Адам қарады: 63 | Жарияланды: 2018-07-26 02:12:40

Кімді сүйесің, Ләйлә?

Жұмысқа  келгеніммен де көңіл-күйімнің аспанын  қара бұлт басқан. Бас сүйегімнің ішінде әлдебіреулер төбелесіп жатырғандай зыңылдап шығып барады. Тіпті үстелімнің үстінде  жатырған қағаздарға қарайтын жағдайым жоқ. Бастықтың алдындағы хатшы қыз келіп амандасып кетті. Оған да шүкір. Менің іште екенімді ендігі ол кісіге жеткізген де болар. Кеше туған күнімде арақ  пен сыраны молдау сілтеп отырғанымды басекең көрді. Қоштасарда: «Тарғын! Жақсылап  тұрып  демал, жұмысқа түстен кейін келерсің», деген еді арқамнан қағып. Бірақ бүгін әлдебір құжаттарды электронды поштамен бизнестегі әріптестерімізге  жіберуім қажет. Ертеңге қалдыруға болмайды, өйтсек олардың бізге  деген сенімі жойылады. Жақсылап бір қарап шығып, басекеңе қол қойдыруға апаруым керек , алайда  менің отырысым мынау. «Ақ  пен  қызыл» кәлламның ішінде  әлі майдан ашып  жатыр. Әлсізіне болыспасам бұл шайқас тоқтамайтын  сыңайлы. Терезеден қарап едім, мекемеміздің алдындағы дүкен ашық екен. Дереу бөлмемді  кілттеп, дүкенге барып бір-екі шөлмек сыра алып, ышқырыма  тықтым. Жалпы мен ішімдік дегенді көп қолданбаймын. Кейде қонақтықтарда, кештерде  «тежегішім» ұстамай қалса, ертеңіне өстетін әдетім бар. Бөлмеме  кіргенім сол еді артымнан бастықтың орынбасары  да жетті. Сыраларды  үстелімнің тартпасына сүңгітіп жіберіп, монтиып отыра қалдым. Ол жүзіме  барлай қарап:

-Кеше көбірек жұтып жібердің бе? – деді.

- Иә, жақсылап тойладық. Сіз келмедіңіз ғой.

Ішімнен «Сенің келген-келмегенің мен үшін бәрібір», -деп қойдым.

- Кешке біреу қонақтыққа  шақырып қойған соң бара  алмай қалдым.

- Онда туған күнімді  қазір сізге «жуып»  жіберейін, - дедім, жұмыс уақытында ішпейтінін біле тұра.

- Жо-жоқ, рахмет! Жасың құтты болсын! Қамал бұзар қырыққа  жеттің ғой, енді үйлен! Қашанғы жүресің өстіп? (Мені асырап отыр ма екен?) Жылдан-жылға жасармайсың, қартаясың. Уақыт өміріңнің әр сәтін білдірмей ұрлап жатыр емес пе?  Ауыра қалсаң кім қарайды сені? (Өтірік жаны ашуын қарашы). Соны ойламайсың ба?

- Дұрыс айтасыз! Өзім де ойланып, - дедім күмілжіп.

- Ойлана бергенді өмір  күтпейді. Баласы бар әйел болса да алсаңшы енді. Жарайды мұны өз еркіңе қалдырайық. (Содан сұрап отырғандай) Сені жаңа ғана бастық іздеді. Жұмыс деген тоғызда басталады ғой, қайда жүрсің өзің?

- Бисен Мұратович  кеше маған түстен кейін келерсің  деген...

- Ендеше неге іздейді?

- Келгенімді хатшы қыз көрді, бастыққа айтқан соң іздеп жатыр-дағы.

- Осы бөлмеге сені іздеп екі рет келдім, алайда...

Хатшы қыз есіктен сығалап, бастығымыздың  орынбасарын  өзіне шақырып жатырғанын айтқаны мұндай жақсы болар ма? Әйтпесе «Шыдамның да шегі бар», дегендей, бірдеңе деп қалуым мүмкін-ді. Басым  ауырған  соң жүйкемнің күйі  пілтесіне от тигізсең  жарылғалы тұрған  күкірт толтырылған бөшкедей. Ол орынынан тұрды да, бөлмемнен шығып кетті. Бұл кісіні иттен бетер жек көретінімді сіздерден жасырмайын. Білетіні өстіп мені бағу. Бастыққа мені жамандап, өзін жақсы жағынан көрсету ғана. Бір нәрсе тындырса «аһілеп-уһілеп» жүреді, бейнебір ол болмаса мекемеміздің  шаңырағы ортасынан опырылатындай. Кеше де:

-Бүгін Тарғын қырыққа  толып жатыр ғой, мейрамханада атап өтетін шығар, -деді бастықтың көзінше. Мұны естіген  бастығымыз елп ете қалып:

- Солай ма? Ендеше қазір бір сағаттан соң жиналыс жасап, сый-сияпатымызды жасайық бұған, - деп туған күніме ақ тілегін арнап, алдындағы үстелінің шақырғыш түймесін басып хатшы қызына қоңырау шалды.

- Әрине, бүгін кешке мейрамханаға отырайық, - дедім амалсыз. Бойдақ адам мұндай жасқа толғанын жасай ма? Қырықты қазақ атап та өтпейді ғой. Мен сияқты адамға келген қонақтардан:  «Неге үйленбей жүрсің?», «Қыз тауып берейік пе?», «Баласы бар бойдақ келіншекпен таныстырайық па?», дегенді есту жаға ма? Үйленбейін деп жүрген мен жоқ, қыздар қарамайды. Негірге де шығатын қазақ қыздары мені көрмесе қайтемін енді? Шындық осы! Жас шағымда ынжық болдым, әрі жүзім қыстың күнінде де ағармайтындай  қара болған соң құрдастарым: «Черный» деп лақып ат тақты. Бетімді айранмен де, сүтпен де жудым, түрлі кремдер жақтым, ештеңе өзгермеді. Нәтиже нөл. Бала күнімде аттан  құлап жарақаттанғанымнан, бір аяғымды сылтып басатыным да қыздарға ұнамайды. Ақсақ-тоқсақты мен де жаратпаймын. Қысқасы өзім ғашық болған қыздарға жақпағаным рас. «Бір күні біреу кездесер», деп сылтып басып жүргенімде  міне қырықтың қырқасына шықтым. Алған еңбекақымның жартысын тұрып жатырған жалдамалы  пәтеріме төлеймін. Бұған әрлі-берлі қатынайтын автобустың шығынын қосыңыз. Үйдегі ата-анама жіберіп жүрген «тиын-тебенімді» де есептесек, мына мен үшін мейрамханада отыру дегеніңіз қалтамның түгелдей қағылуы. Орынбасар соны біліп әдейі айтып отырғаны анық. Әйтпесе, «Бөлмеңе бірдеңе алдырта ғой», десе де жетпей ме? Мейрамханасы несі?! Көп сөйлеп кеттім білем, сырамның  біреуін  ішейін де бастыққа барайын, ұят болар...

-Кіріңіз, -деді хатшы қыз – Бисен Мұратович сізді күтіп отыр.

            Бастық терезе алдында тұрып, ойға шомып кетіпті. Менің бір жаман әдетім бар. Алдымен ылғи да еңгезердей бұл кісінің асқабақтай теңкиген қарынын көремін. «Не жеп семіреді екен? Бордақыға қойған өзгізге ұқсап» Білмеймін, қарыны жел үрлегендей тырсиып тұратынынан ба, әлде үлкен қарын аурулықтың белгісі ме? Бұл жолы да сөйттім.

-Отыр, - деді басекең маған үстелінің шетіндегі  орындықты нұсқап. Өзі жұмсақ креслосына қонжиды да – Ай сабазым, таң атпай жатып бірдеңе жұтып алғансың-ау. Кірген бойда иісі мүңкіп кетті,-деді жақтырмағандай тыжырынып.

 - Сыралап едім...

- «Жұмыста бұлай жүрме»,  деп айтып едім ғой  саған? – бастығымыз айқайлап жіберді. Сірә  мені өзін сыйлаудан қалды деп ұқса керек.  

- Кешірім өтінемін Бисен Мұратович!

- Ең соңғы рет болсын, ұқтың ба? Анау орынбасарым сені жұмыс уақытында да ішеді деп соғады. Рас та шығар бәлкім! Өзім көрмеген соң мән бермей жүрмін. Алайда ішіп отырғандарыңның үстінен түссем оңдырмаймын. Естеріңде болсын!

- Айтқаныңызға құлдық, - дедім қырықтан  асқан соң басқа жерге жұмысқа алмайтыны есіме түсіп шошынып.

- Сен жақсы мамансың. Сол үшін сені қадірлеймін. Но, как сказал Сталин: «Не заменимых не бывает!» Понял?!, - деді бастығымыздың жүзі жадырап – Так, енді сені шақыртқан мәселеге көшейік. Білесің ғой тарихымыздың қатпарына үңілсек, халқымыз талай ауыртпалықты көрді. Мына  менің шыққан руымның да басынан талай-талай қилы замандар өтті. Жоңғар шабуылы, қазан төңкерісі, аштық, - ол енді қазақтың өткен-кеткен тарихын әңгімеледі. Шыны керек бастығымыз бұл пәнді мектепте жақсы оқыған сияқты, ол жайлы, әсіресе руы, аталары жайлы айтқанда бабы келген ақ боз атша  көсіле шабады. «Әріптестер ғой мені күтіп қалды-ау. Құрғырды басқа күні, бос уақытымда айтпай ма? Негізгі әңгімесіне қашан көшеді?», деп іштей асығып отырмын мен. Сөзін бөлуге болмайды, өйтсең ренжиді. Бастығым шабысынан танбай, ақыры тың игеруден келіп бір тоқтап демін алды. Мұнда да бір атасы жүріпті. Қате ойлап қалмаңыздар еліміздің тарихы маған да қымбат. Алайда оны дәл қазір, тап осы жерде  тыңдауға құлықсызбын.

- Менің де бір ағайындарым зұлмат жылдарда сонау Түркияға қоныс аударып, одан Америкаға асқан. Сол жақтағы жиенім елге келді, оралман ретінде. Әкесінің тапсыруы бойынша қарауыма жұмысқа алмақпын және ол жас баланы  тәрбиелеуді саған тапсырамын!

