Оралман
3 көріністі 2-бөлімнен тұратын трагедиялық драма
Бұл драма болған оқиғалар желісінен жазылды. Жүрегімдегі туысқа деген барлық мейірімділіктің шапағатын осы екі жастың бақытты ғұмырларына беруге тырыстым. Өкінішке орай, мен ойлағандай болмай шықты. Басымды тауға да, тасқа да соқсам да, қоғамдағы кейбір тас жүрек шенеуліктердің кертартпа қылықтарынан, зар жылаған жас келіншекті ата-анасымен қауыштыруға небәрі үш-ақ күнге кешігіп қалдым...
...Сая, үкімет қарауында, балалар үйінде тәрбиеленді. Заң талабы бойынша оны өз үйімізде қалдыра алмадық. Бірақ, тікелей өзімнің қанатымның астына алдым. Алматыдағы Сара Назарбаеваның «Өзін өзі тану» колледжін бітірді. Бүгінде отбасы бар, екі баланың анасы. Алайда тағдыр тәлкегі Саяны да өз шырмауына алғандай. Басында баспанасы жоқ, пәтер жалдап тұрып жатыр. Бар сенері жан жары мен өсіп келе жатқан кішкентай екі қыздары.
...Оқиға желісі қай көрерменді болса да көзіне жас алдырып, ойға қалдыратыны анық. Осы драманы сахнадан көргеннен кейін, жұрттың қандастарымызға, жетімге деген көзқарастарына аздаған болса да мейрімділік пен рахымшылдық әкеледі деп сенемін.
Автор
Рольдерде:
Сымбат............................27 жаста. Монғолиядан келген оралман.
Данагүл...........................Сымбаттың әйелі 26 жаста
Сая................................... Сымбаттың қызы.
Секен----------------------- ауыл басшысы.
Мәкен...............................әйелі.
Гүлназ----------------------Секеннің қаладағы қызы.
Бастық----------------------көші-қон департаментінің бастығы.
Хатшы----------------------Бастықтың хатшысы.
Тілек, Әсел, сатушы, ауыл әйелі, Берік, Аңтарбай, дәрігер, шалдар қосымша көріністерге қатысады.
Бірінші көрініс
Сахнаның төрін үлкен айшықты таулар мен жоталардың суретімен безендірген. Болып жатқан оқиға осы таудың етегіне орналасқан кішкене ауылда өрбиді. Сахнаға бірін-бірі жетектеген келіншек пен жігіт шығады. Қолдарындағы ауыр жүктерін келе жерге лақтыра қояды да арқаларын түйістіріп отыра қалады. Жолдан қатты шаршағандары білінеді. Келіншектің үстінде монғол үлгісінде тігілген шапан, аяғында етік, басында орамал. Жігітте шолақ шапан, аяғында хром етік. Басында қарсақпен айналдыра тіккен бөрік. Елімізге алғаш келген оралмандар. Бұл 1992 жыл.
Данагүл: (Жан-жағына таңдана қарап) Сымбат қарашы, табиғаты біздің Монғұл жерінің табиғатына ұқсайды екен ә? Ауасы қандай? Кеше қай жермен жүргеніміз есіңде ме? Бір иістер кеңсірігімізді қарып өткендей болды ғой. Ал, мына жерде ауасы да таза екен.
Сымбат: (Ойлана жан-жағына қарап) Е, ол иіс газдың исі ғой. Сен қайда келгенімізді білесің бе?
Данагүл: (Елең ете түсіп) Иә, қайда келдік?
Сымбат: Біз атақты Қаракерей Қабанбай батырдың туған мекені, атының тұяғы жер тарпыған Тарбағатай ауданына келдік. Сен, бұл Тарбағатай тауының Қытаймен шектесіп жатқанын білесің бе? Бұл жер өзінің әсем табиғатымен, ойлы-қырлы жерлерін жайлаған малыменен атақты. Есіңде ме осыдан алты-жеті жыл бұрын Тарбағатайдан Монғолияға бірнеше мыңдаған қойларды айдап келіп, өткізуші еді ғой. Енді сол ауданға екеуміз көшіп келдік. Өткенде біздің сум-ға келген елші жігіт осы жердікі екен. Бағанада келген тоғыз үйді жан-жаққа бөлген кезде сол жігіт бізді осы қой фермасына жіберді ғой.
Данагүл: Бәсе, сол жігітті өзім де осы жақтікі шығар деп ойлап едім. Шіркін, өзіміз дұрыстап қоныстанған соң әке-шешемізді де көшіріп алсақ жақсы болар еді. (Көзін сүртіп) Анашым қандай күйде жүр екен, өзін сағынып та кеттім. Біз шекарадан өтер кезде екеуі де қолдарын бұлғап, жылап қалды ғой. Ендігі қауышатын күн қашан туар екен?
Сымбат: (Жан-жағына сүзіле қарап, орнынан тұрады) Әлгі бізді келіп ертіп кететін адамы да кешікті ғой.
Данагүл: Мүмкін ешкім келмейтін де шығар, онда қайтеміз? Қайда барамыз, осылай далада қалсақ қайттік?
Сымбат: ( күле жауап береді) Қорықпа. Бұл Қазақстан емес пе. Бізді ешкім далаға тастамайды. Атамекен дегенің осы Данажан. Әкемнің өмір бойы бір көрсем-ау деп армандап кеткен атамекеніне біз келдік. (Құшағын жая айқайлап) Армысың қаны бір қазағын зарықтырған туған топырақ пен Атамекенім! Әлгі, бізге үйді құратын жер беретін осы ауылдың басшысы деп еді ғой. Келіп өзі ертіп кетеді деген жоқ па. Тағы біраз күтейік. Келмесе ауылдың кеңсесіне өзіміз барармыз.
Осы кезде қолында шелек ұстаған әйел адам өтіп бара жатып, кілт тоқтайды.
Мәкен: (жақындап келіп) Түрлерің осы жақтың адамдарына ұқсамайды, тегі ауылымызға келген алғашқы оралман болдыңдар ғой солай ма?
Сымбат: Иә тәте, бізді осы ауылдың бастығы ертіп кетеді деп еді, сол кісіні күтіп отырмыз.
Мәкен: Жаным-ау, Секен тордың үстіне шығып кеткен. Ферманың малын түгендеп, санақ жүргізуге. Ол ағаларың біздің үйдің егесі. Жүріңдер, жолдан қатты шаршағандарың көрініп тұр. Біздікіне барайық.
Сымбат: Тәте, мына киіз үйді де сіздікіне апарайық па?
Мәкен: Ана машинаға тиеліп тұрған жүктің бәрі сендердікі ме? (олар қатар бастарын изейді) Ана шопыр балаға айтайын тура біздің үйге апарып түсірсін. (Жүгіре басып шығып кетеді)
Данагүл: Сымбат, не істейміз барамыз ба?
Сымбат: Басқа амал жоқ, оның үстіне бастық тауға кетіпті деді ғой. Бүгінше осы кісіге ере тұрайық, ертең белгілі боп қалар.
Мәкен: (жүгіре шығып) Айттым, машина біздікіне қарай кетті. Сендер де маған еріңдер. (жүктің біреуіне жармасып) қане, көтерісейін. (Екеуінің бетіне тік қарап тұрып, қолындағы жүгін жерге тастап жібереді) Жандарым-ау, бағанадан бері аңғармаппын ғой, не деген жассыңдар? Кімсіңдер өзі, әке - шеше дегендерің ана машинаның ішінде кетті ме? Сендер баласы боларсыңдар, солай ма?
Сымбат: Жоқ, тәте. Біздер ерлі-байлы адамдармыз.
Мәкен: Мына екеуің ерлі-зайыптысыңдар ма?! (Екеуі де бастарын изейді) Әй, аналарыңның сүті ауыздарыңнан әлі кетпегені көрініп тұр, сонша ерте үйленетіндей не бастарыңа күн туды, а? Тым жассыңдар ғой түге.
Сымбат: (күле сөйлеп) Ой, тәте біздің түріміз жас болғанымен жасымыз үлкен. Сізге солай көрініп тұрған шығар.
Мәкен: А, ол да мүмкін. Көп сөйлеп кеттім-ау деймін, тұрмайық, кеттік.
Екінші көрініс
(Барлығы шығып кетеді. Жарық қайта жанған кезде, төрде жайылған сырмақ. Ортада жер үстел. Оны айнала қоршап кішкене жастықтар шашылып жатыр. Балаларды ертіп кірген Мәкен босағаға жүктерді тастай бере, жастықтарды жинастыра бастайды.) Әй, осыларды ма, қарашы жастықтарын жинауға да ерінеді. Қане, тұрмаңдар, шешініп жайғасыңдар. Мен сыртқа шығып ана машинадағы жүктерді түсіретін жерді көрсетейін. Өз үйлеріңдей көріп отыра беріңдер. (Қайта шығып кетеді)
Данагүл: (Жан-жағына таңырқай қарап) Сымбат сен неге бірге бармадың, қай жүктің қалай салынғанын бұл кісілер білмейді ғой, барып өз көзіңмен көріп, ыңғайластыра түсірсеңші.
Сымбат: Рас-ау өзі де сөйтпесем болмас. (шығып кетеді.)
Данагүл: (сырмақтың үстін қолымен сипап отырып, таңдана) Үйдің-іші, мынау сырмақтар, жер үстелге дейін Монғұлдағы біздерге өте ұқсас екен. Мен Советтің Қазақстанын басқаша көзіме елестетуші едім, сөйтсем біздер сияқты екен ғой. Монғұлиядағы біздің үйдегі ыдыстардай ыдыстары бар. Үй жинағандарына дейін аздап ұқсайды.
(Осы кезде үсті-бастарын қағысып Мәкен мен Сымбат келіп кіреді.)
Мәкен: Жүктерің де онша көп емес екен. Монғолиядан осы бір машинамен ғана көшіп келдіңдер ме? Малдарың ше? Мына түрлеріңе қарап, екеуің ғана келді дегенге сенерімді де , сенбесімді де білмей отырмын. Ата-аналарыңды тастап, кіп-кішкентай болып қалай бөтен жерге жүрексінбей келіп қалдыңдар а?
Сымбат: Бұл жер бөтен бе екен, өзіміздің қазағымыздың жері емес пе, Назарбай басшының сөзін қостаған соң келіп қалдық.
Мәкен: Сонда да жаным-ау, ( сөйлей жүріп, дастархан әзірлейді) ата-аналарыңды тастап, екеуден екеу келгендерің тым асығыстық тәрізді. Қандай өзіңнің ата-бабаңның туған жері болса да, сендер үшін жат жер ғой. Өзімсініп келгендерің ерлік дегеніммен ата-аналарыңа өкпелеп қалдым. Оң мен солын ажыратып үлгермеген осындай өрімдей балаларын ел асырып кім жібереді. Көзбен көрмеген жерге қорықпай қалай сендерді жіберіп отыр а? Біз балаларымызды мынау облыс орталығына жалғыз жібергеннен қорқамыз. Таңсық жер, қашанда таңсықтығын көрсетпей ме.
Сымбат: (күле сөйлеп) Тәте, сіз олай қорықпаңыз. Жалғыз біз емес, мыңдаған отбасылар осылай алдыменен не әке-шешелері, немесе балалары келіп қоныстанып жатырмыз. Қазақстанның түкпір-түкпіріне біз секілді еліне оралғандар жайғасып жатыр емес пе, біз де солардың біріміз. Өзіміз дұрыстап орналасып алған соң әке-шешемізді де көшіріп алуға тырысамыз. (Данагүл сөзге араласпай тек басын шұлғып күйеуін қостап қояды)
Мәкен: (Дастарханын әзірлей жүріп) Солайы солай ғой айналайындар, сендердің тым өрімдей жас екендеріңді көріп жүрегім ауырып кетті емеспе. Ал, дастарханға таяу отырып шайдан алыңдар. Алдыменен ауыздарыңды жылытайын. Сосын ет асып қонақасы әзірлеймін.
Данагүл: Оған әуре болып қайтесіз, рахмет.
Сымбат: Расында ет асамын деп әуре болмаңыз, шәй ішіп алған соң жүктерді ірктеп қояйын. Бастық аға келген соң үйді бірақ тігетін шығармыз.
Мәкен: Жоқ, бастық ағаны күтетін ештеме жоқ. Үйді қазір мына ауланың ішіне біздің үйге қатарластыра тігеміз. Мынадай бала түрлеріңді көріп отырып, қалай қол ұшын бермей қарап отырамын. Сендерді мен ертіп әкелген екенмін, енді менің балаларым боласыңдар! Осы. Ал, шәйлеріңді ішіңдер. (Екеуі қуаныштарын жасыра алмай бір-бірлеріне жалтақтай қарайды) Менің он балам бар. Оны да ержетті. Бәрі қалада тұрады. Кенже ұлым мен кенже қызым ғана қолымызда. Олар да мектепті бітіре салысымен оқуға кетеді. Қазір солар келеді. Сосын бәріміз үйлеріңді тігерміз. Бүгін тігілмесе, ертең тігеміз. Еш асығыстық жоқ. (Осы кезде арсыл-күрсіл үстіндегі сырт киімін жүре шешіп Секен сөйлей кіреді)
Секен: Мәкен мені іздеп үйге ешкім келген жоқ па? (төрдегілерді көріп) Есік алдындағы жүкті көріп, сендерді осы үйге түссе екен деп ойлап едім, ойымның дәл үстінен түскендеріңді қарашы. (Екеуі де орындарынан тұрып Сымбат қос қолдап , Данагүл басын иіп амандасады. Секен олардың жүзіне бағдарлай қарап) Әке-шешелерің қайда?
Мәкен: Орындарыңа отырып шәйлеріңді алыңдар. Секен сен де отыр. Бағана мен де бұларды біреудің балалары екен деп қалғам, сөйтсем, ерлі-зайыптылар екен. Осы ауылға жіберіпті. Сені күтіп далада тұрған жерлерінде алып келдім. Енді үйлерін де қасымызға тіктіртейін деп отырмын. Ата-аналарынан бөлініп, Қазақстанға екеуден-екеу, жап-жас бастарымен келгенін көрмеймісің. (Көзін сүртіп) Мына жақта туыстары да жоқ, жаңа құрған шаңырақтарының есігін Қазақстанда бірге ашпаққа бет бұрыпты. Бұлары да білгендік болар. Секен сен ренжіме, билігіңді қолыма алып балаларды осы үйге әкелдім. Енді ешқайда жібермейін деп отырмын. Анасы да дәл осы мен секілді балаларын ойлап Монғолияда жылап отырған болар.
Сәкен: Жә, Мәкен. Елбасымыз оралмандарға бар қолынан келген көмегін аямай жасап жатыр. Енді сол көмекті алып, тиімді жұмсап, ел қатарынан қалмауға тырысса, әлі-ақ Қазақстанның үлкен азаматтарының қатарына қосылып кетеді. Бір-бірлеріне сеніп осы жаққа өтулеріңе қарағанда өздеріңе сенімді боларсыңдар. Қазақстан өздеріңдікі болғанымен бұл жақ сендерге табиғатымен де, салт- ғұрпысымен өзгешелеу. Сондықтан алғашында біраз қиналып қалуларың мүмкін. Жерсінбеулерің де ғажап емес.
Мәкен: (сөзін бөліп) Біз не үшін отырмыз, көптеп көмектессек неменеге жерсінбейді екен. Бір осыларға шамамыз жетпей ме?
Сәкен: (күліп) Мәкен мәселе онда емес. Бұл балалар біздің тілмен айтқанда шет елден келіп отыр. Бірден бұл жаққа сіңіп кеткенше аздап қиындау соғады. Бұларды қойып өзің мына тұрған Өскеменге барсаң ойбай-ай ауылым деп үш күнге әзер шыдайсың. Оның қасында бұл балалардың жөні де ерекше.
Сымбат: Тәте, аға, біздер бұл жақта жаңаша өмір сүреміз, әке-шешелерімізді де көшіріп әкеліп, өздерінің кіндік қандары тамған атамекендерінің бауырына саламыз деген арманмен келдік. Енді артқа қарай шегінетін жер жоқ. Несі болса да осы жерде көреміз. Үкімет не істе десе соны істеп, күнімізді көретін шығармыз. Бәрі жақсы болып жатса басқа туыстарымызды да осылай тартамыз ғой.
Осы кезде бірін-бірі итере қыз бен ұл бала келіп кіреді. Бұлар Секеннің балалары Тілек пен Әсел. Ойнап кірген екеу бөтен адамдарды көріп тұрысып қалады.
Мәкен: Неменеге адам көрмегендей состиып тұрып қалдыңдар, амандасыңдар бұлар енді сендердің аға-апайларың. (Тілек қол беріп , Әсел басын изеп амандасып стол басына жайғасады) Шәйлеріңді ішкен соң бәріміз шығып Сымбаттың үйін тігеміз.
Тілек: Қайда, өр жақтағы Ысмағұл шалдың үйінің қасындағы бос жерге ме?
Мәкен: (Басынан сипап жіберіп) Ата десең аузыңа жара шыға ма? Тәртіпсіз. Өзіміздің ауланың ішіне тігеміз.
Тілек: Сонда қалай ана гүлзардың орнына ма, әлде әкемнің аты тұратын жерге ме?
