«КИСЛЫЙ» БАНДАСЫНЫҢ КҮЙРЕУІ
Тұрыңыздар, сот келе жатыр!
- Кислицын бандасының соты жақында болады екен!
- «Кислыйдың» сот процессі бүгін басталады!- деген хабар ауданға сымсыз телефон арқылы тез арада таралып, бүкіл ел құлағдар болып үлгерді. Құлақ түре елеңдесіп, бұл хабарды аса қызығушылықпен, тап бір алыстағы сағындырған нағашылары ат арытып келердей тосқан жұрт, әйда, дүрлігісті де қалды.
- Сот ашық болатын шығар?
- Бізді кіргізер ме екен ә?- деген сұрақтарды бірі-біріне қойған әуестенушілер аудандық соттың атам заманда салынған екі қабатты ескі ғимаратының маңына симай кетті.
Биыл ауа райы ерекше ыстық болып, малға да, жанға да жәйсіз тиіп тұр. Сонау ерте көктемде алақұйын желімен селдете құйған бір жаңбырдан кейін аспан асты бір тамбай қойды. Құдды, «сол сендерге жетеді» дегендей. Ала жаздай бір тамбаған соң, шақырайған ыстық күннен жер-көктің бәрі қурап кетті. Ауа әбден ластанып, аспан асты шаңытып тұр. Бұлт келмейді емес, келеді-ақ. Батыс жақтан түнере жеткен қою қара бұлттан дәмеленген жұрт: «Әй, бүгін күн қайтсе де жауар. Мынандай тұтасқан қара бұлттан жаумауы мүмкін емес-қой»- деп, емексіп қалады. Сол арада, қайдан шыққаны белгісіз, аяқ астынан жел тұрады. Жәйлап басталған жел бірте-бірте қатайып, ала жаз бойы шаңқиған күннен әбден салмақсызданып, үлпілдеп тұрған шаң-топырақты алай-түлей бұрқырата бастайды. Елді емексіткен қою бұлт та екі жаққа қақ жарылып,біреу қуғандай жөңкіле көше жөнеледі. Аспан астын күйдіріп, жандырған сары табақтың беті шайдай ашылып, шақырая қалады. «Бұлттан шыққан күн ащы, жаман қатынның тілі ащы» - деген халық мақалын дәлелдегендей, жер бетінің апшысын одан әрмен қуыра бастайды. «Туған ай тураған етпен тең» емес пе, тамыздың отыз күні де таусылуға жақын. Жаңбырдың тамбағаны – сол тамбаған.
Сағат ондар шамасында сот ғимараты есігінің алдына терезе атаулыдан жұрдай, сұлабасының өзі суық көрінетін, сұрғылт түсті автозак тақау келіп тоқтады.
- Қане, аулақ кетіңдер!
- Ауланы босатыңдар! – деген полиция формасындағы жігіттер кимелегендерді әрі ысырып тастады. Қызықтан құр қалатындай, автозак есігіне қайта өңмеңдеген, тегі сотталушылардың туыс-жарандары болар, төрт-бес адамның алдын кескестеген ұзын бойлы, арықша келген өңі сұсты, майор шеніндегі жігіт ағасы ызғарлана тіл қатты.
- Шегініңдер кейін. Кино көретін жер емес бұл!
Есік алды мен сот ғимараты дәлізі аралығының екі қапталына автомат асынған сержант, офицер погонды полиция жігіттері сап түзей қалысты.
- Бір-бірден шығыңдар!
- Қанеки, тездетіңдер! - Зіркілдей бұйырған, әсілі айдауыл бастығы болар, сұсты майордың даусы саңқ-саңқ естіліп, автозактағы қылмыскерлер ғимараттың бірінші қабатындағы, есік терезелеріне темір тор ұсталған сот залына кезекпен ене берді. Барлығының қолдарында темір кісен.