- Жарайды, сіз үшін мен оған бар білгенімді үйретемін, - дедім. Өзім  ішімнен: «Анда-санда сыраға жүгіртіп алатын адам табылды», деп ойладым.

- Қасыңа үстел қойғызамын. Орысша түкке түсінбейді, қазақшасы да оңып тұрмағанын тілдесіп  көргенде байқайсың.

- Сонда ол қай тілде сөйлейді?

- Америкада тұратындар ағылшынша сөйлейді емес пе?

- Қазақша білмесе қиын екен.

- Ана тілін мүлдем білмейді деген жоқпын ғой. 

- Есімі кім?

- Ләйлә!

«О, жазған басым, ер бала емес қыз екен. Оңбаған орынбасар  мынаған ақылын айтып, қасыма аңдушы қойғызғалы жатырғаны шындық. Бастықтың құлағы мен көзі. Жиені болған соң  менің не істегенімнің бәрін оған түгелдей  жеткізеді. Мекеме басшысының туысын қарауына жұмысқа алғаны енді мені бұрынғыдай жақсы маман ретінде елемейді деген сөз. Қалай да өз жақынын көтермелеуге, соны ғана жақсы атақты етуге  тырысады. Бір күні жұмысымнан кетіп тынатын шығармын. Бірақ, бұған бола басымды ауыртып қайтемін, кезінде көрерміз...»

-Ойланып кеттің ғой жігітім!

- Қолымнан келгенше Ләйләға көмектесуге әзірмін! – дедім аузымды қолыммен басқандай дауысым құмыға шығып,

- Азаматсың ғой Тар-рр-ғын, - деді бастық дауысын созып әндетіп – Қыз бірақ қазақ, орыс әріптерін  білмейді. Олар жақта ағылшын және төте жазу дегенмен үйреткен бе бірдеңе. Компьютерді және ағылшын тілін жақсы меңгергені біз үшін плюс. Дайын аудармашы және тілмаш! Жарайды бара ғой, қазір мен ол қызға телефон соғайын.

            Шыны керек, бастықтың бөлмесінен орныма әрең жеттім. «Ішкенімді көрді ғой, қайта-қайта ескерту бермес», деп екінші шөлмектегі сыраны да құлқыныма құя салдым. Сөйттім де компьютерге отырып, ғаламторды ашып, «Фейсбук», «Мейл.ру», «В Контакт», «Инстграмм», «Одноклассники» әлеуметтік желілеріне кірдім.  Олардағы парақшаларымның  бәріне де бір сөзді, «Неткен ауыр күн!» дегенді орысша-қазақша  жазып қойдым. Мұндағы достарымның астына жазған жауаптарын қарамадым. Содан соң қашанғы әдетімше жұмысымды тап-тұянақтай етіп орындап бола бергенімде есік ашылды. Басекең екен. Қасында орта бойлы, ақсары өңді, әдеміше келген, қолаң шаш, шие ерінді, қыпша белді, қысқа етегінен толық ақ сандары жарқыраған, қара көзді қазақ аруы күлімдеп тұр.

-Ләйлә  бұл Тарғын деген ағаң! – деді Бисен Мұратович.

-Hi! Goad afternoon! Glad  tosee  you!(Сәлем! Қайырлы күн! Сізді көргеніме қуаныштымын), -деді қыз жәймен ғана ағылшынша сөйлеп, қолын бұлғап жымиып. Сірә әлемнің өзге елдеріндегідей бізді де сол тілді түсінеді деп ойлаған тәрізді. Оның не айтқанын басекең де мен де ұқпадық. Дегенмен үндемей қалмайын деп қолымды бұлғадым. Артынша оған өзім ыңғайсызданып:

- Сізбен танысқаныма қуаныштымын Ләйлә!- дей салдым.

- Thank you!(Рахмет сізге!)

- Ертеңнен бастап осы ағаңның қасында жұмыс жасайсың. Өзіңе бөлек үстел мен компьютер береміз. Тарғын екеуің біздің өнімдерімізді жарнамалаумен айналысасыңдар. Тағы қандай жұмыстар атқаратыныңды осы ағаң түсіндіреді. Бүгін үйге барып демал, жеткізіп тастайын, - деді басекең.

- Good  bye! Сау тұрыңыз! – деді қыз сол жымиған қалпы. «Уһ! - дедім іштей олар шығып кеткен соң - Қазақша түсініп, сөйлей алады екен, оған да шүкір. Әйтпесе  ыммен ұғысып жүрсек елден ұят-ты. Ертең таңертең  сені бастықтың орынбасарына жұмсайын, біраз басын қатыршы бәлемнің»

*                      *                      *

Таңертең жұмысқа келсем қыз менен бұрын жетіпті. Үстіндегі ақ шатыраш көйлегін джинси шалбарының сыртына шығарып жіберіп, қолаң шашын төбесіне түйіпті. Ұялы телефонын шұқылап тұр екен, мені көріп жайдары жымиды.

-Hi! (Сәлем)

- Амансың ба! Бастықпен бірге келдің бе? – дедім өзім тағы да кешіккеніме ұнжырғым түсіп.

- No. What  happened? (Жоқ. Не болып қалды?)

Сөзіне түсінбесем де жалғыз келгенін ұқтым. Ішке  кіргеннен кейін жігіттеріміз келіп бұрыннан тұрған бір үстелді ығыстырып, қасына жаңасын қойып, компьютерді желіге қосты.

-Бері кел, - дедім Ләйләға қолымды бұлғап, сөзіме түсінбей қалар деген оймен. Ол қасыма жақындап   орындыққа емес, менің үстелімнің шетіне жайғасты.

- Yes sir! (Иә, сэр!), - деді қыз бар зейінін маған аударып.

- Мені  Бисен Мұратович сенің осындағы тәлімгерің етіп тағайындады. Сондықтан  айтқанымды  тыңдауға  тиіссің. «Тарғын ағай», деп атайсың мені.  Естіп отырсың  ба?

-Yes sir!

- Біріншіден (Түсінсін деп бір саусағымды шошайттым), «Хай-май», «Иес-миес», «Сэр» дегендерді қоясың. Сен Америкада жүрген жоқсың, мұнда ешкім де ағылшынша түсінбейді. Екеуіміз тек мемлекеттік тілде, яғни  қазақша сөйлесеміз. Ол сенің де ана тілің, оны білуге тиіссің!

- Иә, білемін!

- Тамаша! Мынауың  не отырыс? Түс те орындыққа жайғас!

- Sorry sir! (Кешіріңіз сэр!)  - қыз орындыққа көшті.

- «Бас» десем «құлақ» дейсің сен. Манадан бері не айтып отырмын? «Сэр» емеспін мен саған, Тарғын ағай боламын! Неше рет қайталауым қажет?

- Түсіндім Тарғын ағай!

- Екіншіден (енді екі саусағымды шошайттым) мен бір жерге шығып кетсем, кім іздесе де: «Әжетханада», дейсің!

- ОК!

- Үшіншіден (Үш саусағымды көрсеттім. Кім білген түсінбей қалар), телефон  шырылдаса көтересің. Мені сұраса тұтқасын қолыңмен жауып  маған қарап кім екенін айтасың. Басымды изесем «бармын», шайқасам «жоқпын»!

- I hane no words! (Айтарға сөзім жоқ!). Қасымда отырсаңыз қалайша жоқ боласыз ағай?, -деді ол.

- Сенен талап ететінім осы! Енді мен жұмысымыздың жайын түсіндіремін. Алғашқы тапсырманы тыңда!

            Қыз тағы да маған зейін қоя қарап қалды.

-Қазір мен көрсеткен есікке барасың да оның ішіндегі адамға: «Хай», деп сәлемдесесің. Ол саған не десе де: «Иди к черту», деп шығып кетесің. Бұл орысша: «бізге келіп кетіңіз» деген сөз.

-Жаңа ғана мемлекеттік тіл - қазақ тілі дегенсіз.

-Бірақ, орысша да білуге тиіссің. Ол ресми тіл! Аз-аздан үйретемін. Жаңағы айтқанымда қайтала!

Ләйлә  оны орындаған соң, бастықтың орынбасарының есігін көрсеттім. Өзім компьютерді қосып комикстің бірін аштым да отыра қалып, ой күл! Бастықтың орынбасарының аң-таң болған түрін көзіме елестеткен сайын ішегім түйіліп қала жаздайды. Қыз менің қасыма  қайтып келді де комикске күліп отыр деп  ойласа  керек, сәл жымиды да орынына кетті. Есіктен бастықтың орынбасары көрінді. Қайта-қайта лауазымын айта береді десеңіз есімі – Бөкенбай. Жаман иттің атын Бөрібасар  қоятын қазақы дағдымыз-ай. Сол себепті атамай отырған едім. Түйедей құрдаспыз.  Айырмашылығымыз  ол отбасылы, тіпті немересі бар.

-Мына қызды орысша білмейді деп еді. Кабинетіме келіп: «Хай» деді. Мен «Кіріңіз», десем, «Иди к черту», деп шығып кетті.

            Күлкімді әзер тежеп:

-Ренжіп қалдыңыз ба? – деп сұрадым.

-Мұндай сұлуға  ренжуге бола ма? Аяқтары түп-түзу екен. Тек қазақша білмейтіні жаман!

- Sir! Мені қазақша білмейді дегенді кімнен естідіңіз? - деді қыз оған тіке қарап. Қазақша сөйлейді деп күтпеген Бөкенбай бірдеңе дегелі жатырды да түкірігіне шашалып қалып, аяғын жылдам басып бөлмеден шыға жөнелді. Тағы да күлкіге қарық болдым. Көптен бұлай күлмеген шығармын. Ләйлә болса ботадай көздері жәудіреп, неге күлгенімді түсінбей дал. Телефон шылдыр етті. Қыз көтерді де:

- Hello! Who am lta lking to? Imagine piease?, -деп телефон тұтқасын қоя салды.

- Кім ол?

- Білмедім! «Кіммен сөйлесіп тұрмын?. Өзіңізді таныстыруыңызды өтінемін?», дегем, қойып тастады.