Секен: Биылша гүлзарды да , ат қоятын жерді де өзгертетін болдық. Сымбаттың...(үнсіз қалып Данагүлдің иегін көтеріп) Қызым, сен неге үнсізсің, бағанадан бері өзіміз кесіп-пішіп жатырмыз, сенің пікіріңді де білмеппіз. Сен де осы үйдің отжағары емеспісің сенің ойың қалай, мүмкін сен басқаша ойлап отырған шығарсың. Өзі атың кім еді.
Мәкен: (шаттана күліп) Секен, бастық адам алдыменен келген жолаушыдан жөн сұраушы еді, оны ұмытқаның қалай, бірден бұйрық беруге кіріскенің қызық болды-ау. Қызымыздың есімі –Данагүл. Ұлымыз –Сымбат.
Тілек: (Сымбатқа тақала отырып) Сымбат шынымды айтсам, түкке түсініп отырған жоқпын. Сен өзі кімнің баласысың, әкемнің бе, әлде шешемнің бе? Екеуінің де басқа балалары барын білмеппін. Әсел, сенің ойың ше. (Ол иығын қиқаң еткізеді) Сен бірдемені ұғып отырсың ба?
Секен: (қатты күліп) Сымбат шешеңнің баласы, ал Данагүл менің қызым. Кеше ғана теледидардан естіп сөз еттік емес пе, елімізге Қытай, Түркия, Монғолиядан қандас бауырларымыз көшіп келіп жатыр. Олар қазақтардың санын көтеріп, өз елінің қалыптасқан жақсы азаматтары болып, халқы үшін еңбек етіп мына сендер мен біздер секілді өмір сүретін болады деп. Міне, Сымбат пен Данагүл сол Монғолиядан келген өзіміздің туыстар.
Тілек: Бағанадан бері солай деп айтпайсыңдар ма. Оралмандар деші. Мен деген қайсыларыңның балаларың деп басымды қатырып отырсам. Енді сонда олар біздің үйдің баласы болып қала ма, әлде...
Мәкен: Осында келген екен, осы үйдің баласы. Көп сөйлемей шәй ішіп болсаңдар бәріміз шығып, кеш батқанша үйді тігісейік.
Секен: Иә тұрайық.
Үшінші көрініс
Бәрі орындарынан тұрады. Жарқылдаған жарық пен ойнап тұрған домбыраның сазды әуеніне қосарлана, арлы-берлі сабылып жүрген адамдардың сырт көрінісі үй тігіп жатқандай. Арасында «уықты қада, керегені мықтап бекіт, босағаны дұрыста, шаңырақты байқа!- деген киіз үйді тігудегі қажетті сөздер айтылып жатады. Бұл кезде енді біреулер үйдің ішіне дүние тасып, жинайды. Жарық жанған кезде киіз үйдің ішкі көрінісі. Сандық үстіне жиналған көрпе-жастықтар мен жерге салынған сырмақтың үстінде жер үстел. Самауыр, ыдыстарды жинастырып жатқан Әсел мен Данагүл. Осы кезде үсті-бастарын қағып Сымбат, Тілек, Секен, Мәкен келіп кіреді.
Секен: Сымбат пен Данагүлдің үйлерін тігеміз деп арсыл-күрсіліміз шықты ғой.
Мәкен: (отырып жатып) Қайдан шықпайды. Киіз үй тігуді де ұмытып қалыппыз. Сымбат пен Данагүл болмаса, бір-бір уық пен шаңырақты ұстап әлі отырар ма едік, үйді қалай тігерімізді білмей.
Секен: Енді заман солай болып кетті ғой. Баяғы көшпенді қазақ бүгінде жоқ. Киіз үйдің орынан мынадай там үйлер салынды. Тіпті жайлауға барсаң да осындай там үйлерді көресің. Қазір киіз үй де, көзден бұл-бұл ұшты ғой.Халқымыздың жағдайы жақсарып, әлемдік көштің соңынан ерген деген осы емей немене.
Сымбат: Данагүл шәй қойсаңшы ағалар мен бәріміз отырып, енді осы үйден кешкі асты ішпейміз бе. (Данагүл үнсіз самауырын көтеріп шығып кетеді)
Мәкен: Оның не, қайта сендер кешкі асты біздікінен ішіңдер. Қазір мал жайғап болған соң, бәріміз біздікінде жиналамыз. Жүріңдер , үйге барайық балалар дем алсын. (Тілек орнынан тұрғысы келмейді.) Тілек сен неменеге созылып жатырсың, бар! бұзауды айдап әкел.
Тілек: (керіле, еркелей) Сымбат, қазір бұзау айдап келген соң сендердікіне келейінші ие ме, бүгін осында қонайыншы. Өмірімде киіз үйге бір қонып көрмесем бе!
Сымбат: Әрине, ұйықтай алсаң. ( Тілек шығып кетеді де, Данагүл кіреді)
Данагүл: Ағалардың барлығы неге кетіп қалды?
Сымбат: Мал жайғау керек дейді. Сен кешкі асыңды әзірлей бер, кешке ағалармен бірге отырайық. Асың дайын болғанша далаға шығып, ел-жұртқа бетімді көрсетіп, маңаймен танысайын.
Данагүл: Сымбат тым алысқа кетпеші, тез қайтшы жарай ма?
Сымбат: (Данагүлді құшақтап) Қорықпа. Алдымыз жақсы болатын сияқты. Ағаларды көрдің ғой, өздерінің балаларындай әлпештеуін. Үйді де тігіп тастадық. Енді жұмыс болса болды.
Данагүл: Сонда да бөтен жер дегендей байқап жүрші.
Сымбат: Жарайды жаным. Тез келемін. (Данагүлді маңдайынан сүйіп, Сымбат шығып кетеді.)
Данагүл: (Үйді жинастыра жүріп...Төрге ата-анасының суретін іліп қояды) Апа, әке, біз міне орналасып та алдық. Секен аға мен Мәкен апай екеуі көмектесіп, өз балаларындай қарсы алып жатыр. Енді тек Алла тағала біздерді тезірек қауыштырса екен деп тілеймін. Сендерді де қатты сағындым. (Көзін сүртіп) Анашым сенің жүзіңді көруге зар болып қалам ба дегенде зәрем ұшады. Тездетіп хабар салсаңыздар екен. (Тілек кіреді)
Тілек: Данагүл апай, біздікіне жүрсеңізші, Сымбат аға, әкем екеуі көршілерге кетті. Танысамыз дейді.
Данагүл: Кеш батқанда танысқаны несі? Ертең де уақыт бар емес пе?
Тілек: Ой, апай ауылға қашан да «зеленый свет» емес пе. Таңғы бестен қораз құсап, Әуелбек ағай елді оятады, алтыда әкем біздерді оятады. Күнделікті шаруаларын аяқтаған соң, түннің бір уағына дейін ауыл ақсақалдарымен бірігіп, анау арықтың жағасына отырып алып, тіршіліктері жайында айтады. Қазір де әкем мен Сымбат аға сол жаққа кетті.
Данагүл: Тілекжан, кешкі асты мен дайындап жатыр едім, барып Сымбатты, ағаны апайды, Әселді осында алып келші, тамақты осы үйден ішсін. Бұл енді жаңа отау ғой. Алғашқы асты бәріміз бірге ішейік. (Тілек қуана шығып кетеді. Ойнап тұрған ойнақы музыканың әуенімен Данагүл дастарханын әзірлейді. Ол бола берген кезде барлықтары бірінің-артынан бірі кіреді)
Мәкен: ( Сөйлей кіріп) Бағана айттым ғой, сендер дем алыңдар, кешкі асты біздікінен ішіңдер деп. Неге осынша әуре болдыңдар.
Сымбат: (Данагүлге көмектесе жүріп) Тәте, айып етпеңіз. Қазақстанға көшіп келіп, үй тігіп, сіздерге көрші болған соң алғашқы дастархынымызды сіздерге арнап жайдық. Сондықтан сіздер бүгін Данагүл екеуміздің Қазақстандағы ең алғашқы қонағымызсыздар! (Данагүл үнсіз басын изеп күйеуін қоштап қояды)
Секен: Қазақстандағы алғашқы қонағымыз дейсіңдер ме? Рахмет, біз сендердің алғашқы қонақтарың болсақ, сендерді біз де Алланың жіберген аманаты деп қабылдайық Солай емес пе Мәкен! Қызым, өркенің өссін, рахмет. Кел сен де отыра ғой. Ал, енді дастархандағы ас үйдің иесімен тәтті дейді. Өздерің де ала отырыңдар. Тарбағатайдың баурайында жатқан Үштас қой фермасына қоныс аударып келіп қалған екенсіңдер, Алла алдарыңнан жарылқап, еліміздің қалаулы отбасы болып кетіңдер. Тәуелсіздігімізді алып өз қолымыз өз аузымызға енді жетіп жатқан заманда келдіңдер. Елбасымыз бен үкіметтің беріп жатқан көмегін іске асырып, елімізге еңбектеріңмен, отбастарыңмен үлкен үлес қоссаңдар, одан артық не тілейміз. Ең бастысы он шақты күн дем алыңдар. Оғанға дейін құжаттарың да әзірленіп қалады. Сосын не істейтіндеріңді шешеміз.
Мәкен: Данагүл, Сымбаттың және өз ата-анаң туралы айтып берші балам. Сенің де дауысыңды ести отырайық. Келгелі жақ ашып, шешіліп сөйлегеніңді көрмедік. Ата-аналарың қандай адамдар?
Данагүл: (Ақырын, баяу дауыспен) Менің әке –шешем алпысты алқымдап қалған адамдар. Әкем мектепте мұғалім болған кісі. Анам үй шаруасындағы адам. Сегіз ағайынды едік содан төртеуміз тіріміз. Төрт баласын қара жерге берді.
Мәкен: Ал, Сымбаттың ата-анасы ше? (Үнсіздік)
Сымбат: Тәте, біздің жақта атасының, қайнағасының есімін атамайды. Және күйеуінің отбасын келіндер сөз етпеуге тырысады. Сондықтан Данагүл аздап қысылып отыр. Өзім айтсам, әке-шешем ерте қайтыс болып, өзім алыс ағайындардың қолында өстім. Кейіннен Данагүл екеуміз бір-бірімізді тауып қосылған соң, уәделесіп Қазақстанға кеттік. Негізі отау құрғанымызға әлі ай да тола қойған жоқ. Енді Қазақстанның шаңырағының бір уығы болып, Данагүл екеуміздің отауымыз тұратын болады. Өзіміз атамекенге келгенімізге іштей қуанып жүрміз. Ертең балаларымыз да өзінің бабасының жерінде дүниеге келіп жатса ол дегеніңіз үлкен мерей емес пе. Біз секілді жат жердегідей жетім баланың күйін кешпейді.
Секен: Бәрекелді, дұрыс істегенсіңдер. Сымбаттың сөздері түйеден түскендей, жаныма жағып барады. Тегі әдебиетші болармысың. Жаңа отауды жаңа жерде құрып, әлі бақытты үлкен отбасы болып кететіндеріңе сенемін.
Сымбат пен Данагүл: Рахмет.
Тілек: Данагүл апай шынымен де атаңыздың атын атамасаңыз үйіңізге бөтен біреу , мынау кімнің қара шаңырағы десе атамның атын айтпаймын деп тұрасыз ба?
Данагүл: (Ақырын жымиып) Жоқ, Тікқұлақ атамның үйі деп айтамын.
Бәрі хормен: «Тікқұлақ?»
Сымбат: (күліп жібереді) Менің әкемнің аты «Қоянбай». Өзінше еркелетіп «Тікқұлақ» деп атағаны ғой.
Мәкен: Сұмдық-ай, балапаным-ау, біздің жақта ондай ғұрыпты ұмытқалы қашан. Андағы құсап жұмбақтап сөйлесең, жұмбағыңның шешімін таба алмай қиналатын түріміз бар ғой.
Секен: Мәкен, саған мына балалардан қазақтың ұмыт болып бара жатқан ғұрыптарын үйренуге тура келеді. Байқайсың ба, Данагүлжан таңертеңнен бері басын көтеріп кісінің бетіне тік қарамады. Қазақта әйел адам кісі бетіне бажырайып қарамайды.
Тілек: Иә деші, мына Әселдер қарамақ түгілі көздері өңмеріңнен өтіп кете жаздайды. Әсіресе тілін алмай қойған кезде көзімен атқанын көрсең...
Әсел: (түртіп қап) Қойшы-ей, өтірік айтпай.
Мәкен: Болды, әй! Үйренсек үйренерміз, онда тұрған не бар. Біз қандастарымыздан ұмыт болып бара жатқан ғұрыпты үйренсек, бұларға Қазақстанның қалыптасқан заңдылықтарын үйретеміз. Негізі біздің жақта да тәрбиелі, инабатты жандар өте көп. Бізде шамамыз келгенше ата-анамыздың берген тәлім-тәрбиесін сақтап келеміз. Әрине, аздап орыстанудың да шеті бар. Бірақ, ол біз секілді қазақ отбастарына кедергісін келтіре қоймайды. Сонда да ауызға келген түкірікті жұтқан-мәкүрік демекші, Сымбатжан айта қойшы шекара асып келдіңдер ғой, талай жерлермен жүріп өттіңдер дегендей, Қазақстанда сендердің көңілдеріңе келген не нәрсе, не ұнамады? Қысылмай соны айтшы.
Сымбат: (Қобалжыңқырап қалады, маңайындағылар тым-тырыс оның аузын бағуда) Айтсам ренжіп қалмайсыздар ма? (Данагүл оны шымшып алады.)
Мәкен: Айтсын қызым, біздің білгеніміз жақсы ғой. Қателігіміз болса түзетерміз.
Сымбат: Қазақстанда маған ұнамаған бір нәрсе ол қыздардың үлкендердің алдында өздерін тым еркін ұстауы. Олардың жыртыңдап жоқтан өзгеге күлетіндері ұнамады. Сосын үйдегі үлкен ер адамның леген көтеріп от жаққанын сіздерден көрдім. Мысалы аға бір ауылдың басшысы, үйдегі отағасы. Қаншама балалары бар болса да аға от жағып жүр. Осы ұнамады. Біздің жақта ер адам түздің, әйел адам үйдің адамдары дейтін...
Секен: (Қуана қутыңдап) Өте дұрыс айттың Сымбатжан, от жаққан былай тұрсын, кей кездері тамақ та пісіріп кетеміз ғой..
Мәкен: (Сөзін бөліп) Ол сөздеріңнің жаны бар. Бұрындары аталарымыз ат үстінен түспей далада қой бағып жүргенде әжелеріміз от жағып, асын дайындап күтіп отыратын. Одан басқа шаруалары да жоқтың қасы. Ал қазір Секен де, мен де жұмыстамыз. Қайсымыз бұрын келеміз отты сол бастап жаға береміз. Ал сенің айтқаныңдай еркек пен әйелге бөлінсек онда отымыз жағусыз, балалар аш қалуы да ғажап емес.
Сымбат: Ол да дұрыс шығар. Өздеріңіз сұраған соң айтып жатқаным ғой. Ертең Қазақстанның тәртібіне көніп, өзімнің де от жағып, су тасымасыма кім кепіл (Бәрі қосыла күледі)
Секен: Сымбат үкіметтің тапсырмасымен сендерге мал, ең қажетті тұрмыстық заттар, киім-кешектер бәрі дүкеннен кезексіз беріледі. Қазір тауардың өте қат болып тұрған кезі. Ауылдың әйелдері түніменен дүкен күзетіп кезекке тұрып шығады. Ал, сендерге ауданнан тікелей тізіммен келеді. Сол тізімді тыңғылықты оқып, барлық тауар қолыңа тиген кезде ғана қолыңды қой жарай ма, алданып қалып жүр ме?
Сымбат: Сонда тағы басқа жаққа көшеміз бе?
Секен: Жоқ, ешқайда да жылжымайсыңдар, ертең қолдарыңа алған малдарыңды екі үй бірігіп бағатын боламыз. Немесе совхоздың малын алып, оған өз малыңды қосып бағасың. Қазір елдің көбі малымен айналысып кетті ғой. Ал, тіптен ешқайда жылжығың келмесе, ауылдан жұмыс істейсің. Мұндағы басты жұмыс шөп шабу, кезекпен мал бағу, қырықтық асарға бару сияқты қара жұмыстар. Халық осымен күн көріп отыр.
Мәкен: (Шәй ішіп отырып, қасығын табаққа сала бере) Қызым етің мұндай тәтті болар ма неғып сүрілегенсің.
Сымбат: Монғолдың жылқысының еті сүрісіз де тәтті болады. Данагүлдің де бір мақтанарлығы етті жақсы пысырады.
Осы кезде қасықтарына астан іліп алып ауыздарына апара берген Әсел, Тілек, Мәкеннің қасықтары қолдарынан түсіп ауыздарындағы тамақтарын не жұтарларын, не жұтпасын білмей көздері бақырайып отырып қалады.
Секен: Әй-әй ұшынып қаласыңдар, онда тұрған не бар, неменеге ауыздарыңдағы асты не шайнап жұтарларыңды, не түкіріп тастарларыңды білмей қалдыңдар а! Монғолдың жылқысының етін бүгін сендер жесеңдер, ертең біздің жылқының етін бұлар жейді. Бәрібір малдың аты мал емес пе. Онысы несі!
