Адам қарады: 109 | Жарияланды: 2018-05-25 04:47:46

Мәңгілік махаббат

Рольде :

Мұқан------------НКВД ның сотруднигі, Сақанның жары.        38 жаста.

Сақан-------------Мұқанның әйелі, Қажымұраттың сүйіктісі.   18 жаста.

Қажымұрат------Қытайға өтіп кеткен, Сақанның ғашығы.      20 жаста.

Бәтен-------------Мұқанның алғашқы әйелі. 30-35 жаста.

Жұлдыз, Бөкен, Мараттар—Сақан мен Мұқан немерелері.

Бекзат------------Қажымұраттың немересі, Қытайдан келген.

Қажымұрат пен Сақанның 70-80 жас кездері. Сақанның ата-анасы.

Эпизодта тағы басқалар.

 

Сахнаның төріне Қытай мен шекаралас жатқан Тарбағатай тауының мұнарлы басы алыстан көк жиектенген суреттің етегінде ақ шаңқан үйлердің тізіле салынған суреті ілінеді. Сахнаның ортасында безендірілген үйдің ішкі көрінісі.  Жасы жетпіс пен сексеннің ортасындағы  кемпір жерге төселген кілемшенің үстінде жүн иіріп, ыңырси әндетіп отыр. Ортада жер дастарқан жайылған, бірақ үсті бос. Енді бір жерде төсек жинаулы тұр, үстінде қабат-қабат көрпелер.Тағыда керек жарақ үй  жиһаздарына толған бөлме. Бұл осы оқиғаның басты кейіпкері Саханның үйі. Осы кезде үйге бір бала жүгіріп кіреді.

 

Бала: Апа, апа деймін, осы үйге қарай молда ата келе жатыр. (Апасының қасына өтіп кетеді).

Сақан: Е келсе келсін, ботам біз қашан қонақтан қашып едік, а?

Молда: (Есіктен кіре айқайлай амандасып)Ассалаумағалейкум,  балам. Уа , Сақанжан аман-есенсің бе?( бала орнынан тұрып келіп атаға қолын ұсынады)

Сахан: Есенбіз молдеке, есенбіз. Төрлет, көптен көрінбей кеттің ғой? Әй, балам баршы, ана шешеңе айт, шәй қойсын үлкен кісі келді де. (Бала жүгіріп шығып кетеді) Өзіңде мал-жаның аман ба, жайша жүрсің бе?

Молда: (орнығып отырып жатып) Е, қайдан жай жүрейін, шаруа да. Осыдан төрт күн бұрын сені іздеп едім таппай қалдым . Ауылда болмадың ғой.

Сақан: (күліп) Қазір кемпірлердің отыратын заманы ма? Немерелеріме, ана аудандағы жалғыз қызым Күлзиқанікіне барып жатып қалдым. Келгенімнің өзі кеше ғана.

Молда: Өзімде солай ойлаған едім. Әй, баяғыдағы ауылнай кезіңдегідей үйге тоқтағың келмейді ә, шапқылап жүріп кетесің.

Сақан: Молдеке суыртпақтап сөйлегеніңе қарағанда, бірдемені бүгіп отырғандайсың, несі болса да ашып айтсаңшы. Ойдағы-қырдағы балаларым аман ба өзі?

Молда: Қорықпа Сақан, бәрі аман. Тек, осыдан төрт күн бұрын ауданға бармақшы болып, такси күтіп тұрғанымда,  қасыма бір мәшине тоқтай қалып,  ішінен көзіме таныс, бірақ есімі есімде жоқ бір ақсақал түскені.  Осы біздер құралпас...

 Сақан: (сөзін бөле күліп) Неғып ол кісіні танымадың екен ? Бүкіл ауданды танушы едің ғой.

Молда: Сөзді бөлмей тыңдасаңшы, содан әлгі шал аяңдай басып менің қасыма келгені...

Сақан: (күліп) Әй, осы сенің бір әңгімені бір сағат созбақтайтының- ай осы..,сонымен оның кім болып шықты өзі?

Молда: (сабырсызданып) Неге сөзді бөле бересің, одан да ол кімді іздеп жүрген адам деп неге сұрамайсың?

Сақан: Сұратпай- ақ айтпайсың ба, (айқайлап) Әй, Қозан, Айгүл, Марат түх құдай-ай,  енді бұларды шақырайын десең еш қайсысын таба алмайсың. Марат! шешеңе айтшы шәйін тездетсін, «ит өліп қалды» де. Иә, содан..

Молда: Содан әлгі шал қасыма келіп, амандық-саулық сұрасқаннан соң, сені сұрағаны. Және де бір түрлі дауысы дірілдеп, көзі жасаурап сұрады. Акау, түр-түсін шырамыттым. Бірақ қайдан көргенімді есіме әлі күнге дейін түсіре алар емеспін.
Сақан: (шыдамсыздана) Сөйтсең кім екен, малын жоғалтқан жоқшы ма екен, әлде тамыр-танысын іздеп жүрген жоқтаушы ма?(Осы кезде келіні келіп, дастарханды жөндеп, шәй құя бастайды) Келінжан қарғам, атаңа шәйіңді қоюлап құй ұят болмасын,  молдеке содан..

Молда: Содан әлгі шал сені сұрады. Бір таң қалғаным бірден сені –Сақан, тірі ме, бар ма деген кезде иегі кемсеңдегенін байқап қалдым. Осы маңның адамы болса бірден таныр едім, мына адам біртүрлі басқа жақтан келген адамға ұқсайды. Әйтпегенде сені тірі ме деп сұрар ма еді. Баяғыда айтып отырушы едің ғой, Қытайда туыстарым бар деп, соның бірі екен деп менде қуанып кеттім. Шынында да Қытайдан келген сенің туысың болуы керек.

Сақан: (Молланың аузынан шыққан әрбір сөзге өңінен небір нышандарды байқатқан Сақан, дауысы дірілдеп, бірдемені жүрегі сезгендей, бәсең дауыспен) Молдеке оң қабағында қалы, егер мен ойлаған адамым болса, оң қолының сыртында пышақтан қалған үлкен тыртық болуы керек, көзі үлкен бақырайған қара көз еді...

Молда:  (Ойланып отырып қалып) Ия, ия бар. Байқадым атын да сұрап едім ҚАЖЫМҰРАТПЫН деді. Бірақ сені ауылда жоқ  деген кезде, біраз ренжігендей болды да: - Оқасы жоқ тірі екенін білдім, бақытты кемпір шығар,- деп күлді. Анау үйі, сонда барып шықпадыңыз ба деп едім; Сақанға сәлем де, төрт күн уақытым бар Ақсуаттағы балаларыма келгенмін - деді де келген таксиімен кетіп қалды.

Сақан: (Қажымұраттың атын естіген кезде кеседегі шәйін алдына төгіп алады, сонда да абыржығанын білдірмей келініне қарап, басын  ұстайды) Балам қатты абыржыдым білем, қан қысымым көтеріліп кетті ғой деймін. (Келіні жүгіріп танометрге кетеді) Молдеке бұны маған неге  ертерек айтпадың?

Молда: Сақанжан-оу, оған өзім ауданнан бүгін келдім ғой, содан саған жеткенім осы болды.

Сақан: Жәрайды,  шәйіңді іш. (Келіні келіп кемпірдің қысымын өлшейді)

Жұлдыз: Апа, қысымыңыз көтеріліп кетіпті, дәрі ішіп жата тұрыңыз.

Молда: (Орнынан тұрмақ болып, бетін сипап) Әй Сақанжан өңің өзгеріп кетті ғой. Жақсылық  болғай әйтеу. Иә, мен ендеше кетейін, саған соны айтайын,- деп келіп едім. Түрін шырамытқаныммен, есіме түсіре алмағанымды айтсайшы.

Сақан: Білесің, бірақ есіңе түсіре алмайсың арада алпыс жыл ғұмыр өтті ғой.  Осыдан алпыс жыл бұрынғы өміріңді көз алдыңа елестетсең бәрі есіңе түседі. (Шал басын шайқап шығып кетеді). Жұлдызжан маған күйеуіңді шақыршы.

Жұлдыз:  (кемпірді демеп тұрғызып жатып) Апа, біраз дем алыңыз, сосын Бөкенді шақырайын.

Сақан: (ашулы) Ай балам, мен өлгенде ғана дем аламын, шақыр Бөкенді! (Келіні  шығып кетіп, үйге қолын шүберекке сүртіп, асыға басып немересі Бөкенмен Жұлдыз қайта кіреді)

Бөкен: Апа не болып қалды? Дәрігер керек пе?

Сақан: Балам мәшинеңді шығар, мені тездетіп Ақсуатқа апарып кел.

Бөкен: Апа-ау ауырып қалған жоқсың ба, кейін барсаңшы.

Сақан: (ашулы) Бөкен жоқтан өзгеге сені мазалаған кезім болды ма? (Ұлы басын шайқайды) Ендеше жолға дайындал!

Бөкен: Жұлдыз, апама не болған, бірдеме болып қалды ма?

Жұлдыз : Білмеймін, молда ата келіп, екеуі сөйлесіп отырған, Қытай жақтан бір туысы келген болуы керек. Несі болса да апарып келгеніміз дұрыс шығар, мен дайындалайын.

Сақан: Екеуің әлі тұрсыңдар ма? Менің жаңа киімдерімді шығарыңдар  тездетіп жүріп кетейік. (Ұл мен келіні кетіп қалады) Е, жаратқан ием!  Қажымұратты бұл дүниеде жоқ шығар деп ойлаушы ем, тірі  екен, мені іздеп келгенін көрмеймісің. Алла тағала, қазір алсаңда разымын. Алпыс жыл жүрегімнің түбінде сақтап келген сырмның құпиясымен кездесуіме мүмкіндік бере гөр! Бізді зарықтырған алпыс жылдың ізін бір минуттық қоштасуға бағала Алла.  Осыдан кейін бір-бірімізді ана дүниеде ғана іздейтін болармыз. (Сыбырлай сөйлеп) Қажымұрат...Қажытай бар екенсің ғой, бар екенсің ғой Қажытай...Кім ойлаған сені мені іздеп келеді деп. Айтқан сөзіңде тұрдың. Саған мың рахмет. Атыңды естіп, аңтарылып қалдым.

Сандығын ашып киім-кешегін шығарып жатқан Сақан сол сандықтың шетіне жүрелеп отыра кетеді. Кәрі көзінде мөлтілдеген жас.  Соның ішінен сарғайған бір қағазды алып отырып қалады. 

 

Сақанның елесі.  1934-35 жж. НКВД-ның кезі.  Сахнада екі -үш әскери киім киген адамдардың ортасында, стол басында Мұқан отыр. Жұпыны әскери бөлме. Осы кезде екі қолын артына қайырып екі солдат ортаға қалыпты киінген жас шамасы  жиырманың ар жақ, бер жағындағы жігітті желкелеп алып кіреді. Мұқан қасындағыларға қарап.

Мұқан: Мынау байдың баласы-Қажымұрат,  көздеріңе таныс болар.  Естуімше астыртын Қытайдағы туыстарымен байланысып, малының тең жартысын сонда өткізіп жіберіпті .Енді өзі қашпақшы көрінеді. Онымен қоймай ана Жолдының қызы Сақанды әкетпекші екен, солай ма Қажытай а? (ол үндемейді)

1-әскери адам: Е, кетсе кете берсін, әкетсе әкете берсін, Сақаннан басқа ауылда қыз жоқ дейсің бе, тек малдарын, дүние-мүлкін тастасын да жүре берсін.

Мұқан: Жоқ-қ, жерімізде сұр жылан құсап байып алып, қорасын толтырып, қалтасын кеңейткен соң кете бергізбеймін, еңбек етсін, бізбен не көрсек те бірге көрсін, кедей болып, біз құсап  жоқшылықта өмір сүріп көрсін. Халықтың аузынан жырып жеп, құлқындары толған соң бұлардың жылыстап кете берулеріне жол бермеймін. (Қажымұраттың иегін көтеріп) Солай емес пе а?!

Қажымұрат(басын алып қашып) Ешқайда , кетейін деп жүрген ешкім жоқ.  Өздерің емес пе күн бермей жүрген. Әйтпесе не істегенімді көрдіңдер айтыңдаршы, қайсысың менімен Қытайға өтіп келдіңдер, қайсысың менің малымды санаған, бәрін баяғыда талап алған жоқсың дар ма!  енді не керек сендерге? Қайдағы малымды алмақсыңдар!

Мұқан:(жігіттерге) Жігіттер! кешке қарай Асуға барып қайтамыз, шекараны күзетуді күшейтпесек болмас, барып дем алыңдар да, жолға дайындалыңдар. Аттарың мен бесатар мылтықтарыңды сайлап алыңдар. Шекараның түбінде қақтығыс болуы да мүмкін. Неге болса да дайын болуымыз керек. Қазіргі уақытта бір ақсақ тұяғы үшін аянайын деп тұрған бай жоқ. Ал ертеңінен хабарсыз малай кедей байғұс, сол байдың жыртысын жыртамын деп оқ атулары да мүмкін. Сондықтан басқа жігіттерге де айтыңдар бәріне де сақадай сай болатын болсын.

2-әскери: (кетіп бара жатып) Мынаумен өзің сөйлесесің бе?

Мұқан: Бұны маған қалдырып кетіңдер (Бәрі шығып кеткен кезде, Мұқан мен Қажымұрат қалады, Мұқан сенделіп Қажымұратты айналып жүріп)..Сонымен сен Сақанды алып қашпақшымын де..Қытайға оны келін ғып түсіріп бермекшісің бе, ха-ха әлде күңің ғып ұстамақшысың ба. Оның әке-шешесіне қанша малды тығып беріп қойдың, қалың мал қайда!

Қажымұрат: Сіздің нені айтып тұрғаныңызды білмедім де, түсінбедім.

Мұқан: Қалың мал, Сақанның өтеуіне берілетін қалың мал қайда!

Қажымұрат: Қайдағы қалың мал? Не қылған мал, кімнің малы, мен ешкімге мал берейін деп тұрғаным жоқ, беретін малымда жоқ! Сақан екеуміз бір-бірімізді сүйеміз және біз атастырылған адамдармыз. Совет өкіметі келгелі қалың мал құрыған деп өздеріңіз емес пе ұрандатып жүрген. Енді қайдағы қалың малды сұрап отырсыз?

Мұқан: (жағынан тартып  кеп жібереді) Боқ мұрын! Сен не, НКВД-ны ойыншық көріп отырмысың! Әлде мен саған бала көрініп тұрмын ба! қаныңды суша ағызып, малыңмен қоса құртайын ба  а! (Осы кезде, шашын екі жағына өріп қоя берген, басында байлаған орамал, үстінде бешпеті бар Сақан сүріне-қабына асыға  кіріп келеді, Сақанды көріп Мұқан  мінезі лезде өзгеріп кетеді)

Сақан: Сәлеметсіздер ме, мұнда не болып жатыр? Мұқан аға, Қажымұратты неге қамадыңыздар, оның не жазығы бар, не істеп қойды?

