Бабалар аманаты
І
Нәтижесі тақ пенен тәж таластың,
Ел ішінде тудырды қарбалас күн.
Керей менен Жәнібек қалап кеткен,
Іргетасы сөгілді алты Алаштың.
Орыс, қытай елдері құлақ түріп,
Жансыздардан отырды сұрап-біліп.
Қару сатып ойратты айтақтады,
Елімізден өздері жырақ тұрып.
Батыс, шығыс елінің ұлықтары,
Жат қолымен «жемтігін» сұрыптады.
Ұлан-байтақ жері бар қазақтардың,
Кетсе екен деп тіледі құрып бәрі.
Он жыл бойы соғысқа дайындалып,
Өршеленді жоңғарлар жанын салып.
Арқа сүйеп аш көзді көршілерге,
Жоймақ болды қазақты тауын шағып.
Бас көтеріп дұшпандар жан-жақтағы,
Қалмақ шауып халқымыз қан-қақсады.
«Елім-айлап» ел көшіп Ата-жұрттан,
Босып жүріп амалдап жан сақтады.
Дініміз бір – өзбектер қырын қарап,
Түрікпендер өшікті сұғын қадап.
Айырбасқа Хиуадан мылтық алып,
Жерімізді ойы бар жырымдамақ.
Жау жағадан алғанда көні кепкен,
Жармасады екен ғой бөрі етектен...
Қазақтарға Бұхара қару сатпай,
Одан сайын жағдайы кері кеткен.
Жан басынан, ажырап мал басынан,
Күңіренді қара жер қан сасыған.
Қапияда Әз Тәуке қаза болып,
Ажырады қалың ел айласынан.
Сауын айтып қазақтың қаймақтары,
Күлтөбеде бағытын айғақтады.
Көбі құптап Төленің төрелігін,
Жөн сөйлемей кейбірі тайғақтады.
Қарсы тұрып көргенмен қалың жауға,
Дес бермеді қазаққа дамылдауға.
Ақтабанға ұласқан тағдырына,
Ешбір амал қалмады бағынбауға.
Арып-ашып мал-жаны айдаудағы,
Тауқыметке тап болды қай-қайдағы.
Аштық жайлап ел ішін қалып жатты,
Өліктері көмусіз сай-сайдағы.
Ұлт тағдыры түскенде таразыға,
Қалдан Церен жағдайға қарады ма...
Аманатқа айтулы адам сұрап,
Көнеді ел амалсыз талабына.
Қимағанмен баласын жаманатқа,
Тапсырады Төле би аманатқа.
Жапа шегіп Жоланы он төрт жылдай,
Жау қолында жетеді балиғатқа.
Кезеңіне талмауыр тарихтағы,
Халқымыздың бүгінде қанық бәрі.
Ордабасы Үш жүздің басын қосып,
Жаттығатын әскерге жай таңдады.
Қошқар ата өзені жағасына,
Боралдайдың тоғайы арасына,
Жаттығуға топтасқан сарбаздардың,
Сан жетпестей көрінді қарасына.
Қайрат-жігер жанылып бойындағы,
Жүріп жатты жаттығу ойындары.
Тізе қосып Үш жүздің ұландары,
Іске асты билердің ойындағы.
Бірте-бірте ес жиып ұққанымыз,
Тоқмейілсіп алыпты дұшпанымыз.
Айла-тәсіл қолданып шабуылға,
Ойландырып тастады шыққанымыз.
Төле бидің ержетіп «Сабалағы»,
Қан майданға сұранып мазалады.
Жекпе-жекте жоңғардың менменсінген,
Бас батыры – Шарышты жазалады.
Тұс-тұсынан қолпаштап халық оны,
Асқақтады Абылай абыройы.
Зая кетпей Төленің тәрбиесі,
Кемелденді күн санап ақыл-ойы.
Хан сайланып дана би ықпалымен,
Атта жүрді елу жыл жұрт қамымен.
Азат еткен жоңғардан қазақ жерін,
Тағылымы тарихи нұсқа кілең.
ІІ
Аңыз болған майдандағы ерлігі,
Аңырақай шайқасынан белгілі,
Төле биден бата алған батырға,
Халық қолдап тиді Ташкент билігі.