- Сен оны ағылшынша айттың ғой Ләйлә! Аузым көпіріп мен саған бағанадан бері не дедім а?

- Ол орысша сөйледі, мемлекеттік тілде емес, - дейді қыз ақталып.  Жасыратыны жоқ, ол өте алғыр екен. Көрсетіп берсең болды, бірден «қағып» алады, ғажап! Қазақ қызы, оралман қарындасым болған соң іш тартып, бар білгенімді үйретуден жалықпадым. Тағы бір ұнаған жері айтқаныңды бұлжытпай орындайтыны. Ең бастысы дүкенге сыраға кетсем де мені іздегендерге «Әжетханадамын». Әріптестерім:

-Ләйлә сені әжетханада дейді, сен болсаң бастықтан шығып келе жатырасың немесе есепшілерде отырасың. Неге өтірік айтады?, - дейді.

- Негізі әжетханаға кеттім, содан шығып кабинетіме  бармай  бұрылып осында кіргенмін, - деймін мен оны өтірікші қылғым келмей.

- Sir! Can you for a moment? - деді ол бір күні маған жақындап.

- Ну Ләйлә, Ләйлә, сколько можно повторять?

- Түсінбедім?

- Ағылшынша мен, орысша сен түсінбейтін болсаң неге қазақша айтпайсың, айналайын-ау?

- «Сізді бір минутқа бола ма?», дедім, Тарғын ағай?

- Осылай айтсаң түсінемін ғой жаным!

- Жаным?! Неге олай дедіңіз?

- Жарайды, сөзден ұстамай-ақ өзіңе не керегін түсіндірші маған?

- Yes, ок! Мына қағазды қалай толтырамын?

Көрсетіп бердім. Орынына бара жатып жарықты қосты. Күннің бұлттылығынан  бөлме іші қаракөлеңке. Жоғарыдағы люстрада жалғыз ғана электр шамы қалған соң әдейі жақпай отырғанмын. Қасындағы шкафтың үстінде артық екеуі тұрған. Оларды әкеліп қойғаныммен салуға келгенде «Еріншектің ертеңі бітпейдімен» жүр едім. Оның үстіне бір жерінде ақауы бар ма люстра электр шамын көпке шыдатпайды. Электрикке қаратуға да «мұрға жоқ». Ләйлә  жарықты қосқан бойда электр шамы жалп етіп өшті де қалды. Қыз ыңғайсызданып, шкафқа қарай бұрылды. Үстіндегінің біреуін алды.

-Орыныңа бара бер, қазір өзім саламын, -деп едім естімей қалса  керек шеттегі үстелді люстраның астына жақындатып  үстіне шықты. Бойы жетпеді. Үстелдің үстіне орындық қойды. Біз өкше туфлимен оған мінгенін  көргенде: «Құлайды-ау», деп орынымнан  атып  тұрдым. Ойлағаным дәл келіп, электр шамын салып, кері түспек болғанда орындық теңселіп кетті. Ләйлә қатты қорықса керек, шыңғырып жіберді. Келесі сәтте, бір аяғымен орындықтан үстелге дік етіп, теңселіп кетіп, жетіп үлгерген менің құшағыма құлады. Бұған оның дауысын естіген әріптестерім куә. Денесі жеп-жеңіл екен. Аздап ұстап тұрып қалсам керек, ол жұлқынып шығып, үсті-басын ретке келтіріп орынына барып отырды. Бәрі де маған ризашылығын білдіріп жатты. Қызға байқатпай көз тастап едім, екі бетінің ұшы қызыл алмадай қызарып, компьютерге қарап қалыпты.

*                      *                      *

Осы оқиғаның ертеңіне бөлмемізге Ләйлә ештеңе болмағандай жайдары қалпында кірді.

-Hi! How do you?

Түсінбегенімді байқап:

-Сәлеметсіз бе, халіңіз қалай?- деді. Менің жауабымды естігеннен соң, иығына асынған кішкене сөмкесін үстеліне қоя салып, ішінен айнасын  шығарып шашын жөндеді. Қыздың  маған реніш сақтамағанын көріп  арқамнан  ауыр жүк түскендей бойым жеңілдеді. Жұмысымыз өзгерместен  бір күйде жүріп жатты. Өзгерген тек менмін. Бұрын таңертең  ұйқыдан ерініп әрең тұрсам, қазір ерте жиналып, кабинетіме тезірек жетуге тырысамын. Әлдебір сезім магниттей  осында тартады да тұрады. Қыздың қасында болғанды  қалаймын. Бастықтың жиені болса да оның сөзімді бөлмей  тыңдайтыны жаныма майдай жағады. Тіпті оған бәрін білетін болып көрінгім келетінін қайтерсіз. Бір күні жұмыс соңында:

-Қалай Ләйлә, жұмысың  ұнай ма? – деп сұрадым сыр тартып.

-Yes sir! Иә!

- Ағылшынша араластырмай   қазақша таза сөйлеуді қашан үйренесің?

- Себебі мен ағылшын тілі  - мемлекеттік тіл болып саналатын АҚШ-та өстім. Біз тұрған қалада бар болғаны екі-үш қазақ отбасы өмір сүрді. Chicagos  beautifui  city. There my friends. Parents, father and  mother aII there. How I miss them. (Чикаго әдемі қала. Онда менің достарым бар. Ата-әжем, әкем мен шешем бәрі сонда. Оларды қалай сағындым десеңізші).

- Не дегеніңді түсінсем бұйырмасын. Бірақ Чикаго қаласында тудым деген сияқтысың ғой, -дедім мен.

- Иә, «Чикаго әдемі қала», дедім. Американың Иллинойс штатында. Қалада он төрт бағыттан келген темір жолдар түйіседі. Қасындағы табиғаты сұлу Мичиган деген көлдің жағасында талай ойнағанбыз. Іргесіндегі  Рокфорд, Гари  деген қалаларда да аздаған қазақтар өмір сүрді. Шыны керек сол елді сағынып кеттім, - қыздың көзінен бір тамшы мөлдір жас  сырғып түсті.

- Жұрт  арқаланып  Америкаға қашып жатады. Сен  сол бай елден Қазақстанға оралман болып келіп отырсың.

- Себебі мен қазақпын ғой ағай! Бойымда қазақтың қаны ағып жатыр. Сондықтан  атамекен  маған  оттай  ыстық! Мен Америкаға тағдырдың ызғырық  желі  ұшырып түсірген Қазақ елінің титімдей ғана бөлшегімен. Отанымды аңсасам оның несі айып?! Елдің  қадірі алыста жүргенде білінеді. Атам да  өле-өлгенше елін-жерін сағынып өтті. «Туған жердің топырағы», деп бір түйіншекті иіскеп отыратын. Атамекенін көру бұйырмай құса болды. How cruel this life!(Бұл өмір қандай қатал) Бала кезімде туған жері туралы көп әңгімелейтін. Қазақстан туралы  хабар естісе қуанып қалатын. Бұл атамекенінен үдіре  көшкендердің бәрінің басында болған жай.

- Өкінішті-ақ!

- Бойжеткенде бабаларымның топырағына жетуді армандадым. Америкада бауыр басып қалған достарым, ата-анам болса да мен осында жеткенше асықтым.

-Ата-анаң  да Қазақстанға келе ме?

- Әкемнің бір фирмамен жасасқан келісімшарты біткеннен соң оралады.

- Ләйлә!

- What? Не?

«Жігітің бар ма еді?», деп сұрайын дедім де тілімді тістей қойдым. «Ол маған неге керек? Есім дұрыс па?»

-Қазақша сөйлеп үйренгенің жөн!

- Ендеше сіз де,  нағашым да неге орысша араластырып сөйлейсіздер? Мұнда мемлекеттік тіл қазақ тілі емес пе?! Оған деген құрметтеріңіз қайда? Америкада бәрі мемлекеттік тілде сөйлейді. Қазақстан мені әуежайдан да жат үнмен  қарсылады. Құжатымды  сұраған соң: «Мұнысы несі? Қазақ  жеріне  аяқ  басып  тұрмын ғой», деп  ашуланып  ағылшынша жауап бердім. Кеденші түсінеді екен, маған да сол тілде жауап қайтарды, - деді қыз.

- Жалпы сол Американы әлем жек көреді. Өзінен басқаның бәрін жау көретін оңбаған  ел!

- Why do you think so? – деді қыз.

- Түсінбедім...

- «Неге олай ойлайсыздар?», деймін. Онда да қарапайым  адамдар  өмір сүреді. Олар сіздерге жамандық  жасамақ  түгілі  көбі Қазақстанның жер бетінде бар екенін де білмейді. Тіпті білсе де өзінің күйбең тірлігімен жүрген жандардың  мұнда не шаруасы бар? Америкада бір ұлтты кемсіту, өзектен тебу деген жоқ. Қытайың, қалмағың, орысың, өзбегің бәрі  азаматтық алса  американдық  болып саналады және мемлекет оларды жауларынан қорғауға әзір. Әрбір ұлт өзінің салт-дәстүрін, дінін  ұстануға құқылы. Бәрін бүлдіріп,  жер-жерге мұрынын тығып  елді жек көрінішті ететін сондағы  билік  басындағылар. Yes, онда да қылмыскерлер, байлар мен қайыршылар, орта тап бары өтірік емес. Халықтың бәрі жақсы тұрып жатыр дей алмаймын, бірақ ондағы баға жылдар бойы бір қалыпта ұсталады. Сіздерде жиі өзгеретін тәрізді.

- АҚШ-та сөз бостандығы бар деп соғады жұрт.

- Белгілі бір  мөлшерде  ғана. Мысалы, Сирия басшысы Башар Асадтың әйелін мақтап жазған журналист жұмыстан қуылғанынан хабардар шығарсыз.  Ел саясатын сынап, шектен тыс жамандап жазған басылымдарға  Америкада да тыйым салынады. Басшылары  бір елге күйе жақса  ондағы ақпарат құралдары одан бетер қаралайды. Басқасының бәріне еркіндік берілген.

- «Гейлер, лесбиянкалар, көгілдірлер  қаптап жүреді», дейді ресейлік  газеттер.