Мұқан: Сақан сен не, тапа тал түсте жігітіңе ара түсу үшін НКВД-ға келіп тұрсың ба, ел сөзінен жасқанбайтын болғансыңдар ма!

Сақан: (Қажымұраттың аузынан аққан қанды сүртіп тұрып) Қажымұрат екеумізді әке-шешелеріміз екі жасымыздан атастырып қойған екен, егер мен келіп ара түссем, оның несі айып ? Қай қатынның аузына қақпақ бола аламын аға...

Қажымұрат: (сөзін бөліп) Сақан бекер келдің, бар, қайтып кет. Бұл жер сен келетін жер емес, бар.

Мұқан: Бар деп тұр ғой, дұрыс айтады Сақан бара ғой, сенімен де менің бір сөйлескім келіп жүр, тек қазір емес, кейін.

Сақан:  (жігерлене сөйлеп) Жоқ, мен бұл жерден Қажымұратпен бірге кетемін, сұрап жатқаныңыз қалың малдың жайы болатын болса оны сіздер, кедейлерге таратып бергенсіздер. Қазір қорада бір бұзаулы сиыр мен , бір биеден басқа ештеме де жоқ.  Қажымұратта да ешқандай  аша тұяқ қалған емес. Мұқан аға, сіз көзіңіз ашық адамсыз. Қашанғы елдің сөзіне ересіз, біздің малды сіз жақсы білесіз, қайда кеткенін. Байдың балалары деп әбден қанап бітірдіңіздер ғой, түгімізді қалдырмадыңыздар, енді келіп түрмеге отырғызу қалды ма сіздерге?

Қажымұрат: Сақан деймін, бар үйіңе! Кетсеңші, неменеге келдің? Мені өлтірейін деп жатқан ешкім жоқ қой, бара ғой, сосын сөйлесерміз.

Мұқан: Иә, Сақан ақылды қыз екенің көрініп тұр. Амал не жассың, ештемені түсінбейсің, ал қазір бар үйіңе қайт (Сақанды итермелеп шығарып жібереді) Қандай махаббат ! Өздерің тіптен ел-жұрттан да ұялуды қойыпсыңдар ғой а? Осы қыз үшін арғы беттен ары-бері сандалып күнде өтіп жүрсің бе?( жағасынан ала кетіп)Тыңда! егер тыныш өмір сүремін десең, Сақанның қасына жолаушы болма! Ол сенің адамың емес. Кетсең Қытайға өзің жалғыз кете бер, ал ана қызға тисуші болма!

Қажымұрат:  Оныңыз бола қоймас, біз Сақан екеуміз Алла жазса, аман- есен болсақ алдағы айлардың бірінде некемізді қидыратын боламыз.

Мұқан: Мен саған түсініксіз бірдеме айттым ба? Сақанда жұмысың болмасын, оны ұмыт, неке туралы естімейтін болайын, әйтпесе...

Қажымұрат: (Орнынан тұрмақшы болып ұмтылып) Әйтпесе не, мені атып тастайсыз ба, әлде асып тастайсыз ба, ол қолыңызда тұр ғой, НКВД дан қашып құтылыпты дегенді естіген емес едім. Кәне, қолыңыздан не келеді, істей беріңіз, бірақ мені Сақаннан айрылады екен деп ойламаңыз! Оныңызға мен де, Сақан да көне қоймаспыз.

Мұқан: (ашуланып кетіп, не істерін білмей, оны  тағы да жағадан алады) Сен байдың құмалағы біліп қой! Менің қолымнан не келетініне күмәнің болмасын, егер Сақанға жолайтын болсаң, алдыменен Сақанның әке-шеше, ағаларын, сосын сенің туыстарыңды құртамын. Одан кейін қайда барсаңдар, онда барыңдар. Қытай аспақ түгілі, жер бетінен кетіп қаламыз десеңдер де.. (осы кезде, қолында түйіншекке ораған тамағы бар Бәтен келіп кіреді, қолы артына қайрылып байланған  езуіннен аққан қаны бар Қажымұратты көріп сасып қалады)

Бәтен: Мұқан, сен түскі асқа келмеген соң өзім келдім, Қажытайды неге байлап ұстап отырсың Мұқан?

Мұқан: Бәтен, бұл жер қатындардың келетін жері емес, сені кім шақырды мұнда? Асты кешке болса да ішер едім ғой.

Бәтен: Оған несін ашуланасың бөтенің емес өз әйеліңмін, тамақ әкелсем сен үшін әкелдім, мына  Қажытайды неге ұстап отырсың деймін? Көз алдымызда өскен бала емеспе еді, тағы не бүлдіріп қойды екен бұл жүгірмек?

Қажымұрат: Сақанға жолама, жоласаң өлтіремін дейді Бәтен апа, мені ұстап отырғандағы шаруасы сол..(мұндай сөзді күтпеген Мұқан атылып келіп Қажымұратты ұрып құлатады, араға Бәтен түседі)

Мұқан: Сені не үшін ұстап отырғанымды тек мен ғана білемін, Бәтен бар үйге кет! Мұнда енді қайтып аяғыңды сұғушы болма!

Бәтен: Мұқан, Қажымұратты  шынымен де не жазығы бар, егер жазықсыз болса жібер! Сақан атастырылған қалыңдығы екенін бүкіл ауыл біледі. Оған сен не үшін кірісесің, бұл да НКВД-ыңның жұмысы ма, кімді кімге үйлендіру?

Мұқан: (айқайлап) Мен саған шық дедім ғой!(Бәтен түйіншегін орап шығып кетеді). Егер де, Бәтенге Сақан жайында тағы бір сөз айтатын болсаң, өз қолыммен өлтіремін. Бағанадан менің не айтқанымды естіген шығарсың, мен істің адамымын, маған қарсы тұрушы болма! Ісің насырға шабады. Тағы айтамын, Сақаннан аулақ жүр.(Қолын шешіп, жағадан алып лақтырып жібереді) Бар кете бер! (Қажымұрат қолын сипалай кетіп қалады) Сақан! саған қолым жетсе арманым жоқ, Сенің көз алдымда бой жетіп, өсіп келе жатқан кезіңнен бастап, тағатым таусылатынын әрине білмейсің.  Әрбір қараған жанарыңнан от шашқан самаланы көргенде, байыз таппайтын әдетке душар болғалы қашан.  Өзім сотрудник болсам да қажының қызына деген сезімімді тежеуім қолымнан келер емес. Бәтенмен отасқалы бес-алты жыл болды, әлі шыр еткен дауыс естімей келемін, маған бала туатын да, менің отбасымның ұйытқысы да жалғыз сен  боларсың, ешқашан сені ешкімге бермеуім керек. ( жүгіріп шекарашы кіреді)

Шекарашы: Мұқа,  шекарадан Қытайға қарай өткен тағы да малдың ізі табылды.

МҰҚАН: Малдың дейсің бе? Құдай біледі Жолдының қалың малға алған малы шығар, жігіттерді дайында! Шекараны дұрыстап тұрып сүзіп шығайық. (Кетеді)

Сақан үйінің ауласы, ошақ қасында жер сыпырып шаруамен айналысып, қос бұрымын артқа сілтей тастап Сақан жүр. Әкесі ауланың бір бұрышында жүген есіп отырса, анасы іс тігумен айналысуда. Үлкен ағасы үй-ішін де сенделіп жүр. Әлде кімді күткендей. Осы кезде жамбасында наганы, иығында аспалы сүмкесі бар Мұқанның келе жатқанын көріп, абыржып қалады.

Әкесі: Ойбай тығыл, Мұқан келе жатыр. Басыңды көрсетуші бол ма! (Ағасы тығылып қалады. Сақанды көріп мысықша басып, артқы жағынан келіп Мұқан қолынан ұстай алады).

Мұқан: : Сыртыңнан қандай сымбатты едің Сақан,  Қажымұраттың қызығатындай жөні бар екен.

Сақан: (ашулы)Жиырма жас үлкенсіз, оның үстіне әйеліңіз тағы бар және білдей НКВД ның сотруднигісіз қалайша, ұялмайсыз? Мұныңыз не, мен сізді аға-деп жүрсем. Әне, әке-шеше, туыстарым отыр емес пе, солардың көзінше. Тым болмағанда олардың аппақ самай шашатарын сыйласаңыз етті.

Мұқан: Сақанжан сыртыңнан қарадай ынтық болып біттім. Неменеге сонша өкпелейсің?  Жүрекке әмір жүрген бе? Көзіңе көрініп тұрғаны Бәтен болса, талақ етіп тастайын сен үшін тек, Қажымұратқа жоламашы жарай ма?

Сақан:  Жоқ, ағасы. Қажымұрат екеумізді НКВД ың емес, ажал ғана айырады. Әйел тастаған адам менің жарым бола алмайды, сондықтан текке әуре болмаңыз. Оның үстіне Бәтен жеңешеме зиян істей алмаспын. Бәтендей адамды қор санасаңыз, онда өзіңіздің де қор болғаныңыз.

Мұқан: (ентелей түсіп, үздіге)  Ешкімді қор санап тұрған жоқпын. Әркімнің жанына батар бір жарасы болады. Сол жараны емдеу үшінде адам деген пенде қолынан келгенін істеп қалмаушы ма еді. Бәтенге ойлаған ешқандай менің де жаманшылығым жоқ, бірақ, жүрегім сен деп тұрса оған не істейін?

Сақан: Аға дейін сізді, мені текке жылатпаңыз, сізде де мендей қарындасыңыз бар, көзі ашық, көкірегі ояу білімдар адамсыз. Қажымұрат екеуміз бір-бірімізге серт берген жандармыз...

Мұқан: (сөзін бөліп, айқайлап жібереді) Неменеге Қажымұрат, Қажымұрат дей қалдың әне, Қажымұратыңның үлкен ағасы Қытайға тығып қойған малын өткіземін деп жүргенде  біздің шекарашыларға ұсталып қалып, түрмеге түсті. Ертең сенің Қажымұратың да солай құриды, соны да түсінбейсің бе! Қажымұрат дейді ғой. Отырасың Қажымұраттың жесірі атанып.

Сақанның әкесі: (Мұқанның айқай салған дауысына елеңдеп жақындап келеді, анасы жүрек тұсын ұстап жасқанып отыр) Балам  Мұқан, бұл не айқай? Сақан да нең бар?

Мұқан: (қолын ұсынып) Ассалаумағалейкум аға! Менің қолымда Қажымұраттың Сақанның қалың малына төлеген көп малды сіздер Қытайға асырып жібердіпті деген ақпарат бар. Соның ізіне түсіп жүрмін. Оған не айтасыз ақсақал?

Әкесі: (сасып қап) О не дегенің? Соншама малды шекарадан қалай өткізеді деп тұрсың балам-ау. Оның үстіне Қажымұрат ешқандай қалың мал берген де емес.

Мұқан: Жарайды ақсақал, әзірше сөзіңізге сенейін. Негізі Сақанды Қажымұратқа ұзатпағаныңыз дұрыс.

Әкесі: (Түкке түсінбей үнсіз қалған кезде, тығылып тұрған ағасы сыртынан Мұқанға қаруын кезенеді. Бірақ атпайды) Ата жолымен атастырылған жастардың антын өздері бұзбаса, мен бұза алмаспын. (Кетіп қалады)

Сақан: (жағасын ұстап) Сөзіңіз қандай жаман, пиғылыңыз қандай арам еді. Бәрібір сізге әйел бола қоймаспын өйткенше, Қажымұратпен бірге мен де атылып өлермін.

Мұқан: Сақан сен асылық сөз айтпа, сен де бай-қажының қызысың, алты ағаңның бар екенін, олардың да тығып ұстап отырған малдарының бар екенін, жалғыз мына мен ғана білемін. Және қай сайдың ішінде ұстап отырғанын да ішім сезеді. Сондықтан текке мені күйдірмегейсің. Егер де ана алты ағаңды осы жерге байлап-матап әкелмесін десең, маған келісіміңді беріп, жарым боласың. Ал ана Қажымұратқа жолаушы болма-да. Ойлан, мен әлі талай келемін саған. (шығып кетеді де ағасы келеді)

Ағаcы: Сақанжан ана малғұн не іздеп жүр? Сенде несі бар. Сөз ләміне қарағанда біздің ізімізге түскен бе?

Сақан: (басындағы орамалын жұлып алып, көзін сүртіп) Ой Аллай, енді қайттім, шынымен де Мұқан  сіздердің іздеріңізге түскен секілді.  Байқауымша қолында ешқандай дерек жоқ секілді. Сіздер де қорықпай өз еріктеріңізбен қорқып қашып жүргендеріңізді, ешқандай мал тығып отырмағандарыңызды неге ашық айтпасқа. Ертең іс насырға шапса қиын болады ғой.

Әкесі: (таяп келіп) Әй, балам-ай қайда барсақ та НКВД-дан құтылмайтын сияқтымыз ғой.

Ағасы: Әке, қолды бір сілкіп бізде арғы бетке өтіп кетсек қайтеді, аштан өле қоймаспыз. Тіршілік істер едік.

Әкесі: Жоқ балам, ата-бабамның сүйегі осы жерде жатыр, енді қартайған шағымда елден, жерден безгенім құдайшылыққа жатпас. Несі болса да осы туған жерде көрермін. Сендер өздерің шешіңдер. Ал, маған басқа ел деп қолқа салмаңдар. Басқа елге барып сұлтан болғанымнан қайыршы болсам да өз елімде жүргенім әлде қайда жақсы. Қызым сен де, ұлым сендер де өз ақылдарың өздеріңде. Арғы бетке кеткен малға бола еш өкінбеңдер. Ертең Сақанжан Қажымұратқа қосылып жатса, кері қайтарып алуға да мүмкіншілік болар. Егер Совет үкіметі осылай тұра беретін болса, онда ол  малдың шетін де көрмейсіңдер. Менің көзім соған жетті.

Ағасы: Әке  сонда қаншама малымызды текке жібергеніміз бе?

Әкесі: Малым жанымыздың садақасы. Сендер аман болсаңдар мал қайда қашар дейсіңдер. Елден қалмай тіршілік істеп күнімізді көреміз. Кеткен малда береке...

Ағасы: Сақанжан мұнымыз еш ақылға қонбайтын дүние ғой. Соншама малды арғы бетке өткізіп жіберіп, өзіміз осында қалмақпыз ба!

Сақан: Аға, әкемнің сөзінің жаны бар. Кеткен малды аза тұтқанша, бастарыңыздың амандығын тілегендеріңіз жөн болар. Қытайға, одан басқа жерге жер ауып кеткендердің тағдырының не боларына кімнің көзі жетіпті. Туған жердің аты, туған жер ғой. Оның үстіне әке-шешемізде қасымызда.

Ағасы: Ал сен Қажымұратпен Қытай аспақшы болып отырсыңдар ғой.

