімеңді тыңдағым келіп отыр.

-Әңгіме дейсің бе? Жарайды. Тек, қарным шұрылдап жатса, мазақтаушы болма.

Нұргүл орындыққа отырып сөйлеп кетті. Болған жайдың бәрін қимылмен келтіріп, сөйлеп отыр, бірақ, дауысы бізге естілмейді. Біраз уақыттан соң барып естіледі:

-Міне, сөйтіп, Жаңыл әпкемнің арқасында үйіміз де, құжаттары да өзімізде қалды.

Әңгімені түрі бұзыла тыңдап отырған Мұрат жасқана тіл қатты:

-Айып етпе, Нұргүл. Сенің қатты ренжитініңді білемін. Бірақ, қайтем, мінезім осы. Ренжісең де айтамын. Сенің сол әпкең маған онша ұнамайды. Киімі де, сөзі де, тіпті қимыл-қозғалысы да жасанды секілді. Әпкем-әпкем деп аузыңнан тастамай, анаңнан артық көріп жүрген адамың әлгі тиым салынған ағымдардың мүшесі, тіпті аты шулы лаңкестердің бірі болып жүрмесін. Сонан соң, жоғары жаққа қоңырау шалатындай ол кім?  Ол қыз үйлеріңе қалай келді, солай үйлеріңді біреу алып қоймақ болады. Сол кезде ол жоғары жаққа қоңырау шала қойып, үйлеріңді аман алып қалады. Дәл бір кинодағы шым-шытырық оқиға секілді. Қызық әрі күдікті.

Нұргүл  ренжіп қалды:

-Мұрат, ол кісі туралы мұндай пікірді бұрын да айтқансың, тағы да айтып жатсың.  Бірақ, дәл осы жолы мен оның кім екенін анық білдім. Жасаған ізгі істерін, иманға толы жүзін көзіммен көрдім. Алланың атын мың рет қайталап, тек жақсылыққа шақырған жағымды дауысын құлағыммен естідім. Ол ол ма, кейінгі кезде маған намаз оқы деп жиі айтып жүр. Алланың атын айтып, намаз оқитын кісі сен ойлағандай жамандыққа қалай баруы мүмкін?

-Нұргүл, менің сенімен сөз таластырайын деген ойым жоқ. Өзің білесің, мақтанғаным емес, Құран-хадистерді, діни кітаптарды да өте көп оқимын. Айтайын дегенім, бұл қыз адамды өзіне тартып ұйыту үшін Құран-хадисте жоқ сөздерді де айта береді екен.

Нұргүл тарс кетті:

-Жетер, Мұрат. Бұдан әрі қарай ешбір сөзіңді тыңдағым келмейді. Сенің өте көп оқитыныңды, діннен де хабарың бар екенін білемін. Бірақ, «Бояушы, бояушы десе, сақалын бояйды» дегендей, білгішпін деп айдаладағы біреуге қара күйе жаға беруге болмайды ғой..

-Нұргүл, неге олай дедің? Сонда, өз ой-пікірін, көзқарасын батыл білдірген адамдардың бәрі білгіш немесе бояушы болғаны ма? Мен бояушы да, білгіш те емеспін.  Сосын.. сосын  ой пікірімді танымайтын бөтен біреуге емес, өзім шын сенетін, өзгелерден артық көретін, ең қымбат адамым-саған.. саған ғана айтып отырмын ғой. Сен мұны шынымен де біреуге күйе жағу деп есептейсің бе? Нұргүл, сен мені кім десең ол де, мейлі ренжіт, ренжі, бірақ, ол қыз туралы көзқарасымды өзгерте алмаймын. Сенен де өтінерім, ол қызға тым жақындап, сөзіне сене берме.

-Жетер, Мұрат, доғар! Енді.. енді тағы бір нәрсе айтар болсаң, мен саған қатты ренжимін. Ал, көзқарасың осы болса, сен екеуміздің көзқарасымыз тіптен бөлек екен. Айып етпе, мен бүгін қатты шаршадым. Рұқсат болса, өз бөлмеме барайын. -Ашуланған Нұргүл орнынан тұрып бөлмеден шығып кетті.

Мұрат Нұргүлдің соңынан ұмтыла бере тоқтады.

-Қап, бекер болды-ау. Қатты ренжітіп алдым. Соңынан барып кешірім сұрасам ба екен? Бірақ, кешірім сұрайтындай артық ешнәрсе айтқан жоқпын ғой. Жарайды, Нұргүлімнің мінезін білемін ғой, ертең-ақ бәрін ұмытып, жарқылдап, аңқылдап шыға келеді.

22. Кешкі мезгіл. Сая бақ. Арқалы ұзын орындықтың жанында қолында раушан гүлі бар Мұрат тағатсыз Нұргүлді күтіп тұр. Біраз күттіріп барып Нұргүл де көрінді.

-Нұргүл, келдің бе? Мынау саған. -Нұргүлге қарсы жүрген Мұрат оған гүлді ұстатты.

Нұргүл гүлді алып, қулана күлді:

-Бір тал гүл ұстатсам болды, ақкөңіл Нұргүл бәр өкпесін ұмытып, қолымнан ұстап жүре береді дедің бе?

Мұрат сасып қалды.

-Не, не? Қалай дедің? Жо-жоқ, тіптен олай емес. Мен.. мен жай ғана..

-Жарайды, жарайды, мен де жай ғана ойнап айтамын. Өзімді былай.. салмақтылау етіп көрсетіп қояйын дегенім ғой.. Қалай, қорықтың ба? -Нұргүл сықылықтай жөнелді.

-Енді.. былай.. қорыққаным рас, Нұргүл. Бірақ, сен.. сен -Мұрат Нұргүлге елжірей қарады. -Нұргүл, сен сондай жақсы қызсың. Мен қызбалыққа, өзімбілемдікке салынып қанша ренжітсем де, елжіреген жүрегіңмен, мейірбан жаныңмен кешіруге дайын тұрасың.

-Пах-пах, шіркін! Құдай көсем сөз бен шешен тілді қатар берген соң қиын екен. Мақтауымды әбден асырдың ғой. Бірақ, сен аспанға шығарып мақтайтындай менің мінезім де жетісіп тұрған жоқ. Сен бәрін оқып, біліп барып айтсаң, мен көп нәрсенің байыбына

барып жатпастан-ақ саған жауап қайтарып, айтысуға дайын тұрамын.

-Нұргүл, неге олай дейсің? Сенің ақыл-ойың да, білімің де менен артық болмаса кем емес, тек, мен секілді мылжың емессің.

-Мылжыңмын дедің бе? Ту-у, ақыры мойындадың-ау. -Күлкісін тежеген Нұргүл Мұратқа қиыла қарады: -Мұрат, бүгін бір-бірімізбен  айтысып-тартыспай тарасамыз деп уәде берші. Сен уәдеңде тұрсаң, театрдан шыққан соң үйге дейін қол ұстасып баруға мен де  уәде беремін.

-Рас па, Нұргүл? Уәде бересің бе? Олай болса, айтар сөзімді айта алмай, ішім жарылып кетсе де, дәл қәзірден бастап ауызымды тігіп немесе скочпен жапсырып қоямын. Бұйырып тұрған мұндай бақытты өлсем де қолдан жібере қоймаспын.

-Тым асқақтап кеткен жоқсың ба, Мұрат мырза? Әуелі Құдай қаласа, сонан соң барып, Нұргүл қаласа деп айтпадың ғой.

Мұрат басын көтеріп алды:

-Нұргүл, сонда сен не, уәдеңнен.. уәдеңнен тайып..

Нұргүл Мұраттың ауызын алақанымен басты:

-Болды.. болды, Мұрат. Уәдем уәде. Тек, сен де өз сөзіңде тұруға тырыс. Келістік пе?-Наздана Мұратқа қолын ұсынды.

-Келіскенде қандай. -Мұрат та шаттана Нұргүлдің қолын қыса берді.-Тек, спектакль басталғанға дейін кішкене тәтті-пәтті бірнәрсе жеп алсақ қалай қарайсың?

-Мұрат, сен шақырдың, мен келдім ғой. «Қонақ қойдан жуас, май берсең де жей береді» дегенді білмейтін бе ең?

-Неге білмейін, Нұргүл, білем ғой. Сонда да алдымен келісіміңді алып алайын деп.. Рахмет, саған, Нұргүл! Көп рахмет! Олай болса, мына ең жақын кафеге барайық.

-Барсақ барайық.-Нұргүл орнынан тұрып, Мұраттың созған қолынан ұстай берді.   

23. Шағын  кафе. Нұргүл отырған столға Мұрат тамдақ әкеліп қоя бергені сол, Нұргүл мырс ете қалды:

-Мұрат мырза, мен ешнәрсеге түсіне алмай отырмын. Сіз  мені театрға шақырдыңыз ба, әлде тамақтануға ма? Тәтті-пәтті деп едіңіз, буын бұрқыратып тамақ әкелгеніңіз қалай?

-Әрине, театрға, Нұргүл ханым. Бірақ, спектакль басталғанға дейін бақандай бір сағат уақыт бар екен. Сосын, аузымды сәл де болса тамақпен тығындай тұрайын дегенім ғой..

-Неге олай етесіз, Мұрат мырза?

-Негеңіз не, Нұргүл ханым? Ауызым бос болса, шыдай алмай бірдеңе айтып қойып, өзіңіздей арумен  қол ұстасып қайту бақытынан айрылып қалуым әбден мүмкін ғой.

Мәз болған екеуі де, күлкілерін әрең тиып, тамаққа қол соза берді. Сәлден соң музыка

ойнап, әзілдесіп-күлісіп, әңгімелесіп отырған олардың қимылы мен бет әлпеттерінен байсалды, шынайы әңгімеге көшкені  байқалды.

-Ия, Мұрат, дұрыс айтасың. Бұрын террорист, лаңкес деген мұндай үрейлі сөздерді тек кітаптан ғана оқып, онша мән бере бермейтін едік, енді теледидардан көріп, құлағымызбен естігелі бері кәдімгідей қорқатын болдық қой. Атса, алыста атылып, жарылса, шет елдерде жарылып жатыр ғой деп уайым-қамсыз жүргенімізде, бауырмен жорғалаған жыландай сумаңдап біздің елге де келіп жетті. Әуелі, Атырау, одан кейін Алматы, Тараз.. Енді міне, Ақтөбе. Бұл сұмдық қой. Мұрат, сен байқайсың ба, сол теледидардан көрсетіп жатқан лаңкестердің көбісі өзіміздің қазақтар ғой. Өзіміздің бауырлар ғой. -Нұргүлдің жанарын жас, жүзін мұң торлай берді.

-Жоқ, Нұргүл! -Мұраттың дауысы қатты шықты: -Ол оңбағандар бауырдан садаға кетсін! Отанын сатқанымен қоймай, оған үлкен қауіп төндірген ондай оңбағандар біздің нағыз дұшпанымыз. Ең жаманы, ең қорқыныштысы, олардың бас еркі өз қолдарында емес. Олар бар болғаны ойы пасық, сөзі сасық, елдің бірлігін бұзуды  ғана мақсат тұтқан әлдебір жеке адамның немесе шағын топтың бұйрығын қалт жібермей орындаушы жандайшаптар ғана.

-Түсінбеймін. Сонда олар өз Отанына, өз халқына, тіпті өз ата-анасы мен бауырларына жамандық істеп жүргенін білмей ме? Мұндай сұмдықты жасауға қалайша дәті барады?

-Ия, Нұргүл, олар ешнәрседен де тайынбайды. Өйткені олар уланған. Сана-сезімі, ақыл-ойы, жаны, жүрегі, бүкіл болмысы уланған. Олар қожайыны бұйрық берсе, өздерін тірідей жарып жіберуден де тайынбайды. Оларды берілген бұйрықты ғана орындайтын роботтар деуге болады. Өз туған анасын ойланбастан өлтіре салатын мәңгүрттер десек тіптен дұрыс шығар.

-Ту-у, Мұрат, сөздерің денемді түршіктіріп жіберді ғой. Жетеге жеткізе айтып бердің. Әйтсе де, мынаған миым әлі жетпей отыр. Теледидардан көрсеткен лаңкестердің бәрі ессіз сәби немесе алжыған кәрі емес, ақыл тоқтатқан, тепсе темір үзетін жастар емес пе? Лапылдап жанып жатқан отқа бес жасар бала да өзі барып түспейді ғой.

-Нұргүл, ойыңды жақсы түсіндім. Сонда, олардың ақыл-ой, санасын өзгертіп, теріс жолға салып жіберетін қандай күш дегің келеді ғой? Айтайын. Ол күштің аты-дін.

Нұргүл таңданысын жасыра алмады:

-Дін!? Қалайша дін?

-Ия, Нұргүл, дін. Бірақ, Алланың өзі хақ дінім деп санаған Ислам діні емес, басқа дін. Пасық ойлы біреулердің Ислам дінін өз мүдделеріне қарай барынша бұрмалап, арасына өз пасық ойларын да сыналап, қолдан жасап алған діні. Олар өздерін жаратқан  Алладан да қорықпайды. Керісінше, Алланың атын пайдаланып, Алланың сөзін айтып, ерлері ұзын сақал қойып, әйелдері ұзын бүркеншік жамылып, иманды да, қайырымды жан болып көрінуге тырысады. Жұмсақ тілімен, тәтті сөзімен,  алдап-арбап, жүрегіңді, жаныңды жаулап алады. Діннен сауаты, білімі жоқ жастар оларды Құдайға шын берілген жандар екен деп сеніп қалып, құрығына оңай ілінеді.

Нұргүл күмілжи тіл қатты:

-Мұрат, саған.. саған бірнәрсе айтсам ренжімейсің бе?

-Ол не дегенің, Нұргүл. Жаңа айттым ғой,  өзіңдей арумен  қол ұстасып қайту бақытынан айрылып қалғым келмейді деп. Әлде, сен өз ойыңнан айнып..