- Мұндай азғындар қай елден де табылады.

- Сен қазақша жақсы сөйлейді екенсің ғой? – деп күлдім.

- Ана тілімді білмесем қазақ болам ба? Чикагода біз тек үйде ғана қазақша сөйлесеміз. Көшеге аттап шықсақ бәрі ағылшынша. Соған дағдыланып қалғандықтан әуелі сол тілде үн қатамын, оған ренжімессіз. Бірақ туған тілім болғандықтан  қазақша сөйлегенді ұнатамын, -деді Ләйлә мақтағаныма жүзі  жадырап.

Хатшы қыз келіп бастық шақырғанын айтқан соң ол қағаздарды алып шығып кетті де мен өз жұмысыма кірістім. Маған қыз екеуіміздің арамыздағы әңгіме бір-бірімізді  жақындата түскендей сезілді. Көңілімді қалдырған  нәрсе  соңғы кезде Ләйләға осында  жұмыс жасайтын екі қыздың үйір бола бастағаны. Келеді де отырып алып әңгіме соғады. Сол екеуі оны менен алыстатып әкететіндей көрінеді де тұрады. Ақыры шыдай алмай:

-Жұмыс жасауға мүмкіндік беріңдер, иә болмаса ертең бастыққа барып шағымданамын, - дедім дауыс көтеріп. Екеуі орындарынан тұрып:

-Извените, пойдем Ләйлә, - деп шыға жөнелді. Қыз солармен бірге кетті. Мұндай ашуланбаспын. Қайтып келген соң оған:

- Ондай жеңілтек қыздарға  ілеспе! Ауыздары толған өсек, іздейтіндері төсек, - дедім іштей сабыр сақтап, әлгілердің қандай адамдар екенін  білмесем де  жек көрінішті ету үшін өтірік жамандап.

- You are jedlous? Do you Iike me? (Қызғанып қалдыңыз ғой. Мені ұнатасыз ба?), - деді ол жымиып.

- Қазақшасын айт!

- Айта алмаймын!

- Тыңдамайды екенсің  енді қайтіп сенімен сөйлеспеймін. Маған  ағылшын-мағылшының қажет емес! Еліңе барғанда солай  сөйлерсің американка!

Сөйттім де есікті тарс жауып сыртқа шықтым. Дәлізден  Белгібек деген көрші бөлмеде отыратын жігіт кездесе кетті.

-Тәке! Бастық ерте шығып кетті ғой, жүр біздің кабинетке барып бірдеңе жұқалайық.

Қасына ердім. Шөлмекті орталағанша өткен-кеткенді қозғап отырған ол бір кезде:

-Американкаң  бөлмеде ме? Ол келгелі саған барудан қалдық қой әріптес. Бисен Мұратовичке ішкен-жегенімізді жеткізіп қояр деп қорқамыз. Бәріміздің де нан тауып отырған жеріміз, - деді.

- Сол американка (әдейі атын атамадым) мені де шаршатты.

- Ендеше бастыққа неге айтпайсың? Басқа бөлмеге көшірсін.

Оның бұл сөзінен селк еттім де:

-Жо-жоқ, мен өзім шаршап жүрген болармын. Біздің жұмыс баспен жасайтын қызмет, - дедім жуып-шайып.

- Былай  ғой  Тәке! Өзің американкамен бөлмеде жалғыз  отырасың, араларыңда бірдеңе бар ма? Өтіп бара жатып қарасам сол қыздың ылғи сенің үстеліңнің жанында тұратынын байқаймын.

- Туу, қайдағыны айтпашы. Жұмысы болған соң келеді-дағы, «ылғиың» артықтау- мен алдымдағы  рөмкедегіні  көмекейіме құя салып, нанды иіскедім. Ортамызда  бары осы екі тілім нан. «Тіске басар» өзге ештеңе болмағандықтан  арақ басыма тие бастағандай. Серігім де қызыра бөртіп отыр.

- Мәә, солай ма? Қызық адам екенсің ғой өзің. Жәйлап қызды бір жағына шығармайсың ба? Өстіп жүріп ертең одан айырылып қаласың ғой байғұс, - деді ол мені мүсіркегендей.

- Аузыңа келгенді айтып қумашы, ол сен ойлағандай жеңілтектерден емес. Қанша дауыс көтеріп  сөйлеп жатырсам да бір рет ұрсысқан жоқ. Ол бастықтың жиені, аузымды жаптыра алады. Алайда,тәрбиелі қыз екені бірден байқалады. Өр көрінгенімен бойына қазақ қыздарына тән ұяңдық ұялаған.

- Өй сен де, - Белгібек  рөмкесін түбіне дейін қотарып сөзін жалғады – Во-первых Америка деген оңбаған мемлекет, гейлер патшалығы. Біліп қой! (ол саусағын шошайтты). Ондай елден қандай қыздар келеді? Вот именно, одан хабарсызсың коллега! Киноларын қарашы маған сенбесең. Қыздары таныса салысымен құшақтасып, жігіттерін  бірден төсекке сүйрей жөнеледі. Санасыз жануарлар сияқты. Никакой махаббат, сүйем-күйем нету. Еще келіп біз ең өркениетті елміз дейді бөсіп. Ондай өркениетке түкіргенім қанша. Во-вторых  мына қыз да сені қашан құшақтайды деп күтіп жүргеніне күмәнім жоқ...

- Не деп отырсың?, - қыздың айтқандары есіме түсіп оның сөзін бөлдім – Америкада да жақсы адамдар жеткілікті. Көгілдірлерге келсек, қай елде  де шіріген жұмыртқалар кездеседі. Ондайларды Қазақстаннан да табасың. Ләйлаға  ренжісем де ол  маған ұнайды! Аузыңа келгенді сөйлеме!

- Вообщем сен дуб екенсің, - деді ол рюмкісін тауысып – Ты сперва на себе смотри! Бетің деген қазанның түбінің күйесіндей, еще хромой шалсың. Сөйте тұра ол қыз саған қарайды деп күтіп  жүрсің бе? Ләйләға қырындамақсың ғой! (Ол дарақылана күліп, жұдырығымен  төсінің тұсын ұрғылады) Мына менің, сенен он  жас кіші асыл азаматтың да  бетін қайтарып  тастады ол қаншық. Понимаешь! Бастықтың жиені болғасын өзін принцесса санай ма екен? Қайтып жолауға батпадым.

Өзімді қазанға теңегені ұнамай:- Қане қайтала! Мен қазанмын ба? – деп дереу орынымнан көтеріліп  жағасына жармастым. Белгібек ұстаса кетпей, жәймен ғана:

- Ладно братан успокойся! Сменим тему! Какой-то американка үшін төбелесеміз бе енді?, -деді.

- Қазақ қызы ғой ол, түсінсеңші идиот. Американың жезөкшелерімен  салыстырасың. Әйеліңнен айырылып кеткенің үшін ол кінәлі ме? Мен емес дуб мына сенсің! Бірақ айтуың  дұрыс, маған қарамайды. Ол аппақ, мен қап-қарамын. Жүрегім ақ екенін ол қыз қайдан білсін, - мен оның жағасын жібере салып, сылқ етіп отыра кеттім. Көзіме жас үйірілді.

- Ну вот наконец-то дошло! Ей  же всего девятьнадцать. Он тоғызда  ғой. «Қазақ қызы, қазақ қызы», дей бересің,  бес саусақ бірдей емес братуха! Болды, енді жылама. Ты что оған ғашықсың ба?, - ол орынынан тұрып менің шашымнан сипады. 

- Тағы да дұрыс айттың  Боря! Мен оған ғашық сияқтымын.

- Ғашықтық – деген жаман ауру. Бұдан емдейтін жалғыз нәрсе мынау досым! Ішесің бәрін де  ұмытасың и все, точка, - Белгібек қасыма отырып арқамнан қағып рөмкемді қолыма ұстатты.

            Келесі күні жұмысқа келгенде Ләйлә  алдымнан қарсы шықты:

-Тарғын ағай! Бұдан былай сізбен тек қазақша сөйлесемін, - ол күлді – Бірақ бір ауыз орысша араластырсаңыз дереу ағылшыншаға көшемін. Туған тілімізді шұбарламайық. Жат жерлік маған кешірімді болғанымен ол сіздерге ұят! Атамекенде тұрып неге сөйтетіндеріңізге түсінбеймін. Бұл Тәуелсіз Қазақстан емес пе? Сосын өтініш  «американка» деуді қойыңыз, мен қазақ қызымын! Келісеміз бе?

Үндеместен үстеліме келіп компьютерді қостым.

-Ағай сізге не болған? Бір жеріңіз ауырып отырған жоқ па?

Тағы да үнсізбін. Ол орынынан тұрып  қағаздарын  маған әкелді:

-Бір қарап шығыңыз, сосын түзейтін жері болса дұрыстап, бастыққа апарайын.

Есіме Белгібектің кешегі айтқандары түсті. Орнымнан атып тұрып аш белінен қапсыра  құшақтап  өзіме тартып, ернінен сүйдім. Неге өйткенімді, қандай сайтан адастырғанын сол сәтте аңғармадым. Мұндайды күтпеген қыз қапелімде абдырап қалып, артынша  дереу  есін жиып кеудемнен  итеріп кеп жіберді. Құшағымнан шығысымен  жағымнан бір тартты. Көзімнің оты жарқ ете түсті. Ләйлә  жанарынан жас парлаған күйі орынына барып  сөмкесін алып, есікті тарс жауып іштен шығып кетті.

«Болар іс болды, енді ештеңені түзей алмаймын. Қыз қайтып келмейді немесе ертең мені жұмыстан босатады». Сол сәт мен жұмысты  емес, оны көрсем, кері қайтса екен деп ойладым. Алайда ол кешке дейін орынына оралмады.Үйге келген соң да қыз ойымнан шықпады. «Қара да тұр, ол сенімен сөйлеспейді. О, құдайым-ай, маған не болған өзі? Ертең кешірім сұраймын және бұдан былай оны құрметтеймін». Қолыма қалам алдым да:

Енді мені ғашық қылма құдайым,

Соны өзіңнен жалбырынып  сұрайым.