Сақан: Жоқ, аға біз ешқайда да кетпейміз. Қажытайдың туыстарының барлығы сол жаққа кетіп қалды. Ол соған алаңдайды. Ал, негізгі ойымыз осы Қазақстанда қалмақшымыз. Әке, жүріңіздер үйге кіріңіздер, (аспанға қарап) күн жауайын деп келеді. (Бәрі шығып кетеді)

Кешкі мезгіл. Сол көрініс. Ақырын аяғын мысықша басып Қажымұрат ошақтың қасына келіп, жан-жағына бағдарлай қарап, ақырын ит болып үріп қояды, бір кезде үйден Сақан шығып, абайлап келіп, Қажымұрат екеуі құшақтасып табысады.

Сақан: Қажытай жаным, неге соншалықты жоғалып кеттің? Кел бір жерге тығылып отырайықшы, біреу-міреу көріп қалып сөзге қалармыз.

Қажымұрат: (оны құшағына ала) Қорықпа Сақыш, ешкім көрген жоқ, көрсе де ештеме айта қоймас, қазір заман басқа ғой.

Сақан: Қорқамын Қажытай, неге әке-шешең некемізді қиғанға асықпайды, оның үстіне  бүгін Мұқан менде өзінің ойы бар екенін д жасырмады.

Қажымұрат: (жан дауысы шыға айқайлап жіберіп, тез аузын баса қояды) Не дейді? Мұқан сөз айтты ма, сонда не сені тоқалдыққа аламын дей ме?

Сақан: Жоқ, Бәтенді талақ етіп тастаймын дейді. Балалары жоқ, сол үшін ғой деймін.

Қажымұрат: Нақұрыс, кедейдің көсегесін көгертем деп шапқылап жүріп тұқымынан айрылса, оған екеуміз кінәлі емес шығармыз. Оның саған көзін салғаны сұмдық екен.

Сақан: Сондықтанда асыққаның жөн болар. Қажытай мен қорқамын, тек тезірек тойды  жеделдету керек секілді.

Қажымұрат: Өзімде солай ойлап отырмын. Әкеммен сөйлесіп, келесі кездескенде нық шешімімді айтатын боламын. Асықпасақ болмас, оның үстіне үлкен ағам ұсталып қалып, әйтеу қашып құтылды.

Сақан: Солай ма, Мұқан маған оны түрмеге қамадық деді ғой.

Қажымұрат: Мұқан айта береді, ол Қытайға асып кетті.

Сақан: Мұқанның тым ашулы жүргеніне қараған да, тағы да байлардың үйлеріне тінту жүргізеді ғой деймін, санақ болады-ау осы. Шекарашылардан да маза кетіпті. Үнемі ат үстінен түспейтін болыпты.

Қажымұрат: (құшақтай түсіп) Оның бізге қырсығы тие қоймас. Сақыш жаным, мен тұрғанда ештемеден қорықпа. Екеумізге жететін малды Қытай асырып жібергенмін. Жаңа өкіметтегілер оны білмейді. Өздерінше бізді қатырдық дейді ғой, шынында да мен оларды қатырдым. Бәрі тынышталған соң ақырындап малды кейін қайтарып аламыз.

Сақан:  Ол ойың іске аса қойса жақсы ғой, ертең шекараны мүлдем адам қатынаспастай етіп жауып тастаса не болдық. Білмеймін Қажытай, әкемнің де шешемнің де бай адамдар екенін бәрі біледі, солар үшін қорқамын. Оның үстіне Мұқан ағаларымды тауып алғанға ұқсайды. Сол ағаларымды пайдаланып мені қолына түсіреме деп те қорқам.

Қажымұрат: Қорқа берсек бұға береміз, ал олар сұғына береді, сондықтан алаңдамауға тырыс. Мұқан НКВД ның сотруднигі екен деп аштан өлеміз бе, біз де ел қатарлы, жаңа өкіметке жұмыс істеп жүрміз ғой.

Сақан: Қайдам Қажытай, екеуміздің некемізді қиюлары тым созылып кетті. Соңы жақсылық болғай. Қой мен қайтайын әкем, тысқа шығып мені көріп қояр.

Қажымұрат: (қиыла) Тағы біраз отыра тұрайықшы Сақыш, кеше маған НКВД ға кімнен естіп келдің? Сен кіріп келгенде ,отырған орнымнан қуанғанымнан тұрып кете жаздадым ғой. Жүрегіңнің түгі бар қыз екенсің. Мұқанды шалқасынан түсіре жаздадың ғой.

Сақан: Сені алып бара жатқандарын көрдім де, шыдай алмай жетіп бардым. Енді біраз кешіккенде...жарайды, Қажытай қайтайық, Біраз отырдық қой, тағы кездесерміз.

Қажымұрат: Жарайды ертең осы уақытта тағы келермін. ( екеуі аймаласып  қоштасады)

Ештемеге алаң болма Сақыш.

Сақан үйіне кіріп, Қажымұрат шығып кеткен соң олар отырған жерге ақырын Мұқан келіп жайғасады.

Мұқан: (күрсіне) Сақан, Сақан артық кетпесең етті. Менің сөзімді жерге ұшырғандайсың ба қалай. Қажымұратың құсап, жүрегімді алақаныма ұстап, сеніменен аспандағы жұлдыздарды әңгімелей алмаймын. Оған тілім жетпейді. Ал шет жерге жібермей, қасымда қалдыруға бар күшімді саламын. Сеніменен қол ұстасып қыдыратын күн әлі-ақ туар. Оған мен асықпаймын. Сенің менің жарым болатындығыңа сенемін. Мейлі жүрегің Қажымұрат деп соқсын, соны ғана ойласын, болмысың менікі болса сол маған жетеді. Сотрудник деп жиркене қарағаныңмен жүрегіме үңілген кезде менің қандай адам екендігіме көзің жетер. Сен ойлағандай аждаһа емеспін. Қарапайым елі үшін түн ұйқысын төрт бөлген азаматтардың бірімін. (әскери адам келеді)

1-әс.адам: Мұқа, осында екенсіз ғой. Шекараны тағы тексеріп өттік, ана атаңа нәллет Үмбетбай Қытайға өтіп кеткен болуы керек, малын тастай қашыпты.

Мұқан: Үмбетбай кетсе кете берсін, ол бәрібір қайта оралады. Ана қолға түскен малын комиссия құрып, жылқыларын колхозға өткізіп, ұсақ малдарын кедейлерге таратып беріңдер. Ана Әйтектің ертең баласының жылдығы, соған бір қысыр сиыр болса беріңдерші, қатым түсірсін. Анау шеткі үйдегі Қатыш әжені білесің ғой, сол кісіге бір тоқтыны сойып, қатындарға ішек-қарнын тазартып апарғызып бер. Жалғыз баласынан қалған кішкентай немересіне қойдың шеміршек болып қатып қалған құйрығын сорғызып жүр. Сосын жатқан тұрған туылдырық болса апарып беріңдерші, үйінен су сорғалап, ішкені бойына жұқпай, азынап отыр. Сүбетәлі  үйіне көмектесуді ұмытпаңдар.  Сүбетәлі сені мен мені қорғаймын деп шекара түбінде оққа ұшқанын әсте естен шығармаңдар.

1-әс адам: Мұқа өзіміздің  сотрудниктердің нашар тұратындарына да  малдан бөлсек қайтеді, сіз келісер ме едіңіз?

Мұқан: Жоқ! Келіспес едім. Біздің  сотрудниктер  бүтін киім, тамақ тегін жалақыларына  аз да болса бидай алады. Астыларында аттары бар, ал ауыл адамдары оның қасында таза қайыршы.  Бір уыс бидайға жарымай отырғандары қаншама, сондықтан алдыменен балалы үйлерге бересіңдер, сосын шал-кемпірлерге, қалғанын колхозға өткізесіңдер. Үмбетбай әлі қайта оралып соғады, мұнда оның әке-шеше бауыры бар емес пе, соларға көз тігіңдер.

1-әскери адам: Жарайды Мұқа ,ендеше мен бара берейін. (кетеді, оған қарама-қарсы Бәтен шығады)

Мұқан: (сасып қап)  Бәтен,  сен бұл жерде не істеп жүрсің? Түннің бір уағы болды ғой. Жүре ғой үйге қайтайық.

Бәтен: Үйге қонбаған күйеуімді іздеуге қақым бар шығар, солай ма Мұқан, бұл жерде өзің не істеп жүрсің, Сақанның күзетшісіне айналып па едің? Түнде неге үйге қонбадың?

Мұқан: Жәй келдім, сосын сенің мазаңды алмайын деп, төбедегі шөптің үстіне жата кеттім.

Бәтен: Үйдегі төсекте мен жалғыз жатқанда, сен айды құшақтап, шөптің үстінде жаттың ба? Сенбеймін, сенің Сақанмен ыржалаңдасып сөйлесіп тұрғаныңды көрген адам бар, сен ауылда болғансың, енді оның есігіне телміріп тұрған тұрысың мынау! Түнде қайда болдың, соны білейін деп  сені іздеп шыққан бетім.

Мұқан: Мені не ,ойнап жүр ғой деп пе едің, халықтың қамымен жүрдім, айтып тұрмын ғой кеш келіп, үйге кірмей далаға қондым деп.

Бәтен: (кекете)Сақанды ұмытып кеттің бе?  Ал. Мына тұрған тұрысың не, жас қыздың терезесіне телміргенді дағдыңа алғанбысың? Әлде бар ойың осы қызға ауған ба? Үйде де,  сөзге де, төсекте де тастай суықсың. Маған қараған жанарың мен әрбір аузыңнан шыққан дыбыстан ызғырық есетінді шығарды. Мұқан саған не болған?

Мұқан: Естігің келіп тұр ма? Ендеше тыңда, екеуміздің үйленгенімізге алты жылдай уақыт болды, әлі шыр еткен нәрестенің дауысын естір емеспін.Тыңда, мен халық үшін қызымет етіп жүрген адаммын. Ел біреуі жақтаса, біреуі жамандайды. НКВД ның сотруднигін ешкім жаратпаған. Рас, қаталмын, байды аямаймын, кедейге көмектескенді, бергенді, өмірін жеңілдеткенді жақсы көремін. Бірақ,осының бәрі мені ұрпақсыз өтсін демеген шығар. Бойымда қаным тасып тұрғанда, ер кіндіктіден болған соң, ұрпағымды көргім келеді. Сондықтан да Сақанмен сөйлестім, маған күйеуге шық деп өтіндім. Естиін дегенің осы болса, мен де ештемені жасырғым келмеді, ренжіме.(Бәтен аузы ашылып, не істерін, не айтарын білмей, жерге сылқ етіп отыра кетеді)Кешір Бәтішжан, жаныңды ауыртайын дегем жоқ еді, осылай болды. Ауруды жасырған өледі демеушіме еді, мен жасыра алар емеспін. Оның үстіне жұрт сені емес, мені кінәлайды,«түкке жарамаған сотрудник»- деп, кешір.

Бәтен: Ендеше, мен жинала берейін, төркініме апарып таста. (Орнынан тұра берген кезде Мұқан келіп құшақтай алады)

Мұқан: Жоқ! Сен ешқайда кетпейсің, сен қасымда боласың. Мен сені ешқайда жібермеймін.

Бәтен: (күліп) Не, НКВД ың екі қатын алуға рұқсат беріп пе еді? Бұл мазағыңды қой, айрылысу  ойың болса, мен дайынмын. Бала таба алмаған екенмін деп, сенің мазағыңды көтере алмаймын.

Мұқан: (қатуланып)Сен ешқайда да кетпейсің, кетсем мен кетемін, бірақ сенің қасыңнан табыламын. Сені көзімнен таса етпеймін.

Бәтен: Жоқ, Мұқан оның бола қоймас, екеуміздің біреуміз ғана сенің қасыңда болармыз, әлде Сақан бәйбіше, мен тоқал болмақпын ба а?

Мұқан: Не десең о де, сені алысқа жібере алмаймын, бірақ Сақаннанда айрылмаймын.

Бәтен: Оныңа менде көне алмаймын, екі қатын алған сотрудникті қайдан көрдің? Қазір заман басқа, заң басқа. Әлде, заңды қонышынан басамын деген ойың ба?

Мұқан: Бәтіш, менің бір сөздің адамы екенімді білесің. Сақан менің балаларымның анасы болуы тиіс. Маған салмақ салма. Айтқанымды істе. Төркініңе барғанда көзге күйік боласың. Одан да маңайымда отырғаның  дұрыс болар.   Меніңде жүрегім екіге бөлініп отыр. Және айрылысуды тездетпесек, Сақаннан айрылып қалуым да мүмкін. Одан айрылсам, ол менің сүйегіме мәңгілік таңба болып қалады. Менің жұмыстарым бар, кешке үйден тос. (шығып кетеді)

Бәтен: (жыламсырап) Құдайым-ау бұл қай сұмдығың, Мұқан мені де қимайды, оданда айрылғысы келмейді, сонда не істемек? Құдай -оу, ақыл салсаңшы не істеймін енді, бала таппайтын әйел кімге керекпін? (қатуланып)Жоқ! Мұқан, сенің мазағыңа көне қоймаспын, мені бедеу деп басынсаң Сақан да неге бедеу болмасқа, осыдан менің үстіме қатын алатын болсаң, мен саған баланың исін искеттірмеспін. Айтқаным айтқан! (Шығады)

 

Сол көрініс, отын-сумен алысып жүрген Сақан, арсыл-күрсіл келе жатқан Мұқанды көріп қорқып қалады.

Мұқан: Сақанжан, қорықпа! Мен кісі жемеймін, кел отыр әңгімелесейік.

Сақан: Мен айтарымды кеше ғана сізге айтқам, басқа қосып аларым жоқ. Үйдегі үлкендер көріп қойса, масқара болармыз. Мен кетейін.

Мұқан: (Ұстай алып, тоқтатып) Сені жылатпаймын, құдалыққа кісі жіберейін келісіміңді бер, бақытсыз болмайсың.

Сақан: (кекете күліп) Бар бақытсыздықты басыма үйіп- төгіп отырғаныңызды білмей тұрсыз ба? Бәтен жеңешемді жылатқаныңыз аздай, енді менің көз жасымды көргіңіз келеме? Осы ауылда  қыз –қырқындар құрып қалды ма, Аға- дейін сізді,  біреудің атастырылып қойған қалыңдығымын,  сол адаммен ғана бақытты болатыныма  сенемін, сондықтан  бағыма қарсы тұрмаңызшы. Өтінемін!

Мұқан:  Бағың мен бақытың ана Үмбетбайдың інісі Қажымұрат па? Атастыру деген қазір жойылған, әлде қалың малды алып алып, шарасыздықтан оған күйеуге шығайын деп отырсың ба, а? Айтшы расымен де солай ма?

Сақан: Аға, атастырылудан бөлек, жақсы көру, махаббат деген сезімнің бар екенін ұмытқандайсыз ғой. Ия, Қажымұрат менің жүрегімнен мәңгі орын алған адам. Сізге деген менде тек қарындастық қана сезім болмақ. Басқасына қинамаңыз.

