Бұралаң заман
Осы еңбегімді белгілі ғалым Бүркітбай АЯҒАНҒА арнадым
Автор
ДАЛАДА
Айқын сағатына қараса екіден он минөт өткен екен, сабақтың аяқталуына бес-ақ минөт қалыпты, ендеше бәрін тұжырса да болады. Дауысын төмендетіп: –Солай, қазақ хандығы ХV ғасырда Орталық Азияда туысқан түркі тайпаларын біріктірген алғашқы мемлекет ретінде құрылды, оның бергі тарихын келесі сабақтарда айтатын боламыз. Ал қане, сұрақтарың бар ма? – деп сыныпқа қарап еді, қыбырлап-жыбырлап орындарынан тұруға ыңғайлана бастаған балалардың ешқайсынан белсенділік көре қоймады, бәрі де қоңырауды асыға күтіп, есікке алаңдап қалыпты. Алдыңғы партада отырған Сәния да қағаздарын жиыстыра бастаған. Үстіндегі қытайдың арзан матасынан тігілген көйлегін жөндеп, етегін төменге тартып, жазып қойды. Бырысып қалатын арзан мата «көн тартылса қалыбына барады» дегендей қайтадан тырысып жатыр.
Мектептің талайды көрген ескі парталарының сыры көшіп, сыны тозған. Орындықтары да көп қолдың көп жөндеуін көріп, қағылған шегелердің үңірейген орындарынан сау жері жоқ. Сынып қабырғалары да мені қашан ақтайсыңдар дегендей әр жерінің қара, көк дақтарын қотыр ешкідей айқындап тұр. Бұрыш-бұрыштағы қыстың сызынан қалған көкшіл дақтар тұтасып, бөлменің онсыз да ауыр халін баса түскен.
Көп тосқанда аз уақыттың өзі созылып кетеді емес пе, дегбірі қашқан балалардың шыдамдарын сынағандай болып, ол да желсіз аспандағы зілмәуір бұлттай жылжымай қойды. Сыныптағы тоғыз баланың бәрінде дерлік сағат бар, оған қайта-қайта қарап қозғалақтап, тұруға ыңғайлана бастағандар іштерінен қоңырау түймешесін басуға асықпай, ырғалып, жай басып баратын Зикамал апаларын сөгіп отырғандай. Осы кезде ғана электр қоңырау да шар ете қалды. Сабақтың аяқталғанына бәрі де бір сәт қуанып, орындарынан дүркірей көтерілді.
–Ал жақсы, балалар, қош-сау болыңдар, – деп мұғалім Айқын да орнынан тұрды.
Мезгіл көктем еді. Терезеден шуағын мол түсіріп тұратын күн бөлме ішін ысытып, онсыз да тымырсық болып тұратын ауаны қапырық қылып, әбден ауырлатып жіберген. Бөлмені тазартып, таза ауа енгізуге болатын желдеткіш мұнда жоқ. Терезелердің жақтаулары күн күйдіріп тұрса да жабағы күпісін жарбитып үстінен тастамайтын баяғының жалбыр тымақ қойшыларынша әлі күнге қысқы пленкалармен қымталған күйінде мызғымай тұр. Іші ысып кеткен тыншу бөлмеде балалардың бәрінің көзіне ұйқы тығылып әзер отырған. Қоңырауға жеткенде өре түрегеліп, есіктен ата жөнелгені сол.
Айқынның ауыл мектебіне мұғалім болып орналасқанына биыл бір жыл ғана болды. Облыс орталығындағы педагогикалық институтты былтыр бітіріп келген. Алғашында осы жұмысқа тұрғанына мәз болып еді, енді алаң көңілі далаң болып, қаңырап қалған ауылда көшкен елдің жұртында қалғандай сезініп, қалаға кеткісі келіп жүр. Қазір мұнда өзі теңді жастар жоқ, бір кезде қызуы қазандай қайнап жататын кешкі тірлік тып-типыл. Жергілікті өкіметтен әл кеткенде өзге емес өзін ғана ойлайтын ауылдастары қаңырап қалған клубтың жөндемді дүниесінің бәрін жау шапқандай жоқ қылып, «атаңды жау шапса – қоса шаптың» керін қылып, талап алған. Қазір оның сырлы есігін, терезе көсегесін, кірпіштерінің қалдығын әркімнің ауласынан бір көріп, жүрегің қан жылайды.
Ауылдағы ағайынның көбі тұрмыс талқысымен басқа жерлерге көшіп жатыр. Біразы қалаға, біразы қала маңына барып, қоныстануда. Бұрынғы қаптай қонған үйлер жоқ, арасына алапес кіргендей әр бұрышта екі-үш қорадан ғана қалып, көше атаулы жетімдік күйін кешіп тұр.
Елде мал өсіргенімен бала оқыту, басқа күнкөріс қиын, қарап отырғаны алдындағы үш-төрт қарасы ғана. Оның етін де ойлаған бағасына өткізе алмай, «еңбегі еш, тұзы сор» болып, алыпсатардың жемсауына түсіп кетеді. Сөйтіп, көзінен таса қылмай мәпелеп өсірген, балықтай жүйткитін қоңды малының құны мақтағанда бір тәуір сулыққа ғана жетіп, аузы аңқиып қала береді.
Өкіметтен майлығына болмаса да шайлығына жетерлік табыс табатын ауылдағы мұғалімдер ғана. Айқын соның бірі. Кейбіреулер мұның тірлігіне қызыға қарайды. Жалақы алып, табыс тапқанына әке-шешесі де мәз, бірақ жігіттің көңілі самарқау тірлікті місе тұтар емес. Кеш болса жас денесі елегізіп, делебесі қозып, көңілі алағызып, бір жаққа шығып, қыдырып кеткісі келеді. Қайда барарын білмеген соң есік алдына шығып итін жүгіртіп, оған ағаш лақтырып, әкелдіріп, соны ермек қылады. Алайда елеуреп, еліккен көңілін басар алданыш бұл емес.
Үйге кіргендегі ермегі әке-шешесінің қасына отырып, тележәшікке үңілу. Оның да қазір жарнамасы көбейген, көріп отырған қызығыңды ортасынан шорт үзіп, көңіліңді суытып тастайды. Интернет бұл ауылда жалғыз мектепте ғана бар.
Соңғы кезде жастықтың жалауын желбіреткен көктем ерік алдына қояр емес. Жаз шығып, оқу жылы аяқталған соң жұрттың бәрінің делебесін қоздырып жатқан Астанаға бұл да ат басын түземекші. Әйтпесе, көшкен елдің жұртында қалғандай болып, ауылда жалғыз өзі сопиып қалай отырсын.
Сыныптастарынан қалған жалғыз Қорабай ғана, оның амалы жоқ, шешесі қайтыс болған соң қолына кәрі әкесі қарап қалған, содан аяғы тұсалып, амалсыз отыр. Оның үстіне құлағының мүкістігінен жасқанып, алысқа ұзай алмайды. Қыз апалары тегіс күйеуге кеткен. Жасы жиырма екіге жаңа толса да әкесінің қалауымен үйіне бір шүйкебас енгізіп, үйленуді ойлап жүр. Басқа арманы жоқ, кездесе қалса айтатын әңгімесі де сол. Мектепті зорға бітірген еді, енді әкесінің зейнетақысы мен қорасындағы 3-4 қараның табысын қанағат тұтып, өмір сүрмекші. Айқын мұндайға қанағаттанбайды, қаруының барында қауқар қылып, мал тапқысы келеді. Жұрт қатарлы жақсы жерде тұрып, жайлы тұрмысты көргісі келеді. Әрине, анасы мұны алысқа жібергісі жоқ, оқу бітірдің, жұмысың бар, енді бір келіншек алып, ауылда тұра бер, сен біздің кенжемізсің, осы қара шаңыраққа ие болып, әке-шешеңді асырауың керек деген сөзді қысқа күнде қырық рет айтып, құлағына құйып жүр. Айқыннан үлкен екі ағасы да ауылда тұрмайды, бір ағасы облыс орталығында дыңдай мемлекеттік қызметкер. Былтыр коттедж тұрғызып алды. Екінші ағасы Айдынның шағын бизнесі бар, өздігінен талпынып мата мен жүннен жасалған дүниелерді химиялық ерітінділермен тазалайтын цех ашқан, қазір соның жұмысымен жан таппай, қашан көрсең зырылдап жүргені. Ауылға келе қалса кетуге асығып, сағатына көп қарап, зерігіп, жаны дызалақтап бітеді. Мектепті осы шаңырақтағы балалардың ішінде төмендеу оқығаны сол болса да әйтеуір қалада қатарға ілегіп, өздігінен мал тауып жүргеніне туысқандарының бәрі мәз. Әкесі мен шешесі бала кезінде түрлі қияңқылығына орай көбінесе осыған ұрсып, осыған ғана көп ақыл айтушы еді, қазір соны ғана мақтап, соны ғана дардитып, ауыздарынан тастамайды. Ал үлкен ағасы Айбынды айтқанда әлденеден қысылып, тіл-көз тиіп кететіндей сақтықпен сөйлейді. Соған қарай анау да күннен-күнге шалқып барады. Соңғы келгенде тіпті, бұрын ешкімде көрмеген жаңа маркалы «Джиппен» келді. Айқын оның бағасын интернеттен көріп алған, су жаңасы 100 мың доллардан артық... Жұрттың өңі түгіл түсіне енбейтін соншама көп ақшаны бұл жігіттің қайдан алатынын бәрі де іштей сезеді, сол желеумен оның күннен-күнге байып бара жатқанына қуаныштан гөрі үреймен қарайды.
Қазір ауыл адамдарының да көзі ашық, теледидардан ұсталып жатқан жебір шенеуніктердің талайын көрген. Қолы бос ауылдықтар солар туралы хабарларды үзбей қарап отырады да ертесіне гүж-гүж әңгіменің арқауына айналдырады. Құрыққа сырық жалғап, естігендеріне қиялдары жеткенінше қосақ тіркеп, қолдарымен ұстағандай көпіртіп жүретіндер де бар.
Қандай үлкен қызметтерде істеп, абыройы аспанға жетіп, ту десе түкірігі жерге түспейтіндердің талайы жегені желкесінен шығып, аяғы аспаннан келіп жатқанын көрсетті. Әрқайсысы 10-15 жылдан сотталып, мал-мүлкі де тәркіленіп жатқандары қаншама? Сондайды көріп отырып әкесінің қатты күрсініп қалатынын да талай рет көрді. Бірақ ана жігіттің ойына ештеңе кіріп шықпайды, байлығының буына қарадай мас болып, өктем сөйлейтін болып барады. Келген сайын бұған ақыл айтып, өзінің артықтығын, өмірінің жарқындығын астамшылықпен жеткізіп кетеді. Мектепті орташа бітірсе де әскерден келген соң дайындық курсында оқып, жоғары оқу орнына ілдебайлап зорға түскен еді. Әйтеуір бағы жанып, жақсы жерден келіншек алды, жақсы жолдастары болды, солардың көмегімен жақсы қызметтерге тұрып кетті. Қазір экономика ғылымдарының кандидаты, салық департаменті бөлімінің дыңдай бастығы. Рұқсатнама қағаздарын, лицензия берумен айналысатын қызметтің құлағын ұстап отыр. Еңбекақысы да жоғары екен, Айқыннан төрт-бес есе артық алады. Бірақ соның өзімен де мұнша байлық жинап алу мүмкін емес екенін Айқын біледі.
Қымбат қызыл кірпіштен өрілген, сауна, бассейні бар үш қабатты коттедж салуға, бағасы удай қымбат машина алуға, үй қызметіне 2-3 адамды ұстауға мұның таза табысы ішпей-жемей жинағанның өзінде ешқашан жетпес еді. Осыны білетін үй-іші оның елді алып, Еділді алып бара жатқан қадамдарына үрке қарайды, біреу-міреу оны мақтай бастаса – басқа сөзге айналдырып, бұрып әкетуге тырысады. Ауылға бір келгенінде әкесіне де қызыл кірпіштен өрілген зәулім үй салдырып беруді мәслихат еткен. Әкесі одан ат-тонын ала қашты, шешесі де көзге шыққан сүйелдей болармыз деп шошынып қалды.
Айқын үйдегі үш ұл, екі қыздың бәрінен де жақсы оқыды. Жасынан жақсы атқа ілекті, оның үстіне үйдің кенжесі, үлпілдеткен бала болып, аға-апаларына еркетотай, еркін сөйлейтін бұла болып өскен. Әрі жақсы оқып, зирек болған соң да оның алдында үлкендері именіп тұратын. Мектепті бітірген бойында облыс орталығындағы пединституттың тарих факультетіне еркін түсіп, ақы-пұлсыз оқып шықты. Қазір үйдің бес баласынан ауылда қалғаны жалғыз өзі ғана болып отыр. Қыздар да қалалы жерлерде, тұрмыста. Анасының кенже ұлының қолда болғанын қалап жүргені сол.
Айқын сабақтан келген соң кей күндері үйдегі жан мен малға алыстағы құдыққа ат жегіп барып, су алып келеді. Ал қорадағы 3-4 қара мен қой-ешкіні жайлау әкесінен де артылмайды. Содан басқа жігіттің бар ермегі - телевизор. Бұрын кітап оқушы еді, қазір қызық кітап та таппай қалды. Қолына түскеннің бәрі татымсыз, арзан дүниелер. Ал телевизордан көретін барлық қызық – жаңа қалада. Қазақтың барлық жастары сонда жүрген сияқты. Күнде бүйірі қызып, мен де қашан жетер екенмін деп бұл жүр.
–Келдің бе, қарағым, – деп анасы қай күнгідей бүгін де сабақтан келген мұны құрақ ұшып қарсы алып, ас қамына кірісіп жатыр. Күнделікті жанашырлық болған соң Айқынның еті өліп кеткен, анасының сөздеріне мән бермей, сырт киімдерін шеше бастады.
Баласының қасынан ұзай алмай сипақтап тұрған шешесі ішіне сыйдыра алмай тұрған хабарын да айтып салды.
–Естідің бе, қалқам, Қорабай құрдасың Көкталға келіншек әкелуге кетіпті.
Бұл хабарға Айқын елең етті. Осыдан 2-3 күн бұрын кездескендерінде ондайын айтпаған еді, үндемей қатырмақ болғанын қарашы қудың деп құрдасын ішінен сөгіп қойды.
–Е, дұрыс бопты. Кімнің қызы екен, маған ештеңе айтпап еді, – деп анасының жаңалықтарын көбірек білмек болып жатыр.
–Көкталда Роза апасы тұрады ғой, сол көздестірсе керек. Біреудің күйеуден шыққан қызы дейді...
Е, бәсе, Қорабайға не қылған дұрыс қыз кездесуші еді, әйтеуір әкесінің шәйін құйып беретін біреуді тапқан екен ғой деген ойын ішінен түйген Айқын аңтарылып қалған күйінен арылып, киімдерін шеше бастады. Мектепке киетін киімдерін шифонердің ішінен алған ілгіштерге қатарлап іліп, үйде киетін жеңіл киімдерін алып жатыр.
Баласының көңілі пәс болып қалғанын сезіп қалған анасы:
–Күйеуден шықса қайтушы еді? Екеуі жарасып кетсе болды да... Қорабай да жуас бала ғой... Байғұстың бағы жансын, – деп жуып-шайып жатыр.
Айқын үндемеді. Оның ойын Құсни кемпірдің қораның төбесіне шығып алып, қалта телефонымен айғайлап сөйлесіп жатқан дауысы бөліп жіберді. Күлмесіңе қоймайтын көрініс. Айғайламаса естімей қалатындай көріп, бүкіл ауылға естіртіп күнде осылай бажылдап жатқаны...
–Ертең әкеңді қарсы ал. Ауылдың автобусымен май-қаймақ апарады. Әнеугі әйелдерге өткізерсіңдер, ақшасын әкеңе дәл кетерде ғана бер, әңгүдік неме ішіп қойып жүрер...
Осы Құсни кемпір қалтафонды алғаш көргенде шошынып, жарадай көргені бар. Арғы көшедегі Смайылдың қалада жұмыс істейтін қара баласы ауылға алғаш рет әкеліп, басқа жер желісін ұстамайтын болған соң қораның төбесіне шығып сөйлесіп жатқан ғой. Оны сол жерден сиырын айдап, өтіп бара жатқан Құсни көріп қалыпты. Қораның төбесінде өзімен өзі сөйлесіп, біресе күліп, біресе біреуді сөгіп тұрған Ерланды бірдеңе соғып кеткен екен деп ойлап, көзі бақырайып кеткен кемпір көргенін айтып, сол бойы бүкіл ауылды ақтап шығады. Жұрттың бәрі Ерланның соңғы кездегі қылықтарын, айтқан сөздерін еске алып, оның бәрінен есі ауысқан адамның белгісін тауып, жағаларын ұстайды. Ертесіне Ерланды көрсе барлық ауылдастары шошынып, жақындауға жасқанып, дегбірлері қашады. Бұдан бірдеңені сезген Ерлан төбеге шығып өзімен өзі сөйлескеннің мәнісін жұртқа зорға түсіндіреді.
Сөйткен қалтафонды қазір Құсни кемпірдің өзі қалтасынан тастамай, керек болып қалғанда сатыны қораға сүйей салып, жоғарыға өрмелеп бара жатқанын көресің.
Айқын көңілсіз мырс етті. Анасының жазылып жастық, иіліп төсек болып жасап жатқан ілтипатын да, берген тамағын да теледидарға қарап отырып, аса құмартпай, салғырт ішті. Оқу бітуге екі апта қалды, аяқталған бойында өтінішін беруді ойлап қойған. Директор мұның кететінінен бейхабар, биыл жазда оқушылармен болатын демалыс шараларын өткізуге жазып қойыпты. Әлі, кетпейсің деп сол кедергі жасап жүрмесе болды. Басқа ештеңеге қарайлайтын шамасы жоқ.
Баласының қас-қабағынан оның көңілсіз екенін сезіп тұрған анасы алаңдап, қайтып көңілдендіруді білмей бәйек болып жатыр.
–Жазғы демалысыңда Айдын ағаңның үйіне барып қайт, отын-шөбіне көмектесіп қиналады дейтін емес, қыдырып, бой жазып қайтасың... Бірге оқыған жолдастарыңды тауып, бәлки бір... қыз-мызға кездесіп қаларсың. Жастардың бәрі қазір қалада ғой.
–Қойшы, апа...
–Не қойшысы бар, енді... Оқуыңды бітірдің... қызметің бар, енді қолымызды ұзартып бір шөпжелкені кіргізіп берсең несі бар? Жұрттың өзіңдей балалары үйленіп жатыр ғой, әне...
–Жаспын дедім ғой, әлі...
–Қайдағы жассың... Жиырма екіден астың, «болар бала жиырмасында баспын дер, болмас бала жиырма бесте жаспын дер» демекші, өзің бір жасық болмасаң игі еді...
–Қайра, қайрай түс. Бәрібір сенің айтқаның болмайды. Адамша өмір көрмей жатып, отбасының шырғалаңына шырмалар жайым жоқ. Үйлену ешқайда қашпайды, біраз қыдырыстап, өзгелер қатарлы өмір көремін. Әлден үйге қамалып, не болыпты сонша? Өзімнің бағымды сынаймын, Астанаға барып жұмысқа тұрамын, магистратураға түсуге тырысамын.
–Жұрт сен бітірген институтты да бітірмей өмір сүріп жүр ғой. Қайтесің оқи беріп... Оқудың түбіне ешкім жеткен жоқ. Одан да жұрт қатарлы үйленіп, сәби сүйсең, ертең балаң өзіңмен бірдей өседі.
Айқын шешесімен бұдан әрі салғыласқысы келмей, телевизордың антеннасын түзетуді сылтауратып орнынан тұрып кетті.
* * *
Ертесіне Қорабай шынымен бір келіншекті алып келді. Онысы көздері жәудіреп тұрған, үлбіреген бір жан екен. Айқын алдымен барып амандасып, құрдасының аузының салымына таң қалды, күлкісі қандай шіркіннің, аппақ тістерін көрсетіп, езу тартқанда ішіңді қыж-қыж қайнатады. Апырмай, мына Қорабай иттің жолы болғышына не берерсің? Айқын ішінен келіншекті қызғанып қалды.
...Қауырт дайындықтары болмаса да Қорабайдың тойы біршама қызықты өтті. Алыс-жақыннан бірге оқыған жолдастары, сыныптастары тегіс келіпті. Айқын көптен көрмеген құрбы-құрдастарын көріп бір жасап қалды. Бәрі де Айқынның әлі күнге ауылда жүргеніне таңырқап, «онсыз да үркейін деп тұрған жылқыға жапырақ шашсаң не зорық» демекші жігіттің ауылдан кеткісі келіп қопаңдап жүрген көңілін тіпті желпілдетіп кетті. Ауылда жүргенде кеше ғана бұйығы боп жүретін құрдастары ысылып, барлық нәрседен хабардар, барлық жаңалықты көрген, естіген болып шыққанына бұл да әбден қызыққан. Тіпті өзді-өзі бұл біле бермейтін бір қызықтарды да әңгімелеп кетеді. Соның бәрі тең құрбысынан озық болып өскен жігіттің өзімшілдеу көңілін шоқтай қариды.
Бірге өскен құрдастарымен алаңсыз қызықтаған көктемнің қызулы шағындағы шағын той жас жүректің тамашаға, күлкіге ынтық алаң күйіне аяусыз от тастап, жаман елеуретті. Түні бойы билеп, ойнап-күлген жастар таң атып қалса да бірін-бірі қимай, айырылысарда ұзақ әңгімелері таусылмай, көп уақыт тарай алмады.
...Оқу жылы аяқталуға бір апта қалғанда Айқын директорға өзінің кететінін айтып, арызын берген. Былтыр өзін зорға қабылдаған Есболат ағасы мұның шұғыл шешімін көргенде шоршып түсті.
-Балам-ау, сен былтыр ешқайда қозғалмай жұмыс істеймін деп уәде берген едің ғой. Мұның қалай? Мектеп саған ойыншық па?
-Ағай, мен магистратураға баруым керек, жас күнімде оқып алғаным дұрыс қой. Бакалавр деген бұрынғы техникумның деңгейіндегі ғана білім...
- Е, сырттай оқы, міндетті түрде күндізгі бөлімге бару керек емес қой. Әзірге сырттай оқытатын бөлімдер бар емес пе?
- Жоқ, ағай, мен келісіп қойдым, қаладағы ағам көмектесемін деген... Биыл түспесем болмайды, ендігі жылы жабылып қалуы мүмкін дейді...
«Қаладағы ағам» деген сөздің құдіреті Есболат ағайға қаттырақ әсер еткені көрініп тұр. Ол салғыласуды дереу доғарып, белден соққандай сылқ етіп, ойланып қалды. Жаңа ғана алдынан кері сырған өтінішті өзіне жақындатып, сөздеріне үңіле қалды. Қолындағы қаламын да үстелге қаттырақ тықылдатып, ауыр ойларға шомып кеткендей.
Бүкіл ауыл Жарасбектің салық комитетіндегі «керемет жұмыста» істейтін баласын жақсы біледі. Оның шылқыған бай екендігін, үйінде жалшы ұстайтынын, тіпті жеке күзетшілері де бар екенін айтып ауыл аңыз қылатын. Осы ауданның әкімі де оның алдында құрдай жорғалап, «Әйекелеп» асты-үстіне түсіп жатқанын бір үлкен жиналыста көріп қалған.
Сондай құдіретті ағаның беделі көлденең тартылған соң қоя ма, жаңа ғана жонын күдірейтіп, жалына қол апартпай отырған директор жасқаншақтап, именшек дауысқа түсе қалды.
-Ә... әрине, ондай болса оқып алғаның дұрыс екен... Қап, енді... Мындағы іні-қарындастарың өзіңе үйреніп қалып еді... Қаншама қоғамдық жұмыстарға бас болдың... Қап... Амал қанша... бар, бара ғой, оқи ғой, - деп ол шын қиналған түр көрсетіп, арызына қол қойып берді.
Қулығын асырғанына қуанып кеткен Айқын директордың бөлмесінен тазысы түлкі алған жас аңшыдай шаттанып шықты. Сол қутыңдаған күйі арызын өз қолымен хатшы қызға беріп, бұйрық шығартып алды да, онысын бухгалтерге апарып, жұмыстан шығарардағы толық есеп айырысуын жасатуға берді. Жол бойы кездескен қызметтестері Айқынның бүгін қыз қойнынан шыққандай елден ерекше мәз екеніне назар аударып жатыр. Бірақ олардың әзілдері мен өзін әңгімеге тартқысы келген күйлеріне қарауға жас жігіттің зауқы жоқ еді.
Сол күйімен үйіне келгенде баласының қуанышты жүзін көрген анасы бірден секем алып қалды.
-Көңілдісің ғой... Бір қуанышты хабар бар ма?
-Иә, апа... Директор арызыма қол қойып берді. Жұмыстан шығатын болдым...
Анасының аузына сөз түспей қалды. Түрі де қуарыңқырап, қаны қашып, анадай жерде тұрған орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Айқын анасының кәрілікке бет алған келбетін нақ осы жерде ғана көргендей болды. Бетін алғашқы әжімнің салқыны шарпып, қыртыс сызықтар да түсе бастапты.
-Е... қарағым-ай, анаңның сөзін құлағыңа да ілмедің-ау... Қайтейін... шіркін...
-Апа, мен айттым ғой саған... Жападан-жалғыз өзім ауылда қалай қалмақпын? Барлық кластастарым шетте жүр. Ауылда 2-3 алқаштан басқа мен құралпы ешқандай жас та жоқ. Кіммен сөйлесіп, кіммен ойнап-күлемін... Өзің көріп жүрсің ғой бәрін де...
-Ал біз ше? Бізді кімге тастайсың? Біз саған сеніп басқа баланың бәрін қалаға жібердік емес пе?
-Сендер әзір қартайып тұрған жоқсыңдар ғой. Әкем алпыс беске енді келеді. Сен де алпыстан жаңа ғана астың... Қартайып қалсаңдар, ауру-сырқаулы болсаңдар... келеміз ғой біріміз. Немесе сендерді де қалаға әкетерміз.
-Әкең ауылдан ешқайда бармаймын деп отыр емес пе? Өлсем де өз ауылымда боламын дейді ғой ол. Оны қалай әкетесің? Ата-бабасының, әке-шешесінің туған жерінен кетіп ол ешқайда бармайды.
-Жұрттың бәрі кетіп жатыр ғой. Ешкім де туған жерін қалтасына салып жүрген жоқ. Қазақстанның барлық жері де біздікі қазір. Бәрі де туған жер. Жұрт қазір өз еліміз түгіл шетелге де кетіп жатыр емес пе?
-Кетсе... қызметі барлар, оқуы барлар кетіп жатыр. Өмір бойы ауылдан шығып көрмеген әкеңе қайда бар демексің?
Екеуінің салғыласуын ауызғы бөлмеге енген Жарасбектің дабыры тоқтатып тастады. Шешесі қолына шәйнегін ұстап, ас қамдауға кірісті, Айқын төргі бөлмеге өтіп, әкесімен болатын ауыр әңгімеге іштей дайындалуға кірісті.
Жарасбек кезінде ауылшаруашылығы техникумын сырттай бітіріп, ұзақ жылдар бойы ауылдағы басқарушының бірі болған, біршама білікті жан. Газет-журналдар мен теледидардың салмақты хабарларын босатпай, оны және ауылдастарына әңгіме қылып, өзінше топшылап, саясат соғатыны да бар. Айқын онымен сөз таласында талай рет ұтылып қалып, өзінің өресі әкесінен әлдеқайда тайыз екеніне көзі жеткен. Онымен болатын алдағы ауыр сөздерде ұтылып қалмас жағын ойлап, қорғалақтап отырғаны сол.
Қолына «Жұлдыз» журналының соңғы нөмірін ұстап отырғанымен ойы мүлде басқада. Әкесін өз ісінің дұрыстығына қалай мойындата алады? Жастардан қалмаймын, жалғыз өзім ауылда не істеймін деген сөздерді ол балалыққа балап, бойына дарытпасы белгілі. Оқуың бар, қызметің бар, өзіңе қарап, ертең бағады деп отырған кәртәміш әке-шешең бар – қайда бармақсың деген сөзді әкесі шешесіне қарағанда жүз батпан ауыр салмақпен айтары хақ. Тіпті тереңнен толғап біз сендерді алақанымызға салып, не үшін өсірдік? Ертең қартайғанда бір көмек қылар, қолымызды жылы суға малар деген дәмем қайда? Өсіп алған соң қоянның көжектерінше бытырап, әке-шешеңді тастап, өз беттеріңмен кету деген қайдан шыққан? Ата-бабамның жолы осылай ма еді? Барлық тірнектеп жиғанымды, қалған өмірімнің бар арманын бір өзіңе балап, үкілеп отырған үмітімнің күйгені ме?
Айқын тіксініп қалды. Апырау, осы сөздерді осы уақытқа дейін не қылып ойламағанмын? Бәрі шындық екен-ау, сонда не істемекпін? Әлде... Мектепке барып, өтінішімді қайта алайын ба? Жо-жоқ... Ол болмайды. Қайнап жатқан қызу өмір жан-жағымда лапылдап жатқанда ешқайда шықпай, теледидарға телміріп қалмақпын ба? Кешегі жігіттердің әңгімесі қандай? Бұрынғы дискотека деген де қазір түк емес дейді. Қазіргі өмірді қызықтағың келсе күнде той. Қыздармен кафе-ресторандарға жиі барып тұрамыз... Көңіл көтеретін орталықтар, дискотека, түнгі клубтар самсап тұр. Бірінен бірі өтеді. «Думан», «Хан шатыр» дей ме, әйтеуір қызықтарын айтып тауысу мүмкін емес. Одан... Кешке боулдинг ойнаймыз, бильярдқа барамыз, фитнесте жаттығамыз, саунаға түсеміз... деп шұбыртқанда аузың ашылып, көзің жұмылады. Ал бұл ше... Күнде кешкісін кемпір мен шалдың қасында телміріп теледидар қарайды. Жұрттың бәрі өмірді қызу кешіп, қызық көріп жүргенде бұл кембағал жандарша соны тек қарап жатуы керек пе? Көретін бар қызығы сол ма? Тым болмаса ауылда бір мезгіл барып, сергіп қайтатын клуб та жоқ. Тіпті кешке әңгімелесіп, карта ойнап, көңіл көтеретін құрбы-құрдастар да қалмаған. Жалғыз жолдасы Қорабай еді, оның өзі де үйленіп алған соң ештеңені керек қылмай, кеш болса шамдарын тезірек өшіріп, ұйқыға кететін болыпты...
Енді не істеймін, кетпегенде? Институтта оқып жүргенде Айқынның Гүлдерай деген сүйкімді қызбен сөзі болған. Бірақ үйлену туралы әңгімеге екеуі де бара қойған жоқ-ты. Томпиған, бір көрмеге тартымды қыз еді. Сол байғұс ауылына барған еді, бір жігіт алып қашып, тұрмыс құрып кетіпті. Тым болмаса соның басы бос болса, мүмкін үйленуді ойланар ма еді, қайтер еді... Одан басқа қызды да білмейді. Ауылда да үйленетін қыз қалмаған.
Айқынның ойын әкесінің жөткірінген дыбысы бөлді. Шешесінің күйінішті сыбырмен суылдай шыққан дауысы үзік-үзік естіліп жатыр еді, әкесіне барлық жайды жеткізген секілді.
-Кел, тамағыңды іш, - деді шешесі төргі үйге басын сұғып. Айқын қандай дауылға болса да шыдармын деген ниетпен шақарланған бала қоразша қоқиланып, асүйге келді.
Әкесі әңгімені бірден бастаған жоқ. Алдына қойылған ыстық асты ақырын іше бастады. Ойы мүлде басқа жақта екендігі көрініп тұр, қол астындағы нанды да көрмей, ортаға қойылған нансалғышқа қайтадан қол созып жатыр. Асау баланың арынын қалай басып, айтқаныма қайтып көндіремін дегенді қатты ойланып қалғандай. Шешесі де үнсіз. Тек қолына ұстаған заттарын үстелге дүрс-дүрс қоюды ғана біледі. Ар жағында тепсініп тұрған долы ашу бар.
-Е, сөйтіп... кетемін де... - деді көп уақыттан соң әкесі. Ешкім үн қатпады, біраз отырған соң әкесінің өзі:
–Бар, бар, жолың болсын... Сені қалай арқандап ұстап отырайын...
Әкенің үнінен шарасыздықтың күйінішті лебі есіп тұр. Қалай десе де бұл Айқынның да, шешесі Күлмәштің де күтпеген жауабы еді. Кекесінмен айтып отырма деп көзінің астымен барлап қарап еді, шыны солай сияқты. Бірақ шешесі шыдай алмай долданып кетті.
-Бар дегені несі балаға? Бізді тастап қайда кетеді?
-Е, немене, осыған қарап қалдың ба? Жұрт қатарлы отырармыз бірдеме қылып. Әзірге сіңірімізге сүйеніп, қартайып тұрған жоқпыз ғой... Барсын, көрсін ел-жұртты... Мұны қамаудағы кісідей қалай арқандап отырмақсың...
-Ойбай-ау, әкесі, есің дұрыс па? Қамаудағы кісідей деп үйді түрмеге теңегені несі?
-Саған түрме болмаса да бұған түрме сияқты. Жападан жалғыз қалай отырмақ кемпір-шалдың жанында қамалып...
Айқын әкесінен мұндай сөздер естірмін деп күтпеген еді. Қайран әке, үндемегенімен мұның бар күйін танып жүреді екен-ау... Айқын оның ағы молайып келе жатқан самайына, сынық жүзіне сүйсіне қарады.
Өзінің осыншалықты дана әкесінің бар екеніне бір сәт тоқмейілсіп те қалды.
* * *
Осы әңгімеден соң жарты айдай өткенде Айқын үлкен жолға түсіп, қалаға, қызуы бет шарпыған орасан өмірге бет түзеді. Таңғы автобусқа біршама ауылдастары да шыққан екен, бәрінің де қауырт шаруасы бар. Қорабай келіншегінің қалада қалған заттарын әкелуге бара жатыр, Құсни кемпір өзі зорға сиятын есіктен өзінен екі еседей ауыр, гүжбандай сөмкелерін сүйреп кіргізді. Есіктен кіре алмай, ышқынып жатқан оған жүргізуші Жарас өзіңізден басқа тағы екі орынға ақша төлейсіз деп тіпті қысылтты.
-Неге екі орынға? Өткен жолы ғана бір орынға төлеп едім ғой, - деген.
-Сөмкелеріңізбен есігімді қирата жаздап кересіз... Оның үстіне орындықтардың жамылғыларын жыртып жатырсыздар... Соның бәрін маған біреу тегін жөндеп бере ме? Мына көрші «Қызылтастың» автобусы тіпті ешқандай жүк те алмайды екен... Сіздердің еркеліктеріңізге шыдап жүрген мен ғана, - деп Жарас сарнап қоя берді.
-Жә, жә, төлеймін... Таң атпай салғыласпайықшы, - деп Құсни кемпір де дереу мәмілеге келе қалды.
Өйтпей қайтсын... Мына апара жатқандарының бәрі осы ауылдан жинаған ірімшік, қаймақ, сары май сияқты тез бүлінетін заттар. Шопыр айнып, апармаймын десе ыстық күнде оларды қайда сақтамақ. Оның үстіне андағы клиенттері де тосып қалады. Оларға тауарын иістенбеген, бүлінбеген күйі уақытында жеткізіп тұрса, бұған сенім пайда болып, үнемі алып тұратыны белгілі. Тұрақты клиенттерден айрылмау керектігін андағы қыздары да қатты ескертіп отырады. Жазғанның жанын жалдап, ышқынып жүргені сол.
Құснидың осындай «коммерциялық құпиялары» барын ауыл оның өз аузынан біліп алған. Біреулер оның ептілігіне, ауылда отырса да қаланы шауып, мал тауып жүргеніне қызыға қарайды. Кейбіреулер күндеп, «жанын жеп осыған не бар екен, отырмай ма одан да пенсиясын қанағат қылып» деп сыртынан қыжыртып қояды.
Құснидің қаладағы екі қызының да отбасы оның осы заттарымен күн көріп отырғанын қайтсын. Қазір кемпір жеткізген осы тағамдарын оның қыздары мен күйеу балалары қарсы алып, бірнеше жерге бөліп әкетіп сата бастайды. Дүкендегі пакетпен сатылатын сүт пен кілегейдің, сары майдың химиялық қоспасы барынан қорқып жүретін көзі қарақты қала тұрғындары олардың арзан, табиғи өнімдерін талап алмаса да қуана-қуана алып жатады.
Ауылдың кейбір жас жігіттері түсе қалып, Құснидың сөмкелерін көтерісіп, кіргізіп жіберді. Алла, апа-ау, алтын салып алғанбысыз, мыналарды қалай көтеріп жүрсіз деп олардың кейбірі ойынды-шынды араластырып, кемпірдің қайратына таң қалып жатыр.
Кейбір ауылдастар Құснидың маңындағы қайнап жатқан осынау тірлікке ұнатпай қарап, томаға-тұйық отыр. Екі-үш әйел күңкілдесіп, өзара әңгімеге кірісіпті.
Айқын қалаға барған бойында алдымен ортаншы ағасы Айдынның үйіне тоқтамақ. Осы жылдың басында ол да жаңа үй салып, кіріп алған еді. Қоныстойға әке-шешесі барып, мақтап келді. Енді соны көрмекті сылтау қылып, Айқын алдымен соның үйіне бармақшы. Үлкен ағасы Айбын күні бойы қызметте, оның мазасын алуды өзі де жөн көрмеген, шешесі де сондай мәслихат берген. Оның үстіне үйіндегі жеңгесі де бүлініп, бұрынғыдай емес, тікбақайланып бара жатқанға ұқсайды. Бұрын жалғыз өзі істейтін үй жұмысын енді күтушіге артып қойса да мұрнына су жетпеген күй танытып, өткен жолы соққан әке-шешесін дұрыс күтпепті. Айтатын әңгімелері тек шет ел көрінеді, әбден шаршап, ығыры шығып жүргендей биыл солардың қайсысына барып дем аламыз, қайсының жағажайы жақсы, қызметі керемет дегенді айтып ауыз жаппайтын көрінеді.
Кеше телефон соққан еді, Айқынды автовокзалдан Айдынның өзі қарсы алды. Шешесінің беріп жіберген сәлем-сауқатын жүрдек мәшинесінің жүксалғышына жылдам орналастырған ол артық-ауыс сөз айтпай, інісін отырғызып алып, ала жөнелді.
-Мына жерде біздің бір филиалымыз бар, соған соға кетейік. Үйдің қожайыны арендасын көтеремін деген еді, соны жапсам ба екен деп ойлап жүрмін. Қазір жағдайларын байқай кетейікші, - деп өз бизнесінің жай-жапсарынан сөйлеп жатыр.
Айқын тетелес өскен осы ағасына әсіресе еркін сөйлейтін әдетімен:
-Сен әуелі ауыл аман ба, әке-шешемнің халдары қалай деп сұрамайсың ба?
-Ой, қойшы, сен де осы... Әйтеуір маған ақыл айтпасаң жүре алмайсың... Кеше ғана телефонмен сөйлестік қой... Бәрінің жаңалығын кеше ғана өзің екі сағат бойы мылжыңдап, айтып бердің емес пе?
-Ол телефонмен айтылған сөз. Он минөт сөйлесіп ең, саған екі сағат болып көрінді ме? Енді жүзбе-жүз көріскенде жай сұраудың артықтығы жоқ қой.
-Жақсы-жақсы, сенікі дұрыс... Мен сен сияқты институтты қызыл дипломмен бітірген білгіш емеспін... Маған өзімнің бизнесімді жұрттан қалмай жүргізу керек. Тоқырап қалсам, тоқтап қаламын... Сондықтан сен сияқты көп сөйлеуге уақытым жоқ, жанталаспаса болмайды. Конкуренция деген масқара. Мен он ойланып, жүз толғанып жүргенде кеше ғана «Бензостройда» біреулер офис ашып үлгеріпті. Бос рынокке бас салушылар көп...
Айдынның зуылдатып келе жатқан мәшинесі бағдаршамның сарысы жанғанына қарамай, екпінін тежемеген күйі сыр етіп өте шықты да, көп қабатты үйлердің бірінің ауласына жып етіп еніп, оның ортасында тұрған бір қабатты ғимараттың сол қапталына келіп тұра қалды.
-Жүр, көресің бе? – деп інісі есіктен шыққанша өзі жүгіре басып ғимаратқа да кіріп кетті.
Айқын асықпай кіргенде ол зат қабылдауға жалдаған әйелмен істің жайын сұрап, қызу шүйіркелесіп тұр екен. Бір қалың кітапты да алдырып, ондағы жазуларды да шұқшиып қарай бастады. Жып еткізіп қалтасынан калькуляторын шығарып, әлденелерді есептей жөнелді. Зат қабылдаушы кексе әйел жасының үлкендігіне қарамай, мұның алдында құрақ ұшып, аяғының ұшымен жүр.