Әсел: Ана семіз келген аласа жылқының еті ме?
Данагүл: Жоқ, бұл әкемнің аты болған. Ол осы Қазақстанның жылқысының тұқымы еді.
Мәкен: Е, сөйдеп қойшы жаным. Әйтпесе тамағыма тұрып қалды ғой. Етіңді жемесем де шәйіңді ішейікші өзі.(балалар үнсіз шәйді де сапырып отырып қалады)
Секен: Осы сендердің жоқтан өзгеге тіксініп қалатындарың-ай, шәй да монғұлдікі десем не төгіп тастамақсыңдар ма! Шәй өзіміздің дүкендікі, су ана құдықтан әкелінген, не болды сонша! (Өзі шәйін сораптай ішеді де, кесесін қайта ұсынады) Данажан шәйің де, етің де өте дәмді болды. Бір үйдің тұтқасын ұстар жақсы жан етіп тәрбиелепті. Анаңның еңбегі далаға кетпеген екен балам.
Данагүл: (Орнынан тұрып, жиналып тұрған сандықтың үстінен ораулы матаны алып шығады) Апай, мына матаны анам Монғолиядан кетерімізде өздеріңе жылы шырай танытқан адамға берерсің деп берген еді. Соны сізге бергім келіп отыр.
Мәкен: Жаным-ау, алмаймын! Сендерге көмек беруге жарасақ біздің жақсы болғанымыз. Керек емес, рахмет айналайын. Анаңа да рахмет сендей тәрбиелі қызды тапқаны үшін.
Секен: Сымбат, Данагүл көп-көп рахмет, рұқсат болса біздер қайтайық. Ал, сендерге мына жер салқын болар, сондықтан біздің үйге қонғандарың дұрыс болар деп ойлаймын.
Тілек: Рас айтады, сендерге мына жер суық болады, мен-ақ осында қона салайын. Сендер үлкен үйге қоныңдар. Бұзауды қамаған соң қайта айналып келем ғой.
Данагүл: Жоқ, біз де, Тілек те осында қонайық.
Әсел: (Тілекті нұқып қап) Өзіңше киіз үйде ұйықтап көрмекшісің ғой ә?
Сымбат: Жарайсың, Тіке! Киіз үйде қалай ұйықтағаныңды ертең достарыңа айтып мақтанатын болдың.
Мәкен: Қойыңдар, ал кеттік. Балалар да , біз де дем алайық. Ертең де үлкен жұмыс күтіп тұр.
Барлықтары шығып кетеді де, Данагүл мен Сымбат оңаша қалады.
Сымбат: Данагүл мына жақтың адамдары да, тұрмыс-тіршіліктері де Монғолияның қазақтары сияқты екен, көп өзгеріс байқалмайды. Әйелдері ғана аздап беті ашылған. Бірақ сөйлеген сөздері, кейбір қылықтары тура біздер секілді екен. Ешқандай айырмашылықты байқамадым. Бағана үлкен ақсақалдармен сөйлестім, айтуларына қарағанда өмір сүруге әбден мүмкіншілігіміз бар көрінеді. Әлгінде осындағы дүкеннің сатушысы келіп кетті. Ертең азық-түлік әкеліп беремін деді.
Данагүл: Жұмыс жағы қалай болар екен?
Сымбат: Бағана Секен аға айтты емес пе қара жұмыс істеймін. Жүр, бізде далаға шығып, тоқ басып келейік. Сен де маңайға көз салып, аздап жан-жағыңмен таныс.
Данагүл: Сен бара бер. Мен қазір...Сымбат шығып кетеді.
Данагүл үй-ішін жинастырып жатқан. Кенеттен бір әйел айқайлай кіреді.
Әйел: Әй, оралман қатын! Келе ауыл бастығының қолтығына кіретіндей сендер оның екі туып бір қалғаны ма едіңдер а? Ана дүкенге келген азық-түліктің жартысы сендердікі дейді. Сонда не біз сенің аузыңды жалаймыз ба, а? Мен де он бала тапқан қатынмын. Байым жұмыс істейді. Осы фермада тұрғанымызға қырық жыл! Назарбаев көмекті сендерге беріңдер деген екен деп немене он баланы аш қалдыруым керек пе а?!
Осы кезде Мәкен келіп кіреді. Данагүл не айтарын білмей бүрісіп тұрып қалады.
Мәкен: Рәбиға! Немене үйіңе жай түскендей ойбайлап жатырсың. Бұларда не жұмысың бар, алса өкіметтің берген көмегін алып жатыр. Сенің қалтаңа бұлар түскен жоқ қой. Елбасымыздың көмегі мен үкіметтің берген тапсырмасы емес пе.
Әйел: Үкімет дей қапсың ғой, алдыменен мына он баланы туып асырай алмай жатқан бізге көмек бермей ме қайдағы -жайдағы қашып кеткен қазақтарды шақырып соларға бергенше, бұлардан не опа шығады деп жатыр. Осы өкіметті түк түсінбеймін. Дүкеннің құрып тұрғаны анау, жұмыс жоқ, бала-шағамызды қалай асыраймыз деп түні бойы дүкен торып отырғанымыз. Енді кеп оралмандар деп бар жақсысын осыларға беріп...Бұлардың немене өтілі өтіп еді а?!
Мәкен: Рәбиға байқап сөйле! Ауыз өзімдікі деме! Сенің осы ауылда тұрғаныңа қырық жыл болды. Сол қырық жылда жиналып-терілмегеніңе осы балалар кінәлі ме? Бұларда нең бар, айтатын арызың, сөзің бар болса бастық пен өкімет адамдарына бар. Мұнда келіп неге балалардың үрейін алып ұрсысасың!
Әйел: (Шаңқылдай сөйлеп) Сенің неменеге бұл келімсектерге бес бидайың күйе қалған ә?! Байың ауылдың бастығы, әрине сенің нең кетіп барады. Осылардың арқасында жамбасыңа басып қалмақсың ғой. Қашанғы бұларға қамқор болып отырар екенсің көрерміз! Бастарыңа іс түссе, теріс айналып кетерсіңдер! Өздеріңше бола қалыпсыңдар!
Мәкен: (Тістене) Шық үйден! Келімсек болып саған алақанын жайып барған ешкім жоқ. Енді тағы бірдеме десең өзіңді де, байыңды да ауданның бастығының алдына алып барамын! Ұятсыз! Күнде дүкенге келіп жатқан дүниені алдыменен сен аласың! Бүгінгіге ғана қолың жетпей қалып еді, қылқынып қала жаздадың. Балаларыңды асырай алмай жатсаң мен секілді еден жусаң да жұмыс істе! Кешке дейін елдің аузын аңдып өсек іздемей. Бар! Енді қайтып осы үйге қарай аяғыңды басатын болсаң жақсылық көрмейсің! Бар! (Әйел шыға жөнеледі. Данагүлді Мәкен бауыра құшақтай тартады. Данагүл жылап жібереді)
Жылама қызым. Әлі сен де осылардай болып пысып аласың. Қазір жассың, бәрі қорқынышты болып көрінуі мүмкін. Ал сен қорықпа. Елімізде аумалы-төкпелі заман болып тұр. Дүкенге түскен нәрсенің бәрі тізіммен, кезекпен беріледі. Қылаяғы шылым мен сіреңкеге дейін тізімделген. Жағдайымыз расында ауырлау болып тұр. Басына түскен ауыртпашылыққа шыдай алмағаннан кейін кімге тисерін білмей келген ғой. Оған бола жүйкеңді бұзба. Қолыңа тиген затқа ие болып, тиімді ұстауға тырыс.
Биыл қыс қатты болады деген сөз бар. Қыстығыңды жаз жина балам.
(Данагүл үнсіз көз жасын сүртіп үй шаруасына араласып кетеді. Есіктен қызыңқыраған Сымбат кіреді. Мәкен таңданып бетіне үңіле қарайды.) Сымбатжан сен не мүңкіп келдің ? Тонжамылғаннан саған ішкізген кім? Қазір елде жұмыс жоқтың қасы, қорадағы бес қойы мен бір сиырын жайғап болған соң, түніменен арақ ішіп, карта ойнайды. Сенде соларға еріп жүрсің бе?
Сымбат: (күле сөйлеп) Жоғада тәте, неменеме жетісіп ішемін. Жәй, жігіттер маған «Сары Мұнғұл» деген ат қойды. Соны жудық. Олар Қытайдан көшіп келгендерді «Қытай» деп, бізді «Мұнғұл» деп атайды екен де...
Даладан «Сымбат» деген шақырған дауыс естіліп, Сымбат қайтадан шығып кетеді. Данагүлдің оны тоқтатпақшы болып артынан жүгіргеніне ол қарамайды.
Данагүл: (Сылқ етіп отыра кетеді) Тағы кетіп қалды. Бүгін төртінші күн кешке қарай масайып келетінді шығарды.
Мәкен: (Басын шайқап) Жаным балам, мені тыңдасаң шамаң жетсе Сымбатты арақтан сақта. Біз де қарап отырмаспыз. Секенге де айтайын. Бір қам жасайық. Ауылда не көп жұмыссыз сенделектеген жастар көп. Мынау соларға қосылып кеткен тәрізді. Е, шіркін бұл арақ кімнің түбіне жетпеген. Мен үй жаққа барайын. Наның таусылып қалса, бізден ал. Бағана бір пеш нан салдым екі үйге жетеді.
Данагүл: Жарайды, апай. (Мәкен шығып кетеді) Сымбат, Сымбат Қазақстанда бақытты өмір сүреміз деп алып келіп, өзің қызық қуып кеткенің қалай?
Сымбат: (мас) Данагүл, а Данагүл, сен Мұнғұл Сымбаттың Данагүлібісің, жоқ әлде Қазақстанның Данагүлімісің?(Есіктен айқайлай кіре әйелін құшақтай алады) Сен білесің бе, мен керемет жақсы жігіттермен танысып, достастым. Шетінен ақкөңіл жігіттер. Ақылдарын да айтқаннан жалықпайды. Енді бір –екі айда бүкіл Тарбағатайдың халқын тегімен түгендейтін болатын шығармын. Ха-ха-ха. Бір қызығы бұлар руларымен емес арғы аталарын айтып танысады. Ал, мен керісінше алдыменен руын сұрасам, өздері де шатысып естері шықты ғой. (Қарқылдай күліп жерге жата кетеді)
Данагүл: (Жерге жатқызып жатып) Соңғы кездері көп ішетінді шығарып жүрсің, қойсаңшы.
Сымбат: Қойшы ұрса бермей, оданда сен де көрші-қолаңмен араласып дегендей, ана Беріктің әйелін айтам-ау, күніне екі пеш нан салады екен. Отыз нанды ертемен таксиге отырып, аудан орталығына апарып сататын көрінеді. Ана, Аңтарбайдың қатыны да, айналдырған екі сиырдан сүт алып, ол да ауданға барып сүті мен майын сатып балаларын асырап отыр. Саған да сөйту керек секілді.
Данагүл: Сонда байлары қайда қарап отыр?
Сымбат: Байларында жұмыс жоқ болса өле ме?
Данагүл: Сеніменен түнімен арақ ішіп, карта ойнайтын сол аузыңның суы құрып отырған Аңтарбайлар ғой солай ма? Біз оларға ұқсамаймыз. Біз елге оралған адамдармыз. Артымызда тірегіміз жоқ. Олар осы жерге сіңген адамдар. Таныстары да жетерлік. Ал, екеуміз кімді танимыз, ағалардан басқа!
Сымбат: (Шалқалақтай күле) Біз әлі бүкіл Тарбағатайды танитын боламыз. Жаман байың аман болсын де, мен әлі-ақ Тарбағатайға атымды шығарамын.
Данагүл: Қойшы не болса соны сөз етпей, ұйықта. Ертең аға сені ертіп кетеді.
Сымбат жатқаны сол екен, көзі ұйқыға кетеді. Данагүл орынан тұрып далаға беттегенде үйге ауылдың дүкен сатушысы келіп кіреді.
Сатушы: Қоянұлы Сымбаттың үйі сендер емес пе, мен осындағы жалғыз дүкеннің сатушысымын. (Жыпылдап, жан-жағына сүзіле қарап) Өздерің бай тұрады екенсіңдер ғой. Әлгі ауылдың бастығы Секен дүкенге келген нәрсені оралмандардікі, сендердікі деп есімізді шығарушы еді, бәрі толып тұр ғой өзіңде! Қандай жып-жинақы, тап-таза үй. Іші қандай сіресіп толып тұр ә? Анау күйеуің бе, соңғы кездері ішіп жүр- ау деймін. Жас емес пе, ішкені де дұрыс. Мынадай аумалы-төкпелі заманда бұл бейшаралардың да естері шығып, бірді-бірге қоса алмай жүрген жоқ па. Анда -санда ішкені де дұрыс. (Өтірік күліп)Айналайын түрің инабатты жан екеніңді көрсетеді. Саған келгендегі бір шаруам бар еді.
Данагүл: (Сырмақты мезгеп) Апай отырсаңызшы.
Сатушы: Отырмаймын айналайын. Бүгін дүкенге сендерге арналып импортыный етік пен тоңазытқыш келіп түсті. Сендер мәңгі осы ауылда қалмайтын шығарсыңдар. Мынадай киіз үйде тұрып тоңазытқышты қайтесіңдер, оған неңді қатырмақсың. Оны өзім алып орнына басқа бірдеме берсем қайтеді а? (Данагүл сатушының аузына басын изеп қойып қарап отырып қалады) Сосын импортный етік келді сендер үшін деп. Оны тау-тасқа киген обал. Мен сендерге оның орнына Советтің киіз етігін берсем бола ма? Импортыный тез жыртылып қалады. Ондай етіктер біздің Тарбағатайдың тауы үшін тігілмеген, сондықтан қол болмайды. Соны сенімен ақылдасайын деп келдім сіңілім. Ертең жоғарғы жақтан біреу-міреулер сұрай қалса импортыный етік пен тоңазытқышты алдық деп айта саларсың солай ма? Мә, мына қағазға қол қоя салсаң боп -ты. (Ол қағазға қол қойдырып алады) жарайды, сіңілім келгендегі шаруам осы еді, сау бол. Бірдеме керек болса, келіп тұрсаңшы ха-ха-ха біз өзіңбіз ғой сіңілім. Шайқалақтап шығып кетеді.
Данагүл: Түкке түсінсем бұйырмасын. Ол келген тоңазытқыш пен импортный етік менің қолымнан түсіп қала ма, неге олай істеді? Жарайды, бізді де құдай өлтірмес.
Секен: (Есіктен сөйлей кіреді) Ана сатушы сендерден шықты ма, не іздеп жүр?
Сымбат бүгін тағы мас па? Қызым, оның жылы киімдері мен біраз азық-түлік дайындап қойшы. Сымбатты тордың үстіне мал бағуға шығарамын. Ауылда жүріп бұзылып барады. ( Қайтадан шығып кетеді. Данагүл оның киім-кешектерін жинастырады. Біраздан кейін шығып кетіп, қайта оралады. Келе Сымбатты жұлқылап оята бастайды)
Данагүл : Сымбат, тұр тауға барасың деп ағам келіп кетті. Киім-кешегің мен тамағыңды дайындап қойдым.
Сымбат: (Орнынан ыңырана тұрып) Не дейсің, тауға ма? Онда не іздеймін? Осында да жұмыс бар емес пе?
Данагүл: Ағам дұрыс айтады, сен ауылдың бос жатқан жігіттеріне қосылып, араққа салынып барасың. Одан да тауға кеткенің жақсы. Дем аласың.
Сымбат: Монғолиядан мен не мал бағу үшін келдім бе? Ел қатарлы өмір сүрейін деп келдім, бармаймын!
Данагүл: (Сасып қалып) Ойбай айқайлама, аға естіп қалса ұят болады. Ол кісі бізге жаманшылық ойламайды. Қайда жұмсаса да бара бер. Үйде текке жатып арақ ішкеннен не пайда. Оның үстіне...
Сымбат: Оның үстіне не? Тағы не айтпақсың? Сен де бір адамды мезі етіп...
Данагүл: (еркелей) Менің аяғым ауыр секілді. Өзім солай сезініп жүрмін.
Сымбат: (қуанып кетіп) Рас айтасың ба! Данагүл шын айтасың ба, егер осыдан қыз болса атын Сая қоямын. Қазақстаннан тапқан Саям болады. Жарайсың!
Данагүл: Ал, ұл болса ше?
Сымбат: Жоқ, қыз болады. (Әйелінің маңдайынан сүйіп, қаптарын арқалап кетуге ыңғайланады) Мұндай жағдайда үйде жатқаным шынымен келіспес. Жарайсың Данашым! Қазақстанға келгеніміз өзімізге құт әкелді деген осы емес пе а! (шаттана, өлеңдетіп) Менің елім, менің жерім, гүлің болып егілейін, жырың болып төгілемін елім, туған жерім менің Қазақстаным! Жарайсың, Данашым!!
Данагүл: (қолын бұлғап тұрып) Әлгі мені Данашым деп кетті. Өмірі бүйтіп еркелетіп көрмеген еді. Қызының болатындығына қуанғаны ғой сірә.