Мұқан:  (айқайлай сөйлеп) Мәңгілік,  Махаббат деген не,- ол ана алып отырған қалың малың сол ма махаббат?  әйтпесе неменеге Қажымұратқа жабысып қалдың? Менің саған беретін түгім жоқ, кедеймін, сосын қарсыласып отырсың ба? Сақан тыңда айтпасыма болмадың,  саған деген жүрегімде ерекше сезімнің бар екенін ауызбен айту маған қиынға соғар. Қиқар мінезді деп те ойлама. Мінезім осы, бетке айтамын, ештемені жасырып, болмаса мәймөңкелегенді ұнататын адам емеспін. Ертең әке-шешеңнің ,ана ағаларыңның тығулы малдарын  тапсам, аямаймын! Сол кезде менің алдыма жылап келуші болма, кеш болады. Ойлан, мен саған үйленбей бәрібір тынбаймын. Қажымұратыңнан күдеріңді үз, саған айтайын дегенім осы. Келесі кездескенде, шынайы жауабыңды алатын болайын. (кетеді)

Сақан:  Құдайым-ай енді қайттім, мынаның түрі жаман ағаларымды жазым етіп, әке-шешемді түрмеге отрғызудан тайынбайды. Ауылдағы аты шулы сотрудник. Қай қызға барса да тізе бүктіре алады. Бірақ көзінің маған түскенін көрмеймісің. (Анасы келеді)

АНАСЫ: Күнім-ау, бұл Мұқан неге біздің үйді жағалап кетті?  Қорқып қалдым, ботам, бірдемені ойластырып жүрген жоқ па өзі?

Сақан: (Анасын құшақтап) Апа, Қажымұраттың үй-іші некемізді тым кешіктіріп жіберді. Ертең Мұқан бір шу шығарама деп қорқамын. Маған көзін тігіп жүрген секілді.

АНАСЫ: (Тіксіне) О не дегенің балам? Онда құрығанымыз! Мұқан бұл жердің ой-қырын жақсы білетін ізшіл адам. Ағаларыңның тығылып отырған жерін ендігі тауып та алған шығар. Бұл сұмдық болды ғой. Енді қайттік? Әкең біле ме?

Сақан: Әкем түсінді. Егжей-тегжейін білмейді.  (Анасы орнынан тұра бере)

Анасы: Әкеңе сөйлесейін балам, ол не айтар екен. Жиналмасақ болмас. (Аяңдап үйіне кіріп кетеді)

Осы кезде  өтіп бара жатқан Бәтеннің көзі Сақанға түседі. Бұл кезде Сақан көзіне келген жасты сүртіп  үлгіреді.

Бәтен: Жыла, жылай түс, әлі Мұқан бір көзіңнен жас, бір көзіңнен қан ағызар, жылай түс. Жылайтының бар, неменеге  менің байыммен ауыз жаласып сөйлесесің? Кет әрі! - деп неге айқайлап қуып шықпайсың. Әлде,  оған тиіп, Қажымұратыңды босағада ұстайын деппең?

Сақан: Жеңеше, өзіңіз неге ағаға қой - деп айтпайсыз, мен де несі бар? Басқалар құрып қалды ма?

Бәтен: Мұқанның айтуынша оған бала табатын қатын керек көрінеді, егер де сол үйдің босағасынан аттайтын болсаң Сақан, балаңды тудырмастан көзін құртамын. Мені зарлататын болсаңдар, Екеуіңе  бала сүйіп, жақсы өмір сүргізбеймін!

Сақан: Жеңеше-ау, құлдығыңыз болайы, мені құтқарыңызшы. Сізге қарыздар болмаспын.

Бәтен:  А-а солай ма. Сорың сорпадай қайнамай тұрғаныңда, ана ғашығың Қажымұратпен бірге Қытайға қашып кет. Ертең шекара мүлдем жабылған кезде, үлгермей қалып жүрмеңдер. (кетеді)

Сақан:  Расында да Қажымұратпен арғы бетке өтіп кетсем қайтеді а! Онда, онда  әке-шеше, ағаларымды қайтпекпін. Тірі өлік болады ғой.

(Осы кезде бір бала  жан - жағына ұрлана, бұқпантайлап келеді).

Бала:  Әпеке, мені сізге Қажытай ағам жіберді. Мен Үмбетбайдың ортаншысымын. Ағам  осыдан  екі күн бұрын Қытайға өтіп, ондағы туыс туғандармен кездесіп, сізді алып-қашуды жоспарлады. Сізге даяр болсын, бүгін- ертең бір топ кісімен келіп, түнделетіп, арғы бетке өтеміз деп тапсырды. Мені сізге осыны айт деп жіберді.

Сақан:  Шынымен де даяр болсын деп тапсырды ма. Мен қашанда дайынмын ғой.

 

Дала. Таулы жер. Шатқалдың іші. От жағып оны қоршай отырған төрт-бес адамдар, түстері суық, дауыстарында ызғар бар, орталарында Қажымұрат:

Қажымұрат: Міне, ағайын бар мән-жайға қанық болдыңыздар, Сақансыз мен бұл жерден кете алмаймын, онсыз маған өмір жоқ, көмектесемін десеңдер мен дайынмын.

Үмбетбай: Қажымұрат Сақан білеме сенің не ойлағаныңды, ертең арғы бетке өткен соң жылап жүрмей ме?

2-ші кісі: Иә  Қажымұрат, оның үстіне шекараны мүлде жабады деген қауесет сөз бар, ертең бір-бірімізден мәңгі көз жазып қаламыз ба деген қорқынышта жоқ емес.

Қажымұрат: Сақан біледі, оған құлаққағыс етіп айтқанмын... (осы кезде қасында үш-төрт адамы бар Мұқан сыртынан тың тыңдап кеп қалады)..Мен оған қашан қашатынымызды айтып даярлап қойдым, ол дайын мені күтіп отыр.

Үмбетбай: Алла амандығын берсе, Сақанды әке-шешесімен бірге ауылдан бірақ алып шығуымыз керек. Оларды мына асуға әкелгенше балаларым мен әйелім Қытайдың жеріне еніп те кетеді.

2-ші кісі: Үмбетбай осы жерде туып, осы жерде өстік. Байдың тұқымысың деп көрсетпегенді көрсетті. Осы ауылға от қойып, өртеп кетсем де өкінбес едім.

Үмбетбай: Жоқ, достым. Алла атымен ант етейін, біз әлі елімізге келеміз. Бес жыл мейлі жиырма жыл өтсін. Қалайша жат елде сүйегімізді қалдырмақпыз. Туған жердің топырағы ғана бізге пана болар. Бұның бәрі уақытша нәрсе. Сондықтан қолымызды былғап не қылайық. Ал, жиналайық. Уақыт болды.

(Тап осы кезде Мұқан наганын ұстап ортаға атып шығады).

Мұқан: Қолдарыңды көтеріңдер! А өзіміздің қашқындар екен ғой, Отанын сатқан опасыздар жиналып қалған екен ғой. Не Қытай сендерге қонақжайлылық көрсетпеген соң қайта қашып келдіңдер ме?

1-2 кісілер қосарлана: Мынау қайдан сайтандай сап ете қалды!

Үмбетбай:  Әй, Мұқан! Сенің заманың туып тұр ғой, бірақ астамшылыққа барма. Аларыңды алып ту-талақайын шығарып бізді қаңғытып жібердің. Өз еліміз өзімізге өгейдей көрінгесін кеттік. Әйтпесе туған туыстарды тастап жетіскеннен кетті ғой дейсіңдер ме?

Мұқан: (Әр қайсысына таяп кеп) А, Үмбетбай сенбісің..сені қашырған мен немесе ел емес, малыңды біздер тартып алады деп  қорыққаныңнан қаштың, қайда сол малың.? Бәрібір елде қалды. Сен, Тайлақсың ғой, кезінде байдың есігінде жүрген құл едің, ақыры он қой, бес сиырды байлық санап мыналардың соңынан еріп кеттің. Қытайда қалай екен, сені нағашысы келгендей күтіп жатырма а? А Қажымұрат Сақанды мыналардың көмегімен әкеткелі жүр екенсің ғой. Сырың енді белгілі болды. Үмбетбай! Бір ауылдағы қырық үйдің жиырмасын соңыңнан ертіп әкеттің. Сен солардың тағдырларына жауап бере аласың ба! Әке-шешесін тастап ұлы, бауырларын тастап қызы, туыстарын тастап келіні сенің соңыңнан кетті. Совет үкіметі кедейлерге теңдік беріп, бай мен кедейді теңестіргенін неге ұқпайсыңдар! Өмірі жарымаған қу кедейдің қамбасы бидайға, қорасы малға толып,  әлі-ақ жақсы өмір сүріп кететіндеріңе неге сенбейсіңдер!  Қытайға қаштыңдар Тайлақ! Мына байдың тұқымынан не жақсылық көріп кеттің. Сол таз қалпың. Қытай сендерге құшағын айқара  ашады дегенге бала да сенбес. Үмбетбай қайда барса да сыйып кетеді, өйткені оның малы жетерлік. Ал, Тайлақ сенің малың неге жетпек. Осыны неге түсінбейсіңдер. Әлі де кеш емес. Беріліңдер! Елге оралыңдар. Үкімет сендерге кешірім беріп, ел қатарлы өмір сүретін боласыңдар.

Үмбетбай: Сен олай бұлбұлша сайрама Мұқан. Ешкім туған жерін тастап текке жер аумайды. Қолымыздағы жиған-терген бар малымызды конфискелеп  алғандарың аздай, ақ қанатты ақ үйлеріміз бен әкемізден қалған жерімізге дейін кедейлерге бір тілімнен таратып бердіңдер. Маңдай терімізбен  тапқан малымызды өзімізге бұйыртпадыңдар. Советіңнің әкелген жақсылығы осы ма!

Мұқан: Сол жақсылық пен байлық кімнің арқасында келді Үмбетбай! Мына Тайлақ пен ана басқа кедейлердің еңбектерінің арқасында келгенін ұқпай тұрмысың. Бұл байғұстар қысы-жазы малыңның соңында жүріп, алатыны бір ешкі лағымен, ары кеткенде бір қойды қозысымен әрең беруші едіңдер ғой. Енді көсемси қалыпсың. Өкімет текке кедейді жақтамайды. Олар біледі кімнің ақ, кімнің қара екенін!

(осы кезде Қажымұрат жылжып Мұқанға  жақын келеді, ойы алыса кетіп жолдастарын құтқару. Қоршап тұрған Мұқанның кісілеріне байқатпай, жолдастарына ымдаған Қажымұрат атылып барып, Мұқанның қолындағы наганға жармасады, қалғандарыда алыса кетіп, Мұқанның кісілерін өзімен қосып сабап тастайды).

Үмбетбай: Қажымұрат саған енді Қазақстанда қалуға болмайды мына Мұқан құртып жібереді, бізбен бірге арғы бетке өтіп кет. Ертең тынышталған соң бірдеме қылып қайта соғарсың.

2-ші кісі: Қажытай болар іс болды ,енді Мұқан ешкімді де аямайды. Сақаныңды әкетерсің ,тек қазір емес, кеттік сен енді мұнда қала алмайсың.

Қажымұрат: (жерге отыра кетіп) Мен бе! Мен ешқайда да кетпеймін. Сақансыз бұл жерден ешқайда кете алмаймын. Ағатай! Құлдығың болайын, бірдеме ойластыршы, Сақанды алып келейінші. Бүгіннен қалғаным,  одан айрылғаным ғой, қалайша оны тастап кетемін, ол не ойлайды, ағатайлар не істеймін? Сақансыз қалай ар жаққа өтемін, онсыз жалғыз өткенше, сүйегім осы жерде қалсын өлгенім артық.

3-ші кісі.Сақанның бұл жақта туыстары бар, оған жеңілдеу тиер, уақыт көтерсе келіп алып кетерсің. Қазір біздің жолымызды бөгеме, кеттік бізбен бірге жүр. Саған мұнда қалуға болмайды. Мұқан сені түрмеде шірітеді.

Қажымұрат: (шырылдай жылап) Не істеймін ағатайлар, Сақансыз қалай елден, туған жерден кетемін, не деп кетемін. Мені қалдырып кетіңіздерші, мен бара алмаймын. Қаламын. Не көрсемде Сақанның қасында боламын, сонымен бірге көремін.

2-ші кісі: Әй,Үмбетбай мына бауырың қалса, біздің бар шикіліктеріміз ашылып қалуы мүмкін, сондықтан ақылыңды айтып тездетіп алып кетейік. Бол жылдамдат.

Үмбетбай: Қажытай, сен жігіт емессің бе, кеселің енді бізге де тиюі мүмкін, кеттік! Мұқан ізіміздің бәрін білген екен. Енді ешқайда қашып құтыла алмаймыз.

Қажымұрат: Жоқ ағалар кешіріңіздер, мен елден кете алмаймын, маған ренжімеңіздер, мен осында Сақанның қасында қалуға белімді байладым, Мейлі түрмеде шіриін, бәрібір бұл өз елім ғой, өз топрағым.

Үмбетбай: (Қажымұраттың артқы жағынан келіп, оны басынан ұрып құлатады) Көтеріңдер жігіттер, кеттік, онсызда біз кеш қалуымыз мүмкін.

3-ші кісі: Тоқтаңдар! мына жатқан Мұқанда әкемнің кегі бар еді, енді мұны көрмеспін, мен қазір.. (қалтасынан наганын алып атқалы жатқанда, оның қолын Үмбетбай қағып жібереді)

Үмбетбай: Жындандың ба, мылтықтың дауысына қазір бүкіл шекара оянады, кеттік. (сонда да кетіп бара жатып 3-ші кісі Мұқанды аямай тепкілеп кетеді)

 

Сақанның ауласы. Қалың ойға кетіп Сақан  май шайқап жатыр. Қасында екі кісісі бар Мұқан шығады, түрі өрт сөндіргендей сұрланып кеткен. Басын таңып алған. Сақан шошып кетіп, орнынан атып тұрады. Үйден ата-анасы жүгіріп шығады.

Мұқан:  Сақан! Қажымұрат екеуің қашан қашпақшы едіңдер, бүгін бе, әлде ертең бе?

Сақан: Сіз неменені бықсытып тұрсыз, қайда қашпақшы болыппын ?

Мұқан: Түк білмей қалуын, бүгін қашпақшы болдыңдар ма? Бар кете ғой, Қажымұратыңның артынан. Бірақ ол сенсіз түнде өзі қашып кетті. Әлде тағы келуші ме еді?.

Сақан: Қашып кетті? Қайда дейді?

Әкесі: Мұқан бұл не қылғаның, құдайдан қорықсаң етті. Сақанды неге қорқытасың? Оның кінәсі не?

Анасы: Қызымыздың мазасын жиі алып кеттің Мұқан, шыдамның да шегі бар. Ертең үстіңнен арыз алып  төрелеріңе барамын. Сен тым дандайсып  барасың. Әр нәрсенің орны бар балам! Бай-қажысың деп бізді аз қажап жүрген жоқсың. Ендігің тым артық!

Мұқан: (басылып) Кешіріңіздер.  Түнде Үмбетбай ар жақтан өтіп келіп, Қажымұратпен ақылдасып отырғаны үстінен түстім. Өкінішке орай олар көп еді де біз аз едік. Олар соны пайдаланып, өзімізді соққыға жығып, Қажымұрат түнде Қытайға қашып кетті.