Бесеу, алтау, жетеу... Түһ, таусылып болмады-ғой, қанша қылмыскер өздері? Ең соңғы - онбірінші тұтқын сот залындағы темір қоршауға кіргізіліп, торлы есігі «шиқ» етіп жабылды. Айдауылдардың бірі салдырлатып, есік сыртынан қос жұдырық көлеміндей қара құлып салып, кілттеп тастады.
Аула толы халық сот залына симай, шалқасынан ашып тасталған қос қапталды есік көзінде сығылыса кимелесіп қалған.Залдың есігі тарс жабылып,кіре алмағандары дәлізде иін тіресіп тұр..
Сот мәжілісі басталмай жатып-ақ зал іші ысып, қайнап кетті. Ысымай қайтсін, шілденің шіліңгір ыстығы тамызда да толастамай сыртта шыжғырып, іштегі мидай сапырылысқан елдің демінің өзі ауаны ауырлатып тұрса. Қос қапталдағы торлы терезелер шалқасынан ашып тасталғанымен, ішке лүп етіп енген леп жоқ.
- Орындарыңыздан тұрыңыздар, сот келе жатыр!
Тұғырдағы мемлекеттік Жалау мен қабырғасына Елтаңба қыстырылған төрдегі сот стөлінен сәл төменірек, оң жақ қапталға жанастыра қойылған шағын стөл басындағы аласа бойлы, талдырмаш, ақсары келген сот мәжілісі хатшысының саңқ еткен даусынан, залдағы бал арасының уіліндей дыбыс кілт үзіліп, сілтідей тыныштық орнай қалды. Дәліздегі жұрт қақ айырыла жол беріп, аяқтарын «тық-тық» еткізе басқан, бойы ортадан сәл биігірек әдеміше келіншек төрге оза берді. Бұл осы сот отырысына төрағалық етуші, аудандық соттың судьясы Биша Қожақұлқызы Бидайбекова еді. Қараторы өңіне үстіндегі билер мантиясы жараса кетіп, бір жағынан жүзіне ресмилік рең беріп тұр.
Бүкіл қала, қала ғана емес-ау, аудан тұрғындары қызығушылық танытып, күнделікті таусылмайтын тіршіліктерін тастап, сот ауласын торуының себебі не? Алды қырыққа да толмаған, арты ерін үстіне үлпілдек сары түгі енді ғана тебіндеп келе жатқан, қолдарына кісен салынып, бір қора айдауылмен жеткізілген сотталушылар кімдер? Тепсе темір үзетін онбір бірдей азаматтың қылмыскерлер орындығына отырып, заң мен сот алдында жауап беруінің сыры неде?
«Қант» операциясы.
Осыдан біраз ғана бұрын, дәлірегі, екі ай екі күн бұрын қатаң режимдегі колонияда сегіз жыл мерзімін өтеп шыққан Кислицын Григорий түнімен жайсыз ұйықтап шықты. Ойына алған бір жымысқы ісінің жоспарын санасында пісіріп, үркер ауа көзі әрең дегенде ілініп еді, шошып оянды. Шым-шытырық түстер көрді ме, әйтеуір, ұйқының ауылы алыстап, ақ таңды дөңбекшіп әрең атырды. Онсыз да жетісіп тұрмаған жүйкесіне тиіп, шиқ-шиқ еткен төсегінен тұрмаған қалыпта әйелінің атын атап шақырды.
- Ира, Ира! – Ирасы естімеді ме, жоқ әлде естіп, келгенінше сол болды ма, онысы тез арада көріне қоймады. Шекесі тырысып, сіркесі су көтермей жатқан Григорийдің жыны қозып кетті. Күтуге шамасы жетпей, тағы қаттырақ айқайлап, соңын боқтыққа айналдырып жіберді:
- Ира деймін! Қайда жоғалып кеттің, сұмпайы?
- Келе жатырмын. Не болды сонша... Қолдарының суын алдындағы көкшіл алжапқышына жүре сүрткен отыз бес - қырықтар шамасындағы, аяғындағы жұлым-жұлымы шыққан тәпішкесін тарпылдата сүйреген ұзын бойлы, тыриған ақсары әйел күйеуінің жанына таяды.