Айдын тіпті інісінің өзімен келгенін де ұмытып кеткендей, мұнда кірген 10-15 минөтте бұл жаққа бір рет те басын бұрып қараған жоқ. Сол екі ортада бір клиент келе қалып еді, бар үміті соған тіреліп тұрғандай жазылып жастық, иіліп төсек бола қалды. Затын алуға келген жан екен, екінші қабылдаушы әйел оның тапсырысын іздеп кеткенде клиентін жұмсақ креслоға отырғызып, алдына шай алдырып, түрлі-түсті журналдар беріп бәйек болды. Тазалауға тапсырған дүниесі келгенде оны клиентпен бірге қарап, кәстөмнің қалтарыс-бұлтарыстарына дейін көрсетіп, әбден тазарғанына көзін жеткізіп, көңілін көк аспанға көтергендей етіп, шығарып салды. Сосын қайтадан есеп-қисапқа шұқшиып, бірдемелерді өзіне де жазып алып, цехтың ішіне де 2-3 рет кіріп-шығып, сол екі ортада қалтафонымен де қайта-қайта сөйлесіп, жұмыскерлерімен жылы қоштасқан соң ғана інісіне көңіл аударды.
-Бір клиентті риза қылып жіберсең, ол кем дегенде он клиент әкелетініне көзіміз жеткен, - деді ол інісін мәшинесіне отырғызған бойында. –Сондықтан да жанталасамыз, олай етпесең жұмысың жүрмейді.
Бұларын тек сөздің ретімен айтып жатқан сияқты, әйтпесе інісінің жауабын күтіп, ойын білуді керек те қылған жоқ. Өзімен өзі сөйлескендей болып:
-Жоқ, бұларды жаппау керек екен, мына жердің өтімділігі күшті. Арендасын аздап көбейтсе, оған да шыдаймын, - деді.
Бір кезде дүниенің бәріне үстірт қарап, салдыр-салақ жүре беретін ағасының қалайша мұнша мәттақым болып кеткеніне Айқын таңырқаумен келеді. Нағыз «заманың түлкі болса тазы боп шалдың» керіне келіпті.
-Жеңгең жұмыста, балаларды алып кешке бір-ақ келеді. Қазір үйден менің қойған шәйімді ішесің, - деді ол мәшинесін жаңа үйінің ауласына бұрып жатып.
Қаланың қалың орман басталатын шеткергі ауданына салынған еңселі үйдің сыртқы бейнесінен-ақ оның жаңа пошымы мен тұрпаты сезіледі. Бұрынғы үйлердей жатаған да, сұрқай да емес, қызыл кірпішпен қапталған өрттей қызыл үй күйлі тұрмыстың рең басын аңғартып тұр. Ауладағы аяқ астын да әсем өрнектаспен тұтас өріп тастапты. Үйге кіретін басқышпен тұтастырып, моншаға тартылған жабық жол да шаруаға аса пысық адамның күйін танытады. Қоңыр бөренеден өрілген моншаның да сырт тұрпаты көрген адамның көзін тартып, келсеңші маған, түссеңші тез деген қонақжай күй көрсетеді.
Жаңа үйдің тұрпатына қызыға қарап, тәтті ойларға беріліп, таңырқап тұрған інісінің қиялын жүксалғыштағы сөмкелерді жылдам алып, кіреберіске беттеген ағасының «жүр енді» деп зеки шыққан дауысы бөліп жіберді.
Екі қабатты коттедждің іші де атшаптырым. Екі балкон, лоджия, екі туалет, джакузи, душ кабинасы бәр-бәрі бұрын шетелдік кинолардан байлардың үйінде ғана көретін жаңа дүниелер. Асүйінің өзі де бұрынғының 4-5-дей бар. Жеңгесі оның ішіне екі тоңазытқыш, екі мұздатқыш, аппақ жиһаз бен жайнаған үстел-орындықтарды үйіп қойса да толтыра алмапты.
Айқын үйдің ішін аралап, таңырқап жүргенінде Айдын шәй да әзірлеп, әйелі пісіріп кеткен асты да ысытып үлгерді. Осы екі ортада қалтафонымен де бірнеше рет сөйлесіп жатқанын естіген еді, соның бәріне қалай үлгергеніне Айқын таң қалып жатыр.
-Қарасам жаныңа дамыл жоқ сияқты, осының бәрін сәл асықпай істеуге болмай ма? Қайда жанталасып барасың? – деді оның қимылына шыдай алмаған інісі.
Мұның сұрағына бойлап, ойлана қалған Айбын күтпеген жерден қызықты ойлардың тиегін ағытып жіберді.
-Қазір жылдамдықтың күш алған заманы. Мектепті жақсы оқыдың ғой, менен гөрі жақсы білесің: жол дегеніміз жылдамдық пен уақыттың көбейтіндісінен тұрады емес пе? Ал жол – ол өмір, өзгермейді, ұзындығы белгілі. Оның да ұзындығы жылдамдық пен уақыттың көбейтіндісінен тұрады. Қазір жылдамдық артты, соның есесіне уақыт азайды. Сондықтан жанталаспасаң уақытың жетпей қалады...
Мұндайды Айқын бұрын да бір жерден естіген еді. Е, есіне түсті, бір діндар осылай деп, бұл да ақырзаманның белгісі деп сарнап тұрған. Соны жүрегіне жатқызған мына Айдынның логикасы күшті екен, өзі шығарды ма, әлде бұл да бір жерден естіді ме? Шынында қазір жылдамдық артып тұр, бұрын 4-5 сағат жүретін жолға бір-ақ сағат қана жібересің. Хабарды да тез аласың. Ал бұдан өзгерген дүние бар ма? Бәрі сол орнында емес пе?
-Өзің философ болып кетіпсің ғой... Осыны өзің шығардың ба, әлде біреуден естідің бе?
-Е, маған философиямен шұғылданып отыруға уақыт қайда? Өмірдің өзі көрсетіп жүр емес пе...
Айдынның өз сөзінің байыбына терең бойлауға да уақыты жоқ сияқты. Тамағын да асығыс ішіп, жауапты да келте қайырып отыр.
-Сен асықпай дем ала бер... Телевизорды қалай қосуды білесің ғой? Интернет қарағың келсе компьютер ана түкпір бөлмеде, қосып аларсың... Мен жұмысқа кеттім. Кешірек келемін, келген соң өзіңмен асықпай әңгімелесерміз. Ал есікті жауып ал, - деп жүре сөйлескен ол басқа әңгімеге зауқы болмай, киімін де жүре киініп, шығып кетті.
Алла-ау, мынаның қимылы қандай, мен мынадай жұмысқа шыдай алмаспын деп ойлаған Айқын үстелді жинастырып, залдағы диванға отырған соң қабырғадағы телевизорды қосты.
...Ұлы мен қызын мектептен алған жеңгесі де жұмысынан өз мәшинесімен кеш оралды. Бір кезде толықша болып, ақ тамағының астындағы бұғағы білініп, ақ тоқаштай болып жүретін оның да жағы солып, жүдеп кетіпті. Өзі бауырмал еді, көптен көрмеген қайнысын құшақтап, бетінен сүйіп жатыр. Айқын осы қалада оқып жүргенде жас қосылған бұлардың бір бөлмелі үйінен шықпайтын. Қашан қалаға үйреніп, жатақхананың өміріне көндігіп кеткенше осылардың жанында болып, бауыр басып қалған еді. Сол күндер есіне түсті ме екен, жеңгесі жарқылдай амандасып, жас жігіттің бар жаңалығын түгін қоймай сұрап жатыр. Гүлдерайдың да хабарын естіп, қабағын шытып қалды. Өзі оны жақсы біліп, болашақ абысыным болар деген оймен жақындасып жүретін.
-Жә, қыз табылар, өзің аман бол. Енді қандай жоспарларың бар? Айдын сені Астанаға барамын деп жатыр дейді ғой?
-Сөйтпекпін, мүмкіншілік болса магистратураға түсіп, оқуымды жалғастырмақпын. Қазір оны бітірмеген соң жоғары білімдімін деу қиын.
Мектептен қарындары ашып шыққан балалар тамаққа тойып, әжелері жіберген ауылдың жылы-жұмсағын жайғаған соң ағаларын айналдырып, өздерінің не білетіндерін көрсетіп, мақтанып жатыр. Үйелмелі-сүйелмелі екі баланың арасы бір-ақ жас болатын, біреуі екінші сыныпты, екіншісі мектепалды дайындық тобын аяқтап, биыл мектепке барады. Қазір әрқайсысы өзіне ұнаған өнер, спорт курстарына барып жүр екен. Олармен әңгімесін тауысқанша жеңгесі ас қылып үлгерді. Екеуі ас ішіп отырып, ұзақ әңгімелесті. Айқын ағасын тоспаймыз ба деп емеурін жасап еді, жеңгесі қолын бір-ақ сілтеп, ол түнгі он бір, он екілерсіз келмейтінін айтты.
Жеңгесінен білгені Айдынның қазір қалада химиялық тазалауға заттар қабылдайтын оншақты нүктесі бар екен. Енді аудан орталықтарында да сондайды ашамын деп үміттеніп жүрген көрінеді. Солардың бәріне күні бойы бақылау жасап, кешке есеп-қисабын түгендеп жанталасып жүргені. Жүздеген жұмыскерлері болса да жаңа тазаланған заттардың біразын өзі қайта тексеріп, олардың жұмыстарының салақсырамауын қадағалап жүреді, жанына дамыл жоқ дейді жеңгесі.
Соған қарай табысы да жаман емес екен, осы үйді жарым-жартылай несиеге салдырғанымен оны уақытынан бұрын төлеп бітіретін түрі бар. Биыл мәшинесін де жаңалап алыпты. Екі баланы да қаладағы жекеменшік, қымбат мектепке беріпті. Олар сабақтарынан шыққан соң сондағы шет тілін үйрететін, спортқа баулитын, би үйрететін үйірмелерге қатысып, таңертең барғаннан кешке бір-ақ босайды. Апару, алып қайту, жиналыстарына бару сияқты жұмыстың бәрі жеңгесінің мойнында. Үлкен ағаларымен аралары салқын, Айдын оның демалысқа тым көп әуестенетінін ұнатпайтын көрінеді. Оның үстіне үйдегі абысыны да өзгеріп бара жатыр. Бұларды шақырған қонақтарының арасына қоспай, шетқақпай қылады екен.
Айқын жеңгесінің ыңғайынан қайынағасының үйінен әбден көңілі қалғанын сезді. Былтыр жиен ағасы қайтыс болғанда кіріп шығып, көңіл де айтпапты. Дүниемелікке көңілі әбден бұзылған абысыны да мұнымен салқын екені сезіліп тұр.
Біреу туралы айтуға келгенде тілдері сүйреңдеп, қаны қызып, жаны кіріп, жүзі жанып кететін әйелдердің ежелгі әдетіне салған жеңгесі ақыры қайынағасының отбасын Айқынға түгін қалдырмай жамандады. Бірақ соның өзімен жігіттің ағасының отбасын көруге деген ынтығын арттыра түскенін сезген жоқ. Арнаулы дизайнер жалдап, онымен абысыны Қытайға өзі бірге барып өте қымбат жиһаздар әкеліпті. Олары өте ауқымды, әрқайсысы абажадай болып, арбиып жатқан бірдеңелер, кең үйдің ішін тарылтып, айналымға келтірмей тастаған. Ағай ұрсып, қайта сат деген екен, онысы өтпей, әлі күнге үйдің сәнін кетіріп тұр деген секілді әңгімелер Айқынның оларды көруге деген қызығушылығын зорайта түсті.
Ертесіне Айқын тағы да Айдынның орнын сипап қалды. Жеңгесі де асығып, балаларды оқуға әкеткелі жатыр екен, бұған үйдің кілтін беру үшін оятыпты.
-Бүгін де біздің үйде болсайшы... Аналарға ертең барарсың...
-Көрерміз... Мүмкін кіріп шыққан соң қайтадан осында келетін шығармын...
- Оларға деген мамамның сауқаты ана үлкен тоңазытқыштың астыңғы сөресінде тұр. Кешегі өзің әкелген пакетте. Ал біз кеттік, - деп жеңгесі бірдеңелерді айтып, соңынан балапандарын ерткен мекиен тауықша қыт-қыттаған күйі ұзай берді.
Есікті жауып алған Айқын жұмбағы көп ағасының үйіне қалай баруды ойлап отыр. Мекенжайын білгенімен кеше жеңгесі алдын-ала телефонмен хабарласып алмасаң күзетшіден кіре алмайсың деген. Айқын соған қитығып, туған ағамның үйіне баруға рұқсат сұрап жүремін бе, телефон шалмай-ақ бара беремін деп шешті.
...Сырты винилді сайдингпен қапталған үш қабатты зәулім үй шағын отбасы үшін шынында да тым аңғарадай екен. Темір қақпаға жеткен бойында алдынан Сәуле жеңгесі айтқан арандар самсап қоя берді. Мұнымен есіктің сыртындағы домофон арқылы сөйлескен күзетші кім екенін білген соң да есікті шалқасынан ашқан жоқ, ішкі телефонмен қожайындарынан рұқсат сұрап, біршама айналған соң ғана кіруге мұрсат берді.
Үйде Сәлима жеңгесі жалғыз екен, балалардың үлкені шетелде, қалған екеуі каникул уақыты болса да осындағы жекеменшік мектептерде жүргізілетін түрлі үйірмелерге кетіпті. Күйеуі жұмыста, түскі асқа бір-ақ келеді. Алайда асүй жақта тағы бір жанның жүргені білініп тұр, соған қарағанда үй күтуші адам бар екені сезіледі.
Айқын бұл жеңгесінен әңгімеге жарымайтынын бұрыннан білетін. Тілі орысша шыққан Сәлима қазақшаға шорқақ, оның үстіне барлық қылығы мен құлқы қарапайым қазақтарды кем тұта қарап, орысшылдыққа бейім тұратын қытымыр. Осында оқып жүріп, анда-санда келгенде Айқынның айтқан әңгімелерін тыңдауға оның іші пысып, естуге зауқы соқпайтын. Өзі тек тарс-тұрс нақтылықты ұнатады. Сол әдетімен мұны бірден сұрақтың астына алды.
-Ата-анаң сені қалай жіберіп жүр, қолымызда ұстап, үйлендіреміз деген еді ғой?
-Олар солай ойлағанымен мен өзім тұра алмадым. Ішім пысып үйге сыймаймын, бірге оқыған жастардың бәрі қазір ауылдан кетіп қалған...
-Ал мында қайда орналаспақ ойың бар?
-Мында емес, Астанаға барамын... Сонда магистратураға түсуім керек. Болмаса жұмыс іздеп көремін...
Жаңа ғана қақшаңдап, шұқшия тергеп отырған жеңгесі Астанаға барамын дегенді естігенде күрт жылып, жымиып қоя берді. Бойына ашық-шашық іле салған халатын да жөндеп, толық түймеленді.
-Ну правильно... Барлық жастар қазір Астанада... Қызықтың бәрі сонда... Мында не бар? Бәрін өзің көргенсің. Пройденный этап... Уж лучше жаңа жерге бару керек қой...
Айқын көзімен барлап Сәуленің жамандаған жиһаздарын іздеп отыр. Ашық түсті жұмсақ былғарымен қапталған шалқақ дивандар мен креслолар әрі кең, әрі тым жайлы екен. Олар атшаптырым қонақ бөлмені ұзына бойына толықтырып тұр. Төбенің биіктігі үш метрден кем емес. Үйдің аула жақ қабырғасын тұтасымен панорамалық шыны алып, одан еркін құйылған күн сәулесі қоңыр түсті итальяндық паркеттің өзін жарық қылып жылтыратып, түсін жайдары қылып жіберіпті.
Бұрыштарға үлкен, сәнді құмыраның ішінде көлдің қоғасы секілді жасанды шөптер қойылған. Қарсыдағы үлкен қабырғаны тұтастай алған теледидар «үйдегі кинотеатр» дегеніңіз мен боламын деп тұрғандай. Аласа журнал үстелдерінің беті де барынша үлкен. Залмен асүй жалғасып, ортасын белден жоғары келетін шағын аран ғана бөліп тұр. Сәуле айтқандай орынсыз арбиған ештеңе жоқ, бірақ бұлардың бәрі Айқын бұрын көрмеген сән.
Сағат күндізгі бірден аса бергенде Айбын да түскі асқа келе қалды. Күзетшіден інісінің келгенін естіген болуы керек, Айқынды көргенде таң қалмай амандасты. Айдындай емес, бұл ауылдың бар жаңалығын, өзімен бірге оқығандарды, әке-шешесін – бәрін қалдырмай сұрады. Көп сөзділігін ұнатпай әйелінің екі-үш рет тыржың ете қалғанына мән берген жоқ.
-Бүгін біздің үйге қон, мен кешке саған барлық хозяйствамды көрсетемін. Ешқайда кетпе... Мен де ертерек келуге тырысармын, - деді ол.
Айқын өзі де ағасының жай-күйін жақсылап білгісі келген еді, оның айтқанын қабыл алды. Ағасы келгенше үйдің ішін біраз аралап, күйлі тұрмыстың артық-ауыс дүниелеріне таңырқап жүр. Екі бала мен өздерінің жататын бөлмелерінде де телевизор бар екен, тіпті компьютерлер де бөлме бас сайын қойылыпты. Соған қарағанда бұл үйдің балалары не көріп, не тыңдаймын десе – ерік өздерінде сияқты. Олардың немен айналысатынын қадағалау әкесі мен шешесіне қажетсіз дүние екені көрініп тұр. Ұлы тоғызыншыда, қызы жетіншіде оқып, нағыз қадағалауды қажет ететін жаста болса да, олардың «бас азаттығы» әлден өздеріне берілген. Бөлмелеріне іліп қойған суреттер де менің өз еркім өзімде дегенді сездіріп тұр. Ұлдың бөлмесінде үстінде суға түсетін лыпасы ғана бар шетелдік модел әйелдің суреті ең көрнекті деген жерге ілінсе, қызы да ресейлік бір еркек әншінің дәл сондай сәнмен түскен суретін жапсырып қойыпты. Екеуінің де компьютерлерінің сыры көшіп, әбден қажалғаны балалардың одан бас алмайтынын паш еткендей. Үлкен компьютер аз болғандай ноутбук пен макбук те жатыр. Есесіне оқулықтар тұрған сөрелерде көркемсуретті энциклопедиялардан басқа бірде-бір көркем кітап жоқ.
Кешке әкелерінен сәл ғана бұрын келген ұл мен қыз көптен көрмеген ағаларымен кеше ғана көргендей салқын амандасты. Кісікиіктігі шешесінің ықпалынан екені көрініп тұр. Өздері жаңалық, жақсылық атаулының бәрінен жалыққан жандар сияқты. Атасы мен әжесін ауыздарына да алған жоқ. Шешелері де бір ауыз емеурін білдіріп, ағасына жақын болуды мегземеді, жұмыстан мұрнынан шаншылып жүрген дауыспен тек тамаққа отыруларын қатты талап етіп жатыр. Күні бойы оқу-жаттығуларда болып, шаршаған, қарындары ашқан балалардай емес, келе сала екеуі де компьютерге отырып, өздерімен бірге алып келген дисктерді тамашалауға кірісті. Шешелерін бірнеше рет айғайлатып қана, жасап қойған тамаққа зорға келді.
Айбын жұмыстан келген бойында Айқынды далаға алып шығып, өзінің барлық шаруашылығын мақтанышпен көрсетті. Бұрын шаруаға қыры жоқ, тік жүретін сыбай-салтаң жігіт еді, енді бұл да дүниеге мәттақым болып, көрінген нәрсенің бәріне көңіл аударатын жіті көз болыпты.
-Үйдің сыртын да архитектуралық талғаммен көркемдей білу үлкен өнер. Мен арнайы дизайнер шақыртып, моншаның, гараждың, бассейннің қалай орналасуын, тіпті иттің үйшігіне дейін қандай болып, қай жерге тұруына дейін солардың ақылымен істеттім. Үйдің ішін интерьер десе сыртын экстерьер дейді. Қазақ бұрын ондайға көңіл бөлмеген ғой. Ал құрылыстардың арасына қандай ағаштар егіліп, демалатын орындықтардың, балалар ойнайтын алаңның қалай орналасуы, жасыл шөптердің қай жерлерге егілуі дегендер ландшафт дизайны деп аталады. Оның да өзіндік сәні бар. Аулаға егілетін ағаштарды да талғаммен отырғызу керек. Қайыңды біз қанша мақтасақ та оның аулаға отырғызылмағаны жөн, өйткені ол иі жұмсақ ағаш, маңына құрт-құмырсқа үйір болады, маса-сона да соны айналдырады. Ал біздің теректі тіпті ауызға алуға болмайды, ол өте лас ағаш, бүршік атар кезде бүкіл ауланың ішін қоқсық қылып жібереді. Сондықтан қарағай мен шырша сияқты элитарный ағаштар ғана отырғызған жөн, оттегі де олардан жақсы шығады, шыбын-шіркей де жоламайды, сосын жапырақтарының оюлары әдемі болатын декорациялық ағаштар жақсы. Міне, мынау пирамида формалы қарағаш соның бірі. Қарашы, әдемі емес пе? Мына аллеяның бойына кілең осындай ағаш отырғыздық, деп Айбын інісінің ойына бұрын келмеген көп мәслихаттар айтты. Осының бәрін көптен зерттеп-білген үлкен маманша білгірлікпен баяндап жатыр. Інісінің қабағы оған селт ете қоймағанымен жұмысы болмай өз әңгімесінің қызығына өзі елтіп, ұзақ сөйледі.
Шынында ауланың көркі көз тартарлық екен. Биік дуалдың ішіндегі аула сыртқа көрінбесе де ішіне кірген адамға барынша сәнді болып, тартымды жылылық танытып тұр. Айқын ағасының басқа сырын білгісі келіп асықса да, оның әңгімесінің аяқталуын сабырмен күтті.
-Осынша үлкен территорияға картоп, я басқа көкөніс отырғызып, жемістер неге екпедіңдер?
Ағасы мына сөзге лекіте күліп алды.
-Оның не керегі бар? Бәрі де дүкенде, базарда самсап тұрған жоқ па? Сенің айтып тұрғаныңды «типичное совковое понятие» дейді. Сен содан арылмағансың. Дем алатын жерге олардың керегі қанша? Тәттіге ара қонады, көкөністерге шыбын-шіркей, маса, сона үйір болады. Олар дем алғың келгенде маза бере ме? Керек дүниенің бәрін де қазір супермаркеттерден сатып алуға болады және оларды маман адамдардың егуі керек қой... Жұрттың бәрін бағбан қылғысы келген Совет өкіметінің порочная практикасы... Дүкенде ешнәрсе болмағандықтан халық амалсыз жаппай бағбан болып кеткен және өздері соны дұрыс деп санайды.
-Бірақ оларды суарып, арам шөбін жұлғызып, балаларды еңбекке баулудың өзі өнеге емес пе...
- Ешқандай өнеге емес. Сендерді педагогикада сондайдан басқа не оқытты дейсің? Бұл да сол совковая идеологияның білгені... Мүмкіндігім болса мен неге балаларымды қара жұмысқа тәрбиелеуім керек, керісінше оларды айтитехнология, электроника тілдерін білуге баулығаным дұрыс емес пе? Сондықтан да сабақтан кейін қосалқы үйірмелерге қатысады. Дене күші мығым болсын деп спорттан да, биден де қалдырмаймыз. Ал сенің айтқаның жұрттың бәрі қара жұмыс істей білуі керек деген баяғы коммунягалардың тәрбиесі...
Бай елдердің талай миллиардерлерінің өзі балаларын қара жұмысқа баулығанын, бәрі жетіп тұрса да газет сату, пошта тарту секілді майда-шүйде жұмыстарға жегіп, ақша тапқызғанын, сөйтіп еңбекпен табылған нанның қадірін білгізгенін еске салып, қарсы дау айтқысы келіп бір оқталса да Айқын ағасының көңілін қимай, үндемей қалды. Інісінің үндемей қалғанына Айбын тауып айтып, қатырдым десе керек, тіпті бөсіп, қайдағы бір қияли дүниелерді айтып кетті. Осының бәрі Айқынның намысына тиіп, ағасымен ашық айтысуға бел буды.
-Осы үйді салуға қанша ақшаң кетті? - деді ол ағасы бір кезек әңгімесін аялдатқанда күтпеген сұрақ беріп.
-Мұндайды бөтен адамға айта беруге болмайды, сен інім болған соң ғана айтайын... Көп емес, жігіттер көмектесті. Бар-жоғы 300 мың доллардай жұмсалды ғой...
Айқын қатты таңырқап қалса да сыр білдірген жоқ.
-Сен өзіңнің еңбекақыңмен ішпей-жемей, киінбей-шешінбей жинасаң да ондай ақшаны жинай алмас едің...
Бұл сөзді ағасы шамданып қалмас па екен деп қорқа соғып айтқан еді, бірақ оған анау айылын да жиған жоқ.
-Әрине, таза еңбекақыға ғана қарап отырсам мен ондай ақшаны жинай алмас едім, мынадай үй де сала алмас едім... Бірақ «қолда тұрғанда қоншынан бас» деген бар емес пе? Мен де ептеп қолымнан келгенінше ақша істеймін, оның несі айып?
-Айып емес, ол қылмыс қой... Сенің ақшаны қалай тауып жатқаныңды жұрттың бәрі біледі. Әке-шешең болса бір күні ұсталып қалмас па екен деп ішкені ірің, жегені желім...
Айбын бұл сөздерге мырс етті. Дегенмен ойланып қалғаны да көрініп тұр.
-Сен білесің бе, менікіндей қызметтегілердің бәрі де осылай тұрады. Тіпті менен жақсы тұратындар да көп. Солардың бәрін отырғызып көр, түрме жетер ме екен?
-Отырғызып жатқандары да аз емес қой? Бар абыройынан бір-ақ айрылып, тірнектеп жиған дүниесін бір-ақ ақтарып жатқандар қаншама?..
-Бар, бар ондайлар. Білемін... Бірақ сен біздің системаның қандай екенін білмегеннен осылай сөйлейсің. Бізде қолынан келгеннің бәрі де жейді, бәрі де ұрлайды... Ондайды «бәрі де в теме» дейді. Жемесе, қолынан түк келмейтін бейшара деп мазаққа ұшыратады. Ал ұсталмас үшін бөліседі. Бөліспесең аяғыңды аспаннан бір-ақ келтіреді.
-Сонда милиция сендерден пара ала ма?
-Баламысың деген... Милиция дейді ғой... Біз милицияны жұмсайтын үлкен қызылкөздермен, сосын өзіміздің бастықтарымызбен бөлісеміз... Сондықтан олар біздейлерді қорғайды. Бәріне көз жұмып, сезбеген болады.
-Сонда сен қалай аласың ақшаны?
-Оның сырын саған да айтуға болмайды. Бірақ бастадым ғой, енді айтайын. Тісіңнен шығарма. Маған рұқсат қағаз алу үшін кәсіпкерлер келеді. Мемлекетте 600-ден артық рұқсаттама беру жүйесі бар, соның бәріне такса қойылған. Онсыз болмайды. Біреуі құрылыс саламын дейді, біреуі зауыт ашамын дейді, біреуі сауыққана тұрғызамын, біреуі мәшине жөндеймін дейді... Әйтеуір бәрінің мақсаты баю. Ал оларды байытатын рұқсат қағаз біздің қолымызда. Мен сол рұқсатты беріп тұрып өзім неге байымауым керек? Бәрі адал істеп жатса бір жөн, көбі істеймін деген шаруасының он екіде бір нұсқасын білмейді. Егер біз рұқсат бермей шалқайып қалсақ, шаруасы шайқалып, тұрып қалады. Сондықтан асты-үстімізге түсіп, сұраған нәрсеңді жеткізіп береді... Ол ақша ғана емес, құрылыс материалдары, я басқа да заттар болуы мүмкін... Сосын керек қағазын алады да шаруасын о ғып, бұ ғып жүргізіп кетеді. Тендерге қатысып, мемлекеттен де ақша алады. Ол жақта да бөліседі. Сондықтан жалғыз біз емес, жұмыстың өне бойы осылай бөліспен жүргізіледі... Ал бөліспесең, ештеңе де істей алмайсың.
-Бөліс деген ұрлық, пара беру деген сөз ғой...
-Ақымақ болмасайшы, саған не айтып отырмын. Біз олардың қалтасына түсіп жатқан жоқпыз, мемлекеттің дүниесін де жытырып жатқан жоқпыз. Тек рұқсат береміз, сол үшін анадан бірдеңе талап етеміз. Бізге берген дүние оған түк емес, ертеңіне біз берген қағаздың арқасында жүз еселеп орнын толтырады.
-Логикаң тастай ғой, сенің заңсыз берген рұқсат қағазың арқылы ол тендерге заңсыз түсіп, өкіметтің, яғни халықтың дүниесін заңсыз алмай ма?
-Неге заңсыз алады, тендерді ұтқызатындар оның мүмкіншілігін зерттеуі керек қой. Сол үшін ақы алады. Ал біздің оған қатысымыз жоқ. Әкелген құжаттары түгел болған соң біз рұқсат қағаз беруге міндеттіміз. Ар жағын өзі білсін. Тендердегілерге бірдеме берсе – ол менің шаруам емес. Жегендер болса өздері жауап береді. Өкіметтің дүниесі ұрланбауын тексеретін арнайы органдар бар, сол үшін ақша алады. Біздің оған қатысымыз жоқ...
-Саған салса ешқандай жазықтарың жоқ екен. Бірақ барлық заңсыздықты бастап, қолынан іс келмейтін фирмаларға рұқсат қағаз беріп, қылмысты бастайтын сендер емессіңдер ме?..
-Саған мұғалім емес, юристің оқуына бару керек еді. Сонда бәлки прокурор болып бұл күнде шалқып отырар едің...
-Сен менің сұрағыма жауап бермедің... Қылмысты бастайтын сендер ғой, солай емес пе?
Ағасы бұл сөздерге де айылын жиған жоқ. Айқынның түсінігін балалыққа санап, оның танымының таяздығына аяушылық білдіргендей жоғарыдан төмен қарады.
-Біле білсең біз ешқандай заңсыз іс қылмаймыз. Қолында қажетті қағаздары толық адамдарға рұқсат беруге міндеттіміз. Ал ондай қағаздарды қандай жолмен алғандарында біздің шаруамыз жоқ. Әрине, заңсыз екенін әшкерелеуге болады, бірақ оның қажеті қанша? Түсінігі бар, жолын, жөнін біліп тұрған адамды қинап қайтеміз?
-Жөнін білмесе ше?...
-Ондайлар сирек болады. Жөн білмейтін адамға, әрине, ешқандай рұқсат бере алмаймыз.
-Қысқасы пара беруді «жөн білген» дейді екенсіздер ғой...
-Қой, ондай сөздерді айтпа... Бизнес қылатын жандар бөлісу керектігін өздері де біледі. Бөліспесе ешқандай жұмыс істей алмайды...
-Неге олай? Олар заңға сүйеніп шаруаларын жүргізе бермей ме?
-Ешкім де заңға сүйенбейді, бізде заң қағаз үшін ғана жазылатынын ұмытпа...
-Сонда қалай... Заңмен жүреміз, заңсыз жүретіндер сотталады дегеннің бәрі өтірік пе?
-Өтірік емес, рас. Бірақ өмірде басқаша болып жатады, оның өз заңдылығы бар. Таза бизнес жасап, алым-салығын дұрыс төлеп, барынша дұрыс жолмен жүріп жатқандар да бар. Бірақ ондайлардың жоғарыда қолдаушылары болуы керек, немесе өздері де жоғарыда болып, өзін-өзі қалай қорғаудың жолдарын жіті білуі керек. Әйтпесе, аяқтары аспаннан келеді.
Айқын бұл ағасымен ешқашан ұғыса алмасын сезді. Қайдағы бір тәртіптерді өздері шығарып алған, және соның дұрыстығына да көздері әбден жеткен сияқты. Арам-адал, обал-сауап түгілі, қылмыстың не екенін айыра алмай қалғандай. Мүлде бөлек философия, басқаша түсінікке беріліп кетіпті. Өз сөзінен басқаны ұқпайды, тек біздікі дұрыс деп санайды. «Түрлі-түрлі заман бар, заманға қарай амал бар» деуші еді бұрын үлкендер, мыналардың амалы да өз заманына қарай туған ба екен? Апырмай, дінді де теріс ұғынып, өзгеше жол жасап алатындар сияқты заңды да, тәртіпті де өзгеше жолға салып жіберетіндер болады екен-ау. Қазір қалай айтсаң да мына Айбынды өз жолынан бұру мүмкін емес сияқты. Басқа діндегі кісіні өлтіруді дұрыс іс деп санайтын кәдімгі діни радикалдар сияқты. Сотталып жатқандар ма... Олар бөлісудің тәртібін бұзғандар дейді. Басқа ешқандай кінәсі жоқ сияқты. Мұндайды не деуші еді... Фанатизм бе еді? «Ақша жасаудың» жолына әбден берілген фанаттар осындайлар болар, өзге дүниені ұмытқан. Діни фанатизмді сынап жүретіндер осындай да фанаттар болатынын білсе ғой. Пара алудың жолын тауып, жөнін білгенді ең дұрыс өмір сүру жолы осы деп мойындап алған нақұрыстар. Басқа пиғылдың бәрі олар үшін жарамсыз, адалдық туралы айтсаң ертегі естігендей есінеп, «дұрыс қой, бірақ...» деп тез жалыға қалар еді.
Інісінің ойланып қалғанын өзгеше жорыған Айбын өз сөздерінің салмағын сезінгендік деп санаған болуы керек, енді басқа қырлы әңгіменің тиегін ағытты.
-Сен магистратураға барамын дейсің... Жақсы, магистр боларсың. Оны да жақсы бітірерсің, бір қызға үйленерсің. Сонда неменеге қол жеткізесің? Пәтерді қалай аласың? Семьяңды қалай асырайсың? Магистрдың окладымен алысқа ұзай алмайсың? Көп болса бір университетке мұғалім боларсың, бар мақсатың сол ма?
-Сонда маған қандай ақыл бересің?
-Мен сені осындағы бір фирмаға менеджер етіп орналастырайын. Жақсы оклад алып тұрасың, бірдеме түсіруді де үйренесің.
-Мысалы қандай фирмаға?
-Банктердің біріне немесе шетелдік бір фирмаға... Тіпті госслужбаның біріне өткізіп жіберуге болады. Бірақ онда біршама уақыт аз окладқа істейсің...
-Менің мамандығым мұғалімдік қой. Басқа жұмысқа қалай тұрамын?..
-Түу, сол да сөз бе екен? Бұл да сенің совковый понятиядан арыла алмай жүргендігің... Сол кезде ғой қалтаңа күректей қылып бір диплом салып аласың да содан басқаны білмей өмір бойы бір іске байланып қалатының. Қазір кез келген жерге сенің педагогический дипломыңмен орналасуға болады. Талап етіп жатса бір частный ВУЗ-дың заочный отделениесіне тіркеліп аласың... Экономист керек десе экономистке, юрист керек десе юристке оқытатын жерге кіресің... Ақшасын төлеп тұрсаң болды, бір-екі жылдан кейін дипломын алып шыға келесің. Тіпті шетелдің бір университетіне тіркеліп, 1-2 рет барып қайтсаң «тыңдаушы» болды деген қағаз береді. Оны резюмеге кіргізіп, шетелден стажировкадан өткен деп жазсаң салмағың арта түседі.
-Бәрі де оп-оңай сияқты...
-Әрине, ақшаға бәрі оңай, дүниенің бәрін қиындатқан тек совковый порядок болатын.
-Сонда қалай, мен түк оқымай экономист немесе юрист болып кете аламын ба?
-Жұмыс барысында бәрін де үйреніп аласың, түгі де жоқ. Соған бола бес жыл бойы сарғаюдың не керегі бар? Тек ұғымтал болып, бір үйреткенді қағып алсаң жетіп жатыр. Сенімен салыстырғанда жіп есе алмайтындар да үлкен еңбекақы беретін жұмыстарды үйіріп жүр ғой. Олармен салыстырғанда сен ақылға да, білімге де ағып тұр емессің бе? – деп Айбын інісіне күле қарады.
Ағасының мұндай ұсыныстары Айқынның бұрын ескермеген нәрселері еді, не айтарын білмей тосылып қалды. Расында магистратурамен ешқандай перспективаға жете алмайсың. Пи-джи доктор болғанның өзінде алатының шағын оклад болатынын естіген. Ғылымның құпиясына сүңгіп, үлкен еңбектер жазғанның өзінде олардың жариялануы, бағалана қоюы екіталай. Ал мынаның айтқанының бәрі қолма–қол, экономистікке сырттай оқып жатырмын деген анықтама алып, күйлі жұмысқа кіріп кетсе жаман ба? Ағасының қолынан келіп тұрған істен неге қашуы керек?
Жігітті ыстық жүректің бастауымен жүрмей, салқын ақылдың сабасына түсіргісі келгендей терістіктің ерте күзді сездіретін салқын самалы соғып өтті. Жаңа ғана жайылып, еркін отырған жігіттер аяқ-қолдарын жинап, бүрісе қалды. Тымық кеште дыбыссыз болып, қалғып тұрған жапырақтар да тегіс сусып, сыңсып қоя берді.
Айқынның ойы онға, санасы санға бөлініп, ағасына нақ қандай жауап берерін білмей толқып отыр. Бір жағында еркін өмір, өзі көрмек болған қызықтар, өмірдің ащы-тұщысы, ешкімге кіріптар болмай, азат самғау тұрса, екінші жағында рахат өмірге тезірек қол жеткізетін жеңіл жол, жалтаң тірлік. «Қолда тұрғанда қоншынан бас» деп ағасы отыр. Әрине, ол бір түсімді жерге мұны кіргізіп, тезірек жақсы тұрмыс құруына, баюына ықпал етеді. Жақсы жерден қыз көздестіріп, жеңгесі екеуі өздеріндей қолы жүріп тұрған адамдармен құдандал да бола қоятын шығар. Содан әрі белгілі, ішкені алдында, ішпегені артында, жақсы тұрмыс, жайлы өмір. Бірақ... бірақ біреуге кіріптарсың. Өздігіңнен қолың жетпеген соң ағасы болса да күндерде бір күн сені адам еткен мен емес пе едім деп еңбегін бұлдап шыға келері сөзсіз. Әсіресе, жеңгесі «мы же тебя человеком сделали» деп бір мал болып жүргенінен қайырып әкеліп, адам қосына тіркегендей міндетсір...
-Иә, маған не айтасың? Тілімді ал, жаман болмайсың, - деді ағасы мұның көп ойланып қалғанын жақтырмай.
- Мен жауабын ертең айтайын, алдымен ойланып көрейін, деген. Сосын:
- Үйге кірейікші, дала суып кетті ғой, - деп түннің ызғарын сылтауратып орнынан тұрды.
Ертесіне Айбын түндегі ұсынысыма не айтасың деп қатты шұқшиған жоқ, ақыл-есің бар баласың ғой, өзің шеш деп қызметіне аттанып кетті. Соны пайдаланған Айқын да бұл үйден тезірек кетуге тырысты. Жеңгесі бірдеңе айтпақ болып екі-үш рет оқталса да Айқын оның емеурініне мән бермей, басқаға бұрып, сөзін тыңдағысы келмеді. Не айтпақ екені жәй да белгілі еді, ол ағайындылардың басы бір жерге қосылғанын жарадай көріп тұрғаны анық, өзі ғана болсам дейтін жан өзгелерді табағына қол сұққандай көреді емес пе? Ағасының тек жылы қатынас білдіргенінің өзіне талағы тарс айрылып қалғаны сезіліп тұр.
Айқын көшеге шығып такси ұстады да, вокзалға жетіп, Астанаға баратын поезға бүгін кешке билет алған соң, кіші ағасының үйінен үлкен жолға аттанды.
ҚАЛАДА
Айқынның Астананың тас жолдарын шиырлап жүргеніне екі айдан асты. Жастардың бәрі осында екені рас екен, қайда барса да алдынан гу-гу етіп таныс-білістері шығады, жайраңдап жүрісіп, жарқылдап күлісіп, қуанып қалады, тіпті танымайтындары да тез арада шүйіркелесіп, көптен білетіндей қауышып кетеді. Бірақ бәрінің де бір жұмыстары бар, бос жүрген адамды көрмейсің. Бір жаққа қауырт жөнеліп, одан қаптап келіп, қапыла кетіп жатады. Көңілдері кең, құшақтары ашық болғанымен жұмыстары тығыз, шаруалары бітпей жатады. Демалыс күндері ғана жағаны жайлауға салып жүреді, онда да құлақтарынан қалтафондары түспей, анау қанша екен, мынау не болыпты, қаншадан алуға болады деп әлдененің бағасын бір-біріне жеткізіп, қысқа сөзбен, қалт түсінікпен көбінесе өз арасындағы жаргондармен шалт қайырып жатады.