Сақан, әке-шешесі: Не дейді!?

Мұқан: Қорықпа, ол аман. Бірақ, ол саған жоқ. Осыған көзім жетті. Олардың іздерін бәрін жауып тастадым. Құпия өтіп жүрген жерлерін де біліп алдым. Мен енді оларға  Қазақстанның бір адым жерін бастырмаспын! (ақырын, Сақанның құлағының түбіне сыбырлай сөйлеп) әке-шешеңе құда түсер жайым жоқ, тойға дайындал! Үш күннен соң алып кетемін. (кісілерімен шығып кетеді).

Сақан: (теңселіп кетеді) Мына найсап не деп кетті? Қажытай мені тастап қашып кетті дей ме мүмкін емес, оның қашып кетуі. Бірақ, Мұқан неге басын таңып алған, шыныменен түнде  сұмдық оқиға болғанға ұқсайды, енді қайттім Қажытай, шыныменен мені Мұқанның талауына тастап кеткенің бе?(жылайды)Сенде осындай опасыз, сатқын ба едің. Қажытай біздің махаббатымыздың күл-паршасын шығарып қашып кететіндей не басыңа күн туды. Мені  қайда қалдырып кеттің?

 ( Ата-анасы қолдарынан еш  шара келмеген соң ақырын күйзеле  үйді айналып кетеді. Осы кезде бір жігіт келеді, өзі жан-жағына жалтақтап қатты алаңдаулы, артында аңдушы жоғына көзі жеткен соң барып Сақанға келеді)

Бала: Сақан апа бүгін түнде Қажымұрат ағамдарды Мұқанның шекарашылары ұстап алған екен, сол жерде төбелесіп отырып, Мұқандарды соққыға жығып олар арғы бетке өтіп кетіпті. Қажымұрат ағам кетпеймін деген екен, Мұқан өлтіреді немесе түрмеде шірітеді деп өздерімен зорлық қылғандай етіп алып кетіпті. Содан әкем, сізге сәлем айтып жіберді:- Егер Қажымұратпен мәңгілік бірге боламын десе, бүгін түнде менімен еріп кетесіз, мен сізді арғы бетке алып өтемін. Ол жақтан сізді Қажымұрат ағам күтіп алады. Келіспесеңіз оныңызды айтыңыз мен сәлеміңізді бұлжытпай жеткіземін.

Сақан: (абырыжып) Тоқташы балақай тоқташы, өзі Қажымұрат аман ба? Өзімен тілдесе алдың ба? Өзі не дейді?

Бала: Өзі ештеме демейді, өйткені түнде кетпеймін деп отырып алған соң әкем оны басынан ұрып, талдырып алып кетіпті. Мен сізге тек әкемнің ғана сәлемін айтып отырмын. Егерде Қажымұрат ағатайыммен бірге боламын десеңіз апа, мен сізді Ақбұлақтың түбінде күтетін боламын. Түнгі бірлер де  екіге дейін күтемін, оғанға дейін келмесеңіз, мен өзім өтіп кете беремін.

Сақан: Тоқташы, сен не айтып кеттің, сенің әке-шешең, басқа да туған-туыстарың қайда қалмақ?

Бала: Бүгін түнде шешеммен басқа туыстарымды алып өтпекпін. Әкем сол жақта қалды ғой.Жарайды мен асығыс едім, апа несі болса да мен сізді түнгі екіге дейін ғана күте аламын. Одан қалсаңыз қалып қалдыңыз, тек дымыңыз ішіңізде болсын жарай ма мен кетейін. (жүгіріп шығып кетеді)

Сақан: Шыныменен мына жұдырықтай бала мені мен туыстарын шекарадан алып өтпекші ме екен.  Енді қайттім? Кетіп қалсам, әке-шеше ,ағаларым не болады? Қажытайсыз қалай өмір сүремін. Егерде  кетпей қалсам Мұқанның қолына түсіп қор боламын. Кетсем  Қажытайыма қосылып қалармын. Бірақ әке-шешемді қалай қиып кетермін. Не істедім, не істеймін.

Мына балаға еріп кетсем бе екен, әлде ақырын күтейін бе? Егер бүгіннен қалсам, мәңгі осы жақта жалғыз қалып қоям ғой, онда Қажытайымды  мүлде көре алмаймын.  Енді қайттім..,жоқ, Мұқанның аяғына тапталғанша, неде болса нар тәуекел, ата-бабамның аруақтары қолдай көр, мен Қажымұратпен ғана бақытты бола аламын. Сондықтан да арғы бетке өтуге бел шештім. Ата-анам, ағаларым мені кешірер, қыз бала-жат жұрттық демеуші ме еді.  Неде болса да кетейін, кетіп қалайын. (Ол   шығып кетеді.)

 

Сахнаға Мұқан қасындағы сотрудниктерімен қайта шығады.

Мұқан: Байқадыңдар ма жігіттер. Аулымызда әлі де байлардың тыңшыларының жүргенін. Шекараға өте сақ болғанымыз жөн. Мен білетін Жылқыөтпес, Сауырдың шатқалдарына жансыздарымызды қоймасақ болар емес. Байлар өздері арғы бетке өтіп кеткендерімен қоймай, кедей жалшыларын да әкетуде. Ең бастысы, халықтың әл-ауқатына көмектесеміз десек, бір аша тұяқты шекарадан өткізбеуіміз қажет.

1-әскери адам: Жолдас нашандік!  Түндегі оқиғадан кейін олар біразға дейін  тыншиды. Дегенмен Жолдының ұлдарының  қайда тығылып отырғанын таптық. Малдары да санаулы ғана екен. Өздері неден қорқып қашып жүргендерін түкке түсінбеймін.

Мұқан: (күліп) Олар өздерінің көлеңкесінен қорқып жүр. Әкесі конфискеге алынған соң бізді де құртады деп ойлап қалса керек. Негізі олар кезіксе соқтықпаңдар. Үйлеріне келе берсін. Олардан келіп-кетер қауіп жоқ.

1- әскери адам: Мұқа ана Үмбетбайдың баласын не істейміз. Арғы бетпен байланыс жасап тұрған осы бала секілді.

Мұқан: Жүре тұрсын, олардың қай жолмен өтіп жүргендерін сезіп қалдым. (Үнсіздік) Жолдастар, тағы айтамын сақ болайық. Халықтың қорасындағы малдардың санын алыңдар, еніне назар салыңдар. Бұның бәрін байқатпай істеңдер. Қазір боссыңдар! Демалыңдар. Бәйкеш сен қал. (Бәрі шығып кетеді. Бәйкеш екеуі оңаша) Бәйкеш, наганыңа оқты толтырып алғайсың, жолға дайындал, ертеңдер арғы бетке өтетін жолды тексереміз, мүмкіндік туса, бізде өтіп көрейік. Ешкім білмесін. (Бәйкеш шығып кетеді де Мұқан бір жерге жасырынады)

Бүгін Сақан бір нәрсе ойлап табуы мүмкін. Ешқайда ұзамай осы түн Сақан үйін күзетуім керек.

 Бұл кезде қолында түйіншегі бар, басына орамал тартқан Сақан аяғын мысықша басып үйінен шығып келеді. Үйді айнала беріп, тізесін бүгіп, басын иіп тәжім етеді де жерден бір уыс топырақ алып,  оны шытына түйіп алады)

Сақан: Қош бол туған жер, қош болыңдар әке-шеше, туыстар қош болыңдар. Мені сөкпеңдер, бір шіріген жұмыртқа болды деп ойлаңдар. Өйткені,  белімді бекем буып сүйіктімнің соңынан арғы бетке кетіп барамын. Сендерді тағдырдың талқысына салып кетсем айып етпеңдер. Қош болыңдар, маған тек қана бақыт тілесеңдер екен. (Орнынан тұра берген кезде, Мұқан шығады. Сақан тұрған жерінде қатып қалады)

Мұқан:  Сақан шыққан жолың өте ұзақ болады. Сондықтан бір қарын майды атыңның артына байлап алсаң, шөлдегенде шөліңді басады. Қарныңды да ашырмайды. Арғы бетке өтетіндер өздерімен тек қана бір қарын май ғана алады. Ал сенің қолыңда бір уыс топырақтан басқа ештеме көрінбейді ғой.  Кіміңе сеніп құр қол кетіп барасың?  Менің өзіңе деген сезіміме сенбегенің ғой сонда солай ма? Қажымұратқа шыныменен әке-шешеңді, туыстарыңды тастап кетіп бара жатқаныңа қарағанда, сендердің сезімдерің  тым тереңде екен.   Иә, Ертеңіңе сенімді болсаң, жолыңа бөгет болмаймын. Тек бірауыз сөзіңді естігім келеді. Шыныменен мен деген де жүрегің бір бүлк етпеді ме, жасырмай шыныңды айтшы.

Сақан:  Аға! Сіз халықтың қамын ойлаған адамсыз. Астыңыздағы атыңызбен бүкіл Тарбағатай жерін тарпып, адуынды мінезіңізбен халықты тыпыр еткізбей бір жұмылдырықтай біріктіріп, басыңызды бәйгеге тіккен адамсыз. Осы үшін сізді қатты силаймын. Сіздің азаматтығыңыз бір төбе де, Бәтен тәтем бір төбе. Осы екеуіңе де зияным тимесе екен деп ойлаймын. Сондықтан мені түсінгеніңізге рахмет.

Мұқан: Соныменен бүгін кетпекшімісің, бақытың ашылсын Сақан. Тек жыламай жүр. (Ол оның қолынан ұзақ ұстап тұрып қалады)

Сақан : Сізге Алла разы болсын аға! Бәтен тәтем екеуіңіз әлі-ақ бақытты болып кетесіздер.

Мұқан: Жарайды, көп қасыңда тұра берсем, ойымнан айнып қалармын. Кетейін. (жылдамдата басып шығып кетеді)     

Сақан сылқ етіп жерге отыра кетеді.

Сақан: Бұл кісінің неғып маған жүрегі жібіп кетті екен ә? Әлде, бірдемені сезді ме. Олай болса бәрі бітті, болды.  Соңымнан ерсе, Қажымұратты да ұстап беруім ғажап емес. Сондықтан ешқайда бармай үйде отыруым керек. Әлгі бала ше? Ол менсіз арғы бетке өтіп кетсе, Қажытаймен мәңгі қоштасқаным ғой!  Егер де Қажытай саған жете алмай жатсам, мені сөкпе. Сені өмір бақи ұмытпасқа ант етемін, қош бол жаным, Қажытай қош бол!

ТҮн.  Сахнаның  төр жағы айқыш-ұйқыш таулардың суретімен безендірілген. Сахнада да әр жерде тастар мен жартастар орын алған.  Бір жерде Қытай жері деген таңаба ілінген. Осы тастардың арасымен Бәйкеш пен Мұқан аяқтарын мысықша басып келе жатыр. Бұл Қытай мен Қазақстанның түйіскен жері.

Бәйкеш:  Мұқан аға мына Қытайдың жеріндегілер қазақтар болмай қытайлар болып кетсе не істейміз. Екеуміздің шамамыз неге жетеді.

Мұқан: Саспа Бәйкеш, сассаң алдырасың! Осы тұста біздің ауылдың қазақтары мал жайып, күндерін көріп отыр. Жүр, анау жарық шыққан жаққа қарай жақындайық. (тоқтай қалып) Мәссаған мына жерде бүкіл ауыл отыр ғой. Бұлар ішкері қарай өтпеген бе, әлде өткізбеді ме екен ә?

Сахнаның ортасына қарай Мұқан мен Бәкеш мысықша басып  жақындаған кезде  ит үріп, ауыл шулап кетеді. Ақыры қашып шетке шыққан Мұқан мен Бәйкешке  жартастың үстінен төрт-бес адам қарғып шығып Мұқандармен алыса кетеді. Солардың біреуі Қажымұрат.  Олар Мұқандарды соққыға жығып тастайды.

Қажымұрат:  (Орнынан тұрғызып, бетіне үңіле қарап)  О құдайдың құдіреті! Мынаны қараңдар! Мынау сотрудник Мұқан мен Бәйкеш қой! Аға деп те көрдім, сыйладым да. Ақыры елімнен бездіріп Қытайға қуып тықтыңыз. Енді мен сізді бұл жерден тірі жібермеспін. Екеуміздің де өлігіміз осы жерде қалады. (Наганын суырып алып оқталады. Бәрі қалт тұра қалысады.)

Үмбетбай: Қажытай асылық етпе бауырым, біреудің қанын жүктеген оңай емес.

2-кісі: Қажымұрат мылтықтың дауысы естілетін болса, қазір біздерді қытайлар қырып салады. Осыны ойла.

Үмбетбай: Мұқан, бұл жақта сен не іздеп жүрсің, сенің мекенің арғы жақта қалған жоқ па, әлде сен Қытайдың жансызы ма едің?

Мұқан: (аузынан аққан қанды сүртіп жатып) Сендердің сүрлеу жолдарыңды таптым. Үмбетбай, ақымақтыққа салынбаңдар әне, үйлеріңде қытайдың солдаттары мәз болып етіңді жеп, қымызыңды ішіп отыр. Сол қымызды біздегі туыстарың ішсе көп болып кетті ме. Елге қайтыңдар. Басқа елде сені ешкім сұлтан қыла алмайды. Осыны түсініңдер. Егер елге қайтамын десеңдер, бұл жақта құжатпен көмектесетін адамдар бар. Көмектеседі. Елден, жерден безінбеңдер. Мына өмірлерің өмір емес бауырым. (Осы кезде біреуі атылып келіп Мұқанды тағы ұшырып түсіреді)

3-ші кісі: Иттің баласы, НКВД-інің сатылған иті. Сендер болмасаңдар, біздер тыныш өмір сүріп жатқан жоқпа едік. Кедейді бай, байды кедей қыламыз деп шапқыладыңдар. Ақыры елімізден бездірдіңдер. Жетіскеннен кетті ғой деймісіңдер а.

Бәйкеш: (Араша түсіп)Ағайындар, Мұқан өзіне тапсырылған жұмысты атқарып отырған адам. Ол да өздерің секілді, ет пен сүйектен жаратылған пенде. Айыбы кедейлерге көмектесуі. Сіздердің мына жақта Қытайлықтарға бодан болғандарыңыздан, өз еліңізде кедей болғаныңыз әлде қайда артық. Мен де Мұқанды қостаймын, елге қайтыңыздар. Біз өткен шатқалдағы сүрлеуді ешкім білмейтін секілді. Сол шатқалмен кері қайтсаңыздар, елде өзіміз көмектесеміз.

Біз де бұл жаққа еріккеннен өткеміз жоқ. Көшті тоқтатайық деп келдік. Туған жердің топырағы сол жерде туғандар үшін қажет. Бізді босатыңыздар.

Қажымұрат: Тірідей бұл жерден кетірмеймін.