Жаңағы боқтық сөзін жаймашуақтағысы келді ме, сұсты өңін сәл жылытқан Григорий:
- Ирочка, Женяға жүгіріп барып келе қойшы. Ол Сергей мен Валераны ертіп, біздің үйге тез жетсін.
- Жәйша ма?
- Аз білсең, көп өмір сүресің. - Қарсы сұрақты жақтырмаған күйеуі «сөз тәмам» дегендей, теріс қарай аунап кетті.
... Ақмоладан Жетісу жеріне суыт көшкен Григорий мен анасы ағасы Сметанин Алексейді пана тұтып, соны сағалап келген еді. Обалы не, Алексей қарындасы Аня мен жиені Григорийді қуана қарсы алып, бәйек болды да қалды.
Қазақстандағы «тың игеру» науқаны басталмай-ақ Украинадан Жетісуға қоныс аударған Алексейдің еңбекқорлығы мен қолынан келмейтіні жоқ – шеберлігі арқасында тастары өрге домалап жүре берді. Оның үстіне әйелінің де бірді екі ете білетін пысықтығы бар. Түгін тартсаң майы шығып тұрған Жетісу жерінде құс-құрт асырап,ауласындағы 4-5 сөтік жерді өңдеп, тез арада тұрмыстарын оңдап алды. Сағалап келген қарындас, жиеніне жап-жаңа болмағанымен, күтіп ұстаса әлі талай жыл пана боларлық үш бөлмелі там сатып әперді. Күйеуінің мұнысын құптамаған әйелі:
- Не, біз оларға көмектескеніміз аздай, үй әперуді міндетімізге алып па едік?- деп жақтырмаған. Алексей бұртаңдаған әйеліне зекіп, бетін қайтарып тастады:
- Ештеңе жоқ. Көшіп-қонудың тауқыметін бастан өткеріп көрмеп пе едің? «Туыс» деп бізді жағалап келді емес пе? Олардан қайтпаса, құдайдан қайтсын - деген Алексейге әйелі қарсы келіп, әрі қарай сөзді өршітпеді. Өйткені, өз дегенін бәрібір істейтін күйеуінің мінезін жақсы білетін-ді.
- Сам знаешь, хозяин-барин - деп, бәйбішесі шарасыздық танытып, қолын бір сілтеген де қойған.
Григорийдің «Женя» деп отырғаны Ираның онтоғыз жасар бауыры да, оның ертіп әкелуге тиісті Сергей мен Валерасы өздеріне үй сатып әперіп, қамқор болған Сметанин Алексейдің балалары.
Үйреншікті болып кеткен кезекті отырысынан босанып, бостандыққа шыққан Григорийді Сергей, Валералар осы Ирамен таныстырып, содан бері, міне үш айдай болды, екеуі бірге тұрып жатыр. Ерлі-зайыпты аталғанымен, бірінің алдында екіншісі ешқандай жауапкершілік жүгін арқаламайтын, заң жүзінде еш міндет жүктемейтін «азаматтық некеде» өмір сүруде.
Өзіне жауапкершілікті жүктегісі келмейтіндер үшін «азаматтық неке» дегенің өте бір қолайлы нәрсе боп тұр-ау. Тұрғысы келсе, бірге тұрады, әлденеге келіспей қалса, екіншісі киім- кешегін жинайды да, «шу қарақұйрық» деп өз жөніне кете береді.Тек осы бір келеңсіз құбылыстың ежелден ар тазалығын, жар тазалығын намыс туындай төбесіне көтеретін «қазақ» атты ерекше, кірпияз ұлттың өміріне енгені өкінішті. Таза махаббаттың белгісіндей, кербез керілген шымылдықтың ішінде ақ некемен ғана бастары қосылатын рухы биік қазақтың қазіргі кездегі ұл-қыздарының арасындағы «азаматтық неке» деген қасиетсіз нәрсе «көзге шыққан сүйел» болып тұр. Бұрындар мұндай лас көрініс басқа ұлттар арасында үйреншікті тірлік болғанымен, жесірін жырақтатпаған, жетімін жылатпаған қазақ ұлтында кездеспеген-ғой.