- Ту-у, Мұрат, сен де.. Менің айтайын дегенім тіпті басқа. Біздің сыныптағы балалардың көбі діннен хабары жоқ болса  да, намаз оқып жүр, ал,  сен, діннен осыншама хабарың бола тұра..

Мұрат мырс ете қалды:

-Түсіндім. Неге намаз оқымай жүрсің? Білгіш емессің бе дейсің ғой?

-Жоқ, олай демеймін. Бірақ, шынында да..

-Нұргүл, өзің сұрадың ғой, енді жасырмай  шынымды айтайын Тек, сен былай.. күліп жүрме. Мен.. мен бір айдан асты, намаз оқып жүрмін. Бірақ, саған айтуға ыңғайсыздандым.

-Ой, Мұрат, ондай жаңалықты айтуға неге ыңғайсызданасың? Сосын.. сосын оған мен не үшін күлуім керек? Керісінше, мен бұған өте қатты қуанып тұрмын. Алла ниетіңді қабыл етсін!

-Нұргүл, сен мұны шын көңіліңмен айттың ба, әлде мені күлкіге айналдырып отырсың ба? Бұрын дін, намаз туралы айтсам, қашқақтап, тіпті білгішсің деп айтып та тастайтын едің ғой.

-Кешір, Мұрат, бұған дейін солай етіп, ақымақ болып келгенімді  мойындаймын. Бірақ, енді өзгердім. Үш-төрт күннен бері сен секілді мен де өз бетімше намаз оқып  жүрмін.

-Қалай, қалай? Өз бетімше намаз оқып жүрмін дейсің бе? Мынау керемет болды ғой. Олай болса, Алла Тағала сенің ниетіңді де қабыл етсін. Әйтсе де, өзің үйреніп жүрсің бе, әлде білімді біреу үйретіп жатыр ма? Кешір, Нұргүл, бұлай сұрағаным әбес болды-ау деймін?

-Жоқ, Мұрат, әбес ешнәрсесі жоқ. Маған намазды Жаңыл әпкем үйретті.-Нұргүл айтарын айтып ап ауызын алақанымен баса қойды.-Айтпақшы, сен ол кісіні ұнатпайды екенсің ғой. Бірақ..

 -Жаңыл әпкем дейсің бе? Үйреткен Жаңыл әпкең екен ғой..-Мұрат жирыла қалды.

-Мұрат, осы сен  Жаңыл әпкемнің аты аталса болды, кірпідей жирыла қалатының  не? Ол маған тек жақсылқ қана жасаумен келе жатқанын неге айтпауым керек? –Нұргүл бір сәт үнсіз қалды да, Мұратқа жалт қарады.-Есіңде ме, мен саған бір есірткі таратушының тұзағына түсіп, нашақорға айналып бара жатқанымда, бір кісі келіп, құтқарып қалды деп едім ғой.

-Ия, дегенсің, бірақ, ол кісінің кім екенін айтпағансың.

-Олай болса, айтайын. Ол кісі Жаңыл әпкем болатын. Есірткіге уланып, жерде домалап жатқан жерімнен дәрігерге қаратып, емдетіп қайтадан адам қатарына қосқан осы Жаңыл әпкем болатын. Мақұл, сен ол кісіні жақтырмайтын шығарсың. Тіпті, оны жек көретін бір себептерің де бар шығар. Ал, мен ше? Мен не үшін жек көруім керек? Жасаған жақсылықтары үшін бе?

-Нұргүл, менің ол кісіде аласым да, бересім де жоқ. Бір-екі рет сенің жаныңнан көргенім болмаса, кім екенін де білмеймін. Бірақ.. бірақ несін жасырамын, сөзі мен ісіне қарап күмәндана беремін. Тіпті, жаңағы сен айтқан оқиғадағы сәйкестікке де қатты күмәнданып отырмын. Бір оңбаған сені есірткімен улап кеткені сол, дәл соны күтіп тұрғандай ол келе қалады. Онымен де қоймай өзі танымайтын, білмейтін сені  ата-анаң мен жақындарыңа, не ішкі істер басқармасына айтпастан дәрігерге  емдетіп, өз пәтеріне ала жөнеледі. Меніңше, сені есірткімен улаған оңбаған да, әлгі дәрігер де сол әпкеңнің сыбайласы. Мұның бәрі алдын-ала құрылған жоспар бойынша жүріп жатқандай. Өзің ойланып көрші, Нұргүл. Сенің басыңа қандай да бір қиындық түскенде, мен де емес, басқа да емес, дәл сол кісінің, Жаңыл әпкеңнің сап етіп жетіп келетіні қалай? Әлде, ол бәрін алдын-ала біліп, сезіп отыратын әлгі не еді.. көріпкел ме? Ол тіпті, қазір сенің жаныңда отырғанымды біліп қойып, екеумізді қалай ажыратуды ойластырып та жатқан шығар?

Нұргүл ашулана орнынан тұрып кетті:

-Мұрат, жетер енді. Сен.. сен тіпті шектен шығып кеттің. Сен екеуміз еш уақытта да бір

келісімге келе алмайтынымызға осы жолы анық көзім жетті. Кездесуге шақырып, гүл бергеніңе, тетрға шақырғаныңа  рахмет. -Шырылдай жөнелген телефонын құлағына тосты. -Жаңыл әпке, сіз бе? Ия, жалғызбын. Тез жет дейсіз бе? Жарайды, әпке, дәл қазір жетемін.-Нұргүл гүлді столға қойып, қайрылып қарамастан, асыға басып кафеден шыға берді.

-Ия, кетті. Қайрылып «қош» деместен кетті. Ал, мен болсам қол ұстасып үйіне дейін бармақ түгіл, өзін бір көруге зар болып, бұралқы иттей қыңсылап айдалада қалдым. Енді оның мені тағы  кешіріп, аңқылдап, жарқылдап шыға келеріне де күмәнім бар. Неге осынша білгіш, сөйлегіш болдым екен? Неге әрбір сөзден ілік тауып алатын осынша күмәншіл болдым екен?

-Көкірек жара күрсінген Мұрат столды жұдырықпен бір қойып, орнынан тұра берді.

24. Әлиманың үйі. Есікті ашып үйге кірген Әлима аяқ киімін шешіп, қол сөмкесін кіре беріс киім ілгішке қойды.-Нұргүлжан әлі келмеген секілді. Жаңыл әпкесінің үйінде шығар. Өзі

өте алғыр. Бір апта өтпей жатып-ақ Жаңыл әпкесінен  намаз оқуды үйреніп алды. Енді мені түрткілеп жүр. Е-е, қайда барамыз дейсің. Ерте ме, кеш пе.. -Залдың ашық есігінен  Жаңылдың дауысы естілді.-Мынау Жаңыл қызымның дауысы ғой. Әлде, Нұргүлжан да үйде ме екен?

Осы кезде Жаңылдың  дауысы анық естілді:

-Қазір дәл сол үйде тұрмын. Біз үшін нағыз таптырмайтын жер. Залдың үш терезесі бірдей орталық алаң жаққа қараған. Ия, адам түгіл кез келген қыбырлаған жәндікті жалпасынан түсіруге болады. Ия, олай жасауға да болады. Бір жарылғыш лақтырсаң да жетіп жатыр, дәл алаңның ортасына түседі. Сонымен, ба-бах! Бітті. -Ашық есіктен жаңаша киініп, телефонмен сөйлескен  Жаңыл көрінді. -Жоқ, ол дімкәс кемпір әзір келе қоймайды, әлгі жарымес қызы солай деген.

-Астапралла! Мынадай сұмдықты кім көріпті? -Жағасын ұстаған Әлима тасаға тығылды.

Жаңыл әлі сөйлесіп тұр:

-Ия, өте қолайлы. Төменде үлкен сарайлары да бар екен. Жарылғыштар мен қаруларды сонда жасырсақ, тірі жан білмейді. Үй дейсіз бе, оның да түпнұсқасы менде. Кемпір де, жарымес қызы да көшірмесіне мәз болып жүр. Ия, алдап-сулап кемпірге қол қойдырып алсам болды, үй біздікі болып шыға келеді. Әрине, әрине, сосын екеуінің де көзін құртамыз. Еш алаңдамаңыз,  бәрін өзім жайғастырам. Терезе пердесі дейсіз бе? Қәзір, көрейін. –Жаңыл көрінбей кетті.

-Сұмдық! Сұмдық! Құдайдай сеніп жүргеніміз нағыз сұр жыланның өзі екен ғой. Мұрат балам дұрыс айтқан екен. -Әлима сөмкесінен  телефонын алып, сыбырлай сөйледі:

            -Нұргүл, қызым, мені жақсылап тыңда. Мұрат балам дұрыс айтыпты. Әлгі Жаңыл дегенің нағыз  жауыз екен. Әлгі, лаңкес пе еді, дәл сол болып шықты. Үйіміздің кілтін де, құжатын да алып апты. Қызым, саған айтарым, бұл жауыздан тезірек құтыл. Қаш! Тезірек полицияға бар..

Осы кезде телефонын құлағына тосып, бір қолына кішкентай тапанша ұстаған Жаңыл білдіртпей Әлиманың сырт жағынан келіп, арқасына қару тіреді:

-Ей, апашка, сен қанша айтсаң да қызың сенің дауысыңды естімейді. Ол қалай естиді, егер телефоны менің қолымда тұрса.

 -Ах, сұр жылан! Сенің улы жылан екеніңді қалай білмегем?–Әлима ашуға булықты.

-Аузыңда Алла, қолыңда қару, Құдайдан қорықсаң қайтеді?!

-Хи, хи, хи. Алладан қорықсаң, өзің қорық. Ал, бізге Алла тек көмек беріп келеді.

 Алланың атын айтып, кез келген адамды өзімізге қарата аламыз, кез келген үйге де кіре аламыз.

-Қашанға дейін осылай жүре берем дейсіңдер. Құдай сендерді үйге емес, қараңғы көрге кіргізсін. Жазаларыңды Құдай берсін. -Қатты демігіп қалған Әлима сөмкесіне ұмтылды.

Жаңыл сөмкеге Әлимадан бұрын жетіп, ішінен дәрі бүркігішті алды:

-Апашка, мынау ма іздегенің? Кәне, аузыңды аша ғой. -Аузын ашқан Әлимаға дәрі бүркігішті жақындата беріп, қайтып алды. -Жоқ, әзір болмайды. Алдымен бір істі бітіруіміз керек. -Шығып кетіп, қағаздар салынған папка әкелді. -Міне, мына қағаздарға қол қойсаң болды, бәрі орнына келеді. Не қағаз екенін жаңа өзің де естідің ғой.

Әлима деміге әрең сөйледі:

-Өлтірсең де қол қоймаймын. Одан да мені өлтір.

-Өлтір дейсің бе? Онсыз да өліп қалайын деп отырған сені өлтіріп не табамын. Одан да, бауыздағанда ыстық қаны аспанға шапшитын ана жарымес қызыңды өлтірмеймін бе? Хи, хи.

-Телефонын алып тере бастады. -Алло, мен 10-15 минуттың ішінде хабар бермесем, ол қызды өлтір де үйден құрт-Телефонын жауып, Әлимаға мүсіркей қарады: -Міне, апашка, енді 10-15-ақ минут уақытымыз бар. Е, қол қоясың, е, қызыңды енді қайтып көрмейсің. Тез біреуін таңда.

Әлима деміге, қинала әрең сөйледі:

-Әкел, қол қоямын. Қызым аман қалса болды.

-О-о, міне, енді жөнге келдің. -Жаңыл Әлима қол қойған қағаздарды алып кетуге оқталды.

-Дәрі.. дәрі бүркігішімді бермейсің бе? Мен қол қойдым ғой..

-Дәрі бүркігіш дейсің бе? Өлген адамға дәрі бүркігіштің керегі не? Хи, хи..-Жаңыл дәрі бүркігішті ашық терезеден сыртқа лақтырып жіберді де, Әлиманың қолындағы телефонын  жұлып алды..-Телефон да қажет бола қоймас. Гуд бай, әжешка.

-Оңбаған! Құдай жазаңды берсін! -Қырылдаған Әлима екі қолын әрең жоғары көтерді:

-Е, Алла тағала, маған мына жауыздың іс-әрекетін әшкере етерліктей бір жұтым дем бере гөр. Бір ғана.. бір ғана..-Қолдары сылқ түсіп, бір шетіне жантая құлады да қимылсыз қалды.

-Бітті! Енді Алладан да, басқадан да қайыр жоқ. Жаның жаннатта болсын. -Жаңыл алақанымен бетін сипап, папканы алып асыға үйден шығып кетті.

Біраз уақыттан соң Әлима терең дем алып, басын көтерді:

-Жаратқан Алла, Сен менің тілегімді қабыл етіп, қайта тірілттің. Енді, ана телофонға жетіп-жығылар қуат-күш бере гөр.-Бар күшін жинап, қарсы жақта тұрған үй телефонына сүйретіле әрең жетіп, тұтқаны алып, тере бастады: -Мұрат, балам, менің бүркігіш дәрім таусылды. Қиналып жатырмын. Нұргүл.. Нұргүлге қауіп төніп тұр..-Телефон тұтқасы қолынан түсіп кетті де, сылқ түсіп қимылсыз қалды.

25. Жаңылдың үйі. Хиджап киген Нұргүл намаз оқып жатыр. Бөлмеге сыбдырсыз кірген Жаңыл оның арқа жағына келіп мысқылдай қарап тұрды да, Нұргүл намазын аяқтап тұра бергенде оны құшақтай алып еңіреп жіберді.

Нұргүл шошына тіл қатты:

-Әпке, сізге не болды? Неге жыладыңыз?

-Сіңілім, сен.. сен әлі естіген жоқ па едің? Апаң.. апаң.. Әлима апа қайтыс болыпты. Біреулер әддейі өлтірген дейді. Менің ойымша, сол үйді алам деп жүрген оңбағандар секілді..

-Әпке, сіз.. сіз не деп тұрсыз? Анам.. Менің жалғыз анашым.. Ол.. ол мүмкін емес.