Мұқан: Қажымұрат тісіңді текке қайра ма, маған жалғыз сенің кеткенің емес, бүкіл ауылдың көшкені жаныма батады. Екі-үш үй көшсеңдер бұл жаққа келмес те едім. Отыз үш үй бір түнде өтіп кетті. Тағы айтамын ағайындар қолымнан келген көмекті жасап бағармын, елге қайтыңдар. Біз келген жолды осылай қарай өтемін дегендер үшін бекітемін, ал елге ораламын дегендер үшін ашық. Таяу арада шекара мүлде жабылады. Мияулаған мысық өте алмастай болып жабылады деген сөз бар. Тезірек ойланып, шешімдеріңді де жылдамдатыңдар.

Үмбетбай: Ол жақта біздің малымыз бен жанымызға тиіспеймін дейтін пенде табыла ма?

Мұқан: Ей, Үмбетбай малың жаныңның садақасы екенін неге түсінбейсің? Қашанғы малмен бірге малға айналып, осылай жер ауып жүре бермексің. Сендер қазір Кеңес үкіметіне өкпелісіңдер, бірақ, біраз уақыт өткен соң бармақтарыңды тістеп өкінесіңдер ғой. Туған жердің топырағы қашанда ыстық екенін ұмыттыңдар ма! Мен де басымды бәйгіге тігіп еріккеннен осылай қарай өтті ғой деп ойлайсыңдар ма, сендерді кері қайтарғым келеді. Үмбетбай мына көшіп келген отыз үй ағайындардың барлығы сенің аузыңа қарап отырғанын білемін. Баласын әке-шешесінен, қарындасын ағасынан, әйелін күйеуінен ажыратпа!...

Бәйкеш: Шынында да Қажымұрат, Үмбетбай осы өмірді Қазақстанда да сүрдіңдер ғой. Несіне арам тер болып қытайлықтарға  бодан болмақсыңдар. Мұқан ағаның сөзінің жаны бар, елге қайтыңдар. Әлі де кеш емес. Құжаттарыңды өзіміз ыңғайластырамыз. Әзірге шекараны түбегейлі жаппай тұрғанда ойланғандарың дұрыс қой.

Қажымұрат: (Бәйкешті оңаша қолынан жетектеп алып шығады) Бәйкеш, Сақаннан не хабарың бар. Мұқан оған тісін қайрап өш алып жүрген жоқ па?

Бәйкеш: Сенің қытайға кеткенің оған оңай тиіп жүрген жоқ. Әйтеу несі болса да ішінде, көп сыртқа, ел көзіне көріне бермейді. Үйінде деп естідім.

Мұқан: Таң қылаң бергенше шекарадан өтіп кетуіміз керек. Артымыздан оқ атып, қиқуласаңдар сол оқ өздеріңе қайтадан тиеді. Шекараның түбінде оқ шығаруға болмайтынын жақсы білетін шығарсыңдар. Үмбетбай үш күннің ішінде ойланып-толғанып кері қайтуыңа бар мүмкіншілікті беремін. Мына халықты жылатпа! Елінен айырма! Кері қайтар! Ағайындар! Үмбетбайдың сөзі мен бос уәдесіне еріп кеткендеріңді білемін. Бірақ, әркім өз басы үшін жауапты. Сіздердің қолдарыңызда үш күн мұрсат бар. Ойланыңыздар!

Бәйкеш: Бізді ерігіп жүр демеңіздер. Шекарадан ары бері өту оңай да емес. Кеңес үкіметі кедейлерді жарылқап, байларды да жұмысқа саламын десе, теңдіктің болғаны да. Бай малын санап, кедей сол малды бақсын деген қағиданы жаңа үкімет жоққа шығарса ол сіздер секілді кедейлерді жақтағаны да.

1-кедей: (малақайын қолына ұстай тұрып) расында да Бәйкеш сөзіңнің жаны бар, осы жаққа бекер өттімбе деп өзім де өкініп жүрмін. Кері қайтсам мені түрмеге отырғызбай ма?

Үмбетбай: (кекете) Жоқ, басыңнан сипап, байдың құйыршығы қайтадан кепті ғой деп жаңа үкімет сені төріне нәшәндік қылып отырғызады.

Мұқан: Үмбетбай, сен өйтіп кекетпе, кедей үшін де, бай үшін де туған жерден артық жер жоқ. Ертең ұрпағың қытайшалап, етегіңе намазың оқылғанда саусағыңды тістейтін боласың. Еле қайтамын дегендеріңіз болса, еріңіздер соңымыздан, не болса да елімізде көреміз. Қолымыздан келгенше оттан да, оқтан да аман алып қалуға тырысамыз. Мына шиттей балаларыңыздың болашағын ойлаңыздар, ағайын-туғандардан безініп, шет жерде қарық боламыз десеңіздер ол жаңсақтық. Еріңіздер, шекарадан бірге кері  өтейік, басқа түскенді бірге көтереміз.

  (Екеуі орындарынан  тұрған кезде бірнеше кедейлер де жинала бастайды. Мұны көрген Қажымұрат ту сыртынан мылтығын кезейді.

Қажымұрат: Жоқ, Мұқан мен сендерді де , мына құлдарды да ешқайда тірідей жібермеймін. Бұл жерде сүйектерің шіріп қалады.

Мұқан: (кеудесін оққа төсеп) Ат! Қажымұрат  жүрегіңді түк баспаса ат! Сендердің қолдарыңнан қорқытып, кедейлерді ұстау, немесе адам өлтіру ғана келеді емес пе. Ат, нағыз байдың тұқымы екенің рас болса қане көрсет дүйім жұртқа өзіңнің қажының ұрпағы екеніңді.

Қажымұрат: Әй әкеңнің! (мылтығын кезеніп ата берген кезде, оны Үмбетбай қолынан ұстап атқызбайды).

Үмбетбай: Мұқан, Бәйкеш  келген жақтарына қайтады, ал осы жаққа бізбен еріп келгендердің ішінде қайтамын дегендер болса кете берсін!

(осы кезде Мұқан мен Бәйкешке бір-екі адам ілесіп қараңғыға сіңіп жоқ болады).

Қажымұрат: Аға, тірі жібергеніміз қалай болады. Көзін құртайықшы. Кегімізді алайықшы.

2-ші, 3-ші кісілер де бірден: Шынымен де кегіміз кетті-ау.

3-ші кісі: Үмбетбай осылай үн-түнсіз оларды қоя береміз бе. Бұл не қылғаның. Ана Мұқанда әкемнің кегі кетіп барады ғой.

Үмбетбай: (қолын көтеріп) Доғарыңдар! Қазір мылтықтың дауысы шықса қытайлар өзімізді қырып салады. Советтің жансыздары деп. Мұқан мен Бәйкешті өлтіргенмен кегіміз толығымен алынбайды. Бізді зарлатқан жаңа үкімет. Бір Мұқанның қанымен жаңа үкіметтен кек ала алмаспыз. Тынышталыңдар, тараңдар. Айтпақшы, жаңағы Мұқанның сөзін естідіңдер ғой. Үш күннің ішінде елге ораламын деген ағайындар болса әлі де уақыт бар ойланыңдар. Сендердің де көз жастарыңды текке көтергім келмейді. Он шақты күннің ішінде ішкері өтеміз. Қазақстаннан  әлде қайда алысқа ұзаймыз. Бұл жерге енді келу-келмеуіміз екі талай. Ағайындар! Мұқанның сөзінің жаны да бар, қайда барсаң да өзіңнің туған жеріңе жетері жоқ. Сондықтан кері қайтам деушілер болса, қолынан қағып, аяқтарына тұсау болмаймын. Тездетіп ойланғандарыңыз дұрыс болар. Уақыт тым тығыз болып кетті.

2-ші кісі: Өзің ше Үмбетбай! Сен өзің осы жақта қаласың ба? Өзің неге бастап кері өтпеске а?

Үмбетбай: Менің жөнім бөлек ағайындар. Мен байдың баласымын. Кеңес үкіметіне бір аша тұяқ қалдырмай осылай өтіп кеттім. Сол малмен кері қайтсам да олар мені тірі қалдырғанымен түрмеде шірітеді. Сондықтан да мен де, әке-шеше, туыстарым барлығымыз осы жақта қаламыз. Ал, сіздер өздеріңіз біліңіздер.

3-ші кісі. Біз елімізден кеткенде сенімен бірге боламыз деп кеткенбіз Үмбетбай. Маған да шегінетін жер жоқ. Мен де осында қаламын.

Қалғандары да: Бізде,.. мен де...

 

Жарық сөніп барлығы шуласа тарқасады. Сахнадағы жартастың екінші  жақ беті  көрермендерге қаратылып қойылған. Оның үстінде Мұқан мен Бәйкеш темекі орап отыр.

Бәйкеш: Мұқан аға, арғы беттен аман өтпейтін шығармын деп ойлап едім. Әйтеу тірі қалдырды ғой. Құдайға шүкір.

Мұқан:. Не, шошынып қалдың ба?

Бәйкеш: Маған сіз секілді жүрек жұтқан болу қайда-а-а. Қытайға өтіп келу қалай ойыңызға түсті. Атып тастайды деп қорықпадыңыз ба? Өзімізге еріп келгендерді не істейміз?

Мұқан: (күліп) Неге қорықпайын Бәйкеш.  Мен де біреудің жалғыз ұлымын ғой. Олардың да не ойлайтынын білмеймін. Бірақ, тәуекелге бел будым. Үмбетбайдың артынан еріп, жалған үмітке алданғандарды кері қайтарсам деген оймен бардым ғой.

Бәйкеш: Аға, айтыңызшы сіздің ойыңызша олар кері өтерме екен?

Мұқан:  Олар өздері үшін болмаса да балалары үшін қорқады. Сондықтан жүректерінің түгі барлар ғана кері қайтар. Егер Үмбетбайдың өзі кері қайтамын десе, онда отыз үй де бірі қалмастан кері өтер еді. Қайдам, Үмбетбайдың құдіреті оған жетпейтін секілді. Оның қиналып отырғаны-малы ғой. Бізбен кері өткендерді тауға мал бағуға шығарып жіберу керек. Ел көзінен жырақта жүрсе, сөздер тыйылып, бірақ болса да тыншиды. Сосын ақырын-ақырын ішке тартып аламыз.

Олардың қасына жүгіріп бір сотрудник келеді.

Сотрудник: Мұқа! Далада он шақты қой бағып жүрген жерінен Жолдының бірі ұлын ұстадық.  Қалған екі ұлы үшті-күйлі жоқ. Олар да арғы бетке өтіп кеткен болар.

Мұқан:  Жоқ, олар осы жақта. Жаңа үкіметтен өздері қорқып, тығылып жүр. Оларды көрсеңдер, тиіспеңдер. Бірақ, түсіндіріп айтыңдар. Үйлеріне қайтсын. Оларда біздің шаруамыз жоқ. Қолдарындағы бар малын алдық. Енді өздері халықпен бірге жұмысқа шықсын.

 (Осы кезде сүйретіліп Сақан  келеді.  Қызметкерлер ақырындап жылыстап шығып кетеді.

Сақан шеткі  жерге сылқ етіп отыра кетеді.

Сақан:  Сізді іздегелі екі күн болды. Екі дүние де оңбайын десеңіз ағатайымды босатыңызшы, олардың еш жазығы жоқ, Менің төлеуіме берген қалың малдарын арғы бетке Үмбетбай өзі алып кеткен. Егер Қажымұрат екеуміз де арғы бетке өтіп кеткен жағдай да, өзімізге азық болсын деп. Ағаларым ешқандай мал жасырып жүрген жоқ, Олар тек байдың баласы деп сіздер қорлай берген соң, шыдай алмай кетіп қалған, қайда кеткенін ешкім білмейді. Ұстап отырған ағатайымның жүрегі аурушы еді, ол көтере алмай өліп кетуі мүмкін жіберіңізші.

Мұқан: Сақан мен  Кеңес үкіметінің адал азаматымын, ағаңды  даладан он шақты қой жайып жүрген жерінен ұстапты. Неге қашып жүргендерінің себебін айтсын да қайта берсін. Көрсең басқа ағаларыңа да осыны айт. Індерінен шығып, елмен бірге жер қашап, өгіз айдап күндерін көрсін. Оларға жасаған ешқандай қысымшылығымыз жоқ, өздері ғой қарадай қорқып, тағы болып, тау асып жүрген.

Сақан: (қуанғанынан Мұқанды құшақтай алады) Ағатай шыныменен ағатайымды босатасыз ба? Қалжыңдап тұрған жоқсыз ба!

Мұқан:  Сенің ше қалжыңның адамына ұқсаймын ба Сақыш. Менің әр сөзімде шындық жатады. Тұрған жеріңде талып қалма Сақан! Түнде арғы беттегі ағайындарға барып, кері қайтыңдар деп келдім. Қажымұратыңды да, Үмбетбайды да көрдім. Үмбетбай отыз үйлі адамды бір баудың ұшында ұстап тұрғандықтан оларды кері қайтады деп үміттенбеймін. Екі-үш күннен соң олар Қытайдың ішкі жағына Дөрбелжің мен Шыңжанға қарай енеді. Енді сен оларды қайтып көрмейсің. Тағы бір айтарым Сақанжан, бірсүкүні ата-анаңның алдынан өтемін де, сені өзімнің үйіме кіргіземін. Енді алды-артымызға қарайлайтын ештеме жоқ.

Маған уақыт бер дейтін шығарсың. Бірақ, сол уақыты құрғыр өзімде де жоқ болып тұрғаны. (Қолынан ұстайды) Сенің көзіңнен бір тамшы жас тамызбаспын Сақан. Осы сөзіме сенші.

 (Оның қолынан ұстап, белінен құшақтай берген кезде, Бәтен кіріп келеді, олардың қатар тұрғанын көріп, Сақанның шашына жармаса кетеді)

Бәтен: Салдақы, кездесетін жерді тапқан екенсіңдер. Бұдан басқа қалтарыс  таппадыңдар ма. Тапа-тал түсте енді менің байым қалды ма саған ,  айттым емеспе  Қытайға қашып кет деп. Неменеге ана Қажымұраттан қалып қойдың? Байыма тию үшін бе мен оны бермеймін саған, айттым ғой бермеймін деп! тек менің өлігім ол үйден шыққан соң ғана  сен кіретін боласың! (Мұқан оның қолын Сақанның шашына ажыратып, Бәтенді итеріп жібереді, Бәтен жерге құлап түседі. Сақан Бәтенді қолынан тартып сүйемелдемекші  болып ұмтылады, бірақ Бәтен оның қолын қағып жібереді).Тарт, салдақы арам қолыңды! Мұқан менің көз жасым, сені ешқашан жібермес! Мына жалғанда зарлатып жалғыз қалдырсаң, құдай сені жалғыз қалдырар. Екі дүниеде оңбай өт!

Мұқан: Бәтен! Болды бар үйіңе, сенің үйіңнен кеткеніме  сегізінші күн, не әлі түсінген жоқсың ба? Енді қайтіп екеумізге қайта қосылу жоқ. Мен Сақанды  кіргіземін, осымен сөз бітті, бар үйіңе.

Сақан: (таңдана)  Сұмдық-ай, сіздер қашаннан бері....