Мәкен: (жүгіре кіреді) Сүйінші, Данажан! қаладан үлкен қызым Гүлназ келе жатқан көрінеді. Анада ағаң бауырлы болдың деген екен. Тез арада барып қайтамын депті . Енді міне...
Данагүл: (абдырап) Сымбат та тауға кетті. Гүлназ апай келгенше бауырсақ пісіре берсек қайтеді? Аздап дайындалып дегендей...
Гүлназ: (есіктен сөйлей кіреді. Барлығының үстінде қыстық киімдер) Мынау менің жан бауырларымның отауы ма екен? Менің құрметіме біреулер бауырсақ пісіреміз дей ме а? Қане келші, алдыменен бауырыма басайын. (Данагүлді құшағына алады) Құдайым-ау, кіп-кішкентай мынадай денеңмен бір адамға жар болып, Қазақстанға келген Данагүл сенбісің? Сымбат бауырым қайда?
Данагүл: Гүлназ апай жоғары шығыңыз, Сымбат тауға кетті.
Мәкен: Қызым-ау, есіктен кіре бауырларыңа бет бұрып, анаңды ұмытып кеткенің қалай?
Гүлназ: (анасын құшақтап, бетінен сүйеді) Анашым-ау сендерді қайдан ұмытайын. Тек, Данагүлді өзімше ірі денелі, адуынды, өжет біреу екен деп келгем. Мына түрін көріп есім шығып кеткен ғой.
Мәкен: (күрсіне) Иә балам, Алла Тағала бізге сонау Монғолиядан осы екі жасты жіберген екен, ешқайда қаңғытпай осылай өз үйімізге түсіріп алдық. Жағдайлары жақсы дегеніммен, Үкіметтен келген көмекті дұрыс ала алмай отыр. Секен үнемі таудың үстінде болғандықтан, дүкенге келген тауарды қыл үстінен өздері бөліп алып, мыналар құр қол қалып жүр. Бір-екі рет барып айтып көріп едім, сенімен емес, Данагүлдің өзімен сөйлесеміз деп маңдарын бастырмайды. Ал, Данагүлді жіберсем қалған-құтқан ешкімге керексіз бірдемелерді беріп қоя беріпті.
Данагүл: (басын төмен салып) Осыған да тәубә апай!
Гүлназ: Данагүл қазір сендерге үкімет тарапынан жақсы көмектер болып жатқан жоқ па, соны неге пайдаланбайсыңдар. Мысалы совхоздың малына қосып өз малдарыңды бақсаңдар да жақсы емес пе?
Данагүл: Оған Сымбат келіспеді. Ауылда отырғанды қалайды. Мал бағуға бүгін ғана кетті.
Гүлназ: Үйлерің де салқын екен.
Мәкен: Біздің үй үлкен, сонда тұрыңдар десем үйренген киіз үйіміз ғой, осында тұра береміз деп бой бермей қойды. Енді міне көмірлері таусылып, екі үй қи жағып отырмыз.
Данагүл: Аудан басшылары Сымбатқа көмір түсіріп береміз депті ғой.
Гүлназ: (орнығып отырып жатып) Қане, дұрыстап отырып тұрып, жағдайларыңды анықтап айтыңдаршы. Жалпы халдерің қалай өзі?
Данагүл: Халіміз осы. Дүкенге түскен бізге деп бөлінген импортный етік пен тоңазытқышты сендерге керегі жоқ деп дүкенші өзі алып алды. Азық-түлікті он килограмнан десе бізге бастарың аз деп екі килограмнан ғана берді. Көмір талай болды біткеніне, аудан әкімі күнде беремізбен қыстан да шығуға таяп қалдық.
Гүлназ: Сонда осы үйден шықпай, бергенін ғана алып отырсыңдар ма? Сендер білесіңдер ме, үкімет үйлері жоқтарға үй беріп, жеңілдіктермен қарызға ақша беріп, мал беріп қолдарынан келген көмекті жасап жатқан жоқ па. Мысалы ауыл әкімі сендерге там үй беруі керек.
Мәкен: (шошына араласып) Әкең ауылда бос үй болса әлдеқашан осыларға әперер еді, оған үй жоқ қой.
Гүлназ: Бүкіл ауданда бос үй табылмады дейсіңдер ме?
Мәкен: Бүкіл ауданда бар ғой, оған өзіміз жібергіміз келмеді. Бірдемесі болатын шығар деп отырмыз.
Данагүл: Басқа жаққа өзіміздің де кеткіміз келмеді.
Гүлназ: Жаным-ау, сонау Монғолиядан қол ұстасып не үшін келдің. Қазақстанның аязына тоңып, аш-жалаңаш отыру үшін келдіңдер ме. Сендерді Елбасымыз елге шақырғанда не деді. Жұмыс істеп, оқу оқып, балаларыңа тәуелсіз Қазақстанның білімін, тәрбиесін беріп, өздерің де Қазақстанның толыққанды азаматы болу үшін шақырған жоқ па? Мына құсап Монғолияда да өмір сүрдіңдер ғой.
Мен мұны аяқсыз қалдырмаймын!
Мәкен: Балам-ау, тағы не бүлдірейін деп отырсың?
Гүлназ: (ашына) Анашым, сендер мынадай шарасыздықты көздеріңмен көріп отырып қалайша үндемей қалдыңдар. Әкем осы ауылдың бастығы емес пе. Қол астына келген бір Монғұлдық отбасын қамтамасыз ете алмаса, онда несіне...
Данагүл: (сөзін бөліп) Гүлназ апай олай демеңізші, бізде бәрі жақсы. Үйіміз суық болса ағам үйіне барып қона саламыз. Күн жылыда өз үйіміздеміз. Осыған да разымыз. Қайда келдік деп Сымбат екеуміз далада тұрғанымызда апай ертіп келді. Содан бері өз балаларындай қарап келеді. Бұл жерден ешқайда кеткім келмейді. Қазір оның үстіне аяғым ауыр...(өз аузын өзі баса қояды)
Мәкен: Құлыным-ау, не дедің?
Гүлназ: (қулана) Міне, мен келіп едім немерелі болатыныңды естідің.
Мәкен: Тәубә дейікші, Қазақстанға келіп бастарыңа бас қосылып жатса одан артық не керек? Жүріңдер пешке қалған көмірді салып кеткем, үй қайнап тұрған шығар. Сонда барып шай ішейік. Бәрі шығып кетеді де біраздан соң сахнаға Гүлназ шығады.
Гүлназ: Мен мұндай аяусыздықты көрген жоқпын. Қырық градус аязда киіз үйде отыр. Көмірлері де жоқ. Дүкенге келген жақсы тауар сатушыдан аспайды, ал бұларға не болса соны береді. Ауданға көшіп келген тоғыз оралманның жағдайлары да осындай екен. Іштерінде бас көтерерлері де жоқ, өңкей мінезсіз біреулер. Ал, мыналар соны басынып... Обал емес пе, елім деп, жерім деп келгенде алдындағысын тартып алып, тағдырдың талқысына салғанымыз. Елдігіміз, азаматтығымыз, ұлтжандылығымыз, ең бастысы мейірімділік пен рахымшылдығымыз қайда кеткен. Заман не болып барады, біз не болып барамыз? Мен бұны аяқсыз қалдырмаймын.
Үстелге отыра қалып, бірдемелерді асығыс жазады да бүктеп қалтасына салып шығып кетеді. Біраздан кейін қайта шығады. Өзі әбігерге түскен. Қатты қорқулы.
Гүлназ: Енді қайттім, Атамекенге келген қандастарыма көмектесемін деп жүріп әкеме зияным тиіп кетер ме екен. Не істедім, нем бар еді...
Ол байыз таба алмай, біресе отырады біресе тұрады, далаға шығып кетіп қайта кіреді.
Гүлназ: Таңғы алтыда әкемді, таудан Сымбатты, ауылдың бүкіл белсенділерін жедел түрде аудан әкімі шақырып алып кетті. Менің жазған хатымның әсері бұл. Өздері де кешікті. Енді қайтсем екен, не істесем екен? Әкемді түрмеге жауып тастаса қайттім.
Осы кезде даурыға басып, шала мас Секен, Сымбат, Берік, Аңтарбайлар келіп кіреді. Түрлерінен қуаныштың белгісі көрінеді. Сымбаттың қолында көтерген магнитофоны бар. Берік бір қап арқалап кіреді. Екіншісі де қолында заты бар.
Секен: ( Гүлназды көріп тұрып қалады) Балам-ау сен қаладан қашан келгенсің? Данагүл қайда? Үйде кім бар? Сымбат мынау қаладағы өздеріңе айтып отыратын Гүлназ апайың ғой.
Сымбат: О, Гүлназ апай аяғыңыз құтты екен. Көрмейсіз бе аяқ асты байып кеткенімді.
Гүлназ: (әкесін құшақтап) Аға өздерің аман-есен келдіңдер ме? Ауданда бәрі тыныш па?
Секен: Ауданда не болыпты, бәрі жақсы. Тек бір әйел тордың үстіне өтіп Сымбаттың мал-жанын тексеріпті. Данагүлді де тексерген көрінеді. Өзі...
Сымбат: (сөзін бөліп) Гүлназ апай, ұзын сөздің қысқасы «Азат» партиясы деген партияның бір әйелі менің және тордың үстіндегі оралмандардың хал-жағдайын, мал-жанын тексеріпті. Сосын Данагүлдің де жағдайымен танысыпты. Содан барып көзімен көргенін аудан әкіміне хатпен жіберіпті. Онда Үштас деген ауылға көшіп келген оралманның халі мүшкіл екен, дүкен сатушысы келген импортный киімдерге өтірік Данагүлге қол қойдырып алыпты да орнына басқа нәрсе беріпті. Көмірі, азық-түлігі таусылған, қазіргі заманға лайық тұрмысқа қажетті заттары жоқ деп ашық та анық жазып кетіпті. Бір сөзбен айтқанда өкіметтің беріп жатқан көмегін аудан-ауыл басшылары дұрыс бермей отыр депті. Алматыға барған соң үкімет басшыларына осы жағдайды жіпке тізгендей етіп айтамын депті. Онымен қоймай бір айдан кейін келіп тексеремін деп айтыпты хатында. Содан аудан әкімі бізді және осы ауданға көшіп келген басқа сегіз оралман отбасыларына бес тоннадан көмір, бір-бір телевизор, екі пима, екі тон, қабымен азық-түліктер берді. Өздері совхозға дейін қошеметпен шығарып салды.
Гүлназ: Содан басқа ештеме деп айтпады ма?
Сымбат: Айтты, екіншілей осындай тексерушілер келсе жауаптарыңды дұрыстап берерсіңдер деді.
Данагүл : (Мәкен екеуі сөйлей кіреді) Есік алдында тұрған бір машина көмір мен жүк кімдікі а?
Секен: Сендердікі айналайындар! Ана тордың үстіне өтіп, бәріңді тексерген апайларыңа рахмет айтыңдар!
Мәкен: Өздерің шеттеріңнен массыңдар ғой, ненің құрметіне тойлатқансыңдар?
Берік: Ой, апай айтпаңыз, не шықса да қатыннан шығады емес пе. Алматыдан келген бір қатын оралмандарды тексеріп жүрген көрінеді. Сол әйелдің арқасында мыналар байып жатыр.
Секен: Жарайды, жігіттер сендер қайта беріңдер. Ертең тауға өрлейсіңдер. Дем алыңдар.
Аңтарбай: (кетіп бара жатып) Сымбат, кешке Нұрланның үйінде кездесіп сенің телевизорың мен көміріңді жуамыз.
Сымбат: Барамын, тосыңдар.
Мәкен: Ешқайда да бармайсың. Ертең тауға өрлейсің, келіншегіңнің қасынан шықпай дем ал. Бұған да оңай болып жүрген жоқ. Бірауық әйеліңді ойласаң етті. Секен жүр. Сен де бір бастық болып ...(Сүйрелеп алып кетеді.)
Данагүл: Сымбат, мынаның бәрін шыныменен саған берді ме?
Сымбат: Енді кімге дейсің?
Гүлназ: Сымбат, Данагүл өздерің сол әйелді көрдіңдер ме?
Сымбат: Ой, апай-ай, көрген жоқпын десем де ешкімді сендіре алмадым ғой. Тіптен ант іштім. Сонда да ешкім сенбеді. Сен ол әйелді көрмесең сенің жағдайыңды тайға таңба басқандай етіп аудан әкіміне жазар ма еді деп ешкім аузымды аштырмады ғой.
Данагүл: Менің де көрсем көзім шықсын, ешқандай әйел көрген емеспін.
Сымбат: Кім болса да біздің қамымызды ойлаған адам. Қайда жүрсе де жолы болсын. Жарайды мен жігіттерге барайын, келемін дедім ғой, күтіп қалар.
Данагүл: Тым болмаса бүгін дем алсаңшы.
Сымбат: (түсін салып) Данагүл, сен тым тықақтай бермесеші! Мен қайтадан Монғұл асып бара жатқан жоқпын ғой, соңғы кездері сөзің көбейіп барады.
Данагүл: (басын төмен салып) Тым болмаса апайдан ұялсаңшы.
Гүлназ: Сымбат, мені тыңда! Мен қалада оқып, өскен адаммын. Тәрбием де жергілікті қазақтарға қарағанда бөлектеу болар. Сенің бетіңді көріп отырғанымда осы бірінші рет. Менің әке-шешем «бауырлы болдың, Монғұлиядан туыстарың көшіп келді» дегенде қуанғанымнан осылай қарай ұштым. Ата-анам сендерге құшағын ашып, бауырына тартқан екен, баласындай болыңдар. Бірақ, саған қарап отырып, жергілікті қазақтардың жаман әдетіне тез бой алдырып бара жатқаныңды байқап қалдым. Айналаңа көзіңді ашып қара Сымбат. Жанталасқан жұрт. Қайтсек малымызды, жанымызды көбейтеміз деп қала мен ауыл арасында шабылған елді көресің. Мойындарына Қытайдың ала дорбасын артқан әйелдер нандарын сатып, бала-шағаларын асырауда. Ешкім дәл қазір Үкіметтің жұмысына байланып отырған жоқ. Үйлеріне үй қосып, бақшасын салып, өрісін кеңейтуде. Түкке икемі жоқтар арақ ішіп, карта ойнаса артында тіректері бар. Әке-шешелері қасында, туыстары бар. Жоқшылықтың дәмін татпайтындар. Картаға ақша, малын тігіп ойнаса қора толы малдары бар болар. Ал сендердің арттарыңда арқа тірейтін кімдерің бар. Сымбат! Данагүл саған өз өмірін сеніп тапсырып, ата-анасын, туыстарын артқа тастап, қолыңнан ұстап, көзі көрмеген Қазақстанға еріп келген екен, неге оны жалғыз қалдырасың? Адам алдында да, Алла алдында да сен Данагүлге мәңгі қарыздарсың! Өйткені ол сенің балаңды көтеріп жүр. Дәл қазір сен Данагүлге пана да , қорған да бола білуің керексің. Арақ пен картаны қойғаның дұрыс болар бауырым. Өз шаңырағыңды өзің ортасына түсірме? Қазақстан саған Монғұлия емес. Әрбір басқан қадамыңды ойланып басуға тырыс. Данагүл сен де үнсіз отыр ма, күйеуіңді сыйлағанның жөні осы екен деп бетіне қоя бер ме? Адам азамын десе бір-ақ күн. Егер де мен хат жазып аудан әкімін осылай дүрліктірмегенде бірде бір оралман бастарыңды да көтере алмайтын едіңдер? Мысалы сен азаматсың неге сол аудан әкіміне барып өз құқыңды қорғамадың? Сендерді өкімет Қазақстанға шақыртқанда басқалардың қалтасын толтырсын деп емес, ата жеріне ат басын тіресін деді емес пе?
Данагүл мен Сымбат қосарлана: Хат жазған сіз бе?
Гүлназ: Сендердің мына аязды күні көмірсіз, азық-түліксіз отырғандарыңды көріп жаным ауырғасын, әкемді де аямастан осындай іске бардым. Ешкімге жақ ашпаңдар! Хатты менің жазғанымды білсе бәрімізге де жақсылық болмайды. Алдыменен әкемнің басы кетеді! Жарайды көп отырып қалдым, үйдегілер тосып қалған болар кетейін. (Шығып кетеді)
Сымбат: (кекете) Ал керек болса! Гүлназың қалай-қалай еседі? Жазушы-журналист деген осындай болар! Қалай-қалай ақыл айтады. Ауданға хат жазып бізді бір төңкеріп тастағаны былай тұрсын, өздері бізді билеп-төстеп барады ғой. Қашанғы біз бұлардың алдында қарыздар адамдай болып жүре бермекпіз ә! (Данагүлге төніп келіп) Мыналарға мені жамандап жүрген сенсің бе а! Үйде отырып кешке дейін мені жамандағанша сенде ауданға барып сауда жасамайсың ба, ана елдің қатындары құсап!
Данагүл: (қорқа) Ол не сөз. Сені кімге жамандаппын?
Сымбат: Ендеше, мыналар неғып ақылсынып кеткен. Секен, Мәкендері аздай енді, Гүлназдары кірісіпті ғой.