 Нұргүл естен танғандай екі қолын созып, Жаңылға жақындай бере, құлап түсті де, сәлден соң есін жиып аңырай жөнелді:-Анашым! Аяулы анашым! Жалғыз қызыңды кімге тастап кеттің?

           -Жыла, сіңілім, жылап ал. Жеңілдеп қаласың. Мен саған су әкеп берейін. –Жаңыл асыға бөлмеден шығып, есікті тарс жапты. –Дауысы неткен жаман еді бейшараның. Сенің әнің таусылғанша біраз тыста жүре тұрайын.

Анашым деп басын жерге соға аңыраған Нұргүл әлден соң талықсып, тыныштала бастады. Осыны күткендей ішке кірген Жаңыл Нұргүлдің басын көтеріп, стаканмен су ішкізді.

Жаңылға мейірлене қараған Нұргүлдің дауысы әзер шықты:

-Рахмет, әпке, сіз болмасаңыз қайтер едім?

-Олай деме, Нұргүлжан. Мен сенің әпкең емеспін бе? –Жаңыл жүзінде жымысқы күлкі ойнап сөзін жалғады: -Бір жан құрбымның басынан да дәл осындай оқиға өтіп еді. Жалғыз шешесінің өлгенін естіген байғұс қыз қайғыдан шыдай алмай өзін-өзі өлтіріп тынды.

Нұргүл шошып кетті:

-Өзін-өзі өлтірді дейсіз бе? Қалайша? Олай ету шариғатта үлкен күнә емес пе?  

-Е-е, Нұргүлжан-ай, қатты қайғырып, күйзелген адам не істемейді? Негізінде, діни кітаптарда өлген адамдардың жаны о дүниеде бірін-бірі тез тауып алады деген сөз көп кездеседі.

-Өлген адамдардың жаны дейсіз бе? –Нұргүл жүзінде қуаныш табы білінді. -Сонда, мен де өлсем, әкеммен, анаммен кездесем бе? Бірақ, мұндай сөздерді естіп те, оқып та көрмеппін.

Жаңыл  күмілжіп қалды:

-Енді.. кітаптарда солай жазылған ғой. Сенен несін жасырайын, бір кездері мен де

өмірден түңіліп, у ішпек болғам, бірақ, жақын адамдарым келіп қалып, аман қалдым. –Тез шығып кетті де, кішкентай құты әкеліп  Нұргүлдің алдына қойды. -Сол іше алмай қалған у міне. Естелік қылып сақтап келемін. Айтпақшы, өз телефонымды таба алмай асығыс сенің телефоныңды алып кетіп едім. -Телефонды Нұргүлге берді. -Ойбу, мен бір кісімен жолығуым керек еді, ұмытып кетіппін  ғой.–Асығыс бөлмеден шыға жөнелді.

            -Ұмытып кетті. Бұл да болса, маған Құдайдың көмектескені шығар. Нұргүл асыға құтыны аша беріп, тұрып қалды. -Айтпақшы, Мұрат.. Мұрат не ойлайды? Оған хат қалдырып кеткенім дұрыс болар.-Телефонды аузына тақап сөйлеп  кетті:-Мұрат, өзіңмен сөзге келіп, ренжісіп қалсам да, ең жақын, ең аяулы адамым есебінде осы хатты өзіңе қалдырып отырмын. Мұрат, мен бұл өмірдегі ең бақытсыз сорлымын. Мен бойыма қан берген асыл әкемнің де,  құрсағында тоғыз ай, он күн көтеріп, ақ сүтін берген аяулы анашымның да сенімін ақтай алмадым. Олардың алдында берген сертімде тұра алмадым. Осынша әлсіздігіме, бейшаралығыма қапаланып, өзімді-өзім өлтіргім де келді. Бірақ, анашымды ойладым. Сөйткен  аяулы анашым жалғызы-мені соңына қалдырып, менен бұрын о дүниеге кете барды. Енді артыма қарайлап, жалтақтап қимайтындай нем қалды деп өз-өзіме қол салмақ болғанымда, Құдайдан қорықтым.  Өзін өзі өлтіру-ауыр күнә деп ойладым. Сөйтсем, олай емес екен. Жаңыл әпкем өлген адамдардың жаны о дүниеде бірін-бірі тез тауып алатынын айтқан кезде,  кеудемде үміт оты жанып, қуаныш кернеді. Анашымның өлі денесін құшақтап, қайғыдан тірідей өлгенше, өзімді-өзім өлтіріп, о дүниеге барып,  әкешім екеуін неге құшақтамаймын-деген ойға келдім. Мұрат, өлер алдында өзіңді шын  сүйетінімді жасырмай айтқым келеді. Бірақ, кешір, сені тастап әкем мен анама бара жатырмын. Ең дұрыс жол осы деп ойлаймын. -Телефонды жанына  қойып,  құтыны ашып аузына тақай бергенде, намазға шақырған азан дауысы естілді. –Нұргүл селт етіп тұрып қалды да, құтыны қайта жапты. -Екінті намазының уақыты да болыпты ғой.  Жаратқан Иеме ең соңғы рет құлшылық етіп, әкешім мен анашыма тезірек қауыштыруын тілейін. Алла қаласа, сонан кейін де бәріне үлгерермін. -Қолындағы құтыға біраз қарап тұрды да,  уысына қысып, түпкі бөлмеге кіріп кетті.

            26. Жаңылдың пәтері. Бұқпантайлап  үйдің алдына жақындаған Мұрат,  келе жатқан Жаңыл мен Ержанды көріп, тасаға тығылды. Жаңыл мен Ержан есіктің алдына келіп тоқтады.

            -Дәл алдында тұрған уды көрмеді дейсің бе? Ендігі өзін бір жайлы еткен де шығар. Мен көріп келейін. –Жаңыл ұрлана басып ішке кіріп кетті де, тез қайтып келді. -Бәрі дұрыс. Алдында у, намазын оқып жатыр. Соңғы рет Құдайына сиынайын деген ғой. Сиынсын байғұс қыз, сиынсын. Сиынған Құдайы жанын аман сақтап қалар ма екен, көрейік. Айтпақшы, осыны бітіргеннен кейін әлгі ғұлама жігітінің де көзін құртуымыз керек. Өте сауатты, білімді жігіт. Ертең соңымызға түсіп жүруі әбден мүмкін. Енді бұл жерден тезірек кетейік. «Болары болып, бояуы сіңген соң» бір-ақ келіп тамашаламаймыз ба? Хи, хи, хи.

            -Осы қыз былай.. өзі жаман қыз емес секілді. Өз тобымызға қосып алсақ қайтеді? –Ержан жымысқылана күлді.

            -Қосып алсақ дейсің бе? Ол жаман болмас еді ғой. Бірақ қалай?–Жаңыл ойланып қалды: -Жарайды, былай етейік. Қазір біз қайтып келгенде тірі болса, қосып алайық, ал, ана жаққа кетіп қалса.. қолымыздан не келеді, жаны жаннатта болсын.

-Ту-у, осы сенің де ойлап-таппайтының жоқ екен. Дегенмен, маған салса, аман қалғаны жақсы. -Жаңыл мен Ержан рахаттана күліп, келген жақтарына қарай кете барды.

Олар көзден таса болғанда, Мұрат та асыға есікке жақындай берді.

-Оңбаған қанішерлер, айтқан  сөздерін қарашы. Тірі болса дейді.. Мен сендерге көрсетермін әлі. –Жұдырығын түйе кіжінген Мұрат тез ішке ене берді.

27. Нұргүл  екі жағына кезек-кезек сәлем берім намазын аяқтап, қолын жайып біраз уақыт күбірлеп отырды. Сонан соң жанынына қойған құтыны алып, аузын ашып, аузына тақай берді.

-Нұргүл, тоқта! –Мұрат Нұргүлдің қолынан ұстай алып, құтыны жұлып алды.

-Жоқ, Мұрат, мен үшін мұнан басқа жол қалған жоқ. Менің өлгім келеді. Өлгім келеді..-Нұргүл қолындағы құтыны алмақ болып Мұратқа шап-шап ұмтылды.

Қалған қимылдар дауыссыз, музыка арқылы өтеді. Құтыны алмақ болып өзіне ұмтылған Нұргүлдің қолын бір-екі рет қайтарып тастаған Мұрат оны қаттырақ серпіп жіберді. Құлап түскен Нұргүлге тоқтаусыз әлденені айта жөнелді. Тағы да ұмтылмақ болып басын көтере берген Нұргүл екі қолын алға созған күйі  Мұратқа бақырая қарап қатты да қалды. Сәлден соң кең жанары жасқа толып, бір тамшы жас төмен сырғй берді. Мұрат құтының қақпағын жауып, Нұргүлге ұстатты да, асығыс бөлмеден шыға жөнелді. Ол сыртқа шығып, үйді айнала бергенде Нұргүлдің: «Ана, анашым, анашым менің»-деп жылаған ащы дауысы көкті тіліп өтті.

28. Мәз бола күліскен Жаңыл мен Ержан үйге жақындай берді.

-Дәл осы жолы жайрап жатпаса, онда білмедім. –Жаңыл күлкісін тиып, есіктен ішке басын сұға дауыстады: -Нұргүл сіңілім. -Дәл осыны күткендей іштен: «Анашым, анашым, жалғыз анашым. Мені тастап кеткенің бе?-деген Нұргүлдің ащы дауысы естілді. -Ойбай, мынау анасын жоқтап, әлі  сұңқылдап отыр ғой. –Сенер-сенбесін білмеген Жаңыл Ержанға жалт қарады: -Сен тез кет бұл жерден. Екеуміздің бірге тұрғанымызды көрсе, жоспарымыз күл-талқан болады.

 -Зыта жөнелген Ержан көрінбей кеткенде барып ішке ене берді:

-Нұргүл, сіңілім, бұл мен ғой, Жаңыл әпкең.

-Әпке, әпкетай. –Қолына құтыны ұстаған Нұргүл түпкі бөлмеден шығып, Жаңылды құшақтай алып, еңірей жөнелді: -Әпкетай, анам.. менің анам.. асыл анашым..

-Сабыр, сабыр, сіңілім. -Нұргүлді құлықсыз құшақтаған Жаңыл оның  қолындағы құтыны  көріп, шошып кеткен сыңай танытты: -Сен не, мынаны ішіп.. Мен мұны ұмытып кетіппін ғой.

-Жоқ, әпке, ішкен жоқпын. Енді ішпеймін де.-Қатулана құтыны лақтырып  жіберді.

-Неге? Неге ішпейсің? –Жаңыл не айтқанын білмей қалды: -Ә-ә, былай.. шынында.. Мен ішіп қойған екен деп үрейленіп..

-Жоқ, әпке, ішпедім. Бұл уды ішіп, қараптан-қарап арам өлгенше, анамды өлтіріп, үйімді алып қоймақ болып жүрген дұшпандарыммен айқасып барып өлейін деген шешімге келдім. Ол үшін ең алдымен сіздің көмегіңіз қажет болып тұр.

-Айт, Нұргүл, шамам келсе, аянбаймын.

-Рахмет, әпке, сіздің көмек беруден қашпайтыныңызды білгем. Олай болса, бірінші көмегіңіз, менің үйімді тез арада өз атыңызға немесе бір жақыныңыздың атына аударып алыңыз.

Жаңыл таңдана тіл қатты:

-Сен не деп тұрсың, Нұргүл? Үй сенікі ғой.. Анам өлді деп бұлай..

-Ия, әпке, анам өлді. Дұрысы, өлтірді. Енді мені де өлтіреді. Сосын, қаңырап иесіз қалған үйді ала салады. Асыл әкеме сыйға берілген үйді қас дұшпаным алғанша, жанашыр әпкем-сіздің алғаныңыз жақсы емес пе? Өлсем, алтын баспанамды дұшпаным емес, жанашыр әпкем алды ғой деп разы болып өлмеймін бе? Ал, тірі болсам.. рұқсат берсеңіз.. сізбен бірге-ақ тұра берермін.

-Рұқсатың не, алтын сіңілім-ау. Әрине, бірге тұрамыз. Сен соны қаласаң, мен.. мен бұл өтінішіңді қалай.. қалай орындамайын?

-Рахмет, әпке. Тағы бір өтінішім бар еді..

-Айта бер, Нұргүл. Шамам келсе, орындаймын.

-Мені өз тобыңызға қабылдаңызшы.

Мұндайды сөді күтпеген Жаңыл селк ете қалды:

-Қандай топ? Сен не айтып тұрсың?

-Әпке, сіз  мүмкін мені кішкентай көріп біраз нәрселерді жасырып та жүрген боларсыз.

Бірақ, мен де біраз нәрселерді білемін. Сіздің топтың әділдік, шындық жолында жан аямай күресіп жүргенін, адамнан емес, бір ғана Құдайдан қорқатынын, Алла жолында жанын қиуға да баратынын, бәрін-бәрін білемін. Алла жолында күресіп, жан беру-жиһад деп аталатынын да сіз берген кітаптардан оқып білдім. Әпке, Алла жолында, әділдік, шындық жолында мен де жиһадқа шыққым келеді. Өзімді тест сынағынан құлатқан, үйімді алып қоймақ болған, ақырында анамды қастандықпен өлтірген дұшпандарымнан кек алғым келеді. Әпке, мені тез арада өз тобыңызға қабылдаңыз. Егер, бұлай етпейтін болсаңыз, құқық қорғау орындарына сіз туралы, сіздің тобыңыз туралы мәлімет жеткізетін боламын.

Қатты сасқан Жаңыл тұтығып қалды:

 -Сен.. сен өзі не деп кеттің? Сен.. сен..

-Ия, Жаңыл әпке, жаңа айттым ғой, сіз туралы біраз мәліметтерім бар. Сіздер мені өлтірген күнде де, бұл мәлімет ол жаққа жететін болады.

            -Ол жақ дегенің қай жақ? Мұнымен не айтпақшысың?