Бәтен: Сен не білуші едің байғұс. Мұқан  ағаларыңды не үшін қудалап жүр дейсің. Сені өзіне әйел ету үшін. Қажымұратты да ар жаққа қуған осы, күн бермей. Енді келіп сені алмақшы, ойың орындалады Мұқан. Текке НКВД да істеп жүрген жоқсың, қайда барсаң да жоспармен жүретін адамсың ғой, мені талақ етіп тастап, өзіңнен жиырма жас кіші Сақанды  жылатып-еңіретіп үйіңе кіргізсең арманыңның орындалғаны емей немене. Тек бақытың ұзағынан болсын. (Орнынан тұрып жатып) Сақан, ешқашан Мұқан сені бақытты етпейді. Ол әйел затын бағалайтын адам емес, өзі айтпақшы-принциптің адамы.

Мұқан: Бәтен, айтарыңды айтып болдың ба? Енді бар үйіңе.

Бәтен: Менімен алты жыл, бір  жастықты жастанып жатып едің Мұқан, енді келіп «кет!» деп итке айтақтағандай айқайлап тұрсың, осыма сенің мені сүйетіндігің?

Мұқан: (басылып) Бәтен тыңдашы өмірден қалап алған жарым сен болдың, бірақ құдай бізге бала бермеді, «балалсыз үй-қу мазар» екенін білесің ғой. Егер жүрегіңде біттей де аяушылық болса, маған кешіріммен қарап, тілегімді қабыл ет, сенен безінбеймін, Ал, Сақанмен өмір бойы қаламын.

Сақан: Сіздер нені айтып кеттіңіздер? Бәтен жеңешеммнен безінбейсіз де менімен қаламыңыз не? Оны қалай түсінейін!

Мұқан:  Ол дегенім Бәтен бізбен көрші тұрады, мен оған отын-суына көмектесіп тұрамын. Осы. (Осы кезде бір әскери адам кіріп)

Әскери адам: Мұқа! Шекараны бұзғандардың екеуі осылай қарай өтіпті деген мағлұмат алдық не істейміз? Жолға шығамыз ба?

Мұқан: Кімдер екенін естімедің бе?

Әскери адам: Біреуі Қажымұрат деген,Үмбетбай байдың інісі көрінеді. (Қажымұраттың атын естіген кезде Сақанның есі шығып кетеді)

Сақан: Қажымұрат дейсіз бе, ол осылай қарай келе жатыр ма? Тірі екен ғой, ағатай күңіңіз болайын. Оған тисе көрмеңізші, не айтсаңызда көнейін.

Бәтен: (қатты күле) Міне, Мұқан қара! Сақанды аламын дейсің, ал Сақаның Қажымұраты үшін саған тиюге әзір, сен бұлардың махаббатын еш өшіре алмайсың, ол сенің қолыңнан келе қоймас.

Мұқан: (әскери адамға)Жарайды дайындалыңдар, жолға шығамыз! (әскери адам кетеді) Бәтен, шу шығарғанмен ештеме өнбейді мен айтқанымнан қайтпаймын, Сақан жүр, сені үйіңе дейін шығарып салайын. (Сақанды алып Мұқан шығып кетеді:)

Бәтен: Жоқ Мұқан, мені жайдан жай келісе салады деп ойлама, қолымнан келгенінше сені жылатуға тырысармын, мені қалай жылатсаң, өзіңді де солай жылатармын. (ол да шығып кетеді)

 

Сақанның үйі. Әкесі кебісін сүйретіп далаға шығып кетеді. Анасы жаман кигізді жамап отыр. Сақан болса шашының ұшын бір өріп, бір босатып дегбірсізденіп біреуді күтіп жүр. Бір орында байыз тауып отыра алар емес. Бір кезде ол үйіне қарай келе жатқан баланы көріп, қолына кесеге құйған сүтін ала далаға атып шығады. Бала келе Сақанның құлағына сыбырлап  бірдемелерді айтып кетеді.

Сақан: Құдайым-ау, ол келіпті. Арғы жақтан бері өтіп кетіпті, мені түнде тоспақшы, алып кетпекші. Кетемін, бойымда жаным бар болса Қажытай саған жетсем, сені көрсем болды. Мейлі Қытай асайық, тек бірге болсақ екен.  Мұқанның қолына түсіп қалмасаң екен жаным. (Жүгіріп үйіне кіріп кетеді. Бұл кезде баланы аңдып келген қызметкерімен Мұқан екінші  жақтан сыртынан бақылап тұрған)

Мұқан: Көрдіңдер ғой, әлгі бала Сақанның құлағына  бірдеме деп сыбырлап кетті. Бүгін түніменен Сақанды кірпік қақпай аңдимыз. Ол бізді Қажымұратқа ертіп апарады. Бүгінгі түн шешуші түн болмақ, жігіттер сайланып отырыңдар Сақан үшін Қажымұрат ештемеден тайынбайды.  Менде беріспеспін, дегенмен де өте сақ қимылдаңдар.

1-ші әскери адам: Мұқа,  әйтсе де олар бірін-бірі сүйеді ғой, әйтпесе түрмеге түсетінін біле тұра Қажымұрат басын оққа төсер ме еді .Неге соларды  тынышына қоя бермес ке?

Мұқан:  Жоқ, жігіттер, оларда талай кедейдің көз жастары мен көрген азаптары бар, Өздері арғы бетке өтіп кеткендері мен қоймай қаншама адамдарды қорқытып алып кеткен жоқ па, қалайша оларды жіберуіміз керек.

( Қуана үйінен атып шыққан  Сақан  анадай да тұрған Мұқан мен оның адамдарын көріп сасып қалады да, кері қайтпақшы болып, бұрыла берген де, он қаға-маға бір бала  жетіп  келеді).

Жігіт: Мұқан аға, ана шеткі үйге Өмірәлінің кіргенін көріп қалдым. (Кетіп бара жатқан Сақан кілт тұрып қалады да, келе жігіттің  аузын қолымен жаппақшы болып алыса кетеді, басында ештемеге түсінбей қалған Мұқандар сасқалақтап қалады)

Сақан: Өшір үніңді есуас, жап аузыңды..

Жігіт: Неге  апа, неге жабуым керек?

Мұқан: Сен кімді көрдім дедің бала?

Жігіт: мен Ө.. (Сақан тағы атылып келіп оның қақпайлайды)

Сақан: Жап дедім ғой саған аузыңды, сенен ешкім ештеме сұрап тұрған жоқ , кеттік жүр .Жүр деймін саған. (Ақыры қақпақайлап балаға жарытып ештеме айтқызбастан Сақан баламен алыса  шығып кетеді.)

Мұқан: Түкке түсінсем бұйырмасын әлгі бала не деп кетті, Сақан  оны неге алып кетті? бірің осы маңайда қалыңдар, қалғандарың маған еріңдер. Не болса да бүгін түнде бірдеме болатыны анық. Сақ болыңдар! Кеттік.

Сақан: (Есіктен жігітті итеріп жіберіп:) Мұқанға Өмірәлінің келгенін не үшін айтпақ болдың, ондағы шаруаң қанша еді?.

Жігіт: Қайдан білейін, Өмірәлі енді Қытайға қашып кеткен қашқын ғой, бағана көріп қалып  соны айтайын деп едім.

Сақан: Айтпа, біреудің қанын мойныңа текке жүктейін деп пе едің, айтушы болма, ол кімнің үйіне кірді дейсің?.

Жігіт: Ана шеткі Әукеңнің үйіне кірді.

Сақан: Жарайды бауырым ренжіме, қозылы қойыңды ауыз бастырыққа берейін дымың ішіңде болсын  ешкімге тіс жарып Өмірәлінің осында екенін айтушы болма, бара ғой келістік пе. (Жігіт басын изеп келіскендей болып шығып кетеді).

Сақан: Құдай- ау сақтай гөр, Қажытай жазым бола жаздады ғой  Өмірәлінің осында екенін білсе, Мұқан оны да құртады, Қажымұратта ұсталады, тезірек оны кетіру керек. (жүгіріп шығып кетеді)

Дала таулы жер, сарқырап аққан бұлақтың сыбдыры. Аяқтарына шүберек байлаған ,  киімдері нашарлау екі жігіт алақтап , жан жақтарына қарап біреуді күтіп жүр. Бұлар Қажымұрат пен Өмірәлі.

Өмірәлі: (сыбырлай сөйлеп) Қажытай енді біраз аялдасақ, ұсталып қалуымыз мүмкін, Сақаның кешікті ғой.

Қажымұрат: Сәл сабыр ет Өмірәлі ,Сақан үшін не көрмедік, жеттік қой әйтеу, енді тек келсе екен, алып бірақ кететін. (Осы кезде қолында түйіншегі бар Сақанның мысықша басып келе жатқаны көрінеді. Ойнақылана ойнаған әуеннің сарынымен екі ғашық құшақтарын жая біріне –бірі ұмтылады) жаным Сақышым, сені де көретін күн бар екен ғой күнім, сенен мәңгі айрылып қалдым ба деген де зәрем зәр түбіне кетті ғой. (сүйіп жатыр)

Сақан: Қажытай алтыным! Мен де сенен мәңгі айрылып қалдым ба деген де ,түн ұйқым  төртке бөлінді ғой жаным.

Өмірәлі: Ал ғашықтар, құдай тек жолымызды оңғарсын кеттік.

Қажымұрат: Ия, кеттік Сақыш, кеттік.

Сақан: Кеттік Қажытай, арманым орындалды, мен енді бақыттымын. (Үшеуі қоржындарын алып орындарынан қозғала бергенде, жарықтар жан-жақтан жарқылдап, Мұқан үш-төрт кісілерімен, қаруларын кезеніп алдарынан шығып қоршай қалады. Шошынып кеткен үшеуі құшақтаса тұрып қалады)

Өмірәлі:  Қажытай мен Мұқанмен алыса кеткен кезде Сақанды алып қашуға тырыс, тез! (Ол атылып барып Мұқанмен алыса кетеді, жүре айқасып Қажымұрат Сақанды жетектей жөнелгенде ,тарс еткен мылтық дауысынан шошынып қалт тұра қалады. Бұл кезде оқ тиген Өмірәлі құлап бара жатыр еді.)

Қажымұрат; Әй атаңа нәллет Мұқан, менің де қанымды осы жерге шашып кет! (ол да атылып келіп Мұқанмен төбелесе кетеді, Сақанда  бой бермей алысып жүр  бірақ, Мұқан Қажымұратты алып ұрып қолын артына қайырып байлап тастайды)

Мұқан: Иә, қашқындар, Қытайдың дәмі тартпады ма?  Кеткен екенсің қайта оралып нең бар. Әлде өздеріңмен еріп кеткен отыз үйді де кері алып өттіңдер ме! Сақан туыстарыңды тастап кетуге шынымен бел будыңдар ма? Бірақ, ренжімеңдер мен шекараны бұзушылармен ауыз жаласа алмаймын. Тұтқындаңдар! (Осы кезде Өмірәлі қозғалып, орнынан сүйретіле тұрады, оқ иығына тиген екен.)

Өмірәлі: Әй Мұқан, бізде ала алмай жүрген кегің бар болса, өтеуін менен ал. Ал, мына Қажымұрат пен Сақанды еріктеріне жібер. Егер бойыңда адамдық қасиетің бар болатын болса, екі жастың обалына қалушы болма, екеуінде де еш жазық жоқ, Тек бір-бірлерін өлгенше жақсы көргеннен басқа. Жібер!

Мұқан: А, тірілейін дедің бе, өмірде  шыр бітіп көрмеген байғұс, байдың баласы үшін оққа ұшқың келген екен ғой, солай ма? Әкең өмір бақи осылардың малы үшін жанталасып, қасқырға жем болып еді, енді сен жем болайын дедің бе?

Қажымұрат: Жоқ, Мұқан! Өмірәліге тисуші болма, саған керегі менің қаным болса, қане атып таста! Бірақ Өмірәліні туыстарына жібер. Сақан да кетсін осы жерден.

Сақан: Жаным-ау сен не айтып тұрсың, сенсіз мен ешқайда да кетпеймін, өлсек бірге өлеміз!

Өмірәлі: Мұқан! Айтқанға құлақ ассаңшы, екі жастың обалына қалмай  келген жағына жібер. ( Ол сүйретіле Мұқанға жақындайды. Одан күш-қайрат күтпеген Мұқан бейқам тұрған да. Осы сәтті  пайдаланған Өмірәлі Мұқанды ұрып құлатады да айқай салады) Қажытай Сақанды алда қаш! (Басқа сотрудниктер Қажымұратқа ұмтылып оны соққыға жығады. Бір сотрудник Қажымұраттың аяғын көгендеп, арқанды мойнына тағып байлап жатқанын көрген Сақан шырылдай қолына жармасады).

Сақан:  Ағатай, тоқтатыңыздаршы! Бұларыңыз не! Егер мені аңдысаңыз, міне мен, атыңыздың алдына өңгеріңіз де кете беріңіз. Бірақ Қажымұрат пен Өмірәлі босатып, кері қайтарыңыздар! Оларға бұл жақта өмір жоқ.

Қажымұрат: Сақыш! Сен не айтып кеттің? Оның айтқанына көнбексің бе? Өйтіп өзіңді-өзің қорлама Сақыш!

Сақан: Мұқан, Нақ жауабыңды бер! Айтқаныңа көнсем бір тілегім осы: Қажымұрат пен Өмірәлі аман-есен келген жақтарына өтіп кетсін!

Мұқан:  Егер  соңғы сөзің осы болса, мен көндім Сақан!

Қажымұрат:  Сақыш! Мұқанның айтқанына көнгенше, мені өлтірсең етті. (бұлқынады) Сақыш сен үшін келдім ғой жаным, Мұқанға көнгенше,  тірідей осы жерге көміп кетсеңші.

Өмірәлі: Сақан! Қажымұраттың обалына қалма, өлсек үшеумізде өлейік, беріспе!

Сақан: Жоқ, Қажытай сендер мұнда өлеміз деп емес мені алып кетіп, жақсы өмір сүреміз деп келгенсіңдер. Сендердің өліктеріңді көргенше, Мұқанның күңі болып өтейін. Әй, Мұқан! Қажытайдың қолын босат мен онымен жеке аузба-ауыз қоштасып қалайын.

Мұқан: Қажымұраттың қолын босатыңдар! (біреуі босатады, ол атылып келіп Сақанды құшақтай алады.) Екеуіңе екі оқ дайын, қалт кетсеңдер оққа ұшасыңдар. (Қарулар екеуіне кезеледі)

Қажымұрат: Сақыш не істемексің? Мұқанға сені қалдырғанша, өлгенім артық, Мені тірідей өлтіргің келмесе, атылып өлейікші.