Келген бетінде қарсы алып, алақандарына салған ауылдастарының көңілі қазір сынық, әркім өз тірлігімен жанталасып жүр. Ұлттық университеттің магистратурасына түсе алмады, кезінде ағылшын тіліне көңіл аудармағандығы алдынан шықты. Басқасын жақсы тапсырса да шет тілінен сүрінді. Енді бір жұмысқа кірсем бе деп дәмеленіп жүр, бірақ соның сәті түсер емес. Оншақты жерге резюмесін беріп қойған, солардың бірі шақырып қалмас па екен деп күнде телефонына үмітпен қарайды. Ол пәтшағар да міз бақпай, үнсіз жатыр.
Ауылдасы Мұратпен бірге екі бөлмелі жайлы үйдің бір бөлмесінде пәтерде тұрады. Екінші бөлмеде тұратындармен бірде тату, бірде араз. Құрылыста қара жұмыс істейтін екі жігіт демалыс күндерін жиі мейрамдап кетеді. Кейде бөлмелеріне жеңіл жүрісті, арзан әйелдер әкеліп, олармен келісе алмай у-шу болып жататын кездері де жиі болып тұрады. Бұларды да өздеріне қосып алғысы келіп, үнемі үгіттейді, абиыр болғанда Мұраттың денесі сом, бұлшық еттері де ойнап тұрады, содан жасқанып қана бұларды өз дегендеріне көндіре алмай, қолмен кіріспесе де сөзбен шағып, кекетуді біледі. Айқын олардан іргесін мүлде аулақ салайын десе де құтыла алатын түрі жоқ, ортақ асүйде жиі кездесіп қалады. Ондағы тоңазытқыш та ортақ. Бірде бұлардың рұқсатынсыз пісіріп қойған еттерін жеп қойып, мас болып, айыра алмай қалыппыз деп абыройдан мүлде айрылған. Ондайлары кейде көбейіп те кетеді. Өздері көпшіл, ас істесе бұларды да шақырып, соңдарынан қалмайды. Ал жақындасып кетсең қайдағы бір ақымақтық істерге бастап, қыдырыс, жүрістердің лас түрлерін айтып, бастарын ауыртады. Қолдарының сұғанақтығы да жоқ емес екен, әсіресе бұрын бір отырып шыққан ана Алмастың сондай екені көрініп жүр. Бір күні Айқынға қымбат қалтафон әкеліп, арзан бағаға ала қойшы деп жабысты. Бір жерден қағып кеткені айдан анық. Ұрланған дүниені алуға болмайтынын білетін Айқын оның үгіттеген қыңқылына көнген жоқ.
Басында бұлар көршілеріне бір-екі рет қосылып көріп еді, абырой ала алмасын көріп, Мұрат екеуі іргесін аулақ салуға көшкен. Кейде аналар тамақ істеп, асүйде дуылдап жатса бұлар бір сылтау тауып, көшеге шығып кетеді.
Мұрат та оқымаған жігіт, бірақ аналардай дарақы емес, өз есебін біледі. Астананың бір базарында күзетші болып істейді, ас-суына жетерлік азықты сол жерден әкелгенімен айырып, айлық табысын жинап жүр. Бірақ кейде қызыққа елтіп, бұл да ақшасын көбірек шашып қойып, өкініп жүргені. Дегенмен Айқын өзінің Мұратпен тұрғанына дән риза. Артық-ауыс сөзі жоқ, томаға тұйық жігіт мұның ісіне араласпақ түгіл, не істеп жүргенін де сұрамайды...
Қала өмірі аяқ бассаң ақша екенін Айқын жақсы білетін, бірақ соның ішінде Астананың бағалары ақылға қонбайтын удай болғанына басында шошынып қалды. Бір тостаған шәйдің 500 теңге болғанын осы жерден көрді. Сол бағаны кафеде шай сатып тұрған адам ұялмай-қызармай айтады, ал сатып алушылар ондайға таңырқамайды, үнсіз көніп, ақшасын ұсынып жатады. Қайсының түк көрмеген, ит көнбіс екенін ажырату қиын. Қаңғырған қаңбақтың жөнін біл деп жұмсаған ханға Жиренше шешен әкелген: «ұшарымды жел біледі, қонарымды сай біледі, соны сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па?» деген жауабы сияқты қайсының ақымақ екенін айыра алмайсың... Маңдай тер, табан ақымен табылған пұл болса ақшаны бұлай қаудырлақ қағазға ұқсатып, бір тостаған шайға осынша жұмсамас еді деп бір-екі адамды көрсең айтар едің, ал бәрі солай жұмсап жатса – кімді ақымақ көрерсің? Ең абзалы пұлдан құн кеткен заман екен деп ойлады Айқын.
Тағы бірде «қымбат дүкеннен» 85 мың теңгенің белбеуін көрді. Олай айналдырып, бұлай айналдырып қараса – кәдімгі жақсы иленген жұмсақ былғарыдан әдемілеп жасалған белдік, бар артықшылығы - әшекейлі айылбас қана. Онысы алтын да, күміс те емес, тек қасқалатқан ақ темір. Мақтаса 10 мың теңге ғана тұратын дүниенің бағасын 100 мыңға тақап қойыпты. «Бояушы бояушы дегенге сақалын да бояпты» дегендей қымбат тауарлар дегенге осылай да қымбаттама екен деп Айқын қатты таңырқады. Осындайды да ала ма деп сатушы қыздан сыр тартып көріп еді, анау ара шаққандай шоршып түсті. Жаңа ғана ананы-мынаны көрсетіп, иіліп-бүгіліп қызмет көрсетіп тұрған қыз «е, осындай ма едің» дегендей» алая қарап, «конечно алады» деп шамдана қалды. Бейне бір өзі жасаған тауарды жамандаған адамды көргендей шамырқанғанына қарағанда бұл дүкенге кіретіндер бағаға таңырқамайтын болса керек.
Алғашқы күндері бәрін аралап көрген соң Айқынның қазір қайталап көруге ешнәрсеге зауқы соқпай қалды. Оның үстіне ақшасы да құмға сіңген судай болып, із-тұзсыз азайып, сусып барады. Ағаларынан ақша сұрауға намысы жібермейді, ал өзінің мұғалімдіктен бір жыл бойы жинаған тиындары Астананың бағасына төтеп бере алар емес. Енді тезірек бір жұмысқа тұрмаса болмайды.
Телевизор қараған болып төсегінде қисайып жатқан Айқын қалай күрсініп қалғанын сезбей қалып еді, ойын кіреберіс есіктегі шаң-шұң дауыстар бөліп жіберді. Көрші бөлмеде тұратын Қыдырбек екен. Бір жап-жас қызды жұлқылап, кір де кір деп үйге енгізбек болып жатыр. Анау кіргісі келмей, тартыншақтап, алға басар емес. Шыға қалған Айқынды көрген соң тіпті тырмысып қалды.
Қыдырбек соңғы кезде күзетке ауысқан, бір тәулік барып келеді де екі тәулік бойы осылай іші пысып, үйге сыймай жүргені. Кейде бөлмесіне қыздар әкеліп, көңіл көтеріп жататын. Айқындар оның істеріне араласпай, әңгімелерін де жүре тыңдайды.
Алайда көз алдында болып жатқан зорлыққа шыдай алмаған Айқын кіргісі келмеген қызға ара түсті.
-Қыдырбек, жібер, қайтесің, кіргісі келмей тұр ғой... - деп еді арашаға арқаланған қыз тіпті үдетіп кетті.
-Жіберіңізші, қолымды ауырттыңыз ғой... Қандайсыз... Кірмеймін дедім ғой. Кірмеймін бәрібір... – деп тыртысып, екі қолын босағаға тіреп, тұрып алды. Қыдырбек те сүйрелеп, қара күшке салуда.
-Осы жерге дейін неге келдің ендеше...- дейді алқынып.
-Өзіңіз ғой алдаған... Үйге кірмейсің дедіңіз ғой...
-Жә, Қыдырбек, жіберші. Қайтесің зорлап, - деді Айқын да.
Айқынның соңғы сөзі қамшы болып, Қыдырбек қызды желкесінен бір нұқып қоя берді. Өзі аздап ішіп алыпты, аузынан аңқып тұр.
-Неменеге араластың? Өтірік бәлсініп тұр да... Әйтпесе талайды көрген проститутка емес пе?
-Оны қайдан білдің? Жап-жас қой...
-Жастығына қарай ма? Мына жердегі колледжде оқиды.
-Немене, колледжде оқыса проститутка деп пе едің? Обал ғой, жап-жас қызды солай деу. Қарындасымыз емес пе?
-Ой, сен де... Қазір қарындас дейтін қыз бар ма? Ақша табу үшін қазір студент қыздардың бәрі де тәндерін саудалайды. Сен ауылдан жаңа келдің ғой, ондайды біле бермейсің...
-Ендеше неге кірмеймін деп тыртысып қалды?
-Үйге кіргізсе мені ақша бермей, алдап кете ме деп тұр... Алдымен ақшаңды бер деп далада сұраған... Мен мына жердегі үйде, кіріп алып шығамын деген едім. Енді сені көрген соң бұлар екеу болып зорлап, ақша бермей қуып жібере ме деп тұр да... Оның үстіне сен болысқан соң ұялып қалғаны ғой, өзінше...
-Өзі келіскені шын ба?
-Мен сені алдайды деп пе едің?
-Сұмдық екен...
-Біздің әкеліп жүрген қыздарымызды көрмейсің бе? Шетінен сондайлар ғой...
-Сонда мұндайлар ертең қайтып адам болады? Қайтып күйеуге шығады?
-Е, мұндайлар ертең-ақ ауылдың бір аңқау жасының етегінен ұстап, майысып келін болып шыға келіп, керемет үй болып кетеді. Ондайдың талайын көріп жүрміз...
-Күйеуі біліп қалса ше?
-Білсе не болсын, намысы бар біреу болса қуып жібереді, ал намыссыздар сондайлармен тұра береді. Баласы болса қимайды ғой. Өтірік білмеген, естімеген болып жүре береді де...
Айқын жаман түршігіп кетті. Заман не болып барады өзі? Ата-аналары ғой балаларын оқуға жібердік деп анда жүр, ал бұлар мұнда бұзылып, көрінгеннің қолжаулығы болып, тәнін сатуда...
Айқынның түрінің бұзылып кеткенінен Қыдырбектің өзі сасып қалды.
-Өй, сен саспа, қыздардың бәрі жәләп емес, дұрысын табуға болады. Саған дұрысын табамыз, әлі, қорықпа, - деп өзінше жұбатқан болып жатыр.
Кеше бір ауылдасы хабарласып, Айқынды түнгі клубқа апарып, қызық көрсетпек болған. Өзі сол жерлесін тосып, үйден шықпай жатқан еді, бірақ Қыдырбектің сөздерінен кейін ешқайда баруға зауқы болмай қалды. Қыз атаулының бәрі тәнін саудалайды дейді, сонда дұрыс қызды қалай таппақ? Ауылдағы Қорабай құрдасы алған қыз да сондай болып шығыпты. Біраз тұрған соң оның үйіндегі қолға ілінетін кәкір-шүкірлерін теріп алып, іздеп келген біреудің мәшинесіне отырып, тайып тұрыпты. Жасы бұдан үлкен болса да құрбыдай сырласатын Қали деген мұғалім жігіт бар еді, сол телефонмен айтты. Тіпті қалада жезөкшелікпен айналысып, баласы болып қалған соң ғана Қорабайға тие салған екен. Енді еті үйренген соң мұны місе тұтпай, қалада бірге сайрандаған жігіттерінің бірін шақырып алып, ғайып болыпты. Бәсе, көзі жәудіреген аппақ әйел еді, Қорабайды қайдан менсіне қойды десем, сондайы бар екен ғой деп ойлаған Айқын Қыдырбек айтқан жезөкшелердің ауылға да келе бастағанына көзі жетіп, шошына түсті.
Кешке түнгі клубқа апарамын деген жерлесі Елдос келіп, мұның бармай-ақ қоялықшы дегеніне қарамай, сүйрелегендей болып алып шықты. Екеуі Айқынның көптен бері баруға құмартқан қызығын көру үшін таксимен сонда келді.
Есілдің екі бетіне салынған қаланы тұрғындар «оң жағалау», «сол жағалау» деп екіге бөледі. Соның оң жағалауы ескі қала да, жаңаның бәрі сол жағалауға шоғырланыпты. Архитектураның озық жетістіктерін қолданып жасалған үйлер бір-біріне ұқсамайды, бірақ бір-бірімен үйлесіп, бірінің жоғын екіншісі толтырып, көздің жауын алады. Көңіл тоқтатып қараған жанның бәрі де оларды көргенде таңырқамай қала алмайды екен. Әрине, мұның бәрі бұрын басқа жерлерде салынған құрылыстар болуы мүмкін, бірақ солардың Сарыарқаға келіп сап түзей қалғандығының өзі қазақ даласының айрықша түлеп, жаңа өмірді бастағанын көзі ашық жанның бәріне танытып тұр.
Сәнмен салынған, биік үйлердің көбі адамға ыңғайлы, жайлы болуды ескерген. Барлық биік үйлердің астында автомобильдер тұратын паркингтер. Бірінші қабаттары азық-түлік дүкендерінен басқа тегіс қызмет көрсету орындары. «Шоқжұлдыз» атты түнгі клуб та сондай сәнді үйлердің бірінің астына орналасқан екен, кіреберісінен төріне дейін бір міні жоқ жалтыраған қара плиткамен көмкеріп тастапты. Жарығы күңгірт, қабырғалары да қара түспен боялған, соның әсерімен тіпті қараңғы болып тұрған көрдей жерге кіргенде Айқынның басы айналғандай болды.
-Түнгі клуб дегеннің қызығы осы ма, басым айналды ғой?
-Саспа, қызықтың бәрі алда, - деп жол көрген Елдос қараңғы түкпірге қарай сүңги берді. Алдынан шыққан даяшы қыздардың біріне сыбырлап еді, анау жол бастап Айқындарды орта тұстағы бір орынға отырғызды.
Атына қарап ерекше бірдеңе болады деп күткен Айқынның түнгі клуб дегеннен көңілі шу дегеннен қалды. Тамақ жеу, сусындар ішу, билеу, одан қайтып келіп тағы отыру, тағы изең-изең би, жастардың айғайы. Бір уақытта үстінде ұятты жерлерін ғана жапқан лыпасы бар жуантық әйел шықты. Әркімнің үстеліне бір барып, құлақ тұндырар музыканың ырғағымен сыған ба, африкалық па, латын америкалық па, әйтеуір біреулердің биін билеген болып, бөксесін селкілдетіп еді, бір дарақылар беліне, төсіне ақша қыстырып жатты. Арақ-шарапқа қызып алған қазақтың жастары әбден мәз, айғай-ұйғайдан, ысқырықтан, қышқырудан құлақты тұндырып жібере жаздады. Бәрінің сөзі орысша, қазақша үн шығарса қақалып қалатын сияқты. Қатты музыкадан өзге түгіл жаныңда отырған адамның дауысын естімейсің. Оның үстіне күндіз де күн түспейтін етіп есік-терезесін тұмшалап қойған орынның іші ыстық, ауасы ауыр, қапырық. Айқынның басы ауырып, жүрегі лоблыды.
-Елдос, кетейік, мен тойдым мынадан...- деді ол айғайлап.
-Кеткені несі, қызықтың бәрі енді басталады, - деді анау. Өзі мұндайға әбден еті үйреніп алған тәрізді, шуды бола түссінші дегендей қызынып алыпты. Басқа жастар да ортаға шығып алып, шамасы келгенше айрықша болып көрінгісі келіп, ойына келгенді билеген болып жатыр. Олардың ерекшелігіне, жарасымына ешкім көңіл аударып жатқан жоқ, әркім өзін өзі қызықтауда. Жігіттер түгіл қыздар да белсеніп алған, жуысып кеткен еркек кіндіктіге жабыса кетеді. «Қарап тұрған жігітке қыз артылар» деген Мөңке бидің сөзі дәл келіпті. Ара-арасында арық-тұрақ, ілмигендер де, орынсыз жалпайып, толып кеткен жуантық қазақ қыздары да көп. Бұрын мұндайда тал бойының бір міні жоқ еуропалықтар ғана ортаға шығып аласұратын, әсіресе ақ сандары мен аршын төстерін жарқылдатып, сал бөксесін солқылдатып орыстың бикештері жүретін еді, ал қазақ жастарының көбі ұят сақтап, шегіншектей беретін. Оның үстіне бойының тапалдығынан, мойнының қортықтығынан қорынып, еркін қимылдай алмайтындар да көп болатын, мына жерде сондайлардың да күні туған сияқты; әрі қараңғы, әрі ешкім көңіл аударып жатпаған соң ондайлар ара-арасында шыңғырып қойып, шаштарын жайып жіберіп, бастарын сілкіп, денелерін жынданған жандардай жұлқынтуда. Бәрі де елігіп, музыкадан басқа дүниені ұмытқан. Қазір керісінше, еуропалықтар сырылып қалыпты, қазақ жастарының бойы да өсіп, ойы да болып, еті де толып, өрісі кеңіген екен.
Ақыры Айқынның жүрегі көтеріліп, әжетханаға барып, ішкен-жегенінің бәрін құсып тастады. Жалынғандай болып Елдосты қараңғы көрден зорға алып шыққан ол далаға шыққанда ғана «ух» деп бір-ақ тыныстады.
-Ендігі көрмегенім түнгі клуб болсын. Азап қой мынау...
-Ештеңе етпейді, етің үйреніп алса әлі ұнайтын болады. Бірінші рет келген соң солай болып тұр ғой. Жиі келу керек...
-Атама, атама... енді желкемнің шұқыры көрсін...
-Мен де алғаш көргенде осылай ойлағам. Сосын үйреніп алдым, қазір келгім келіп тұрады.
Айқын Елдостың жүзіне сенімсіздікпен қарап еді, анау қарғанып, өзінің шын айтып тұрғанын жеткізді. Үйге жеткенше Айқынның ойы астан-кестен болып, адамның аңсаулары қалай тез өзгеретініне таңырқап келеді. Осы Елдос, бір-екі жас үлкендігі болмаса, ауылда қатар өскен құрбысы еді. Томаға-тұйық, қойдан жуас, қоңыр бала болатын, кейде қолындағысынан айрылып жүретін болбырлығы да бар-тын. Жергілікті университеттің экономфагын бітіріп, осыдан 3-4 жыл бұрын Астанаға кеткен, бағы жанып бір банкке жұмысқа кіріп кетіпті. Бұрын оның қызметін «клерк» деп жұрт менсінбейтін, қазір сол жұмыс «менеджер» деген әсем атау алып, әжептәуір қызметке айналыпты. Жігіттің өзі де ширап, нағыз «келсең-келдің» өзі болыпты. Еңбекақысы да жоғары екен, айтқысы келмеп еді, сөзден сөз шығып, білдіріп алды. Оның үстіне көлденең табысы да бар сияқты. Сөзі де, өзі де пысық, шашасына шаң жұқтырмайтын өз ортасының жүйрігі болғанға ұқсайды. Көмескі жарықта екі көзі шоқтай жайнап, қыздарды оңды-солды серпіп, кейде кеудесін төсімен жаншып, әрі итеріп, бері итеріп құтыртқанда жұрттың бәрінің көзі осыған түсті.
Адам аз уақытта қалай өзгереді? Айқынның соған ақылы жетпей қойды. Айналаның адамды өзгертуі оп-оңай болғанда бәлен жылдан бергі қалып қайда қалған? Әлде... Әлде адамның ортасына қарап өзгеруі заңдылық па? Сонда мен де өзгеруім керек пе, өзгермесем көзге шыққан сүйелдей болып, орыстар айтатын «ақ қарға» болып қаламын ба? Кешегі Айдын, бүгінгі Елдостар - бәрі ортасына қарай оңалмастай болып өзгерген сияқты. Өмірдің өзі өзгеріс пе екен әлде, бір орында тұра берген тек жансызға ғана жарасатын шығар деп ойлады Айқын аяқ астынан бір тосын шешімге тіреліп...
* * *
Айқын қалтафонына түскен нөмірге қайыра хабарласқан еді, резюмесін берген мектептердің бірі екен. Әуелі мектепке бармаспын, мұғалім болып балалармен басымды ауыртып қайтемін, одан да ақшаны көп төлейтін бір жерге аудармашылық па, әлде өкіметтік органдардың біріне шенеунік пе – сондай бір қызметке тұрсам деп армандап еді, оларға тұру оңай емес көрінеді. Ондай жерге тек ағасы мен жеңгесі, апасы мен жездесі жетелеп жүргендер ғана кіре алады екен және бос жетек емес, майлы жетек болса ғана өтімді болмақ. «Жетектеп салған тазы түлкі алмайды» деуші еді, мыналарда керісінше – жетекпен жүргендердің жұлдызы жанып кетеді.
«Тиімді жұмысқа қызметкер керек» деген құлақтандырулар көп екен, еңбекақысы жоғары деген соң солардың біріне хабарласқан. Май жаққан терідей жылпылдаған бір жігіт қарсы алып, жұмыстың қиын еместігін, жайдан-жай отырып миллиондарды табуға болатынын айтып, барлық жақсылықты үйіп тастады. Айқын оның ұзақ-сонар сөздерінен шетелдік фирмалармен қатынас жасап, солардың ұсынған тауарларын алатын клиент табу керектігін, өткізген тауардың бәлен проценті мұның шотына қарша жауатынын, ал тауарлардың бәрі өтімді, күнделікті сұранысқа дүниелер екенін, ондайларды жұрттың бәрі таласа-тармаса сатып алатынын, мұның дер уақытында келгенін, енді екі-үш күннен кейін қызметкерлер қабылдау тоқталатынын айтып, қызықтырудай-ақ қызықтырды. Сендей білімді жастар аз уақытта тез байып, үй де, мәшине де алып жатыр, сосын өздерінің бизнесін ашып жатқандар да көп деп қызыл тілін безеп бақты.
Айқын қолп ете қалмаса да істеп көруге болады екен деп көніп қалды. Ендеше алғашқы жарна ретінде он бес мың төлейсің, сосын құжаттарыңды өткізген соң өзіміз хабарласамыз, деді. Паспорты мен дипломының ксереокөшірмесін де жып еткізіп түсіріп алды. «Асатпай жатып құлдық деме» демекші алдын-ала, көрмей-білмей жатып неге ақша төлеуім керек деген еді, жылтыр жігіттің қабағы түйіліп, талағы тарс айрылып кетті.
-Осы сендер, қазақтар, бұлданып шыға келесіңдер, сендерге мынадай выгодный жұмыс ұсынылып тұрса да кергисіңдер. Сендердің құжаттарыңды түсіруім, фирмаға жіберуім, резюмеңді ағылшын тіліне аударып беруім - бәр-бәрі ақша емес пе? Соның бәрін тегін істейді деп пе едің? Оның үстіне компанияға кепілдік жарна төлеу де міндет, - деп қараспанды жаудырып жіберді. Сенің ақшаңды ешкім де жемейді, түбіртек жазып береміз, жеп кетті деп даулағың келсе сотқа шағым айтасың деп тіпті сендірді.
Айқын он бес мыңын беріп, телефондарын жазып алып, 2-3 апта бойы күткен еді, қымс еткен дыбыс болмады. Өзі бір-екі рет телефон соғып еді, «тос, тоса тұр» дегеннен басқа жауап жоқ. Мұрат ондайлардың алаяқтар екенін айтып, сендейлерден ақша жинап алып, тайып тұрады, сотқа берсең 15 мың үшін ешкім іс қозғамайды, ал өзің сияқтылармен бірігейін десең, оларды да табу қиын деп қорқытып қойды. Амалы жоқ, Айқын офиске барып еді, жыпылдақтың орнын сипап қалды, дәл сол жерді басқа біреулер арендаға алып үлгеріпті. Сөйтіп, айдың-күннің аманында он бес мың ақшасынан айрылып шыға келді. Енді ондайлардан аяғын аңдап басып, құлақтандыруларды таңдап қарайтын болды.
Сөйтіп, жұмыс таба алмай біраз уақытын босқа өткізіп жіберген. Ақыры басқа амалы құрыған жігіт енді көп мектептердің біріне орналассам да нан табуым керек деп шешіп, оларға да резюмесін тарата бастаған. Хабарласқан қыз сондай мектептің бірінен екен. Ертең сағат он бірлерде келіп қалыңыз, директор сізбен сөйлеспекші деген қыздың тақ-тұқ еткен қатқыл үні қалтафонды жарып жібере жаздады. Айқын мектептің адресі мен баратын автобустардың нөмірін сұрап алғанша асығып, телефонның құлағын қоя салғысы келіп тұр.
-Қарындас, енді директорыңыздың аты-жөнін айта қойыңызшы, деген еді:
-Түу, ағай, оны келген соң да білесіз ғой, сау болыңыз, - деп телефонын жаба салды.
Апырмай, хатшыға дейін асыққан не заман болып кеткен, өзі? Тым болмаса бір артық хабар айтпады-ау, «Сенная база» дегені қай жақта екен? Қаланың бір қиырында болса оңайлықпен жете ала ма? Жарайды, Мұрат келген соң сұрап алармын, қаланы сол жақсы біледі деп ойлаған жігіт директоры жақсы адам болса игі еді, кездесуде қандай сұрақтар қояр екен деген ойларға беріліп кетті.
...Тұрған жерінен екі автобусқа отырып баратын мектепке Айқын бір сағаттай жүріп, зорға жетті. Қала соншалық үлкен болмағанымен кептеліс сұмдық, көп көліктің жүрісіне есептелмеген, негізгі сүйегі бұрынғы провинциалдық қаланың көшелерінен құралған шаһар енді жойқын жүріске шыдас бере алмай, мәшинелердің адымын аштырмай жатыр. Жұрттың бәрі Алматының көшелерін оқтай түзу қылып, контурын сызып берген Колпаковский дейсің бе, қалай ыңғайлы болса солай тарта салған кеңестік архитекторлар бір жерден шыққан көшенің ұшын екіншісіне үйлестірмей, кең болып келгенін тар қалыпқа түсірсе, тар болып келгенін жоқ жерден жалпаққа айналдыра салып, үйме-жүйме, ию-қию көшелерді мұраға қалдырыпты. Түні бойы ішкеннен ертесіне басы ісіп, көзі жұмылып, әйтеуір жұмыс істеу керек болған соң сызуын жасауға мәжбүр болғандардың қолы секілді болып көрінеді.
Жаңадан салынған, үш қабатты, өте жалпақ, зәулім мектеп сонадайдан көзге түсіп тұр. Төңірегі таза, түскен ине табылардай жарқырайды, соған қарағанда мектеп директоры өз ісіне мұқият қарайтын, тыңғылықты адам сияқты.
Есіктен кіреберіс аранда отырған вахтер әйел каникул уақытында бейсауат келген адамға үдірейе қарап, үнемі оқушыларға айғайлап отырғаннан сыпайылық дегенді мүлде ұмытып қалған дүңкілдеген даусымен Айқынның кімге келгенін шұқшия сұрады. Директордың шақыруы бойынша келген едім дегенге де айылын жия қоймады, аты-жөнін сұрап, жанында тұрған телефоннан біреумен хабарласып жатыр. Ар жағындағы адам күте тұрсын, өзіміз шақырамыз деген болуы керек, иегімен ескі диванды нұсқап, отыра тұр, қазір өздері шақырады деді.
Айқын мектептің ішіне қызыға қарап отыр. Жөндеуді толық аяқтап қалған секілді, едені айнадай жарқырайды, қабырғаға ілетін түрлі тақырыптағы біркелкі тақталарды да тізіп үлгеріпті. Ішке енген барлық адамның көзіне жарқырап көрінетін гимн мен герб те өз орындарында тұр. Ардақты ұстаздар мен озат оқушыларға арналған стенд те әсем етіп жасалып, суреттері рет-ретімен тізіліп қалған. Бәрі бір ізді, ала-құласы жоқ. Айқын өзінің ауылдағы мектебінде осындай стендтерді жасап, суреттер мен мәтіндердің бір қалыпқа келтіремін деп көп азаптанып, иттей әуре болғанын еске алды.
Мектеп ішіне сұқтана қарап отырған оның ойын вахтер әйелдің аяқ астынан сіз деп сызыла қалып, «кіріңіз» деген дауысы бөліп жіберді.
Директор орталау жасқа келген, түрі байсалды, байыппен сөйлейтін әйел адам екен, Айқынға қатқылдау үнімен тіл қатып, сыпайы сөйлесті. Дипломындағы кілең бестік бағаларды бір шолып өтті де, мектепте неге бір-ақ жыл істеген себебін сұрады. Алдын ала дайындап келген жауабымен оған Айқын ауылда балалар азайып, мектеп жабылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып сытылып кетті.
Қазір мұндай сылтау Қазақстанның оңтүстігінен басқа барлық облыстарында болғандықтан аттай шабатын.
-Мектептерің орталау болып па еді?
-Иә, енді бастауыш мектеп болып қалмақшы, сондықтан жоғары сыныптарға беретін мамандар қызметтен шығуға мәжбүр болдық...
-Ым-м... Жалпы, мұғалім болуға ықыласың бар ма? Әлде басқа жұмыстың ыңғайы болмаған соң келіп тұрсың ба?
-Мақсатым магистратураға түсіп, білімімді жетілдіру еді, оған ағылшын тілінен төмен баға алып өте алмай қалдым. Ал мұғалім болуды бала жасымнан армандағанмын... Бірақ...
-Не бірақ?
-Бірақ қазір еңбекақысы төмен, қоғамдағы беделі төмендеп қалған мамандық болған соң ықыласым біршама суып қалды.
-Да... оның енді рас. Үкімет қолдамаған соң қоғам да мұғалімдерді құрметтеуді қойды...
Айқын директорға жылы қатынасты жол тауып, өзінің ойын мақұлдатып, осы заманғы ғылым айтатын «коммуникабельді контакт» орната білген өзінің өнеріне іштей риза болып отыр.
Одан арғы әңгімеде еңбекақы, жұмыстың барысы, сағат саны, еңбек тәртібі жөнінде айтылып, Айқын Астананың бір шетіндегі 54-ші мектеп-лицейдің тарих пәнінің мұғалімі болып шыға келді. Ауылда бір жыл істесе де «қызыл диплом» алғандығының арқасында ғылыми еңбектерімен көрініп жүріп, бірінші категорияны мерзімінен бұрын алған еді, оның да пайдасы болып, мұғалімнің ортаң қолдай жалақысын алуға қол жеткізді.
Бірақ осы жалақымен де Астанада өмір сүру қиын екен, тапқаны пәтерақысын төлеуден сәл ғана артылады. Қыдыру, жүріп-тұру түгіл жақсы киім-кешек алуға де ақшасы жете бермейді. Барлық мұғалімдердің тауып алған қосымша еңбекақысы бар. Мектеп басшылары ондайға көніп, негізгі жұмысын ақсатпаса қарсылық білдірмейді екен.
Айқынға берілген 9-10 кластардағы балалардың қабілеті әртүрлі. Қалада туып, қалада өсіп келе жатқандары самарқау, сабаққа ынтасы төмен. Есіл дерті қолдарындағы ұялы телефондарымен ойнау немесе әлеуметтік желі арқылы бір-біріне хат жазу. Оларын алып қойсаң тағы бәлеге қалатын көрінесің, ата-анасына айтса, кейбір әпербақандар мектепке келіп, шу шығаратын көрінеді. Мұғалімдер мүлде алып қойып, пайдасын көретіннен жаман, еңкілдеп келіп, ерегіспе сөздерін айтып кетеді екен. Сондықтан қалтаңа сал, сабақты тыңда деп қайта-қайта ескертумен шаршайсың. Ал ауылдан көшіп келген қазақтардың балалары сәл жуастау, кейбірінің тұрмыстық жағдайы да төмен екені көрініп қалады. Үйлерің бар ма деп сұрасаң, пәтер жалдап тұрамыз дейді. Бұл аймақ қаланың шеті болғандықтан бұрын қалалықтардың саяжайлары болған екен, сол жерлерге кейбіреулер жұпыны баспаналар тұрғызып алыпты. Олары тым шағын, су, жылу деген жоқ. Отынды сатып алып, үйін жылытады, ал суды алыстан тасымалдайды. Көбінің ескі-құсқы жеңіл мәшинелері бар, ауылдың қара арбасы сияқты, тұрғындар барлық шаруасын сонымен бітіреді. Сондықтан үсті-бастарын күтудің өзі оңай шаруа емес сияқты. Есесіне солардың көбі оқуға ынталы. Әсіресе, Сара деген қыз ұқыпты, оқуына да тиянақты. Ақылына көркі сай, талшыбықтай бұралған бір керім. Сабақ сұрағанда үнемі қол көтеретіндердің бірі сол, өзі белсенді, мектептегі қоғамдық жұмыстардан да қалмайды, қашан көрсең, мұрнынан шаншылып, бір тірлікпен айналысып жүргені.
Мұғалімдер оқушыны аңдыса, балалар да мұғалімді сынап жүреді ғой. Айқынның білімі терең, білігі жан-жақты екенін олар да сезіп қалыпты, нешетүрлі құйтырқы сұрақтар беріп, кейде сабақ сұратпаудың амалын жасап, қызық дүниеге тартқысы келіп тұрады. Ондайдың көбіне Айқын жауап тапқанымен қысқа қайырып, сабақтың талабына бұруға тырысады.
Осы күні Айқынды бір мазасыздық басып алды. Қай кезде келе қалған сезім екенін сезбей де қалды, әлі оныншы класта ғана оқитын Сараны ішінен ұнатып, көргісі келеді де тұрады. Шіркіннің жалт-жұлт еткен ұялы қара көздері қандай, ішіне бәлелі сыр бүккендігі білініп тұрады. Кейде бәтшағар өзіне терең сырмен ұзақ қарап қалатынын да сезіп, тынышын кетіреді. Қазақ айтатын аршыған жұмыртқадай ақ білектерін таянып, ойланып отыра қалғаны қандай. Аялап ұстап, армансыз сүйіп алса ғой деген ойлар басына талай рет келді.
Апырау, осыным ұят қой, өзім оқытып жүрген он алты жасар қыз балаға бойжеткен деп қарауымды біреу сезіп қалса, абыройым айрандай төгіледі-ау деген ой жас жігітті көптен бері тығырыққа тіреп жүр. Сезімін күшпен басып, сездірмеуге тырысқанымен қызды көргенде жүрегінің елжіреп, қаттырақ соғып, сөзінің берекесі қашып кететінін бақылайды. Бүгінде міне, оның класында соңғы сабақты беріп, «ал хош болыңдар» деп босатқаны сол еді, жұрттың аяғында шыға берген қыздың төңкеріле қарап, жалт еткен жанары ыстық шоқтай қарып алды. Тегін қарас емес, өзіне деген айрықша сезімнің көз қарасы екендігі көрініп тұр...
Пәтерде әлі де Мұратпен бірге тұрып жатыр. Оның базардан ала келген олжа тамағына ортақтасып, әкелген етін қуырып, кейде асуға машықтанып, әйтеуір тамақтан өтетін бір жылы-жұмсақ жасауға шебер болып алды. Тамақты өздері істемесе асхана, дәмханалардың асына ақша шақ келмейді. Өткен айға алған 80 мыңының 30 мыңын пәтерге берді, қалғаны екі рет ауыстырып, күніне төрт рет мініп баратын автобус пен мектептің дәмханасынан түсте ішетін тамағынан да қалар емес. Жұмысқа кірген кезде кейде кешігіп бара жатса таксиге отырушы еді, ол да қалтасын тесіп жіберетін болған соң бас тартып, шамасы келгенше ерте тұрып жүр.
-Сен проездной сатып алсаңшы, сонда біршама ақшаңды үнемдейсің ғой,- деді бірде бұған қарағанда тіс қаққан Мұрат.
Сол сөз ақыл болды, қазір бір айға «проездной» алып, сонымен тегін жүреді. Сонда да ақшасы құтаятын емес, өткен айлығына бір жақсы күртеше сатып алған еді, қалтасы тақырланып қалды. Енді келесі айға дейін ілдебайлап, біреуден қарыз алмай жетуге тырысу керек.
Мектепте өзі қатарлы жас мұғалімдер көп екен, әсіресе қыздар жағы жетерлік. Әзілқойлау біреулері дәмханадан арзандау тамақ іздеп тұратындығынан мұның қалтасының тайыздығын сезіп қалып, біршама күлкі қылды. Өздері де оңып тұрмаса да қазақтың «жыртық тесікке күлетіні» қалмаған ғой.
Бүгін сабақтан ертелеу келіп, банкоматта жатқан соңғы тиындарын сыпырмақ болып еді... о, ғажап, ғайыптан тайып 100 мың теңге түсе қалыпты. Е, бұл қайдан келді, біреудің қателіктен маған түсіп кеткен ақшасы емес пе екен деп күдіктене қалғаны сол еді, қалтафоны шыр ете қалды. Айдын ағасы екен, қай күнде қысқа сөйлесетін дағдысымен:
-Қал қалай, алдың ба? – деді ол.
-Нені?
-Саған әнеугі айтқан карточкаңа 100 мың теңге салып жіберіп едім ғой...
-Ә, сен бе едің... Рахмет, алдым.
-Жақсы, онда, деп анау трубкасын жаба салмақ еді:
-Өй, тым болмаса бір ауыз сөзге келсейші... Өздерің амансыңдар ма? Мына ақшаны не үшін салдың? – деді Айқын дауысын қатайтып.
-Е, ақша артық болмайды ғой... Өткенде ауылға барып едім, мамаша, көмектесіп тұрсаңдаршы, қайбір жетісіп жүр дейсің. Бізге бергенше соған бір тиын-тебен жіберіп тұрыңдар деген соң салғаным ғой...
-Е, бәсе...
Айқынның көзінен ыстық жас ыршып кетті. Қайран анам-ау, өздерін ренжітіп, тастап кетсем де мені ойлайды. Осы жақсылығыңды қайтара алар ма екенмін деп ішінен тебіреніп кетті...
- Әй, неге үндемей қалдың? Үзіліп кетті ме? – деп Айдын да дігерлеп барады. Даусының қобалжығанын білдірмейін деп дауысын қатайтып:
-Қалай, бизнесің дұрыс жүріп жатыр ма? – деді.
-Нормально... Бізге салықты көбейтіп жіберді, кредит алу да қиындап барады... Екі точкамды қысқарттым, - деп Айдын өзінің әлеуләйіне бұрылып кетті.
-Айбын ағаны көріп тұрасың ба?
-Көп болды, көргем жоқ. Естуімше Кариб аралдарының біріне әйелімен бірге дем алуға кетіпті. Сен, сол бай ағаңнан да ақша сұрап тұрсаңшы, ақшасын қайда шашарын білмей жүрген жоқ па? – деп Айдын әзілдеген болды.
-Берер ол... Ана жолы осында бір қыдырып келіп, өзімнен 20 мың теңге қарыз алып кеткен. Әлі қайтарған да жоқ...
-Ой, не ғып, 20 мың теңгеге зәру болып қалып па?
-Қалтасындағы ақшасының бәрін құртқан ғой... Осында бес жұлдызды қонақүйдің бірінде жатыр екен, дем алып, көп ақшамды жұмсап қойыппын, банкоматтан алсам, жеңгең біліп қалады... Сен бере тұр, артынан екі есе қылып қайтарармын деген. Содан бері аумин, хабарласқан да жоқ...
-Е, дем алудан қолы тимей жүр де... Ал, жарайды бауырым, маған клиент келіп қалды, сау бол, - деп Айдын телефонын жаба салды.
Дегенмен, осының жобасы түзу деп ойлады Айқын оның 100 мың теңгесін тұтасымен банкоматтан алып жатып.
Бірінші сабақ болмаған соң ертесіне мектепке асықпай келген. Мұндағы жұрт у-шу, жақын маңдағы жұпыны үйлердің бірінен өрт шыққан екен, бір отбасы далада қалыпты. Кімнің үйі екен десе, ол Саранікі болып шықты. Шешесі мектепте кітапханашы болып істейтін, әкесі күні бойы жеңіл мәшинесімен таксиші болып, кісі тасып күн көретін. Үй суық болған соң шешесі от жағып, мектепке кетсе, иесіз үйде сәкіге шоқ түсіп, өрт шығып кетіпті. Сараның екі інісі төменгі кластарда оқитын, оқулары түстен кейін болған соң аман қалған екен. Қыздың өзі түстен кейін мектептің бір қоғамдық жұмысымен жүріп, үйіне бара қоймаған ғой, өрт сол кезде шығып отыр.