- Пламенный привет пахану! – есіктен бойы сырықтай ұзын болғандықтан, әдеті бойынша сәл еңкейе кірген Женя-Евгенийдің соңынан Сергей мен Валера да ішке еніп, сәлем берді.
Саулық тілеймін.
Сәлем!
Амансыңдар ма?
Төсегінде шәниіп жатқан күйінде темекісін будақтатқан Григорий орнынан жеңіл ырғып тұрып, тарамыстай қатты, әлді саусақтарымен үйге келген үшеудің қолдарын кезекпен, құшырлана қысты. Ылдым-жылдым қимылмен, жап-жасыл татуировкамен шимайланған кең кеудесіне жұқа ақ футболкасын, бұтына көк джинс шалбарын кептей киді. Жұқа футболка ішінен сыртқа тепкен буылтық-буылтық бұлшық еттері толқынша ойнап, көрер көзді сүйсінткендей еді.
- Өздеріңді жәйдан-жәй шақырмайтынымды білесіңдер-ғой. Қысқаша қайырғанда, бүгін сендерді бір жақсы іс күтіп тұр.
- Мы готовы как штык! – деп күле тіл қатқан Валераны Григорий оқты көзімен атып, бетіне жақтырмай қарады.
- Үлкендер сөйлегенде сөзді бөлмеуді қашан үйренесің? – деген ол «соңымнан еріңдер» дегендей, басын қисайта ым қақты да, үйден шыға берді.
Үшеудің алдына түсіп, тіл қатпастан жүріп отырған Григорий қаланың сыртындағы, өз сағасымен жәйімен, ирелеңдей ағып жатқан Қаратал өзенінің жағасына барып бірақ тоқтады.
- «Кислый» істің не екенін біле алмай, қыстығып өліп барам. - Бағанағыдай «арп» етіп, бетін қайтарып тастай ма, - деп ағасының жүзіне барлай қараған Валераға Григорий өңін жылытып, ыңырана тіл қатты.
- Түнеу күні сендердің бар тиын-тебендеріңді сыпырып алып, өзімнің бар-жоқтымды қосып, есек пен арбаны не үшін сатып алғанымды білдіңдер ме?
- Білгеніміз жоқ, бірақ шамаладық.
- Өз қажетімізге жарату үшін.
- Дұрыс шамалағансыңдар. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген. Ал енді жұмыссыздықтан іштерің пысып қалған болар. Бүгін «қант» операциясына шығамыз. Операция жүргізетін нысанды ешкімге күдік тудырмастан, алдын ала зерттедім.
Григорий түнгі жорықтың жоспарын тәптіштей түсіндіріп, әрқайсының атқаратын міндеттеріне шейін анықтап берді. Күтпеген жағдай туа қалғанда кімнің қайда тұрып, не істейтіндігін су жағасындағы майда сары құмға сыза отырып түсіндірді.
- Күзет аса мықты болып, жазымға ұшырамаймыз ба? – Мұны айтып тұрған - «кислыйды» қоспағандағы үшеудің ішіндегі жасы үлкені Сергей.
- Тәуекелге бармаған шампан ішпейді. – Валера жылмырайып, ағасының бетіне жағымпаздана көз тастады. Оны қостағандай ыңғай танытып, сәл езу тартқан Григорий лезде түсін суытып ала қойды:
- Сергей, қоянша қорықсаң - оны бірден айт. Және біздің маңайымыздан ешқашан жүрмейтін бол. - Оның ашуланғандағы түрі өте сұсты да қорқынышты еді.
- Мұндай босбелбеу, қорқақтарға зонада не істейтінін білесің бе?
- Қорқып тұрғанып жоқ. Сақтық ойлағаным... – деген Сергей қипақтап, сөзінің артын жұтып қойды.