Сақан: (оны қолынан жетектей шетке шығып) Қажытай, өлу үшін біз әлі тым жаспыз. Өзіңді өмір бойы сүйіп өтемін, ұмытады екен деп ойлама,  Арғы бетке өткен соң ,туыстарыңның арасында жүріп мені ойлауға да шамаң келмес. Мұқан екі сөздің адамы емес. Құдай екеумізді әу баста ажырастырған соң, не амал. Ендігі жерде маған сенің тірілігің мен амандығың керек. Мүмкін өмірің менсіз жақсы болар, махаббатымызды сақтаймыз деп ұмтылдық,  қолымыздан еш шара келмеді.  Амал не заман осылардың қолында тұр ғой, ендігі жерде екеумізге тек қоштасу ғана қалды  Қажытай Өмірәліні алып өтіп кет. Қолымнан келген жақсылығым осы.

Қажымұрат: Түн жамылып, үстіме қасқырдың терісін жамылып шекарадан, арлан болып өтіп едім Сақыш сені бір көру үшін, сенімен тілдесіп, сені алып кету үшін не көрмедім мен бейбақ. Енді келіп осында қалмақсың ба, онымен мені Мұқаннан қорғамақпысың  сонда  сенсіз қалай өмір сүреді деп ойланып айттың а?! (жылап жібереді) Сенің орныңды кім маған жоқтатпас дейсің? Сақышым одан да аналардың оғына екеумізде атылып өлейікші,  мына жерден сенсіз кеткім келмейді, кеткім келмейді. Бұлай  қинамашы, егер сүйетінің рас болса мені олай құтқарып, жанымды азаптамашы  Сақыш!

Сақан: (жерден бір уыс су алып Қажымұратқа ұсынады) Іш, Қажытай бұл менің қолымнан соңғы рет ішіп тұрған мәңгілік махаббат суым, неке суы десең де келісемін, іше ғой.(Дауысы дірілдеп) Сені мәңгі ұмытпасқа ант етемін, сенің амандығыңды білуге құмартып іздеумен болармын. Қолым жетпесе де, жүрегім сенімен кетіп барады, ешқашан  өзіңе адал жүрегімен берілген Сақышыңды ұмытпа жаным.

Қажымұрат: (ол да жерден бір уыс су алып Сақанға ішкізеді)

Сақышым  сүйіктім, сені біреу  арғы беттен іздеп келді десе - оны мен деп біл. Түсіңде мені көрсең  өзіңді ойлап сағынып жүргенім деп ойла,  Қажытайыңды ойлаған кезде жүрегің шымырласа,  онда да сені ойлап жылап отырғанымды көз алдыңа елестет.  Әр ойлаған сайын, көзімнен өле өлгенше жас кетпейтінін біл жаным.  Өлгенше сүйетіндігіме,  мәңгі ұмытпасқа ант етемін. Қалай жағдай түзеліп ел оңалып заман өзгереді,  міндетті түрде іздеп келетін боламын. Мейлі сен ол кезде үйлі-баранды, бақытты  жанұя бол,  іздеп келемін. Жер басып тірі жүрсем, саған бір келермін,  ұмытпа және күт жаным.

Сақан: (екеуі құшақтаса кетеді) Жаным Қажытай, сыбдыр еткен дыбысқа сен кеп қалған екен деп алаңдайтын, Тарбағатай тауын асқанда жалғыз атқа мінген әйел адамды көргендер болса, екеуміздің қол ұстасып қатар жүрген жерлерді басып, сағынышымды сейілтіп жүрген адамды -  мен екенімді естірсің. Мен Мұқанға әйел болғаныммен, мәңгі сенің ғана ғашығың болып қалмақпын. Қош бол жаным, бақытты бол. Тездетіп арғы бетке өтіп кетіңдер.

Қажымұрат: (құшағынан босатпай жылап) Қош бол Сақышым, жаным қайтейін (айқай салып) Әй Мұқан! Екі дүниеде біз құсап зарлап қал, Сақанымды менің  басымның амандығы үшін қолыңа түсірдің, арты қайырлы болсын, оның көзінен аққан әрбір тамшы жас, саған оқ болып тиер.

Мұқан: Жетер! Болды  тез кетіп қалыңдар, әйтпесе басқаша ойлап қалуым мүмкін. Кетіңдер амандарыңда! (Бір-біріне ұмтыла құшақтасып қоштасқан қос ғашықтар ойнап тұрған даланың сазды үніне қоса зар еңірейді. Ақыры Өмірәліні  жетектеген Қажымұрат алыстап барады. Сақан Қажымұраттың соңынан біразға дейін жүгіріп барып кілт, тоқтайды.

Сақан: (жерге жылап отыра кетеді) Қажытай қош бол ,қош бол жаным! (әскери  адамдар да көздерін сүртісіп қояды) тек тірі жүрсең екен, құдай екеумізді өле-өлгенше бір рет, тым болмаған да бір рет кездестірсе екен, Қажытай қош бол жаным қош!

Мұқан: Тілеген тілегіңді орындадым Сақан, Қажымұратыңды аман-есен келген жағына Өмірәлі екеуін жібердім, енді маған қоятын шартың жоқ болса бізде жылжиық. Жігіттер! Бұл жерде болған оқиғаны ешкімге тіс жарып ештеме демей-ақ қойыңдар. Бұл елге  жария қылатын әңгіме емес. Жүріңдер кеттік. (Сақанды Мұқан қолтығынан  демеп  барлығы шығып кетеді)

Осы көрініс.  Сарқырап аққан бұлақтың түбі. Қолына ұстаған таяғы бар бір шал алысқа көз жіберіп ойға батып отыр. Оның қасында басын төмен түсіріп, жер шұқып немересі  отыр.

Бір кезде кеудесін кере дем алып, қатты күрсінеді.  Орнынан көтеріліп Сақан екеуі су ішкен жерден су алып дәмін татады. Бұл алпыс жыл өткен соң Ақбұлақққа келіп Сақанмен қоштасқан жерде отырған - Қажымұрат еді..

Қажымұрат: Е Алла, уа Жаратқан ием! Туған топырағым саған тәжім еттім.  Кіндік қаным тамып, оң мен солымды танытқан мекенім туған жерім саған тәжім еттім.  Алпыс жыл аңсап, кенезем кеуіп шөлдеткен ыстық топырақ саған тәжім етемін.  Мәңгілік қолым жетпеген арманымды алып қалған тауларым, саған тәжім етемін. Ақ құсымның қолынан, мәңгілік махаббат суын ішкізіп, қоштастырған АҚ бұлақ саған тәжім етемін. Енді қайтіп көре алмайтын, балаларымды бауырына басқан Ақсуат саған  тәжім етемін. (Көзін сүртіп артқы жақта атасын күтіп отырған немересіне қарап) Балам ешкім көзіңе көрінбей ме, дұрыстап қарашы, аман болса жетер еді ғой. Неге кешікті екен? Сақан, алпыс жыл бойы сенің не тірі, не өлі екеніңді білмей қор болдым ғой, тәуелсіз мемлекетіңінің арқасы, ақ патшаларыңның арқасы.  Осыдан алпыс жыл бұрын қу тіршіліктің қамымен Қытай асып кеткенде, туған жеріме деген сағыныштан ішқұсалыққа ұшыраймын деп ойлаппын ба! Өзегімді керген өкініштің кермегін  өмір бақи өзіммен алып жүретіндігімді кім білген! Алпыс жылдан соң, еліме қайта ораламын деп ойлаппын ба. Шекараны ашып біздерді қауыштырған, мені балаларыммен табыстырған Елбасыңа  тәуба! Қазақстанның  егемендігінің арқасында сендерді іздеп келдім. Ата жұртымда қалған арманым сен едің Сақан, сені көріп өлсем армансыз өтермін деп алпыс жыл аңсап келген едім. Бар екенсің, тірі екенсің осыныңа тәубә. Енді өліп кетсем де арманым жоқ, уақыт тығыз асықпасқа болмады.  Сақан қош бол жаным,  қош бол халқым, туған жерім ендігі топырақ Қытайдан бұйырар, хош. Тағдыр біздерді көрісуге жазбаған екен.

Осы кезде сахнаға келіні мен ұлының демеуіне сүйенген Сақан апа Қажымұраттың сырт жағынан келеді.  Олар үнсіз Қажымұраттың сөзін тыңдап тұрып қалады. Өзі көзін қайта-қайта сүртеді.  Балаларының көмегіне қарамай Сақан да шалға қарсы ұмтылады.  Ойнап тұрған домбыраның сазды әуеніне еліте бір-бірлеріне ұмтылған екі кейуана тек қолдарынан ұстасып, маңдайларына маңдайларын тіреп үнсіз ұзақ жылайды. Ол екеуіне қарап қоршап тұрған балалар да ештеңеге түсінбесе де қоса жылап тұр.

Сақан: Қ-қажытай,

Қажымұрат: Сақышым, жаным- ау бұл сенбісің Сақан! (екеуі құшақтаса көріседі, табысады, Қажымұраттың немересі де, Сақанның немересі де  үнсіз сөзге келе алмай отырған кәрі кемпір-мен шалдың көз жастарын көл қылып құшақтарының айқасқандарына таңдана ,өздері де көздерін сүртісіп қойып отыр.Олардың ойын Бөкен  бөледі).

Бөкен: Ассалаумағалейкум ата, (қол беріп жатып) Ат-көлік аман-есен жеттіңіздер ме, апа халің қалай? Сіз жайында естіген кезде апамның қан қысымы жоғарылап ауырып қалса да, мені апарыңдар  деп болмаған соң, туысын көріп қалсын деп кеп қалдық ата.

Сақан: Қажытай, мынау немеремнің үлкені Бөкен, анау келіншегі Жұлдыз(ол да иіліп сәлем етеді)

Қажымұрат: Мынауда менің немерем Қытайдан еріп келді,  соңғы жылдардағы шөлімді басар  тентегім осы болды ғой.

Бөкен: Ата, айып етпесеңіз алыстан ат терлетіп келгеніңізге қарағанда апама туыс боласыз ба? Кім болып келесіз?

Қажымұрат: Е, балам мен бір алыстағы қанаты қырқылып, биік жартастан  басынан түсе алмай алпыс жыл қиналған Қажымұрат деген атаң боламын. Өмірім өкініші мол, қуанышы аз, азап пен тозақты басымнан қатар өткерген мынау,  отырған Сақан деген кейуананы бір көруге зар болған ,шақшадай басы шарадай болып осы адамды іздеумен өткен аталарың боламын.

Бірін айтта, бәрін айт. Қайсыбірін айтайын, оның мәнісін апаң түсіндірер.  Ең бастысы кездестік қой.  Бір аяғым жерде, бір аяғым көрде тұрғанда апаларыңды бір көрсем деп жаратқан иеме жалбарынып келген едім. Алла тағала көз жасымды көрсетіп, апаларыңмен қауыштырды. Енді өзіне алса да ризамын. Сақыш, өмір жолың қалай болды, соны айтшы.  Біз үдере ішке қарай көшкен кезде естігенмін Мұқан екеуіңнің үйленгендеріңді. Сендер үйленгеннен кейін шекараны жауып тастаса да соғыс жылдары Мұқан ақырын Қытай жаққа өтіп, шекараның түбінде отырған малшылардан мал  әкеліп, таудан арқар атып, ауылдастарын ашаршылықтан аман алып қалыпты деп естідім.  Ол сол баяғы жігерлі мінезінен бір өзгермеген тәрізді ғой.

Сақан: (күрсініп) Е, Қажытай не айтайын. Сенімен  қоштасқаннан кейін Мұқанға адал қызымет етуге бекіндім.  Бірақ  Мұқан өте қатал болды, алғашқы әйелі Бәтен екеуі маған талай көрсетпегенді көрсетті.  Дүниеге бес құрсақ әкеліп едім, тұңғышымды Бәтен астына қасқырдың уын жағып өлтірді, екіншісін түсік тастаттырды, үшіншісін мені ай далада қуып жүріп  баланы тастадым. Қазір екі балам бар. Екеуінен Аллаға тәубә жиырма немере сүйіп отырмын. Мұқан осыдан он бес жыл бұрын 83 жасында дүниеден өтті. Қазір Аллаға құлшылық етем осылардың алдында ал деп.  Өле өлгенше өзіңді бір көруді аңсадым.  Қажымұрат: Мен де өзіңмен қоштасқаннан кейін Өмірәлі екеуміз әрең дегенде шекарадан өттік, Қытайға келген соң төрт жылдан кейін бір қазақтың қызына үйлендім.  Одан үш ұл, екі қыз сүйдім. Екі ұлым осы Ақсуатқа көшіп келген, қалғандары әзірге Қытайда, оларда осы жаққа келмек болып дайындалып жүр. Өмір жолым қиындықпен өтті. Саған деген сағыныш, арман мені қияли ғып жіберді.Үнемі іздеумен, сен жайында сұраумен болдым.  Шекараны жауып тастағаннан кейін мүлде хабарсыз қалдым.  Бірақ жүрегіммен сездім сені іздеп табатыныма, көретініме мейлі,  алпыс жыл өтсін. Ақыры міне кездестік. Ал, енді рұқсат болса мен жүрейін Сақыш. Заң қатал. Уақытында  шекарадан өтпесек қиындық туып қалуы да мүмкін.(Бәрі орындарынан тұрады.

Сақан: (келініне қарап)Балам құтыдағы суды әкелші. (Келіні кесеге су құйып әкеледі)  Қажытай, мен де алпыс жыл аңыраумен болдым. Ғайыптан сен көктен түсетіндей болып алаңдаумен  күнім өтті.  Көрсем деп армандадым, арманыма жеттім. Саған жар болып, қолыңа су құйып қызымет істей алмадым, құдай екеумізді тек қоштасу үшін ғана  жазған екен.  Есіңде ме алғашы қоштасуда маңгілік махаббат суы деп ішкеніміз, енді міне тағыда екеуміз қоштасумен қатар сол мәңгілік махаббат суын ішкелі тұрмыз. Іш Қажытай бұл менің саған ұсынған соңғы дәмім болар. Осыдан кейін көрісеміз бе, көріспейміз бе ол тек Алланың ғана қолында іше ғой.(Ішкізеді, балар толқып жылап жібереді)

Қажымұраттың немересі: Апа олай демеңізші, атам Алла қосса екі жылдан кейін тағы келіп қайтады.

Қажымұрат:  Ал, Сақанжан қош бол, мәңгіге қош бол, енді Алла тағала екеумізді о дүниеде кездестіргей деп тілейік,  Айналайындар! апаларыңа ие болыңдар. (Бәрімен жыласып қоштасады)

Сақан: Қажытай кел біздің мәшинеге мін, Ақсуаттың қилысына дейін бірге барайық. (Кәрі қолдар айқасады. Ата апаның қолынан жетелеп, артынан немерелерін ертіп сахнадан шығып кетеді.)

Суфлер: Осы оқиғадан кейін, үйіне келгеннен соң Сақан апа кенеттен төсек тартып жатып қалады, Қытайға келгеннен кейін де Қажымұрат атаның денсаулығы күрт төмендейді де екі жыл өткен соң ата қайтыс болады. Сақанға телеграмма келген кезде ол кісі әл үстінде еді, ертесінде Сақан да мәңгілік бақиға аттанады. Осылайша мәңгілік махаббат иелері араларына бір күн салып о дүниенің есігін бірге ашты. Соңы.

 

 

Қазақ тілінде жазылған