Данагүл: Сымбат, сен масайып кеттің, жатып деміңді алшы. Ешқайда да бармай-ақ қойшы. Бүгінгі күнімізге разы болайық та. Ағалар болмаса, күніміз не болар еді? Гүлназ апайдың арқасында телевизор да, киім-кешек те енді талай нәрсе алдық қой. Ол кісілерді ренжітпейікші.
Сымбат: Олар ренжитіндей біз не істеппіз?! Жаса деген жұмысын жасап жатқан жоқпыз ба? Енді не қылмадың дейді? Әй, қойшы соларды, мен кеттім. (тарп-тарп басып шығып кетеді)
Данагүл: ( Күрсіне жүріп ілулі тұрған ата-анасының суретін қолымен ұстайды.) Шіркін, ата-анамды бір көрер ме едім. Анашым! Сендерді сағынғанда өзегім талды-ау. Дауыстарыңды естуге зар болдым ғой. Күнде тауға шығып, маңайға көз салып, батысқа қарап, жанарым жасаурап сендерден бір хабар күтемін. Айтқандарыңды тыңдамай Сымбаттың артынан еріп кеткенімді де кешірмессіңдер. Сонда да анашым, әкешім сендерді қатты сағындым. Бауырларымның күлкісін, өзім туған жердің ыстық топырағын сағындым. Анашым әсіресе сенің мұңлы жанарың жадымнан бір шыққан емес. Маған бола алаңдамаңдаршы. Менде бәрі жақсы болады деп ойлаймын. Тек тезірек қауышсақ екен.
Данагүл орнынан тұрып сыртқа беттеген кезде алдынан Сымбат бастаған екі-үш жігіт кіреді. Сыбат қолымен Данагүлді ысырады да:
-Жігіттер, жоғары шығыңдар.
Данагүл: (тұрып қалады да) Сымбат?
Сымбат: Неменеге адам көрмегендей мелшиіп тұрсың, ана үстелдің бетін сүрт, біздер карта ойнаймыз. Нан, тағы бір тіске басар бірдеме әкел! Бол!
Берік: Мына қара, Сымбатың әйелін қалай-қалай ұстайды ә?
Аңтарбай: Не то что біздің үйдегі айдаһар қатын! Айқайлап-айқайлап бәрімізді қуып шыққан жоқ па.
Берік: Негізі ондай қатынды сабап алған дұрыс. Ата-бабамыз «Қатынды бастан, баланы жастан» деп текке айтпаған ғой. Баяғыда әйелді аттың бауырына алып жүріп сабаған дейді ғой.
Аңтарбай: Айтасың-ау, оған біздің қатындар көнеді деген. Сен бір персең олар сені екі переді. Тіптен жеңіліп бара жатса бетіңді тырнайды, одан қалса апарып жаптырып тастайды.
Данагүл жақтырмаса да үнсіз дастархан жасап жүр. Сымбат өзімен бірге ала келген арақты стақандарға құюда.
Сымбат: Берік, сенің әйеліңнің де мінезі баршылық қой деймін ә? Негізі әйелдер күйеулеріне қарсы келмеуі керек. Біздің жақта дәстүр солай. Менің әйелім мысалы тіктеп адам бетіне қарамайды.
Аңтарбай: Сен де айтасың-ау, біздің жақтың қатындары атасының сақалымен алысады, кісінің бетіне тура қарамақ түгілі.
Данагүл: Сымбат, өздерің отыра берсеңдер қайтеді. Мен ағамның үйіне барып ұйықтай берейін. Мазам болмай тұр.
Сымбат: Онда неменеге барасың, бармайсың ана жерге жата бер!
Данагүл үнсіз бір бұрышқа барып үстіне киімдерін жамылып жатады. Еркектер даурыға карта ойнауға кіріседі. Арасында босап қалған бөтелкелердің түбі де көрініп қалады. Олар қатты масайған. Тілдері күрмеліп әрең сөйлейді.
Берік: Әй, Сымбат өзің «Сары Мұнғұл десе сары Мұнғұл» екенсің, карта ойнағанда тіптен алдыңа жан салмайсың ғой, өзіңді бекерге үйреттік -ау деймін, өзімізді тықсырып барасың ғой тіпті.
Сымбат: (күліп) Картаны ойнаудың да ережесі бар деймісің, оған ептілік болса болды да..
Аңтарбай: Бұл Монғұлдарды қойсаңшы, түріне қарасаң жуас, өлексе секілді болып көрінгенімен артқы жақтарында айылдарын шайнап тұрады ғой.
Сымбат: (столды тарс еткізіп) Кім өлексе?! (Орнынан атып тұрады да жағасынан ала түседі. Осы кезде шошына орнынан тұрған Данагүлдің де есі шығып кетеді)
Берік: Қойыңдар-ей, ойыннан от шығады деген де осы екен. Сымбат біз қалжыңдадық емес пе?
Сымбат: Мен саған көрсетейін өлексені! Сен онымен кімді қорламақсың ә!(жағынан бірді салады. Анау да төбелесе кетеді. Екеуін Данагүл мен Берік арашаламақшы болып әуре. Стол төңкеріліп, айқай-шу басталады. Осы кезде үстінде желбегей жамылған костюмы бар Секен жүгіріп кіреді де айқай салады.)
Секен: Тоқтатыңдар! Бұл не қылған айқай-шу? Мыналарың не? Сымбат ендігі жетіспегені осы еді. Үйіңді жын-ойнақ қылдың ба?! Ал сендер бар кетіңдер! (екі жігіт бірін-бірі сүйрелей кетеді)
(Сымбатқа төніп келіп) Сен бар ғой,.. жақсылықты түсінбейтін ит екенсің! ( Ашуланып шығып кетеді. Сымбат тістеніп біраз отырады да , үйді жинастырып жүрген Данагүлдің шашынан ұстай алып жерге алып ұрады)
Сымбат: Әкеңнің... Секенді ертіп келіп маған ит дегізген сенсің ғой. Көрсетейін мен саған өлексе мен итті! Мә! (Ол жерде жатқан жерінде Данагүлді тепкілей жөнеледі. Данагүл шырқырап жерде домалап жатып қалады)
Данагүл: Ішім-ай, ай, ішім-ай!
Сымбат: Кет әкеңнің! Тепкіден өлген қатынды көргенім жоқпын! Бірің бір, екісі екі келіп ақыл айтып, өзімді итке теңейтін олар соншалықты кім еді а?! (Айқайға басып) Секенді тұқымымен құртамын! Жетер, көшемін бұл жерден! Кетемін. Жинал сен қатын!
Данагүл: Түн ортасында қайда бармақпыз? Есіңді жисаңшы, сен массың ғой. Сымбат тоқташы. Жатып деміңді алшы.
Сымбат: (қайтадан Данагүлдің шашынан алады) Саған бағананғының бәрі аз болып тұр ма, жүр мен сені Секеннің үйіне апарайын! (Сүйрелей жөнеледі, Данагүл ойбай салады) Ол сенің туған әкең ғой. Екі туып бір қалған туысың ғой. Жүр!
Осы кезде кіріп келген Гүлназ Сымбаттың қолын Данагүлдің шашынан жұлып алады да аямай тұрып жақтан салып жіберген де, өзі мас Сымбат ұшып түседі. Орнынан шашынан сүйреп тұрғызады да қайта салып жібереді. Мұндайды күтпеген Сымбат өң мен түстің арасында есі шығып тұрып қалады.
Гүлназ: Қазақстанда әйелдер өздерін осылай қорғайды. Есің кірді ме енді. Әлде тағы таяқ жегізейін бе? Данагүлді тепкілейтінің бар дүниеге ұрпақ әкеліп нең бар! Сенің барлық сәтсіздіктеріңе Данагүл кінәлі ме? Арақты саған Данагүл аузыңа құйды ма! Карта ойнағанды әйелің үйретті ме? Ақымақ екенсің! Барып тұрған нағыз ақымақ екенсің! Ел түн ұйқысын төрт болып ертеңін ойлап әуре, ал сен болсаң келмей жатып төр менікі дегендей шалқақтайсың! Қолыңнан іс істеу келмегендіктен осылай араққа салындың ба, әлде арқаңды тірейтін тірегің күшті ме? (айқайлап)Сен кіміңе сенесің осыны айтшы маған!!
Данагүл: (күмілжіп) Апай, сіз қайдан келіп қалдыңыз?
Гүлназ: Сенің шырқыраған дауысыңды естіп жүгіріп келдім.
Сымбат: (бетін сипалап) Апай, ағам маған итсің деп кетті ғой.
Гүлназ: Оған неменеге таңданып қалдың, жеті атаңнан алып сыбап анаңа, әкеңе тілі тиген жоқ қой. Әне өзіңмен бірге арақ ішкен жолдассымақтарың саған өлексе деп кеткен жоқ па, сол сөз иттен жақсы болғаны ма. Есесіне жазықсыз әйеліңді тепкілеп тастадың. (дауысын жұмсартып) Сымбат, отыршы айналайын. (Барлығы үстелді жағалап отырады) Саған жаным дейін Сымбатжан. Туған бауырларымды да шектен шығып кеткен кездері осылай таяқтап аламын. Сені де сол туған бауырымдай көрген соң қолымды көтердім. Оны кек тұтпай әпкелік назым деп ұқ. Жалғыз сен ғана емес, басқа да елімізге келіп жатқан оралмандардың жағдайларына көңілім толмайтын. Ал мына отырысыңды көргеннен соң тіптен жаным шыдамады. Ертең сендерге аудан әкімшілігі тіптен қол ұшын беріп көмектесетін болады. Соны қалт жіберме, айтқандарын істе. Ең бастысы адам боламын деп Қазақстанға келгеннен соң дұрыс отбасын құра. Бұл жерде өзіңнің еңбекқорлығыңмен көзге түссең абыройың да артады. Ал кейбіреулер секілді араққа салынсаң, ертең қаңғып далада қаласың. Үкімет жер аламын дегенге жер беріп, жеке кәсіппен айналысамын дегендерге ақшалай көмек көрсетуде. Егер ақылың бар болса осы мүмкіндікті пайдаланып қал. Ертең басыңа бас қосылып, үлкен отбасы боласың. Сол кезде бала-шағаңды қайтіп асырамақсың. Мына жүрісің оралманға лайық тірлік емес. Сен тым кеш қимылдап жүрсің бауырым! Осыны түсінесің бе? Бірлік пен Аңтарбайлар саған дос болып жарытпайды. Олардың әйелдерінің жаны сірі. Бір сағат дамыл таппайды. Ал, мынадай нәзік қылығымен Данагүлің олардың шаңына да ілесе алмайды. Және Монғолияда өмір бақи тұрып, сол жақта ғұрып пен салтты қатал ұстанған әйеліңе бір күннің ішінде Қазақстандық болып кет дегенің де дұрыс емес. Данагүлің Қазақстандық әйелдердей болуы үшін әлі талай уақыт қажет. Ертең қалаға қайтамын. Әйеліңнің денсаулығын күт. Ата-анасын, туыстарын сағынып, аңсап ішқұса болып жүргені де жетеді. Босанар кезде хабар жібер, келіп балаларыңның кіндігін өзім кесемін. Данагүлжан аудандағы дәрігерлер денсаулығыңа дұрыс қарамаса маған хабарлас, қалаға алып кетіп сол жақта дәрігерге көрсетемін. Ал қазір жатып дем алыңдар. (Гүлназ шығып кеткен соң, Данагүл отырған жерінде бүктетіліп қалады)
Данагүл: Сымбат, ішім ауырып барады.
Сымбат: (сасқалақтап) Ішің бе, енді не істейін. Өзің ғой бәріне кінәлі. Апайларды оятайын ба?
Данагүл: Жоқ, таң атқанша басылатын шығар. Одан да мені құшақтап отыршы. (Сымбат Данагүлді құшақтап бауырына тартады)
Сымбат: Қазақстанға келіп, екеуміз бақытты өмір сүреміз деп ойлаған едім, бәрі керісінше болып барады. Қолыма алған істің барлығы теріс қарай дөңгелейтін тәрізді. «Сұрамшақ мұнғұл» атанып та кеттім. Қай бастықтың алдына барсаң да «жоқтан» басқа айтарлары жоқ. Бүгін Гүлназ апай болмағанда суық үйде бүрісіп отырар едік. Үкіметтің көмегі көп дейді. Сол көмектердің барлығы қайда кетіп жатқанын білмеймін.
Данагүл: Алдымызға он бес қой, үш сиырын салып берген жоқ па. Одан артық не керек. Ұқыптап ұстай білсек бұл да көп көмек қой. Сымбат, бәрі бірден бола кетпейді. Монғолияда да солай емес пе. Бұл жерде де жұмыс істеп, мал басын көбейтуге болады. Сосын ақырындап жиылып-терілген соң үй салып алушы едік. Бізге аға міндетті түрде бала-шағасымен көмектесуші еді.
Сымбат: Осылай біреудің қолына қарап отырғаннан жалықтым. Бағанағы жігіттердің мені не деп мазақтайтынын білесің бе? «Бастықтың кірме ұлы» дейді. Ол жақсы ат емес.
Данагүл: Өзің ойлап қарашы, осы кісілер болмаса біз қайтер едік. Қайта апай да, аға да біз үшін жандарын үзеді. Гүлназ апайды айтсаңшы әкесін аямай аудан әкіміне хат жазғанын. Ертең басымызға іс түссе де осы кісілерге жалтақтаймыз. Соны ойласаңшы.
Сымбат: Өмірімнің осылай өтерін білсем, Монғолияда кісі есігінде жүре берер едім ғой. Басым ауырып тұрғаны қалған-құтқан арақ бар ма екен? (Сипалақтап жерде жатқан бөтелкені қарайды) Түк қалмапты. Жарайды ұйықтап дем алайық.
Жарық сөнеді.
2- бөлім.
Екінші көрініс қайталанады
Бірақ дастархан үстінде арақтар мен әр жерде шашылған нан. Анадай жерде Данагүл бесік тербетіп отыр. Жиналып тұрған дүниелер ыбырсып шашылып жатыр. Осы кезде дабырласып Мәкен, Секен, Гүлназ қолдарында баланың қажетті заттары бар үйге кіреді. Оларға орнынан тұрып сәлем берген Данагүлді бәрі құшақтап бетінен сүйеді.
Секен: Қызым-ау Сымбат жаңа ғана жүрген секілді еді ғой. Қайда кеткен?
Мәкен: (күйеуін түртіп қап) Жұмыстары болған соң шығып кеткен де...
Гүлназ: (үйді аралап, жерде шашылған заттарды жиыстырып) Данагүл, сендерге не болған? Мына отырыстарың не? Неғып бықсып жатырсың?
Мәкен: Жаңа босанып келген адамнан не сұрайсың Гүлназ-оу, өзіміз бар емеспіз бе, қазір жинастырып жібереміз. (Жинай жөнеледі, оны Данагүл тоқтатады)
Данагүл: Жинамаңыз апай! Мен перзентханаға кеткелі мына үйді Сымбат карташылардың ордасына айналдырыпты. Өзім де не істерімді білмей отырмын. Баланың киімін таппай есім шықты. Өзі де үшті-күйлі жоқ. Мені есіктен кіргізді де құрып жоғалды!
Секен: Данагүлжан оны қасыңда болсыншы деп тауға жібермей алып қалған едім, бекер істеген екенмін. Бұдан да тауда болып, жұмыста жүргені жақсы еді. Тым араққа салынып кетті. Не айтқан сөзімді орындамайды. Тіптен мені естуден қалды. Жұрттан да ұят болды. Ылғи оны қорғаштаймын да жүремін.
Данагүл: Ол мені де тыңдағанды қойды. Жаңа шілдеханаға соятын қойды әкел десем үндемей басын тұқыртады. Сөйтсем, картаға салып жіберіпті. (жылап) Мүлде адам сөзін тыңдаудан қалып барады. Мына бір карташыларды қайдан тапқанын білмеймін, осы үйден шықпайтын болыпты.
Секен: Жылама қызым, оны тауға жіберген күннің өзінде де совхоздың малын құрта ма деп қорқамын. Ертең бір қой жоғалса басымен жауап береді. Өзімен дұрыстап тұрып сөйлесу керек екен. Бірақ сөйлесейін десең бір сау күнін көрмейсің. Кешке дейін мас болып жүргені.
Мәкен: Жә, болды. Келіншегі босанған соң әлсіздікке салынған ғой. Қояды арақты. Қайда барады дейсің. Ертең басына бір іс түссе өзі-ақ ойланатын болар. Қазір оған бәрі жақсы болып тұр ғой. Ол соны көтере алмай жүр. Секен Данагүл босанып келіп жатқанда біздің үнсіз қалғанымыз жарамас. Ана қорадағы қойды сой, Гүлназ екеуміз мына жерді жинастырып, нан пысырайық. Енді ел-жұртқа шілдехана шәйін бермесек несін сен Секен, мен Мәкен болып отырмыз. Гүлназ, қызым сен де қарап отырма Данагүлге көмектесейік. Мен барып Сымбатты тауып әкелейін. (Секенді ертіп шығып кетеді)
Гүлназ: Данагүл, мен сендерден қорқайын дедім. Жағдайларың тым төмендеп кетіпті. Қыста мен келген кезде жақсы секілді едіңдер. Қазір мына тұрмыстарыңды көріп жаным ауырып тұр.