Уақыт түн жарымынан асып, сағат тілі бірден кете бере Григорийдің қылмыс тобы орнынан қозғалды. Бұлар ел аяғының әбден басылуын күтіп, сергу үшін қоюлығы сондай, ауызды қуырып жіберетін ащы чефир ішіп отырған.
- Ну, пора! С богом, - деген Кислицын әлігінде ғана Валераның шегіп қойған есек арбасына бірінші болып қарғып мінді.
Тамыздың күндізгі аптабының қызуы қайтқанымен, түн бәрібір ыстық, әрі қапырық. Ай жарығы сүттей. Бірақ, «жарық екен, біреулер байқап қалар» деп, айылын жиған ешкім жоқ. Іштерінен не ойлап келе жатқандарын кім білсін, ешқайсысы үн қатпаған күйде, типың-типың қағып, еш дыбыссыз салып ұрып келе жатқан есек арбаның үстінде баяу тербеліп келеді.
Қылмыс әлемінің қыр-сырына қанық болып, әбден әккіленген «кислыйдың» түнгі жорыққа есек арбаны таңдауы бекерден бекер емес еді. Мына салпаң құлақ жануардың орнында ат болсыншы, тұяқтарының дыбысы көш жерден естіліп, «мен келе жатырмын» деп, бүкіл қаланы даң қылары сөзсіз.
Бас білер есек болымсыз ғана қақпақылмен, қаланың онтүстік батыс жағындағы, шлак дарбазамен қоршалған «Мұнай өнімдері» кәсіпорнының сырт жағына келіп тоқтады. Григорий арбадан түсе сала адымдай басып, күзетшінің үйшігіне таяды.
Жүрісі еркін, бұқпантайлап, жасқану ойына да келмейтін сияқты. Ұрлықта емес, бейнебір, нағашылап жүрген жиен дерсің!
Келген бетте қолындағы ұзындығы жарты құлаштан артық шегесуырғышты сілтеп-сілтеп жіберіп, күзетші үйшігінің терезесін сыңғырлатып, сындырып түсірді. Жеңіл ғана ырғып, терезеден ішке секіріп түсті. Тәтті ұйқы құшағында бұйығып жатқан күзетші не болғанын түсініп те үлгерген жоқ. Шошынып,орнынан көтеріле бергені сол еді, Григоридің дәл төбесінен сарт еткізіп ұрған темірдей жуан жұдырығының ауыр соққысынан есі ауып, шалқалақтап құлай берді. Сергей мен Валера арнайы дайындап әкелген екі-үш құлаш сымтемірмен күзетшінің аяқ-қолын матап, темір төсегіне таңып тастады. Олар енді басшы бұйрығын тосып, үнсіз состиып қалған. Бұл кезде Женя Палкин есек арбаның жанында, күндізгі жоспар бойынша сақшылықта тұрған еді.
Әр кәсіптің иесі, өзі таңдаған сол ісіне бейім болады емес пе? «Кислыйдың» мысықтың жанарындай өткір көздері түнде де керек нәрсесін еш жаңылыспай көре беретін. Ай жарық болса да үйшіктің іші алакөлеңке. Күзетшінің қолындағы сағатын оп-оңай шешіп алып, қалталарының бәрін тінтіп шықты. Жылан жалап кеткендей, түк жоқ.
- Твою мать, все пусто. Терезе жақта салбырап тұрған телефонның жібін бырт еткізіп үзді де, басшыларының әр қимылына зер сала, қызыға қарап тұрған екеудің біріне телефон аппаратын ұстата салды. Стол үстіндегі батареялы фонарды да қолына беріп, «арбаға апар» дегендей, ым қақты. Түсінбеді ме, орнынан тез қозғала қоймаған оны иығынан нұқып жіберді. «Жәй түртіп қалғаны мынандай болса, әдейілеп ұрған соққысы адамды өлтіреді-ғой». Осыны ойлап үлгерген Валера түйіліп ауырған иығын уқалаған күйі арбаға қарай жүгіре жөнелді.
Григорий бөлтіріктерін ауыздандырған қасқырша, екі бауырын соңынан ертіп, анадайдағы қойма есігінің алдына барып тоқтады. Сақтық үшін бір сәт тың тыңдап тұрды да, қолындағы шегесуырғышын Сергейдің қолына берді.