Киім, мүлік атаулысының бәрі күйіп, қыстың көзі қырауда аңырап-боздап қалған отбасына көмектесу үшін мектеп мұғалімдерден жылу жинауды ұйымдастырды. Жақын маңдағы бір үйшікке уақытша пәтерге орналастырылған отбасының жағдайы мүшкіл: не төсек орындары, не киер киімдері, не ас-сулары жоқ.
Мектепте біреулер киімге, біреулер басы артық үй мүліктеріне жазылып жатқанда Айқын қалтасындағы ағасы жіберген 100 мыңды тұтасымен салды. Ақша жинап, тізім жасап жатқан көңілі жақын апай оған таңырқай қарап, аңтарылып қалыпты.
-Айқын шырағым-ау, директордың өзі 30 мың теңгеге жазылып жатқанда мынауың көптеу ғой... Жартысын берсең де жетер...
-Жоқ, апай, қолдан келген көмегім ғой. Бәрін алыңыз...- деп Айқын ақшасының жартысын қайта алғысы келмеді...
Осы оқиғадан он күндей өткенде есін жинаған Сараның анасы кәсіподақ жиналысына қатысып, жұрттың бәріне алғысын айтып, көптің алдында көзін шылап, жылап жіберді. Оның қайғысына бәрі де қапа болып, сөйлегендер басу айтты. Дегенмен... Қазақтың уқит-суқиты қалған ба, Айқынның 100 мың теңге көмек бергені де біреуден біреуге жетіп, өсек-аяңның өзегіне айналмай қалмады. Әркім әртүрлі саққа жүгіртіп, жас жігіттің мұншалықты жомарттығының сырын топшылаумен болды. Жаны ашығандығын жасыра алмаған Айқын өзінің шалыс басқанын білген жоқ, ақыры өсектің өрті Сараны ұнататындығына да жетіп жатты...
Бір күні Айқын өзінің тарих кабинетінде сабаққа дайындалып отыр еді, есік қағылды. «Рұқсат па, ағай» деп имене шыққан дауысқа жалт қараса есікте Сара тұр. Бетіне жүгіре қалған қызғылт ұшқын сүйкімді жүзін тіпті нұрландырып жіберді.
-Келе ғой, бір жұмысың бар ма еді? – деді Айқын сыр білдірмей.
-Жоқ, ағай, ешқандай жұмысым жоқ, тек Сізге алғысымды білдірейін деп келіп едім. Өткенде біздің үйге үлкен көмек жасадыңыз...
-Оқасы жоқ, жұрттың бәрі де көмектесті ғой...
-Иә, бәрі де көмектесті, бірақ Сіз бәрінен де көп көмектестіңіз... Рахмет ағай...
Жайшылықта ашық жарқын, батыл сөйлеп, ойын емін-еркін айтып жүретін қыздың үні шықпай, жан-дүниесі неге қысылып қалғандығының сырын Айқын сезіп тұр. Жәудіреген мөлдір қара көздерінің тұнық қарасының өзі де көп ойды ұқтыруда. Тіпті алға басуға да именіп, жүрегінде елжіреген сүйіспеншілігі аяқ-қолын бұғаулап тастағандай. Жақындап барып қолын ұстап, аялағысы келсе де жігіт өзінің сезімін күшпен басып, орнынан қозғалған жоқ. Екеуі де осы қалыпта ұзақ отыра беруге бейіл сияқты. Ақыры Айқын қызды көп қинағысы келмей:
-Жарайды Сара, бара ғой. Бәріміз де көмектестік қой. Онда тұрған ештеңе жоқ, - деді. Арқасынан бір жүк ауып түскендей Сара тез бұрылып, шығып кетті... Дәл есіктен шыға бергенде шұғыл бұрылып, жалт етіп қарағаны да сілейіп, соңынан қарап тұрған жігітті ток ұрғандай қатырып тастады. Осы қалыпта Айқын өзінің ұзағырақ отырып қалғанын сезбеді.
Осы күндері Айқын таңертең тұрғаннан мектепке асығатын әдет тапты. Орнынан да сергек тұрып, өне-бойы елгезектеніп, жүгіре басқысы келіп тұрады. Жүрегі лүпілдеп, алыстан болса да Сараны бір көруге асығады. Апырмай, мына жас қызға арбалып қалғаным ба, мен қандай педагогпын өзі, деп өзін-өзі ішінен сөгіп қойғанымен екеуінің арасы жеті жыл ғана екенін есептеп қойған. Соншалықты көп емес, бірақ ол әлі оқушы ғой, студент болса бір сәрі еді. Жүрекке әмір жүрмейді деген осы ма, қай кезде оған шырмалып қалдым өзі, деп жігіт кей түндері ұзақ ойланатын болған.
... Оқу жылы қызып, екінші тоқсанды орталай бастаған бір күні мұны директор шақыртып, ерекше ұсыныс жасады. Сыртынан сынап, қолынан не келетінін байқап жүрген болуы керек, бірден шаруасын айта бастады.
-Айқын, айналайын, еңбекақының төмен екенін көріп жүрген шығарсың? Бұл ақшамен жақсы өмір сүру қиын, ал сен сияқты жас жігіттердің шығыны көп болатынын түсінеміз... Сондықтан мен саған қосымша табыс табуды ұсынамын.
-Қайтып, Гүлнәзия Бектеміровна, менің сағаттық жүктемелерім жай да толық емес пе?
-Бұл сабақтан тыс уақытта істейтін жұмыс... Біз сені пенсия жасына толса да бізде біраз жыл істеген Жасұлан Бейсенбаевичтің орнына алғанымызды білесің... Міне, сол кісі тарихтан қосымша сабақтар беріп, факультатив өткізетін... Оқушыларды ынталандыру үшін онда саяси мәселелерден де хабардар етіп, қызықтыратын. Екі күнде бір болатын оның осындай сабағына 9-10 сыныптардың 20-30 баласы жазылып, әрқайсысы 20 мыңнан төлейтін. Осы ақшаның жартысын мектеп бөлмесінің амортизациясына ұстап, қалған жартысын өзіне қосымша еңбекақы ретінде беретінбіз. Мен сені сол кісімен таныстырайын, біраз ақыл-кеңес алып, қосалқы білім беруге балаларды тартуға тырыс. Бізде 9 бен 10 сыныптар бес-бестен ғой... Солардың ішінен тарих, қоғамтану, саясатты білгісі келіп, қызығушылық танытатын 20-30 баланы табуға болады. Бағдарламасын Жасұлан Бейсенбаевичпен келісіп, өзің жасайсың, мен бекітіп беремін. Жаңа жылдан бастап осы жұмысқа кірісуге болады. Осыған келісесің бе?
-Келісемін, әрине... Әйтпесе, өзіңіз айтқандай еңбекақым пәтерге төлеуден де қалатын емес...
-Келістік ендеше... Мен ертең түстен кейінге Жасұлан ағайды шақырып, сенімен таныстырайын. Сабақтарың біткен соң кетіп қалма, мұғалімдер бөлмесінде бол, - деп директор мұны шығарып салды.
Осы күннен кейін Айқынның өмірінде үлкен өзгеріс енді. Ол өзінің оқу бағдарламасына сәйкес беріп жүрген сабақтарынан бұрынғыдай емес ләззат алатын болды, өйткені кез келген тақырыпты Жасұлан Бейсенбаев ағасының кеңесімен қосымша оқиғалар мен әңгімелер айту арқылы терең ұғындырып, өзі де құлшынып, сабақ берген балаларды да қызығушылықпен тыңдайтындай қылып, жан кіргізді. Бұрын Абылай хан туралы екі сағатты бұл заулатып, ханның іс-әрекетін айтып, үш жүздің басын қайта құрағанын жеткізіп, соғысқан жорықтарын термелеп, оқулық бойынша бір сағатта өткізе салатын. Оған білмекке ұмтылған оқушыларының да, өзінің де сусыны қанбай, «бойға жұқпай сырғанайтын» жеңіл сөздермен сырғытып өтетін. Енді Абылайға адам ретінде қарап, оның көңіл күйіне, сол кездегі ахуалға терең бойлап, түсіндіруге тырысатын болды. Қосымша сабаққа қатысып, тарихты білгісі келетін оқушылар қызық сұрақтар беріп, құлақтары шалған, ұқпай қалған дүниелерін ежелеп сұрап, тарихқа деген ынтызарлығы арта түсті.
Алдымен 9-10 сыныптардан 13 бала жазылып еді, артынан көбейіп, саны 30-дан асып кетті. Сара да басқалармен бірге жазылып, тарихқа құштарлық танытып жүр. Оның қатысқаны жігіттің көңілін өсіре түсіп, кезекті сабағына қамсыз дайындалады. Өзі білмейтін көп дүниені Жасұлан ағасынан сұрап алып, екеуі кейде тарихтың тереңіне бойлап кетеді.
Жайылған Азияны жалпағынан басып, қанатын кеңге жайып, барлық байлығын бауырына басып, халқын шоқындырғысы келіп, иесіз жер, бос жатқан атырап дегенді ғана ойлап аяғын сұғына басқан орыс патшалығының экспансиясын, қаптаған Қытайдың да қазақ жерін меншіктегісі келген зымиян жоспарын талқылап, оқушыларға сол кездегі ахуалды терең таныстыру, сол үшін өзінің де ізденуі – Айқынды тарихтың тереңіне алаңсыз бойлата түсті. Өзінде бұрынғы сылбырлық, енжар көңілдің бәрі қалып, қазақ даласының бар оқиғасын жүрегімен тануға ұмтылушылық оянды.
Қапсағай бойы осы күні еңкіш тартқан Жасұлан ағаның да білмейтіні жоқ екен, ол сол кездің саясатын да, қалыптасқан жағдайды да ежелей шағып, Айқынның көзін аша түсті. Нұры тайып, сулана бастаған көздерін сүртіп қойып, ақсақал бар ниетімен білгенін түсіндіруге тырысады.
-Қазақ жерінің тұтастығын сақтау Абылайға оңай болған жоқ, ол кездегі қазақтың кеудесі көріктей болатын, басынан бір сөз асырмайтын, кез келген шаншу сөзге шамданып, ұсақ хандар мен сұлтандар, рубасылар мен билер Абылайдың шалыс басқан әрбір қадамын аңдитын. Хан тура жолдан сәл ауытқыса болды, намыстанып, тулап шыға келіп, ұрандатып, өзіне қараған шаңырақтарды соңынан ертіп алып, бағынбаймыз, ондайыңа көнбейміз деп көше жөнелетін. Сондықтан Абылайға «қара қылды қақ жару» керек болды, осы сөздің өзі сол Абылай заманынан қалған сияқты. Ал Бұқар сияқты жанындағы кеңесшілері, алғыр шешендері ханның шешімі дұрыс екенін халыққа танытып, қарсы сөйлегендер болса өтімді сөзбен жеңіп, адымын аштырмайтын. Ол кезде тек сөзден ұтылғанға ғана мойын бұрып, бағынатын. Ал сөздің мәйегі ғасырлар қойнауынан ұрпаққа жаңылмай жеткен мақал-мәтелдерге сүйенетін. Бұларды қазақ аталы сөз дейді. «Аталы сөзге арсыз тоқтамас» деген тұжырым бар. Қазақтың жөні мен жолы, бүгінгі тілмен айтқандағы заңы сол мақал-мәтелдерде болды. Заңға сүйеніп, жалдаған адамын қорғайтын бүгінгі күнгі адвокаттар сияқты ханның ісінің дұрыстығын қолдаған билер мен жыраулар қарсыласын аталы сөзге ғана бас игізіп, тоқтататын. Осылай жеңіп тоқтатқанға ғана қазақ мойынсұнатын. Басқа ештеңені біздің халық мойындаған емес, бойындағы аламан мінез өзге дүниеге тоқтатпайтын.
- Қолында билігі бар хан қарсыластарын күшпен бағындыра алады ғой. Шоқан Уәлиханов Абылайдың билігі шексіз еді, ол қол астындағы қарашыларын билер кеңесіне салмай-ақ жеке өзі өлім жазасына да кесе алатын деп жазды ғой, - деп Айқын әлсіз қарсылық білдірген болса ағасы тіпті құлаштай жүзіп кетеді.
- Қазақты күшпен бағындыру тіпті мүмкін емес-ті, осыған көп жұрт көңіл қоя білмейді. Ұшы-қиырсыз кең дала күшпен бағындырып, мойынсұндырамын деген істің бәрін тәрк етті. Бүгін күшке салып, тізе бүктірсең ертесіне сол халықты күншілік жерден іздеу керек болады. Қазақтың ұшқан құстың қанаты талатын кең даласы емін-еркіндікке салдырып, заңға, мизамға ұйытып, ешкімді шөктіртпеді. Сондықтан Абылай халқын тек қана әділ сөзге, өз ісінің дұрыстығына иліктіріп, бағындырды. Ал халық басшылары, ру көсемдері мойындайтын сөз айтып, шешім қабылдау үшін қара басыңның дарыны аса зор, ісінің бәрі әділ болу керек. Абылайда сол дарын болды. Ол халықты ешқашан күшпен ұстай алмасын білген. Өзіне қол жұмсап, басындағы бөркін ұрып түсірген әумесерді ғана ашу үстінде өлтіргені - оған өмір бойы күнә ретінде артылып, бетіне салық болып, ақыры ата қоныстан көшуіне мәжбүр етті. Есіңде ме, Көтеш ақынның: «Абылай, Ботақанды сен өлтірдің, Есіл ер жазығы жоқ неге өлтірдің», – дегені? Міне, сол жолы ғана Абылай тізеге салып, күшке сүйенген. Басқа жолдың бәрінде «аталы сөзге тоқтататындай» ғана әрекеттер жасаған, сондықтан да үш жүздің ақын-жырауларының бәрі оның істерін мадақтап, ұрпаққа жеткізді, - дейді ол қызынып.
Айқын мұндайдың бірін де білмейтін еді, ол тек өзі оқыған деректерге сүйеніп, оқулықта жазылған жайттарды ғана оқушыларына жеткізетін. Енді балаларға сол кездің жағдайын сараптап, мінездерді ашып, адамдар арасында қалыптасқан қайшылықтар мен өмірдегі қайраңдарды көрсетіп берсе, ондай сабақтарды балалар да ұйып тыңдап, неше түрлі қызықты сұрақтар қоятын болды.
Жасұлан ағасы бүгінгі күннің саясатын да адымын аштырмай саралап береді. Өкіметтің «келешек» деген бағдарлама қабылдап, сонымен шет елдерде маман дайындау саясатын да іліп кетеді.
-Бұл негізінде дұрыс идея еді, бірақ біздің қазақ қай күнгідей оны іске асыруда баяғы әлеуләйлімге басып, оқуға шын ынтасы барларды емес, байшыкештердің қиын өмірді көрмей, алақанға салып, үлпілдеткен жалғыз-жарымдарын жіберіп жатыр. Өз билігі өзіне тиген соң олар қайдан оқысын, өкіметтің берген стипендиясын да, әке-шешесінің уыс-уыс қылып жіберген ақшасын да ойын-сауыққа шашады. Арасынан білім алып, ой-өрісін толықтырып келгендері шамалы. Тіпті сол оқып келгендерде азды-көп білім болғанымен тәжірибе жоқ, олар тек теорияны ғана біліп, практикадан мақұрым, сондықтан біздің елде басшы болып жарыта алмайды. Сыңаржақ бейшаралар биік креслоларға отырып алып, не істерін, не шешерін білмей, дүбәра болып жүр. Көмекшілері дайындап берген баяндамаларды зуылдатып оқып, исі мұрнына бармайтын терминдерді білгішсініп айтатынын қайтерсің. Олардың көмекшісі болып жүргендер ана жебеңдердің жер тесетін балалары, олар да қу мүйіз емес пе, неғұрлым бастығы түсінбейтін термин жазса, соғұрлым өзін қадірлейтінін біліп, айтитехнологиямен бірге 18-19 ғасырларда қолданылған кейбір терминдерді тықпалап, біздің батырдың есін шығарады... Мұндайлар елді қайдан көгертсін, көбі қолындағы биліктен басы айналып, иелігі өзіне тиген мемлекеттің байлығынан қайтсем өз қалтамды толтырамын деген арманмен жүр. Сондықтан шетелге аздап өмір тәжірибесі бар, шын ықыласымен оқығысы келетін жастарды жіберу керек еді, ондайлар біздегі өмір мен ондағы білімді салыстыра отырып, бойына нәр құймас па еді? – деп кейде ұзақ кейістерін де Айқынға айтып, ішін босатып алады.
Ақыл-ойы жетілмей, санасы қатпай жатып шетелге шыққан қыздардың өзіне күле қараған жігітпен көңіл қосып, күйеуге кетіп жатқанына да қарт қатты күйзеледі.
-Атам қазақ «қызға қырық үйден тыю» дегенді тегін айтқан жоқ қой, жан-дүниесі нәзік, үнемі біреудің өзіне қамқорлық жасап, аялағанын, қорған болып жүруіне мұқтаж қыз бала шетелдіктің жылмия күлген аярлығына алданып, көніп қалады. Кейбіреулері тіпті тиіп алып та жатыр. Бала туып алған соң сонда сіңіп, елді керек те қылмайды. Жат жиенді бір иіскеу түгіл жанына жақындай алмай мындағы әке-шешесі жүр...- деп кейде ақсақал қатты күрсініп қояды.
Осындай көңілсіз әңгімелерімен Жасұлан ағасы Айқынның көңілін түсіруімен бірге өкіметтің істеп жатқан істеріне сын көзбен қарайтын көзқарас туғызды. Өз басы «Келешек» деген бағдарламаны өте дұрыс жасалып жатқан іс деп ойлайтын, сөйтсе оның көлеңкелі тұстары да көп екен-ау. Шынында өз елінде-ақ білім алып, білікті басшы болып жүргендер аз емес, ендеше неге шетелде оқығандарды дәріптеп, олардың білімін өзіміздікінен артық деп санаушылықты саналарға сіңіріп жатыр. Осының өзінде бір гәп бар-ау деп ойлайды Айқын.
* * *
Бір күні Жасұлан ағасы мұны үйіне қонаққа шақырды. Қазақта алыстан келген адамға босағаны көрсету деген дәстүр бар, шырағым, көптен бері таныс болып келе жатырмыз, бүгінгі сабақтан кейін біздің үйге келіп, дәм тат деп үлкен кісі шақырған соң Айқын бас тарта алмай, оның ескі қаладағы көп «хрущевкалардың» біріндегі үйіне қонаққа келді. Төртінші қабатта тұратын ақсақалдың үйінің сырты қандай жұпыны болса, іші де сондай. Әйелі де жуастау жан екен, көп сөйлемей, екеуіне ас жасап берді де, әңгімелеріне ортақ болып, кедергі жасамайын дегендей басқа бөлмеге кетті. Үш бөлмелі үйде ақсақал әйелімен екеуі ғана тұрады екен, жалғыз ұлдары осыдан төрт-бес жыл бұрын опат болыпты. Айқын алдымен Жасұлан ағасының жасы 70-ке әлі жетпегеніне таң қалды. Өз ойында оны жетпістен баяғыда өтіп кеткен жанға санайтын.
Ақсақал айналы шкафта тұрған келбетті жігіттің үлкейтілген портретін қолына алып, аялай ұстап, жалғыз ұлым осы еді, деді.
-Мен оған дұрыс тәрбие бермедім бе деп осы күні өзімді кінәлаймын. Жалғыз болғанына қарамай, еркелету, еркіне жіберу дегенді білмей үнемі тұқыртып, барлық оғаш қылықтан қағып, біреудің ала жібін аттама, заңды бұзба деп үстінен қадағалап отырдым. Соным өзі дұрыс та болмады-ау деймін,- деп ақсақал терең күрсінді. Қамыққан көңілінде бір терең сыры бар екені сезіліп тұр, сонысын айтып, ішін бір босатқысы келетін де сияқты. Айқынға ішіп отыр, жеп отыр деп отырса да өзі дәмді түртіп қана отыр.
Үйдің иесі қолын көп салмаған соң Айқынның да тәбеті тартпай, жұмыстан ашығып шықса да дәмді тамақты опырып жей алмады. Шәріпжамал апай да қайта-қайта кіріп, біресе сусын құйып, біресе сорпа ұсынып, жас қонағын күтудің қамымен жүр. Өзі артық сөйлемейді, аузына да нәр салған жоқ. Екеуі де қаланың өміріне әбден қатып қалған, интеллигент жандар екені көрініп тұр.
Асықпай ас жеп, шәй ішіп болған соң Жасұлан ақсақал Айқынды түкпір бөлмедегі кабинетіне шақырып, әңгіме тиегін ағытты.
-Өзің сұрағың келмесе де менің өмірімді жақсы білгің келгенін мен шу дегеннен-ақ сезгем, - деді ақсақал. –Оның әбден дұрыс, араласатын адамыңның кім екенін жақсы білу керек. Мен осы қаланың ежелгі тұрғындарының бірімін. Бір қыз, бір ұлым болды. Қызым бар, Ақтөбеде тұрады, тұрмыста, бала-шағасы бар. Ал ұлым осыдан 4 жыл 8 ай бұрын дүние салды. Жастайынан жақсы азамат болуға тәрбиеледім, мектепте жақсы оқып, өзіміздің құрылыс инженерлерін дайындайтын институтты жақсы бітірді. Осындағы құрылыс кәсіпорындарында инженер болып істеді, бас инженер, ескі өкімет құлаған соң директор да болды. Одан замана өзгеріп бара жатқанда басқару академиясын да бітіріп алды. Адал қызмет қылып, әкімдікте, министрлікте басшы орындарда отырды. Жұрттың бәріне жақсылық жасауға ұмтылып тұратын. Келінді де жақсы жерден алдық, екі немерем бар.
Ақсақал әңгімесін үзіп, екі немересінің де суреттерін көрсетті. Ұлы атасына ұқсайды екен, қыр мұрынды көркем бозбала, ал көзі мөлдіреген 14-15 жастардағы қыз тіпті сұлулар қатарына жататын сүйкімді жасөспірім көрінеді. Жасұлан ағасы олардың суреттеріне елжірей қарап, қайтадан орнына қойды.
-Ендігі қалған өмірімнің қызығы осы екеуі... Аптасына бір келіп, әйтеуір әжесімен екеумізге бастарын иіскетіп кетеді... Оған да шүкір.
Орнына ауыр отырған ақсақал негізгі әңгімесін жалғады.
-Балам қандай қызметке тұрса да қазіргі заманның талабынан жаны түршігіп жүрді. Апырмай, кругом крахоборы, қалай өмір сүруге болады деп кейде маған мұңын шағатын. Бәрінің ойында тек біреуді жеу, қайтсе өкіметтің қамбасына қол сұғып, өзіне бірдеңе түсіру, қайтсе де ережеден, тәртіптен лазейка тауып, заңсыздыққа бару... деп налитын. Өзі өмірінің соңғы жылдарында қалалық архитектура басқармасында бөлім басшысы болды. Бұған қайтып ақша жеуді, қайтып біреудің қалтасына түсуді үйрететіндер де шығыпты. Бірақ жасынан шыншылдыққа, адалдыққа тәрбиеленген басы ондайға бармаған ғой. Заңсыздық жасамаймын, қылмысқа бармаймын деп ақша ұсынғандарға көнбей тек таза істеуге тырысты. Бірақ «бармақ басты, көз қыстымен» қалталарын қампитып алған жанындағылар қоймай, бұған да қол қойғызу үшін түртпектей берді. Ақыры үстінен арыз түсіріп, төрт-бес рет тексертті. Өтірік шағымдар ұйымдастырып, әуре-сарсаңға салды. Жаңадан салынатын құрылысқа рұқсат беретін осы архитектура бөліміндегілер ғой. Олар жаңа құрылыстың жер көлемі нормаға сәйкес болуын, қала сәніне кедергі келтірмеуін, бұрынғы тұрған үйлерге артық көлеңке түсірмеуін, жолдарды жаппауын, балалар ойнайтын, дем алатын алаңдарын алып қоймауын, күнді көлегейлемеуін белгілеген арнайы нормаларға сүйенеді. Халық жүретін жерді, үлкен жолды басып қалмауын қадағалататын «қызыл линия» деген болады. Жаңа құрылыстар одан аспауы керек. Бірақ қазіргі құрылыстар ондайларыңа пысқырмай, архитекторларға пара беріп, рұқсат алып жатады. Еркінім ондайға бармаған соң жанындағыларға сүйкімсіз болды. Олар ұйымдасып алып, қайтсе де менің балама қастық жасауға тырысты. Ақыры, күндіз-түні маза бермей, баламның жүйкесін жұқартып, соның кесірінен аяқ астынан науқасқа ұшыратты. Мындағы дәрігерлер қолдарымыздан келмейді, Германияға барып операция жасату керек деді. Оған ақша қайда, біз үйімізді сатайық деп едік, баламның өзі оған баспады. Ұрлық-қарлық қылмаған соң, пара алмаған соң, таза еңбегімен күн көрген баламда көп ақша жоқ еді. Ақыры осындағы дәрігерлерге ота жасатып, онысы сәтті болмай, балам бір жыл ауырып, опат болды.
Ақсақал осы жерде көзіне келіп қалған жасты ірке алмай қалды. Қалтасынан бет орамалын алып, көзін сүртіп, терең күрсінген соң әңгімесін жалғады.
-Кешір, айналайын... балам есіме түссе осылай көңілім босап кетеді. Өле-өлгенше өзін емес, біздің жағдайымызды ойлап жатты ғой. Керемет жанашыр еді... Сөйтіп, қырыққа да толмаған жасында жалғызымнан айрылып қалдым...
Ауыр күрсінген ақсақал көзінің жасын асықпай құрғатып, көп ойланып отырып қалды.
-Ол ұшыраған простатының рагы деген дерттің өзі кәсіби науқас па деймін... Өйткені, қол астында істеген тағы бір жігіт те артынан соған ұшырады. Бірақ ол дүниеге епті екен, қаланың сыртынан коттедж салдырғанын естіген едік, оның үстіне көп қаражат та жинап алыпты. Германияға барып, операция жасатып, аман-сау, тәуір болып кетті. Қазір қызметі жоғарылап, бастық болып жүр. Кездесіп қалса көрмеген болып, өте шығады. Міне, қазір осындайлардың жолы болып тұр. Ал ақ, адал боламын, пара алмаймын, заңды бұзбаймын деген біздің бала өмірден өтіп кетті...
Ақсақал көп ойланып отырып, енді ерекше ойдың ұшығын шығарды.
-Өмірде әр заманның өз талабы болатын сияқты ғой, біздің заманымыз адал бол, кісі ақысын жеме, ұрлық қылма, өтірік айтпа десе, мына бүгінгі заманда қайтсең де бір жерден бірдеңе ұрла, қолыңнан келсе пара ал, өйтпесең замананың талабына ілесе алмайсың дейтін секілді. Бірақ ондайлар адамзаттың бүгінгі де, өткен тарихында да дұрыс жол деп саналмаған, ал мына, бүгінгі заманымыз сол жолды қалап тұр. Оның алды-арты бұлдыр, әлгі Абай айтқан адасқан заман, болашағы жоқ.
«Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ,
Оларға жөн арамның сөзін ұқпақ.
Қас маңғаз малға бөккен кісімсініп,
Әсте жоқ кеселді істен биттей қорқпақ», демейтін бе еді ол. Қазір біз де сондай адастыратын заманды бастан кешіп отырмыз... Естіп жатамыз, айналаның бәрі ұрлық-қарлықпен өмір сүруде. Менің содан жаным түршігеді, - деді ақсақал.
Қарттың әңгімесінен Айқын көп ой түйіп, жан-дүниесі жақаурап қайтты. Шынында біздің заманымыз не болып барады өзі? Тек ұрлық-қарлықтың, өтірік пен парақорлықтың заманына айналғаны ма? Абай айтқан «Әркімді заман сүйремек, Заманды қай жан билемек? Заманға жаман күйлемек, Замана оны илемек» дегеніндей заманның дегеніне көнбей, адал өмір сүре берген дұрыс па? Заманым солай екен деп оның оғаш қылықтарын қабылдаған дұрыс па? Ондайдың болашағы жоқ деген рас па? Жас жігіт осы ойлардың ұшығына жете алмады.
* * *
Бойына көп өзгерістер еніп жүрген Айқынның қазір самарқаулығы тіпті азайып, мектепке құлшына басып келетін болды. Оның бойындағы басқашалықты әріптестері де байқап қалған екен, қалжыңдары жарасып жүретін бір-екеуі оның сырын сұрап, әзілдеген болып, шынын айтқызбақ болады. Ондайыңа қазір Айқын көне қоймайды, бойына дарытпай, сырын шашпақ емес.
Бір күні мектептен шу шықты. Медициналық тексеріс жүргізілген екен, үшінші сыныптың жеті бірдей баласынан Кохтың бацилласының белсенділігі анықталыпты. Бұл сонша бала туберкулезге бірден ұшырады деген сөз. Содан карантин жарияланып, мектепті жабатын болып еді, бірақ оған жеткізбей туберкулез таратушының кім екені анықталды. Дәмханаға жуырда ғана орналасқан бір әйелдің көп жөтелетінін жанындағылар байқап жүреді екен, дереу тексеріп жіберсе туберкулездің ашық формасымен ауыратын болып шықты...
Содан шу шығып, барлық журналистер басқа жұмысының бәрін жиып қойып, тек Айқындардың мектебін ғана жазып, қайта-қайта көрсетіп, дүрілдетіп әкетті. Туберкулезбен ауыратын әйелді осында тамақ беру ісін тендерден ұтып алған бір фирма жұмысқа алған екен, олар денсаулығы туралы анықтамасының дұрыстығына сілтейді. Сөйтсе... отырып шыққан әйел басқа жұмыстың ыңғайы келмеген соң емханадан денсаулығы өте жақсы деген анықтама сатып алып, аспаздыққа орналасқан екен... Сөйтіп, емхананың анықтама сататындығы да анықталды. Үстерінен қылмысты іс қозғалған үш дәрігерсымақ пен төрт медбике мұндаймен көптен бері айналысады екен. Ой, сұмдық-ай... Біразға дейінгі әңгіменің арқауына айналған бұл оқиға да артына ауыр із қалдырып, қызуы басылды.
Туберкулезге ұшырап қалуларың мүмкін, сондықтан қуатты тамақ ішіңдер деген соң Айқын да асқа батылырақ кіріспек болған еді. Бірақ жасынан кірпияз болып, тамақты шұқып жейтін басы бәрібір опырып тамақ жей алмады. Содан фитнес клубқа жазылып, кешке бір мезгіл дене күшімен айналысатын болды, соның арқасында асқа да тәбеті тартып келеді.
Осындай күндердің бірінде Айбын ағасы келіп, мұны тағы да өзі жатқан қымбат қонақүйге шақырып алды. Бұл күнде ұзын бойлы жігіттің тұла-бойы жонданып, денесін май көтеріп, тіпті тұлғаланып кеткен. Өктем сөйлейтін дағдысы да арта түскен. Баяғы ұзын бойлы, қыр мұрын, аққұба жігіт жоқ, беті жайылып, мұрны да жалпайып кетіпті.
Інісімен салғырт амандасқан соң ол рестораннан тапсырыспен алдырып, тамақтың неше атасын жайып қойған кең үстеліне шақырды. Айқын мектептен келгелі тамақ ішпеген еді, ағасынан тартынбай, дәмді асқа бүйі тигендей кірісті. Өзіне виски құйып, онысын анда-санда бір ұрттап қойып, інісінің қылығын бағып отырған Айбын тосын әңгіменің шетін шығарды.
-Саған бірдеңені сеніп айтуға болмайды екен, маған қарызға берген 20 мың теңгеңді бүкіл ел естіпті ғой, - деді ол мырс етіп. Бұл Айқынның күтпеген сөзі еді, сасып қалды.
-Айдынға ғана айтып едім ғой, жұрт қалай естіп қалған?
-«Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды» деуші ме еді қазақ. Ол ауылда мамама айтқан, мамам көп сөйлесетін көршілеріне, олар өздерінің өсек бөлісетін подружкаларына... сөйтіп барлық ауылға тарап кетіпті...
-Қап, ұят болған екен...
Айқын шын қысылып қалды. Маңдайы да шып-шып терлеп кетті.
-Ештеңе етпейді, онда тұрған не бар? Бірақ екіншіде сақ бол, ағайынды екеуміздің арамыздағы дүниені басқа ешкімге айтпа. Тіпті Айдынға да... Ол екеуіңнің араңдағы әңгімені маған да айтпа,- деп Айбынның өзі әңгімені жаймашуаққа бұрды.
-Жарты жылдан бері мұғалім болып жүр екенсің, қалай күнкөрісің?
-Жаман емес, басында қиындау болып еді, қазір қосымша, ақылы сабақ жүргіземін, соның арқасында еңбекақым аздап көбейді.
Ағасы бұл сөздерге езуіне келген күлкісін іркіп қарады.
-Сонда, перспективаң қалай, осылай жүре бересің бе?
-Енді не істейін, жұрттың бәрі жүр ғой, мен де солай жүре берермін...
Айбын орнынан тұрып, шкафта ілулі тұрған кәстөмінің қалтасынан темекі алып тұтатты. Сосын інісіне сынай қарап, шылымының түтінін сыздықтата отырып, өзгеше әңгіме бастады.
-Сен жұрттың бәрі дегенді қой... Жұрттың бәрі деген - жағдайы жоқтар. Жағдайы бар адамдардың бәрі алдағы күндерде қайтып жақсы өмір сүруді ойлайды. Ана жолы Айдын екеуміз ақылдасып саған әзірге бір бөлмелі пәтер әперейік деп шештік. Қазіргі бір бөлмелік жақсы пәтерлер бұрынғы екі, үш бөлмеліктен де артық. Іші кең, саған үйленгенше жетеді,- деді.
Айқын ағаларының өзіне қамқорлық ойлап жүргендеріне риза болып қалды.
-Одан басқа да әңгіме бар. Қазір карьерный рост дегенді мынау ғана шешеді, - деп Айбын бас бармағы мен сұқ саусағын бір-біріне үйкеледі.
–Әйтеуір мұғалімдікті қалап тұр екенсің, сонымен жүре бер, бірақ келесі оқу жылында мектепке директор болуың керек, оған да кісі тауып, мынасын беруді өз мойныма аламын, - деді ағасы.
-Жоқ, мен оған әлі дайын емеспін... Директор болу үшін өмірлік тәжірибе керек. Басыма сонша жауапкершілікті әлден үйе алмаймын. Кем дегенде 5-6 жыл мұғалім болып, әбден төселуім керек, - деді Айқын.
-Ойдойт дерсің, заман сенің төселгеніңді тосып тұрады деп пе едің... Ертеңгі күннің не болып кететінін ешкім де білмейді. Қазір қолдан келеді, көзді жұмып, қойып кетуің керек. Артынан тәжірибе жинай жатасың...
-Оның қызық екен... Алдымен тәжірибе жинап алмай қайтып бастық бола алам? Сенің айтып тұрғаның атты емес, арбаны аттың алдына жегу ғой...
-Иә солай, алдымен қызметке тұрып ал, тәжірибе сосын келеді. «Қолдан келгенде қоншынан бас» деген емес пе? Өзіңдей жас жігіттер қазір министрге дейін де жетіп қалды. Солар алдымен тәжірибе жинап па екен? Қарамайсың ба, жан-жағыңа?.. Тек келісіміңді берсең болды, мен «движение» жасай бастаймын...
-Ойланып көрейін, тым болмаса 1- 2 ай уақыт бер...
Осы сөздерден кейін Айбын Астанаға екі рет келіп кетіп еді, әр келген сайын бұған пәтер іздейтін болды. Соңғы келгенінде Есілдің сол жағалауындағы элиталық үйлердің бірінен кең бөлмелі пәтерді алып та берді. Айдыннан алған 30 мың долларды қосып, інісінен бір тиын да сұрамай, сөзін жұтпай үй алып берген ағасына Айқын риза болып қалды. Пәтері бір бөлме болғанымен он кісі тұрса да тарлық етпейтін барынша кең, жарқыраған жайлы мекен болып шықты. Айқын Мұратты зорлағандай болып көндіріп, жанына алды.
-Ертең үйленсең де менімен тұрмақсың ба? Қой енді, ниетіңе рахмет, өзің тұра бер, - дегеніне қараған жоқ.
Енді екі дос пәтерақы төлеуден құтылып, бастарын баспанаға жеткізді.
САМҒАУ
Осы күндері Айқынның көңілі шат, қалтасындағы ақшасы да бір-біріне қосылып, құт дарып келеді. «Менің де қолыма қарға саңғыр» деп үлкендер дәме қылып айтып отыратын хал мұның басында да бар. Қосымша сабақтан алатын нәпақасын пәтер ақысы сияқты артық шығыннан құтылған тиын-тебені үстеп, бүйірі шыға бастады. Бірақ бір жақсы зат сатып алса сол тиынның бәрі бірден қотарылып қалады. Ақшада құн жоқ.
Көңілді көк аспанға көтеретін ақша да емес, жүрегін жау қуғандай дүрсілдетіп, күнде ертесіне мектепке қарай детектететін Сара қыз. Кей күндері оны алыстан көріп қалғанның өзіне төбесі көкке жетіп қалады. Ал оның класында сабағы болса бар қайратын бойына жиып, қабағын түйіп, Сара жаққа қарамауға тырысады. Сұңғыла қыз бәрін сезеді, мұның сабағы біткенше басын бір көтермей, көзін төмен түсіріп отырған қалпынан өзгермейді. Тек сабақ бітіп, есіктен шығар жерде ғана жұрттың көзін ала беріп, төңкерілген көзімен жалт етіп бір қарағаны оғын ондыққа дәл тигізген мергендей жігітті сілейтіп кетеді. Бұл не деген көз қарас десеңші, аңдап қараған жан болса, Айқынның бұл кезде бір қызарып, бір бозарғанын көрер еді.
Жігітті таң қалдыратын жайт көп, бір қарағанының өзі жүректі шоқтай қарығанда одан әрі жақынырақ жанасса есім ауып кетер ме екен деп те ойлап қалады. Кейде Айқын осы халіне ыза болып, жап-жас қыздан осынша қалжырағаны үшін өзін-өзі сөгетін де болды. Солай болса да осы көз қарасты тағы бір бастан кешкісі келіп, аңсап жүреді. Құтты бір есірткіге құмартқан нашақор ма дерсің...
Жігіт оңаша кездесуге оқталып, күнде дайындалғанымен мектепте соған батылы жетпей, күнделікті жұмысына алданып, бас көтере алмай қалады. Мұғалімі ретінде тапсырма бермек болып, оңаша бөлмеге шақырып алуына болар еді, бірақ оны жұрт сезіп қалатындай көріп, соған баса алмай қор болып жүр. Соншалық жігерсіз болғанына да жаны күйіп, ішінен өзін-өзі сыбап та алады. Оқушы қыздан сонша қысылып, осы мен нағыз ынжықпын-ау осы, дейді іштей өзін-өзі сөгіп...
Бүгін де міне, қосымша сабақтан кейін алып қалып, оңаша сөйлесермін деп өзін-өзі қайрап шықты. Ол әлі бала ғой, баладан несіне сонша қысыламын, оған жамандық жасамаймын ғой, тек қолынан ұстап, саусақтарынан бір сүйсем де болар еді деген ой жан-дүниесінің дегбірін кетірді.
Мектептің алдында Қосман құрдасы кездесіп, мұғалімдер бөлмесіне екеуі бірге кірді.
-Айқын, сен әйтеуір мектепке екі езуің екі құлағыңа жетіп, мәз болып келесің. Неменеге жетісесің? – деп күңк етті ол.
-Өй, сен өзің... мұғалім әрқашанда көңілді, ақылды, тапқыр болып, әзіл айтып, мейірімді болып жүруі керек деген қағиданы білмейтін бе едің? Педагогиканың гиганттары сондай талап қойды емес пе, бізге? Әй, бірақ сырттан оқып, сыра ішіп жүргенде сен не оқыдым дейсің?– деп құрдасына әзілмен жауап берді.
-Иә, жағдайың менікі сияқты болса сенің де мәз болғаныңды көрер едім... Құрдасыңды кеше түнде жедел жәрдеммен ауруханаға жеткіздім...- деді Қосман оның әзіліне мән бермей...
Бұл жігіт ерте үйленген, келіншегінің екінші балаға аяғы ауыр еді, сол себепті ауруханаға түскен болуы керек.
-Перзентханаға ма? Үлкенің кіммен қалды?
-Анам келген, сол жақсы болды әйтеуір, әйтпесе баланы тастайтын да жер жоқ. Аман-есен жаны қалса екен деп тұрмын, толғағы ауыр болатын еді...
-Қорықпа... Аман босанады... Бірінші емес қой, бізге қорқынышты көрінгенімен ол әйелдерге оп-оңай процесс...
-Түу, сен де айтады екенсің... – деді Қосман да өзінің үстеліне бұрылып жатып.