-Айтарым сол, мені өз тобыңызға аласыз, не мен солай істеймін. Ал, сіздің қолыңыздан өлсем, оған титтей де өкінбеймін.

            Жаңыл күліп Нұргүлге жақындады:

-О, ақымақ қыз, сені не үшін өлтіруім керек?  Әлде, мені кісі өлтіргіш біреу деп пе едің? Қайта бізге сен секілді ақылды да өжет қыз өте керек. Мен бұл мәселені ортаға салып, жоғары жақтағылармен ақылдасып көрейін.

            -Жоқ, әпке, сіздің тобыңызға қазір кіргім келеді. Мені қазір қабылдаңыз.

            -О, ақымақ қыз. Ол оп-оңай ма екен? Бұл мәселені мен емес, жоғары жақ шешеді. Сосын, мүшелікке өту үшін олар талап еткен біраз сынақтан ешбір қате жібермей өтуің керек.

            -Келісемін, әпкетай, бәріне келісемін. Қандай сынақтан өт десе де өтемін. Тіпті, беліме жарылғыш байлап беріп, әділдік жолында «өзіңді құрбан ет» десе, оған да дайынмын. Тек, сіздің тобыңызға қабылданып, сіздің жаныңызда жүрсем болды.

            -Сіңілім-ай, жүрегімді елжіретіп жібердің-ау. Жарайды, мен жоғары жақпен хабарласып, бұл мәселені тезірек шешуге тырысамын. Айтпақшы, таяуда алқа мүшелері осында келіп кеңес өткізбек. Мүмкін, сол кезде сені де қабылдап қалар.

            -Ой, әпкетай, бұл керемет болды ғой!–Нұргүл қатты қуанып, Жаңылды құшақтай алды.

            -Жарайды, сіңілім, мені көп мақтай берме. Сен жаңа кез келген сынаққа дайынмын дедің бе? Олай болса, бүгіннен бастап саған тапсырма бере бастаймын. Қалай, орындайсың ба?

–Жаңыл Нұргүлге сынай қарады.

            Әрине орындаймын, әрине. Не істеуім керек?

            -Ой, ақымақ қыз, өзің тым асығыссың ғой. Жарайды, ендеше сен екеуміз сол кісілерді  күтіп алып, кеңесті қай жерде өткізу мәселесін ақылдасуымыз керек. Бұл өте үлкен сынақ.

            Нұргүл басын оқыс көтеріп алды:

-Әпке, өз ойымды айтсам бола ма?

            -Айт, Нұргүл.

            -Алқа кеңесін біздің үйде өткізсек қайтеді? Ешбір күдік тудырмайтын бұрынғы орган қызметкерінің үйі. Дәл орталықта. Құжынаған халық. Тіпті, беті аулақ, жайсыз бір жағдай бола қалса, анамның қазасына көңіл айтып келген кісілер деп айта саламын ғой.

            -Тамаша! Жанымды қинап жүрген де осы мәселе еді. Бұл қалай менің ойыма келмеген? Жаным, Нұргүлжан, сен мені ең ауыр қиындықтан құтқарып қалдың. Қандай ақылды қыз едің.

 –Қатты қуанған Жаңыл Нұргүлді құшақтай алды: -Енді, мен сені өз тобымызға қалай да қабылдатам. Қалай да. Сендей ақылды әрі тапқыр қыз бізге ауадай қажет. Нұргүлжан, сен енді тезірек үйіңе бар. Ағайындарың күтіп отырған шығар. Анаңды.. анаңды ақ арулап көмген соң келіп бір хабар алып кетерсің. Сосын.. қажет десең, зираттан жер алып беруге көмектесейін...

-Жоқ, Жаңыл әпке, пейіліңізге рахмет! Бірақ, анашымның мәйітін өз аманаты бойынша туған жеріне жерлейміз. Рас, нағашы ауылым бұл жерден өте алыс, бірақ, алыс екен деп анашымның аманатына қиянат жасай алмаймын ғой.. Тек, бұл қайғылы жайтты нағашыларыма қалай естіртем? Олар келіп көріскенде, соқа басым сопайып жалғыз өзім тұратынымды ойласам...

–Нұргүл мұңайып тұрды да, басын көтеріп алды: -Әпке, менің сізден басқа қандай жанашыр, жақыным бар? Егер, сіз жанымда болып, менімен бірге ауылға барып..

Жаңыл бірден қарсылық танытты:

 -Жоқ, жоқ, Нұргүл, бара алмаймын. Енді.. былай.. өзің де түсініп тұрсың ғой.. Әлгі кісілерді жақсылап күтіп алу, орналастыру, тамақтандыру дегендей.. Айтпақшы, сенің өтінішіңді де ол жаққа тезірек жеткізуім керек қой..

-Кешіріңіз, әпкетай. Мен шынында тек өз басымды ғана ойлап кетіппін.  Бірақ, тезірек сіздің тобыңызға қосылып, анашымды өлтірген оңбағандардан кек алғым келеді. Ия, тезірек кек алғым келеді. -Қатты қатуланған Нұргүл жылап жіберді де, бөлмеден шығып кетті.

            Жаңыл басын шайқай берді:

-Осындай алтын қызды да өлтірмек болдым-ау. Жүрегі елжіреген қандай ерекше жан еді.

Түрі қашып кеткен Ержан асығыс кіре берді.

-Ту-у, мыжып отырып алдыңдар ғой. Мен әлгі жігітті үш әріп үйдің жанынан көріп

қалдым. Бұған дейін де оның соңымызға түсіп, тіміскілеп жүргенін байқап едім, бүгін жаңағы жерден көрдім. Енді не істейміз? Бірдеңе істеп қоймай тұрып оны.. оны..

Жаңыл ашуланып шыға келді:

-Оңбаған!  Өзім де ол оңбағанның осылай істейтінін білгем. Не істеймізі несі? Әрине, тез арада көзін құртуымыз керек. Бірақ, қалай құртамыз?

Ойланып қалған Ержан қуана басын көтеріп алды:

-Таптым, таптым! Ана қызды.. өзінің сүйген қызын  пайдалансақ  қайтеді? Өзің айтқан жоқсың ба, кейінгі кезде Нұргүл ол жігітті жек көріп кетті деп. Сені мүшелікке қабылдау үшін жоғарыдан осындай тапсырма келді десек.. ол қыз.. ол қыз ол сүмелекті өлтіруден тайынбайды.

-Тамаша, Ержан. Жоспарың керемет! Бір жағынан соның қолымен өлтіріп, жауымыздан құтыламыз, бір жағынан ол қыздың өзін де сынап көреміз.

-Бірақ, ол қыз бұлай істеуге көнбесе қайтеміз?

-Көнеді. Көндіремін. Онымен өзім сөйлесемін. Ал, сен әлгі оңбағанды көзден таса қылма.

-Жақсы, онда мен кете берейін. –Ержан жүре беріп, қайта бұрылды. –Айтпақшы, әлгі құжат мәселесін не қыламыз? Оны тиісті жерге жеткізу сен екеумізге жүктелгенін білесің ғой? 

-Ол мәселені шешіп те қойдым. –Жаңыл масаттана күлді.

-Не дейсің? Шешіп қойдым?  Сонымен, ол тапсырманы қайсымыз орындайтын болдық?

-Ол құпия  құжатты кедендік бақылаудан  әлгі жарымес қыз алып өтеді.

-Кім? Нұргүл ма? –Ержан таң-тамаша қалды. –Сонда, бөтен қызға сенім артпақсың ба? Кедендік бақылаудан өте алмай ұсталып қалса, тіпті, бізді ұстап беріп жүрсе қайтпекпіз?

-Ұсталмайды да, ұстап та бермейді. Өйткені ол алдымен шын құжатты емес, жалған  құжатты алып өтеді? Хи, хи, хи.

-Ә-ә, енді түсіндім. –Ержан қарқылға басты.–Сонда, шын құжаттарды бермей тұрып алдымен ол қызды сынап көреміз ғой? Ту-у, осы сенің  ойлап-таппайтының жоқ екен. Ал, ол байғұс қыз үлкен тапсырманы орындап жатырмын деп.. Ха, ха, ха.

-Дұрыс айтасың. Бірақ, ол қыз  бұдан бұрын да бір тапсырманы орындауы керек. Сондықтан, ол қыздың құлағын осы бастан бұрай берейін. –Жаңыл телефонын тере бастады.

-Нұргүл, кешір, айналайын. Дәл қәзір сенің  өте ауыр жағдайды бастан кешіп жүргеніңді білемін. Бірақ  сені тағы да мазалауыма тура келіп тұр. Қандай сынақтан өт десе де, өтуге дайынмын деп едің ғой, жоғары жақтан саған арнайы тапсырма келді. Жерлеу рәсімі аяқтала салысымен маған келіп кет. Анаңды қастандықпен өлтірген адамдар туралы да біраз мәліметтер таптық.. Үйге келші дейсің бе? Бара алмаймын ғой, жаным-ау. Мұндай шақта жұбатып, жаныңда болғаныма не жетсін, бірақ, жаңа айттым ғой,  жоғары жақтан тапсырма өте көп. Рахмет, айналайын, рахмет. Сенің осылай түсінетініңді білгем. Жарайды, жарайды, сау бол. Кездескенше.-Жаңыл телефонын сөндіріп, Нұргүл болып жыламсырай сөйледі:-       -«Әпкетай, үйге келіңізші. Мен қатты жалғызсырап отырмын».-Өз дауысымен жауап қатты:-Бара алмаймын ғой, жаным-ау. Мұндай шақта жұбатып, жаныңда болғаныма не жетсін..

 Жаңыл мен Ержан бірін бірі қоштай  рахаттана күліп, үйден шыға берді.

            29. Саябақ. Қазіргіше киініп, сөмке ұстаған  Нұргүл мен Жаңыл қолдарын сермей әңгімелесіп, арқалы орындықтың жанына келіп тоқтады.

Нұргүл  қобалжи тіл қатты:

-Әпке, маған неге сенбейсіз. Мен ол құжатты кедендік бақылаудан алып өте аламын. Өткенде айтып едім ғой, тағы да айтайын. Ол  жердің басшылары менің әкем туралы өте жақсы біледі. Өйткені  әкем дәл сол кеденде қауіпті қылмыскерлерді ұстаймын деп ауыр жарақат алған. Сізге уәде берген жоқпын ба? Анашымның кегін қайтару үшін неге болса да барамын, тіпті жанымды қиюға да әзірмін деп. Әпке, мен сол тапсырманы орындайыншы. Әйтпесе, жақсы көретін ең жақын адамыңды өз қолыңмен өлтіру деген.. өлтіру деген..  

Жаңыл Нұргүлді жұлқи өзіне қаратты:

-Сен қыз не деп міңгірлеп тұрсың? Мұндай тапсырманы орындай алмайтының бар, жоғары жақтағыларды неге мазаладың? Өзің емес пе ең, анамның кегін қайтару үшін бәріне де барамын, тобыңызға қосыңызшы деп жалынған. Енді  неге үрейің ұшып, қалтырап тұрсың? Сені өз сертінде тұратын өжет қыз деп ойлаушы ем, қатты қателесіппін. Сын сағатта туған әпкеңдей болған мені сатып кеттің. Саған жанашырлық жасаймын деп өз жанымнан айрылатын болдым. Бізде тәртіп өте қатал. Енді мені өлтіретіні анық..

-Жоқ, әпкетай, олай айта көрмеңіз. –Нұргүл Жаңылдың қолынан ұстай алды. -Мен.. мені кешіріңіз. Мен.. мен бастапқы ойымнан да, сізге берген сертімнен де айнымаймын. Мен.. мен анамды өлтірген хас дұшпандарымнан кек алмай тыншымаймын. Ол үшін жолыма тұрған кез келген адамды өлтіруден тайынбаймын. Рас, қанша жалынсам да Мұратты көндіре алмадым. Енді өз обалы өзіне. Бүгін сіз емес, Мұрат өлуге тиіс!

 -О-о, міне-міне, мен білетін Нұргүл осындай болса керек еді. Жаным  енді ғана жай тапты ғой. –Риза болған Жаңыл Нұргүлді құшақтай алды. -Олай болса, іске сәт.  –Жан-жағына жалтақтай, жақын тұрған талға барып тасаланып, Нұргүлді сыртан бақылауға көшті.

Арқалы ұзын орындықта отырған Нұргүл, қолында раушан гүлі бар, алқына жеткен Мұратқа наздана тіл қатты:

-Қыздар жігіттерді  күткізіп қоятын секілді еді, ал сен өзіңді маған күткізіп қойғаның қалай, сері жігіт?

            -Кешір, Нұргүл. Алдыңда өте айыптымын. Айыбымның өтеуі ретінде сен ең жақсы көретін мына раушан гүлін әкелдім. Қабыл ал. –Мұрат бір тізесін бүге гүлді Нұргүлге ұсынды.

            -О-о, сен менің ең осал тұсымнан ұстадың. Амал қанша, енді мен де сенің бүгінгі айыбыңды кешіруіме тура келеді. –Нұргүл іззет жасап гүлді алды. -Мұрат, өзің де байқап отырсың, бүгін сені  кездесуге мен шақырып отырмын ғой. Сен бұған таңданбайсың ба?

            -Несіне таңданам, Нұргүл. Бүгінде әйел мен ердің құқы тең емес пе? Тіпті, ерлерге қарағанда әйелдерге көбірек билік беріліп жатқан жоқ па?

            -Ішіңде әлдебір қыжыл бар секілді ғой? Айт, айта түс. Әйтсе де, не үшін шақырғанымды сұрамадың ғой. Әлде, бұрынғы өкпесін ұмытып, бәрін кешіріп қоя салды деп  отырсың ба?

            Мұрат селт ете қалды:

-Не, не? Сонда сен мені әлі.. әлі..

            -Ия, сені сол үшін шақырдым. Егер жақсылап тұрып кешірім сұрасаң, кешіруім де мүмкін.