Қарамайтын қызға ғашық қылғаның,

Дегенің бе тас төбемнен ұрайын, - деп жаздым да сызып тастадым. Шерім аздап тарқады. «Е-е ақындарға, жазушыларға, суретшілерге  жақсы шығармаларды өмірге әкелуге осындай шынайы сүйіспеншілік сезімі себепші болады, сонда ғана жүректен шыққан жүрекке жетеді деген рас екен-ау» деп ойладым бір сәт. Біраз жатып тағы да қалам алдым:

Сүйеді екем, сүйеді екем шынымен,

Төбемдегі  жарқыраған күнім ең.

Неге ғана сіз екеуіміз кездестік,

Енді бүгін дөңбекшимін түнімен, - деп жаздым да қағазды умаждап лақтырып жібердім. Етпетімнен жатып, басыма көрпені орап алдым. Өмірде өзімді ешкімге керексіз сезініп, тағдырыма налып көзіме жас үйірілді. «О, құдайым! Мен оны сүйемін!». Жастыққа бетімді басып солқылдап жыладым.

*                      *                      *

-Сәлем бердік Тарғын ағай, сізді бастық шақырып жатыр, - деді ертеңіне хатшы қыз.

«Уһ! Енді бәрі шешілетін болды», дедім іштей. Жұмыстан шығаратынына жүз пайыз сенімдімін. Бірақ, маған бәрібір еді. Қаңғып қаламын-ау деп те қорыққан  жоқпын. Бар ойым Ләйләда! «Күллі әлемді, тіпті жанымды ақысына берсем де ол мені кешірсе екен. Тіпті сөйлеспей-ақ қойсыншы, сүймесін. Мейлі, басқа жігітпен жүрсін, кіммен болса да оған  бақыт  тілеймін. Мені сыйлағаны, маған сенгені, оны сүю бақытын тарту еткені, ұйықтап жатырған сезімімді оятқаны, өміріме шұғыла шашқаны  үшін! Сонау Америкадан елім деп  асығып  жеткенде әлдебір ақымақтың тіліне еріп көңілін қалдырып, көз жасын төккіздім. «Отандастарымның бәрі осындай делқұлылар екен», деп ойлап қалды-ау. Неткен ақылсызбын! Шайтанның жетегіне еріп, иттік жасадым. Ол періште ғой. Оған саусағымды тигізуге қалай ғана дәтім барды?», деп өзімді-өзім тірідей жерлеп, сүйретіліп орнымнан тұрдым. Кабинетіне кірген маған:

-Отыр, - деді Бисен Мұратович орындықты нұсқап – Жағдайың қалай? Көңіл-күйің жоқ сияқты ғой. Қабағыңды  ашсаңшы.

- Шаршап жүрген тәріздімін.

- Әзірге  мұндай  сөзді айтпа бауырым, - бастық кеңкілдей күлді – Сен маған керексің. Бүгін Ләйлә  жұмысқа келмейді, демалады. Оны таңертең жіберемін. Бала ғой салқын тигізіп  алған  ба ауырып қалды.

Ертең  келетінін  естігенде  көңілімді торлап  алған  қара  күздің  орынына көктем келгендей жаным  жылыды. Әйтсе де сыр бермей:

- Қазір қалай жақсы ма? – дедім.

- Жағдайы жаман  емес. Үнемі көңілді жүретін еді, бірақ, таңертеңгі тамақ  үстінде жұмған  аузын ашпады, - бастық маған қарады – Шыныңды айтшы мына жұмыс оған  қиын  болып жүрген  жоқ па? Жас қыз ғой тым көп салмақ түсірме.

- Ертеңнен бастап, көбін өзім атқарамын.

- Кеше таңертең  телефонмен біреумен сөйлесіп отырғанымда сенің қағаздарыңды әкелді де шығып кетті. Содан үйге барыпты. Келген бойда өзінің бөлмесіне кіріпті. Әйелім артынан барса өксіп жылап жатыр екен. Сұрағына «ауырып тұрмын», депті. Алайда дәрігер шақыртуға қарсылық танытқан. Таңертең: «Ләйлә! Егер жұмысың ауыр тисе басқа бөлімге ауыстырайын», деген  едім жұлып алғандай: «Жоқ! Мен тек осында істегім келеді», деді. Қазіргі жастарды түсіну қиын. Жансаяға, қызымды айтам: «Кешкі серуенге шыққанда неге Ләйләны ертпейсің», деп  ұрысып тастадым. «Міне көзі отыр ғой, мен айтпай жатырғаным жоқ, бұл өзі  ілеспейді. Телефонын шұқылап жатады да қояды», дейді қызым. Енді сені шақыртқан себебім былай болып тұр, - деп басекең жұмысыма қатысты тапсырмаларын айтты. Одан жиенінің көңілін сұраймын деп ұялысының нөмірін сұрап, жазып алып, сыртқа шығып қоңырау шалдым.

-Hello!, - деді нәзік дауыс.

- Сәлем,Ләйлә!

«Тук-тук-тук-тук», дауысымды танысымен телефонын ажырата  салды. Кері қоңырау шалып едім, естіген жауабым: «Сіз хабарласып отырған абонент бос емес немесе байланыстан тыс жерде...»

            Қыздың  екі күн бойы үйінен шықпай жатырған себебін мен жақсы түсіндім. Алайда енді Ләйлә  маған қатысты қандай шешім шығарса да көңілім баяғыдай. Оған деген алаулаған сезімімді «жас айырмашылығы»  деген санамның зынданына қамағанмын. Әрине, қызға деген махаббатым өшкен жоқ, бірақ мен кіммін? Белгібек  айтқандай  қара  қазанмын. Ол аққу болса, мен қарғамын. Арамызда аттап өтуім қиын ор жатыр. Халық мені азғын екен деп ойлары хақ. Сырт көз американдық аруға деген сезімімнің пәктігін қайдан білсін?! Дәл сол күні мен тап осылай ойладым.

Орныма келіп жұмысыма кірісіп едім, бір құжаттың шығыс нөмірін таба алмадым. Бұрын мұндайларды Ләйлә тап-тұянақтай етіп атқаратұғын. Амал жоқ қыздың компьютерін қостым. Алғашқы бетінен жас ару маған күлімдей қарайды. Файлдарын қарап едім, іздегенімді табуым қиынға соқты. Қайсысын ашсам да бәрі ағылшынша. Біреуін басып қалып едім, толған фотолар ашылды. Міне, ол менің жүрегімді жаулаған ару суреттің  бірінде әлдебір тақиялы ақсақалдың мойнынан құшақтай қалыпты. Атасы болар деп топшыладым. Тағы бірінде әлгі қарттың қолынан ұстаған. Мынау не сурет? Үш сары шашты қыз Ләйләны ортаға алып  жағажай киімімен түскен. Арғы жағында асқабақтай  теңкиіп жатырған жартылай жалаңаш  әйелдер. Біреудің күлгенінен селк еттім. Сүйгенімнің суреттерін қарап отырып әлдекімнің жаныма келгенін сезбеппін.

-Анау әйелдердің бөкселерін қарашы? – деп  қарғаша қарқылдап күліп бастықтың орынбасары тұр қасымда.

-Мен сурет емес шығыстың нөмірі тіркелген файлды іздегінмін. Сіз ағылшынша білесіз бе?, - дедім.

- Өй менде сен сияқты ол жағынан «нөлмін».

Ішімнен: «Өзімен салыстырады ит! Саған қарағанда адаммын! Ағылшынша білмейтінімді сен қайдан білесің оңбаған. Шайтанға ұқсап  жүрмейтін жері жоқ», деп файлды жаба салып басқасының үстінен басып, байқамай  бейнебаянға кірдім де кеттім. Әлдебір негр жігіті ерні дүрдиіп алып бейнекамераның бетін жауа қарап, бірдеңе айтып мәз. Ауыстырғалы жатыр едім қыздардың күлгені естілді. Камера солай бұрылғанда Ләйләны көрдім. Үш жігіт пен төрт қыз жасыл желектің үстінде отыр. Сонымен әлгі негр әлдене деп күліп араларындағы жалғыз қазақ қызына жақындап келіп аппақ мысықты ұстатты. Қыз мәз. Негр құлағына қыстырған гүлін оның аяғының астына тастады да алдына тізерледі. (Сол сәтте негрді қалай жек көріп кеткенімді айтпай-ақ қояйын. Жақын жерде болса тұмсығын тегістер едім) Бәрі қол шапалақтап ду күліп жатыр. Бір кезде қыздар мен жігіттер біздің сұлудың жан-жағын қоршап отыра кетті. Шикіл сары қыз Ләйләның басына гүлден жасалған тәж кигізді. Тағы да ду күлкі. Бөкенбай да бірдеңе жоғалтқандай үңіле түсті. Оның демінен желкемдегі шашым желпілдей бастады. «Шаш қидыру керек екен», дедім іштей. Екінші бейнебаянды аштық. Сахнада қара костюмді, жуан  «джентельмен» бірдеңе деп өз тілінде барқылдайды. Басқасына көшкелі жатыр едім, сахна шетінен әсем басып келе жатырған  Ләйла көрінді. Жүрісі қандай  әдемі. Мектептегі шағы болса керек сірә. Кеудесін әлдебір жазуы бар сары  лента көмкерген.  «Джентельменнің» айтқанынан ұққаным қыздың аты-жөні мен «Мисс Чикаго» деген сөз. Алтын түстес сары  шашты қыз басындағы тәжін шешіп Ләйләға кигізіп, бетінен сүйді. (Сол сәт әлігінің орынында болсам ғой деп армандадым). Одан кейін сахнадан түскен оны екі баласын ерткен  әкесі мен шешесі келіп құшақтады. «Құтты болсын қызым», дегені ап-анық естілді. «Келгендеріңіз үшін көп рахмет сіздерге! Мен сондай бақыттымын!» деді Ләйла таза қазақ тілінде. Қасына бір тележурналист келіп сұхбат алды. Журналист бірдеңе деген соң қыз сөзін ана тілінде бастап қолын бұлғап, ағылшынша жалғастырды. Шыны керек оған келгенде де мүдірмеді. Сіздерді көп сөйлеп жалықтырып жібердім білем. Қысқасы сол күні іздегінімді таба алмай-ақ қойдым.