Алдағы болатын қуаныштан бойына енген шаттықтан Айқын бүгін алты сабақ бойы көңілді жүрді. Енді міне, түскі тамағын ішіп алған соң түс ауа факультатив сабағына кіріседі. Жазылған 30 оқушының көбі түрлі себеппен келмей қалатын, бүгін де аз келсе екен деп тілеп еді, қалағанындай он бес бала ғана келді.
Бұл жолғы тақырып қазақтардың жоңғарларға қарсы болған «Аңырақай шайқасына» арналған. Айқын біраз уақыт жоңғарлардың озбырлығын, бейбіт жатқан қазақ жерін қайта-қайта шауып, жөн-жосықсыз тиісіп, үш жүздің қалың қолы біріккенше ұлан-байтақ өңірді басып алып, малын айдап, байлығын тартып алып, еркек атаулыны құлдыққа, әйел атаулыны күңдікке салғанын айтып, оқушылардың жүрегіне жауға деген өшпенділік отын оятып алды. Жүздерінде ыза, көздерінде кек ұшқыны тұтанып, бастарын әнтек көтеріп алған боздақтардың жүрегіне жол табатын сәттен бастап Айқын енді шайқастың нақ өзіне бұрылды.
-Жоңғарлардың 1723 жылы қазақты «Ақтабан шұбырындыға» ұшыратып, бала-шаға, кәрі-жас дегенге қарамай, қолға түскеннің бәрін қырғанын білесіңдер, сондықтан да бұл жылдар қазақтың жоңғарға қатты кектенген жылдары еді. Кекті шайқас 1729 жылы Аңырақай даласында болды, - деп бастаған Айқын алдымен оның географиялық орнын картадан көрсетті.
- Іле өзенінің тау ішімен ағатын жартысын Қыспағай, даламен ағатын ағысын Аңырақай деп атаған. Сұрапыл ұрыс осы Аңырақайда болған. Түбегейлі жеңіс болмаса да қазақты жер бетінен жойылып кетуден сақтап қалудың басы болған осы ұлы шайқастың қазақ тарихы үшін маңызы қазіргі Бельгияның территориясында болған Ватерлоодағы біріккен Еуропа монархтарының І Наполеонға қарсы шайқасынан еш кем емес.
-Аңырақай даласының аумағы солтүстікте Балқаш, оңтүстікте Отар даласы, Батысында Шу, Шығысында Күртіге дейінгі аралықты қамтып, ұзындығы 30-35, ені 20 шақырымды, яғни жалпы ауданы 700 шаршы шақырымдай жерді алып жатқан мына жер. Балқаш көлінен оңтүстікке қарай 120 шақырым жерде Итішпестің Алакөлі деген көл бар, қазір ол Сорқұдық деп аталады. Осы өңір тегіс Аңырақай даласы деп аталған. Бұл таулы, жыралы, көп қорымды жерлер. Шайқас Итішпестің Алакөлінің жағасында басталған. Қазақстандағы ең үлкен көлдердің бірі Балқаш, ол Алматы, Жамбыл, Қарағанды облыстарының шегіне жайылып жатыр. Соның ішінде Аңырақай шайқасы Балқаштың қазіргі Алматы облысының аумағына қарайтын шегінде болған. Көптеген мәліметтерге қарағанда ол көктемде басталып, 10-15 күнге дейін созылған. Болжам бойынша бұл соғысқа қазақ жағы 35 мыңдай, жоңғар жағы 40 мыңдай әскер шығарған. Ол кезде Ұлы жүздің ханы Жолбарыс, Орта жүздің ханы Сәмеке, Кіші жүздің ханы Әбілқайыр. Ал Үш жүздің ханы Тәуке ханның баласы Болат еді. Осы хандар және Төле, Қазыбек пен Ақсуат (Әйтеке бұл жылдары жоқ, ол 1700-ші жылы қайтыс болған) билер, батырлар мен сұлтандар қатысқан Ордабасыдағы үлкен жиында үш жүздің қолына Бас қолбасшы қылып, Әбілқайыр ханды, бас батыр етіп Қанжығалы Бөгенбай батырды сайлаған. Жолбарыс пен Сәмеке жоңғардың шапқыншылығына көп ұшыраған жүздердің ханы болғанда Кіші жүз халқы қырғыннан біршама аман қалып еді. Бірақ соған қарамай көп қолмен келген, әрі сол кезде ана екеуіне қарағанда әскери дарыны артығырақ болған соң Ордабасы кеңесі аузы уәлі билердің айтуымен Әбілқайырды Бас қолбасшылыққа сайлайды, - деп келіп оқушыларының сипатын шолып өткен Айқын олардың ынтыға тыңдап қалғандарын көрді. Ауыздары ашылып, өзге дүниені ұмытқан тәрізді.
Осы арада өзі де ойға түсіп, кезінде шын тарихты өздеріне оқытпаған заманды еске алып кетті. Бұларға басқа жұрттың тарихын оқытып, соның жеңістері мен жеңілістерін танытатын еді. Соның ішінде Күлік (Куликов) даласында Мәскеудің князі Донской мен Алтын Орданың бегдербегі Мамайдың 1380 жылғы бір шайқасын мектеп оқулықтарында, көркем кітаптарда, киноларда дабырайта дәріптеп, орыстардың жеңісін мақтанышпен жеткізіп, жас ұрпақтың санасына патриоттық рухты сіңіретін. Ол кезде кімнің кім екенін айыра алмайтын қазақ балалары Донскойдың ерлігіне тәнті болып, қуанатын. Алтын Орданың өзі біздің Орда екенін, тілі де, ділі де, тіпті діні де, қолбасылары мен әскерінің негізгі бөлігі де кәдімгі қазақтар немесе кейіннен қазақ халқын құраған найман, керей, қият, қоңырат, жалайыр және т.б. секілді түркі тайпалары деп айтуға ешкімнің батылы да бармайтын, жүрегі де дауаламайтын. Тіпті оқытушылардың көбі осы тарихты айыра алмайтын. Ал келесі жылы сол Донскойды Алтын Орданың ханы Тоқтамыс быт-шыт қылып жеңіп, Мәскеуді қайта тізе бүктіріп, өзіне бағынышты еткеніне қазақ балалары қарадай күйініп қалатын. Өйткені, оқулық бұл оқиғаны барынша үстірт жазса да сондай күйініш халін кешуге мегзейтін. Ұрпақты өкінуге, жаудан жеңіліп қалғанына ашынып, күйінуге тәрбиелейтін. Қалай болғанда да осы соғыстардың бәрін орыс мүддесінің тұрғысынан таныған қазақ балалары оны қызығып тыңдап, талқыға салатын.
Ол кездің тарих оқулығы қазақтың өзінде ешқашан соғыс, ел мен жер үшін талас болмағандай, қазақ ешқандай қырғынды бастан кешпегендей, тек айдалада басы ауған жаққа көшіп-қонып жүре бергендей қылып көрсететін. Ешбір ерлігі де айтылмайтын, өздерін үш жүз жылдай билегенін ауызға да алғызбайтын. «Татар-моңғол» деген ойдан шығарылған бір атауды халық деп санатып, жұрттың бәріне соларды құбыжық қылып көрсететін. Ал қазақтың ерлігі айтылса, ондайдың бәрін шежіреші қарттардың ойдан шығарған аңыздары, мифтер деп көңіл аудартпай, мәнсіз дүниеге балататын.
Татар деген халықтың өзі Байкал (Байкөл) көлінің жағасында өмір сүріп, мемлекет құрған түркітілдес тайпаның бірі. Кейін бұл есім Еділ бойында Бұлғар мен Хазар қағанаты заманынан бері отырып, мұсылман дінін қабылдаған бұлғар (болгар) халықтарына Алтын Орда қосындарымен барып, телінген. Орыс тарихы ордалықтарды бұлғарлармен қосып, тегіс татарлар деп атап, Алтын Орда шапқыншылығымен үйлестіріп, «татар-монғол» жеккөрінішті, жасанды атау ойлап шығарған.
Айқын Кеңес дәуірі кезінде оқушыларға өз тарихымызды неге оқытпады екен деген сұрақтың жауабын кейін тапты. Сөйтсе, тарихын, өмірдегі орынын, ата-бабасының жасаған ерлігін білсе, ұрпақ адаспай, қайда үрлесе сонда ұшатын жел айдаған қаңбақтай болмай, өзімен санасуды талап ете алатын еңселі ел болып кетеді екен ғой. Барлық сана мен рух тарихи жетістіктерге байланыстырылады екен. Ал ондай ұлттардың КСРО-ға керегі жоқ. Оларға тек «орыстың арқасында ғана көзі ашылған қазақ» қана керек болыпты. Сондықтан шын тарихын ауызға алғызбай, таза жауып қойған. Құдайға шүкір, енді өз тарихымызды тереңдеп танытып жатырмыз деген ойларға шомып кеткен Айқын «Аңырақай шайқасын» одан әрі жалғастырды.
-Шайқас бірден қатты басталмай, өз күштерін сынау тәсілімен жүргізілген. Екі жақ та өңірдің таулы, жыралы бедерлерін өз мақсаттарына ұтымды пайдаланып қалуға тырысқан. Қазақтар арасында ежелден келе жатқан «Ай қораланды», «Құйрық жеу», «Ашамай» деген секілді соғыс тәсілдері бұл шайқаста кеңінен қолданылады. Айта кететін жәйт, жоңғарларда зеңбірекпен қатар мылтық та болған. От қарудың қылыш-найзаға қарағанда көп артық екені белгілі.
Ақыры осы соғыста қазақ қолының жеңіске жетіп, жауды қазіргі Шығыс Қазақстан облысындағы Аягөз, Шарға қарай түре қуып тастағанын айтып аяқтағанда сілтідей тынған оқушылар «уф» деп дем алғандай болды.
Ал енді қандай сұрақтарың бар дегенде балалар ұрысқа қандай батырлардың қатысқанын, қандай ерліктер көрсеткенін, қанша адам қырылғанын тұс-тұстан сұрап, әңгіменің аяғын ұзаққа созып жіберді. Бір сағатта бітуге тиісті сабақ екі сағатқа созылып бара жатқан соң Айқын бәрін қорытып, әлі де кеткісі келмеген шәкірттерінен зорға босады. Жұрттың бәрі өре түрегелгенде көтеріле берген Сараға:
-Сара, сен бір минутқа қала тұршы, беретін бір тапсырмам бар еді, - деді жұрттың бәріне естіртіп.
Қызды алып қалудың бұл әдісін жігіт көптен бері ойлаған. Мектептегі белсенді қызға мұғалімдер түрлі тапсырмалар беретінін білетін балалар бұдан еш оғаштық көрмей, «Аңырақай соғысынан» алған әсерлерін дүрілдей айтып, тез тарап кетті. Олардың соңынан есікті бекем жауып, қыздың қасына жақындаған Айқынның тамағы құрғап, қол-аяғынан әл кетіп қалғандай болды. Жігіт жақындағанда қыз да орнынан атып тұрған. Осы бетпен екеуі құшақтаса кетсе де жарасып кеткендей еді, бірақ оған жігіттің батылы жетпеді... Көздері мөлдіреп тұрған қызға қалай жанасарын, не айтарын білмеген күйі дүрсілдеген жүрегін зорға басып, мұғалімнің орнына келіп отырды.
Екеуінде де үн жоқ. «Ағай, қандай жұмыс тапсырайын деген едіңіз» деп қыз да сұрамайды. Тек елжіреген көздерін бір-бірінен ала алмаған екі ғашық үн-түнсіз отыр. Уақытты босқа өткізіп, айтпағымды жеткізе алмай қалармын деген ой басына келген жігіт әлден уақытта ғана есін жиып, тіл қатты.
-Сара... ертең сенбі, сабақ жоқ қой... Сағат 3-те мына адрестегі үйдің алдына келші, мен сені тосып аламын. Қандай автобустар баратыны және қандай аялдама екені мынада көрсетілген, - деді ол қалтасынан жұқа ғана қағазды шығарып.
Сара бір ауыз тіл қатпастан басын изеді де жігіттің қолынан қағазды ала берді. Осы жерде ғана Айқын батылдық көрсетіп, оның қолын алақанында біршама ұстап қалды. Қыздың аппақ, жұмыр білегі де ашылып тұр, сүйрік саусақты алақаны да ып-ыстық, жұп-жұмсақ екен...
Қыз қолын тартқан жоқ, үнсіз тұрып қалған. Тек бетіне қызыл күрең қан ойнап шыға келіп, құлағына дейін қызарып кетті. Өзі босатқанда ғана «сау болыңыз» дегенді ернін жыбырлатып айтып, тез бұрылып есікке беттеді. Бір қызығы бұл жолы артына бұрылып, жаутаңдаған көзін жалт еткізбей, шұғыл шығып кетті.
Батылы жетіп қызға лебізін білдірген ерлігіне төбесі көкке жеткендей қуанған Айқын класс бөлмесінен шыққанда жүзі жарқырап кеткенін өзі де сезбеді. Дәлізде ешкімнің көрінбегені дұрыс болды, әйтпесе жігіттің сыртқа тебіндеп тұрған мына халы көлденең көздің қырына ілікпей қалмас еді.
...Ертесіне Мұрат кезекшілікке кететін, Айқын үйде жалғыз. Қызды үйіне алып келіп, оңаша отырмақшы болып жүргені сол. Көптен армандап, осылай жасауды ойлап жүрсе де соған батылы жетпей, бір байламға келе алмаған.
Ерте тұрған жігіт төменгі қабаттағы супермаркеттен үстел жабдығына керекті дүниенің бәрін алып келді. Үй-ішін де жинап, шашылып жататын қағаздарын ретке келтіріп шықты.
Айқынның үйі бір бөлмелі болғанымен жиһазбен екіге бөлінген студия еді. Айбын ағасы өзінің дизайнерін шақырып, жиһаздарын да өзі алып берген. Екі терезелі кең бөлменің бір жағында екі диван мен үлкен телевизор болғанда, екінші жағында жұмсақ креслолар мен кең, шыны үстел тұратын. Жігіт қонағын осы үстелдің басында күтпекші.
Бар өнерін салып, үстелін гүлмен сәндеп, қажетті тәтті-дәмдіні де үйіп қойды. Сағатқа қайта-қайта қарап жүріп, күндізгі екі болмай жатып, далаға, қызды қарсы алуға шықты. Дүрсілдеген жүрегі де орнығар емес, тақат тауып бір жерде тұрғызбай тұр.
Қыз да кешіккен жоқ, жетінші автобуспен келер деп санап тұрған еді, тіпті оған да жетпей төртінші автобустан жарқ етіп түсе қалды. Үстіне жұқа сулық киген, шашын сәнді өрнекпен қидырған, әсем қыз ішкі сезімін жасырып, жігітті көргенде амандасқанның ишарасын ғана жасап, төмен қарап қалыпты. Мынадай қызды алқызыл гүлмен қарсы алса да жарасып кетер еді, деп жігіт жұрттан именіп гүл алып шықпағанына қысылып, өзін-өзі ішінен сөгіп қалды.
«Сәлеметті» сыбыр етіп айтқан жігіт қызды қатар жүруге икемдеп, өзінің үйінің алдына алып келді. Осы жерде ғана есті қызға жан біткендей болып:
-Аға, қайда барамыз?..- деді.
-Менің үйіме...
-Ыңғайсыз емес пе?.. Басқа жерге барсақ қайтеді?
-Түк те ыңғайсыздығы жоқ, мен үйде жалғызбын...
Сара артық сөз айтпай, үнсіз қалса да бір көңілсіз күйге еніп кеткені сезіліп тұр. Айқын да бұдан әрі тіл қатпай, артық сөзге бармады. Екеуі алтыншы қабаттағы жігіттің үйіне лифтпен келгенге дейін үн-түнсіз қалып, есік ашқаннан бастап қана да қимылға келе бастады. Қыздың жеңіл сулығын қолына алып жатып, жігіт сұңғақ бойлы қыздың талшыбықтай бұралған әсем мүсініне көңіл тоқтатып, көзі сүрініп қалды.
Екеуі залдағы үлкен телевизордың алдындағы жұмсақ диванға отырғанда ғана Айқын сөз бастады.
-Сара, сен ақылдысың ғой, түсінесің... Мұғалім мен оқушы жігіт пен қыз ретінде кездесуіне болмайды. Егер біздің мектептен біреу-міреу екеуміздің қыдырыстап жүргенімізді көріп қалса... Мені мектептен шығарып жібереді. Сондықтан мен сені көшеде қыдыруға шақырмай, үйге әкеліп отырмын, - деді барынша байсалды болуға тырысып.
Сара түсінемін дегендей басын изеді.
-Мені үйін көрсетіп, мақтану үшін шақырыпты деп те ойлап қалма... –деді жігіт бұл жолы жымия сөйлеуге тырысып. Сара бұл жолы да үнсіз бас изеді.
-Өзің білесің... мен сені жақсы көремін,- дегенінде қыз құлағына дейін қызарып кетті. Осыдан арғы сөзді айтуға қызды қинайтынын сезген жігіт орнынан тұрып, қонағын күні бойы дайындаған үстеліне шақырды.
-Мына гүл саған, - деді ол жеті тал раушан гүлі салынған вазаны қызға ұсынып жатып. Бұл жолы Сара осында келгелі алғаш рет тіл қатып:
-Рахмет, - деді.
Осыдан әрі екі жастың әңгімесі жарасты. Айқын өзінше әзіл айтып қоюға да тырысады. Көлденең тыңдап тұрған кісі болса оларының ұтымды шығып, күлкілі болып жатпағанын көрер еді, бірақ жігіт не айтса да қыз мәз болып күледі. Өзі де жігіттің ыңғайымен сөз қосып қояды. Екі ғашықтың арасын Абайдан артық кім айта алар:
Қызарып, сұрланып,
Лүпілдеп жүрегі,
Өзгеден ұрланып,
Өзді-өзі керегі;
Екі асық құмарлы
Бір жолдан қайта алмай,
Жолықса ол зарлы,
Сөз жөндеп айта алмай;
Аяңдап ақырын
Жүрекпен алысып,
Сыбдырын, тықырын,
Көңілмен танысып;
Дем алыс ысынып,
Саусағы суынып,
Белгісіз қысылып,
Пішіні құбылып,
Иығы тиісіп,
Тұмандап көздері,
Үндемей сүйісіп,
Мас болып өздері...
Алғаш рет оңаша кездескен екі ғашықтың халін данышпан осылай десе, мәңгі жастықтың символы болған Мағжан: «Қашан да махаббатты көз бастайды, Білдірмей ыстық қысып қол бастайды»... дегеніндей жігіт дірілдеген қолын жылжытып қыздың аппақ саусақтарына апарды. Алақанын аялай ұстап, сыртын ерніне апарып, ұзақ сүйгенде қыз қолын әлсіз қарсылықпен тартып алды...
...Осы оқиғадан кейін Сара жігіттің үйіне сенбі сайын келіп тұратын болды. Кейде жігіт ғашығын өлердей құшып, жеп қоярдай сүйе бастағанда ғана қыз «ағай» деп қалады. Сол сөз екеуінің есін жидыратын ерекше дабыл болды. Айқын қызды тез босатып, шыға берістегі қол ұсыным айнаға барып, басы-бойын түзете бастайды.
Бір күні ол қыздың балиғат жасына толғанын білмек болып:
-Сен биыл он алтыға толасың ба?- деді ол өзінің сұрағының әбестігіне ұяла отырып.
-Жоқ, мен биыл он жетіге толдым, - деді қыз.
-Қалай, саған әлі бір жыл мектепте оқу керек қой, биыл он алтыда ғана емессің бе?
Жігіттің жарықшақтана шыққан дауысында жасыра алмаған сүйініш бары сезіліп тұрды.
-Мен мектепке бір жыл кейін барғанмын... Сегіз жасымда, биылғы ақпанда 17-ге толдым, - деді қыз.
Бұл жаңалық жігітті қатты қуантты, әлі он алтыға толмаған қызбен қалай жақындасып жүрмін, біреу-міреу сезіп қалса ұяттан жер боламын-ау деп қысылып жүруші еді, сөйтсе, бұл қысталаңнан да Сараның өзі құтқарып жіберді. Он сегізге шыққан қызбен кездескеннің еш әбестігі жоқ қой деп түйді жігіт ішінен.
Сара өзіне қоғалы көлдің құрағындай болған бөлмені ыстық көріп, оның ішін тасқаяқтай қағыстырып жинап кетеді. Қолы қандай икемді, Айқын мен Мұрат орындарын таба алмай, үйме-жүйе қылып қоя салатын аяқ-табақтарды біркелкі қылып, «қыздың жинаған жүгі» дегендей қаз-қатар тізіп кететініне не берерсің? Бұл қылықты Мұрат та сезіп қалды, өзі жұмысқа кеткенде шашылып жатқан дүниелерінің тастай болып жиналып қалатындығына ол да көңіл аударып, ақыры сезігін Айқынға білдіріп, оған сырын айтқызды.
-Өй, мектепте оқитын қызбен жүргенің ертең басыңа сор болмасын... Оның үстіне өзіңнің оқушың...
-Қыздардың нағыз пісетін уақыты 16 мен 17 жас қой... Баяғы заманда қызды осы кезде алған емес пе?
-Баяғы заман басқа ғой... Қазір ондай қыздарға жақындап қойсаң қылмыс болатынын ұмытпа?
-Сол баяғы кез қазіргі заманнан ақылды болған, не қыласың? Қызға деген махаббаттың ең тәттісі осы кез... Тек сол кездерде ғана қыздың жүрегіндегі махаббаты толық болады. Нағыз періште кезі сол. Содан кейін қыз жүрегіне сұмдық, залымдық, аярлық дегендер ене бастап, махаббатты тықсыра береді, ақыры жүректің қара дақтары көбейіп кетеді...
Мұрат шыдай алмай қарқылдап күліп жіберді. Базардан алып келген бір кескен майлы етті қуырып, оның үстіне спагетти, сарымсақ, ашытқы салып, өздері ойлап тапқан рецептпен істелінетін дәмді тағамдарын ауыздарынан сілекейі шұбырып, тамсана жеп отырған екеуі қосыла күліп, үйді бастарына көтерді.
-Уәй, сен де айтады екенсің? Соның бәрін қайдан білдің?
-Барлық ұлы ақындар сұлу әйелге арнаған ғашықтық өлеңдерін тек 16-17 жасар қыздарға арнаған... Мысалы, Абай «Көзімнің қарасын» 16 жасар Тоғжанға арнап шығарған. Пушкиннің Наталья Гончароваға арнаған ғашықтық өлеңдері да 16 жасар қызға арналған. Гете өзінің ұлы шығармасы «Фаустын» 17 жасар қызға ғашық болған соң ғана аяқтай алған...
-Олар ұлылар ғой... Бір ғасырда бір-ақ туатындар... Сен де өзіңді ұлымын деп санайсың ба?
-Енді... болмасаң да ұқсап бақ, – деген емес пе? – деп күлді Айқын.
-Жалпы сұлу, ақылды, мінезді әйелге кез келген жасында да ғашық болуға болады...
-Оның дұрыс... Бірақ ол 16 жасар қызға ғашық болғаннан мүлде басқа. Өйткені, 16 жастағы қыз періште ғой, періште...
-Сен, өзі мына қызыңа әбден ғашық болып қалыпсың ғой... Байқа, тым алысқа кетпе...
Екеуі ас қайырып, орындарынан тұрғанда да әңгімелері қыз болды. Өзінен бірер көйлекті бұрын тоздырғанын көрсетіп үнемі тіс қаққандығын білдіріп жүретін Мұрат бұл жолы да білгенін аяп қалмады. Қызды айтса ауыздарының суы құритын жігіттер осылай, көп кештер бойы ортақ әңгімелерінің тақырыбын сұлуларға арнайтын болды.
...Бір күні кешқұрым былтыр түнгі клубқа апарып «қызық» көрсеткен жерлесі Елдос аяқ астынан сап етіп, келе қалды. Ол қазір үлкен банктың осы қаладағы бір филиалының директоры болып кеткен, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, астында қымбат мәшине, жиырма шақты қызметкері, есік алдында хатшысы бар, үлкен қызметкер, екі бөлмелі үй де сатып алған. Бұрын да ысылып, епті болып қалғанын көрген, қазір тіпті жылпың қаққан сужұқпасқа айналыпты.
Айқын оның жәй келмегенін бірден сезді, өйткені қазір бұл жігіт сыбай-салтаң қыдырысты мүлде қойғанын өзі де көрген, басқа жерлестері де айтып жүретін.
Көп отырмайтын қалып танытқан ол келген шаруасын да кешіктірмей айта бастады. Мұндағы өмір оның ішін пыстыра бастапты, оның үстіне жоғарыдағыларға жақпасаң, уақытында «отметка» жасап тұрмасаң, тәйкеңнен түсіріп, тобығыңнан қағып жібереді екен. Бұл «отметка» деген не деп еді, онысы жоғарғы бастықтарына белгілі уақытта тұрақты беріп тұратын пара болып шықты. Енді, Еуропаға кетпек және анау-мынау емес Испанияның өзінен бір-ақ шықпақшы... Онда сені кім күтіп отыр деп еді, үй-жайын да алып қойыпты, жұмыс та табылатынын айтты. Және анау-мынау да емес, Жерорта теңізінің бойындағы Канар аралдарының өзінен көп бөлмелі пәтер сатып алыпты. Онысын арендаға беріп, табыс таппақшы.
-Менің алған недвижимостарым 300 мың еуродан асады, соларды айына 4-5 мың еуроға арендаға беруге болады. Сонда маған біздің ақшамен айына бір миллион теңгеден артық табыс құйылып тұрады, - деп жымиды.
-Испанша білмейсің ғой, оны қалай таңдап жүрсің?
-Жарты жылдай болды, үйреніп жүрмін, ал Испанияда басқа еуропалық елдермен салыстырғанда азаматтық алу жеңіл, бағасы 140 мыңнан артық недвижимосың болса болғаны...
-Сонша ақшаны қалай таптың? Сенің табысың көп болса 400-500 мың теңге ғана емес пе?
-Жолын таптық қой, неғыласың?
-Қылмыстық жолға барған шығарсың? Көп ақшаны басқа жолмен табу мүмкін емес қой...
-Енді... жұрт қатарлы тіршілік қылдық... Қолымызда көп ақшаның кілті тұрғанда движение жасадық ептеп... Онда не тұр, қазір жұрттың бәрі сөйтеді. Бірақ бәрі заңды, маған ешкім де придираться ете алмайды...
Айқын оның жүзіне сенімсіздікпен қарады. Соны аңғарған Елдос тезінен негізгі шаруасына ауысып, өзінің барлық ақшасын шетелге аударып қойғандықтан үш мың долларға зәру болып тұрғанын айтты.
-300 мың еуросы бар адам 3 мың долларға қарап қалғаны қалай? Сенімсіздеу ғой?..- деп Айқын аңырап қарап еді:
-Шыны сол, барлық ақшамды шетелдік банк арқылы Испанияға аударып, недвижимостар алып қойдым. Енді кетуге шағын қаражат керек болып, қысылып жүрмін. Егер берсең, мен сенің ақшаңды нотариус арқылы оформить етуге дайынмын. Жылына он пайыздық үстемемен 2-3 айда-ақ қайтарамын, - деді ол үстемелетіп.
-Елдос, екеуміз бір ауылдың баласымыз ғой, тіпті ағайындығымыз да жоқ емес... Бірақ мен, шынымды айтсам, саған сене алмай тұрмын, тым епті болып кетіпсің... Соншама ақшаны қандай жолмен таптың және сонша ақшаң бола тұрып менен қалай қарыз сұрайсың? Егер маған барлық шыныңды айтып, ақшаға шын қысылып тұрғаныңа көзімді жеткізсең бере тұруға болады... Ағаларымның машина ал деп берген ақшасы бар, оны әзірге депозитке салып қойғанмын... – деді Айқын.
-Жақсы... Мен саған барлық шынымды айтайын... Өзің де көріп тұрсың сонша ақшаны мен аз уақытта жинай алмас едім. Сондықтан байлардың қыздарын айналдырдым. Иә, иә, облыстардан келіп, осында оқып жатқан қыздарына үй әперген байлар бар емес пе, солардың қыздарын аңдыдым. Ол сорлылар түнгі клубтардан шықпайды ғой, солардың ішінен алдымен біреуін таптым да, басын айналдырып, өзіме ғашық етіп, енді үйленеміз, свадьба жасауға кредит алайық дедім. Ол байғұс келісті. Қайтсын, ғашықтық оты қысып барады ғой, оның үстіне менің жұмысым да жақсы, перспективам да жоғары... Кредит алу үшін менің залогқа қоятын недвижимосым жоқ, давай, сенің үйіңді қоя тұрайық деймін. Оған да көнді. Сөйтіп, қымбат үйлерде тұратын үш дураға 30 миллион теңгеден кредит әперіп, оларын қалтама қақшып алдым...
-Мынауың сұмдық қой...
-Несі сұмдық? Олардың әке-шешесі таза еңбекпен осынша ақша тапты деп пе едің? Олар да біреуді қан қақсатып, болмаса бюджеттің тесігінен түсіп ақша істеп жатқандар емес пе? Так что менікі «экспроприация экспроприаторов»,- деп Елдос қарқылдай күлді.
-Бәрі олай емес қой, Ескен... Мысалы, менің жездем егіншілікпен айналысады, 3 мың гектардай жері бар. Соған көктемде тырбыңдап, кредит алып, егін егеді. Одан жаз бойы гербицид шашып, күтіп, күзетіп, жауын тілеп, жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Одан күздің құрғақ болғанын, астығының шығымды болғанын Алладан сұрап жан таппайды. Астығын жинап алған күннің өзінде қайтсем жақсы бағаға өткіземін, шірітіп, үсітіп алмаймын ба деп те дамыл көрмейді. Әйтеуір қыстың басында дұрыс өткізсе ғана бір ух дейді-ау. Былтыр сондай азаппен тапқан ақшасына қызына қаладан пәтер әперді. Ал сендейлер сондай бейшараларды қан қақсатасыңдар...
-Оның дұрыс қой... таза еңбекпен ақша тауып жатқандар бар. Ал мына қыздардың біреуінің әкесі аудандық салық комитетінің бастығы, біреуінікі қалалық санэпидемстансада істейді. Тағы біреуінікі жол салушылардың бастығы. Бәрі де артық ақшаларын ұрлап-қарлап тапқандар. Әйтпесе мемлекеттік қызметтің окладын алып жүргендер Астанадан қыздарына 2-3 бөлмелі пәтер алып бере ала ма? Олар біреулерді қан қақсатса, мен де оларды қан қақсаттым...
Жігіт тағы да қарқ-қарқ күлді.
-Робин Гудтың өзімін десейші... Бірақ ол байлардың мүлкін кедейлерге әперіп еді, сен өзің алады екенсің... Ал енді, солар сені сотқа берсе не істейсің? Тіпті, шетелге кетіп қалсаң да интерпол арқылы ұстатады ғой?
-Ол жағын да ескергенбіз. Во первых, менің банктен ақша алғаным туралы ешқандай жерде қолым жоқ, ақшаны мен алғанымды ешкім де дәлелдей алмайды. Ал Испания сияқты елдер алдымен документті ғана мойындайды, оларға құр ауызбен алдады-малдады дегенің сөз емес. Екіншіден, қыздарға ешқандай қолхат бергенім жоқ, онсыз біздің соттар да іс қозғай алмайды.
-Жоқ олай емес, сен біреуін ғана солай алдай аласың. Ал үшеуі біріксе сені мошенник деп айыптай алады...
-Оның дұрыс, бірақ ол сорлылар бірін-бірі білмейді ғой. Кредитті де мен үшеуіне үш филиалдан әпердім емес пе? Коллегаларыммен келісіп, «шапкасын» беріп, ана екеуіне қаланың екі шетіндегі филиалдан, ал біреуіне өзімнен әпердім. Оның үстіне қызымкелердің үшеуі де жанын жеп, жұлқынып тұрғандар емес, байлардың болбыр қыздары. Ертең жылап әке-шешесіне барар-ақ, бірақ олар менің иісімді де таба алмай қалады емес пе? Қызының үйі залогта тұрған соң кредитті амалсыз төлей салады, онда не тұр? Қазір мұндайдың әкесіндейді жасап, шетелге миллиардтаған доллар шығарып алғандар бар, олармен салыстырғанда біздікі мелочь қой, тәйірі...
-Қалай десең де мынауың алаяқтық... Нағыз алаяқтық мынауың... Бір адамды отыз миллионға отырғызу дегенің сұмдық емес пе? Мен мынауыңа ортақтаса алмаймын. Кешір, ешқандай ақша да бере алмаймын, саған. Не ойласаң да өзің біл, - деп Айқын әңгімені ортасынан шорт үзіп, орнынан тұрып кетті. Жаңа ғана жалындай лапылдап тұрған Елдос еңсесі түсіп, есікке беттеді. Тек дәл шығар жерде қайта бұрылып:
-Мен саған барлық сырымды айттым, тым болмаса сыртқа шашпассың?- деді.
-Оған қам жеме, мен ешкімнің сырын шашпаймын, - деді жігіт дүңк етіп...
* * *
Айқын әке-шешесіне тым жиі болмаса да айына бір-екі рет хабарласып, амандығын білдіріп тұратын. Өз қызығы өзінде жүрген жастар ана жүрегін түсіне ме, сөйлескен сайын анасының құмыққан даусынан көзіне жас алатынын сезетін. Соңғы жолы сөйлескенде әбден сағынған анасы келіп қайтқысы келетінін айтқан. Дүниеде ана жүрегінен артық кешірімі мол нәрсе жоқ қой, бұл тілін алмай, үмітін кесіп, ренжітіп кетсе де қимайды. Осы жолы даусындағы мұңы арта түскені, тіпті кемсеңдеп жіберуге шақ тұрғаны сезілді. Ана үшін баланың орны бөлек, оның үстіне сүткенжесі болса... «Биылғы соғымнан да татқан жоқсың, бұрынғыдай посылке салу да жоқ, қазір. Өзің де келіп кетуді білмейсің, сені көрмегелі жылға таяды» деген анасы. «Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» деген сол. Сонша жерден әуре болып, келгенін қаламаса да Айқын тоқтататын себеп таба алмай, анасының жолға шығуына қарсы болмаған. Өзі де анасын сағынып қалыпты, соңғы кездері түсіне жиі кіреді.
Бүгін міне, таңғы жүрдек поезбен келетін анасын қарсы алуға Мұрат екеуі вокзалға бірге шығып келеді. Күн жексенбі еді, Сара кеше келіп, үйінің ішін тасқаяқтай қағыстырып, жинап, шаңын қағып кеткен.
Көптен бері жолаушы жүрмей, қарайып қалған анасы жол бойы алаңдап, тыныс алмаған сияқты, поездан ауыр түсті. Жүзінде терезеге қараудан көзі әбден талып, қашан жетемін деп жол тосқанның шаршауы бар. Екі бірдей зілдей сөмкесі де қартаң адамға аз салмақ емес сияқты. Айдын шығарып салып, вагонға кіргізіп бергенімен олардың ішіндегілеріне алаңдап, дамыл таппаған сияқты. Әкеле жатқан піскен ет пен шикі еттері қызып кете ме деп елегізіп, соған да тақат таппағаны көрініп тұр.
Айқынның жалғыз болмай Мұратпен бірге жүргеніне қуанып қалған ана ауылдас баланы да өз баласындай құшақтап, мауқын басып алды. Екі жігіттің екі сөмкені шопақ құрлы көрмей, жүйтки жөнелгендеріне зорға ілесіп, жан-жағының бәріне таңырқай көз салып келеді. Апырай, осының бәрі қазақ па деп таңырқап қояды, ішінен. Тіпті, бірде-бір орыс түсті көзге шалынбайды ғой. Өз басы сонша қазақтың қалың топ болып бірыңғай шоғырланғанын бұрын-соңды көрмеген. Әттең, көбісі орысша сөйлейді екен, біреу зорлағандай өзге тілде сөйлейтіні несі екен? Әке-шешесімен де солай сөйлей ме деп таңырқайды.
Вокзалдың алдына шыққанда қаптаған қалың мәшиненің арасынан Мұраттың қара "Мерседесі" көлденеңдеп тұра қалғанда да анасы қайран қалды.
-Мұратжан-ау, мынадай қымбат мәшине алғанша алдымен келіншек алмайсың ба? – деген сөзіне екі жігіт қосыла күлді.
Аналарының мұндай қамқорлығы екеуіне шыбын шаққан құрлы әсер етпегеніне білініп тұр. Тіпті, тілі жаңа шыққан баланың былдырлаған бал тілін қызықтағандай екеуі ұзақ шаттанып қалды.
-Апа-ау, баяғы әнің қалмапты ғой, келіншек қайда қашар дейсің, алдымен адам жағдайын жақсартып алуы керек қой. Мұрат міне, мәшине алды, енді бір бес-алты жылда үй алады, сосын алады ғой, келіншекті, - деп күлді Айқын досының орнына жауап беріп.
-Сонша сарғайып не көрінді, жастарың өтіп кетеді ғой. Атаң қазақ «бас екеу болмай мал екеу болмайды» деген жоқ па?
-Ол бұрынғы заманның нақылы... Қазір келіншек алсақ, тапқан-таянғаныңды келіншегің мен балаңды асырауға жұмсап, не үй ала алмай, не мәшине ала алмай, пәтер жалдап жүресің... Басқа жақтан көмек болса жақсы, ал көмектің орнына «көмек бер» деп тұрса тіпті қиын...
-Келіншегіңмен екеулеп жинамайсыңдар ма? Сол берекелі болады емес пе?
-Берекелі қылатын әйел кездессе жақсы, ал өзі де аз берекеңді қашырып, анау керек, мынау керек деп қылқылдап тұрса қайтесің? Оның үстіне сәбилі болсаң, баяғы Абай айтқандай «кемпір-шалы бар болса қандай қиын, бір жағынан қысқанда ол да азынаптың» күйін кешесің...
-Е, шырақтарым-ай, әйтеуір, арты қайырлы болсын, «шегірткеден қорыққан егін екпейді» дегеннің соңына түскен екенсіңдер....
-Қойыңызшы апа, бәрі де дұрыс болады, - деп Айқын анасымен арасындағы таласты доғарып, қала көшелерінде кездескен әсем үйлердің не екенін айтып, таныстыра бастады. Міне, мынау үлкен көк үй Қаржы министрлігі, апа. Қазақстанның барлық байлығын осы жерде есептейді. Үстінен қарағанда Американың долларына ұқсайды деседі... Оның аржағындағы көк күмбезді үй Президенттің бұрынғы резиденциясы... Қазір өзі сол жағалауға көшкен, «Ақ орда» деп аталатын қазіргі орнын сосын көрсетемін...
Күлмәшті таңырқататын дүниелер әлі де көп еді. Хан сарайындай саңғыраған әрі биік, әрі кең бөлмеге кіріп келгенде ол өзінің қайда кіргенін білмегендей біраз уақыт аңырап қалды.
-Балам-ау, бір-ақ бөлмелі дегенің мынау болса... екі бөлмелісі қандай болады мұның? – деп таңырқап жатыр.
-Түу, апа, осы да үлкен бе, 62 квадрат метр ғана...
-Мұрат екеуің екі келіншек алып бірге тұрсаң да мына үй аздық етпейтін сияқты ғой...- дегенінде екі жігіт тағы да мәз болып күлді.
-Баяғыда бір бөлмеде шымылдық құрып, екі-үш ағайынды жігіт тұра беретін,- деп апалары жастарды одан әрі күлдірді.
Ауылдан алып келген сәлем-сауқатын асүйде орналастырып жатқан Күлмәш жоқ жерден тағы бір күдік айтты.
-Балам-ау, мына аяқ-табақтарды кім жинаған?
-Өзіміз ғой, апа, қолымыз бар емес пе?
-Сендердің екі қол емес төрт қолдарың болса да бұлай жинай алмайсыңдар. Айтшы, кім жинады? Кім де болса қолы алтын біреу екен...
-Түу, апа-ай, өзіміз дедім ғой... Ыдыс жинаудың оқуы жоқ шығар...
-Ал мына орамалдарды кім жуып, жайып кетті? Балам мені алдай алмайсың, сендер ешқашан мұндай қып жинай алмайсыңдар, бір қыздарың бар ғой, тегі... Қайсыңдікі болса да ұзағынан сүйіндірсін...
Айқынның құлағының ұшына дейін қызарып кеткені ананың көреген көзінен қақас қалған жоқ. Көңіл аудармаған болып, дастарханды жайысып жүрген жігіт ішінен анасының қырағылығына да таң қалып қояды. Екі жігіттің қонаққа істеп қойған тамақтарынан да Күлмәш әйел қолының ыстығын сезіп отыр. Әдемілеп, біркелкі етіп туралған салаттардың көкөністері де еркектің қолынан шықпағанын сездіріп тұр. Өз баласының қаншалықты епті екенін жақсы білетін Күлмәш кескен томардай кеспелтек Мұраттың да қолынан мұндай нәрсе келмесін көріп отыр. Нан тураған қолдарының өзі сойылдай, пышақты да нанның түбіне дейін батырмай, кеспеген жерлерін жұмарлап үзіп жатыр...