- Қане, құлыпты бұз!
Бауыры қолындағы сайманымен құлыпты әрі-бері нұқығанымен ештеңе шығара алар емес.
- Ой, келепайсыз. – Шегесуырғышты оның қолынан жұлқи тартып алып Валераға ұстатты.
- Қане, сенің қалай жұмыс жасағаныңды көрейік. Тез қимылда, балабақшада ойнап жүрген жоқсың.
Қанша әуреленгенімен құлып оның да ыңғайына көнер түрі жоқ.
- Бүйтіп ұры болғандарыңды ұрайын сендердің. – Сайманды жұлып алған ол, көз ілеспес жылдамдықпен құлыпты бір-ақ ырғап, жерге топ еткізді.
- Міне, ұры деген осылай жұмыс жасауы керек. Жырғалмай, тезірек қаптарды арбаға тиеңдер!
Бір – жар қаптағы тышқан қырыққан тесіктен төгілген қанттың шашылғаны болмаса, аулада ұрлықтың ізі де білінбейді. Жыртық қаптардағы шекерді алдын ала үйден дайындап әкелген екі қапқа қотарып салып алған топ ауладан жылыстап шыға берді.
Үптелген үй.
Қылмыскерлер арасында «кислый» айдарымен танымал болған Григорий Кислицын Ақмола қаласының дәл ірегіндегі шағын ауылда туып, сонда алғаш мектеп табалдырығын аттады. Ес білгелі үйлеріндегі ата-анасының күнделікті әдет болып кеткен ішісі, арты айқай-шу, боқтық пен төбелеске айналған ырың-жырың өмірдің әсерінен ол томаға-тұйық, ызақор және өте кекшіл болып өсті. Ресей, Белоруссия мен Украинадан Қазақстанның тыңын көтеріп, «жарылқаймыз» деп, бетперде ретіндегі «комсомолдық жолдамамен» келгендердің көпшілігі сотталғандар, жазасын шартты түрде өтеп жүрген «зектер» немесе ақшаны дорбалап тауып, баюды ғана көздеген жырындылар еді. Онан қашқан, мұнан қашқан қиынды - жиындыдан жиналғандар жүрген жер қай бір оңсын, «тың игерушілер» арасында топ-топ болып төбелесу, кісі тонау, тіпті жақын маңдағы ауыл тұрғындарының қыз-қырқындарын зорлап кету мен адам өлтіру жағдайларының дүркін-дүркін естіліп жатуы еш таң емес-тін.
Гришаның трактор айдайтын әкесі Александр аванс, еңбекақы алған күндері техникасын қаңтарып қойып, «жынды суды» апталап, өлердей ішеді. Тек мұның әкесі ғана емес, «комсомолдық жолдамамен» қоныс аударып келген келімсектердің бәрінің көрген күні сол. Анасы Аня мен әкесінің алғашында ақаңды бірге ішіп, ауыз жаласа әндеткен отырыстары артынша жанжалға ұласады. Оның соңы шешесінің көкала қойдай болып сабалып, таяқ жеуімен аяқталады. Бұл көрініс айына екі-үш рет, тұрақты түрде қайталанып тұрады.
Бала Григорийдің психологиясына ерекше әсер етіп, санасында өмірбақи сақталып қалған мына бір оқиға жиі елес беріп, жан дүниесін астан-кестен ететіні бар. Арада қанша жылдар өткенімен, сол бір келеңсіз жағдай күні кеше ғана болғандай, жан-жарасын тырнап-тырнап өтеді.
Қар еріп, сәуір айы туғанымен, күннің ызғырығы әлі толық кете қоймаған кез. Көзін ашып, таңғы ұйқыдан Гришаның оянғаны сол еді, анасы есіктен көңілді сөйлей кірді. Қолындағы торкөзге сықия толтырып алған азық-түліктің арасынан әдеттегідей, екі-үш құмыра арақтың, сыңғырлаған сыра шишаларының мойындары қылтияды.
