ЖАУ АЛМАЙДЫ КӨП БОЛСАҢ...
1
Бізге жеткен таза ақпар,
Емес тағы аз ақпар.
Дүниенің қырық төрт,
Мемлекетінде қазақ бар.
Шетте жүр көп дос әлі,
Басын қашан қосады?!
Қазақстан олардың,
Жалғыз ғана Отаны.
Сағынатын даласын,
Сағынатын қаласын,
Санаған жан бар ма екен,
Сол қазақтың баласын?!
Табар шетте жүріп не,
Жақсы емес пе ел біріксе!
Түріктегі балалар,
Оқиды екен түрікше.
Елім шындап болысса,
Келеді Ата қонысқа!
Орыстағы балалар,
Оқиды екен орысша.
Келмейді ғой жұт айта,
Қоймас жат ел құтайта.
Қытайдағы балалар,
Оқиды екен қытайша...
Басып жолды шақырым,
Тартса бері ақырын.
Қалмас еді бәрі де,
Ана тілден мақұрым.
Қазақстан – ұраны,
Қазақстан – жыр-әні.
Бәрінің де Отанға,
Келгісі кеп тұрады.
Шетте не бар мекендеп,
Кетпей ме еткен еш еңбек?!
Күтіп жүрмін соларды,
Қашан келер екен деп!
2
Сүйген соңда жаны шын,
Бұйым емес алысың.
Қазақстан тым қымбат,
Шетте жүрген бала үшін.
Ел болдық қой біз ұлы,
Бақытты бар қыз, ұлы.
Арамызды тұр бөліп,
Шегараның сызығы.
Тұлпар мініп, түн қатып,
Шапсам дейді зырлатып.
Алматыны бір көру –
Олар үшін шын бақыт.
Қанат байлап ұшсам деп,
Алатауды құшсам деп.
Ойлайды да жүреді,
Бәйтерекке шықсам деп!
Отан деген қымбат-ты,
Болған жанға күнқақты.
Еркіндіктің қадырын,
Біледі олар тым жақсы.
Өшпесін деп жанған бақ,
Келе жатыр тал қармап.
Бабалары бұл күнді,
Өтті өмірден армандап.
Мұндағы елдің бар бағы,
Жасыл орман жан-жағы...
Орындалсын тезірек,
Сол баланың арманы!
3
Арқалаған мол арман,
Дос табыңдар солардан.
Тілек тілеп жүріңдер,
Ашылсын деп жол алдан.
Шетті қалай жерсінбек,
Тіле тағы келсін деп.
Келсе, алдынан шығыңдар,
Туысындай елпілдеп.
Бер алдымен таныстық,
Пейілге ыстық қарық қып.
Алатаудың басына,
Бірге өзіңмен алып шық.
Бүгін олар алыс жүр,
Елім үшін намыс бұл.
Келсе мұнда қарсы алып,
Алматыны таныстыр.
Бірге ішіп тамақты,
Бірге оқып сабақты.
Айқара ашып құшақты,
Ашық ұста қабақты.
Торғай екеш торғайды,
Жатсынуға болмайды.
Ертең олар өзіңмен,
Бірге Отанды қорғайды.
Ел боламыз іргелі,
Бұзылмаған тілдері.
Бар қазақтың бір жерде,
Жақсы емес пе жүргені?!
Бір Отанға топталсаң,
Құрасыңдар жоспар сан.
Жұдырықтай жұмылып,
Жау алмайды көп болсаң.
Бөтенге оны санама,
Жақыным деп бағала.
Нағыз ҚАЗАҚ қандасын,
Тастамайды далаға!