Сәлден соң Күлмәш баласының бір қызбен араласып жүргеніне іштей риза болып, көңілдене бастады. Асүй ғана емес, барлық бөлмеден әйел алақанының ыстық табын сезіп отыр. Ауылда туып-өскен екі еркек үйдің ішін бұлай тап-тұйнақтай қылып жинай алмасы белгілі. Әттең, баласы енді сол қызды көрсетсе ғой... әкесіне айтып барып бір қуантар еді.
Баласына қызыңды көрсет деп қанша жалынса да бірбет Айқынды көндіре алмасын білетін Күлмәш қулыққа көшті. Екінші күні ол жол ауыртпалығын көтере алмаған болып, аяқ астынан ауырып қалды. Басын таңып алып, ыстығы көтерілген құсап, орнынан тұра алмай, ауыр ыңқылға басты. Дәрігер шақырайын деген баласына ойбайлап, жолатпады.
-Бір ыстық сорпа болар ма еді... Бұрыш салып, ыстықтай ішсем терлер едім, - деп қояды арасында.
Таңертең сабағына кетерде асүйде біраз сипақтап тұрғанымен Айқын анасына жағатын ыстық сорпаны өзі дайындай алмасын сезіп тұр. Мұрат та ерте тұрып, жұмысына кетіп қалған. Түстен кейін Сараны ала келіп, сорпа істетуіне болар еді... Бірақ соған батылы жетпей тұр. Анасының ыңқылы да күшейіп, уһілеген үні үйді басына көтеріп барады.
-Дәрі әкеліп берсем қайтеді, аптека жақын, мына жерде?..
-Өмірі дәрі ішіп көргем жоқ, қандайын ішетінін де білмеймін... Бір тер қысып тұр...
Баласы үстін қалың жауып, мүмкін терлер деген оймен қымтаған болып жатыр.
-Әлгі бір... ыстық сорпа болса жақсы болар еді...
-Түстен кейін бірдеме қылармын, - деп міңгірлеген Айқын есікке беттеді.
Халықаралық қыздар мерекесінде Сараға жақсы айфон сыйлаған, сыртқа шыққан соң соған соқты. Екеуінің келісімі бойынша Сара мұнымен жанында ешкім болмаса ғана сөйлесе алады. Есімін де екі-ақ әріппен белгілеп қойыпты. «СЖ» дегеннің не екенін қанша жалынса да өзіңіз табыңыз деп айтпай қойған. Ақыры Айқын «сүйген жарым» шығар деп айтқанда қызарып кеткен қыз үндемей қалған... Қазір де міне, «СЖ» шылдыр еткенде Сара бірден көтерді.
-Сөйлесе аласың ба?
-Иә...
-Халың қалай?
-Бәрі жақсы, мамаңыз келді ме?
-Келіп еді... Жолда суық тиген бе, ауырып қалды. Дәрігер шақырайын десем, көнбейді. Бір ыстық сорпа ішсем, кетер еді дейді. Соған... түстен кейін келіп, сорпа істеп беруге қалайсың?
-Менің қарсылығым жоқ... Бірақ...- деген қыз мүдіріп қалды.
-Не бірақ?..
-Бірақ ұят емес пе? Ол кісі не ойлап қалады?
-Мен сені бірге қызмет істейтін қыз деп таныстырамын ғой...
Не ойлағаны белгісіз, қыз үндемей қалды. Айқын сағат үште үйдің алдында қарсы аламын деп әңгімесін аяқтап, телефонын жапты.
Мамырдың мамыражай күндерінің бірі еді. Оқу жылының аяқталуына да аз уақыт қалған. Мұндайда жұрттың бәрі шаршап жүреді. Күн де қыздырып, адамның басы-бойын балбыратып, мұғалімдер мен оқушылар құлағы көрінген каникулды тезірек келсе екен деп тосумен қалжырайды. Сараны көруге асыққан көңілі алға тартып сергек жүретіндердің бірі Айқын еді, бірақ ол да соңғы кездері белбеуді босата бастаған. Түстен кейін жолығатын болған соң бүгін оны мектепте көргісі келмеді, тіпті кездесіп қалса да көрмеген болып өтіп кетпекші. Алайда төртінші сабаққа асығып, тоғызыншы сыныпқа жүгіре басып бара жатқанда бетпе-бет кездесіп қалды. Қызарып кеткен қыз «сәлеметсізбені» қысыла айтып, тез бұрылып кетті. Балапан бұйрасы кетпеген бұрымы жалт еткен жүзін жауып, көзінің нұрын жасырып қалды. Жаңа ғана баяулай соғып тұрған жүрегі астан-кестен болып, атқақтай соғып кеткен жігіт қыздың ұялған сәттегі сұлулығына тіпті тәнті болып, сыныпқа шаттанған көңілмен кірді.
...Сабақтан шыққан соң Айқын бірден аялдамаға тартқан. Қыздан бұрынырақ жетіп, оны өз үйінің қасынан қарсы алмақшы. Сорпаға қажет шөп-шаламды да төменгі қабаттағы супермаркеттен Сарамен ақылдасып алуды ойлаған. Әйтеуір, ойлағаны болып көздеген жеріне қыздан бұрын жетті.
Дүкенде танитын біреуді кездестіріп қалудан қысылған Айқын қызға салқын қарап, айтқан нәрсесін ғана алуды білді. Есесіне кіреберістен өткен бойында қыздың ып-ыстық алақанын қысып алып, лифтке кіргенде бос қолымен құшып, оны бауырына тартты. Қоштасқанына екі-ақ күн өтсе де айлап көрмеген сияқты, қатты сағынып қалыпты. Екеуі бір-біріне жабысып, осы күйде өмір бойы тұруға бар. Жайшылықта тез жүрмейтіндей көрінетін жеделсаты да бұл жолы алтыншы қабатқа зу ете қалғандай болып көтерілді.
-Қалай тез келіп қалдық?- деді жігіт алақтап.
Есіктің қоңыраулы құлпын шылдырлатып, бірінің соңынан бірі кіріп келгенде Күлмәш жата бергеннен жамбасы тесіліп, төсекті жинап қойып, отыр екен. Бірақ басын шешпепті, әлі де уһілеуі жиі шығады.
Қызды шешіндіріп, алға шығарған Айқын:
-Апа, мына балаңыз менімен бірге қызмет істейді, есімі Сара, сізге бір сорпа-суан жасап беріп, емдемекші...- деп таныстырып еді Күлмәш отырған орнынан тез көтеріліп, қызды бас салып құшақтап, бетінен сүйді. Қызарып кеткен қыз қолын жуып, тез басып, асүйге кіріп кетті.
-Бөтен қызды несіне бас салып құшақтай алдыңыз, шошып кетті ғой, - деді Айқын шешесіне шешініп жатып, күңк етіп.
-Зайыры бөтен емес сияқты ғой... Жүрегім бірдеңені сезіп тұр, - деді Күлмәш та жымиып.
-Түу, апа, қойшы енді, - деп қызарақтап қалған Айқын анасының халін сұрап еді, жаңа ғана уһілеп отырған оның жүзі жадырап, көзі күлімдеп кеткенін көріп, таң қалды.
-Тәуірмін балам, тәуірмін. Аллаға шүкір...- деді ол сөздерін үзік-үзік айтып...
* * *
Айқын кеше ғана жұмысқа кірген секілді еді, жүгіріп жүргенде бір жылдың қалай өткенін сезбей қалыпты. Данышпан «ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деген қалай дөп басып айтқан, шәкірттерінің түрлі мінезі мен қылығын, кейде шаршатып, кейде жадыратып жіберетін сауалдары мен жауаптарын тыңдай жүріп, Айқын оқу жылын аяқтап тастағанда ғана бір жылдың қалай тез өтіп кеткеніне таңырқап қалды.
Жазғы каникулда алдымен ауылына барып, аунап-қунап қайтқан. Осы жылда әкесінің бұрынғыдан қартайыңқырап қалғанын көрді. Қай күнде жіті тұратын сергек басы қазір салғырт, кейбір қызығушылықтары да кеміп қалыпты. Саяси оқиғаларды талқыға салып, елдің қалай дамып бара жатқанын өздігінен саралап отыратын еді, қазір соған деген құлшынысы да азайған. Сақал-мұрты да бұрынғыдан көбірек ағарып, бетіндегі әжімдер қалыңдай түскен. Отырып-тұрғандағы күрсінісі де көбейіп, аяғы да қоюлана бастағандай. Есесіне шешесі көңілдірек, Астанаға келіп, Айқынның хал-жайын біліп кеткеннен бері өзінің айтуына қарағанда бір түлеп қалғандай екен. Баласының асты-үстіне түсіп, әбден сағынып қалғанын көрсетіп жүр. Алғашқы күннен көкейін тесіп бара жатқан бір сұрағын қоя алмай, тамағына кептеліп тұрғанын сездірді. Ақыры «күнәлі нәпсім түтпеді-ай» дегендей, оны да қойып қалды:
-Сара қызым аман ба, өзі?
-Аман, апа, айтпақшы ол саған сәлем айтып еді, айтуға ұмытып кетіппін ғой...
- Бірден айтып қуантпайсың ба? Сәлемет болсын, балам. Анаңа келгенде бәрін ұмытып кетесің-ау, сен? – деп қуанышын жасыра алмаған күйі дастарханын жая берді.
-Е, онда не тұр? «Мамаңа сәлем айт» деді. Сол сөз де қымбат болып па?..
-Саған қымбат болмаса маған қымбат. Алла екеуіңе бақ берсін...
-Ай, апа, тағы бастадың ба?
-Алтын асықтай екен, не қыласың балам, нағыз өзіңе лайық жар болатын қыз...
-Өткенде де айтып едің ғой, несіне қайталай бересің?
Осыдан кейін анасы шаруасына алданған болып, Сараны ауызға алуын қойған, бірақ үнемі есінде жүретінін сездіріп қалған. Қыз туралы әңгімені әкесі де білетін секілді, бірақ ол заңғар қыңқ етіп сыр білдірмеді. Ескі «МТЗ-50» майлап, босаған бұрандаларын тартып, жанына баласын ертіп шөпке шығады.
-Осыдан бір он жылдай бұрын Қарағандыда тұратын бір қытай тракторын 40 жыл мінді дегенге сенбеген едім, темір де тозады емес пе? Бірақ қазір сенетін болдым, күтіп мінсең, бұзыла бастаса байқап отырсаң, бұл жарықтық жүре береді екен-ау деп жаман тракторын мақтап қойды.
Екеуі трактормен шөп шауып, оны тасып, үйіп жүрген мазасыз шақтарда баласына бұрынғыдан гөрі бір жылы көзқараспен көз тастап, қолы жұмыстан сәл қалт еткенде әңгіме бастап қояды.
-Осы жұрт қызық, ауылда жұмыс жоқ, жұмыс жоқ деп қалаға ағылып жатыр. Міне, мынау жұмыс емес пе? Есік алдына шығып, тауық пен қазға жем шашып, су берсең де жұмыс. Қаз бен үйректің балапандары қашан өскенше қадағалап, қарға алып кетпесін деп, қырға алып шығып, күні бойы бағасың. Есік алдындағы 18 сотық жерге еккен картобыңды жаз бойы екі рет арамшөптен тазартасың. Қазір міне, шөп шауып жатырмыз, ертең отын дайындаймыз, одан көмір түсіреміз... Күз келгенде малды қоралап, қолда күтеміз... Барлық уақытың соған кетеді. Осының бәрі жұмыс емес пе?.. Ендеше неге халық ауылда жұмыс жоқ деп зарлай береді, соның себебін айтшы, маған?- деді бір күні.
Айқын қапелімде жауап таба алмай, қысылыңқырап барып:
-Еңбекақы алмаған соң бұл жұмыстарды көзге ілмейтін шығар?
-Еңбекақының не керегі бар? Мысалы, біздің үйде үш сиыр бар, шешең солардың сүтін күнде сауып, қаймағын сепаратормен айырып, майын алушыға өткізеді. Қорада 30-40 тауық бар, жұмыртқасын жинап алып, оны да алушыға сатады. Арзанға жібересің әрине, бірақ Құдайға шүкір, қолың құр емес, айына 40-50 мың теңге ақша шығарады. Бейнеті жоқ емес, бірақ қол қусырып қарап отырғанша осылай қимылдаған дұрыс емес пе? Оның үстіне екеуміздің пенсиямыз бар... Екеумізге жылына 2-3 қап ұн аламыз, ет бар, картоп, қант, май, шай бар, осыдан артық не керек? Қыста екі биенің бір тайын сатып, бірін өзіміз соғым қыламыз. Оның үстіне күзде сойып алған қаз бен үйректің еті де тамаққа сеп. Аман өссе үш сиырдың тайыншаларын да өткізіп, ақша қыламыз. Баяғыда, күні бойы сақпоздың жұмысында сөмпеңдеп жүргенде де табатынымыз сол болатын. Сол кезде бүгінгіден артық тұрмыс көрген жоқпын. Керісінше сол уақытта жетпей жататын. Жалғыз біз емес, жұрттың бәрі солай. Ал қазір ойбай жетпейді, ойбай жұмыс жоқ, ойбай анау, ойбай мынау деп ойбайлап қалған бір халық... Осының сыры неде? Сен көп оқыған жансың ғой, қазір маған қарағанда көп көріп жүрсің, осының сырын айтшы маған?
Әкесінің сауалдары салмақты көрінді, ойланбай жауап беруге болмайды. Шын жүрегінен ақтарылған әке баласынан ақыл сұрап отыр.
-Меніңше мәселе жоқтықта емес, психологияда сияқты, - деді көп ойланған соң. Әкесі елең етіп, құлағын тіге қалды.
-Біздің халық ұзақ жылдар бойы өздігінен еңбек етіп, өзін-өзі асырау дегеннің не екенін білмеді. Өкіметтің саясаты халықтың өзін-өзі асырауға деген құлқын жойды. Сондықтан өкіметке табынып, сосын осы жердегі сақпоздың өкімет қойған бастықтарына жалтақтап, солардың берген дүниесіне қанағаттанып, бермей жатса жалынып, оған да болмаса ұрлап-қарлап өмір сүруді білді. Құдайының өзі – өкімет болып кетті емес пе, «өкімет өлтірмейді» деген сөз қалыптасқаны соның дәлелі. Ал енді өз күніңді өзің көр, саған бұйрық беретін өкімет жоқ дегенде үстінен үнемі біреу тұрғанына дағдыланып, көрбала болып қалған халықтың самарқау санасы сансырап, не істерін білмей, дал болып қалған сияқты, - деп жалғастырды баласы. -Сіздің айтып отырған табыстарыңызға күн көруге болса да, үстінен бұйырып, бағдар беріп, бақылап, жұмсап тұратын өкімет болмаған соң өздігінен күн көру мүмкін емес деп санаған халық қалаға барып, біреуге жалдануды жаны қалап тұрады. Соған сүйеніп күн көрермін деп ойлайды. Әйтпесе, өзі күзетке тұрып, әйелдері еден жуып алатын 40-50 мыңды, өзіңіз айтқандай, осы жерде де тауып, еркін өмір сүруге болады ғой...
-Міне, міне, осы сөзіңнің жаны бар. Психология дедің бе, нақ соның кесірінен біздің халық біреуге жалдануды жандары қалап тұрады. Әлгі газеттер жазып жататын «құлдық сана» деген де осы шығар? - деп әкесі мұның жауабына жаны сүйсініп қалды.
-Ие, сол, «құл жиылып бас болмас, құм жиылып тас болмас» дегендей араларынан батыл бастаушы шықпаса, ұйлыққан халық өздігінен жол таба алмай, қалаға ағылады. Мұса пайғамбар өзінің қауымын құлдық санадан құтқару үшін Кербаланың шөлінде 40 жыл жүргізген екен. Сол сияқты біздегі құлдық санадан құтылу үшін де уақыт керек.
-Солай сияқты... Ойбай-ау, қалаға көшкенде тұратын үйлері де жоқ қой... Мындағы хан сарайындай баспаналарын тастап біреудің үйшігін жалдап тұрып жатқандар да бар-ау... Көргенде жүрегің қан жылайды. Әбілпайыздың Мұқажанын білесің ғой, сол біраз жыл осында заптоқ болды емес пе? Бөренеден қиып төрт бөлмелі биік үй салдырған. Алдына қосымша веранда қосып, ішін де кірсе шыққысыз қылған. Сорлы неме саңғыраған сол үйін сатып, қазір қалаға барып, біреудің бір бөлмелі жыртық үйін жалдап отыр. Әлі жасы пенсияға да жеткен жоқ, мектептің күзетіне жұмысқа кірген екен, қанша аласың десем, 40 мың теңге дейді. Оның да жартысын пәтерақысына береді екен. Әйелі бір жерге еден жууға тұрыпты. Сол ма өмір? Май-қаймақ дегенді көрмейді, етті анда-санда бір татады. Одан да ауылда тұрып, малы мен құсын өсіріп, картобын егіп тұрса ғой, әлдеқайда жақсы емес пе?
-Ондайлар көп, «бәлен жерде алтын бар, барсаң бақыр да жоқ» дегенді бастан кешіп, қаңғырып қалғандар жыртылып айрылады.
-Әлгі сорлыға ауылдан неге көштің десем, жол жоқ қой, ауырып-сырқап қалсақ ауруханаға қалай жетеміз. Балалар да келе алмайды ғой деп қиналады. Онысы сылтау, біздің Тайсойғанға Сәбет өкіметінің сары байлығы сарқырап жатқан кезде де жол тартылмаған, сол кезде де апталап ауылға жете алмайтын кездеріміз болатын. Бірақ сонда да ауылдан шошыған ешкімді көргем жоқ. Жол жоқтан өлді деген адамды да естіген емеспін. Құдайдан ажалы жеткендер болса қалада тұрып та өліп жатыр. Ауылдан қашудың ең үлкен себебі – өзің айтқандай үнемі біреудің ығында жүріп, жалдануды қалаудан сияқты. Оның үстіне өзінің азды-көп малына жем-шөп жинауды да қиынсынатындар көп. Бұрын сақпоздан ұрлап-қарлап жинап алса, қазір өзіне өзі шабу керек қой. Соған қиналады. Ал әйелдері сиыр сауудан қашатын болды. Бұрын сауыншылар сақпоздың 10-15 сиырын жалғыз өзі қалай сауды екен, қазіргі әйелдер 3-4 сиыр сауғанды дүниенің азабы көреді. Кейбіреулері тіпті жалғыз сиырды ғана сауып, қалғандарын бұзауына емізетін болыпты. «Әңгіме бұзау емізер, бұзау таяқ жегізер» деген сөзді мен ес білгелі айтуды қойған едік. О заман да, бұ заман, енді сол біздің жаққа қайтып келді, қазір сондайды да көретін болдық. Шешең Астанаға, саған кеткенде, үйдегі үш сиырды ақысына сауып беретін бір әйел табылмады, осы маңнан. Сосын, әйтеуір көз көргендігі бар ғой, арғы көшедегі Сақыш апаңа айтып, сол келіп сауып жүрді. Қазіргінің бәрі жұмыстың бәрін қиынсынып, сыбай-салтаң өмір сүргісі келеді. Оқуы жоқ, шоқуы жоқ, үйренген кәсібі жоқ адамға қайдағы сыбай-салтаңдық? Қара жұмыстан басқа не бұйырушы еді? Қалаға барғандағы көргендері де сол - айыр мен күрек...
Жазғы каникул күндерінен әкесінің осы әңгімелері есінде қалып, қазір жігіт көп ойланады. Бір қарасаң ауыл қандай тамаша, түнде далаға шықсаң - тым-тырс, саф ауа, анда-санда үрген иттердің дауысы ғана естіледі. Күндіз-түні дар-дұр еткен мәшиненің дүрілі жоқ. Мүлгіген тыныштық...
Ауыл үйдің терезесінен түскен көмескі жарық көшені ағарта алмайды, айнала қап-қараңғы. Оның да өз қызығы болады екен, қаланың самаладай жарқыраған көшесінде көп жүргің келмесе, ауылдың қараңғы көшелерін бойлап, қыдырып кете бергің келеді. Шіркін, Сараны қолынан ұстап, осы көшені бойлап қыдырыстап жүрер ме еді деп ойлап қоятын...
Айқын демалысы аяқталып, қалаға оралғанда көңіліне бір елеусіз көңілсіздік кіргенін бақылады. Оның бірі ауылдың тыныш өмірін қимағандық болса, екіншіден әке-шешесін еңкейе бастаған тұсында қолын ұзартатын көмекшісіз тастап кеткендері еді. Әкесі ер мінезділігіне бағып, үй жұмысын ауыр көрмесе де ыңқылы көбейгені көрініп тұр. Қатты басылып, әбден нығыздалып қалған маядағы пішеннен сүңгуірмен шөп суырудың өзі ғана жасы жетпіске жақындаған адамға оңай емес. Күздің сылбыраған суық жаңбыры таусылмайтын қолайсыз күнінде, қыстың сақылдаған сары аязында алыстағы құдыққа ат жегіп барып, су әкелу де азаптың бірі. Шешесі де ала таңнан тұрып, күні бойы бітпейтін үйдің ұсақ түйтіңінен бел шешіп бір отыра алмайды екен...
Жігіттің демалыс күндерінен алған тағы бір олжасы бар. Онысы - өзін көптен бері толғандырған бір сұрақтарға жауап тапқаны болды. Ұзын бойлы, кең жауырынды, қыр мұрынды, ақ басты, келбетті қарасұр кісімен поезда Қызылжардан бірге келген. Бұл кісінің аты-жөнін сырттай білетін, ол елге белгілі саясаттанушы ғалым екенін де телевизордан көріп жүретін. Сол ағасымен «Тальго-тұлпардың» екі кісілік купесінде Астанаға дейін бірге келіп, жол бойы армансыз сұхбаттасты. Тәуелсіз ел болдық, Қазақстанның бар байлығын бұрынғыдай Мәскеу сыпырып әкетіп жатқан жоқ, өзінде қалады, енді бүйіріміз шығатын шығар деген дәмеміз қайда? Халықтың тұрмысы неге төмен, зейнетақы неге аз, бюджеттен еңбекақы алатын мұғалімдердің, дәрігерлердің, тәрбиешілердің, тіпті облыс, аудан көлемінде мемлекеттік қызметтерде істейтіндердің жалақысы неге төмен? Осындай қызметтерде істеп күндерін зорға көріп отырғандар бар. Ал сол кезде кейбіреулер ақшасын қайда жұмсарын білмей, далаға шашып жатыр деген сұрақтарға көптен айналысып жүрген мәселесіндей профессор көп ойланбай жауап берді.
-Мұның бәрінің сыры - біздегі демократиялық институттардың жетілмегендігінде. Билікті тұтасымен бауырына басып кеткен бұрынғы номенклатураға қарсы ешкім де өркениетті қарсылық білдіріп, талап ете алмай қалды. Саяси партиялар күш біріктіре алмай, жетілмеген күйінде тарап кетті. Араларынан халықты ерте алатын үздік басшылар шыға алмады, ал көрінгендері болса биліктің баспасөз құралдары оларды жаманатты қылып, алапес етіп көрсетуге тырысты. Сосын халық оларды қолдауды қойды. Оның үстіне өздері де ауыз біріктіре алмай, бірін-бірі қолдаудың орнына аяқтан шалды. Ал қазіргі саяси партиялар дегеніміз – биліктің қолымен жасалған, соның қолдауындағы қуыршақтар. Олар биліктен ештеңені табанды түрде талап етпейді, керісінше оны қолдап, бағдарламаларының орындалуын қадағалаған болады. Жетілген саяси партия өзінің бағдарламасын жасап, дамудың баламалы жолын ұсынуы керек еді. Мыналарда оның иісі де жоқ, деп бір шалқыған Елшібек ағасы ауыр күрсініп, көзілдірігін қолына алып, әңгімесін одан әрі жалғастырды.
- Демократиясы дамыған елдердің басқару ісіне араласа алатын институттары әбден жетілген, олар билік сәл қисық басса, сол мезетінде оған қарсылық білдіреді. Соның бірі кәсіподақ ұйымдары. Еңбекақы аз, халықтың әлеуметтік жағдайы төмен болып бара жатса олар дереу мыңдаған адамдарды көшелерге алып шығып, жағдайларын жақсартуды талап етеді. Бізде ондай болмаған соң еңбекақыны сол төмен қалпында қалдыра береді. Оның үстіне халықтың табысы жаппай артса инфляция өсіп, ақша құнсыздана ма деп қорқады. Шынтуайтына келгенде мемлекеттікі деген дүниенің бәрі халықтікі ғой, сол дүниенің өздеріне тиістісін беруді халық талап ете алады. Ал бізде мемлекеттікі дегеннің бәрін билік жеке дара иемденіп алған, халықты оған жолатқысы келмейді. Кәсіподақтар да биліктің рұқсатының шегінде ғана сөйлеп, оған қарсы дауыс көтере алмайды. Заңдарымыз да халықтың жоғын емес, биліктің қолдауына сүйенген байлардың мүдделерін жақтайды. Сондықтан олар тиісті алым-салықты да дұрыс төлемей, елді байытудың орнына барлық табысты өз қалталарына басып жатыр. Сосын байыған үстіне байып, оны қайда қоярын білмей, халықтың ішін удай ашытып, айдалаға шашып жатқандары да бар. Міне, халықтың тұрмысының төмендігінің осындай сыры бар.
-Ал бізде коррупция деген неге көбейіп кетті, мемлекеттік қызметтің басындағылар неге ақша ұрлай береді?
-Ол да демократиялық әдіс-тәсілдердің жетілмегендігінен... Бәрі де ашық, халықтың алдында есеп беріліп отырса – миллиардтаған дүние ұрланбаған болар еді. Бізде бәрі де жабық, оны білсе – тексеруге барған шенеуніктер ғана біледі. Олар халыққа бәрін бірдей жария қылмай, тек айтуға рұқсат берілгендерін ғана жариялайды. Сөйтіп, қылмыс жоғары жақ рұқсат берсе ғана ашылады. Сондай жабықтық болған соң шенеуніктер шамасы келгенше ұрлай береді. Қазір оларға тіпті рахат болды, гуманизация дегенді шығарып, заңға енгізді. Енді бәленбай миллиард ұрлаған адам соттың шешімімен біразын қайтарса, ешқандай жаза берілмейді. Сосын ұрламай қайтсын? Ұрлықты да, барлық қылмысты да тиятын жаза ғой. Әлмисақтан бері солай болып келеді, ал біздегі «ізгілендіру» жаза дегенге тиым салып жатыр. Бәрін батыстан үйренудеміз дейді, олардағы жағдай мүлде басқа емес пе? Оларда демократия бар, бәрі ашық, халыққа жария түрде жасалады. Біздегідей бәленбай миллиардты олардың шенеуніктері ұрлай да алмайды, ал ұсақ-түйек, бір мың, екі мың ұрланып жатса, оған гуманистік шара қолдануға да болар...
Екеуі алып шыққан тамақтарын ортаға қойып, шәй ішкен. Айқын шешесінің сүрленген сары қазысын ортаға турап, Елшібек ағасына дәм татырды.
-Шіркін, солтүстіктің сары қазысы-ай, балдай ғой... - дей отырып, аузына екі-үш кесегін салып жіберген ғалым:
-Міне, қарашы, - деді, - Тісімізді тазалайтын таяқшаны да Қытайдан аламыз. Ине-жіпке дейін өзіміз шығара алмаймыз. Неге?
Айқын иығың қиқаң еткізді.
-Өйткені, бізде шағын және орта бизнесті қолдамайды. Жоғары жақ қолдаңдар дегенімен жергілікті билік аяққа тұсау салады. Мәселен, біреу осы тіс тазалайтын таяқша жасамақ болып, ағаш жонатын шағын цех ашайын десінші, оған 20-30 рұқсат қағаз алуы керек болады. Соның ішінде санэпидемстанса да бар. Олар өздерінің осыдан 50-60 жыл бұрын жасалған бір инструкциясына сүйеніп, ағаш жонатын цехтің биіктігі 3 метрден кем болмауы керек, ал мынау 2 метр 80 см ғана, сондықтан мен қол қоя алмаймын деп шыға келеді. Оны қолыңды қой деп ешкім қыстай да алмайды. Сонымен басталған іс аяқсыз қалады. Осындай мысалдар толып жатыр, сондықтан біздің ШОБ-ымыз дамымай жатыр. Ал ол экономиканың аяқтан нық тұрғанын көрсететін фактор. Дамыған шетелдерде бюджеттің 50-60 пайыз түсімін солар береді. Ал бізде ол 10 пайызға жетпейді. Оны дамытудың тағы бір жолы - елдімекендер арасындағы жолдардың жақсы болуы. Бізде оған да ешкім көңіл бөлмейді. Үлкен бастықтарымыз тек мега жоба-мега жоба деп бастарын қатырып жүр. Тек үлкен бизнеске қажетті инфрақұрылымдарды жасағысы келеді. Сөйтіп, аяқтың астындағы проблеманы шешпей жатып аспандағы айға ұмтылады. Әлгі «арыстан айға шауып мерт болыпты» дегендей, мега жоба дегендерің қазақ айтатын «батыр бір оқтық, байлық бір жоқтық» демекші, әлемдік бір кризистен қалмай аяғы аспаннан келеді. Одан да шағын бизнесті дамытуға назар аудару керек еді. Өйткені ол, анау-мынау дағдарысқа төтеп беріп, жұмысын жалғастыра береді. Даму деген қай күнде аяқтан басталады емес пе, адам баласы да алдымен аяғынан тік тұрған соң басқа денесі де, басы да дами береді ғой...
Аймақтарды дамыту үшін алдымен жолдар керек, соған ешкім көңіл бөлмей-ақ қойды. Облыстардағы басшылар бұл мәселені ескі жолдарды ішінара жамап-жасқаумен шешпек болады, ол түпкілікті бола ма? Үстін жылтыратқанымен асты іріп жатады да бір-екі жылда қайтадан таз қалпына түседі. Біздей жері үлкен, қатынасы қиын ел үшін алдымен глобальный масштабта жол мәселесін шешу керек. Жері үлкен араб елдерінің бәрі мәселенің бәрін жолдан бастаған, бізге де сол керек. Сонда жолсыздықтың кесірінен 20 пайызы жоғалатын астығымыз да дұрыс жиналар еді. Ең алыс түкпірлерге инвестициялар да жетіп, ел шын мәніндегі өркендеуге бет бұрар еді.
Елшібек ағасының әңгімелерін естігенде қарапайым адамның білгенін, күнде көріп жүргенін үкіметтің қалай көрмейтініне, жасағысы келмейтініне Айқын қайран қалған...
* * *
Айқын бүгін демалыстан кейін бірінші күн жұмысқа шықты. Оқу жылының басталуына он күндей қалған. Мындағы қарбалас жұмыстар әлі аяқталмапты. Былтырғы оқу жылының аяғында директорлары ауысып, орнына бұрын мектепте бір күн де істеп көрмеген, тек үш-төрт жыл аудандық оқу бөлімінде шенеунік болып жүрген бір жас жігіт келген. Мектептегі оқудың жаңа реформасына байланысты талай жерге осындай жастар тағайындалған. Нұрлан Шәріпұлы деген сол жігіт мектепке етімді үйретейін, тыныс-тіршілігін сезінейін деген жоқ, бірден өзінің тәртіптерін енгізе бастады. Ендігі жерде мектеп білім бермейді, ол ескі ұғым. Біздің міндетіміз балаларды өмірге бейімдеу дейді. Оу, білім бермесе мектеп емес, біржолата бейімдеу орталығы деп неге аталмаймыз деп әлсіз қарсылықпен үн шығарған екі-үш мұғалімнің соңынан келген бойында түсіп, ақыры жұмыстан кетуге мәжбүр етті.
Білім беру мен тәрбиелеуді ғана мақсат тұтқан Кеңес мектептерінің жолы дұрыс емес, ендігі жерде мектеп америкалықтарша өмірге бейімді түлектер шығаруды ғана мақсат ететін болады дегенді жиі өткізетін жиналыстарының бәрінде жағы талмай тақылдайтын болған. Ондайды мұғалімдер келеке қылып, жиналыстан шыққан соң өзіміз бейімделмегенбіз, өзгені қалай бейімдесек екен деп қалжыңдасатын. Ажар деген бойдақ келіншек Айқынға сүйкеніп, осы екеуміз бірігіп бейімделіп көрейікші деп қалжыңдаған. Сондай әңгімелер де директордың құлағына жетіп қалады екен, Ажар екеуін дереу алдына шақырып, мені тәлкек қылғыларыңыз келсе ұстамаймын, жұмыстан шыға берулеріңізге болады деп доқ көрсетті. Осындай оқиғалардан кейін мұғалімдер бір-бірінен үрке қарап, артық-ауыс әңгімелер де айтылмай қалған.
Айқын жұмысқа шыққанын айтпақ болып, директордың орынбасары, өзінің тікелей бастығы Ережеп Ноянұлына келсе, ол да жарты ай бұрын жұмыстан шығып кетіпті. Оның екінші әріптесі де кетіп қалыпты. Мектеп іші құйын өткендей, бәрі үрпиісіп қалған. Қабылдау бөлмесінде отыратын қыз да ауысып, оның орнына көздері қоянның бадырағындай шарасынан шыға бақырайған біреу қонжиыпты. Есіл-дерті есікті аңдуға жаратылғандай жан екен, бастыққа бөтен адамды жолатпай, шақ-шақ етеді.
Дәлізде бұрынғы директоры Гүлнәзия Бектеміровнамен ұшырасып қалды. Бұрынғы айбынды түрінен айрылып, жүні жығылып, жүдеу тартып қалған оны аяп кетті.
-А, Айқын, келдің бе, халың жақсы ма? – деді ол мұның сәлемін самарқау алып.
-Біздікі жаман емес қой, өзіңіз қалайсыз, апай?
-Оңып жатқан дүние жоқ, пенсияға аман жетсем, бір күнде тұрмаспын бұл жерде... 30 жыл еткен еңбегімді еш қылып, керексіз болып қалдым...
-Бір жайсыздық болды ма?
-Қандай жайсыздық болмады деп сұрасайшы одан да... Ата-аналардан ақша жинайды екенсіңдер, қосымша сабақ дегенді қайдан шығардыңдар деп жаз бойы, әйтеуір бір маза бермеді ғой. Ішінде сендердің тарихтан ақылы факультатив сабақ бергендеріңді де сұрады... Соның бәрі жемқорлық, ақша бөліскенсіңдер дейді. Жұмыс жүргізілді ғой, балалар қосымша сабақтар алды ғой, соларды тексермейсіңдер ме десем, құлақтарына да ілмейді.
-Оқу бөліміндегілер ме?
-Солар бастап, сосын финпол деген бір пәлеге беріп, олар бір қадалған жерінен қан алатындар екен, әйтеуір жаз бойы бір тыным бермеді ғой. Бейне бір мен миллион теңге жеп қойғандай көреді...
-Ақылы қосымша сабақ дегендер заңды емес пе еді?
-Бұрын заңды еді, былтырдан бері жаңа министр өз реформасын жасап, заңсыз болып қалыпты ғой... Енді қосымша сабақ беруге болмайды, дамыту орталықтары дегендер ашылады екен, - деп апай ауыр күрсінді. Сосын қалтасынан орамалын алып, маңдайын құрғатып, сөзін жалғастырды:
- Ата-аналар ақшаларын сондайларға беріп, балаларын соларда дамытсын деген бір шала бұйрық болған. Бірақ ондайға мен кезінде мән бермеп едім. Жоғары оқу орнын бітірген мамандар тұрғанда Дамыту орталығы деген коммерциялық құрылым не берер дейсің деп ойлағам... Сөйтсем, мектеп айдалада қалып, енді сондайлардың бағы жанған екен. Олар бір мықтылардың «қамқорлығында» көрінеді. Тапқан табыстарын бөліседі деседі... Әйтеуір, бір мазасыздықтар туып жатыр...
Айқын апайын не деп жұбатарын білмеді. Ол кісі де бұдан артық ештеңе айтқысы келмегендей, тез қоштасып кетіп қалды. Бір кезде мектептегі оқу мен тәртіпті темірдей қаттылықпен ұстап, айбатымен арбап жүретін тұлғалы әйелдің ұнжырғасы әбден түсіп, екі иығынан су кетіп, бір ғана жылдың ішінде бүкшиіп, шөгіп қалыпты.
Өзі шақырмаса бастықтың алдына жолау дегенді білмейтін Айқынды бір күні директордың өзі шақырды. Гүлнәзия апайдың кезінде қарапайым ғана болатын кабинеттің ішін жап-жаңа, қара түсті қымбат жиһаздарға толтырып тастапты. Өзі көк тірегендей шіреніп, биік орынтақтың жұмсақ отырғышына бәкене бойы батып кетіп, арқалықтың алдында қылқиып отыр. Не айбат, не парасат иісі сезілмейтін қалтақтаған бір бала. Артына мемлекеттік туды жайыла қадатып, оның үстіне жарқыраған алтын түсті елтаңбаны да ілдіріп қойыпты. Соларға сүйеніп басқарамын деген сөзі ме екен, әйтпесе өмірлік тәжірибесі жоқ, білімі де тайқы осындайлар тағдыры мен талқысы тасып жататын, мың адамнан артық адам бағынышты болып отырған алып ұжымды қалай басқарамын дейді екен деп ойлады Айқын.
Үстіне ине-жіптен жаңа шыққандай кәстөм киіп, ақ көйлекке бұқиған мойнын қылғындырып, жұп-жуан галстук тағып алған. Жұқа шашы тайқы маңдайын жаба алмай, қушық қалпын айқындай түскен.
Бастық орнынан қозғалмаған қалпында Айқынның қолын селсоқ алып, жыртиған көздерін сығырайтып, сынай қарады.
-Мен мектептің қаржылық-шаруашылық жағдайына аудиторлық тексеріс жасатып, көптеген былық-шылықтарды әшкерелеттім. Ата-аналардан ақша жинауға қатаң тыйым салынғанына қарамай бұрынғы басшылық қосымша, ақылы сабақтар жүргізуге жол берген. Соның ішінде сіз де бар екенсіз. Былтырғы оқу жылында тарих сабағынан 15-20 адамға ақылы түрде қосымша сабақ беріп келіпсіз. Аудиторлар бәрін анықтады. Бұл заңсыз болған соң сіздің ісіңізді финполға беру керек деген еді, мен жас мұғалім екен, бір жолға кешірейік деп жауып қалдым...
Айқын өзінің адал еңбегі мынадай қырға шығып, аяқ астынан қылмыскерлер тобына қосылуға шақ қалғанына айран-асыр болды. Дауысы да тарғылдана шығып, болған оқиғаның мәнісін түсіндіруге тырысты.
-Тарихты тереңірек білгісі келген балаларды ерікті түрде жинап, қосымша сабақ бергенім рас. Бұл жұмыстың ақылы болатындығы да балалар мен ата-аналарға ескертілді. Содан кейін мектеп директорының бұйрығымен, ешкімнен ештеңені жасырмай, 15-20 баламен жұмыс істедік. Балалар ақшаны мектептің кассасына төлеп отырды. Ал бізге ғимарат пен құрал-жабдықтардың арендасы, амортизациялық шығындарды шығарып тастағаннан кейінгі қалған ақшаны қосымша еңбекақы ретінде төледі. Одан салық ұсталды. Қосымша білім алған балалардың тізімі бар, оларды шақырып, сұрауға болады. Сонда осы да қылмыс болғаны ма?
-Қылмыс па, жоқ па, оны құқық қорғау органдары анықтайды. Мәселе, заң бұзушылықта...
- Оқушыларға қосымша білім берудің де заң бұзушылық болғаны ма, сонда?
- Сіз олай бұрмаңыз, білім беруге болады, бірақ ол үшін ақы алуға болмайды. Заңды білмегендіктен заң бұзушылыққа барғандық та жазадан құтылмайтынын білмейтін шығарсыз?
-Білген емеспін...
Тайқыбас директор Айқынға өкінішті жүзбен қарады. Оның ұғымында қазір жігіт заң бұзушылық жасаған ісін жапқаны үшін бұған алғыс айтып, алдында құрдай жорғалар деген үміт барын Айқын сезген жоқ. Керісінше, кінәсіз екендігіне сенімді болып, айылын жимай отыр. Кіріптар болу ойына да келер емес, қайта не қыла қояр екенсің дегендей айбат бар...
-Жақсы... Бұл әңгімеге артынан оралармыз, әзірге жұмысыңызды істей беріңіз,- деп тайқыбас шіренген күйінде алдындағы телефонның құлағына қолын созды.
Оның несіне ораламыз деген қалып танытқан Айқын иығын қиқаң еткізіп, есікке беттей берді. Өзінің тәуелсіз қалыбымен ол тайқыбастың ашу-ызасын қайнатып кеткенін сезген жоқ.