            -Нұргүлжан, қалай кешірім сұра десең, солай сұрайын. Тек, аяғыма жығыл дей көрме, ол мұсылманға жат қылық.

            -Қап! Дәл солай істе деп айтайын деп тұр едім, тағы алдымды орап кеттің-ау. Енді қандай бұйрық берсем екен саған? Жарайды, мен саған одан да бір-екі өтінішімді айтайын. Егер, орындайтын болсаң, мен де сенің барлық кінәңді кешіремін.

-Уәде беремін. Шамам келгенше бәрін орындаймын. Алдымен отырайықшы. –Мұрат Орындыққа Нұргүлді отырғызып, өзі де жайғасты.

-Олай болса, бірден бірінші өтінішімді айтайын. Жаңыл әпкемді бақылап, мәлімет жинағаныңды тоқтатқаныңды қалаймын. –Нұргүл Мұратқа сынай қарады.

            -Нұргүл, сен.. сен кімді айтасың? Ол.. ол кісі..-Мұрат күмілжіп қалды.

            -Жауабын бірден айт. Егер, мақұл десең, екінші өтінішімді айтамын.

            -Нұргүл, сен.. сен білмейсің ғой. Ол.. ол кісінің көп қылмысқа қатысы бар секілді.

            Олардың сөзін естіп тұрған Жаңыл кіжіне сөйледі:

-Оңбаған! Сөзін қарашы. Айт, айт, айтып қал. Ажалың келгенше айтарыңды айтып қал.

            -Мұрат, сен мұнымен не айтпақсың? Онда, Жаңыл әпкемнің жанында жүрген мен де қылмыскер шығармын?-Нұргүл қадала түсті.

            Мұрат сасқалақтап қалды:

-Жоқ, жоқ, Нұргүл. Мен.. мен сен туралы емес, басқа.. басқа..

            -Жетер, Мұрат! Сонымен мақұл ма, жоқ па?

            Мұрат орнынан тұрып кетті.

 -Жоқ, Нұргүл, мұны орындай алмаймын. Біз жіберген қателіктің салдарынан елімізге үлкен қауіп-қатер төнгенін қаламаймын. Оны сен де қаламайсың ғой?

            -Ту-у, Мұрат, аспанды жерге тастап жібердің ғой. Жаңыл әпкемнен төнген соншалықты ол қандай қауіп-қатер? Түсіндіріп айтшы.

            -Айтайын, Нұргүл. –Мұрат орнына отырды. -Оны сыртынан бақылап, жиған мәліметтерім бойынша, ол мемлекетімізге өте қауіпті ұйымның белді мүшесіне ұқсайды.

            Нұргүл орнынан ұшып тұрды.

 -Мүмкін емес. Бес уақыт намазын оқып, уақытының көбін Құдайға құлшылық етумен өткізіп жүрген Жаңыл әпкемнің ондай жауыз болуы мүмкін емес.

            -Нұргүл, ақыры айттым ғой, тағы бір сұмдық шындықты да айтайын. Сенің басыңнан өткен қиындықтардың бәріне, тіпті анаңның өліміне де дәл осы әпкеңнің қатысы бар екені анық. Сондықтан, сен қанша ренжісең де бұл жайттар туралы тиісті жерге хабарламай тұра алмаймын.

            Сырттарынан тыңдап тұрған Жаңыл  кіжіне күбірледі:

-Оңбаған! Сөзін қарашы. Хабарлаймын дейді. Өлген соң хабарларсың. Кәні, Нұргүл, тезірек үнін өшірсейші мына сұмырайдың.

            -Солай ма? Сонымен, өтінішімді орындамайсың ғой? Жарайды.-Нұргүл кетуге оқталды.

            Мұрат жаны шыға Нұргүлді қолынан ұстай алды:

-Нұргүл, сен.. сен.. шынымен... шынымен де.. маған ренжіп.. Мен.. мен бар болғаны..

            Нұргүл дауыстай күліп жіберді:

-Тағы да қорқыттым ба? Ақымағым-ау, мені айтқан сөзге түсінбейтін кеще деп пе едің? Әшейін, саған бар шыныңды айтқызу үшін жасаған амалым ғой.–Орнына жайғасып сөзін жалғады. -Өзің айтқан соң мен де бұл кісіні сыртынан бақылап, біраз нәрсеге көз жеткіздім. Сенің жаңағы айтқандарыңның бәрі де дұрыс секілді. Егер, мақұл десең, мен де сенімен бірге  барып, көрген-білгенімді айтып беруге дайынмын.

            -О-о, міне, міне! Мен білетін, мен сүйетін Нұргүл осындай болу керек қой. –Мәз болған Мұрат ұшып тұрып, Нұргүлдің қолынан ұстай алды.

            Нұргүл шарт ашуланды:

            -Немене? Ести алмай қалдым. Мен білетін Нұргүл, сонан кейін не дедің?

            -Ке, ке, кешір, Нұргүл, байқамай ауызымнан шығып кетті.

            -Ауызыңнан шықты ма, әлде жүрегіңнен шықты ма? Тек, шыныңды айт.

            -Жүрегімнен, Нұргүл. Жүрегімнен шықты. Шынымды айтсам, жүрегім  әр соққан сайын тек сенің атыңды ғана қайталап соғатындай.

            -А, солай ма? Мұндай жағдайда қуанғаннан басқа қолымнан не келеді? –Жаңа ғана мәз болып күліп отырған Нұргүл кенет мұңға батып қатты ойланып кетті.

            -Нұргүл, саған не болды? Қатты ойланып кеттің ғой. Тағы да ренжітіп алдым ба?

            -Жоқ, жоқ, Мұрат. Мен.. мен.. тіптен басқа.. Айтпақшы, саған деген тосын сыйымды ұмытып кетіппін ғой.–Көңілдене сөмкесінен қымыз құйылған құтыны (бакалашка) суырып алды да салтанатты дауыспен көкке көтере берді: -Да, да, да, да-а-а!

            -Нұргүл, бұл қымыз ба? Сол нағашы ауылыңның қымызы ма? Мұны маған  әкелдің бе?

            -Әрине, саған. Сен маған ең жақсы көретін раушан гүлімді сыйлағанда, мен саған неге ең  жақсы көретін бал қымызыңды сыйламаймын? Бірақ зерен тостағын ұмытып кетіппін.

            -Оқасы жоқ, Нұргүл. Ата-бабамыз местің ауызынан-ақ сімірген жоқ па еді бал қымызды. Әкел!-Құтыны алып, тығынын аша берді. -Өзіңе деген ризашылығымды қалай жеткізерімді білмей тұрмын. Мына қымызды ішкен соң мас болып қалам ба, кім білсін. Ішпей тұрып бетіңнен бір сүйуге  рұқсат етші, Нұргүлжан.

            -Оу, Мұрат мырза, қымызымды онда ішесің, бетімнен тағы сүйесің. Бұл қалай? "Әкемнің аты шапқан сайын өрлейді" деп..

            -Кешір, Нұргүл, кешір. Мен.. мен шынында артық кетіппін.

            Нұргүл мұңға батып ойлана сөйледі:

 -Жарайды, Мұрат, бір рет қана.. Бірақ бұл сенің ең алғашқы да, ең соңғы да сүйуің болып қалатыны өте өкінішті.

            -Ең соңғы дейсің бе?  Мейлі, ең соңғы болса, ең соңғы болсын. Сенің бетіңнен бір сүйіп өлсем, арманым жоқ.-Мұрат Нұргүлдің бетінен сүйген болды. -Сонымен, қызды сүйдік, енді, қымыздан..-Құтының тығынын ашып, енді іше бергенде, Нұргүл қолынан құтыны жұлып алды.

-Жоқ, жоқ, Мұрат! Ішпе!

Дағдарып қалған Мұрат күліп жіберді:

-Нұргүл, саған не болды? Мен қымыз емес, дәл бір у ішіп жатқандай жан дауысың шықты ғой. Өзің беріп, өзің алып қойғаның не?

            -Қап! Мына жарымес қыз не істеп тұр ей? –Жаңыл тағы күйіп-пісті.  

            -У дейсің бе?-Нұргүл Мұратқа жалт қарады.-Мен бұл қымызға шынымен у қосып берсем де іше бересің бе?

            -Іше берем. Ойланбаймын да.  Нанбасаң өз көзіңмен көр. -Мұрат Нұргүлден құтыны алып, тығынын аша бастады.

-Жоқ, жоқ! –Жаны шыға айғайлаған Нұргүл Мұраттың қолындағы құтыны қағып жіберді.

-Қап! Мына жарымес қыз не істеп тұр-ей? – Жаңыл кіжіне телефонын алып тере берді.

Нұргүл шырылдаған телефонын алып көріп, түрі бұзылып кетті: -Кешір, Мұрат, мен қазір.. -Алыстау кетіп Жаңылмен сөйлесе бастады.

-Нұргүлге не болған өзі? –Мұрат жердегі жатқан құтыны алып, тығынын ашып, қымызды сіміре бастады. -Оа-а-ай! Неткен керемет!

Мұраттың ішіп жатқанын көрген Жаңыл мысқылдай күліп, Нүргүлді сөзге айналдыра берді. Нұргүл қымыз ішіп жатқан Мұратты әлден соң барып байқап, телефонын тастай сап, жүгірді.  

-Мұрат, олай етпе. Ішпе.–Келген бетте Мұраттың қолындағы құтыны қағып жіберді.

-На конец то.. Бәрі де ойдағыдай болды! –Жаңыл мәз болып қолын шапалақтады.

-Мұның не сенің, Нұргүл? Әлі тауысқан жоқпын ғой. -Құтыны алмақ болып еңкейе бере құлап кете жаздаған Мұратты Нұргүл сүйеп қалды.-Кешір, Нұргүл, мен бірден масая бастағандаймын. Бұрынғы қымыздар бүйтпейтін еді.. Рас айтам, Нұргүл, мына қымыздың бұрынғы қымыздарға қарағанда уытты да өте күшті екен.

Нұргүл  құлауға шақ тұрған Мұратты сүйемелдеп орындыққа отырғызды.

-Кешір, Мұрат, бұл қымызға шынымен де у қосылған.

            -У қосылған дейсің бе? Әзілің бе? Жоқ, әзіл емес секілді.–Мұрат тұншыға тамағын ұстай берді.-Неліктен бұлай істедің, Нұргүл? Мен саған қандай жамандық жасадым? Жан досыңды, өзіңді шын сүйетін адамыңды қалайша өлімге қидың? Неге бұлай істедің, сүйіктім?-Орнынан көтеріле бере, екі қолы екі жаққа кетіп, шалқалай отырып, қимылсыз қалды.

            -Жоқ, жоқ, Мұрат.. Мен.. мен..–Нұргүл еңірей жылап, Мұратты құшақтай алды.-Мен.. мен сенің бұл қымызды ішіп қоятыныңды білмедім ғой. Өлмеші, Мұрат.  Жалынамын, өле көрмеші. – Есінен танғандай  орнынан атып тұрды.-Мен өлтірдім бе? Мен бе? Жоқ-жоқ, мен емес.. Жоқ-жоқ, мен өлтірдім. Мен.. мен адам өлтірдім. Бұл өмірде ең жақсы көретін адамымды, сүйген адамымды өз қолыммен өлтірдім. Мен.. мен нағыз қанішермін. Мен.. мен.. –Екі қолын төбесіне қойып отыра кетті де, селт етіп орнынан атып тұрды: -Мұрат? Бұл сен бе? Сен тағы да раушан гүлін әкелдің бе? Мен.. мен қазір.. -Әлдекімді көргендей, екі қолын алға соза, жүгіре жөнелді.

            Нұргүл көрінбей кеткенше күткен Жаңыл тасадан шығып, Мұраттың жанына келді. Мойын-күре тамырына саусағын басып, жүрегін тыңдап көрді.

-Ех, байғұс бала-ай, шынымен-ақ кетіп қалыпсың-ау. Білімді де білгір жігіттің бірі едің, жазықсыздан-жазықсыз бір жарымес қыздың қолынан өлдің. Жаның жаннатта болсын.

-Жерде жатқан құтыны беторамалмен ұстап алысқа лақтырып жіберді де, ойланып қалды: -Мен мына қыздан шынымен де қорқайын дедім. Өзі нағыз баскесер әрі барып тұрған әртіс қой. Ойпырмай, белі бесіктен шықпай жатып осынша қаныпезерлікті, қулық-сұмдық, айлакерлікті қалай  үйреніп алған? Бірде олай деді, бірде бұлай деді, әйтеуір өз сүйген жігітінің түбіне жетіп тынды. Ия, бөтен біреу емес, өз сүйген жігітінің. Бұл қызды өзіме оң қол әрі қолшоқпар етіп алуыма әбден болады екен. –Жұзінде кекесін, мысқыл үйрілді: -Қызық. Осы, Аллахтың аты мен Құранның сөзін айтып, ұзын сақал қойып, не ұзын бүркеншік  жамылып жылы сөйлесең, кез келген он қазақтың бірі алдыңа келіп жалп ете қалатыны несі? Әлде, олардың өзіндік сенімі, белгілі бір мақсаты жоқ па? «Мен кім, бұл кім, қай жол дұрыс, қай жол бұрыс» деп бастарын ауыртып неге ойланбайды? Неге? Неге? Қой, тезірек жаңағы баскесер қызды қуып жетейін. Ауыр қайғыны көтере алмай, бірдеңеге ұрынып жүрер. -Асыға басып Нұргүлдің соңынан кете барды.

            30. Үлкен әуежай. Қолына  шағындау сөмке ұстаған қалаша киінген Жаңыл мен Нұргүл кедендік тексеру өтетін жерге жақындай берді. Кілт тоқтаған Жаңыл Нұргүлге сынай қарады.

            -Нұргүл, сен бұл сөмкені кедендік бақылаудан аман алып өте алатыныңа сенімдісің бе?