- Ой, Гриша - Гришенька, бүгін сенің туған күнің ғой. Он бір жасқа толып, жігіт атандың. Құттықтаймын, балам. Өмір жасың ұзақ болсын. Әкең сияқты үлкен азамат... – дей берген анасы сөзін әрі жалғамай, тілін тістей қойды.
- Ия, азамат бол. Бірақ, құдай сені әкеңе ұқсата көрмесін. Оның жолын беріп, қайталатпасын,- деген ол, ұлының екі бетінен кезек сүйіп, бауырына қысты.
- Туған күніме не сыйлық әкелдің, мама? – Қызығушылық көңілмен торкөзге көз салды.
- Ақшаның ыңғайы келмеді, балам. Ай соңында алатын әкеңнің еңбекақысы қолға тиісімен қатқан сыйлық алып беремін...
- Жарайды, әуре болып қайтесіңдер. Сыйлықсыз да күнелтерміз. Арақ пен сыра, темекі бар, сендерге одан басқа не керек болсын?
Бала емес пе, Гришаның көңіл-күйінің түсіп, өкпелеп қалғаны сезіліп тұр. Алабұртқан сәби көңілін су сепкендей басқан сол бір көрініс әлі күнге шейін миының төрінен өшер емес.
«Гришаның туған күні» деген сылтаумен сол күні үлкен ішіс тағы қайталанды. Әкесінің шөлмектес екі-үш досы мұның ата-анасымен бірге ішіп отыр еді, олардың әйелдері боқтап – боқтап, алдарына салып қуып әкетті.
«Сен үшін, балам», «сенің бақытың үшін» деп, қырлы стақандарын қағыстыра ішіп, арқа-жарқа күй кешкен әке-шешесі тағы да аяқ астынан, су тиген сабындай бұзылды. Ақаңа бөгіп алып, сырдың суы сирағынан келмей отырған әкесі, анасының неден жазықты болып қалғанын қайдам, онсыз да шолтиып тұрған қысқа шашынан сүйрелеп, қуып жүріп тепкіледі.
Осының бәрін көріп, қыстыға булығып тұрған Гриша сүргіленбеген тақтайдан құрастырылып, шегелей салған шиқылдақ үстелдің үстіндегі ағаш сапты ас пышақты жұлып алды.
- Убью гад! – деп тістене, ызақорлана ұмтылған ол әкесінің ту сыртынан пышақты кірш еткізіп сұғып жіберді. Қанша айтқанымен, бала қолының әлсіздігінен пышақ тәнге терең бойлай қоймапты да, шақырылған «жедел жәрдем» дәрігерлерінің көмегімен әкесі тірі қалды.
Анасы: «сынып, құрсауланған шыны кесе сияқты некерленген өміріміз енді қанша жамап - жасқағанымен қалпына келмес» деген ойда болды ма, жоқ әлде, есейіп, күні ертең жігіт болып шыға келетін баласы мен күйеуінің бірінің түбіне бірі жетіп, масқараға ұшырауынан қорықты ма, әйтеуір, екі-үш бунақ – түйнекке буылған киім-кешектері мен бір көнетоз чемоданын баласы екеуі көтеріп, ұзақ жолға шықты. «Сонысы дұрыс болды» деді ме, күйеуі сұрастырмады да, артынан іздеп те келмеді.
Әпкесінің жағдайын, жанын түсінген бауырдан айналып қана кетейін, Алексей сатып әперген шағын үйде өткен алғашқы жылдардағы тіршілікке аналы – балалы қос жан дән риза.
Е-е, дүние-ай десеңші. Сол бір аршыған жұмыртқадай кішкене ғана тамда қаншама жылулық, қаншама сұлулық бар еді. Әркімнің өз үйі - өлең төсегі емес пе?! Күйеуімен бірге тұрғандағы таяқ жеп, итшілеген тіршіліктен кейінгі мына мамыражай өміріне «тәуба» деп, күніне неше шоқынып алатын Аня тағдырдың алда қандай сыйы күтіп тұрғанынан бейхабар-тын...