...Оқу жылы басталғаннан Айқынның үстінен түрлі тексерістер мен бақылаулар көбейді. Сырттай «тайқыбас» деп атаған директоры жұмысқа шыққанына жарты жыл өтпей жатып, барлық орынбасарларымен бірге мектептің белсенділерін де ауыстырып үлгерген. Қазіргі бастықтардың арасында тек соның тағайындаған адамдары ғана қалды. Жұмыс та ауырлай түскен. Сабаққа дайындалудың орнына түрлі папкалар толтырумен уақыты өтеді. Әр баланың сабақтың басындағы, ортасындағы, аяғындағы мінез-құлқына сипаттама жазу керек деген талап қана жүзден артық папканы толтыруға міндеттейді. Толып жатқан бақылаулар балалардың сабақ үлгерімін, білімін емес, сол папкалардың толтырылуын ғана тексереді. Тайқыбастың ісі тәйкі болып шығып, келгеннен бері айтқан сөздері ақыры шындыққа айналып келеді. Мектеп білім емес, өмірге бейімдеу деген бір солақай «данышпанның» шығарған мұратын тұтынып, тек папкалардың толтырылуымен айналысатын мекеме болып келе жатыр. Осының бәрі америкалық әдістің озықтығымен жалғастыра мақталады. Баяғыда америкалық колледждерді бітірген оқушылар картадан Қазақстандай алып республиканың қайда екенін де білмейді, ал біз олардың барлық 51 штатының қайда тұрғанын көрсетіп бере аламыз. Қанша мақтанса да Америка дегенің дұрыс білім бере алмайды екен-ау. Білмеген соң ол қандай білім деп бұлар күлетін еді. Енді қазір сол білімсіздік артық болыпты...
Осындайлардың әсері болған соң, оның үстіне ойнап-күліп, әзілдесіп жүретін 2-3 мұғалім жігіттің шығып кетуімен былтырғыдай емес, Айқынның мектепке деген көңілі суып қалды. Таңертең жұмысқа шыққанда тек Сараны көретіндігі ғана көңіліне медеу болады.
Бұрынғы дағдымен қыз сенбі сайын келіп тұрады. Бүгінгі сенбіде де келіп, үйдегі әйелдің алақанын тілеп тұрған жұмыстарды тасқаяқтай қағыстырып, Айқынды түскі асқа шақырды.
-Сіз қазір көңілсіз жүресіз? Жүдеп те кеттіңіз? Бір нәрсеге қиналып жүрсіз бе?
-Иә, Сара, дәл таптың, қиналудамын. Мына жаңа бастық келгелі тынышсыздық келді, мектептегі барлық бос уақытым ешкімге де керегі болмайтын бір папкаларды толтыруға кетеді. Сабаққа да дайындалып үлгере алмаймын. Соның бәрін толтырудан әбден қажимын...
Қыз не деп жұбатарын білмей, тек аяныш білдірген аялы көздерімен қарай берді.
-Міне, қарашы, күніне беретін алты сабақтың жоспары біреу, өзіндік білім жетілдіру жоспары екеу, үйірме жұмысының жоспары үшеу, дарынды оқушылармен жұмыс істеу жоспары төртеу, үлгерімі төмен оқушылармен жұмыс істеу жоспары бесеу, ата-аналармен жүргізілетін жұмыс жоспары алтау, сыныптағы тәрбие жұмысының жоспары жетеу... Бұл жартысы ғана. Санап шығудың өзі адамның басын ауыртады, соның бәрі бөлек-бөлек папка, соларды толтырумен барлық уақытың өтеді. Сабаққа дайындалуға еш мүмкіндік жоқ. Папкаларды құр толтырмай істелген жұмыстардың фотосын да салуың керек. Фотоаппарат алып жүретініміз де содан...
Ауыр күрсініп қалған жігіт қыздың өзін аяп қамығып қалған жүзін көрді, бірақ күйінішті әңгімесін аяқсыз қалдыра алмай жалғастыра берді.
-Сараптама, бақылау, мінездемелер жазу дегендер де бар, олардың бәріне бір-бір папка ашуың керек, әйтеуір шаршатады. Сара, мен осы мектептен кететін шығармын... Өзім іздегенмен дұрыс қызмет таба алмаймын... Осы ертең-бүрсігүні Қызылжардағы ағама айтып, көмектесуін сұрап көремін. Оның өзі де мектептен кетуің керек деп қыңқылдап жүр еді...
Сараның жүзі қызарыңқырап қалды. Бір кезде Айқын мектептен кетсем ғой, ешкімнен жасырынбай күнде кездесіп тұратын едік деген, қыздың есіне сол түсіп, қуанғанын білдірмеуге өз-өзінен қысылып қалған еді.
Осы әңгімеден кейін Айқын Айбынға хабарласып өзінің ойын айтқан. Ағасы оған қуанып кетіп, жақын күндердің бірінде Астанаға келетін сапарында кездеспек болған.
Бүгін сол уәдемен екеуі кездесіп, ұзақ әңгімелесті.
-Міне, көзің енді ашылып келеді... Қазір жанталасып қимылдаудың заманы, мына жерде бақандай бір жыл істемей-ақ ертерек кетуге болатын еді... – деп қатты ойланып, өзінің қалтафонынан бір таныстарын іздей бастады. Ақыры керек адамын тапқан болуы керек, онымен емен-жарқын сөйлесіп, кешке кездесетін болып келісті.
Өзі айтқан сөзін, берген уәдесін шапшаң орындайтын жылпос жігіт болып алған екен, қызметі облыста болса да Астананы шауып, мында да талай адаммен ауыз жаласып алғаны көрініп тұр.
-Кешке екеуміз бір үйге қонаққа барамыз, жинал... Менің бір жақсы жолдасым, бүгін әйелінің туған күні екен... «На ловца зверь бежит» демекші дөп келгенін қарасайшы. Жолың болар. Жақсы подарка алуға тура келіп тұр енді... Сенің мәселеңді сол жігіт шеше алады. Министрлікте бір департаменттің бастығы... Айтқандай бойжеткен қызы да бар, осы көктемде Германиядан ба, Америкадан ба оқып келген, танысасың... Ұнаса келін қылып алып та қалармыз... Кім біледі...
-Ой, қойшы, мамам құлағымның етін жеуші еді, енді сендер де бастадыңдар ма?
-Біздікі айту парыз, орындау өзіңнің міндетің... Оған несіне шамдана қалдың? Үйленетін жасқа келгенің рас...
Әңгіменің бетін басқа арнаға аударғысы келген Айқын сонда қандай жұмысқа сұранған дұрыс деп қалды. Оған Айбын мырс етіп күліп жіберді де:
-Ай, бауырым-ай, сен әлі де сол наивный қалпыңда екенсің-ау. Олай сұрауға болмайды, қазір. Қандай жұмыс ұсынса соған баруың керек. Ең бастысы еңбекақысы мен «движениесінің» шарты келсе болды ғой...
Апырай, сонда мен де мынау сияқты май жаққан терідей жылпылдаған шенеунік болуым керек пе, басқа жұмыстың реті болмағаны ма деп ойланып қалған жігіт ағасымен көңілсіз айрылысып, кешке жолығатын жерге келетін болып қоштасты.
...Астанадағы корейлер салған «Хайвилл» тұрғын үй кешенінің үшінші қабатындағы төрт бөлмелі пәтерде тұратын Мансұр Сағатовичтің үйі соншалықты кең емес екен. Қазақтарға қажеттісі зал ғой, ол кең жайлау емес, айналымға келмей, асүймен скандинавиялық стильмен жалғасқан күйкі қалып танытады. Бөлменің қабырғалары да жайдары жарқын емес, жиһаздарымен бірге сыпыра ашық қоңыр түсті, көңіл күйді бір арнаға тоғыстырып, ой жүйеңді еркін самғатпайтын қалыппен сұп-сұр болып тұр. Есесіне үш жатын бөлмелері бір-біріне байланыспай, алшақ жатыр. Онысы енді... әр бөлменің тұрғындары бір-бірінің қыбыр-жыбырын естімейтін болғандықтан жастарға қолайлы екен.
Шақырылған қонақ көп емес, әсілі Айбын өзі хабарласқан соң ғана келіңіздер деген болуы керек, әйтпесе үйдің іші көп мейман күткен қалыпқа ұқсамайды. Айқын мен Айбыннан басқа осы кешенде тұратын Шолпан апайдың інісі ғана әйелімен болды.
Санжар деген ұлы мен Лэйла есімді қыздары қонақтар дастарханға отырып, әңгімелері жарасып, жапатармағай жайылып жатқанда бір-ақ келді. Онда да бірге емес, әуелі ұлы, ең соңғы болып қызы келді. Екеуі де аналарын құшақтай құттықтап, әкелген сыйлықтарын қонақтардың көзінше, еш қысылмай тапсырып жатыр.
Қазақтың Ләйла деген есімін «Лэйла» дегенге бұрып алғандарды Айқын бұдан бұрын да бірнеше рет көрген, мына қыз да соның бірі екен. Ұзын бойлы, ашаң, шашын жалбыратып қидырған аққұба қыз ештеңеден именуді білмейді, өзіне ұнаған нәрсесін, қалаған қылығын жұрттың көзінше істеп жүре беретін тым еркін тотай екендігі көрініп тұр. Дастарханға отырған бойында «қарын хочу» деп ортада тұрған табақтың астан-кестенін шығарып, өз шанышқысымен іздей бастады. Анасы қызының еркелігін тия қоймады, ал әкесі тыймақ түгіл оған болысып, көзіне түскен туралған қарынды қызының тәрелкесіне салып әлек.
Қыз әуелде Айқынды көзіне де ілмей отырған, Айбынға сөз тиіп, ол туған күн иесін құттықтап, құлағына үлкен гауһар тасты сырға салғанын көрген соң ғана оның інісі деген жігітке жүзі жадырап, күтпеген жерден ықылас білдіріп, көр-жерді сұрап, әңгімеге тарта бастады.
Ас ішіліп болған соң үлкендер кең балконға кетті де, қыз шешесіне болысып, үстел жинасқан жоқ, Айқынды бірден өзімсініп, бөлмесіне баруға шақырды. Неше түрлі ерке қыздарды көрсе де, қонақ күтіп жүрген шешесіне саусағының ұшын қимылдатып болыспағанды бірінші рет көрген Айқын таңырқағанын жасыра алмай оның соңынан ерді.
Шағын бөлменің іші қыздың тұрағындай емес, ашылып-шашылып жатқан дүниелері жайрап жатыр. Бірақ қыз одан айылын да жимай, қоқыратып, бір бұрышқа сыра салды да Айқынды тергеудің астына алды.
Арасында ағылшын сөздерін қосқаны болмаса қыз тек орысша сөйлейді. Айқынның орысшадан нан сұрарлығы болғанымен мұндайға елтімей, тек ана тілінде сөйлеуге тырысатын. Мына оспадар қызға да ерегесіп, қазір тек қана қазақша сөйлеп отыр.
-Сен университет бітіргеннен бері әлі мұғалім болып жүрсің бе? – деді қыз.
-Иә, онда не тұр? Өз мамандығым бойынша қызмет істеп жатырмын...
-Сонда, әлі күнге бакалавр ғанасың ба?
-Иә...
-Магистратураға да түскен жоқсың ба?
-Барып едім, түсе алмадым. Ағылшын тілінен құладым...
Қыз бұл сөзге ытырынып қалды.
-Как... қазіргі заманда ағылшын тілін білмеу ұят қой...
-Әрине, ұят. Ана тілін білмеген одан да әрмен ұят...
Өзінің бағанадан бері қазақша сөйлемей тек орысша сайрап отырғанын жігіттің іліп қалғанын қыз түсіне қалды. Бірақ мойын қойып, мән бермей, миығынан күлді де сұрақтарын жалғастыра берді.
-Қазір жастардың бәрі әрбір күнін пайдаланып усовершенствоваться етуге тырысуда. Ал сен әлі күнге бакалавриатпен қанағаттанып қалыпсың... Қызық екен. Оның үстіне Айбындай продвинутый ағаң бар. Тым болмаса шетелдің бір университетіне барып, тәлімдемеден өтпедің бе?
-Қай уақытта барамын... Жұмыс істедім емес пе?
-Түу, сол мұғалімдікті де жұмыс деп... Айына көп болса жүз мың алатын шығарсың?
-Бұйырғанын аламыз...
-Ағылшын тілін үйрететін курсқа да жазылған жоқсың ба?
-Оған уақыт жоқ қой, сабақтан шаршап келемін, одан дайындалу керек...
-Фи... қандай тормозной жігітсің. Сенің орныңда басқалар бір күн уақытын босқа өткізбей, жетіліп жатыр. Мысалы, мен биыл Гарвардқа барып, бір жыл оқып келдім. Сол жақта жұмысқа қалайын деп едім, «предки» болмай алып келді... Мені бір американецке тұрмысқа шығып кетер деп қорыққан-ау деймін.
Жігітке қыздың барлық қылықтары да ұнамады, бірақ ойын бүкпесіз айтатын ашықтығы бойын үйретіп, өзіне тарта берді. Мақтаншақтығы да бар екен, жас баланың ойыншыққа алданғаны сияқты түкке тұрмайтын бір заттарын көрсетіп, көп бөсті. Ал әкесінің өзіне үш бөлмелі үй сатып әперуге уәде бергенін айтқанда тіпті ашық мақтанып, мәз болды.
Көңіл аңғарына қарағанда Айқынға кет әрі емес екені көрініп тұр, бірақ сары алтындай Сарамен салыстырғанда сені қайтемін деген ниеттегі жігіт онымен тек бір көрген таныс сияқты сөйлесті. Кетерінде қыз жігітке өзі білетін ақылын да айтып қалды.
-Сен бір курстарға жазылып, уақытты босқа өткізбей тезірек ағылшын тілін үйрен. Сосын магистратураға түсіп ал, жас кезде оқып үлгермесең, кейін бәрінен құр қаласың. Орыстар «под лежачий камень вода не течет» дейді емес пе, жата берсең уақытың босқа кетеді, - деді.
ҚҰЛДЫРАУ
Қонақтан көңілді шыққан Айбын қонақүйге бармай, інісінің пәтеріне келген.
-Мәселеңді Мансұр шешетін болды, - деді ол інісін бірден әңгімеге тартып.
-Әрине, әйеліне 250 мыңның сырғасын салған соң шешпей қайда барады?..
-Ей, бауырым-ай, ол әлі басы ғана ғой... Жақсы қызметке тұрып кетсең теңгемен құтылмайсың, жасыл қағаздың 10-15 мыңын жұтқызамыз, әлі...
-Масқара... Қымбат қой...
-А как ты думал... «Движение» жасайтын жұмыс болса оны өзің ептеп қайтарасың, сосын...
-Менің ондайға ебім жоқ қой?
-Үйренесің, қорықпа... Істеп жүргендер іштен оқып туған жоқ, өмірдің өзі үйретеді. Бәрінен де сен қызы туралы айтшы. Ұнады ма өзіңе?
-Ой, анау біреуге әйел болатын қыз емес, есі-дерті дүние, мүлік, байлық, қыдыру...
-Ондайлары бала тапқан соң басылады. Ең бастысы оның ақшасы ғой. Көрдің ғой, әкесі керемет жақсы көретінін... Ал Мансұрдың байлығы жетеді. Менің білуімде ғана оның бірнеше балабақшасы, баспасы, дүкені бар. Бәрін әйелінің атына жаздырып қойған. Қызын алсаң солардың бір-екеуін саған қоса береді. Сосын бай болып шыға келесің...- деп ағасы ыржиды.
Әйелсіз өтсем де мына қызға жоламаспын дегенді айтқысы келіп бір оқталса да Айқын ағасының көңілін қимай іркіліп қалды. Дегенмен үнсіз қалмайын деген оймен:
-Өзі менен екі жас үлкен де екен... Қайтемін ондай қызды, апа қыламын ба?
-Қазір ондайға қарамайды, екі жас түгіл пайдалы болса 10-15 жас үлкенді де алады...
-Ондайлар ұятты білмейтін бұзылған халықтар ғой. Бізге ұят болады...
-Ой, сөзіңе болайын. Қазақ өзінен үлкен әйелді ешқашан алмап па? Ағасы өлсе әмеңгерлік жолымен өзінен әлдеқайда үлкен, сарықарын бәйбішелерді де жас бозбалалар құшып жүре берген...
-Ол бұрынғы заман ғой. Ағасының балаларын жетімсіретпеудің жалғыз амалы сол болған соң қайтсын?.. Қазір ондай жоқ.
...Ертесіне жұмыс күні болса да Айбын інісінің шаруасымен тағы бір күнге қалған, түстен кейін мектепке телефон шалып, үйге тезірек жетуге шақырды. Бүгін-ертең жұмысқа тұрып кетермін бе деп алқынып жүрген Айқынды салқын жүзбен қарсы алған ағасы қызмет табылып тұрғанымен алдымен мемлекеттік қызметшілер өтетін емтихандардан өтуі керектігін, ол кемінде 10-15 күнге созылатынын айта келіп, ауысу тек келесі оқу тоқсанына қалдырылатынын ескертті. Қандай жұмыс екенін, не істеуі керектігін, еңбекақысы қанша болатынын айтуды тіпті артық санағандай болып, өзі кездесіп қалған жерлесінің машинасымен Қызылжарға аттанып кетті.
Осы күннен бастап Айқын мемлекеттік қызметшілер білуге тиісті бес заңды оқып, оның талаптарын жаттауға кірісті. Жігіт заң баптарының нақты болмай, сүйрей салды ғана болатынына бірінші рет назар аударды. Кейбіреулері тіпті талап та емес, жәй хабарлама дүние сияқты бірдеңе, мұндай заң қалай бұзылмасын? Бұрын-соңды заңмен жұмыс істеп көрмеген Айқынға осының бәрі қызық болып көрінді.
Екінші тоқсанның ортасынан қар жауғанымен қара жерді тегіс қамтымаған. Есесіне ызғырық қара жел адамның бойын бүрістіріп, күшеншек халге жеткізген. Киімі қалың болса да тұла бойыңды қалтыратып жіберетін Сарыарқаның ызғырығы адамға жайсыз тиіп, бір қырындатып жібереді.
Осындай бір күні Айқын мектептен шығып, аялдамаға қырындап келе жатыр еді, үлкен жолмен өтіп бара жатқан жеңіл машина сыр етіп тоқтай қалды. Мен таксиге қол көтермеген едім ғой, кімге тоқтады екен деп қараса ақсия күліп бұрын мектепте бірге істеген жолдасы отыр.
-Кел отыр, жеткізіп тастаймын, - деді ол күліп.
-Өй, сен таксист болып кеткеннің қай жағындасың? Халың қалай, аман-есенсің бе? – деп амандасып жатқан Айқынға:
-Сен әлі мектепте істейсің бе?- деп Саржан жауап берудің орнына таңырқай қарады.
-Енді қайда істейді деп едің?
-Әй, қуым-ай, Сараны қимай жүрсің-ау, әйтпесе осы күнде сендей адам мектепте істер ме? – деді жігіт әзілдеп.
Оның әзілі Айқынның үстінен суық су құйып жібергендей тіксінтті.
-Айтып отырғаның не? Сара дегенді қайдан шығардың?
-Е, сенің Сараға ғашық екеніңді жұрттың бәрі білгенде мен білмейді деп едің? Оның несіне таңырқадың?..
Мына сөздер жігітті шынымен таң қалдырды. Өздері біздің арамызды ешкім де білмейді деп құпиялап жүрсе, жұрттың бәрі біледі екен-ау... Қайдан біле қояды, осы жұрт? Екеуі туралы талай өсекті де сапырған шығар-ау? Ойбай, бәтір-ау, оқушыларыма не бетімді айтамын деген сияқты ойлар жігітті қатты қысылдырды.
Осы күннен бастап жігіт мектепке беттеуге арланатын болды. Сараны көріп қалса салқын амандасып, басын изей салады. Бұрынғыдай жылы жымиып, көзімен аймалауды қойды.
Есесіне ерекше ермек табылды, Лэйла күнара хабарласып, көр-жерді айтып тұратын болды. Осы қыздың маған көңілі кетіп жүрген жоқ па, қайтып арамызды суытуға болады дегенді ойлап, тіпті Айқынның басы қатты. Бірақ еті үйрене келе хабарласқанын теріс көрмейтін де сияқты. Оның таусылмайтын сұрақтарына келте жауап берген сайын анау өзеуреп, бұл білмейтін жаңа қызықтарды тауып алады.
Сөйтіп жүргенде екінші тоқсан аяқталып, мектеп қысқы каникулға шықты. Осы демалыс күндері Айқын министрлікке ауыспақшы, құжаттарын өткізіп қойған. Лэйла бір шетелдік фирманың Астанадағы филиалында қызмет істейтін, олар да Айса пайғамбардың туған күніне орай «Рождественские каникулы» дегенге шыға қалды. Мұндайда шетелге баратын қыз биыл Бурабайды қалапты, сондағы қымбат демалыс үйлерінің біріне әріптестерімен бірге бармақшы екен, Айқынды да өздерімен бірге жүруге шақырды.
Басында еш алаңсыз келісіп қалған жігіт артынан қалай құтылудың ретін таба алмады. Демалыс күндері Сарамен бірге болармын деген басы енді көлденеңнен киліккен көк етіктінің құрсауынан шыға алмай қалды. Оның үстіне қызды өкпелетіп алудан жасқанды, ерке қыз әкесіне шағынса, ертеңгі күні кіргелі тұрған қызметтен айрылып қалармын деген қауіп те бір жағынан қысып барады. Өз көңілі мектептен көшіп қойған, оның үстіне, қайдан естігенін кім білсін, мұның министрлікке ауысатынын біліп қалған «тайқыбас» қазір алдында құрдай жорғалайтын болған. Ал егер министрлікке өтпей қалса, оның мойнынан түспесі де сезіліп тұр. Өмірді адамгершілікпен емес, қызмет орнымен ғана бағалайтын мансапқор неме мұны тек үлкен қызметіне қарап қана адам қатарына санайтынын Айқын бірден сезген. Сондай пасықтың қол астында тағы да қалып қою ендігі жерде өліммен тең еді...
Сөйтіп, Сарамен қимай қоштасып, ертесіне төрт «Джиппен» шыққан Лэйланың әріптестеріне еріп, жігіт Бурабайға кетті. Алдағы қызыққа құмартып, мәз болған топтың ортасында жалғыз өзі тұтқынның күйін кешіп, көңілі көтерілмеді.
Жол бойы бірнеше рет тоқтап, «вискиден» ауыздары босамаған жастар демалыс үйін бастарына көтеріп, тек түстен кейін ғана жеткен. Мұның қабағында кірбің барын сезген Лэйла бұрынғыдай емес, асты-үстіне түсіп, көңілін жадыратуға тырысып бақты. Бұлардың тобындағылардың бәрі де шетелдердің демалыс орындарына жиі барып жүретіндер екен, келгеннен қонақүйдегі сервистің кемшіліктерін айтып, сарнай бастады. Әсіресе, тау шаңғымен сырғанайтын төбенің сапасы мен көрсететін қызметін француз Альпісіндегі Крушевельмен салыстырып, түгін қоймай жамандайды. Әрине, ондағы сервистің жоғары екені сөзсіз, бірақ олар осы сапаға ұзақ жылдарда жетті емес пе? Ал біз қызмет көрсетудің не екенін білмейтін, түскілік болса «обед» деп бәрін қараң қалдырып, жауып тастайтын совоктың сойқанынан жаңа ғана шықтық қой дегенді айтса, құлақтарына да қыстырмайды. Сосын Айқын олармен сөз таластырып, пікірін айтуды да қойған.
Қонақүйдегі нөмірлердің бәрін Лэйла жұмыс істейтін компания төлеген екен, бәріне бір-бір жақсы бөлмеден әперіпті. Арасында Айқын секілді 2-3 қонақ болмаса, бәрі сол компанияның қызметкерлері. Өзін қонақ ретінде сезінген жігіт мұнда көңілсіз қалпымен бірге басы-бойын еркін ұстаудан именіп, сезімге де қатты берілмейтін. Жолдастарының алдында мұны көптен білетін танысы етіп көрсетпек болып жүрген Лэйланың қылықтарынан да бойын алып қашуға тырысады.
...Демалыстың үшінші күні аяқталып келе жатқан. Жастар кешкі астан соң ресторанға келіп, билеп, сусындап, ойын күлкімен отыр еді. Айқынды меншіктеп алған Лэйла оған қатты сүйкеніп, жабысып отыр. Айырымы терең жұқа көйлегінен аппақ сандарын да ашып қойып, Айқыннан еш именбей жарқылдатып бірінің үстіне бірін кезек салады. Билегенде де ешкімнен ығыспай, мойнына асылған бойы ыстық демі мен жұпар иісіне арбауда. Кештің қызған бір тұсында виски аңқыған аузын барынша жақындатып, мені нөміріме жеткізші деді. Қып-қызыл, сүйрік еріндері де шөлге қаталағандай кезеріп, аңқиып қалыпты.
Басында қызды қызып қалған екен деп ойлаған Айқын оны сүйемелдеп, үшінші қабаттағы бөлмесіне жеткізген. Есіктен кіргізіп жіберіп, қайтуды ойлаған еді, қайдағы... қыз барлық әйелдік жалынымен арбап, мойнына асыла кетті...
Қазақтың ғажап жазушыларының бірі Бердібек Соқпақбаев «әйел де арақ сияқты, сүйсініп ішсең де мас қылады, сүйсінбей ішсең де мас қылады» деген еді, Айқын да солай, сүйсінбейтін әйелдің құшағына қалай мас болғанын сезбей қалды...
Демалыс уақыты аяқталып, Астанаға қайтқанда Айқын мен Лэйла ерлі-зайыпты қатынастағы адамдарша жүрді. Ерке қыз оңашада тұла-бойына массаж жасатып, өзінің еркек сүйкенбеуге тиісті жерлерінің бәрін ұстатты. Есіне Сара түсіп кеткенде селк етіп оянғандай шошынатын Айқын жалғаншының арбауынан қалай құтылуды ойлап, әбден басы қатты.
* * *
Осы күндері Айқынның көрген күні түстей болып, жыланға арбалған торғайдай шырмалып жүр. Оралымды қызметке тұрғызған Мансұр ағасының өзіне жай қызметкері емес, жақын жанындай қараған жылы қатынасы бір жағынан қысып, күніне 2-3 рет хабарласып, мазасын кетіретін қызы екінші жағынан арбап Айқынның жанын отқа салды. Бұрын демалыс күндерін тұтасымен арнайтын Сараны көргісі келіп, жаны шырқырап тұрса да оған түрлі сылтау айтып, қашқалақтауға мәжбүр болған басы түн ұйқысы төрт бөлініп алаңдайды. Бастықтың ерке қызы мұны сенбі-жексенбі күні жалғыз қалдырғысы келмей жүрдек мәшинесімен желдіріп келеді де тұрады. Әнеугі жақындықтан кейін көңілін суытып, бойын аулақ салуға тырысқан жігітке бұғалықты қыл мойыннан салуға тырысып жүрген сияқты. Әкесіне шағынса оны өкпелетіп алармын дегенді ойлаған жігіт қыздың қылықтарына амалсыз көніп, айдағанына жүріп, айтқанына барып жүр. Жігіттің әкесіне кіріптар екенін сұм қыз жақсы біледі, сондықтан әкесін мақтап, оның таныс-білістері де көп екенін, перспективасы да жоғары екенін үнемі еске салып отырады.
Ертеңгі күн сенбі еді, міне тағы да оның нөмірі жарқ етіп, телефоны шыр етті. Айқын тыжырынған түрмен тұтқаны амалсыз көтерді. Соңғы кездескенде екеуі аралары салқын болып айрылысқан, жігіт оны бір өтірігінен ұстап мойындатпақ болғанда анау қарсыласып, бетпақтанып қалған. Сол ашуы есінде болса керек, қыз амандық жоқ, саулық жоқ өктем дауыспен сөйледі:
-Сен неге маған хабарласпайсың? Неге тек мен ғана саған хабарласуым керек? – деді салғаннан.
-Менің саған айтатын не жаңалығым, не хабарым болмаса не деп звондаймын, - деп әзілдемекші болған еді:
-Маған соларды айту үшін ғана звондауың керек пе, жақсы көретініңді, сағынғаныңды неге айтпайсың? Ана жолы өзің айттың ғой, сенімен болған көңілді, көп қызықтар көресің, сағынып қаламын деп...
-Ондай қызықтардың бәрі адамды жалықтырады ғой...
-Ах солай ма? Онда мен де саған звондамай-ақ қояйын, - деп жоқ жерден тұлданған қыз телефон тұтқасын тастай салды.
Бұл жолы оңай құтылғанына қуанған жігіт дереу Сараға хабарласып, ертең оны үйінде сағына күтетінін айтты.
-Ағай, сіз мектептен кеткен соң басқа жерлерде де кездесетін боламыз деген едіңіз?.. – деді сөзін тұтас айтудан именген қыздың үні құмығып...
-Солайы солай, бірақ ертең үйге келсейші, сосын қайда баруды ақылдасармыз...
-Жарайды, онда, - деді Сара жібектей есілген жұмсақ үнімен.
Жаным-ау, жалғанда сені басқа жанға айырбастармын ба, өлсем де, деп өзінен өзі күш кірген жігіт енді қызды қайда қыдыртудың жоспарын ойлап кетті. Есіне жұмысқа жақын жердегі концерт залы түсіп, жылдам барып ертеңгі кешке екі билет алды.
Жұмыстың қалған уақытында Айқынның жүзі жайнап жүрді, оны жаңа қызметтестері де байқап қалыпты. Саржан деген жігіт ағасы әзілдеп, аяқ астынан қызыл түлкіге асыққан алғыр қырандай құлшынып кеттің ғой деп жатыр. Жігіттің тұтқын құстай сағынып, үш апта бойы сүйгеніне жете алмай жүргенін ол қайдан білсін? Лэйла соңғы демалыстардың бәрінде мұны анда-мында шақырып, қолын босатты ма? Бармауға болмайды, көк «Джипін» көлденеңдетіп келеді де тұрады. Жанында ұзын бойлы, әсем жігіттің жүргенін мәртебе көретін сияқты, араласатын құрбыларының бәріне көрсетіп және олардан қызғанып, сүйкенген әзіл-қалжыңдарынан қақпақылдап кететін де мінездер көрсетіп жүр. Соңғы жолы Көкшетау трассасының бойындағы бір демалыс орнына барғанда мұны қайта-қайта биге шақырған, мектепте бірге оқыған Жайна деген сұлу қыздан қызғанып, буынып қала жаздады. Кештің шырқын бұзып, оғаш мінезін де жасыра алмай, жігітті мәшинесіне отырғызып, ешкіммен қоштастырмай алып кеткен. Енді сол Жайна да бұған телефон соғып, бір жаққа шақырғанын қалап тұрады. Жігіт болып бұл іздемеген қыздың өзі қайта-қайта хабарласқаны баяғы Мөңкенің «қарап тұрған жігітке қыз асыларының» кері...
Екі күн демалыста Сарамен болғанда көптен көріспеген ғашықтардың әңгімесі таусылмады. Жандары бір-біріне жақын жандар алақандарынан ұстап отырған қалпы елжірей қарасып отырды да қойды. Алдына отырғызып, ыстық құшағына алғанда қыз да жігітін мойнынан қысып қояды. Кей-кейде еріндері де бір-біріне жабысып, өзге дүниенің бәрін ұмытып, мүлгіп кетеді. Жайшылықта екі кісіге тарлық ететін орынтақ та жабысқан ғашықтарға жайлы тиген. Жол көрген жігіттің қолдары еркін кетіп бара жатса қыз есін тез жинап, ыстық құшақтан селк етіп тартылып, босанып алады...
Осы отырған қалыптарында екі күн емес, өмір бойы отырса да екеуі өкінбестей еді.
Дүйсенбі күні жұмысқа шыққанда Айқын барынша көңілді-тін. Өзін көптен бері басып жүрген уайымдарын ұмытып, бір сәт қатты сергіп қалған. Осы екі күнде Лэйла да хабарласпай, көңілін алаңдатпады. Үнемі бояумен ғана әсем көрінетін оның көздері мен келбеті сүртініп тастағанда күйкілеу екенін де ана жолы оңашада көріп, қазір оны еске алғысы да келмейді. Оның үстіне өзімшіл мінезі жан-дүниесін одан бездіріп, қапелімде еске түсіп кеткенде бойы асүйден тарақан көргендей түршігіп қалады.
Жұмыстың қызуымен ештеңеге алаңдамай жүр еді, түске таяу қалтафоны шырылдап қоя берді. Танымайтын жанның нөмірі шығып тұр екен, жігіт «ух» деп көтерген. Ар жағынан кекселеу әйелдің салқын дауысы естілді.
-Айқын, сәлеметсің бе, мен Лэйланың тетясымын, есімім Райхан, бас прокуратурада қызмет істеймін, бүгін екеуміздің кездесуіміз керек, мен сені кешкі сағат жетіде «Отырар» кафесінде күтемін. Кіріп келгенде оң жақ қатардағы ең шеткі үстелде отырамын, - деді әйел барлық сөзін нақпа-нақ айтып. Қапелімде әйелдің мысы басып, «жоспарлаған шаруам бар еді» деп айта алмай қалған жігіт келісімін бірден беріп қойып, артынан «қап» деп өкініп қалды.
Бұл хабар Айқынның үстінен мұздай су құйып жібергендей селк еткізді. Мәссаған, ендігі жетпегені бас прокуратура еді. Ондай әйелдің менде не ақысы бар деп ойласа да жігіт өзінің мойнына түскен қыл тұзақтың тарыла бастағанын сезіп тұр. Төсекте неге жақындасасың, енді үйленуге тура келеді деп қинамаса болды. Әлде сұм қыз аяғым ауырлап қалды деп пәле жаба ма?
Бұл сұмдықтан қалай құтылуға болады? Бас прокуратурада істейтін апасын іске қосқанын қарасайшы, тым болмаса жай да адам емес. Бәсе, екі-үш күннен бері неғып тым-тырс бола қалды деп ем, осындай тұзақ құрудың қамында жүр екен ғой.
Айқын қызды бұрынғыдан бетер жек көріп кетті. Не деген аяр адам еді. Барлық әңгімесінде айтатыны тек қулық-сұмдықтар, қайтып қастық жасаудың шытырмандары. Бурабайдағы күндердің бірінде вискиге елтіп отырып, тіпті өзінің дос қызына жасаған қастығын да айтып қалған. Құрбысының махаббатын қызғанып, оның жігітіне өзімен саунада бірге болғанда білдірмей түсіріп алған жалаңаш суретін басқа бір еркектің қалтафоны арқылы салып жіберіпті. Әрине, сүйген қызының жалаңаш суреті танымайтын адамның нөмірінде жүргені жігіттің төбесінен жай түскендей қылады. Бұл кімнің нөмірі болды екен деп дереу хабарласса танымайтын еркектің гүр еткен даусы естіледі... Содан екеуінің махаббаты трагедияға айналып, айырылысып кеткен екен. Ал мынау біреулердің ақ махаббатын солай аяққа басқанын айызы қанып, әңгімелеп беріп еді.
Енді не болды? Бармай қойса қаштың деп тағы да жазғыратын шығар, анау-мынау емес, прокуратураның адамы болса пәле жабудың да қитұрқылықтарын біледі ғой.
Айқын басында Лэйланың қайта-қайта келгіштеп жүргенінен үлкен пәлеге қалармын деп ойламаған. Бір нәрсеге келіспей қалып, қатты сөздер айтып, ұрыссып қалсам өзі де жоламай қояр деп ойлаған еді. Сөйтсе, сұм қыз мұны арқандаудың әдісін тереңге тарта бастаған сияқты. Мына үлкен кісіні қосуына қарағанда да мәселе қиындап бара жатқандай...
Көп дүдамалдан мезі болған Айқын не де болса көріп алдым, деп өзін-өзі қайрап, көп ойларды бастан қуып жұмыстың аяғына дейін зорға шыдап, әйелдің шақырған жеріне тартты. «Отырар» дәмханасы мұның қызмет орнына жақын жерде орналасқан, бас прокуратураның ғимаратымен екі ортада болатын. Жігіт қалың ойдан шыға алмай, оған жаяу барды. Бұрын да бір-екі рет болған орны еді, кіреберістің оң жағындағы, кең залдың қаракөлеңкелеу түкпірінде отырған ақ жағалы әйелді бірден тапты.
Түр-түсі суықтау, жинақы отырған қыр мұрынды қарагер, мосқал әйел Айқынның өне-бойына барлай қарады. Сөзі де, ісі де байсалды, көпті көрген, көп ой түйген адам екені көрініп тұр, ол әуелі Айқынның өзінің шақыруына келгені үшін алғысын айтуды ұмытпады. Сосын даяшыға ымдап, екеуіне кофе келтірді. Асықпай қимылдап отырғанына қарағанда әңгімені тереңнен бастайтын сыңайлы.
-Шырағым, Айқын, мен сенің анаң сияқты адаммын, біз де үш-төрт бала өсіріп, қатарға қосқанша дамыл көрмей, барлық қанымыз бен жанымызды берген жандармыз...
Одан әрі өмірде неше түрлі қиындықтар көріп, көп оқып, көп еңбек етіп, ақыры міне, әділеттің аға кеңесшісі дәрежесіне дейін өсіп, бас прокуратураның бөлімін басқарып отырғанын жеткізді. Айтуына қарағанда Лэйланың шешесінің туған апасы, туыстықтары өте тығыз, қызды екі үй алақандарына салып өсіріп, оның «табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» деген жақындығы бар екен.
Осы жерде Айқын оның сөздерінің шындығына күмәнденіп қалды, өйткені Лэйланың шешесі - Шолпан апайдың туған күнінде Айбынмен бірге болғанда тілек айтқан інісі оны жалғыз апам деген сияқты еді. Ендеше мына кісінің орағытып отырғаны айла сияқты деп түйген Айқын бірден тіксініп, іш тартып қалды.
Ұзақ жылдар тергеуші болып істеген қырағы әйел өзінің бір нәрседен шалыс басқанын сезіп, ендігі әңгімені турадан салды.
-Айқын, сенің Лэйламен жүргеніңе біздің ешқандай қарсылығымыз жоқ, ата-анасы өзіңді біледі екен, ағаңмен оның папасы жақсы жолдас көрінеді. Екеуіңнің сөзің болғанына екі жақ тіпті қуанышты, бірақ сен соңғы кезде қызға қырын қарай бастапсың, соның себебі не?
-Апай, менің Лэйламен ешқандай сөзім болған емес, тек досы ретінде оның шақырған жерлеріне 2-3 рет барғаным рас. Ешқашан Лэйлаға үйлену туралы ой менің басыма келген емес...
-Бурабайға демалысқа барғандарыңнан да жалтарасың ба?
-Жоқ... Мен ештеңеден жалтарып отырған жоқпын, жалынып шақырған соң Бурабайға бірге барғаным рас... Онда бізден басқа да жастар болды.
-Айналайын, мен заң қызметкерімін, сондықтан тура сөйлеуге дағдыланған жанмын. Шыныңды айтшы, араларыңда төсек қатынасы болды ма?
Айқынның күткен соққысы осы еді, бірақ мынадай терминмен айтылып, мынадай ызғармен жеткізілгенде тосылып қалды. Дегенмен ерте дайындаған жауабынан жаңылмады.
-Әйел мен еркектің арасындағы құпия қатынастарды әйгілеудің керегі қанша? Мүмкін болған шығар, мүмкін болмаған шығар, оны басқа адамның білуі міндетті емес қой?
-Мәселе осыған тіреліп тұр ғой... Дегенмен сен төсекқатынастың болғанынан бас тартпайсың, солай емес пе? Араларыңда ер мен әйелдің қатынасындай жақындықтың болғанын мойындайсың ғой?
-Мен жауабымды айттым, апай. Ал мойындаймын, мойындамаймын дейтін мен қылмыскер емеспін...
-Сен заңды жақсы білетін адамға ұқсайсың, оның жақсы екен. Төсек қатынасының болғанынан да бас тартқан жоқсың... Оның да дұрыс. Ал ендеше сол қатынастың салдарынан Лэйланың аяғы ауырлап қалғанын білесің бе?
Бұл да жігіттің күткен хабары еді, бірақ сонда да үр жаңа болып, қатты таңданды. Ақыры соған жеткізген екен-ау. Солай да болып қалар деп топшылағанымен бұрын да еркекпен жанасып жүрген әйел сақтанудың жолын біліп, дәл соған жете қоймас деген дәмесі бар еді.
Құлаққа ұрған танадай есеңгіреп, жаңа ғана шақар қораздай үрпиген басы сәл төменшіктеп қалса да сыр бермей, шын ба, әлде мына әйел бопсалап отыр ма деп бар қимылымен прокурорды бағып қалған. Анау да бұдан көз алмай, мұның қимылын жіті қадағалап отыр екен. Арбасқан екеуі осылай біршама ұзақ отырып қалды. Жауап өзінен айтылуы керектігін ескерген жігіт есін сәл жинаған соң қарсы шабуылға көшті.