Данагүл: Апай, Сымбат мені тыңдаудан қалғаны қашан. Перзентханада он бес күн жаттым. Сонда бар жоғы екі-ақ рет келді ғой. Елдің аузына қарап, терезеге телміріп күніменен күтіп отырдым. Оның қасында апайыммен ағам екеуі кезек-кезек келіп тұрды. Оларға да Сымбат келмейді деп айта алмадым. Ұялдым.
(Осы кезде алыстан еміреніп өле мас Сымбат келіп кіреді)
Сымбат: (бесікке қарай ұмтылып) Қане, менің балапан қызым қалай? Ұйықтап жатыр ма екен, ой құлыным... (Гүлназді көріп) О, міне Гүлназ апайдың өзі де келіпті ғой. Сәлеметсізбе апай (құшағын аша ұмтылған Сымбатқа Гүлназ теріс қарайды) Оу, бұл үйде той емес пе, неге қабақтарыңнан қар жауып тұр?
Гүлназ: Шілдеханаға соятын қой таба алмай жатырмыз Сымбат?
Сымбат: (сасып қалып) Қой ма, а қой ма, қазір мен алып келе қояйын. (Тәлтіректеп есікке ұмтыла бергенде оны Гүлназ ұстай алады)
Гүлназ: Қорада ешқандай қой жоқ. Оны сен картаға салып жіберіпсің. (Төсекке қарай итеріп жебереді) Бар жатып ұйықта!
Сымбат: (Данагүлге тістеніп жетіп барады) Сен бе...сені (артына Гүлназға қарап, ақырын жерге жата кетеді)
Гүлназ: Данагүл, мен мына жерді жинастырдым. Ауылдың үлкендерін біздің үйге шақырамыз. Бұл үйге қонақ шақырып болмас, Сымбат ұйықтай берсін. Жүр баланы алып сонда барайық.
( Екеуі баланы көтеріп шығып кетеді. Біраз музыка ойнап, сырттан келіп жатқан қонақтардың «бауы берік болсын!» деген дауыстары мен оларға алғыс айтқан Мәкен мен Секеннің дауыстары естіледі. Бұл кезде Сымбат мазасызданып қозғалақтап жатқан, ол керіліп-созылып есін біразға дейін жинай алмайды. Жан-жағына қарап домалап жатқан бөтелкені көтеріп бос екенін көрген соң лақтырып тастайды. Дыбыстап Данагүлді шақырады. Баласының бесігіне үңіліп баласының жоғын көріп бірден есін жияды.)
Сымбат: Данагүл мен қызым Сая қайда кеткен. Бұларды жер жұтып кетті ме?
(Шәугімнің түбін көтеріп су ішеді де басын ұстап үстелге келіп жамбастай отырады).
Басымның ауырып тұрғаны-ай, не істесем екен? Жұтатын да ештеме қалмапты. (Осы кезде үйге жүгіріп Данагүл кіреді. Сымбатты көріп тұрып қалады)
Данагүл: (дауысы қуанышты) Ә, Сымбат ояндың ба, беті-қолыңды жуып ағам үйіне кел. Ол кісілер Саяшқа тілеу жасап, шілдеханасын тойлатуда. Мен баланың жаялықтарын алайын деп келдім. Отырмашы, тұршы. Жүр бірге барайық. Бала екеуміздікі емес пе, сенің болмағаның ұят қой.
Сымбат: (тістене орнынан тұрып) Ұят деші, ұятты білсең Секеннің үйіне балаңды көтеріп баратындай не басыңа күн туды? Мен өліп қалып па едім? Менен аттап Секеннің табалдырығын аттайтындай ол кімің еді!
Данагүл: Сымбат, қызыңның шілдеханасын жасауға өзіңде түк жоқ, ағаларға қайта алғыс айтуымыз керек емес пе?
Сымбат: (орнынан тұрып) А, алғыс айтуым керек пе, олар менің отбасыма кірісіп, баламды үйіне алып той тойлатады екен. Әкесін шақырмайды да, сонда мен оларға алғыс айтамын ба!
Данагүл: (міңгірлеп) Сен мас болдың ғой.
Сымбат: (алаңсыз тұрған Данагүлді ұшырып түсіреді) Мен саған Секеннің үйінен, бала-шағасынан аулақ жүр деп қанша рет айтамын. Сен неге менің сөзімді далаға тастайсың! Әлде менің қатыным екеніңді ұмыттың ба?
Данагүл: (орнынан тәлтіректей тұрып, үстел үстінде тұрған шәугімді алады да Сымбатқа лақтырады.) Сенен әбден көріп болдым көресімді! Жетер! Қазақстанға алып келіп, далаға тастағаның аздай қасымдағы жақын тартақан адамдарыммен де араластырғың келмейді! (сөйлеп жүріп, қолына түскен заттарды Сымбатқа қарай лақтыра береді) Қызыңды аузыңа алып қапсың! Сол қызың перзентханада жатқанда бір-ақ рет келгенің есіңнен шығып кетті ме. Саған сеніп, сенің артыңнан еріп келгенде маған не жақсылық көрсеттің. Монғолиядан келгенімізге бір жарым жылдай уақыт болды, осы уақыттың ішінде қандай жақсылық таныттың айтшы маған! Сенен қандай жақсылық көрдім. Ішкен арағың мен тартқан темекіңнің көк түтінен, ойнаған карта мен ортасына түскен шаңырақтан басқа не көрдім? Не көрсеттің! Қайда менің басыма үйіп төккен жақсылығың? Қайда қолыма ұстатқан бақытың! Сенің сөзіңе сеніп, ата-анамды жылатып, Монғолияға тастап кеткенде, осындай күйге түсемін деп ойладым ба?!
(Сымбат Данагүлге жақындап таяй бергенде...) Маған жақындаушы болма! Келсең кел, ағамдікіне, келмесең өзің біл! Мен кеттім. (Сымбатты кеудесінен итере, қолына баланың жаялығын ала шығып кетеді)
Сымбат: Мынау не деп кетті? Қалай-қалай сөйлейді? Ашылып, ашынайын деген бе өзі?
Маған өзі не болып кетті? Мен бұрын мұндай емес едім ғой, арақ әбден жеңіп, мен жеңілейін деген болуым керек. Не істесем екен? Қорадағы малды да құрттым, Данагүлдің жиған-терген ақшасын да құрттым. Бәрін құрттым. Ой, Аллай, не істесем екен? (осы кезде Гүлназ кіріп келеді)
Гүлназ: Сымбат сені оянды деп естіп келдім, жүр біздікіне ауылдың молласы қызыңның құлағына айқайлап азан шақырып ат қоймақшы. Оны әкесі ұстамағанда мен ұстаймын ба! Жүр. (Жетектеп алып кетеді. Біраздан соң сырт жақтан молланың «сенің есімің Сая» деп үш рет айқайлап жатқаны естіледі. Қуанышты дауыстар жақындай келе топырлап көтерген сәбилері бар Мәкен, Секен, Сымбат, Данагүлдер келіп кіреді. Сымбат тағы өлердей мас.)
Мәкен: (Баланы бесікке жатқызып жатып) Міне, Данагүлжан Саяның шілдеханасын да жасап тастадық. Шілтер терің шыққанша біздің үйде жүргенің дұрыс болар еді, оған Сымбатың келіспейтін секілді. Ендігісін екеуің өзара шешіңдер. Сымбатжан шешсін.
Секен: Сымбат сендер тауға қашан өрлеуші едіңдер? Данагүл біраз жеңілденгенше үйіңде бол, тауға басқаларын жіберермін. (Сымбат қолын ербеңдетіп бірдеме демекші болады, онысын ешкім ұқпайды)
Данагүл: Сіздерге рахмет.
Сымбат: Сіздер болмасаңыздар...осының бәрі сіздердің арқа... қызымды құшақтап... (барып төсекке құлайды)
Мәкен: Қызым өздігіңнен су тасыма, саған ауыр көтеруге әлі ертерек. Жаялық жуатын суды біздің үйден алып тұр. Бір қиыншылық туып жатса, үй арасы алыс емес, айқай салсаң жетіп келеміз. Ал дем ал, біз қайтайық.
Секен: Қызың бүгін тыныш ұйықтайтын шығар. Жүр кетейік. (Шығып кетеді)
Данагүл: (қызына қарап қойып, жерде жатқан Сымбаттың үстіне киім тастайды, ол өз-өзімен сөйлеп кетті) Айналайын Жаратқан ием! Қазақстанға келіп, қырмызы гүліндей қызды болып жатырмын. Жауқазындай нәзігімнің, бүкіл махаббат сезімімнің иесіне айналған Саямның деніне саулық бер. Алыстан сағымдары ғана елес беретін аяулыларым әке-шешеме , шерімді тарқата көр. Құсалығымнан құлқынымды ашытқан сағынышымды басатындай анашымның дидарлы жүзін көрсетші жаратқан ием. (Сымбатқа қарап) Араққа ақыл-есін салып, бар арман-мақсатын ащы суға ағызған Сымбатқа жол сілтесең екен. Отбасымдағы отымның шоғын сөндіре көрмесең екен Жаратқан ием! (Оның қолын созып жалбарынып отырғанын көрген Сымбат орнынан тәлтіректеп тұрады)
Сымбат: Қатын! Басым-ай басым, арақ бар ма?
Данагүл: Қайдағы арақ?
Сымбат: (біраз басын ұстап отырып) Бар! Секеннің үйінен қалған құтқан арақ болса алып келші, өлейін деп отырмын.
Данагүл: Не деп барамын, жаңа ғана сол үйден келдік емес пе, бармаймын. (ол қызына еңкейе бергенде Сымбат қатты итеріп жібереді)
Сымбат: Саған бірдеме айтсам неге қарсы келесің ә! Әкел дедім ғой саған. Арақ ішкім келіп тұр. Әйтпесе ақша бер, дүкенге барып алып келемін.
Данагүл: Ақша да , арақ та жоқ.
Сымбат: Тап!
Данагүл: Таба алмаймын! Жатып ұйықтап, айық! Сосын жын сасымай жуынып-шайынып қалпыңа кел. Арақта атаңның құны қалмаған шығар. Сен арақтан аумай-талмай бас алмағалы екі жылдың жүзі болды ғой!
Сымбат: (Тістене ұмтылып) Сен, атаңның деп маған тіліңді тигіздің бе? Мен сенің тіліңді...(жақтан тартып жіберіп) Бар, қайдан тапсаң онан тап арақ әкел! (итеріп шығарып жібереді) мынаны қара тілі шығайын депті. Мұның жынын қақпасам болмас! Құтырайын деген екен. Қызым, ә қызым (Еміреніп қызына ұмтылады да оны қолына көтере бергенде Данагүл қайта кіріп келеді де қолына жармасады)
Данагүл: Сымбат құлатасың тиме балама!
Сымбат: (бақырайып қарап тұрып) А бұл сенің балаң ба? Оны қолыма алып, көтеруіме болмайды екен ғой, мен білмей қалыппын. Сен сонда бұл баланы менен емес басқадан тапқан екенсің ғой?
Данагүл: Сымбат, не айтып тұрсың? Сен массың, сосын ғой құлатып алады екенсің деп жатқаным.
(Сымбат жұдырығы түйіліп, ұмтылған сайын Данагүл баласын бауырына ала шегіншектейді. Бір кезде оның жуан жұдырығы басына сарт ете түскенде ол баласын құшақтай бүгіліп жығылады.)
Сымбат: Әкеме тіліңді тигізіп, баламды менікі емес деп, басыңды көтерейін деген екенсің. Тіліңді кесем сен қатынның, тіліңді кесем! (жатқан жерінде арқа жағынан екіні тебеді де шығып кетеді. Бала шырқырап жылап жатады. Данагүл қанша қозғалайын десе де орнынан тұра алмайды. Оның шырқыраған дауысына Гүлназ жүгіріп кіреді. Келе жерде жатқан баланы алып, орнына жатқызады да жерден Данагүлді тұрғызбақшы болады. Данагүл тұра алмай шырқырай береді)
Гүлназ: Данагүл саған не болды, неге тұра алмайсың?
Данагүл: (жылап) Сымбат тепкілеп кетті Гүлназ апай. Енді қайттым, белім ауырып барады. Ай-ай.
Гүлназ: (жүгіріп Мәкенді ертіп келеді) Анашым, кел Данагүлді орнына жатқызайық, қозғала алатын емес. (Жүгіріп жүріп жерге көрпе төсеп оған ойбайлаған келіншекті жатқызады)
Мәкен: Жаным-ай, қор болып қалмасаң игі еді. Гүлназ тездетіп ауданнан дәрігер шақырайық. Сымбатты қайдан табамыз. Ол енді көпке дейін қарасын көрсетпейді.
(Гүлназ дәрігер шақыруға жүгіріп кетеді. Мәкен сөйлеп жүріп, шырқыраған Данагүлді уатып әлек) Қазір жаным шыда, Гүлназ ауылдағы фельдшерді алып келуге кетті. Кеп қалар.
Данагүл: Апай, соншалықты Сымбатқа не жаздым, сонша тепкілегені несі? (осы кезде қасында дәрігері бар Гүлназ жүгіріп кіреді. Дәрігер келе Данагүлдің ана жерін бір, мына жерін бір басып көріп, ойбайлағанына қарамастан тексереді. Бір кезде басын шайқап қасындағыларға қарап, Гүлназды оңаша алып кетеді)
Дәрігер: Гүлназ Данагүлдің омыртқасына зақым келген тәрізді. Оны аудандық ауруханаға тездетіп жеткізбесе болмас... (Мәкен айқай салады)
Мәкен: Ойбай-ай, дәрігер мұнда келіңізші Данагүлдің аузынан, мұрнынан қан ағып кетті.
Дәрігер: (жүгіріп келіп) Апай тездетіп дайындаңыз, мен көлік алып келейін, ауданға әкетпесек болмас. Баланы алып қалыңыз. (Дәрігер шығып кетеді, Мәкен мен Гүлназ Данагүлді дайындайды. Жарық өшіп қайта жанған кезде шырқырап жылаған баланы көтеріп Мәкен жүр).
Мәкен: Әй, балам-ай, жарық дүниенің есігін ашпай жатып, анаңнан айрылып қалар ма екенсің, аман-есен жазылып келсе екен. (Секен кіреді)
Секен: Баланы неге сонша шырылдатып жылатып көтеріп жүрсің, анасына беріп еміздіртсеңші.
Мәкен: (жылап қоя береді) Осынысын емізетіндей халі болса екен, ол бейшараның. Неткен тағдыры қатал, бақытсыз сорлы еді Данагүл а?
Секен. (шошына) Мәкен! Не болып қалды?
Мәкен: Әлгі жетпегір Сымбат жас босанған келіншегін тепкілеп кетіпті. Данагүлдің аузы-мұрнынан қан кетіп ауданға фельдшер мен Гүлназ алып кетті. Жаны қатты қиналды, аман-есен келсе екен өзі, мына сәбиінің көз жасына.
Секен: Сымбат Данагүлді тепкіледі дейсің бе? Мен...оны... жеті әкеңнің...(шыға жөнеледі, артынан Мәкен қуып кетеді. Бір кезде өле мас Сымбатты желкелеп Секен алып кіреді де жердегі сырмаққа қарай итере салады. Оның артынан Гүлназ кіреді. Өзі жылап жүр).
Гүлназ: Аға, Данагүлдің халі тым нашар, дәрігерлер оның жағдайы өте ауыр болады деп отыр. Тепкі әйелдің жұлынына тиген көрінеді. Мамам мен баласын алып Данагүлдің қасында болсақ қайтеді. Оған енді кім қарайды бізден басқа?
Секен: Данажанды қалаға апарсақ та қолдан келген көмекті аямаспыз қызым. Мүмкін дәрігерлер жауабын асығыс айтқан болар. Омырауда баласы бар, өздері жас, өмірлері әлі алда. Олар нағыз өмірдің қызықты шағын енді бастаған жоқ па. Қой, Данажан ондай ауруға көне қоймас. Сонда барайық. Мына итті не істейміз?
Гүлназ: Ол жатқан жерінде жата берсін. Басына тілеген бақыты осы болса оған не істерсің. Барып Данагүлмен сөйлесейік. (Олар шығып кеткен соң Сымбат басын жерден жұлып алады.)