            Нұргүл шарт ашуланды:

            -Әпке, егер қолымнан келетініне сенбесеңіз, бұл жауапты істі маған неге тасырдыңыз? Өткен аптада да сіз маған сенімсіздік танытып, сөмкеме түпнұсқаның орнына жалған құжат салып беріп сынадыңыз Бірақ, мен тапсырманы ойдағыдай орындап, сынағыныздан ойдағыдай өтіп, мақтау алған жоқпын ба? Егер сенбейтін болсаңыз..

            Жаңыл сөзді бөліп жіберді:

            -Жо-жоқ, Нұргүл, мен саған сенбей тұрғаным жоқ. Өзің де білесің, бұл жолы сен жалған құжатты емес, түпнұсқаны алып өтпексің.  Егер, сәл қателік жіберіп, ұсталып.. ұсталып қалсаң, сен де мен де, тіпті болашақ арманымыз да тас-талқан болады.  Сондықтан... ондай жағдай туса,  сөмкеге қоса сені де жарып жіберуіме тура келеді. Басқа жол жоқ екенін өзің де жақсы білесің.. 

            -Жаңыл әпке, неге сонша қорқа бересіз?  Сізге айтып едім ғой, бұл жердің басшылары менің әкем туралы өте жақсы біледі. Мені де таниды. Олай болса, неге қорқа бересіз? Сүйген жігітін өз қолымен өлтірген Нұргүл бұл тапсырманы орындау қиын деп тұрсыз ба?

            -Неге олай дейсің, Нұргүл. Менің айтайын дегенім.. айтайын дегенім..

            Нұргүлдің дауысы қатқыл шықты:

            -Жетер, әпке! Күмілжімей турасын айтыңыз.  Осы жерден бұрылып кейін қайтып кетейін бе, әлде ар жақта, жаны мұрнының ұшында тұрған кісіге мына сөмкені апарып берейін бе?

            Жаңыл басылып қалды.

            -Мені кешір, Нұргүл. Әрине, бұл сөмкені ол кісіге қалай да жеткізуіміз керек.

            -Ә-ә, бірден солай демейсіз бе. –Көңілденген Нұргүл Жаңылдың қолынан сөмкені жұлып алды да, тез-тез басып тексеруден өтуге кезек күтіп тұрған адамдардың соңына барып тұрды.

            -Апыр-ай, не болар екен? –Түрі қашып күбірлеген Жаңыл Нұргүлді бақылауға көшті.

            Бұдан әрі қарата көріністер дыбыссыз көрсетіледі. Кезектің соңында тұрған Нұргүл шеткері шығып әлдекімді іздей бастады. Біраздан соң тексеру кезегі келіп, екі қызметкер оған жақындай берді. Қатты сасқан Нұргүл қашуға оқталды. Бірақ, екі қызметкер оны жіберместен ұстап алып, бірі сөмкесін алып, бірі қолын қайыра берді.

            Сырттан бақылап тұрған Жаңылдың жаны шығып кете жаздады:

            -Құрыдық! Жарып жібергеннен басқа амалым жоқ. -Асыға сөмкесінен басқару тетігін алып, түймесін басуға оқтала берді.

            Осы кезде шені жоғары кеден басшысы Нұргүлге жақындай берді. Нұргүл оны танығандай әлдене айтты. Кеден басшысы да Нұргүлді танығандай, қызметкерлерге бұйрық берді. Қызметкерлер Нұргүлді босатып, сөмкесін беріп, қолдарын шекелеріне апарып, тік тұра қалды. Кеден басшысы Нұргүлді құшақтап маңдайынан сүйіп, оны өзімен бірге алып кетті.

            Бәрін сырттан бақылап, жаны мұрнының ұшында тұрған Жаңыл терең тыныс алды:

            -Ух-х! Құдай өзі сақтап қалды. Көңілім орнына енді түсті ғой.-Басқару құрылғысын сөмкесіне салды. -Нұргүл қыз аман болса, көп өтпей ана жақтан қуанышты хабар да келіп қалар.–Жаңыл ғимараттан шығып, жақын жердегі арқалы ұзын орындыққа отыра бергені сол, телефоны дыбыс беріп, түскен хабарды асыға оқып шықты. «Сәлемдемені алдым.  Бәрі дұрыс, ойдағыдай. Жеткізушіге риза болдым. Оған сенім артуға әбден болады»-Дәл осылай болу керек қой! Рахмет  саған, Нұргүл!-Өте риза кейіптегі Жаңылдың бейнесі кішірейіп, алыстай берді.

            31. Әлиманың үйі. Ас бөлме. Хиджап киген Нұргүл ыдыстарды жуып жатыр. Жаңыл  әкелген ыдыстарын столға қоя берді:

-Дайындаған тамағымызға өте риза болды. Қазір кеңес жайын ақылдасып жатыр.

            -Мен көп адамдар келе ме десем, бес-ақ адам ғой. –Нұргүл Жаңылға сынай қарады.

            -О, ақымақ қыз, сен қайдан білейін деп едің. Бесеу-ақ болғанмен, бес жүзге татитын, әлемдік деңгейдегі ең үлкен басшылар.

            -Әлемдік деңгейдегі дейсіз бе? Сонда, бұл кісілердің бұйрық-тапсырмалары  кез келген елде орындалады ғой, я?

            -Дәл солай. Сені  ұйымға мүше етіп қабылдайтын да осы кісілер. Жарайды, мен сол жаққа бір барып келейін. Ендігі, кеңес те басталып кеткен шығар. –Жаңыл асыға басып шығып кетті.

            Нұргүл сәл ойланып тұрды да тірлігіне кірісті. Көп өтпей өте көңілді Жаңыл келді.

            -Кеңес басталып кетті. Өте қызу жүріп жатыр.

            Нұргүл еркелей тіл қатты: 

-Әпкетай, менің де қатыс-қы-ы-м келіп тұр. Қатысайыншы, а.

            -О, ақымақ қыз, алдымен мүшелікке өтіп алсайшы. –Жаңыл Нұргүлге мейірлене қарады. -Сонан соң, Нұргүлжан, бізде өте қатал тәртіп бар. Алқа мүшелерінің жүзін көріп қалған бөтен адам кім болса да тірі жүруге тиіс емес.

-Әпке, сонда маған әлі сенбейді ме? Мен сіз айтқан соң өз сүйген жігітімді өз қолыммен өлтіріп, өте құпия құжатты кедендік бақылаудан алып өттім ғой.

            -Әй, шыдамсыз ақымағым-ай! Енді сәл-ақ қалды ғой, шыдасайшы. 

-Шыдаймын ғой. Анам үшін бәріне де шыдап, төземін.-Нұргүл селт етіп басын көтеріп алды.- Әпке, айтпақшы бағана бір кісі сөмкесін кіре беріс босағаға қоя салды. Соны осында әкеліп қояйын ба?

Жаңыл  селк ете қалғанын байқамай қалды:

 -Жоқ, жоқ, ол сөмкеге тиісуші де, жақындаушы да болма. Ол әлгі.. әлгі.. Ия, ең құрметті басшымыздың бұйымы. Түсіндің бе?

-Түсіндім. Тиіспеймін..-Нұргүл Жаңылға жақындады. -Әпке, сосын, мына бір затты   жаныңыздан тастамайсыз. Тіпті, тамақ тасығанда да бір қолыңызда жүрді. Әкеліңізші, бір жерге қоя салайын.-Басқару тетігіне соза берген Нұргүлдің қолын қағып жіберген Жаңыл тез аңқауси қалды:-А-а, өзіммен бірге алып жүрмін бе? Бағана алып шыққан күйі ұмытып кеткем ғой. Айтқаның дұрыс болды, қалтама салып қояйын. Айтпақшы, мұнда неге келіп ем? Ә-ә, әлгі қымыз-қымыранға келген екем ғой.-Нұргүл берген шараны көтеріп тез шығып кетті.

-Түрін көрген адам өледі дейді. Тым болмаса дауысын тыңдап көрейінші. -Нұргүл жайлап басып залдың жабық тұрған есігіне жақындай бергенде іштен Жаңыл шыға берді. Нұргүл әжетхана жақтан келе жатқандай сыңай таныта қойды.-Әпке, мен әжетханадан..

Өте көңілді Жаңыл даудырай жөнелді:

 -Нұргүл, саған тапсырма бар. Сен тысты, күзетшілерді бір шолып кел. Бір жағдай бола қалса, күзетшілерден бұрын хабар беретін бол. Өзім рұқсат бермей, үйге кіруші болма. Бұл ұйым басшыларының тікелей тапсырмасы. Орындау қолыңнан келеді ғой?

-Әрине, келеді. Дәл қазір орындаймын.-Жүре бере кідіріп қалды -Әпке, күзетшілерге қымыз апарып берсем қайтеді? Ақыры солар жаққа бара жатырмын ғой.

-Қымыз дейсің бе? –Жаңыл ойланып қалды. -Мынау ойың шынында дұрыс екен. Бір

риза болып қалсын. Апара ғой.

Нұргүл шығып кетіп үлкен банкіге құйылған қымыз әкелді.

-Кете берейін бе, әпке?

-Ия, ия, бара бер. Мен есікті іштен кілттеп алайын. –Жаңыл Нұргүлді  шығарып жіберіп, есікті кілттеп жапты. -Бар, бар, жарым ес, ақымақ қыз. –Қайтадан залға кіре береді.

32. Зал. Ортадағы столды айнала қойылған орындықтарда қара костюм-шалбар киіп, галстук таққан жылтыр бетті ер адамдар отыр. Төр жақтағы егделеу кісі сөйлеп тұр:

-Қазақстанның ең маңызды қаласында өтіп жатқан бүгінгі бас қосуымыз өз жемісін де, жеңісін де береді деген үміттемін. Өйткені, дүниенің төрт тарапынан келіп күш біріктіріп жатырмыз.  Сондай-ақ, өзіміз жоспарлаған лаңкестік әрекетті жүзеге асыруымызға мына үй де өте қолайлы болып тұр. Халық ең көп жиылатын орталық алаң біздің табанымыздың астында жатыр. Бәрі біз ойлағандай керемет үйлесім тауып тұр. Ендігі мәселе, жоспарға сай жүйелі түрде әрекет етуімізге ғана байланысты. Тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем тітіреп ұйқысынан шошып оянатындай өте үрейлі, алапат жарылыс жасауымыз керек.

Отырғандар қол шапалақтап, гуілдесіп қалды. Сөйлеген кісі иек қаққаны сол, Жаңыл  шығып кетіп, келесі бөлмеден папкаға салынған қағаздар әкеліп  сөйлеп тұрған кісіге берді.

-...Жарылғыш пен қару-жарақтар тиелген  жүк машина түнде келіп жетеді. Ол осы үйдің сарайына түсіріледі. Бұл туралы тірі жан білмейтін болсын. Тіпті, әлгі осы үйдің қызы да. Егер, байқап қалар болса,  көзін жойыңдар. Бұл лаңкестік оқиғаға мұсылмандардың тікелей қатысы бар екеніне қара халықтың да, мемлекет басшыларының да көзі анық жету керек. Ол үшін, бұл сұмдық жарылысты қатал сынағымыздан өткен сақалды жігіттеріміздің қолымен жасаймыз. Ал, ол жігіттер өздері айтқандай Аллахтың жолында жанын қиюға да әзір. Бізге Құдайдай сенеді. Сөзімізге, киімімізге, ұзын сақалымызға қарап бізді Құдай жолында жүрген иманды, қайырымды адамдар деп ойлайды. Өйткені, өйткені.. -Басшы кісі қалтасынан ұзын сақал алып, бетіне жапсырды.-Өйткені біздер де аузынын Алласы түспейтін ұзын сақалды нағыз мұсылмандар емеспіз бе? Ха, ха, ха!- Басқалар да қол шапалақтап мәз болысып қалды. Міне, біз де осыны пайдаланып, Аллаһтың атын пайдаланып, өз жоспарымызды жүзеге асыруымыз керек. Әр түрлі лаңкестік әрекеттер жасап, халық арасында үрей туғызуымыз керек. Әсіресе  ынтымақ-бірлігі күшті, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін берік ұстайтын Қазақстан секілді мемлекетті экономикалық жағынан болсын, әлеуметтік жағынан болсын, мәдени-рухани жағынан болсын, өркендеп, өсіп, жаңаруына жол бермей, ең артта қалған мешеу елге айналдыруымыз керек. Ол үшін теріс ағымдағы діндермен жастарының санасын улап, оларды ата-бабаларының әдет-ғұрып, салт дәстүрінен ажыратуымыз керек. Сонда ғана қолымыз үлкен билікке жетеді. Сонда ғана өзіміз қалаған үкіметті орната аламыз. –Басқалар тағы да қол шапалақтап дуылдасып қалды. –Анау жарымес мұсылмандар екінің бірінде Аллаһ қаласа деп айтады ғой, ал, біздің бұл іс-әрекетімізді Аллаһ түгіл адам баласы да қаламайтыны белгілі. Сондықтан біз Аллаһқа да, адамға да сенбестен, тек өз күшімізге, өз басымызға ғана сенуіміз керек. Ауыз бірлігіміз күшті, саяси көз қарасымыз бір болса, тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлемді аяғын аспаннан келтіріп, төңкеріп тастай аламыз. Ол біздің қолымыздан келетініне кәміл сенімдімін. Өйткені, бізді тоқтатар ешбір күш жоқ! –Басқалар  орындарынан тік тұрып қол шапалақтай бастады. -Ал, бізден жауап күтіп отырған әлгі  жарымес қызға мүшелікке қабылдандың деп айта салыңдар. Бір өте қауіпті ауыр тапсырма жүктейміз. Жол тауып аман шықса, қабылдармыз, ал, өліп кетсе, әлгі мұсылмандар айтқандай  шаһит болып кетсе, өзі күні-түні армандаған әлгі жәннатына барар. Бұл жарымес қыз да өзгелер секілді жаннаттан орын алу үшін өзін құрбан етуге асығып жүрген жоқ па? Ха, ха, ха!-Басқалар да қосылып қарқылға басты. (Бәрін ұмытып қарқылға басқан олардың жағымсыз қимылдары, жиіркенішті түрлері ірі планда беріледі)

            33. Қолында бос банкасы бар Нұргүл мен Жаңыл сыртқы есіктен ішке кіре берді. Есікті мұқият кілттеген Жаңыл күліп Нұргүлдің қолынан ұстай алды:

-Ал, ақымақ қыз, сүйіншімді бер. Сені мүшелікке қабылдады. Ең үлкен басшының өзі саған сенім білдірді.