-Бикинимен түскен суреті әдемі, өзі сондай сұлу. Әйтпесе Америкада оған тәж кигізе ме? – деді Бөкенбай. Оның бұл сөзі менің қытығыма тиді.

- Сіздің қызыңыздан үлкендігі шамалы, - дедім.

- Ее, Тәке, орыста: «Любви все возраст покорны», қазақта: «Махаббат жасқа қарамайды», деген тәмсіл барын естіген шығарсың.

- Қайдағы махаббат? Әйеліңіз бен балаңыз ше? Өзіңіздің ұятыңыз қайда?

- Ұят дейсің бе сен? Онда неге арақ ішіп алып: «Мен Ләйләға ғашықпын» деп жылап күлкі боласың? «Бір күн ішкеннің қырық күн мазағы барын» естен шығарғансың-ау сірә.

«Ит екенсің Белгібек», дедім іштей айтар сөз таппай аузыма құм құйылып. Ол шығып кетті.

Ертеңіне қыз жұмысқа келді де үнсіз ғана орынына отырды.

-Кешірші  мені Ләйлә, - дедім қасына жақындап.

- Wifh me it not nessary to doso! Менімен ондай қарым-қатынас жасамаңыз!, -деді қыз жай ғана.

- Сені ұнатып қалдым. Сұлусың, ақылдысың, сабырлысың, дарындысың. Өзіңді жек көру мүмкін емес. Жаза басқаным үшін кешеден бері азап шегіп жүрмін. Не айтсаң да көтеремін. Бұдан былай тіпті ағылшынша сөйлесең де, оны түсінбесем де қарсы келмей  басымды изей беремін.

Қыз күліп жіберді.

-Қаласаң осында достарыңды ертіп келіп күлесің бе, ән айтасың ба өз еркіңде. Қолымнан келген көмегімді аямаймын. Енді сені ренжітпеймін. Тіпті жігітіңді ертіп келуіңе де болады, -дедім. (Мұны қыз не дер екен деп әдейі айттым. Оның қасынан жігіт көруден құдай сақтасын). Қыз қабағын түйді.

- Fool! Like a baby.Understand  finally? (Ақымақ! Сәби сияқтысың. Қашан түсінесің мені?).Орныңызға барыңыз, мен жұмыс жасайын,-деді ол.

- Кешірдің  ғой  жаным.

- Yes!

- Рахмет! Осыны түсінемін әйтеуір.

Ләйлә тағы да күліп жіберді. Оның қабағы ашылғанына қуанған мен Американы Христофор Колумб емес бейне бір өзім тапқандай масаттанып орныма жайғастым.

*                      *                      *

Содан екі-үш күн өткеннен кейін бастықтың орынбасары біздің бөлмеден шықпауды әдетке айналдырды. Қасыма  отырып  алып  әңгіме, әзіл  айтады. Жоқ дегенде күніне үш  рет келетінін қайтерсіз. «Осының жұмысы қайда?», деймін іштей ренжіп. Бөкенбайдың айтқан әзілдеріне Ләйлә ішек-сілесі қата күледі. Мен болсам іштей тыжырынып отырсам да, қызға берген  уәдеме  сай  ештеңе айта алмай оған  еріксіз қосылуға  мәжбүрмін.

-Ой, Бөкенбай аға, сіз де айтасыз-ау. Ішегім түйіліп өлетін шығармын, - дейді ару  жымиып – Неге үндемейсіз Тарғын  аға? Керемет  әзіл емес пе?

- Бұл  ағаң  әуелден  күлуге  жоқ, - дейді бастықтың орынбасары.

- Иә, иә, тамаша, - дей саламын  мен  күшпен жымиған кейіп танытып. Қыз байқатпай  маған көз тастайды. Кейде  ызаландырғысы келіп  немесе  шыдамымды  сынау  үшін  бәрін  әдейі істейтіндей көрінеді. «Мұның  әйелі, бала-шағасы бар екенін, неге  келіп жүргенін  сен  білмейсің ғой?», деймін іштей Бөкенбаймен бірге  оның  суреттерін  қарағаным  есіме  түсіп. «Жігітсымақ» болса кейде тіпті шоколад та әкеледі.

- Thank you! (Рахмет!). Қандай жомарт жансыз өзіңіз! Бір  бөлмеде  отырамыз  ғой  сізде ауыз  тиіңіз  Тарғын  аға! – деп қыз жартысын маған ұсынады.

- Алсаңшы, саған беріп жатыр ғой, қолын  қайтармасаңшы  қарындастың- дейді Бөкенбай ортаға килігіп.

- Тәтті жемейтін едім, бірақ көңілің қалмасын, - деймін еріксіз қол созып. Осылай  басым  қатып  жүргенде  аяқ астынан  бұл  қиын  жағдайдан Ләйләның өзі  құтқарды.

            Бірде  жұмыс аяғында ол менен бірер минут ерте жиналды да сыртқа беттеді. Мен де бойымды жазып терезенің желдеткішін жапқалы бұрылдым. Сол сәт  мекемеміздің  кең ауласында тұрған  Бөкенбайға көзім түсті. Қолында  раушангүлдің  үлкен  орамасы. Мұны көріп  қаққан  қазықтай  бір   орында  қалшидым да қалдым. Ол мені көріп  қолын  бұлғап, сәлемдесу ишарасын жасады. Ләйлә да есік алдына шықты. Бастықтың орынбасары  күлім қағып бірдеңе деп  гүлін ұсынды. Қатарласа  кетіп бара жатырғанын  көргенде  не  дерімді, қандай ойға келерімді білмей  басымды  қос  қолдап ұстадым. Жүгіріп барып Бөкенбаймен төбелесе кеткім келгені де рас. Бірақ, одан не өзгереді?! «Не  болып  барады  мына өмір?». Бойымда  ұйқыда  жатырған  «қызғаныш» деген  ит қайта оянып кетіп, жүрегімді  тырнап, арсылдап  сыртқа  ұмтылды.  «Қайда  барасың сен, тоқташы  Ләйлә! Ақылға келші! Жігіт  таппағандай  әйелі  бар адамға  ергенің  не? Әлде  сен туралы ойлағанда қателестім бе?» Ақыры: « Сабыр, сабыр! Кіммен жүретінін, қандай қарым-қатынаста  болатынын менен  сұрамайды», деп  тежелдім. Өстіп тұрғанымда,  ауланың есігіне  тақалғанда қыз  Бөкенбайдың берген гүлін  жерге  тастай салды. Сөйтті де кеудесін тік ұстап, қолаң  шашын артына бір сілкіп, ешқайда  бұрылмастан сыртқа шығып, темір шарбақтың іргесімен  аяңдап кете барды. Анау болса соңынан  бірдеңе  деп ере түсті де Ләйләның қайырылмасын біліп, қайта оралды. Гүлін  жерден көтеріп  мен  тұрған терезе  жаққа жақтырмай  көз тастап, көлігіне қарай тартты. Екеуі екі бағытқа кетті. «Жарайсың Ләйлә! Өзіне сол керек! Сен сияқты арулар осындай болуы тиіс», дедім іштей жүрегім аттай тулап.

Ертеңіне Бөкенбайды көре алмадым.

-Бөкеске не болған? Көрінуді қойды ғой? Саған  шоколад  әкелетін еді? – дедім қызға қарап.

- Е, ол кісіге ақыл кіріпті, - деді Ләйлә  күліп, - Қабырғасымен  кеңесіпті де, ақша деген  нәрсе  орнымен  жұмсалуы  керек  деп  шешіпті. Өйткені өмірде оған сатып  алуға болмайтын нәрселер де кездеседі  екен.

- Солай ма?

- Шоколадқа келсек оны  енді маған сіз әпересіз!

- Келістік, қазір барайын!

- Керек емес, сіз ештеңені, тіпті  әзілді  де түсінбейтін сияқтысыз.

- Оның рас, қайтем енді құдай сөйтіп жаратса.

- Өмірдің өзі күрделі математикалық есепке ұқсайды, - деді қыз ойланып -  Арифметиканың  төрт  амалы тәрізді  адамдар қосылып, көбейіп, бөлініп, алынып жатады әйтеуір. Жақсымен қосылсаң бағыңды  ашады, жаманнан бөлінбесең құтың қашады. Бір отбасынан алынамыз, басқа отбасын  құрып көбейеміз.

- Қазақшаны бұрынғыдан да жақсы сөйлейтін болыпсың  ғой  Ләйлә!

- Өзім қазақ  қызы  емеспін бе? Оған  неге таң қаласыз? Орысша  да үйрендім. Енді біреуге «Иди к черту», деп айтып  келуге жұмсасаңыз бармаймын.

Екеуіміз қосыла күлдік. Қыздың  маған  қалай  қарайтынын білмеймін, өзім оған деген сезімімді өшіре алмай әлекпен. Әр күн сайын онымен сөйлесу ғашықтық отына май құя түседі. Жұмысқа бармайын десем оны көрмеуге шыдай  алмаймын. Ақыры өзімнің  құрдасым Дастанға  телефон  соғып жолығуға  шақырдым. Шайханада отырмыз. Оған басымдағы жайды айтып ақыл сұрадым.

-Жағдайым  осылай  Дастан! Маған  қандай ақыл қосасың? Сен тәжірибелі психологсың, жол көрсет! Өткінші сезім десем күннен-күнге тамырын жайып тереңдеп барады. Жауапсыз махаббаттың тұтқынымын.

- Қиын екен достым, -деді ол дәрігерлерге  тән  салмақтылықпен – Бірақ сол жауапсыз махаббат болса ғой. Алдыңнан  екі жол көріп тұрмын. Біріншісі оны мүлдем  ұмытасың. Бар  зейініңді жұмысыңа аудар. Ләйлә  жайлы  ойламауға  тиіссің. Аздап өлең жазатының бар ғой сезіміңді, мұң-шеріңді соған төк. Иә, болмаса еңбек демалысын алып басқа жаққа кет немесе өзің қарар қызбен таныс. Қалай етсең де стресстік жағдайдан шығуың керек. Өзіңді-өзің қолға алып: «Жоқ, олай болмайды! Ол жас, мені сүймейді», деп ішіңнен қайталай бер. Сонда санаң соған сеніп алданады да бұрынғы қалпына түседі.