Сымбат: Мыналар не деп кетті? Данагүлге не болды дейді, оны өледі деді ме? А-а-а мен оған не істедім а-а?! (Басын ұстап отыра кетеді) Данагүлге не істедім? Егер Данагүл бұл дүниеден кететін болса, маған да тірі жүрудің қажеті болмас. Не бетіммен тірі жүрмекпін. Өлетіні бар қызымды неге дүниеге әкелді? Мен не айтып кеттім.. Данажа-а-ан! Мені қайтадан кері Монғолияға қайтарып жіберсең де тек өле көрмеші. Сенсіз мына Қазақстанда мен не істемекпін? Саяны қайтеміз? Жоқ, мүмкін емес. ( ақырын музыка ойнайды, қарқылдай күліп) ана Секен мен Мәкеннің істеп жатқан қулығы болар. Сен өтірік әдейі жатқан боларсың!. Мені арақты қойсын дегенің болар! (жан-жағына алақтап қарап) Мен өзімді-өзім алқаш жасадым. Арақтың құлы еттім. Әрбір сәтсіз күнімнің өшін арақ пен Данагүлден алдым. Қазақстанға көшіп келгенде бәрі даяр үйі де, күйі де шалқып жатамын деп ойладым. Сөйтсем, олай емес екен. Бірақ шалқып өмір сүрдім. Күнде ішкенім арақ. Қорадағы бес қойыма дейін картаға салып, түгімді қалдырмадым. (Өзіне-өзі таң қалып) Осы мен Данагүлді не үшін ұрдым? (қарқылдай күліп) А, иә. Данагүлден Қазақстанның өжет, алғыр, саудагер, шық бермес шығайбайдың келіндерінің мінезін көргім келді. Ана базарда нан сатып, бір сиырының сүтінен май алып отырған Данагүлді аңсадым. Есіктен кіре төбемнен оқтаумен сарт еткізетін Данагүлді көргім келді. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығып жататын Данагүлді көргім келді немесе ары өтіп бір теуіп, бері өтіп бір теуіп, төрдегі басымды есіктен бірақ шығаратын Данагүлді көргім келді. Үлкеннің бетінен алып, енесіне екіленетін, атасына ақыратын Дананы көргім келген еді...Ал, ол (жылап) сол баяғы ұяң, қазақи дәстүрді қатал ұстанған, ибалы да инабатты, әдепті қалпынан бір өзгерсеші. Өле мас болып келіп жатсам да жайылып төсек, иіліп жастық болды. Әйелім болып менің бетіме бір қарсы келсеші, сол баяғы биязы қалпынан бір аусашы. Одан қазаққа тән небір салт-сананың, ғұрыптың ұмытылып кеткен түрлерін үйренгендері қаншама. Осы ауылдың алпысқа келген қатындарына шейін Данагүлді құрметтеп төрінде отырғызатын. Баласы туса да, тұсауын кессе де, келін түсірсе де, ұлы үйленсе де ішінде менің Данагүлім жүреді. Өйткені, ол осы тойлардың бүге-шігесіне дейін ырымдарын білетін. Небір ұмытылып бара жатқан ғұрыптарды да менің Данагүлім үйретті ғой. Сөйткен Данагүлімді қалайша қор еттім. Қалайша оның қадірін түсінбедім. Данагүлсіз мен кіммін! Қалайша мен сені қор қылып алдым Данажан, қалайша!
Үшінші көрініс
(Ол бүктетіліп жер сабалап отырып қалады. Жарық сөніп, ойнап тұрған әуеннің сазымен сахна жаңаланады. Онда төрге үстел қойылған. Көші-қон бастығының кабинеті. Үстелдің жоғарғы жағында Елбасының портреті ілінген. Столға телефонмен сөйлесіп, бұйрық беріп отырған бастық. Ол тұтқаны қойған кезде есік қағып Гүлназ кіреді.)
Гүлназ: Жұмысыңызға кедергі жасасам кешіріңіз. Бір жағдаймен келіп едім уақытыңыз бола ма?
Бастық: (түнерген қалыбы) Уақытым жоқ! Ана орынбасарлар бар, солармен сөйлесіңіз!. Облыс басшысы шақырып жатыр, сонда бармақпын!
Гүлназ: (жалына) Орынбасарларыңыз шешетін мәселе емес, маған өзіңіздің тікелей жауабыңыз керек болып тұр.
Бастық: (ашулана) Мен сізге орынбасарларыма барыңыз дедім ғой. Сізбен сөйлесетін уақытым жоқ.
Гүлназ: (қасына жетіп барып) Менің келген мәселемді сізсіз ешкім шеше алмайды. Жалынамын тыңдаңызшы! Алдыменен тыңдап көріңізші!
Бастық: (саябырсып, жүре тыңдайды) Жарайды тездетіп айтып көріңіз.
Гүлназ: Менің есімім Гүлназ Секенова. Сізге Тарбағатай ауданынан келдім. Сонда тұрып жатқан оралмандардың жағдайына жаным ашып келіп тұрмын. Ондағы ағайындардың жағ...
Бастық: (сөзін бөліп) Өзің оралман болмасаң неменеге біреудің жыртысын жыртып жүрсің?
Гүлназ: (ызғарлана) Иә. Біздің ауданға көшіп келген екі жастың жыртысын жырту үшін сізге келіп тұрмын. Көшіп келгеніне бесінші жылға аяқ басты. Ешқандай көші-қон басқармасынан адамдар барып олардың хал-жағдайларын білмеді. Ешқандай бастықтың олардың ісімен шаруасы болмады. Ауданға барғандар сол жерден ғана қайтып кететін. Үкіметтен келіп жатқан көмектің де қызығын олар көрмей басқалар көрді. Ақыры күйеуі араққа салынып, әйелі төсек тартып жатқалы бірнеше жылға аяқ басты. Осы бес жылда сіздер олардың бес күндік өмірінен хабарсыз отырсыздар.
Бастық: (қолын көтеріп) Тоқта, тоқта айналайын! Қалай қарай сілтеп барасың! Сенің ойыңша біз бұл жерде не ойнап отырмыз ба! Сол Тарбағатайға жүз барып, жүз келдім ғой. Сенің айтып отырғаның Қоянұлының отбасы ма? Оның күйеуі алқаш,, әйелі ауру болса не мен оларды емдеуім керек пе? Дәрігерге барсын! Маған не қыл дейсіңдер! Онсызда шаруам бастан асады. Басқа да ағайындарға көмек жасауымыз керек.
Гүлназ: Сіздің шаруаңыздың бастан асатынын білемін, бірақ осы бес жылда туған ата-анасынан бірде бір хабар ала алмай, төсек тартып жатқан оралман келіншекке көмек сұрай келдім. Соны туған жері Монғолияға қайтадан апаруыма көмектесіңіз!
Бастық: Не дейді?!
Гүлназ: Маған көлік беріңіз, шекарадан өтуіме көмек жасаңыз. Ата-анасын көруге зар болып, қан жұтқан, мына жарық дүниеде санаулы ғана күні қалған жас келіншектің ата-анасын, туыстарын бір көріп қалуына жағдай жасауыңызды сұрай келдім.
Бастық: Сенің, айналайын денің сау ма? Апарғың келсе әне, ары-бері жүріп жатқан не көп такси көп, соның бірімен келіспеймісің?
Гүлназ: Етектен тартып тұрған мына нарықтық заманда бір литр бензин табу қиын. Сіз көші-қонның бастығы болып отырған соң, сізге келдім. Сіздің де сондай бала-шағаңыз, қызыңыз бар шығар...
Бастық: Әй! Доғар! Сен не мені бопсалағың келіп отыр ма! Онымен нені айтпақсың! Менің қызымда шаруаң қанша? Сенің бос сөздеріңе алтын уақытымды шығындап...
Гүлназ: Жоқ, бопсалағаннан құдай сақтасын. Бірақ Елбасымыз сізді осы орында жұмыс істесін деп отырғызғанда есікті көрсетіп сыртты мезгесін демеген болар! Өзімнің жеке басымның жұмысымен келсем, не айтқаныңызға да көнер едім, бұл оралмандар мәселесі, тікелей сіздің жұмысыңызға қатысы болғандықтан алдыңызға әйел басымды кішірейтіп келіп отырмын. Тым болмағанда дұрыстап, тыңдап мені түсінуге тырысыңызшы!. Күні санаулы бір жан, есікке телміріп, анасын бір көруге зар болып жатыр! Соны Монғолияға жеткізуіме көмектесіңізші!
Бастық: Айналайын! Қайтадан кері көшетіні бар, несіне Қазақстанға көшіп келді а? (жуасып) Бағанадан бері мен саған не айтып отырмын. Облыстық көші-қон басқармасында далада жатқан ақша жоқ. Онсызда көшіп келіп жатқандарға көмек бере алмай отырмыз. Ал сен келіп қайдағы ауырып жатқан келіншекті қайтадан Монғолияға апарамын дейсің. Апарғыш болсаң өз қаражатыңа апар, апаралмасаң елдің мазасын алып, жұмысына кедергі келтірме?
Гүлназ: (жылап жібереді) Қандай тас жүрек адам едіңіз?
Бастық: (қолын сілтеп) Қолыңнан келмейтін іске араласып нең бар? Өлетінін білсе, Қазақстанға келіп несі бар... (шығып кетеді. Ол шығып кеткен соң Гүлназ зар жылап орындыққа отыра кетеді. Осы кезде бастықтың хатшысы келеді. Жылап отырған Гүлназға су ұсынады)
Хатшы: Мына судан ішіп, есіңізді жиыңызшы.
Гүлназ: (дірілей сөйлеп) Неткен қатыгездік, адамгершілік, мейірім, рахымшылдық дегеннен қалай жұрдай болып кеткенбіз! Нарық деп, қалтамызды толтырамыз немесе қайтсек қос-қостан үй аламыз, малымызды қалай көбейтеміз деп шапқылап жүріп маңайымызға қарап көз жүгіртуден қалыппыз ғой. Жетімді желеп, жесірді аяудан қалған неткен адамдармыз? Сіз білесіз бе, мына келіншектің төсек тартып жатқанына бесінші жыл. Күйеуінің тепкісінен мүгедек болып қалды. Қазір өмір мен өлімнің арасында жатыр. Бес жасқа толмаған кішкентай қызы бар. Ол тірі әке-шешесінің алдында жетімдіктің азабын тартуда. Ал келіншек күні-түні әке-шешемді бір көрсетші деп Алла Тағалаға жалбарынады. Сіз білесіз бе, танымайтын жерге туыстарын тастап, олардан бірден қол үзіп кетудің қандай қиын екенін? Осыны ешкімге түсіндере алмай-ақ қойдым. Ол да адам баласы ғой, ет пен сүйектен жаратылған. Тым болмағанда өлер алдында туыстарын бір көріп қалсыншы деп ойлаған едім, бастықтарыңыздың айтып отырғаны анау. Енді кімге барып, кімнің есігін қағамын айтыңызшы, маған кім көмектесе алады?
Хатшы: Сіз Монғолиядан келген оралмандармен сөйлесіп көрсеңізші, берсе солар бір көмегін берер.
Гүлназ: (жылап) Оларға да бардым. Осылай бәрін айта бергенде өзіммен қоса жылайды да, көмек сұраған кезде бастарын шайқап жоқтан басқа ештеме айтпайды. Олардың жағдайын да түсінемін. Бірді екі қылалмай Қазақстанға келіп, не үй ала алмай, не жағдайын жасай алмай, жұмысқа да орыс тілін білмегеннен соң ешкімі жұмысқа тұра алмай қиналып жүргенде қалай көмек бере алсын. Ал, мыналар құсап креслоға шалқайып, жамбастай жатып алған адамдар біреудің басындағы қайғысын түсінер ме, айтыңызшы, осы жағдайды түсініп, қол ұшын беретін адамды мен осы қаладан таба алам ба?! Ана Монғолиядан көшіп келіп, Қазақстаннан бақытты өмір сүреміз деп үміт артып келген адамның бірі осы Данагүл мен Сымбат еді ғой. Қазақстанның жақсысын таңдамай, сенделектеген жастарға қосылып Сымбаттың бұзылғаны аздай әйелінің мынадай жағдайға тап келгенін көрмейсіз бе?
Хатшы: Жыламаңызшы, тағдырдың маңдайына жазғанын көреді де. Жазмыш солай шығар.
Гүлназ: Тағдыр оларға Қазақстанға барып топырақ жастанып жатыңдар деп маңдайына жазып па? Олар өмір сүруге ұмтылып келген жастар емес пе?
Бастық: (есіктен сөйлей кіріп) Мен қағаздарымды қалдырып кетіппін. (Гүлназды көріп) Сіз әлі отырсыз ба?
Гүлназ: (оның артынан ере сөйлеп) Сізден өтінішім болсын, тым болмағанда Монғолиядағы әке-шешесіне хабар салып, соларды елге шақыртып беріңізші. Осы қолыңыздан келетін шығар.
Бастық: Айналайын! Мен саған асығыспын дедім ғой, неге айтқанды түсінбейтін адамсың ә! Ертең келсеңші! (Шығып кетеді)
Гүлназ: Міне, көрдіңіз бе, жүре сөйлеседі. Ертең тағы келсем де еститінім осы. Енді қайттім, не істедім. Кімге барамын?
Хатшы: Сіз сабыр сақтаңыз. Осынша қайғыланып жылауға бола ма екен. Бірдемесі болатын шығар. Бастық ертең кел деді ғой.
Гүлназ: Иә, ертең кел дегенде, маған қол ұшын беріп көмектеседі деп ойлайсыз ба? Мен күмәндімін. Сіз білесіз бе, бір-ақ нәрсені, жалғанда ата-ана, туыстан тірідей айрылғанның қандай екенін түсіндім. Екі мемлекетте жатып, хат-хабар алмай, бірінің тірліктерін екіншісі білмеу деген сұмдықтың сұмдығы екен. Біз мына тұрған ауылға баламызды жіберсек, үш күннен кейін артынан не болып қалды деп іздеп барамыз. Ал мыналардың жағдайын адам баласына айтып түсіндіру мүмкін емес. Осы мен алдына келген бастықтарды семьясынан бөліп басқа мемлекетке апарып тастасыншы, ертең келіп Данагүлді алақанына салып Монғолияға жеткізер еді. Өйткені сол кезде ғана олар елден, жерден, туыстан айрылудың қандай қасірет екенін түсінетін болады. Сізге рахмет. Барайын. (Ол екі иығы төмен түсіп түңілген бойы шығып кетеді)
Хатшы: Шіркін-ай, оралмандар үшін өзін отқа тастап жүрген мына келіншекке көмектесер бір мұсылман табылар ма екен ә? (басын шайқап) Әй, табылмас, қайдан табылсын. Біз тым өзгеріп кеттік қой. Тәуелсіздікке қол жеткіздік деп қуанғанымызбен, сол тәуелсіздік бізге қатыгездік пен қайырымсыздықты ала келген тәрізді. Қазір қайда барсаң жылап қалған жетім мен шырқы бұзылған жесірді көретін болдық қой.
Екінші көрініс қайталанады
(Шығып кетеді. Жарық қайта жанған кезде Сымбаттың үй-іші. Аппақ төсекте кірпігі ғана қимылдап, әрең сөйлейтін Данагүл жатыр. Оның қасында Мәкен, қолында бала. Секен мен Гүлназ да оның қолынан ұстап басу айтуда.)
Секен: Қызым, ештеме етпейді, ертең-ақ тұрып кетесің. Дәрігерлер қолдарынан келгенін жасап жатыр.
Гүлназ: Данагүлжан беріспе! Өмір деген өте қызықты дүние, сен өмір сүруің керексің. Тіптен Саяң үшін өмір сүрші, мен сенен соны жалынып сұрайын. Мен қалаға көші-қон басқармасына барып келдім. Олар маған сені Монғолияға апару үшін көлік береміз деді. Тек, біраз ыңғайы болмай тұрған көрінеді. Біраз шыдашы, сені ата-анаңа апарып келуге бар мүмкіншілікті жасаймын.
Данагүл: (әзер сөйлеп) Гүлназ апай, сізге рахмет. Ата-анамды, туыстарымды алыстан болса да бір көріп өлсем арманым жоқ. Оларды сағынғандықтан әбден зарықтым ғой, Гүлназ апай, әбден зарықтым ғой. Мына жалған дүние мен үшін еместігін түсінемін, сонда да ата-анамның сағымын көруге зар болдым ғой. Қазақстанға барсақ жақсы өмір сүреміз деген Сымбаттың сөзіне еріп келіп, қараңызшы жатқан жатысымды. Бес жыл болды ғой сарылғаныма қайда сол жақсы өмірі. Тым болмағанда баламды да бауырыма баса алмадым.
Гүлназ: (көз жасын құрғатып) Данагүлжан, таусылмашы жаным, әлі бәрі орнына келеді, ертең әкең мен шешең де хабар жетісімен келіп қалар, әйтпесе өзіміз барып қайтармыз. Қаладағылар көмектесеміз деп отыр ғой. (Данагүл біраз көңілденіп)
Данагүл: Онда жақсы болар еді. Әкем мен шешем өздері келіп қайтатын шығар. Гүлназ апай оларға хабар неше күнде жетеді екен соны білдіңіз бе?
Мәкен: (көзін сүртіп) Монғолия деген мына тұрған жер емес пе, балам-ау, он шақты күнде барып қалар.
(Гүлназ Секенді оңаша алып шығып)
Гүлназ: Аға, қызымыздың жағдайы күннен күнге ауырлап бара жатқанын білесіз бе, қашанғы алдамақпын. Бірдеме істесеңізші?
Секен: Менің қолымда не тұр. Ана қорадағы үш сиырды сатып ақшасын қолыңа берейін, совхоздан көлік сұрайын апара алсаң еліне апарып кел. Басқа мен не істей аламын.
Гүлназ: Егер менің қолымда тұрса баяғыда-ақ апарып келер едім ғой. Қолымда виза жоқ. Ал визаны алу үшін Данагүлдің туыстары шақырту қағазын жіберуі керек екен.