-Рас па, әпке? Шынымен қабылдады ма? Енді мен де сол ұйымның мүшесімін бе? Рахмет, әпкетай. Бәрі сіздің арқаңыз. Мен сізге қарыздармын.

-Ей, ақымақ қыз, мен саған олай айтпа деп едім ғой. Мен емес, бәрі бір Аллаһтың арқасы. Айтпақшы, қонақтар қайтуға жиналып жатыр. Саған үйінші хабарды жеткізейін деп келдім.

-Әпке, бірнәрсе айтсам бола ма? Мен де енді ұйымның мүшесі болдым ғой..

-Әрине, мүшесісің. Айтуға әбден хақың бар.

-Айтқанда.. енді.. былай.. ғой.. Әлгі қонақтар бәрі бірдей топталып шықпай, бір-бірлеп

 шықса дұрыс болар еді дегенім ғой..

-Ой, жарайсың, сіңілім! Сен әлден-ақ біздің ұйымның белді мүшесі екеніңді көрсетіп жатырсың ғой. Өздері де аяғын аңдап басатын үлкен кісілер ғой, дегенмен, ескертсем, ескерте салайын. Бірақ, сен ақымақ қыз олардың көзіне түсіп қалып жүрме. Мен келгенге дейін осы жерден тапжылма. –Жаңыл көңілді күйі бөлмеден шығып, есікті сыртынан кілттей берді.

-Ия, әпкетай, тапжылмаймын. –Нұргүл Жаңылдың соңынан біраз қарап тұрды да   тірлігіне кірісті.

34. Қараңғы түн. Әлиманың үйінің алды. Аяқ астынан арнайы жасақталған топ шыға келіп, барлық қорғаныс, сақтық шараларын қолданып,  алды ұйықтап, енді бірі ұйықтайын деп жатқан лаңкестік топтың күзетшілерін үнін шығармастан бір-бірлеп сүйрей жөнелді. Сәлден соң  сақтықпен басып үйден тысқа шыққан Жаңыл ақырын дауыстады:

-Барсыңдар ма?–Үйдің бұрыш-бұрышынан, сарай жақтан қара киім киіп алған «күзетшілер» шыға-шыға келді.–Сақ болыңдар. Қазір кісілер бір-бірлеп шығады. Олардың қауіпсіздігі үшін әрқайсың бастарыңмен жауап бересіңдер. Енді орындарыңа барыңдар. –Қара киімділер үн қатпастан орын-орындарына барып жасырына қалды.

Жаңыл ішке кіріп кеткен соң сәлден кейін ұзын қара шапан киген, ұзын сақалды  кісі сыртқа шықты. Сол-ақ екен, екі қара киімді екі жағынан шыға келіп онымен бірге ілесіп, тасалау жерге келгенде оның қолын қайырып, өздерімен бірге алып кетті. Сәлден соң екінші сақалды шығып, ол да бірінші сақалдының жолын құшты. Үйден  ең соңғы болып шыққан, қолында сөмкесі бар сақалдының  да соңынан екі қара киімді ілесе берді.

35. Ас бөлме. Нұргүл еш алаңсыз ыдыс-аяқ жуып жатыр. Есік ашылып, бөлмеге өте көңілді Жаңыл сөйлей кірді:

-Ал, Нұргүлжан, сенің керемет ақылың мен тапқырлығыңның арқасында ең үлкен  жауапты істі ың-шыңсыз ойдағыдай бітірдік. Қонақтар да аман-есен тарқады. Саған көп рахмет!  Енді мен кетейін. -Жаңыл Нұргүлдің бетінен сүйіп, бұрыла берді.

-Әпке..

-Не болды, Нұргүл? Тағы бірнәрсе айтайын дедің бе? Өзің мүше болмай-ақ жүр екенсің ғой. Сені тыңдауға дайынмын.-Жаңыл Нұргүлге мейірлене қарады.

-Ия, әпке, сізге мен де өз рахметімді айтайын деп едім. Шынымды айтсам, сізді жібергім келмей тұр. –Жаңылды құшақтай алып, жабысты да қалды.

-Жетер, Нұргүлжан. Енді жібер. Тыста мені күтіп тұр.

-Жоқ, әпкетай, бүгін сізді жібере алмайтын шығармын.-Бұлқынып босанбақ болған Жаңылды одан сайын қапсыра түсті.

Кенет,ҰҚК-нің екі сарбазы кіріп келіп, Жаңылдың қолын қайырып, кісен салып, қалтасынан қашықтан басқару тетігін және беліне байланған  жарылғыш құрылғыны алды.

Жаңыл бұлқынып, айғайға басты:

-Жіберіңдер. Сендер кімсіңдер? Мені неге ұстадыңдар?

Осы кезде костюм-шалбар киіп, галстук таққан, ҰҚК-нің басшысы бөлмеге сөйлей кірді:

-Сізге бірнеше лаңкестік оқиғаларға қатысы бар және жаңадан теракт ұйымдастырмақ болды деген айып тағылды. Бұған бұлтартпас айғақтарымыз да жеткілікті. Тыстағы күзетшілер де, үйден шыққан ұйым басшылары да түгел тұтқындалды. Құпия кеңес өткізген барлық  ұйым басшыларының бет-бейнелері, айтқан сөздері түгелдей бейне таспаға түсірілді.-Иек қаққаны сол, бір сарбаз алдындағы столға ноутбук әкеліп қойды. ҰҚК басшысы ноутбукты  қосты:

«Біздің Қазақстанның ең маңызды қаласында өтіп жатқан бүгінгі бас қосуымыз өз жемісін де, жеңісін де береді деген үміттемін. Өйткені, дүниенің  төрт тарапынан келіп күш біріктіріп жатырмыз.  Сондай-ақ, өзіміз жоспарлаған лаңкестік әрекетті жүзеге асыруымызға мына үй де өте қолайлы болып тұр. Халық ең көп жиылатын орталық алаң біздің табанымыздың астында жатыр. Бәрі біз ойлағандай керемет үйлесім тауып тұр. Ендігі мәселе,  жоспарға сай жүйелі түрде әрекет етуімізге ғана байланысты. Тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем тітіреп ұйқысынан шошып оянатындай өте үрейлі, алапат жарылыс жасауымыз керек».

ҰҚК-нің басшысы сөзін жалғады:

-Міне, осының бәрі мынау қаршадай қыз Нұргүлдің арқасы. Егер ол алдын-ала күзетшілерге ұйықтататын дәрі қосылған қымыз бермегенде, үйдегі ұйым басшылары бір-бірлеп шықпағанда, тіпті, мына алыстан басқару тетігі мен жарылғыш құрылғыға қолыңызды жеткізбей ұстап қалмағанда, біз мұндай жетістікке жете алмас едік.

-Қалайша?  Сонда.. сонда.. бұл алдын-ала құрылған тұзақ болғаны ма? Бұл тұзақты  құрған.. Бұл тұзақты құрған.. Мен сені өзіндік ой-пікірі жоқ жарымес біреу екен деп жүрсем.. Ах, оңбаған! –Қатты күйінген Жаңыл Нұргүлге қарай ұмтылды. Бірақ екі сарбаз оны тырп еткізбеді.

Нұргүл Жаңылдың алдына келіп қатулана сөйледі:

-Дұрыс айтасыз. Тұзақты мен құрдым. Мұның бәрін мына тұрған ағайдың айтуымен істедім. Мемлекетіміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігі, болашағы үшін істедім. Сіз әлде, мені шынымен де күн сайын жасарып, гүлденіп келе жатқан өз Отанын сатып, халықты ұлардай шулатып, жазықсыз жандардың қанын төгіп жүрген лаңкестерге қосыла кетеді деп ойладыңыз ба? Рас, талай уақытқа дейін сізге сеніп алданып, адасып жүрдім. Тек, анама.. анама жасалған

қастандықтан соң тез есімді жиып алдым.

Жаңыл тістене басын шайқай берді:

 -Қап, әттеген-ай! Қалай білмей қалдым екен? Саған неге ғана сендім екен? Сол кезде-

ақ анаңмен бірге, анау Мұратыңмен қоса  сенің де көзіңді құртуым керек еді.

-Анаммен бірге дейсіз бе?–Нұргүл мысқылдай күлді.-Біле-білсеңіз, сіздің қанды шеңгеліңізден дер кезінде аман-есен шығып кетуіме себепкер болған да сол асыл анам емес пе?

Жаңылдың көзі шарасына шығып кетті:

-Қалайша? Ол кісі менің көз алдымда жан тапсырып еді ғой.

-Жоқ, әпкетай, анам тірі. Өзіңіз айта беретіндей Құдыреті күшті бір Алланың арқасында тірі қалды. Мінеки, асыл анам өзі де келді.

Есіктен Әлима кіре берді.

-Бұл сіз бе? Сіз.. сіз шынымен де өлмегенсіз бе? Жоқ мүмкін емес. Сіздің дем жетпей қиналып өлгеніңізді өз көзіммен көрдім ғой. Жо-жоқ, бұлай болуы тіптен мүмкін емес.

-Мүмкін, қызым, мүмкін. –Сөзге Әлима араласты: -Өзің айтқандай Құдай қаласа, бәрі де мүмкін болады екен. Сенің бет пердеңді сыпырып, қылмысыңды  жұртқа әшкере ету үшін Алла тағала мені қайта тірілтті. Ес жиған соң Мұрат балама телефон соғып, болған жайдың бәрін айтып, Нұргүлімді құтқарып қал дедім. Дәрі керек екенін де..

-Мұрат дейсіз бе? Бірақ, Мұрат балаңыз келмеді ғой. Солай емес пе? –Сөзді бөлген Жаңыл Нұргүлге мысқылдай қарады. –Жарайды, өлмелі кемпір тірі қалған екен. Оның қолынан не келер дейсің? Бірақ, өте білімді, өте ақылды Мұрат секілді батыл жігіттің қыршын кеткені шындық қой?  Ал, оның түбіне мен емес, мына өзің жеткен жоқсың ба, Нұргүл бикеш? Әлде оны да тірі дегің келе ме?

-Ия, әпкетай. Мұрат, ол да дін аман. Мінеки, өзі де келе жатыр.

Есіктен Мұрат кіре берді.

-Мұрат! –Жаңыл естен танып құлай жаздады. –Бұл қалай? Қалайша тірі қалған? Сонда ол.. ол.. Жоқ, мүмкін емес.  Бұлай болуы тіптен мүмкін емес. Оның.. оның уланып өлгенін өз көзіммен көрдім ғой. Сен.. сен көз алдымда қымызға у қосқан жоқсың ба?

-Жоқ, әпкетай, мен ағайдың нұсқауымен қымызға у емес, жүрек соғуын уақытша тоқтататын арнайы дәрі қостым. Сіздің толық сеніміңізге кіру үшін ең жақын адамымды осылай уақытша өлтіруіме тура келді. Ол ол ма, жалғыз анасынан айрылған жетім қыздың рөлін ойнауға да мәжбүр болдым.  

Әңгімеге Мұрат араласты:

-Ия, мен келгенде, есік құлыптаулы екен. Сындырып ішке кіріп, апаға дәрісін бердім.

36. Әлиманың үйінің алды. Таксиден түскен Мұрат асыға жедел сатыға жетіп, түймесін баса бере есігіндегі «жұмыс істемейді» деген жазуды көріп дағдарып қалды. Сәл тұрды да, жанұшыра баспалдақпен үшінші қабатқа көтеріліп, қарсы есіктің қоңырауын басып, тұтқасын жұлқылады. Ешкім жауап бермеген соң, есікті аяғымен теуіп ашып ішке кірді. Дем жетпей ауыр хәлде жатқан Әлиманың басын көтеріп, аузына дәрі бүрки бастады.

-Апа, есіңізді жиыңыз. Нұргүлге не болды? Ол қайда кетті?

Әлима әлден соң барып есін жиып, тілге келді:

-Балам, Нұргүлді Жаңыл кепілдікке ұстап отыр.

-Не дейсіз? Жаңыл дейсіз бе? Қалайша? Ол.. ол..-Мұрат дызылдап кетті.

-Ия, балам, сен дұрыс айтқан екенсің. Ол нағыз сұржыланның өзі болып шықты. Ол нағыз әлгі.. әлгі не еді, ия, ия, лаңкес, лаңкес болып шықты. Сен айтқандай ол Нұргүл екеумізді өз мақсатына пайдаланыпты.

-Апа, Нүргүл.. Нұргүл қайда? Оны қай жерде ұстап отырғанын білесіз бе?

-Нақты білмеймін. Ол сұржылан біреуге телефон соққанда үй деп айтып қалғанын естідім.  Соған қарағанда қызымды үйінде ұстап отырған секілді. Мекен жайын білмедім.

-Мекен жайын өзім білемін, апа, Нұргүл айтқан. Мен кеттім. Көп ұзамай дәрігерлер де келіп қалатын шығар. Олар келгенше орныңыздан қозғалмаңыз.-Мұрат жан ұшыра баспалдақпен түсіп, сыртқа шыққанда, келіп тоқтаған «жедел жәрдемнен» ақ халаттылар да түсіп жатты

 37. 35-көріністегі Мұрат әңгіме айтып отыр:-Үйден шыға салысымен өзіме берілген өкілеттікті пайдаланып, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысымен хабарластым. Ол кісіден нақты нұсқаулар алған соң жанұшыра сіздің пәтеріңізге жеттім. Ешкімге көрінбей ішке кіргенімде, Нұргүл құтыдағы уды ішейін деп жатыр екен. Дер кезінде жеткен екем.  Нұргүлді тоқтатып, анасының тірі екенін айттым. Сіздің екіжүзді оңбаған, қаныпезер қылмыскер екеніңізді айттым. Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұсынған жоспармен таныстырдым. Содан бастап Нұргүл де, апа да, мен де сол жердің берген нұсқауы бойынша жұмыс істедік.