-Бұл хабарыңыз да мені таңырқатпайды, Лэйланың өзінің айтуына қарағанда маған дейін де жігіттері болған, мен де оны білдім... Сондықтан шарананың дәл менен болуына күмәндімін...
-Шарананың пайда болғанына алты апта болып қалған. Бұл мезгіл сендердің Бурабайға барған уақыттарыңа дәл келеді... Сондықтан шырағым, ешкімге ештеңені дабыра қылмай, екеуіңнің үйленгендерің дұрыс болады. Менің шын жанашыр сөзім сол...
-Жанашырлығыңызға көп рахмет апай, бірақ мен Лэйлаға ешқашан үйлене алмаймын. Өйткені оны сүймеймін...- деп әңгімені тұжыруға айналып еді, әйелдің әңгімесінің зоры енді шыға бастады.
-Мұның орны толмас өкінішке соқтырады, айналайын. Осы жерде қалатын әңгіме болсын, сен айтпаған, мен естімеген болайын. Әйтпесе, шарананың дәл сенікі екенін ДНК арқылы анықтап, өзіңді әйел зорлаған деген баппен жауапқа тарту да біздің қолымыздан келеді. Сол түні Лэйланың айғайлағанын, көмекке шақырып, жылағанын естіген куәлер де табылады. Вещдок ретінде жыртылған, қан жұққан ішкиімдер де шығады. Сондықтан, әңгімені насырға шаптырмай Лэйлаға үйлен, сонда алдыңнан жарқын жол ашылады, қызметің де өседі, тұрмысың да жақсарады, ағаң мен Мансұрдың достығы да сақталады... Естіп жатқан шығарсың, оның қызметі жуырда өсіп, министрдің орынбасарлығына көтеріліп жатыр. Бұл - ертең министр болуы да алыс емес деген сөз. Сондай кісінің жалғыз қызы қолыңа түсіп тұрғанда бас тартасың ба? Қазір өмірдегі құндылықтар сүйем-күйеммен өлшенбейтінін сен жақсы білуге тиіссің ғой.
Әйел ұзақ сөйледі, өз ойында әңгімесінің бәрі көңілге қонымды, бұлтартпас шындықтар екеніне сенімді сияқты. Құдайдың адамға берген бір құдіреті жүрек екенін, оның да өз әмірі болатынын мұндай бітеу жандар мүлде ұмытқан. Тым болмаса еске алып, мүмкін басқа қызың бар шығар, бірақ жағдай мынадай болып қалған соң одан кешірім сұрауға тура келеді деген сияқты жақауратуларды да білмейді. Басқаның бәрін біліп, ақылы алты қырды алып отырса да әйелдің осыны білмегені санасы адамның қолымен жазылған заңға әбден кептеліп, өзгенің бәрін ұмытып, түйсіксіз, меңіреу пендеге айналғанын көрсетіп тұр.
Екеуінің әңгімелері екі сағатқа созылып кетті. Жұмыстан шыққандарын айтып, қарсылық білдірген жігіттің ерік-алдына қоймай әйел дәмді тағамдар алдырып, әңгімелерін сыздықтатып отырып, кешкі ас та ішіп алды. Еш тамаққа тәбеті тартпаған Айқын әрнемені бір шұқып отыр. «Әйел зорладың» деп бәле жабуы мүмкін екенін айтып қорқытқан, сөйтіп жігітті үлкен қылмыскер қылып шығару да қолынан келетінін ашық айтып отырған әйелдің енді міз бақпай, тамақты жайбарақат отырып, тамсана ішкені де жігіттің жан-дүниесін түршіктірді. Апыр-ай, мыналар адамның қанын ішіп қойып та осылай, ештеңе болмағандай, міз бақпай отыра беретін шығар-ау. Сонда... сонда нағыз қылмыскерлер осылар болып шықпай ма, бірақ оларын қылмыс деп ойламайды да-ау... Қоғамды қылмыстан қорғайтын адамдардың өзі осылай қылмысқа бейім болып отырса... біз қалай қарай дамып барамыз өзі? Әділет деген мүлде жоғалғаны ма? Басына бәле салып, айтқанына көндіру деген қайдан шықты? Масқара ғой, мынау... Жігіт өзінің ойынан өзі тіксініп қалды.
Біраз отырған соң өзінің жан-жақты хабары бар сұңғыла жан екенін білдіргісі келгендей прокурор өмірдің басқа қырларының әңгімесін де шалып қойды.
-Әрине, сендей көркем жігіттің басқа қызы да болуы мүмкін, ол да естественно... Бәлкім оны Лэйладан артық та көретін шығарсың? Одан айрылғың келмейтін де болуың мүмкін? Ол да допустимо... Бірақ қазір заман басқа ғой... Махаббат деген бір уақыт аралығындағы қысқа сезім, біраз уақыттан кейін ол ұмытылады. Тек ертегілер мен аңыздарда ғана ол мәңгілік. Егер махаббатын жоғалтқаннан өлсе қазіргі адамдардың жартысы қырылып қалар еді. Материалдық байлық қана адамды бақытты ете алады, қалғанының бәрі бос сөз. Лэйла мен екеуің үйленсеңдер ата-анасы мен туыстары сендерге бақытты өмір сүруге мүмкіндік беретін барлық жағдайды жасайды...
Мені дүние-мүлікке, байлыққа алдарқатып, сатып алмақ қой, оныңыз бола қоймас. Шын бақыт деп жүрегіңді қуантқанды айт, бағзыдан бергі даналардың айтып келе жатқаны да сол емес пе? Жүрегіңді қан жылатқан байлық кімге керек деп ойлаған Айқын сырын сыртқа шығармай, одан тезірек құтылғысы келіп:
-Жақсы... Мен ойланайын, хабарын кейін айтармын...- деген еді, прокурор қуанып кетті.
-Міне, осының ақыл айналайын, ойлан, менің айтқандарымның бәрін оңашада салмақта... Ешкімге де ешқандай артық проблема керек емес. Бәрін де ақылмен шешуге болады, деп ол визиткасын Айқынның қолына қыстырды.
* * *
Айқын өзінің басына түскен қайғыны әлі күнге ешкімге тіс жарып айтқан жоқ еді. Жүдеп жүрсің ғой, басыңда бір мазасыздық бар сияқты, айтсайшы, жеңілдейсің деген Мұратқа да ештеңе білдірмеген. Көңіл-күйі болмаған соң ешнәрсеге зауқы жоқ, енжар. Тіпті Сара келетін сенбіні де бұрынғыдай асыға күтпейтін болды. Мұның көңілін ауламақ болған Мұрат Сараны мақтап, әңгімеге тартса да селт етпейді. Оның өзі қызбен бірнеше рет кездесіп, «ақылына көркі сай, қыз біткеннің падишасы екен» деп бағалаған. Өзі шығарды ма, әлде бір жерден естігені ме, әйтеуір Айқын оның бағасына ұзақ уақыт тәнті болып жүрді.
Көңіл-күйінің бір көтерілмейтіндігі күннен-күнге жалғасып бара жатқанын өзі де сезеді. Асқа да тәбеті жоқ, кей күндері ұйқысы да ашылып, түні бойы дөңбекшіп, көз ілмейді. Көбінесе бастырылып, қатты ұйықтап, басы мең-зең болып, зорға жүреді. Жұмыста жүріп бір күні Сайран деген әріптесіне бетпе-бет келіп, соғысып қалды. Мен сізді өткізіп жіберейін деп тұра қалып едім, тура келіп соғылдыңыз ғой, көзіңіз жұмық емес пе еді деп қолындағы қағаздары шашылып қалған жас жігіт қатты таңырқап жатыр.
Мұндай торығудан адам психологиялық депрессияға түсетінін де Айқын бір жерден оқыған. Сондықтан қайтсе де бір сәт көңілін көтермек керек. Бірақ қайтып? Басыңа мынадай жағдай түскенде қайтып серпілерсің? Басқа түскен қайғының бәрін арақпен тұншықтырып, ұмытып кететін орыс та емессің, ондайды тіпті атағысы да келмейді... Ол тек бір сәтке өзіңді өзің алдарқатудың амалы ғой. Бірақ соған алданамын деген ақымақтар қайғысына ауру қосып, араққа үйір болып та кетеді. Мұндайды жігіт жақсы біледі.
Бірде есіне мектепте бірге істеген қызметтесі Қайырбектің бір ақылы түсті. Ол өзі дін жолын қатты ұстап, бес уақыт намазын қаза қылмайтын тақуа еді. Басыңа іс түссе мешітке барып, садақа беріп, Алладан жәрдем сұрау керек дегенді сол уағыздайтын. Осы ақыл есіне түсіп кеше мектептен келе жатып, жолдағы мешітке кіріп, молдаға құран оқытып, садақа беріп, ішінен Алладан жәрдем сұрап, көп жалынған. Соның әсері болса керек, бір-екі күн денесі жеңілдеп қалғандай болып жүрді.
Бір күні бастырылып, жеті түнде айғайлап оянғанынан шошып кеткен Мұрат мұны айтпасына қоймай, жалынып отырып, бар сырын ақтартты.
-Н... да-а, - деді жігіт өзінің көп сөйлей қоймайтын әдетімен қалың ойға шомып...
-Ал, айтқыздың ғой, ақылыңды айтшы, - деді Айқын оның сөзін тосудан жалығып.
-Менің ақылым сенен артық емес, бірақ білгенімді айтайын... Жігітім сен бір үлкен бәлеге ұрынып тұрсың. Сарадан айрылып қалу қаупің бар... Бірақ ана әйелдің айтқан сөзінің жаны бар, қазір махаббат үшін ешкім де жандарын пида қылмайды, ойланып көрсең проблеманы шешуге болады...
-Қайтып?..
-Ана әйелді... Лэйланы айтам, жақсы көрмейтінің рас қой...
-Суқаным сүймейді... Соңғы кезде тіпті көргім келмей кетті. Соған басында қалай сүйкенгенімді білмейм...
-Ендеше ол әйелден құтылудың бір жолы... киллер жалдап, көзін жойғызу керек...
-Ой, сөзіңе болайын... Менің заказым екенін екі айналмай-ақ табады ғой. Оның үстіне адам өлтіртіп қалай тірі жүруге болады?.. Алла сақтасын...
-Қазір екінің бірі өлтіріп жатқан жоқ па?
-Қойшы... Мұның сөз емес... Мен ешқашан қылмысқа бармаймын. Басқа ақылың болмаса қоялық, бұл әңгімені...
Мұрат орнынан тұрып, балконға шығып, темекі тартты. Ұзақ ойланып жүргені сезіліп тұр.
-Ендеше ана әйелдің ақылын алып, у-шусыз, ың-шыңсыз Лэйлаға үйленіп ал. Ал Сараға бәрін түсіндіріп айт, оның сен дегенде шығарда жаны басқа екенін көріп жүрміз ғой, бәріне көнеді. Сосын өзің ананың үйіне көш те Сараға мына үйіңді таста... Ал оқуын бітірген соң некелеріңді мешітте қиғыз да, тұра бер... Біраз уақыттан кейін біліп қалса ана әйел қиратамын, жоямын десе, ажырас та жүре бер. Оған дейін мына жұмысыңа да сіңіп аласың, жағдайыңды да түзеп аласың...
-Ой, шіркіннің ақылын-ай... Бәрін оп-оңай шешіп тастадың ғой. Бала болып қалса қайтып ажырасарсың? Екінші әйел болуды Сараға қалай түсіндіреді екенмін?.. Ол бір мінезді, керемет намысты қыз, ойлағаны болмаса жүрегіндегі запыранын бір-ақ серпіп, қолын бір сілтеп жүре береді... Сонда не болдым?
-Ол қыз сені сүйеді ғой... Сүйгені үшін бір ерлікке бармас деймісің?
-Ал мен оған қалай айтамын? Қалай көндіре аламын? Тоқалым боласың ба деуге менің де аузым қалай барады, ол да көнбейді ғой?
Ұзақ ырғасқан екі жігіт әйтеуір Сарамен сөйлесуді Мұратқа жүктеп, таң алдында ғана көздері ілінді.
* * *
Сәрсенбі күні жұмысынан арнайы сұранған Мұрат Сараға барып сөйлесіп, көңілсіз хабар әкелді. Әуелі қыз бәрін тырп етпей тыңдап, үнсіз отырыпты да бәрі айтылып болған соң жүзі аппақ болып, жылап жіберіпті, сосын ештеңе айтпастан бетін басып кетіп қалыпты.
-Өзім де сасып қалдым, не деп тоқтатарымды да білмедім... Алды-артына қарамай бір-ақ тартты,- деп Мұрат өзін кінәлі сезініп, сипақтап отыр.
Бұл Айқынның уайымына уайым қосқан хабар болды. Не деп топшыларын білмей, қатты күйзелді. Тіпті Мұратты араға киліктіргеніне де бір сәт өкініп қалды. Бәлки өзі түсіндірсе жеңілірек болар ма еді? Бірақ өзі бұл сұмдықтарды жеткізу түгіл ауызға алуға батылы бармасын сезген...
Жылаған Сараның жүзін көз алдына елестеткенде жүрегі қатты түйіліп, шаншып кетеді. Бұған сеніп, жүрегінің түбінде ноқаттай да дақ қалдырмай, бар жан-тәнімен сүйіп жүрген жанның ақ, адал махаббатын қалай аяққа басты? Ешқандай сезімді білмейтін, тек есеппен өмір сүруді ойлайтын жалғаншының қармағына қалай түсіп қалды?
Айтқандай... айтқандай оның өзі кеше бұған екі рет телефон соқты. Нөміріне жиіркенішпен қарап, қайырып тастағанымен екінші рет қайта соққанда амалсыз хабар жазып, артынан өзім соғармын деген... Бірақ онымен не деп сөйлесерсің, бәрін де апайы жеріне жеткізіп айтты ғой. Айлакер сұм өзінің ұпайын түгендеп жатқан сияқты, сөйлесер болса тағы бір шырғалаңға салып қоюы мүмкін...
Өзінің хабары досының көңілін тіпті түсіріп кеткеніне өкінген Мұрат асүйде түртінектеп, тамақ істеген болып жүр. Оның пияз турап, қуырған етінің жайшылықта дәмді болып көрінетін иісі де бүгін жүрегін айнытып, құсқысын келтірді.
Екі күннен кейін Сара келуге тиісті еді, енді келмей ме? Ол келгенде үйі де, күйі де жарқырап, жаз кіргендей жайнап кетуші еді ғой. Ендігі өмірі сұрғылт күз бен қатаң қысқа айналмақ па? Мүлде келмей қойса, не болдым? Хабарласайын ба.... әлде біршама шыдап, қоя тұрайын ба? Хабарласқанда тұтқасын көтермей қойса қайтпекпін?
Айқын қарадай ауру болуға айналды. Орнынан тұрып еді, басы айналып кетті. Махаббат деген бәленің мұндай болатынын кім білген. Шынымен Сарадан айрылса – өмірдің де еш мағынасы жоқ екен-ау.
...Сенбі күні үйінен шықпай, орнынан тапжылмай күтті. Екі көзі табандап қалған сағаттың қос тілінде. Қанша қараса да жылжымайды, бір орнында тұрған сияқты. Соңғы кездері Сара жігіттің хабарласуын күтпей, өзі келе беретін. Сол дағдымен келіп қалар деген үміті үзілмей тұр. Даландағы лифт дүр ете қалса да есік шыр етпес пе екен деп аңырап қалады. Сараның өз кілті де бар еді, бірақ қыз кейде еркелеп, өзі ашып кірмей, жігіттің ашқанын қалап, қоңырау беретін. Кейде Айқын гүл алып, күтіп отыратын еді, есікті ашқан бойында қызды алқызыл гүлмен көмкеріп тастап, екеуі де мәз болып, құшақтасып, қуанып қалатын. Сол күндердің бәрі енді көзден бұл-бұл ұшқаны ма?
Екі күннен бері жігітке ас та батпай, тәбеті ештеңеге тартпайды. Көз алдында Сараның үлбіреген жүзі, мені сатып кеттіңіз бе деп мөлдіреген көзімен қадалады да тұрады. Жоқ, мен сені ешқашан да сатпаймын, тек айтшы, не істейін, бәрін тастап, сені алып кетейін бе көз көрмеген, құлақ естімеген жаққа деп те қиялдайды. Бірақ оған күш қайда? Сараның оқуы бар, өзінің басында зор міндеті бар...
Уайымы қайғыға ұласқан сенбі де өтті. Не істесем екен деген жанын тілгілеген оймен жігіт сенбінің түнін өткізіп, көрер таңды көзімен қарсы алды. Түннің бір парасын аударып жұмыстан келген Мұрат оның күні бойы нәр татпағанын асүйдегі қозғалмаған ыдыстардан көріп, жаны түршікті, бірақ бірдеңе деп айтуға батылы бармай, сырғақтап, өзі де төсегіне құлай кеткен. Сол бойы пысылдап ұйықтап жатыр.
Айқын сүйретіле тұрып балконға жетті, сағат таңғы оннан өтіп барады. Дала бүгін жайбарақат, желсіз тымық әрі жанға жайлы шуақты болып тұр екен. Жарқыраған күнге көзі қарыққан жігіт далаға сығырая қарап тұр еді... Кенет... ток соққандай селк етті. Ақ сулықты бір қыз жалт беріп бұлардың кіреберісіне кіріп кеткендей көрінді. Тура Сараның өзі сияқты... Көзіме елестеді ме, жоқ әлде ұқсас біреу ме деп ұмсына қарағанша қыздың бейнесі ғайып болды.
Апырмай, өзі ме? Шіркін-ай, кіріп келер ме еді? Жүрегім жарылып кетпес пе екен деген ойлармен алданып тұрғанында есіктің қоңыраулы құлпы шылдыр еткендей болды. Айқын ұйқысынан шошып оянғандай үстіндегі жамылғысын лақтыра салып, жып-жылдам шалбарын киіп алды.
...Сараның жүзі де жүп-жүдеу. Екі көзі көп жылағаннан ісіп кетіпті. Батылсыз қимылмен жақындай түскен жігіттің құшағы келесі сәтте қызбен еркінен тыс айқаса кетті...
Осыдан әрі екеуі ұзақ тұрды. Көздерінен аққан ыстық жас ақыры таусылуға айналып, кеуделерін қақ жарған ащы өксік қана шығып жатыр. Қанша уақыт тұрғанын сезбеген ғашықтар Мұраттың жөткірінген дауысынан ғана ес жиды...
Екеуі төргі үйге келіп отырғанда Мұрат үйден бір сылтаумен шығып кетті. Көп уақыт бір-біріне өкінішті көзбен үнсіз қарап отырған екі жас ақырында тілге келді. Не деп сөйлеуді, неден бастарды білмеген Айқын қыздың екі алақанын бетіне басып отырып:
-Мені кешіре аласың ба? – деді құмыққан үнмен. Осы отырыстарында Айқын емес, Сара үлкен сияқты. Екеуінің тағдырының шешімі соның сөзінде екендігі де белгілі болып тұр. Бірақ Сара өзінің сөзін бірден айтқан жоқ, тек өкінішті жүзбен Айқынға мүсіркей қарап, ұзақ отырған соң:
-Мен сізді үлкен бе десем, бала сияқты екенсіз ғой... Әйелдердің қу болатынын осы уақытқа дейін қалай білмегенсіз? Сізді Бурабайға 5-6 күнге қоналқаға шақырғанда ойнап-күлуге ғана шақырды деп ойладыңыз ба? – деді.
Айқында бұл сөзге айтар жауап жоқ еді, тек кірпігін қайта-қайта қағып барып:
-Бірге барып, дем алып қана қайтармыз деп ойлағанмын ғой... Оның ішінде осындай зымияндық жатқанын қайдан білейін?
Сара тағы да үнсіз отырып қалды. Оған бірдеңе деп сөйлеуге, кешірім сұрап, аяғына жығылуға Айқында дәрмен жоқ. Не істесе де, не десе де жасанды болатындай, қыздың ашу-ызасын туғызатындай көріп отыр. Әлден уақытта ғана есін жинағандай болған Айқын сөйлеуге жарады.
-Өзің білесің, мен сені ғана сүйемін... Басқа ешкім де, ешнәрсе де маған керек емес... Сенен... тек кешіргеніңді өтінемін... – деді қыстыққан үнмен.
-Мен кешіргеніммен проблема шешілмейді ғой, - деді қыз.
Шынында солай еді, Сара кешірдім десе де шыңыраудан шығудың жолы жоқ-ты. Мұрат айтқандай үйленіп, одан әрмен ажырасу да оңай емес. Өмірге сәби келсе, өзінің қаны болса, оны қалай қиып кетеді? Сол хикметтің бәріне көніп, Сара тосып отыра ала ма?
-Сіз бір нәрсеге сенімді болуыңыз керек. Ана әйел шынымен жүкті ме және ішіндегі нәресте шынымен сіздікі ме? Егер осыған көзіңіз жетсе үйленуге тура келеді... Ал мен... ал мен...
Қыз да көзіне келіп қалған жасқа қыстыға тұншығып, ұзақ уақыт сөйлей алмай қалды да:
-Ал мен сізді тосамын... Өзіңіз білесіз... Тек сізді ғана ұнатамын... – деді. Сүйгенін де, өзін де аяған қыздың жалынды жүрегіндегі тек әйелге ғана тән аяныш сезімі қара тасты да қара майдай балқытарлық еді...
* * *
Сөйтіп, Сарамен табысқанымен қайғы бұлты бәрібір сейілмеді. Келесі аптада қайта-қайта хабарласқан Лэйла бұл түрлі сылтау айтып, хабарлама жазып жалтара берген соң жұмыс орнына өзі жетіп келді. Бөтен адамды кіргізе қоймайтын есік баққандар жуырда министрдің орынбасары болып тағайындалған әкесінің арқасында мұны тоқтаусыз жіберген сияқты. Ордаңдай басқан күйі кабинетіне бұзып-жарып кіріп келген оны көргенде Айқын креслосынан ауып түсе жаздады.
Алайда, суыт қимылмен келсе де қыз сөзін әдеппен бастады. Жүзі де салмақты, ешбір ашу табын білдірмеуге тырысты.
-Бәрібір бір сөйлесуіміз керек қой, менен неге қашқалақтап, жалтара бересің? Табылмай кетемін деп ойлайсың ба? Ер адам өзінің жасаған қылығынан қашпай, қолмен істегенді мойынмен көтеруі керек емес пе? – деді ол даусын көтермей барынша жайбарақат үнмен.
Айқын орнынан тұрып, жабық тұрған есікті одан әрі қымтай түсті. Күтпеген жерден келген қызға не айтарын білмей, ойланып жүрген сияқты.
-Мен қашып жүрген жоқпын, ойланып жүрмін. Сенің аяғың ауырлап қалғанын тәтең айтты, соны өзің неге айтпадың?
-Айтайын деп едім сен менімен сөйлеспей, түрлі сылтау айтып, қашқалақтай бердің емес пе?
-Ал... ал сен маған дейін де ер адаммен қатынас жасағаның белгілі болды ғой... Тіпті... кейін де болған шығар? Шарананың менікі екенін қайдан білемін?
-Сен мені көрінгенмен бей-берекет қатынасқа түсетін жеңіл жүрісті әйелсің деп жазғырмақпысың? Олай менің ар-намысыма тиме... Рас... мен өзімнің бұрын бір еркекпен болғанымды жасырмаймын. Оның шет жағасын өзіңе айтқанмын. Үйленемін деп алдап кетті. Ол оқиғаның болғанына да биыл үш жыл өтті. Ал оған тағдыр өзінің жазасын берді, Еуропа елдерінің біріндегі елшіліктің қызметінде жүргенінде жол апатынан қаза болды... Егер бойымдағы шарана менікі емес десең, ДНК сараптамасына салуға болады...
-Жақсы... Ал сен неге сақтанбадың?.. Ондайды білмейтін жас қыз емессің ғой?
-Менің қызып қалғанымды білесің? Өзің неге сақтанбадың? Тіпті келесі күндері де маған жетіп келетін болдың ғой... Сені жақсы көрдім, қолыңды қайтара алмадым. Сүйгеніме жазықты емеспін ғой...
Мәймөңкелеген қыз өзінің сүйетінін де білдіріп қойды. Жаймашуақ сөйлескені де мәселені келісіммен шешуге саятын қалып танытып тұр...
-Егер біз бір-бірімізді кінәлайтын болсақ, ешқашан проблеманы шеше алмаймыз. Керісінше ауырлатып аламыз. Одан да жеңіл шешетін өркениетті жол іздейік...
-Сонда маған не қыл дейсің?..
-Үйленуімізге тура келетінін апайым айтты емес пе?
- Ол мүмкін емес... Шынымды айтсам... менің басқа қызым бар. Мен оны сүйемін. Сенен біздің бақытымызды күйдірмеуіңді өтінемін...
Айқын осы сөздерді қалай жеңіл айтып қалғанын өзі де сезбей қалды. Бұл хабарға Лэйла шарт етіп сынар деп күткен еді, бірақ анау сабырынан айрылмады.
-Ал мен ішімдегі шарананы қайда жібермекпін... Мамам күнде жылайды. Хорошо что, әлі папам білмейді. Түсіртіп тастауға бәрі кеш көрінеді. Оның үстіне мұндай кезде түсірту денсаулығыма зиян болып, өмір-бақи перзентсіз өтуім мүмкін...
-Қазіргі медицина күшті емес пе?
-Медицина күшті болғанымен шарананы жеті аптадан кейін алу қауіпті көрінеді... Ал... ал мен сенің қызың туралы бәрін білемін... Оның әлі мектеп оқушысы екенін де білемін... Моральдық тұрғыдан өз оқушыңмен жүруің сені жақсы жағынан сипаттамайды...
Әуелде қатты таңырқап қалса да Айқын есін тез жинады.
-Ол сенің шаруаң емес...
-Менің шаруам болмағанымен ертеңгі күні іс насырға шауып, сотқа тірелетін болса сенің оқушы қызбен жүретінің де ашылады... Әрине, сен былтырдан бері жүргеніңмен төсек қатынасына бармаған шығарсың, бірақ оқушыңмен жүргеніңнің өзі ұят емес пе? Педагог осылай істей ме? Бұрынғы ұжымыңда бұл мәселені білетіндер бар. Егер ісің сотқа тартылатын болса, олардың арасынан бірнеше адам куәлік бере алады. Ал қыздың өзі ұятқа батып, ата-анасы да, өзі де күлкі болады емес пе? Осыны да ойланып қой...
«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім» деп ақын Сара айтпақшы сөз Сараға тірелгенде, оның ар-намысы төгіліп, ұятқа қалатыны айтылғанда Айқынның үні шықпай қалды. Сұмырай-ай, алды-артымды орап, бәрін зерттеп алыпты-ау... Сөйтіп отырып былқ етпейді... Мынау кісі өлтірсе де былқ етпейтін шығар деп ойлаған Айқын тіл-ауыздан айрылғандай сұлқ отырып қалды.
-Қысқасы... осы аптаның аяғына дейін хабарыңды айт... Сенбі күні хабарласамыз. Келесі аптада үйлену туралы өтініш беруіміз керек. Егер аптаның аяғына дейін шешім қабылдамасаң, мен прокуратураға шағым түсіруге мәжбүр боламын, - деп қыз орнынан тұрды да, қоштаспастан шығып кетті.
...«Жұт жеті ағайынды» дегенді дана қазақ бекер айтпаған екен, ертесіне түстен кейін Айқын төбесінен жай түсіргендей тағы бір суық хабар алды. Айбын үйіндегі Сәлима жеңгесі хабарласып, ағасының парамен ұсталғанын жеткізді. Қабырғасы ерінің ұсталғанына емес, шығынның көп шығатынына қайысып тұрған сияқты. Енді коттеджімізді сатуға тура келетін болды. Қаншама дүниеден айрылатын болдық, балалар әбден бауыр басып қалып еді, өзіміз де керемет жақсы көруші едік, барлық еңбегімізді, фантазиямызды салып, қаншама тер төккен қайран үйіміз енді бөтен біреуге бұйыратын болды дегенде өксіп-өксіп, көзінің жасын төгіп жіберді. «Айбын ұсталды» деген хабарды беті бүлк етпей айтқан шіркіннің үйді айтқанда өксіп қоя бергенінен-ақ ерін қатты қайғырып тұрмағаны көрініп тұр. Ол ол ма, жеңгесі енді Айқынның өзіне де ауыз салды.
-Сен де үйіңді сатуға тура келеді, оны саған біз әпердік емес пе? Шығынды бөліп көтермесек болмайды, жалғыз бізге ғана түсу керек пе? Мен Айдынға да соны айтатын боламын, оған да ағасы қаншама көмектесті, - деді бетбақ әйел...
Қапелімде не айтарын білмей қалған Айқын сәлден кейін ғана есін жинап:
-Мен Қызылжарға барып, Айбынның өзімен сөйлесемін... Үйіңді сат дейтін болса... оны да көрермін, - деп еді, әйел бастырмалатып кетті.
-Қазір бәрін де ақша шешеді. Взяткамен түскендердің бәрі де қазір үлкен штрафпен құтылып жатыр... 40-50 миллиондай... Бізге де солай істеуге тура келеді. Мен жаңа адвокатпен сөйлестім, залогқа үйді қойып ертең түрмеден шығарып алуға тырысамыз... Сосын соты болады ғой. Соттың, адвокаттың шығыны... ана-мынасы бар 100 миллиондай ақша керек дейді...
Асқар таудай ағасының басына түскен зауал жігітті біршама есеңгіретіп тастады. Мұндай оқиғаның бір боларын білсе де дәл осы кезде күтпеген ағасының қайғысына жаны ашып кеткен Айқынның көзіне жас та келіп қалды. Қазір екі көзі бозарып, кеше ғана кең дүниеге сыймай, шайқап жүрген жігіт енді қолынан ештеңе келмей, еш қайран қыла алмай, тар жерде қамалып отыр-ау. Бар туыстың ішінде өзіне қамқор болып, әрқашан қолдап жүретін жанашыры еді, енді оның тар қапаста тұтқын құстай, қанатынан қайрылып отырған мүсәпір халін көзіне елестеткенде іші удай ашыды. Тезірек жетіп, қолымнан келген көмегімді қылу керек деп ойлаған Айқын төмендегі темір жолдың кассасына жүгірді.
Ертесіне жолға шықпақ болып, айтып кетпек үшін өзінің қазіргі тікелей бастығы Мансұр Сағатовичке кірген. Мұны көргенде жылыұшырап қалатын бастығы жігіттің өңінің сынық екенін бірден байқады.
-Бір жерің ауырып жүр ме, қабағың келіспей тұр ғой, - деді ол сөзді өзі бастап.
Айқын ештеңені жасырмай, Айбынның ұсталып қалғанын жеткізіп, өзінің барып келуі керектігін айтты. Бастығы аса таңырқаған жоқ, тек:
-Қанша алды деп отыр?.. – деп сұрады.
-5 мың доллар...- дейді.
-Үлкен іс болды ғой... Жарайды барып қайт...- деді де сөзін үзіп, ойланыңқырап тұрып:
-Қазір мен түскілікке барамын, менімен бірге біздің үйге соға кет, - деді.
Бұл шақырыстың не мәнісі бар екенін білмесе де Айқын бастығының сөзін жықпай, көнген қалпын үнсіз көрсетті. Сағатына қараған бастық:
-Өзі де болып қалған екен ғой... Жүр бірге шығайық, - деп мұны алдына салып есіктен шықты.
Әйелімен екеуі ғана тұратын «Хайвиллдегі» үйіне жеткенше ләм-мим демеген бастық тіпті өзінің кілтімен пәтерін ашып кіргенше де үн қатқан жоқ. Ішінен қатты ойланып, бәрін саралап отырған сияқты. Алдынан шыққан әйеліне де ешнәрсе айтпай, тек артынан ерген Айқынды алға оздырып, төрге шығарды. Жігіттің бұл үйден түскілік ішіп, шалжиып отыруға зауқы жоқ еді, бірақ Шолпан апайдың асты-үстіне түскен ықыласын жерге тастамай, дайын тамақтан там-тұмдап түртіп отырып, дәм татты.
Әлден соң Мансұр Сағатович өздерінің жатын бөлмесіне кіріп кеткен еді, Айқынды есіктен шығуға ыңғайланған кезде ымдап шақырып алды.
-Айбын менің досым ғой, қазір оның семьясының шығындары аз болмайды. Жақсы адвокат жалдасын. Ал мынау менің көмегім... Залогпен шықса өзіне, болмаса жеңгеңе берерсің, - деп қомақты түйіншекті жігіттің қойнына сүңгітіп жіберіп:
-20 мың доллар...- деді.
Айран-асыр болған Айқын Мансұр ағасының мәрттігіне қатты разы болып, ертесіне жолға шықты.
...Екі-ақ түн ғана тар қапаста түнеп, енді бес миллион теңге кепілмен үй қамаққа шыққан Айбынның жүні жығылып, еңсесі түсіп қалыпты. Кеудесінен өкініш кетпей, күрсіне береді. Інісі оны мүсіркемей, керісінше қатулы сөздер айтып, қайрат беруге тырысты.
-Ер жігіттің басына не түспейді, мықты бол... Қазір екінің бірі ұсталып жатыр ғой, қайғыра берме... «Уайым түбі-тұңғиық, батасың да кетесің...» деген. Ең бастысы бас аман болсын, әлі-ақ бәрі орнына келеді, - деп бір қайрап қойды.
-Қалай алданып қалғаныма өкінемін... Қайта-қайта келе бергенінен сезіктеніп едім, сөйтіп тұрып қалай сенгенімді өзім де байқамай қалдым... Бұл подставаны кім жасап жүргенін де сеземін... Қап... Өкініші кетпейді екен... Өзегімді өрттеп тұр... Желмаядай желіп келе жатып, қалай сүрініп кеттім?.. Бәрі де дұрыс келе жатыр еді... Қолма-қол ақша алудан барынша сақтанып жүретінмін...
-Сен «біз бәрімен бөлісеміз, бөліскен соң бір-бірімізді сатпаймыз, қолдаймыз, құтқарамыз» деген едің ғой. Бұл жолы бөліспей қалып па едің?..
-Ой, ол енді от случая к случаю ғой. Мына, қазіргі мені арандатқан адам «не в теме»... Менің орнымды өзінің адамына алып беруді көздеп отырған ғой... Бұрын емеурін білдірген еді, мен елемеген болатынмын... Сол кезде кете қоюым керек еді.
Ағасының өкініші таусылмайтынын көрген Айқын енді қарсы шабуылға шығып, оның ақыры бір ұсталатынын еске салды.
-Қазақ «мың асқанға – бір тосқан» дейді, орыста да «сколько веревочке ни виться, а конец все равно будет» деген мақал бар. Біраз жыл шайқадың, бұйырғанын алдың, бірақ бәрібір ақыры болуы керек қой. Ешкім де дүниенің түбіне жете алмаған. Аяқталмайтын нәрсе жоқ... «Отқа түскен күймей шыға алмайды» деген... «Алды үміт, арты өкініш алдамшы өмір, Желігін жерге тықпас кісің бар ма?» деген Абай бабамыз да... Өкіне берме... Алдағы күндердің қамын ойлау керек, енді. Жеңешем қара аспанды жаудырып отыр, маған да үйіңді сат, расходымызды бөліс дейді... Не істесем екен?
-Әлі саспай тұра тұр... Жеңгең айта береді... Үйіңді әзірге сатушы болма,- деген ағасы енді басқа бір әңгіменің шетін қылтитты.
-Мансұрдың мына көмегінің түбін сеземісің, меніңше «с дальным прицелом» жасалған жақсылық сияқты. Әйтпесе, қатты сыйласқанымыз болмаса Мансұрмен тонның ішкі бауындай жақындасқан достығымыз жоқ-ты... Әңгіме саған тірелетін сияқты... Өткенде бір кездескенімізде жақсы жермен құда болған да бір ғанибет қой деген сөздер айтқан... Қызының дұрыс жерге орналасқанын армандамайтын әке жоқ, сені әйелі де, өзі де ұнатып қалғанын мен де сезгем...
-Түу, өзің мына бәледен құтылмай жатып, тағы бірдеңеге алаңдайын дедің бе?
-Саған сездіріп жатқаным ғой, бауырым... Қазіргі заманда жақсылық жайдан-жай жасалмайды. Алмақтың салмағы бар дегендей түбінде құда болармыз деген үміті бар сияқты. Сен шошынба, ешкім сені жаманшылыққа бастап тұрған жоқ. Ойлан... – деді ағасы.
...Осы әңгімеден кейін бір ай шамасында қылмысын бірден мойындаған Айбынға сот 50 миллион теңге айыппұл төлетіп, ісін жапты. Жан-жағын жайпап, барлық туыстарын сауып қалуды ойлаған Сәлима жеңгесі қанша тыпырласа да Айқынға да, Айдынға да үйлерін сатқыза алмай, зығырданы қайнап, тек өздерінің үш қабатты коттедждерінен айрылып, қаланың ортасындағы үш бөлмелі үйге кірді. Мемлекеттік қызметтен біржолата шеттетілген Айбын енді жекеменшік фирма ашудың қамымен жүр.
* * *
Осы оқиғалардың бәрі Айқынға да қатты соққы болып тиді. Әсіресе, ағасының басына іс түскені оны қатты толғандырған. Ешкімнің де басындағы бағы мәңгі тұрмайды екен, ғайыптан тайып кетсең, аяғың аспаннан бір-ақ келеді екен-ау. Адам заманының құлы дегенге көзі жетті. Біреулердің «адамның тағдыры өз қолында» дегеніне де ол енді иланбайтын болды. Тағдырды адам таңдамайды екен, ол Алланың маңдайға жазған сыйы сияқты. Құдайға қатты сыйынатын бір жолдасы: «адам – Құдайдың құлы, ал тағдыр оған бұйыртқан сыйы» деуші еді, сол сөздің жаны бар сияқты. Ал енді тағдырдың қандай болмағы адамның өзіне байланысты. Өмір бергенде Алла адамның басына азаттық, ісіне ерік, бойына ақыл-ой, сана берді ғой. Сол ерікті ессіз пайдаланып, жасаған ісінде санасына бойламағаны, ақылға салып ойламағаны үшін берілген тағдыр сыйы осылай, ойына келгенін қылып, опық жегізіп, ойсыратып кететін болса керек. Өзінің сүйген қызы бола тұра бұл да басқа бір әйелдің шақырғанына еріп, Бурабайға барып несі бар еді? Ал енді соның сыбағасын алдың, қыл мойныңнан түскен тұзақ бұлқынған сайын қылғындырып барады, деп ойлаған жігіт көбінесе өзін өзі сөгіп, өзін-өзі жазғырады.
Неше саққа жүгірген осындай ойларына құрық беріп, кей күндері әбден шаршайтын Айқын ақыры тағдырына мойынсұнып, бұрынғыдай арындауын қойып, Лэйлаға үйленуге келісімін берді. Екеуі неке қидыруға арыздарын да беріп қойды.
Ал Сараға барлық жағдайын қалдырмай айтып, қазір үйленбесе алдағы өмір жолы бұлыңғыр екеніне көзін жеткізген. Оның ақылын да тыңдап, Лэйланың аяғы ауыр екендігін анықтағанын да білдірген. Жігіттің басына түскен барлық қиыншылықты қайтсем де бірге көтерісем деген серті бар қыз оның айтқанына көнді. Үйленген соң Лэйланың үйіне кететін Айқын өз үйін Сараның атына жаздыратын болды. Нешетүрлі шытырмандарды құрастырып жүретін Лэйла бұған ертең үйін сатқызып, ақшасын иемденіп те кетер немесе тағы бір айла тауып, жоқ қылар деген қаупі де бар еді. Сондықтан оны Сараның атына басыбайлы жаздырып қойып, айласын асырған болды.
Ал Сараның өзімен қатынасын үзбеуге, көп болса 1-2 жылдан соң оған түпкілікті келуге келіскен...
...Астананың сәнді ресторандарының бірінде тойларын өткізген екі жас ағайын-туыстарының алқалауымен Дубайға, теңіз жағасына «бал айын» өткізбекке аттанды. Әуежайдан шығарып салушылар даурығып, қайта-қайта құшақтап, беттерінен сүйіп, күліп-ойнап жатқанда бір ақ көйлекті қыз алыстан, биік баспалдақтан мұнарланып көрінгендей болды. Жан-жағына қаранып, алаң көңілмен тұрған Айқын оны Сараға ұқсатып, қайта-қайта көзін сүзіп елеңдесе де, жанары анық жетпеді. Тек жұрттың көзін ала беріп, сәлем етпекке қолын көтерген еді... ақ көйлекті қыз алыстап, сағымға айналып кеткендей болды...