Ұлағаты бойға сіңген Қойгелді,
Батагөйін ұлықтауды жөн көрді.
Дана бидің сағанасын салдыртып,
Айналасын көк желекпен көмкерді.
Жоңғарлардың мысын басқан арыстан,
Ел-жұртымен сағынысып табысқан.
Ағайынға өнегесін көрсетіп,
Бейбіт күнде жаңылмады бағыттан.
Ел тізгінін берік ұстап қолында,
Жақсы атын қалдырады соңында.
Жай түскендей ажал жетіп бір күні,
Татар дәмі таусылады оның да.
Қолына алып Жүніс қожа билікті,
Қазақтардың тағдырына килікті.
Жауыздыққа баулып барлық нөкерін,
Сайрам, Шымкент,Түркістанға шүйлікті.
Тұтқындардың басын шауып қырғызып,
Сол бастардан төбешіктер үйгізіп,
Ел мен жұрттың зәре-құтын қашырып,
Алым-салық алып жүрді жиғызып.
Нұрбота хан келген кезде басынып,
Жүніс қожа көрсетеді қарсылық.
Ақырында тас-талқан боп жеңіліп,
Сүйектері түзде қалды шашылып.
Оңтүстік пен Жетісуға құнығып,
Әлім ханның қолы келді сұғынып.
Қоқандыққа қарсыласқан қазақтың,
Сөзге келмей басы жатты жұлынып.
Аш қасқырдай ашылып-ап араны,
Үстемелеп салық салып талады.
Кейбіреуді мүсіркеген болғансып,
Сұқ көздерін қыздарына қадады.
Осы үрдіс талай жылдар сақталып,
Аяқ асты жатты намыс тапталып.
Омар ханның тұсында да тыйылмай,
Көкірекке кек боп тұнды қатталып.
Омар ханға салып Шойбек датқаны,
Қалыбай ер ел үмітін ақтады.
Қапал батыр ұрпағына берілді,
Тоғыс бойы, Қақпатастың шатқалы.
Көп ұзатпай білектерін сыбанып,
Ташкент жаққа барып келді қуанып.
Ағайынды көшіруге кірісті,
Қойгелдіұлы Сарымырза құп алып.
Ырғайлыға Елтізердің ұрпағын,
Жайғастырып жепті батыр ел қамын.
Жұбын жазбай көшіп кепті Аққұмға,
Тінікенің балалары бір қауым.
Меңлібайдың ұрпақтары қырағы,
Аттың басын Қосағашқа бұрады.
Қойгелдіге арқа сүйеп кеткеннің,
Туған жерге оралады біразы.
Сайрамдағы Омар ханның өкілі,
Келген жұртқа әкіреңдеп зекіді.
«Алым-салық төлей алмай жатқандар –
Қыз ойнаққа қыз берсін»,- деп көкіді.
Қаны қайнап мына сөзді ұнатпай,
Қалыбайды намыс буды шыдатпай.
Отыз жігіт атқа қонып бір күні,
Хан уәкілін тұтқындады ұзатпай.
Ашуменен нөкерлерін байлатып,
Шеңгел сайға бекті апарды айдатып.
Еркек лақтай бақылдатып артынан,
Әтек етті бұтын оның жайратып.
Бұл оқиға елден елге жетеді,
Дүрліккен ел қол жинауға көшеді.
Тәуекелге белін буған жігіттер:
«Не болса да біргеміз»,- деп шешеді.
Сарбаздарға жерді таңдап ыңғайлы,
Алатаудың етегіне жинайды.
Сақтық үшін барлаушы топ жасақтап,
Басшы етті Есенұлы Сырбайды.
Қоқан ханы ауыр алып мазағын,
Жазаламақ болды қырдың қазағын.
Шымкенттен аттандырып жіберді,
Жүз қаралы жазалаушы жасағын.
Хан әскері от қарудан жарағы,
Қақпатасқа таңданысып қарады.
Дем алмақ боп аттан түсіп жатқанда,
Шығыс жақтан садақ оғы борады.
Қара жерді үштен бірі жастанып,
Қалғандары атқа қонды бас салып.
Қоқандықтар есті жия бергенде,
Садақшылар қашқан болды жасқанып.
Дамбал сайға аттың басын бұрады,
Қоқан қолы оқ шығындап қуады.
Сайдың екі балағында бұларды,
Қалыбайдың қолы күтіп тұрады.
Қоқандықтар түсіп қалып қоршауға,
Мәжбүр болып сұрап тұрды бас сауға.
Барлығының қолын байлап жігіттер,
Айдап кетті тұтқын етіп ұстауға.
Қоқан ханы дүрбелеңнен шошынып,
Сайрам бегін жібереді көшіріп.
Мәмілемен тұтқындарын босатып,
Қалыбайға тиіспеді кешіріп.
Тарих болған көзсіз ерлік кешегі,
Ұрпақтардан ұрпақтарға жетеді.
Батыр қолын паналатқан сол шоқы,
Қалыбайдың атын алды деседі...
ІІІ
Солтүстікте ата қоныс тұрағы,
Уәлиханов Шоқан жолға шығады.
Әулиеатаға келе жатып ат басын,
Азна байдың ауылына бұрады.
Он жеті мың жылқысы бар – ауқатты,
Шу өңірін білетұғын жан-жақты,
Үй егесі қона жатқан қонаққа,
Ішке түйген біраз ойын тарқатты:
–«Сұраншы мен Сыпатайды қоштаған,
Қазақ, қырғыз наразылық бастаған.
Қоқан ханы өкіліне тас байлап,
Көктемдегі тасқын суға тастаған.
Үстемелеп батырған соң борышқа,
Бір өкілін ұстатыпты орысқа.
Тізесі көп батқандықтан кедейлер,
Қоқан ханын қолдамайды соғыста».
Дегеннен соң, орыстарды көп көрген,
Досы да бар, қасы да бар жек көрген,
Жол үстінде ойға шомған Шоқанның,
Көкейіне көп сұрақтар кептелген.
Есіл-дерті жетсем болды ертерек,
Ел-жұртыма берсем дейді бір көмек.
Жүріс өнбей келе жатқан сияқты,
Жету үшін әлі қанша күн керек?..
Орыстардың әскерінің қауқарын,
Біледі ғой мұзбалағы Арқаның.
Арандауға жол бермеуге ұмтылып,
Асығады жасамақ боп бір қамын.
Жігіттерді көріп мылтық оқтаған,
Атқосшысы тізгін тартып тоқтаған.
Жүндібайға алып келді бұларды,
Қауіпсіздік шараларын сақтаған.
Керуенбасы Шоқанменен танысып,
Бір-бірімен құнды пікір алысып,
Дәмдес болып Шу өзені бойында,
Қоштасады екеуі төс қағысып.
Суыт жүріп Шоқан қалды жақындап,
Бірер күнде Лерхке кеп қосылмақ.
Қантөгісті болдырмауға көндіріп,
Қандастарын мәмілеге шақырмақ.
Қайран ердің орындалмай тілегі,
Жауыздықтан жараланды жүрегі.
Подполковник уәдесінде тұрмастан,
Кері қайтып Жаркент жаққа жүреді.
Бетке алып Тезек төре ауылын,
Іздеп келе жатты туыс-бауырын.
Күзде жетіп Алтынемел жұртына,
Жар етеді Айсарыдай аруын.
Бағып-қағып төсек тартқан күйеуін,
Келіншегі тілегенмен тілеуін,
Ескі дерті ерте үзіп ғұмырын,
Қоянкөзде жерледі ел сүйегін.
Жүндібайдың қызмет еткен Қоқанға,
Ойы өзгерді кездескелі Шоқанға.
Жол-жөнекей өз-өзіне серт беріп:
«Қызмет ету керек»,- деді Отанға.
Айырмастан алпыс бес жыл тоқпақтан,
Елге талай қыршындарын жоқтатқан,
Озбырлығын еске алып Қоқанның,
Керуенбасы қызметінен бас тартқан.
Соғыс жүріп жатқанымен іргеде,
Әкесінің жылын берді шілдеде.
Қалыбайға бағыштатып құранды,
Тараттырды шапан-шаттық, сый-кәде.
Жайсаңы мен ел жақсысы төрдегі,
Жағдаятты сөз етуде елдегі.
Шоқан ойын көпшілікке жеткізіп,
Жүндібай да кезек алып сөйледі:
–Қалайық біз, қаламайық осыдан,
Дүлей күші басым оның тасыған.
Кәпірлерге бұрмаса да бүйрегім,
Ел арандап қала ма?- деп шошынам.
Момбек датқа деді көптің атынан:
– Қазақ болып көрінгенмен затынан,
Бұл Шоқаның тыңшы болып жүрмесін,
Кәпірлерге дерек жинап тасыған?..
Сенімді боп келсең өзің осыған,
Өзің кіріс бізді қоспай басынан.
Мүйіз сұрап құлақ беріп жүрмейік,
Күмәнімді несін сенен жасырам...
– Қалмырзаны қасыма ертіп аламын,
Қазығұрттан Мәмбетті іздеп табамын.
Ескі досым бұл ойымды құптаса,
Черняевке ел атынан барамын.
Көп кешікпей тауып алып Мәмбетті,
Деді оған: – « Мына елден сән кетті.
Қоқан үшін қарсы шығып орысқа,
Әулиеата жұрты босқа қан төкті.
Енді біздер арандауға бармайық,
Ел мен жұрттың обалына қалмайық.
Қоқандықтар бізге опа берді ме?..
Күші басым орыстарды қолдайық».
Қанша айтса да Мәмбет уәжге көнбестен,
Қоқан туын қорғамаққа бел шешкен.
Ақырында қоршап жатқан Шымкентті,
Черняевпен өзі барып сөйлескен.
Қазақтарды қан төкпеуге шақырып,
Орыстарды Қазығұрттан асырып,
Ташкент жаққа жол бастады Жүндібай,
*Шадыманның берекесін қашырып.
Орыс қолы қиян-кескі ұрыспен,
Қаланы алып той тойлауға кіріскен.
Жүндібай да генералмен қоштасып,
Кері қайтты мезі болып жүрістен.
Көп кешікпей аға сұлтан сайланып,
Қақпатасқа қоныс тепті жайланып.
Үстемелеп салынатын салықтан,
Біраз жылдар құтылады жай халық.
Бірте-бірте көшіп келіп орыстар,
Тарылады шұрайлы жер, қоныстар.
Тұрғын халық қайта түсіп қыспаққа,
Салық өсіп көбейеді борыштар.
Көзге ілмей жергілікті халықты,
Келімсектер төрге ұмтылып жанықты.
Дуанбасы қарсылығын елемей,
Губернатор өктем мінез танытты.
Сайқалдығын саясаттың аңғарып,
Аға сұлтан қалды енді дағдарып.
Қарсы тұрар амал таппай әттең-ай...
Көшті жұрты адырларға жан бағып.
Қандастарын жүрмесін деп іш тартып,
Сұлтандықты жібереді қысқартып.
Орыстарға жайлы жағдай жасауды,
Болыстарға міндеттеді іс артып.
Талай ұрпақ бағын талай сынады,
Талай мәрте қарсы шауып құлады.
Бірақ олар қиындыққа мойымай,
Отан үшін от кешуге шыдады.
Өзге жұрттан сынбау үшін сағымыз,
Басымыздан таймау үшін бағымыз,
Зеңбірекке қарсы шауып қылышпен,
Басын тікті Кеңесары ханымыз.
Большевиктер ақ патшаны төңкеріп,
Бар билікті қолға алды еңсеріп.
Ұлт мүддесін көтергеннің барлығын,
Қырып-жойды аластауды жөн көріп.
Басқыншылар безбенімен өлшеніп,
Талай тұрды тағдырымыз теңселіп.
Жанын қиды арыстары Алаштың,
Азаттықты аңсап жүріп белсеніп.
Ел арманы орындалып талайғы,
Тәуелсіздік таңы атты арайлы.
Мәңгілікке ұластырып халқымыз,
Аманатты арқалауға жарайды!
P.S.Бабаларға елді, жерді қорғаған,
Басымды иіп жырға қосып толғанам.
Тағылымын ұмытпайды ұрпағы,
Ұлтжанды қасиетін жоймаған.
*Шадыман – Қоқан әскерінің қолбасшысы.