- Жүрегіме  әмірімді  жүргізе  алмай  жүрсем сен  маған қызық  ақыл айтасың. Жарайды  екіншісіне көшейік, -дедім мен.

- Екіншісі қызға сүйетініңді білдіру. Бірақ бұлай етпегенің дұрыс. Егер ол қарсы болса, саған  жақсы, қанша қиналсаң да нүкте  қояр  едің. Өкініштісі олай  болмайтынын  байқап отырмын. Сөзіңе сенсек ол қыз сені сүйеді. Бұл өз  кезегінде саған көптеген қиындықтар тудырады. Себебі сен қырықтасың, ол 19-да. Ата-анасы, туыстары өре түрегеледі. Орталарыңа түсіп екеуіңді ажыратса бұл саған да, қызға да ауыр  соққы.

- «Ләйлә мені сүйеді» деп саған кім айтты? Ол кімді сүйеді екен?

- Тәке, сен ғана оны байқамай жүрсің! Қыз  сүйетініңді  білетін болса шаруам бітті дей бер, қайтып  ажырамайды. Ал сен ше? Оны бақытты етуге дайынсың ба? Дайын  болсаң менімен ақылдаспайсың ғой. Бәріне қолды бір сілтеп, жаңа ғана өзің айтқандай тек жүрегіңнің әмірін тыңдар едің. Анау Белгібектің мастықпен айтқан кемсіту сөзін көңіліңе алғансың да ақылыңның кілтін жоғалтқансың. Өзіңді жұрттан кем санап  қораштануың санаңды тұмандатқан. Саған іш тартуы, алғаш рет құшақтағаныңда қызарғаны, ренжіткеніңді ешкімге айтпағаны, басқа бөлімге ауыспағаны, осының  барлығы ештеңені аңғартпай ма шынымен? Жоғарыдан құлағанда қорғап  қалғаннан  кейін  жас қыз сені өзінің тірегі санайды. Қыздардың  ерік-жігері  күшті  жігіттерді  ұнататын  осындай да  түрі бар. Байсың ба, жарлысың ба, көріктісің бе, көріксізсің бе, жассың ба, қартсың ба оларға бәрібір. Сүйіп қалса бас тартпайды,  сенімен бірге өлімге де бас тігеді. Қанша сұлу болса да мұндай қыздар өздерін  елден ерекше санамайды, көптің біріндей  көреді. Себебі бойларында  тәкаппарлық жоқ. Құдайдың қалауымен сондайлардың санатындағы қыз саған кезіккен. Мекемелеріңде толып жүрген жас жігіттердің бірін емес, өзіңді таңдаған. Тағдырдың жазуы да.Тап осындай  жігіттер де өмірде кездеседі.

- Жаңа  ғана жас айырмашылығы  қосылуға  қиындық  келтіретініне  тоқталдың. Шынымен сонда біз бақытты  бола алмаймыз ба?

- Олай дегенім жоқ қой саған! Бақытты болу-болмау адамның өз қолында! Өткенде теледидардан  елімізге танымал  ағамыздың  жұбайынан  отыз жас үлкен екенін айтып жатыр. Орталарында бір балалары бар. Тағы бір музыкант ағамыздың да әйелі жас қой. Қазақстандағы бір тентек шалдың қалыңдығы жиырма бесте. Ресейлік миллиардер Краско да 70-тен асқанда 25-тегі қызға үйленді. Маршал Жуковты  алпысқа жақындағанда жас қызға қосылғаны  үшін жұмыстан босатқан. Жас әйелі өле-өлгенше жанынан кетпеген. Рокоссовский деген маршал да орта жастан асқанда жап-жас қызбен көңіл қосқан. Мұны Лаврентий Берия  Сталинге жеткізіп не істеу керектігін сұрағанда ол ойланып, трубкасын тартып тұрып: «Не істейміз?» дейсің бе? Қызығатын боламыз», депті. Ләйлә  келген елде, Америкада да мұндайлар жеткілікті. Өзіңмен сөйлесер алдында ғаламторды ақтарып қарасам атақты Майкл Дуглас 56-да, әйелі Катрин 31-де. Екі балалары бар. Берни Эккастоун 86 жаста, әйелі Фабиан 39-да. Ронни Вуд 86-да болса, жұбайы Салли 37-де. Хью Хефнер 90-да, әйелі Кристалл 30-да. Бұларды білмесең танымал әртіс, каратэші Брюс Уиллисті айтайын, оның өзі 61-де, әйелі Эмма 37-ге толған. Мен бұл жерде әлгі байлығына бола күйеуге тиетіндерді есепке алып отырғаным жоқ. Жалпы қазіргі  жас қыздардың да кейбірі  мектепте жүріп-ақ  өздерінен көп үлкен эстрада жұлдыздарына  ғашық болатыны  өтірік емес. Соны пайдаланып кететін, отбасы бар екенін жасыратын әншілер де жеткілікті.  Ал, Ләйләға келсек ол он тоғызда, өтпелі кезеңде емес! Ақыл тоқтатқан жаста! Әйтсе де қыз өз таңдауын  неге ерте  жасап отырғанына ғана таңмын.

- Демек ол мені сүйетін болды ғой, рахмет  достым. Қыздың мені сүйетініне қалай көз жеткіземін.

- Әлі сенбей отырсың ба? Сен былай ет! –деді Дастан - Ертең туысқандарыңың ішінен  бір қызға өзіңе хабарласуды сұра. Ол есік алдынан күтсін. Сөйтсең ғана сен оның өзіңді сүйетін-сүймейтінін анық білесің. Есіңде болсын әлгі қыз туысың болмаса Ләйләны мәңгіге жоғалтасың. Мұндай қыздар өздері  адал  болғандықтан  басқа  адаммен байланысқаныңды мүлдем кешірмейді.

Ертеңіне мен тап солай істедім. Ағамның қызына: «Жібек маған келіп кетші шаруам бар. Ішке кірмей мекемеміздің ауласының алдына келгенде телефон соқ мен шығамын», деп  хабарластым. Ләйлә  өз орынында отырып, жұмысын жасауда. Телефоным шылдыр етті.

-Иә,иә Жібек! Есік алдынан күт шығып барамын жаным! Ләйлә  мен кеттім, есікті кілттей саларсың

- «Жаным» дегенің кім? – деді ол.

Үнсіз шығып бара жатырғанымда қыз да орнынан тұрып терезеге беттеді. Ұзын бойлы, шашын  жазып  жіберген  талдырмаш бойжеткен  ауланың алдында күтіп тұр екен. Жақындап келіп бетімнен сүйді. Артыма бұрылып  едім Ләйлә  екі-үш қадамдай жерде бізге қарап қалыпты. Қашан іштен шығып үлгерген? Теріс айнала беріп еді:

- Танысып қой Ләйлә! Бұл менің қарындасым Жібек! -дедім.

- Ләйлә! – деп ол қолын ұсынды – Сіздерге кедергі жасамайын.

- Бөлмені кілттеп пе едің?

- Қазір, Тарғын ағай  кілттеп келейін.

- Күтеміз, сосын  анау  асханадан  бірге  тамақтанайық.

Ләйлә  жүгіріп ішке кетті.

-Модель болуға лайық, үріп ауызға салғандай  әп-әдемі қыз екен! Сізбен бірге жұмыс жасай ма? – деді Жібек оның артынан қарап тұрып.

-Иә, сенің болашақ жеңгең!

- Қойыңызшы қайдағыны айтпай! Құртақандай қыз ғой, менен де кіші сияқты.

Оның бұл сөзі мені ойлантып тастады. Ләйлә оралды да үшеуіміз бірге әңгіме соғып асханаға бет бұрдық. Жібек менің неге шақырғанымды білмей дал. Мен болсам оған не айтам деп ойладым. Бірақ бәрінен де сол сәтте сүйгенімнің еркелей сөйлеп  қасымда келе жатырғаны үшін қуандым.

*                      *                      *

Сол  күні  асханадан  шыққан соң  Жібек, Ләйлә  үшеуіміз  біраз  серуендедік. Қаланың  әдемі  жерлерінде  ұялы  телефонмен  фотоға түстік, яғни селфилеттік. Қарындасым өз  шаруасымен  кетті де, мен онымен оңаша қалдым. Қатар келе жатырмыз. Ол  сұрағыма орай Америкадағы  достары  жайлы әңгіме айтуда. Мен тыңдаушымын. Шындығына  келсек  мені американдықтардың өмірі түк те қызықтырмайды. Мұхиттың арғы  жағындағы  Билль, Макс, Джон, Луйза, Джулия, Еллен  (Ләйланың достары)  және басқалары туралы тыңдаудың маған көк тиынға да қажеті жоқ. Сөзді неден бастарымды  білмей  басым қатуда. Сондықтан  үндемей қалмайын деп осы сұрақты қоя салғанмын. Өз қатарым болса ғой ештеңеден қысылмас та едім. Ақыры мұндай сәттер бола бермейтінін ұғып:

-Ләйлә! Бір нәрсе айтуға болма ма?, - дедім сөзін бөліп.

- Иә, - деді ол  алдымда тұрған  қалпы көзін жерден алмай, биік өскен бір шөптің жапырағынан сипап.

-Бүгін күн тамаша екен, -дедім. Ол үндемей алға қарай жүрді. Ақыры тәуекелге бел будым да:

- Айтайын  дегенім, мен сені сүйемін Ләйлә! Сен ше? Жүрегіңде  маған деген тамшыдай болса да сезім бар ма? – деп төбеден секіріп  түскендей дүңк еткіздім.

Қыз  ештеңе деместен  жапырақты жібере салды да, бір өсімдіктің аппақ гүлін иіскеді. Сөйтті де қолаң шашын артына сілкіп тастап алға жүрді.

-Сұрағыма  жауап  бермедің  ғой Ләйла!