-Ия, сіздерді құрықтап, қолға түсіруде бұл кісілер көп еңбек етті. Егер, Нұргүл мен Мұрат секілді өз Отанын шын сүйген жалынды жастар болмағанда, біз көптен бері ізіне түссек те ұстатпай жүрген ең қауіпті ұйымды, оның әккі басшыларын  дәл бұлай оп-оңай ұстай алмас едік. Мемлекеттік  маңызы бар үлкен операция осы кісілердің арқасында өте сәтті аяқталды. Сіздерге өз атымнан алғыс айтамын. –ҰҚК-нің басшысы Әлима, Нұргүл, Мұраттың қолын бір-бірлеп қыса берді.

Жаңыл  мысқылдай мырс ете қалды:

-Мемлекеттік  маңызы бар операция  өте сәтті аяқталды дейсіз бе? Айтпақшы, бұл қыз біздің де өте маңызды операциямыздың  өте сәтті аяқталуына мұрындық болып еді.

Байқаймын, сіздердің одан хабарларыңыз жоқ-ау деймін. Хи, хи.

ҰҚК-нің басшысы байсалды тіл қатты:

-Егер, айтып отырғаныңыз Нұргүл кедендік бақылаудан алып өткен алдағы іс-әрекеттеріңіздің жоспары болса, ол да біздің қолымызда және ол түпнұсқаның нағыз өзі.

-Сонда қалай? Түпнұсқа тиісті кісілерге жеткізілді ғой.

-Дұрыс айтасыз. Бірақ, ол түпнұсқа секілді етіп жасалған көшірме болатын. Ал, нағыз түпнұсқа міне, менің қолымда.-ҰҚК-нің басшысы Жаңылдың жанына келіп  қағаздарды көрсетті. -Енді, сіздердің ұйым алдағы кезде не істеп, не қояды, бізге бес саусақтай белгілі. Біз қазірдің өзінде осы жоспарда көрсетілген қауіп-қатердің алдын алу шараларын бастап та кеттік.

-Жоқ! Мүмкін емес! Мүмкін емес!-Қатты жұлқынып, сарбаздардың қолынан шығып кеткен Жаңыл шыңғыра алдындағы қабырғаны басымен соғып, шалқасынан құлап түсті.

ҰҚК-нің басшысы сарбаздарға қатқыл дауыспен бұйрық берді:

-Тез алып кетіңдер!

Екі сарбаз қимылсыз қалған  Жаңылды сүйретіп ала жөнелді.

-Баршаңызға тағы да алғыс айтамын және сіздердің ерен ерліктеріңіз туралы Елбасыға баян ететін боламын. Сау болыңыздар. -ҰҚК –нің басшысы нық басып бөлмеден шығып кетті.

Сұмдық көріністен жаны түршігіп кеткен Әлима кемсеңдеп қоя берді:

-Құдайым-ау, бұл адам деген жыртқыш аңнан да бетер қатыгез, зұлым болып кеткен бе? Бұл қыз да әкенің белінен, ананың құрсағынан шыққан жоқ па? Ана махаббатына бөленіп, ақ сүтін еміп өскен жоқ па? Әлде.. әлде мейірім-махаббаты түгіл, әке-шешесінің түрін де көрмей, өз шаранасын өзі сыпырып қатыгез, тасбауыр жетім болып өсті ме екен? Түрі де, тілі де келіскен бұл сорлы қыздың өз Отанына, өз бауырларына қарсы шығып, осынша қатыгездікке баратындай не басына күн туды екен? Бұзық ниетті, пасық ойлы  біреулердің айтқанын орындап, өзін-өзі құрбан етуге дейін баруының себебі не? Неге бұлай істеді? Неге?

38. Арнайы залда  баспасөз мәслихаты өтіп жатыр. Төрде Әлима, Мұрат, Нұргүл отыр. Олардың жанында отырған ҰҚК-нің басшысы тілшілерге жауап беруде:

-...ұлттық бірыңғай тестіде төмен балл жинап, күйзеліспен есірткі қабылдауына да, үйін алып қоямыз деп қорқыту фактісіне де осы екі күдікті азамат пен азаматшаның қатысы бары анықталды. Есірткі сатумен айналысқан күдікті азамат та  қылмыс үстінде тұтқындалды. Бұл екеуі жоғары жақтан берілген тапсырма бойынша, орталық алаңға өте жақын орналасқан, әрі лаңкестік әрекеттерін жүзеге асыруға өте қолайлы Әлима Асқарова мен қызы Нұргүл Жасынбекқызының үйін өз меншіктеріне алуға тиіс болған. Осы мақсатпен  олар Нұргүл Жасынбекқызын толық бақылауға алғанымен қоймай,  жаңа айтылғандай өте лас, қитұрқы әрекеттерге барған. Ең сорақысы, тәуелсіз елімізді, қоғамды, ондағы еңбек етіп жатқан адамдарды әділетсіз, жемқор, озбыр, қаныпезер етіп көрсетуге барынша күш салған. Үйге таласқан  әлдекімдер қастандық жасады деп Нұргүл Жасынбекқызының анасы Әлима Асқарованы өлтірмек болған. Ол ол ма, Нұргүл Жасынбекқызының қолымен сыныптас досы Мұрат Батырұлын өлтіруді де көздеген. Бірақ, олардың  пасық та зымиян  ойлары жүзеге аспай, өздері  құрған тұзақтарына өздері келіп түсті. Бірнәрсені ашық айтқым келеді.  Егер, Нұргүл мен Мұрат секілді өз Отанын шын сүйген жалынды да жігерлі жастарымыз болмағанда, біз талайдан бері ізіне түссек те ұстатпай жүрген ең қауіпті ұйымды, оның әккі басшыларын,  қаншама қару-жарақ пен жарылғыштар тиелген жүк машинасын  дәл бұлай оп-оңай қолға түсіре алмас едік. Сөздің тоқетері, мемлекеттік  маңызы бар үлкен операция осы кісілердің арқасында өте сәтті аяқталды.  

Арабша киім киген жас тілші қыз орнынан көтерілді:

-Сауд Арабиясынан арнайы келдім.  «...........» телеарнасынан. Бүгінде әлдекімдердің өз жеке мүддесін көздеуінен туған «ислам фундаментализмі» деген термин кең тарап кетті. Жаңа мыңжылдықтың басында, 2001 жылы қыркүйек айында дүние жүзін дүр сілкіндірген террорлық әрекеттен кейін әлемдегі алпауыт елдер ислам дінін жаппай айыптап жатқан кезде сіздердің мемлекет басшыларыңыз Н.Назарбаев: «Исламдық қауіп-қатер» деген ұғымды еріннің ұшымен айта салу оп-оңай болғанымен, оның үрейлі қанатының кеңге жайылып бара жатқаны соншалық, енді ислам тарапынан болатын мифтік қауіп-қатер туралы емес, исламның өзін нақтылы қорғаудың қажеттілігін сөз ететін кез келді» деп «ислам фундаментализмі» туралы өз пікірін айқын әрі ашық білдірген еді. Ал, бүгін Қазақстан әлемнің тынышын алып, «исламдық қауып-қатер» тудырып жүрген  аты шулы  лаңкестердің кім екенін анық көрсетіп берді. Аллаһтың хақ діні-Ислам дінін берік ұстанған мемлекеттің тұрғыны ретінде Қазақстан еліне деген зор ризашылығымды білдіре келіп, адам сенбес ерлік жасаған қазақтың батыр қызы Нұргүл сіңілімді  өз еліме қонаққа шақырамын.

ҰҚК-нің басшысы жауап қайтарды:

-Сіздің батыр қызымызды өз еліңізге қонаққа шақырып, құрмет көрсеткеніңізге біз де шын ризашылық білдіреміз. Бұл мәселе Нұргүлдің өзімен ақылдаса отырып, мемлекет аясында шешілеріне сөз беремін. 

Еуропалық  үлгіде киінген жас жігіт жүзінде мысқыл күлкі үйріліп орнынан көтерілді:

 -«............» телеарнасынан. Аты шулы лаңкестік ұйымның басшыларын  құрықтау операциясының ең  қауіпті де жауапты ақырғы  кезеңінде қазақтың қаршадай қызы адам сенбейтіндей ерлік көрсетті деп айтылуда. Әлемдік аты шулы ұйымның ең тәжірибелі деген басшыларын мектепті енді ғана бітірген қаршадай қыздың тұзаққа түсіруі шындыққа қаншалықты жанасымды? Осы жайлы тереңірек айтып өтсеңіз.

ҰҚК-нің басшысы салмақты жауап қайтарды:

            -Сіздің мұндай ғажайып ерлікке сенбеуіңіз заңды. Өйткені, шын ерліктің қайсысы болса да, адам сенбестей оқиғаға құрылады. Өз басым,  үлкен ерлік мимен емес  жүрекпен, сезіммен емес, ар-намыс, сеніммен  жасалады деп ойлаймын.

Ия, бұл  ерекше ерлік  мәселесінде күмән келтіріп жатқандар бар екенін жоққа шығармаймын.  Бірақ, адам сенбес ерліктің жасалғаны рас. Ол ерлікті жасаған мынау отырған  қаршадай қыз екені тағы  рас. Егер ол ұйымның алдағы іс-әрекет жоспарын біздің қолымызға түсіріп бермегенде, ұйым басшылары кеңесінің өз үйінде өтуіне мүмкіндік жасап, оларды күзеткен  күзетшілерге алдын-ала ұйықтататын дәрі қосылған қымыз бермегенде, үйдегі ұйым басшыларын бір-бірлеп шығармағанда, тіпті, алыстан басқару тетігі мен жарылғыш құрылғыға лаңкестің қолын жеткізбей ұстап қалмағанда, біз мұндай жетістікке жете алмас едік. Ал, бұған сену-сенбеу әркімнің өз еркінде. Сіздің де мұндай ғажайып ерлікке сенбеуіңіз заңды нәрсе деп ойлаймын. Өйткені, шын ерліктің қайсысы болса да, адам сенбестей оқиғаға құрылады. Біздің халықта «Жүз рет естігеннен бір рет көзбен көрген артық» деген керемет мақал бар. Сізге де бойыңыздағы күмәнді сейілтіп, шындыққа көз жеткізуіңіз  үшін лаңкестерді құрықтау операциясы бастан-аяқ жазылған таспадан бірер үзінді көруге кеңес берер едім.  Осы мәслихаттан соң сізді сол таспаны көруге шақырамын. Ал, қазір.. қазір әлемнің  түпкір-түпкірінен келіп бас қосқандарыңызды пайдаланып, батыр қызымызға  айтатын өте қуанышты

 хабарымды да дәл осы жерде, сіздердің алдарыңызда айтқанды жөн көріп тұрмын.    

–ҰҚК-нің басшысы орнынан тұрды. –Айналайын, Нұргүл, қызым, дұшпандар өз

мүддесіне  пайдаланбақ болған  анаң Әлима Асқарованың  атына тіркелген үйлеріңнің құжаты өз күшінде қалды. Осы құжатты заңды иесіне табыс етуге рұқсат етіңіздер. –Құжатты салтанатты түрде Әлимаға тапсырады. -Сондай-ақ, ұлттық бірыңғай тесті құжаттарының қайта қаралып, тексерілуінің нәтижесінде, қас дұшпандардың Нұргүл Жасымбекқызы жинаған ең жоғары деңгейдегі 120 балды 78 балл деп өзгерткені анықталып, тиісті құжаттар қайта қалпына келтірілді.  –ҰҚК-нің басшысы Нұргүлге мейірім төге қарады: -Айналайын, Нұргүл қызым, сені мемлекеттік сынақта ең жоғары балл жинап, Асфандияров атындағы мемлекеттік медицина академиясының студенті атануыңмен шын жүректен құттықтаймын. –ҰҚК-нің басшысы таң-тамаша болып, сенер-сенбесін білмей отырып қалған Нұргүлді орнынан тұрғызып, қолына студенттік билетін тапсырып, қолын қысып, маңдайынан сүйді.

Тілшілер тағы да қол шапалақтап орындарынан тұрып кетті.

-А, а, мен.. мен  студент болдым ба? Мен.. мен.. –Жан-жағына қарап жаутаңдаған Нұргүл қуаныштан жылап жіберді.

ҰҚК-нің басшысы Нұргүлді екі иығынан ұстап өзіне қаратып тебірене сөйледі:

-Ия, қызым, студент атандың.  Барлық қиындықты жеңіп, асыл әкең мен аяулы анаңның алдында берген уәдеңді орындадың. Бәрі де өз орнына  келді. Аярлық, озбырлықты шындық, әділдік жеңді. Солай болуға тиіс те. Сондай-ақ, ел тұтастығына қол сұқпақ болған хас дұшпанға дер кезінде тойтарыс бере білген  сіздерді алдағы кезде Елбасының өзі қабылдап, өз қолымен марапаттайтыны туралы да жоғары жақтан мәлімет түскенін  қуанышпен хабарлаймын.

Тілшілердің қол шапалақтауы бұрынғыдан да күшейе түсті.

Студенттік билетіне үңіліп, қуаныштан егілген Нұргүл күбірлей  берді:

       -Бұл.. бұл шынымен де өңім бе? Мен.. мен бұлай болар деп тіпті ойламап едім. Кеше ғана қайғыдан қан жұтып, өмірден түңіліп едім, бүгін кеудемді қуаныш-шаттық кернеп, жер-көкке симай барамын. Осы қуаныш пен қайғының, жақсылық пен жамандықтың бірге жүретіні неліктен екен? Неге бұлай? Неге? Неге?

                                                          

                                                     СОҢЫ   

 

                          

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған