Жаңбырда қалған жауқазын
10 сериялы телехикаяның әр бөліміне арналған сценарийлік жоспары
1-бөлім
Телеарнаның жаңалықтар қызметінің редакциясы. Редакцияның күнделікті өмірі. Қарбалас жұмыс. Бірі түсірілімнен келіп жатыр, бірі кетіп жатыр. Бас редактор және бірнеше журналист жауапты түсірілімді талқылауда. Редакцияға бір жас жігіт имене басып кіреді де, бас редакторға келеді (Ол 23-24 жастағы Ерболат еді). Журналистика факультетінің соңғы курсында оқып жүргенін, оқуын бітірмесе де еңбекке араласқысы келетінін айтады. Бас редактор жігіттің әңгімесін сүлесоқ тыңдайды. Күте тұруын өтініп ары қарай тақырыпты талқылай береді.
Алматы облысы. Тас жол. Сотталушыларды түрмеге әкеле жатқан арнайы көлік жүйіткіп келеді. Көліктің ішінде кәмелетке толмаған бес-алты қыз отыр. Әр ұлттан... Соның бірі– он алты жастағы Бану. (Ол балалар үйінің тәрбиеленушісі еді). Қасындағыларға үрке қарайды. Көлік Жауғашты елді мекеніндегі әйелдер түрмесіне келіп жетеді. Үлкен темір қақпа ашылып көлік түрменің аумағына енеді.
Телеарнаның жаңалықтар қызметінің редакциясы.Бас редактор жұмыс іздеп келген Ерболатпен сөйлесіп отыр. Бұрын еш жерде жұмыс істемеген, тәжірибесі жоқ Ерболаттың әңгімесін тыңдап отыр. Бас редактор Ерболаттың білімді, алғыр екенін түсінеді, шамалы ойланып Ерболатты бір ай мерзімге тәжірибеден өтуіне мүмкіндік беретінін айтады.
Әйелдер түрмесі. Жаңадан келген сотталушылардың аты-жөндерін айтып көліктен түсіріп жатыр. Сотталушы қыздар өздерінің қай баппен сотталғанын, қылмысын өтеу мерзімдерін айтып жатыр. Бану өзінің жазасын өтейтін жылды шатастырып алады. Оны қарсы алған конвой түзетеді және Бануға қарап: «Егер өзіңді жақсы жағынан көрсете білсең, ертерек бостандыққа шығуың да мүмкін» - дейді. Бану күлімсіреп рақметін айтады. Оның көзінде қандай да бір үміт оты пайда болғандай.
Жатақхана. Ерболат көтеріңкі көңіл күймен бөлмесіне кіреді. Оның қасында тұратын екі курстасы Сәкен мен Бекболатқа жақсы жаңалығын жеткізеді. Сәкен Ерболатқа өз пікірін айтады. «Қуанғаныңа қарап, жалақысы бар жұмысқа тұрды екен деп қалдым. Ренжіме досым, біздің факультеттің жартысы редацияларда тегін істеп жүр ғой. Алды бір жыл, кейбірі бір жылдан асып кетті. Сен сияқтыларды пайдаланып ертең уақыты келгенде «кешіріңіз» деп, шығарып салады. Белгілі ғой. Танысың болмаса оңай емес»– деп, қайырады Сәкен.
Түрмедегі жатын бөлме. Жаңадан келген қыздар орналасып жатыр. Әрқайсысын бөлек-бөлек камераға орналастырады. Сол жерде бұрыннан жатқан қыздар жаңадан келгендерді сынай бастайды. Бану заттарын алып, жуынатын бөлмеге беттейді. Сол кезде денелі келген бір қыз аяғынан шалып қалады да, Бану етбеттеп құлайды. Ол есін тез жинап алып орынан тұрады. Қараса мұрнынан қан ағып жатыр екен. Сол жерде ерегіс басталады. Айқай шығады. Олардың дауысын естіген конвой келгенде барлығы өзді-өзі орнына барып тыныштала қалады. Күзетші Банудан не болғанын сұрайды. «Аяғым тайып кетіп, жығылып қалдым»,– деп жауап береді. Күзетші «ақырын жүріп анық бас қарағым, бұл жерде шалынсаң екінші тұрмастай құлап қалуың мүмкін»,–дегенді айтып кетіп қалады.
2-бөлім
Түрме. Түрмедегі алғашқы түн. Бануды аяғынан шалған қыз түн жарымында келіп оятады. Өзін Сәлима деп таныстырады. Осы хатаға жауапты менмін, менімен ақылдаспай ештеме істеуші болма! Сен жеке басыңа ал мен осындағы бәрің үшін жауаптымын дейді. Бұрымынан тартып тұрып құлағына ызалана сыбырлайды. «Сен алғашқы сынақтан сүрінбей өттің. Бірақ әлі де көретінің алда...»,–деп ескертеді.
Редакция. Ерболат тәжірибелі, редакцияда беделі бар, әлеуметтік мәселелер туралы жазатын , жасы отыздардағы журналист Мәртбекпен бірге түсірілімде жүр. Алматы қаласының маңындағы қоқыс полигонында сюжет түсіріліп жатыр. Мәртбек Ерболатқа бүкіл әлемдік экологиялық ахуал жайында тоқтамай әңгімелеп тұр. Бір кезде қоқыс арасынан әлдебір мақұлықты байқап қалады. Жүгіріп барса адам екен. Қоқыс ақтарып күнелтетін «қарға адам». Екеуі әлгі адамды ақша беріп, алдап-сулап жүріп сұқбатқа көндіреді. Қоқыс маңайындағы жаман лашығын видеоға түсіреді. Өмірі туралы сұрайды. Ол өзінің жарты ғұмыры түрмеде өткенін айитады. Бала күнініде төбелеспен түрмеге түсіп, одан шыққан соң лайықты жұмыс болмай қиналған соң ұрлық қылғанын, қайта түрмеге түсіп, содан шыққалы көше кезіп қаңғыбас болғанын әңгімелеп береді. Өзі секілділер осы қоқыс маңында көп екенін, олардың жинағанын қабылдап алатын арнайы адамдар барын, тіпті ол адамдардың көп табыс табананын айтады. Ерболат сол жерде Фейсбукте тікелей эфирін қосып қоқыстағы тіршілікті әлеуметтік желі арқылы елге жариялайды. Ал Мәртбектің «қарға адамдар» деген арнайы репортажы эфирден өтіп, қоғамда үлкен резонанс тудырады. Мәртбек Ерболатқа «сенің ФБғы тікелей эфиірің менің сюжетіме жақсы жарнама болды»–деп рақмет айтады. Екеуі түрменің адам тағдырын бүлдіретіні, түрменің аты еңбекпен түзету мекемесі болғанмен заты басқа екені туралы пікірлеседі. Сөз соңында Мәртбек осы жұма күні Жауғаштыдағы әйелдер колониясына баратынын айтады. Ерболат дәл сол жерде Мәртбекке мені де ала баршы деп өтініш жасайды. Мәртбек ол жаққа кіру қиын екенін айтқанмен бірақ қолынан келгеннің бәрін жасап Ерболатқа аккредитация алуға тырысатынын жеткізеді.
Түрме. Ашық есік күндері. Сотталушылардың туыстары келіп жатыр. Бану бөлмеде жалғыз отыр. Қалғандарының барлығы жақындарымен кездесуге кеткен. Іздеушісі жоқ екенін біледі. Дегенмен, қайта-қайта есікке қарап, әлдекімді күтетіндей елеңдейді. Сол кезде түменің қызметкері келіп, Бануға біреудің келіп тұрғанын айтады. Бану алып-ұшып кездесу бөлмесіне барса, балалар үйіндегі музыка пәнінің мұғалімі Мәриям апай отыр екен. Мәриям апай сәлем-сауқаты мен Банудың домбырасын ала келіпті. Бану қуанып Мәриям апайды құшақтап алады. Бірақ домбыраны түрмеге кіргізуге рұқсат бере ме, жоқ па деп күдіктеніп тұр. Мәриям апай лезде Банудың күдігін сейілтеді. Өзі лезде түрменің басшылығымен сөйлесіп барлығын шешіп қойған екен. Бану қара домбырасын қолына алып Құрманғазының «Кісен ашқан» күйін шерте бастайды.
Жаңалықтардың редакциясы. Бас редактор бірнәрсе алаңдаулы, ашуланып отыр. Бұрыштағы компьютерде интернеттен ақпарат іздеп отырған Ерболатты шақырып алады. Мәртбектің аяқ астынан сырқаттанып, аурухана түскенін айтады. Ал редакциядан акредитацияға екі адам өткенін, оның бірі Ерболат екенін айтады. Сондықтан, көптен талқыланған түрме туралы түсірілімге сен барасың дейді.
Аурухана. Ерболат Мәртбекке келеді. Ол өз кезегінде Ерболатқа бар ақылын айтады. Жеке бір адамның өмірін (частный случий) түсіру, қалай сюжет құруды түсіндіреді. Екеуі аурухана төсегінде селфиге түседі. Ерболат ФБ мен интаграммдағы парақшасына сол суретті жүктеп, Мәртбек ағасыма денсаулық ал маған сәттілік тілеңдерші достар! Ертең мен үшін маңызды күн!–деп жазады. Комментарийлер ағылады.
Түрме. Тәрбие ісі жөніндегі орынбасар қыздардың барлығын салтанат залына жинап жиналыс өткізіп жатыр. Республикалық телеарнадан келе жатқан журналистерге кім сұхбат береді, кім колонияны аралап көрсетеді деген сияқты мәселелерді талқылап айтып жатыр. Түрмедегі қыздардың тұрмыс-тіршілігін барынша жақсы жағынан көрсету керектігін айтып біраз сұрақтарды пысықтауда. Жоспар бойынша журналистерге олар: тігін цехын, балабақша, көркем өнерпаздар үйірмесін көрсетпек ниетте. Көркем өнерпаз үйірмесінің жетекшісі орыстың Катя деген келіншегі жаңадан келген Банудың да гитара мен домбыра тартатынын айтады. Оны өз қатарларына қосуға болатынын жеткізеді. Бану бұл ұсынысқа қуана-қуана келіседі. Бірақ оның мұнысын Сәлима жақтырмай қалады. Өйткені олардың тобының Катямен жұлдызы қарсы, сымбатты, өнерлі Катя түрме басшысының бірімен көңілдес, іштегі жағдайды соларға жеткізіп тұрады деген сыбыс бар. Сондықтан кешкілік Бану Сәлимадан сыбағасын алады. Екінші ондай сәтте тұштаңдамай менің қас-қабағымды бағасың деп ескертеді. «Сендей сұлулар біздің сорымыз»,–дейді.
3-бөлім
Жолда. Жауғаштыдағы әйелдер колониясына апаратын жолмен телеарнаның көлігі жүйіткіп келеді. Жиырма жылдан бері оператор болып жұмыс істейтін Болат аға жол бойы Ерболатқа білгенін үйретіп келеді. Оған көлік жүргізушісі де қосылып қояды. Жүргізушінің сөзіне қарағанда ол барлығын журналистерден артық біледі.
Түсіру тобы колонияның алдына келіп тоқтайды.
Түрме. Акт залы. Сотталушы қыздар мен әйелдер екіге бөлініп отыр. Жауғаштыдағы колония республика бойынша жалғыз әйелдер түрмесі. Ол жерде кәмелетке толмағандар да, ересектер де жазасын өтейді. Жасөспірімдер бөлек корпуста жатады. Ересек әйелдер мен жас қыздар меркелерде, қандай да бір іс-шараларда ғана бір-бірін көреді. Сахнада Бану «Ару ана» әнін айтып тұр (Өз балаңнан артық бала бар ма ана? Мәз боласың шаруаңа жарай қалса шаруаңа...). Банудың нәзік дауысымен шырқалып жатқан әнге залда отырғандардың барлығы жылап отыр. Тіпті Сәлиманың да көзі жасаураған. Ерболат сотталушыларды сырттай бақылап тұр. Сол кезде оператор Ерболаттың қасына келіп ән айтып тұрған қыздың өте сұлу екенін айтады. «Қарашы, Ерболат! Не деген сұлу қыз. Бейшара не жазып қойды екен?» Ерболаттың назары сахнада тұрған Бануға ауады. Шынында да Бану өте ажарлы екен. Жап-жас болса да әнді түсініп, сезініп айтып тұр. Банудың қос жанарына бүкіл әлем сиып кеткендей. Ән біткен соң Ерболат операторлды ертіп сахнаның сыртына барады. Бануды тауып сұхбат алмақшы болады. Бану сұхбат беруден бас тартады. Журналистен кешірім сұрап кетіп қалады. Сол сәттен бастап Ерболат түрме басшылығы дайындаған тізім бойынша бірнеше адамнан сұхбат алады. Олардың арасында Катя да бар еді. Ерболат Катядан Бану туралы сұрай бастайды. Катя Банудың өте жақсы, өнерлі қыз екенін айтып береді. Ерболат Банудың аты-жөнін, сотталған бабын толықтай жазып алады.
Түрме ауласы. Ерболат түрме басшылығына өтініш жасайды. Дайындап жатқан сюжетінің соңына қажетті бір видеокадр жасау үшін кәмелетке толмаған қыздардың барлығын бір жерге жинауды сұрайды. Журналистің алдында өрімдей отыз шақты қыз тұр. Ерболат бәріне рақметін айтып қыздарға сәттілік тілейді. Оператор камерасын Бануға бағыттаған. Қыздар қолдарын бұлғап, қоштасу ишаратын жасайды. Оператор осы көріністің екі-үш дублін жасатып қыздарды әурелеп жатқанда Ерболат күзетшілерге естірте:« Концертте өлең айтқан қыздың аты-жөнін жазып алмаған едім»,–деп Бануға тақап барады. Тағы да аты-жөнін жазғансып, қолына өзінің телефон нөмірі мен редакцияның мекен-жайы жазылған тілдей қағазды қыстырып кетеді. «Хабарласып тұрайық»,–деп жалғыз ауыз сөзді сыбырлап қана айтады.
4-бөлім
Редакция. Ерболат журналисттерге дастархан жайып қойған. Ерболат өзінің штаттан тыс тілші болып жұмысқа қабылданғанын атап өтіп жатыр. Барлығы оған сәттілік тілеп жатыр. Оның түрмедегі әйелдер туралы сюжетінен бастап бүгінге дейін жасаған дүниелері мақталды. Ерболат әріптестеріне рақмет айтып, жұмыс үстеліне келіп отырады. Компьютер клавиатурасының үстінде жатқан конвертті байқайды. Банудан хат келген екен. Ерболат жалма-жан конвертті ашып, хатты оқи бастайды.
ФЛЭШБЕК
Түрмедегі кітапхана. Бану терезе алдындағы үстелде хат жазып отыр. Алдындағы жасыл дәптердің тор көзі түрме терезесінің торын елестетіп жіберді, жыны ұстап ақ парақты умаждап тастаған. Ерболатқа жазатын хаттың мәтінін қайта бастады.
Ерболат компьютерін ашып Бануға хат жазады. Оның суретін оператор түсірген видеодан скриншоттап алған, телефонын алып қайта-қайта қарайды. ФБ жүктейін деді де, лезде ол ойынан бас тартты. Бану оған бірнеше кітап жіберуін өтінген екен. Адамға мотивация беретін, жігерін шыңдайтын кітаптарды табу үшін интернеттен ақпарат іздейді. Өзінше тізім құрады да дүкенге бет алады. Банудың сұрауын орындап, кітаптарды почтамен жібереді.
Түрме. Бану Ерболат жіберген кітаптарды оқып отыр. Бөлмеге түрменің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары кіреді. Төрт қыздың аты-жөндерін атайды. Ішінде Бану да бар. Қыздар кезекпен балабақшадағы тәрбиешілерге көмектесу үшін тағайындалады. Әйелдер колониясында шағын балабақша бар. Түрмеде туылған балалар үш жасқа дейін сол жерде тәрбиеленеді. Балабақша ауласында үлкен қарағаш бар. Басында қара қарғалар ұя салған. Банудың есіне әлдебір көрініс келеді. Мына балабақшаның сұр ғимараты мен мына ағаш, мына қарқылдаған қарғаларды бір жерден көрген секілді. Осындай ойдың құшағында жүріп алғашқы кезекшілігін атқарады.
Редакция, Алматы. Ерболат жұмыстан кейін өзімен бірге бейнеинженер болып істейтін Жазирамен киноға барады. Екеуінің арасында қандай да бір сезім пайда болғандай. Екеуі кино туралы пікірлеседі. Ерболат соңғы кездері түрмедегі өмір жайлы киноларды көп көріп жүргенін айтады. Жазира «сенің талғамың қандай өзі»,– деп күледі. Ол түрмедегі адамдар туралы естігісі де, көргісі де келмейтінін жеткізеді. Ерболат Жазираға Бану жайында айтып береді. Бану екеуі бір рет қана хат алмасқан. Содан бері Банудан хабар келмегініне уайымдап жүргенін де айтып қалады сөз арасында. Жазира Ерболаттың Бануға деген көзқарасы тек ағалық қамқорлық емес екенін түсініп қояды.
5-бөлім
Балабақша. Балабақшаның меңгерушісі елуден асып қалған Әмина апай. Ол кісі жиырма жасынан бері сол балабақшада жұмыс істейді. Өзі түрме маңындағы ауылда тұрады. Әмина апай өте мейірімді, парасатты кісі. Бану бірден Әмина апайға бауыр басып қалады. Кезегі келгенше балалардың қасына баруға асығатын болады. Бану Әмина апайға көмектесіп жүргенде ол кісі оның тағдыры, түрмеге қалай түскенін сұрайды.
ФЛЭШБЕК
Балалар үйі. Жоғарғы сынып оқушылары күзгі балға дайындалып жатыр. Бір бөлмеде Бануды қосқанда бес қыз тұрады. Бәрі үріп ауызға салғандай. Күзгі балға дайындалып, шаштарын бұйралап, еріндерін бояп әлек. Күзгі бал. Балдың ханшайымы номинациясын Банудың құрбысы Зылиха жеңіп алады. Жігіттердің барлығы Банудың құрбыларын қайта-қайта биге шақырып, мерекелік кеш көңілді өтеді.
Балалар үйінің әжетханасы. Бір сынып жоғары оқитын бір топ қыз Зылиханы бұрышқа тақап алады. «Басымыздан секіріп кеттіңдер»,–дейді олар. «Бал хатшайымы 11-сыныптан болу керек. Бұл жазылмаған заң. Ал сендер соны бұздыңдар»,–дейді. Қыздардың біреуі қарсы сөз айтқан Зылиханың бетін әйнекпен тіліп жібереді.
Аурухана. Дәрігерлер Зылиханың жарақатын тігіп жатыр. Құрбылары дәлізде отыр.
Балалар үйі. Зылиха күні-түні жылайды. Құрбылары жұбата алмайды, бетінде үлкен тыртықты көріп қосыла жылайды. Осылай зығырданы қайнап жүргенде бір күні жоғарғы сынып қыздары тағы да озбырлыққа барады. Екінші этаждың балконында тұрған олар Зылиханың басына түкіріп жібереді. Мұны көрген Бану шыдай алмай баспалдақпен жүгіріп балконға шығады. Сол жерде Наташа деген қыздың жағасынан алады. Екеуі жұлыса кетеді. Сол кезде балконның жақтауындағы темір сынып кетіп екеуі де екінші қабаттан құлайды.
Сот залы. Жамбасы сынған Наташа сотқа балдақпен келеді. Бануға үкім шығарылып жатыр.
Балабақша. Әмина апай Банудың әңгімесінен кейін көз жасына ерік берген. Банудан балалар үйіне қалай түскені туралы сұрай алмай отыр. Бану оны сезгендей, өзінің ата-анасының кім екенін айтады. Балалар үйіндегі мәліметтер бойынша одан анасы перзентханада бас тартқан. Балалар үйіне үш жасында түскен. Құжаттарының арасында оның үш жастағы суреті болған. Одан басқа өзі жайлы ештеңе білмейтінін айтады.
Редакция. Ерболатқа Банудан тағы да хат келеді. Бұл жолы ол Ерболатқа өзінің балалар үйінде өскендігін, ешкімі жоқ екенін, қандай қылмыс үшін түрмеге түскенін жазып жібереді.
6-бөлім
Түрме. Акт залы. Сотталушыларға түрменің жаңа бастығын таныстырып жатыр. Жаңа бастық еңбек жолын дәл осы колонияда бастаған екен. Араға он бес жыл салып ол осы түрмеге басшы қызметіне тағайындалады. Әмина апай оны бірден таниды. Бір қарағанда келбетті жігіт, көзі ойнап тұрады. Әмина апай оны жақтырмай қалады. Есіне бұл бастықтың бұрынғы қылықтары, әйелдерге қырғидай тиген кезі түседі.
Балабақша. Бану балаларға қарап жүр. Әмина апай қолына торт ұстап келіп туған күнімен құттықтайды. Сол кезде Бану бүгін өзінің туған күні екені есіне түседі. Сол күні Банудың мектептегі құрбылары іздеп келеді. Олармен кездесуге жаңа бастық рұқсат етеді, тіпті түрме асханасынан дастархан жайып туған күнін атап өтуге рұқсат етеді.
Редакция. Бас редактор Ерболатты шақырып алады. Аймақтағы тілші еңбек демалысына кетуіне байланысты Ерболатты бір айға Талдықорғанға жіберетінін айтады. Ерболат бұл ұсынысқа қатты қуана қойған жоқ. Өйткені Банудың хатынан кейін Жауғаштыдағы әйелдер колониясына барып кезекті сюжет дайындаудың жолын қарастырып жүрген. Бірақ бас тарта алмайды. Ерболат еріксіз іссапарға кетеді. Кетер кезде Жазираға Банудан қандай да бір хабар болса, тез арада жеткізуін өтінеді. Жазира келісімін береді.
Түрме. Түрменің бастығы Бануды ұнатып қалады. Он жеті жастағы қызды қалай уысына түсірсем деп әуреленіп жүр. Бануды қайта-қайта кабинетіне шақырады. Оның бұл жүрісін Сәлима да сезеді. Бануға қатаң қарай бастайды. «Басшыларға қылмыңдап жүрсің өзің»,– деп жазғырады. Бану да бір жамандықты сезгендей бастықтан қашқақтап жүреді. Бұл жағдайды Әмина апайға айтып береді. Әмина апай бастықты бұрыннан танитынын және оның қызқұмар екенін айтып, сақтанып жүру керектігін ескертеді. Әмина апай Банудың тағдырына қатты алаңдап қалады.
Бану түрме бастығының қылықтары жайында Ерболатқа хат жазып жібереді. Және одан ақыл-кеңес сұрайды.
7-бөлім
Редакция. Ерболатқа Банудан хат келген. Оны Жазира алып ешкімге көрсетпей тығып қояды.
Түрме бастығының кабинеті. Бану қалай шығып кетерін білмей тыпыршып отыр. Бастық оған бір көңілді әңгіме айтып әлек. Бір кезде ол үстелінің астынан әтір алып шығып Бануға береді. Бану қанша бас тартқанмен қоймай қолына ұстатып шығарып салады. Ол әтірді Бану барған бетте Сәлимаға береді. Сәлима Бануды түсінгендей болады. Өзінің өмірін айтып береді. Шешесінің жүргіш болғанын, әкесінің көзіне шөп салғанын. Момын әкесі үшін Сәлима кек алады. Шешесінің көңілдесі кезекті рет келгенде басынан күрекпен ұрып мерт қылады. Сол үшін сотталған, содан бері жеңіл жүрісті әйелдерге жаны қас. «Сыланып, сипанбай салақтау көрініп жүр, сұлулығыңды жасыр, мен де қолымнан келгенше көмектесемін»,– дейді Сәлима. Ертеңіне Банудың шашын қиқалап кесіп тастайды. Бұрын тап-тұйнақтай таза жүретін Бану жуынып-шайынуды сиретеді.
Қарағанды. Ерболат жұмыс арасында Жазираға хабарласып Банудың хаты жайлы сұрайды. Жазира ешқандай хат келмегенін айтады.
Түрме. Түрменің бастығы Бануға қырындауын қоймайды. Бір-екі рет біреулер келіп қалып әзер дегенде тұзағынан аман қалады. Әмина апайға барып Ерболаттың телефон нөмірін береді. Хабарласып , болып жатқан жағдайды жеткізуін өтінеді.
Әмина апайдың үйі. Әмина апай Ерболатқа хабарласады. Ерболат қолынан келгеннің бәрін жасауға уәде береді.
Редакция. Бас редактор телефон арқылы Ерболатпен сөйлесіп отыр. Түрме жабық мекеме, өздері шақырғанда ғана есік ашады, қалған кезде кіру қиын екенін түсіндіреді. «Түрмедегі тағдырлар»,–деген арнайы репортаж жасаймыз деп Әділет министрлігіне хат жазғалы айдан асты, ешбір жауап жоқтығын айтады. Бірақ «Жауғаштыда қандай да бір шара өтетін болса сені жіберемін, Талдықорғаннан арнайы алдырамын»,–деп уәде береді.
Жол. Ерболат оператормен бірге Жауғаштыға бет алған.
Түрменің алдында бірнеше каналдың өкілдері жиналып тұр. Оларға Ерболат та келіп қосылады. Балаларды қорғау күніне орай Әділет министрлігінің рұқсатымен түрмедегі бала бақша туралы түсірілім жасауға бірнеше арнаның тілшілері келген. Түрме балабақшасының ауласы. Бану сыртта тұрған бірнеше журналисттің ішінен Ерболатты бірден таниды. Ерболат оны әзер таниды. Өңі сынық, басына орамал тартып алған. Жақын туысын көргендей жүгіріп шығып Ерболатты құшақтай алады. Журналисттердің барлығы аң-таң. Сол күні Ерболат түрме бастығынан эксклюзив сұқбат алады. Сұқбаттың соңында Бану жайында әңгіме қозғайды. Бануға көз қырын сала жүруін өтінеді. Ол осылайша Бануды қорғағысы келеді. Бірақ журналистер кеткеннен кейін түрме басшысы Банудың өмірін қиындата бастайды. Менің дегеніме көнбесең көрер күнің осы болады дегенді түсіндіреді. Тәртіптік жазаға тартып, карцерге қамайды. Және де Бануға келетін хат-хабар, сәлемдемеге тиым салады.
8-бөлім
Әмина апай Банудың жағдайы қиындап кеткенін айтып, Ерболатқа хабарласады. Ерболат тиісті мекемелерге қоңырау шалып, түрмедегі келеңсіздіктердің бетін ашуға ықпал етулерін сұрайды. Бірақ одан ешқандай нәтиже шықпайды.
Түрме. Бану карцерден шығады. Бастық жоқ кезде Әмина апай Бануды балабақшаға алып келеді. Неше күннен бері жалғыз қамауда отырған Бануға тамағын беріп үйінен алып келген жылы киімдерін кигізеді. Әмина апай Банудың көңілін аулау үшін өзінің жас кезіндегі суреттерін көрсетіп, әңгімелесіп отырады. Альбомды парақтап отырып, Әмина апай, мынау менің қырық жастағы кезім деп бір суретті көрсетеді. Екі-үш жастар шамасындағы бір қыз баланы құшақтап отыр екен. Астында Әмина мен Бану, Жауғашты 2000-жыл деген жазу бар. Бану:
–«Апай сіздің қызыңыздың есімі де Бану ма, неге айтпағансыз»,– деп айқайлап жібереді.