Секен: Балам-ай, әбден тығырыққа тірелдің- ау.
(Осы кезде аяғын әрең басып Сымбат кіреді. Бағанадан үнсіз жатқан Данагүл Сымбатты көріп, көзі шарасынан шыға сөйлейді)
Данагүл: Кет, кәпір! Сені көргім келмейді, Екі дүниеде кешпеспін! Апай ананы көзіме көрсетпеңізші. (Оның қиналып кеткенін көрген Гүлназ Сымбатты оңаша алып кетеді)
Гүлназ: Сымбат Данагүл сені бөлмесіне енгізбегеніне үшінші жыл. Соны біле тұра тағы ішіп келдің бе? Данагүлге істегенің аздай, тым болмағанда сау келсең етті. Неткен ақылсыз едің бауырым?
Сымбат: Мен ақымақ, сіздер ақылдысыздар. Данагүлді әдейі маған қарсы қойдыңыздар. Ол мені ешқашан кешірмейді.
Гүлназ: Сені неге кешірмесін, кешірер еді ғой. Егер бір күн қасында сау отырып, күтетін болсаң. Балаңа қарасаң. Әйеліңді аяласаң, аясаң ол неге кешірмесін. Жағдайларың өте қиын. Үкіметтің берген малын желге шашып, үйін ортасына түсірдің. Өзіңмен келген басқа оралмандар адам болып, ел қатарына қосылып, алдыңғысы әне, жеке кәсіппен айналысып жүр. Менің әке-шешемнің шайнап аузыңа салып берген нәрсесін жұта алмай қор болып жүрген жүрісің мынау. Не қызыңа дұрыс қарамайсың.
Сымбат: (Данагүлге таяп келіп төсегінің алдына тізерлей отырады) Данагүлжан кешірші мендей ақымақты. Сені қор қылып алдым. Мүгедек еттім. Алла Тағала қандай жаза берсе де құп аламын. Тек кешірші.
Данагүл: ( қиналып) Өліп қалсам қызымның обалы сенде болады. Тумай жатып тірі жетімнің өмірін көруде. Анасының бауырынан да искете алмадым. Омырауымның сүті далаға төгілді. Осы обалым жібермес. Осыны біл. Аға мен тәтем болмаса менің күнім не болар еді, Гүлназ апайға қарыздармын. Туғанымнан арқасын тосып, басымды сүйер адамым сенен ешқандай жақсылық көрмедім. Көз жасымды көл еттің. Ата-анамнан, туысымнан айырған да сенсің, ақыры тепкінің астына алып төсекке таңдың. Алдымда ненің күтіп тұрғанын білмейді дейсің бе, жарық күндегі дәм-тұзымның таусылатын күні таяу қалды. (айқайлай жылап) Сен маған осы өмірді уәде етіп Қазақстанға әкеліп пе едің! Менің сүйегімді осы жерде қалдыру үшін әкелдің бе? Әке-шешемді жылатып саған еріп келгенде, осылай ерте өмірмен қоштасамын деп еріп келдім бе! (Мәкен, Гүлназ, Секен қосыла жылап Данагүлді сабырлыққа шақырады. Бірақ Данагүл бар күшін салып, ентіге соңғы сөздерін айтып қалуда) Маған бақытты өмір сыйлаймын дегенің қайда! Не үшін осынша бақытсыз еттің? Сенің алдыңда, Алла Тағаланың алдына осындай азаппен өлетіндей қандай күнаға баттым? ...
Сымбат: (Данагүлді құшақтай алады. Өзі өкіріп жылауда) Данажан кешірші, мендей сорлыны кешіре көрші. Тек өлмеші. Сен өлсең, біздің де өлгеніміз ғой. Данажан сәл шыдашы, ертеңнен бастап адам боламын. Сені аяғыңнан тұрғызып, қатарыма қосамын. Емдетемін. Басым жолыңда құрбан болса да бәрін істеуге тырысамын. Қызымыз үшін аман болшы Данажан!
Мәкен: (Секен екеуі Сымбатты орнынан тұрғызады) Ол шаршап қалды балам, адам боламын дегенің жақсы. Өзің үшін де, балаң мен әйелің үшін де адам болғаның керек.
Данагүл:(қайта қозғалады, әлсіреген дауыспен) Аллай, апай, тәте мен қиналып кеттім ғой. Ай! (Қатты қиналады. Сөздерін үзіп-үзіп сөйлейді) Гүлназ апай дәмімнің таусылғаны осы болар. Сіздерге мың разымын. Маған жасаған жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын Тәте, жалғыз қызым Саяшым сіздерге аманат. Көз қырларыңызды сала жүріңіздерші...
Гүлназ: (шырылдай жылап) Данажан олай демеші, көзіңді ашшы! Мен саған ата-анаңды көрсетемін деп уәде бердім емес пе соны орындауым керек Данажан! Ертең олар да саған келеді, шыдашы, сәл шыдасаң ата-анаңды көретін боласың! (Зарлы музыка қаттырақ ойнайды. Олар Данагүлді жұлқылайды, бірақ Дананың денесі бұл кезде суып та кеткен. Оның о дүниеге кеткенін сезген Секен мен Мәкен шошына айқай салады)
Секен мен Мәкен қосарлана: Данажан!
Сымбат: Данажан! (Ол ұмтыла бергенде оны Секен ұстап қалады) Данажан! Бізді қайда тастап кеттің Данажан а-а-а! Бүйтіп берген өміріңнің...(басын қос қолдап ұстап жүгіріп шығып кетеді)
Мәкен: Гүлназ, бар үлкендерді шақырып кел. Арулап оң жаққа жатқызайық. Секен сен Сымбатты тауып алып, Данагүлді соңғы сапарға шығарып салуға кіріс. Қорадағы сиырдың семізі мен тағы бір-екі қойды қосып сойғыз. Ана ауылдың сатушысынан екі қап ұн алдыртып жеткізіп бер. Біз де бос отырмай қамдана берейік. Саяға анасын көрсетпей-ақ қояйық ол әзір кішкентай ғой, бәрібір ештемені түсінбес. Әлгі Сымбатты тауып алайық Жүріңдер. (Бәрі Данагүлді қалдырып сахнадан шығып кетеді.)
Сахнада сол көрініс. Үлкендер жердегі сырмақта малдас құрып отырса, енді бірі зыр жүгіріп ана-мынаны істеп әуреленуде. Осы кезде даладан «Бұл неғылған сұмдық Аллай» деп ойбайлаған Секен жүгіріп кіреді.
Секен: Ағалар-ай, неткен сұмдық мынау, неткен сұмдық еді. Енді қайттік. Құдай-ау, мұндайда бақытсыздық болады екен-ау.
Отырғандар өре түрегеледі. Не болғанына түсінбей жерге сылқ етіп отыра кеткен Секенге сұрақты кейіппен таңдана қарасады.
Ағалар-ау, айрылып қалдық қой, айрылып қалдым ғой. Алланың жіберген аманатын дұрыс ұстай алмай қалдым-ау, ағалар. Енді қайттім?
Бір шал: Оу, Секенжан не болды? Балалар аман ба?
Секен: Сымбат біздің үйдің қорасына барып асылып қайтыс болыпты. Ағалар, осы бір екі жасты қолыма бергенде Алланың аманатындай қабылдап едім, оларды адам ете алмадым. Екеуінен де айрылып қалғаным-ай ағалар. Енді қайттік. Қызын қайттім. Оны кімге қалдырып кетті.
Шалдар: (беттерін сыйпап Аллахуакпарларын айтады)
Мәкен: (Дауыс сала жылап кіреді де шетке отырады) Недеген бақытсыздық еді. Қазақстанға көшіп келгенде , топырақ бүркеніп жатсын дедік пе? Қай тұста қателік жібердік, ағалар?
Бір шал: Әй, қарақтарым Монғолиядан келгелі бұл балалар өздеріңнің туған балаларыңдай болып кеткенін көзіміз көрді. Ендігі жерде сабырлы болыңдар. Олардың алдына сендердің еш кінәләрің жоқ. Үкімет те көмектесті, сендер де шетке қақпадыңдар. Бірің анасындай, екіншің туған әкесіндей болдыңдар. Оған мына отырған жұрт куә. Құдайдың маңдайларына жазғаны, пешенесіне жазғаны осы жастық болса Алла тағала өзі берген жанын өзі алды. Енді оған қайран бар ма? Сабыр сақтап, туған-туысы жоқ дегізбей арулап қоюды ұйымдастырайық. Қол ұстасып Қазақстанға жас жұбай болып өткен екен Сымбат пен Данагүлді қатар жерлеп басын көтерейік. Е, Алла топырақ екеш, топырақтың өзіне тартқанын көрмеймісің! Сонау Монғолиядан бұларды киелі топырақтары тартып әкелген екен ғой.
Мәкен: Секен қаладағы балаларға хабар салайық. Гүлназ Монғолиямен хабарласамын деп ауданға кеткен. Ендігі кеп қалар. Ендеше ағалар біздер Сымбатты жерлеуді ұйымдастырайық сіздер отыра беріңіздер. (Шығып кетеді)
Секен, Мәкен кішкентай қыз баланы алдарына алып ойнатып отыр. Гүлназ дастархан жайып жүр. Гүлназ арасында көз жасын сүртіп-сүртіп қояды.
Секен: Е- дүние-ай. Қол ұстасып келген қаршадай Данагүл мен Сымбат та айналасы бес жылдың ішінде о дүниеге аттанып кете барды. Туған елінің топырағына келіп, соны жамылып жатқандарын көрмеймісің. Бейнебір сол топырақты аңсап келгендей ә? Балам, сонша таусылып жылай берме жаман болады.
Гүлназ: Аға қалай жыламаймын. Мына сәби екеш сәбидің өзі осы бос тұрған үйге келгенше жылайды да, кірген соң жылағанын қояды. Сосын жан-жағына қарап ата-анасын іздейді. Ал оның көз алдына сендер мен менен басқа ешім көрінбейді. Сол кезде осы сәби не ойлайды екен дегенде көкірегім қарс айрылады. Саяны не істейміз, аға?
Мәкен: Гүлназ, қызым сен қаланың адамысың. Барлық жетімдерге қатысты заңдылықтарды білесің. Дегенменен осыдан бес жыл бұрын мұның ата-анасын жас отау құрған кезінде қолымызға қондырып қолдан келгеннің бәрін жасаған болатынбыз. Мына Саяжан өмірге келгенде де шілдеқанасы мен туған күнін атаусыз қалдырған жоқпыз. Енді әбден қанымызға қаны сіңіп, жанымызды осы үшін үзіп беруге әзір болып отырған шақта мұны тентіретіп жетімдер үйіне қалай қоя береміз. Оған мен еш көне алмаспын. Бұл баланы тіптен сонау Монғолиядан туыстары келіп алып кетемін десе де бұл бала оларға бала болып жарытпайды. Сондықтан сендердің ақылдарыңмен Сымбат пен Данагүлдің артында қалған жалғыз ұрпақ қой. Аттарын өшірмесін. Бірақ, бала біздікі болсын. Осы жағын ойластырыңдар.
Гүлназ: (анасын құшақтай алады) Осы елдің аналарының барлығы менің анамдай болсашы. Осы ақылыңды мен де айтпақ болып отыр едім. Саяжанды біз ешкімге де ешқайда да жібере алмаймыз. Оралман бауырларымнан қалған аманатты қалайша қоя береміз а?
Секен: Біздер елімізге келіп жатқан оралмандарды Елбасынан бата алған еркесіндей көрдік. Атамекенге оралғаннан кейін оларды тек қана үкімет қана қолдауы керек дегендей селсоқтық таныттық.. Әсіресе, еліміз нарықтық қиыншылығынан тұралап тұрған кезде келгендердің тұрмыстық қиындықтарын көре тұра қол ұшын созуға енжарлық көрсеттік. Сымбат пен Данагүл келген алақандай ферманың басшысы бола тұра олардың ішкі-жан дүниесіне мән бермедім. Тек, қолымнан келгені, үкіметтің берген көмектерімен ғана шектелдім. Олардың жанын, туған жерлеріне деген сағынышын, ата-аналарына, туыстарына деген жүректерінде тұрған ащы запыранын байқамағандаймын.
Гүлназ: (әкесіне жақындайды) Иә, аға олардың жүректеріндегі кіндік-қаны тамған жерге деген сағынышын, сонда қалған әке-шеше, ағайын-туыс, дос-жаранына деген ішқұсалықтарын түсіне алмадық. Данагүлдің жан күйзелісін сезсем де, қолымнан ешқандай көмек бере алмадым. Сымбатты бәріміз қаптасақ та дұрыс жолға бағыттай алмадық. Осының бәріне тек қана осынау қиын заманды кіналағым келмейді. Есесіне Сымбаттың таза, тұнық, мөлдір, адамгершілік адами қасиетін ащы суға айырбастауға ат салысқан доссымақтарын кіналағым келеді.
Мәкен: (қолындағы кішкене қызды кеудесіне басып) Біз ешкімді де кіналауға құқымыз жоқ секілді балам. Бірақ, Данагүл мен Сымбаттың тағдырын көз алдымызда өткіздік.
Олардың Қазақстанға келіп, жаңа отау боламыз, ұрпақ өсіріп тәрбиелеп елімізге өз үлесімізді қосамыз деген ақ армандарын ұштастыруларына септігімізді тигізе алмағанымызға өкінемін. Бірақ, тау көрмей етек түріп, су көрмей етік шешіп, өзінің қырсыздығынан басқаларды бақытсыз етіп, жақсы әдетке емес, жаман әдетке еліктеп, төрдегі басын есікке сүйреп, жақсының жақсылығын түсінбей жаудай көріп, өзінен-өзі оқшауланып кеткендер аз ба балам!
Гүлназ: Иә, аз емес. Бірақ өз елінде өзін-өзі жат адамдардай ұстамай, «Елім менің аңсаған!» деп аңсап, шөлдеп келгенде бастарын тік ұстап «Менің елім Қазақстан!» дегенді ауыздарын толтыра айтып, қолдарындағы көк байрағын тік көтерсе біз неге қандастарымыздың туын көтеріп, жақтамасқа, оларға қол ұшын бермеске! Өйткені біздер бір ғана «қазақ» деген ұлттың балалары емеспіз бе?!
Секен, Мәкен, Гүлназ баланы көтерген қалыптарында кері шегінеді. Бұл кезде сахна өзгеріп, артқы жағына Астананың әсем суреті көтеріледі. Оның бер жағында экраннан мойнына көк галустук байлаған бір топ оқушылардың Астананың әсем көркін тамашалап жүрген бейнесі көрсетіледі.
Диктордың дауысы: Осыдан он сегіз жыл бұрын атамекендерінің табалдырығын алғаш аттаған қандас ағайындарымыздың Қазақстанда туылған балаларының алды он сегізде. Солардың бірі Монғолиядан көшіп келіп, Тарбағатай тауының етегінен пана тауып, алайда тағдыр тауқыметінің сынағына шыдай алмай шорт сынған екі жас Данагүл мен Сымбаттың қыздары Сая да он алтыға толды. Оралман аманатын далаға тастамай өз балаларындай бауырына басқан Секен мен Мәкеннің жылы ұясынан орын тепті. Отанының адал перзенті болуды армандаған кішкентай Сая оқуын үздік оқып, Астанадағы мектепаралық олимпиадаларға қатысып, өзінің қандай алғыр екендігін дәлелдеді. Ол олимпиада жүлдегері атанды.
Тақтадан Саяның мінбеден сөйлеп тұрған кезі көрсетіледі.
Сая: Менің ата-анам Монғолия жерінен көшіп келген оралман болғаныменен Қазақстанда туып, осында өстім. Ешқашан оралман деген атақты алмайтыныма сенімдімін. Өйткені менің отаным біреу-ақ, ол- Қазақстан Республикасы. Өзіме бүгінгі жеңісімді әперген білім ордам мен туған жерім Қазақстанымды мақтанышпен айтып, Отаным үшін бойымдағы барлық күш-қуатымды жұмсамақпын. Мен болашақта дәрігер болуды мақсат еттім. Сол дәрігерлік арманым орындалып елімнің елеулісі, халқымның қалаулы қыздарының бірі болатыныма сенемін. Ол үшін менің Отанымда барлық мүмкіншіліктер жасалынған. Қасымдағы достарыма, ауылдағы жерлестеріме айтарым бізден Елбасымыз үлкен үміт күтеді. Отан біздің болашағымызға сенеді. Демек, қолда бардың қадірін біліп, қастерлейік. Ана тілімізде сөйлеп, «иншалла» деген сөзді ұмытпайық. Барымыз ата-анамыздың, жоғымыз «Отан-анамыздың қадірін бағалайық! Бүгінгі жеткен жетістігім мен мынау аты әлемге жайылып, төрт құбылаға есігін айқара ашқан әсем Астананың көшелерінде басымды тік ұстап, келе жатқаным ол-Отан-анамның жетістігі. Сондықтан да өзімнің Қазақстан Республикасының азаматы болғанымды бақыт санаймын. (Ол қолын кеудесіне қояды. Алыстан «Менің Қазақстаным» гимні айтылып жатыр. Отырған халық та орнынан көтеріліп гимнді айтады.)
Шымылдық жабылады.
Соңы.