Қыз  тоқтай  қалып, маған қарады да:

-Why do you ask? (Сен неге сұрап тұрсың?), - деп күліп, - Ой, қазақша сөйлесеміз деген екенмін ғой. Сүймесем қасыңа ерем бе?, - деді бірден. «Сенге» көшкені маған қуат берді.

- Осылай кездесіп тұрайықшы  жаным!

- Күнде жұмыста көрісіп жүр емеспіз бе? – қыз сәл жымиды.

- Бисен Мұратович  мұны білсе  екеуімізге  де жақсы болмайды, - дедім  мен, - Кешке оңашада ғана  кездесейік, бірге серуендейік.

Ләйлә  мырс етті:

-Сонда қалай?, - деді ол – Сүйемін дейсің де нағашымнан қорқасың! Оған  көрінбей  тығылып  кездескенді қалайсың. Өйтуге  болмайды  ғой. Құпия нәрсенің бәрі де бір күндері ашылады.

- Қорыққаным емес, сенің жайыңды ойлағаным. Екеуіміздің махаббатымызға ол қарсы тұрады. Себебі мен өзіңнен көп жас үлкенмін.

- Білесің бе бір рет мені: «американка» дегенсің, - қыз маған бұрылды.

- Кешір! Ашу үстінде байқамай аузымнан шығып кеткен-ді. Қателесіп жаза бастым, -дедім мен.

- Жоқ, - деді Ләйлә жәймен ғана  – Сен сол жолы өте дұрыс  айттың! Тамырымды  қуалап қазақтың қаны ағып жатырғанымен  мен американкамын! Әлемдегі басқалармен көп санаспай өз дегенімен жүретін елдің еркін өскен қызымын. Жан-жағыма жалтақтамаймын, алдыма қараймын. Мен сені сүйемін! Маңыздысы осы! Whatever is to bewillbe (Жазылған тағдырдан қашып құтыла алмайсың). Ал, кімді сүю керектігін  ешкімнен де сұрамаймын! Қайтсем екен деп әлдебіреумен  ақылдаспаймын. Өйтетін болсам  құдай маған басты не үшін берді? Баяғыда-ақ бір шешімге келіп, тек сенің ғана жарың болуға бекінгенмін. Басқаларға  ұнамайды деп мен одан бас тартпаймын. Махаббатым үшін күресіп жолымда тұрған  қандай қамалды да бұзып өтемін. Енді саған келсек, иә, мені сүйетініңді білемін! Бірақ  қашан қосыламыз? Әлі күнге дейін неге толқып жүргеніңді мүлдем  ұқпаймын.

-Ата-анаң ше? Олар қарсы  болса  қайтемін?

- Түсінбедім? Бұл жерде олардың не қатысы бар? Мені ата-анам мына дүниеге бақытсыз болсын деп әкелмеген шығар? Болашақ жарымды таңдайтын да олар емес, – енді қыз  маған тура қарады – Шыныңды айтшы өмір бойы бірге болғанымызды қалайсың ба, жоқ па?

- Иә, жаным! Өзіңсіз өмір сүре алмаймын Ләйләш!

- Ендеше  біздің  қосылуымызға  кім  кедергі? Неге тайғанақтайсың? Мен сендікпін! Басқа нені талап етесің? Қуанышты да, қиындықты да өзіңмен бірге көруге  дайынмын, - деді Ләйлә.

            Қызға  жақындап  ақырын ғана құшақтадым. Ақ жүзінен аймалап, шиедей қызыл еріндерінен сүйдім. Қарсылық танытпады. Сол күні ол үйіне бармай  менімен бірге қонды. Күндер байқатпай  жылжып жатты. Біз сондай бақытты едік. Жұмыста да, кешке де біргеміз. Бірақ көп кешікпей екеуімізге біраз  қиындықтарды жеңуге тура келді. Мөлдір махаббатымыз ғана оған мойытпады. Бисен Мұратович бәрін естігенде мені бөлмесінен қуып, жұмыстан шығарды. Қаңғып  далада  қалдым. Ләйләны қайтадан Америкаға жіберетін боп шешкен, қыз бірақ оған көнбеді. Ашуланып  менің пәтеріме түпкілікті көшті. Бұл арамызды бұрынғыдан да шиеленістірді. Нағашысы тіпті мені сотқа беретін де болды. Оны жайына қалдыруымды өтінді, қорқытты, тіпті кісі жұмсап соққыға да жықты. Қолымызда қаражат қалмай нан мен шәйді ғана корек еткен де замандар басымыздан өтті. Қаланы тастап, ауылға кетуімізге тура келген кездер де кездесті. Алғашқыда ауылдағылардың әңгімесінің басты кейіпкеріне айналдым. «Тарғын қыз таба алмаған соң қырыққа  келгенде Америкадан келген негір қызға үйленіпті. Ол да өзімен қарар көрінеді. Бір жаманы екеуі бір-бірінің сөзіне түсінбейді, ыммен ұғысады екен», - деген өсекті естіп Ләйла екеуіміз күліп аламыз. Қызық емес пе? Бірде дүкен жақтан келе жатсам, біздің ауланың қорасының тесігінен бір топ әйел сығалап тұр. Мені байқап қалып зыта жөнелмек болған:

- Тоқтаңдар, сендерге қазір негір келінді көрсетемін, - дедім. Олар қаққан қазықтай сілейіп қалды. Сөйттім де: - Ләйлә! – деп дауыстадым. Келіншегім үйден аулға шықты. Үстіне жұқа кеудеше киіпті.

- Сәлеметсіздерме! – Ләйләның жүзінде күлкі ойнайды. Оны мен жақсы ұқтым.

- Ойбай, мынау негір емес қазақ қой, - деп қалды әйелдердің бірі. Содан кейін олар арттарына бұрылмастан тайып тұрды. Артынша бірінен соң бірі біздің үйге құтты болсын айтып келіп жатты. Қайран қазағым-ай. Сөйтсек, қырыққа келген мені түрі де, тілі де, діні де басқа біреуге үйленді деп бәрі бізден іргесін аулақ салып жүр екен.Ата-анам мен аға-жеңгелерім дүрілдетіп тойымызды өткізді. Заңды түрде қосылдық. Анам кешікпей немерелі  болатынын естігенде Ләйләның асты-үстіне түсіп, құрық  ұшты. Сүйіктім де оларды жатсынбады. Таңмен тұрып сиыр сауды, үй тазалап, кір жуды, тамақ әзірледі. Алғашқыда жеңгелерім:

- Тым жас екен, адам болып кете алсаңдар жақсы-ау, - десе, кейін олай айтуға ауыздары бармады. Бірақ ауылдан  жұмыс таппадым. Бұрын  өзімнің қарақан басымды ғана ойласам, енді Ләйлә мен өмірге келетін балам үшін жауаптылығымды  сезіндім. Себебі  ол да жұмысын  тастап, тағдырын маған сеніп тапсырды. Қалаға келіп туыстарымды араға сала жүріп бір мекемеге күзетшілік  жұмысқа орналастым. Көштің соңында ғұмыр кешіп жатырғанымызда күтпеген жерден мені бір беделді фирмаға қызметке  шақырғаны. Сөйтсем оның басшысы  Бисен Мұратовичтің қарауында істеп жүрген кезімде әріптес болған жігіт  екен. Бағымыз жанып, тұрмысымыз түзелді. Қала ортасынан  несиеге үй алуға қолымыз жетті. Жұмысым, сүйікті жарым, көлігім барына Аллаға  шүкіршілік етіп жүріп жатырған пендемін. Қандай қиындық кездессе де үйімізде ыдыс-аяқ шылдырлап, ұрысып-керіспедік. Қабағымызға қарап түсінісеміз. Еркек болып  оған билігімді жүргізуге тырыспадым. Ол да  маған дегенімді істетемін деп әуреленбейді. Қандай істе де менімен ақылдасады, айтқаныммен жүреді. Бір бастың ақылынан екеуінікі жақсы екенін ұқтық. Ләйла мұндай өмірді өзі таңдағанын, бәрі де құдайдың сынағы екенін түсіне біліп, ертеңгі күнге деген сенімін жоғалтпады. Анда-санда ағылшынша сөйлеп, оған менің түсінбегенімді көріп:

- Қызықсың, - деп мәз болады. Бәрінен де үйіміздің  тазалығын айтсаңызшы. Бұрын кейде тазалықшы әйелдерді жалдайтынмын. Көбіне бәрі шаң-шаң болып, киімдерім шашылып, терезелерге  сүңгі тұратын. Ерінбеген күні оларды тазалайтынмын. Ауылдағы бауырларым келгенде де қол ұшын беретін. Бірақ, шыны керек тазалыққа басымды көп ауыртпайтынмын. «Жұмысқа киетін киімім таза болса жетіп жатыр». Енді міне терезелерімізге дейін айнадай жарқырайды. Өзі қонақшыл. Достарым, туыстарым келе қалса риза болып аттанады. Айтпақшы қыздың нағашысымен айтысып-тартысып жүргенімізде  Америкадан келген қайын атам мен енем дені дұрыс адамдар болып шықты.

-Болар іс болып, бояуы сіңді. Араларыңа түсіп Ләйләның көз жасына қалғым келмейді. Атасы марқұм өмірден өтерде: «Бұл ақылды әрі өжет қыз. Өле-өлгенше дегенін жасадым, еркелетіп өсірдім. Гүлімнің көз жасын төккізбеңдер», деп аманаттап кетті. Аманатқа қиянат жасау дінімізде жоқ нәрсе! Бақса ұлтқа емес, қазақтың жігітіне шығып жатыр ғой, - деді қыздың әкесі – Бір-біріңді шын сүйсеңдер бақытты болыңдар балалар! Біз сендерге тілекшіміз!

            Біраз уақыттан соң  бізді жайымызға қалдырған Бисен Мұратович Ләйләны қайтадан жұмысқа алды. Оған жұмысына адал, әрі ағылшынша білетін маман ауадай қажет еді. Бірақ келіншегімнің  үйде отырар кезі де жақын. Ертең сүйіктімнің туған күні. Қымбат киімге, жылтыраққа ол мүлдем қызықпайды.Сол себепті «ханшайымыма  қандай сыйлық алсам екен» деп қымбат дүкенге кетіп барамын.

 

 

Қазақ тілінде жазылған