–Жоқ, бұл осы балабақшада туған қыз болатын. Кейіннен Алматыдағы балалар үйіне өткізіп жіберді,– дейді Әмина апай. –Мынау сол қызды шығарып салар кезде түскен суреті екенін,– айтады. Бану жалма-жан апайдың қолынан альбомды жұлып алып, жынды адамша парақтарды сапырылыстырып әлгі бетті іздейді. Оның оқыс қылығына таңданған Әмина апай ештеңе түсінбей дал. Суретті тапқан бетте, Бану әлгі қызға тесіле қарап қалады. Бір кезде атып тұрып өзінің жатағына жүгіреді. Киім салатын қобдишаның түбіндегі суреттерді ақтарып жатып, бала күнінде түскен екі-үш суретін жұмарлай ұстаған күйі қайтадан балабақшаға қарай жүгіреді. Келсе Әмина апай сол орнынан қозғалмай отыр екен. Альбомның бағанағы беті ашық тұр. Қолына тағы бір ескі фотоны ұстап алыпты. Бану оған қараған жоқ, дереу екі суретті салыстырады. Нақ өзі. Әмина апаймен түскен сурет пен балалар үйіне барғандағы суреттің уақыт аралығы шамалас, киімдері ғана басқа. Екі суреттегі қыз бір адам. Бану бетін басып өкіре төсекке құлайды. Әмина апай бәрін түсінеді.
9 – бөлім
Түрме. Балабақша. Бану сілесі қатқанша жылайды. Әмина апай Бануды құшағына қысып отырып болған жайтты баяндады. Әлгінде қолына ұстап отырған суреттегі, Банудың анасы екен. Бануды балалар үйіне өткізгеннен кейін түрмеде бес жыл отырып аурудан қайтыс болыпты. Әмина апайдың айтуынша ол бір мекеменің есепшісі болған екен, бастықтары ірі көлемде ақша жеп, ақыры бастығымен қоса ол да сотталған.
– Мені неге балалар үйіне өткізді, неге туыстарына жібермеді,– дейді Бану көз жасын тия алмай.
– Ол сені тастағысы келмеді, бірақ күйеуінен қорықты. Екі ұлым, жақсы жерде қызмет істейтін жолдасым бар,– деп отыратын. Түрмеде жүріп, біреуден туып алғанымды кешірмес деп қорықты.
–Біреуден? Сонда менің әкем кім?–дейді Бану.
–Мынау деп Әмина апай, түрме қызметкерлері түскен фотоның ішінен қазіргі бастықтың жас кезіндегі суретін көрсетеді. Бану қайтадан өкіріп, төсекке құлайды.
Редакция. Ерболат Бануға әлденеше рет хат жазып жауап ала алмайды. Әмина апай арқылы жағдайын біліп отырады. Жауғашты туралы түсірім жасайын деп редакторға кіреді. Қайта-қайта түрме туралы көрсете береміз бе, басқа тақырып ізде, –деп ол рұқсат бермейді. Ерболат бастықтың рұқсатынсыз, болған оқиғаны баяндап прокуратураға хат жазады.
Түрме. Бастықтың кабинеті. Бұл жолы Банудың өзі кездесуге келген. Бастық оны бірден қабылдайды. Дегеніме көндірдім деп ойлайды. Екеуі шарап ішеді. Келіп, құшақтап сүйгісі келеді. Бұрышқа тақап, кеудесін жалаңаштап та үлгереді. Осы кезде Бану «тоқта»,–деп әмірлі дауыспен айқайлайды. «Алдымен мынаны қара, сонан кейін не істесең де өзің біл»–дейді де үстелдің үстіне екі суретті қатар қояды. Бірі өзінікі, екіншісі анасынікі. Түрме бастығы шегіншектеп кетеді. Суретке телміріп тұрып бәрін түсінеді. Көз алдынан осыдан он сегіз жыл бұрын жасаған қылмысы, Банудың шешесінің өлген сәтін өткереді. Бану одан көз алмай қарап отыр.
Түрменің ауласы, жедел жәрдем түрме бастығын алып кетіп жатыр. Бұл жағдайды бақылап тұрғандар арасында Сәлима мен Әмина апай бар. Тек Бану жоқ. Бану төсегінде жылап жатыр. Оқиғадан хабардар Сәлима мен Әмина апай екі жақтап жұбатқанмен қоймайды.
–Өзімнен өзім жиіркенемін. Менің әкем де шешем де қылмыскер, мен қалайша жер басып жүрмін,–деп жылайды.
Қолы бос болса түрмедегі балабақшаның қасындағы қарағаштың қасына барып отырады. Неге осы жерді алғаш көргенде бұрын көргендей әсерге (дежавью) бөленгенін түсінеді. Қарғалардың қарқылы, ойнап жүрген балалардан өзінің балалығын іздейді. Осы кезде Банудың мектептегі құрбылары іздеп келеді. Барлығы мектеп бітірген, оқуға түскен. Олармен Бану көңілсіз сөйлеседі. Олар Банудың басынан өткен оқиғаны Әмина апайдан естіп біледі. Әмина апай оларға Ерболаттың телефон нөмірін береді, Бануды депресисядан құтқармаса болмайды, ішіне құса түсіп кетуі мүмкін, өз өміріне қол сала ма деп қорқамын дейді.
10-серия
Жауғашты ауылы. Әмина апайдың үйі. Ерболат Әмина апаймен сөйлесіп Банудың өмірі жайлы егжей-тегжейлі сұрайды. Әмина апай сөз арасында Банудың анасы жүкті кезінде іші бүріп ауырған соң, арнайы күзетпен аудан гинекологына тексеруге алып барғанын, сол кезде УЗИге түскенде ұл бала деп көрсетілгенін, бірақ босанғанда қыз туғанын айтады. Ерболат осы дерекке елең ете қалады. Дереу журналистік қызметін пайдаланып аудандық перзентханаға барып Банудың анасы туралы архивті қопарады. Банудың анасы босанған күні кезекшілік атқарған мейірбике, дәрігердің барлығымен сөйлеседі. Сол кезде бір санитарка болып істеген әйел бір деректің шетін шығарады. Оның айтуынша осы күні босанған бір әйел кейіннен перзентханаға жиі келгіштеп, өзімен палаталас болған өзге бір келіншекті қайта-қайта іздепті. Ерболат енді сол күні босанған әйелдер туралы архивтерді қопарады. Сол күні бір егіз босанған екен. Бір қызығы сол егіз туған әйелге де УЗИ екі қыз бала туасың деп диагноз қойған. Бірақ туған кезде бір ұл, бір қыз туған. Ерболат алтын тапқандай қуанып енді сол әйелді іздейді. Аты-жөні мен тұратын шағын қаласын ғана біледі. Әкімдік арқылы сол жылы туған бүкіл егіздердің тізімін алып, олар оқыған мектептерге барып іздейді, фотосын салыстырады. Ақырында табады. Банудан айнымайтын бір қыз бала, тура сол туған күні өмірге келген. Ал оның егізі ұл бала ерте шетінеп кетіпті.
Түрме. Акті залы. Сотталушы әйелдердің бәрі сонда. Астанадан келген шенеунік сотталушылар мен түрме қызметкерлеріне жаңа басшыны таныстырып жатыр. Сол жерде бұрынғы басшының жүректен қайтыс болғаны да айтылады. Әмина апайдың өтініші бойынша жаңа басшы Бануды қадағалауға алған. Жеке қалдырмайды. Қасында Сәлима жүреді. Психолог мамандар жұмыс істейді. Бану жылай береді, түнде шошып оянады, сандырақтап сөйлейді. Мамандар есінен ауыса бастады, мұның орны жындыхана дегендей байламға келе бастайды. Мұны естіген Әмина апай Ерболатқа хабарласады.
Телеарна. Ерболат бүкіл жинақтаған деректерін алып «Қаракет» бағдарламасына барады. Банудың жағдайын түсіндіреді. Олар да іске кіріседі. Банудың сыңарын табады, онымен сөйлеседі. Ол өзінің сыңары ұл бала ерте қайтыс болып кеткенін, бірақ анасынан сенің сіңілің бар дегенін әлденеше мәрте естігенін айтады. Ал анасы үш жыл бұрын дүние салған екен, әкесі тірі екен. Ол, өзінің жары өмір бойы әлденеге өкінумен болғанын айтады. Өмірден өтер сәтте бір құпиясын жариялапты. Мәселе былай болыпты. Дәрігерлер ооның әйеліне денсаулығына байланысты екінші мәрте ана болу бақыты бұйырмайтынын ескертеді. Бірақ ол үнемі «саған ұл бала туып беруім керек» дегенді көп айтыпты. Құрсағына егіз бала біткенде қуаныпты, УЗИ нәтижесінде екеуі де қыз дегенде мұңайыпты. Бірақ перзентханада босанғанда егіздің бірі ұл, бірі қыз болып шыққанына барлығы таңғалыпты. «Ондай-ондай болады деп мән бермегенбіз, бірақ әйелім әлденеге алаңдағандай түр танытатын. Соны дүние салар алдында ғана маған айтты»,–дейді. –«Сондағы дәрігерлермен келісіп бір баласын айырбастап алған екен»,–дейді. Осы шындықтың барлығы «Қаракет» бағдарламасының студиясында айтылады. Түрме басшылығының рұқсатымен Бану да студияға келеді. Бану өзінің сыңарымен сол жерде көріседі. ДНК сараптамасы екеуінің туысқан екенін дәлелдейді. Ерболат сол сәтті ФБ арқылы тікелей эфирде көрсетеді, жұрт оған бәрекелді айтысады. Хабар эфирден берілгенде көрген адам егіліп жылайды. Мыңдаған адам қол қойып, Жоғарғы сотқа Банудың қылмысын жеңілдету туралы өтініш хат жазады. Банудың екінші өмірі басталады.