Көзін тырнап ашқаннан бері көргені әкесінің арағы, боқтық, былапыт сөздері мен оның көзінше анасының жеген таяқтары бұғанасы қатып үлгермеген жас жеткіншекке өз дегенін істеп тыныпты. Жаман үлгі мен келеңсіз әдет тез жұғады емес пе? Оның үстіне гендік заңы бойынша әке қанымен бұның бойына берілген қасиеттер әкесінікінен асып түскені кейін біліне бастады..
Гриша кекшіл, төбелескіш, ұрлық-қарлыққа жақын сұйық жан болып қалыптасты. «Қуды қу, шұқанақты су табады» дегендей, өзі сияқты көксоққан, бұзық балалар оның маңына топтасып, білгендерін істеді. Басқы кезде ұсақ-түйек ұрласа, кейіннен түнгі жорықтарға шығып, үй үптеп, кісі тонауға шейін барды. Сол бір көңілге ыстық, шуақ толы үйде Григорий адам құсап үш-ақ жыл тұрды. Содан кейінгі өмірі тергеу, милиция, этап, түрме мен зона болып, шыр көбелек айналып жүре берді...
Григорий сегізінші сыныпты кітаптың бетін ашпай-ақ, ілдалдалап бітірген соң, әрі қарай оқуға қолды бірақ сілтеген-ді. Он төрт жасында ұрлық жасап, әйтеуір, шартты жазамен құтылған. Екінші рет кісі тонағаны үшін сотталып, төрт жылды арқалап кете барды.
Кәмелетке толмай сотталғандардың түзеліп, дұрыс жолға түсуі некен-саяқ кездесетін жағдай ғой. Төрт жылдың орнына үш жыл отырып, мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Шыққанын қайтейін, үйінде екі айдай сайрандаған соң, масаң күйде адамға ауыр жарақат салып, тонағаны үшін кесілген алты жылға шартты жазаның өтелмеген бір жылы қосылып, барлығы жеті жылды мойынға ілді. Оны өтеп келгені сол еді, бір айдан артық қана бостандықта болып Қылмыстық Кодекстің «қарақшылық шабуыл», «кісі тонау» баптары бойынша сегіз жылға қайта сотталды.
Қандай болса да, әр ана үшін баласы «іштен шыққан шұбар жыланы» емес пе?! Гришаның күйігінен Аня байғұс өзіне қол салды. Бұрындар күйеуінен көрген қорлықтары бар, оған баласының мынандай теріс жолға түсу қасіреті қосылып, соған шыдамаған анасы өз үйінде асылып қалыпты. Стол үстіне: «мынандай ит қорлық өмірдің маған қажеттілігі шамалы» - деген бір парақ қағаз жазып қалдырыпты.
Кезекті отырыс мерзімін өтеп, Үштөбеге оралған Кислицын үйінің орнындағы үйілген жал-жал топырақты ғана көрді. Қараусыз, күтім көрмегендіктен үйі содан үш жыл бұрын құлап қалған болатын. Қазақтың: «шаңырағы ортасына түсті» деген суық, қорқынышты сөзі осындайдан айтылса керек.
Бүкіл Қазақстанның зона, түрмелерін адалап шыққан Григорийге бұл қапас жерлер туған үйіндей болып кеткен еді. Бар-жоғы отыз тоғыз жасында алты рет сотталып, барлық санын қосқанда жиырма төрт жыл мерзімді арқалаған, төртінші сотталуында «рецидивист» аталған «кислыйды» қылмыс әлемінде танымайтын адам жоқ. Түрме, зоналардағы «қасқыр өмір» қасқырлыққа, озбырлық пен қатігездікке үйретіп, етіне сіңіп кеткендігі сондай, адаммен адамша сөйлесіп, арақатынас жасау оған жат болып көрінетін. «Бөтендер қорқу үшін өз адамыңды аямай ұр» қағидасымен ғана жүретін «кислый» өзінің «Григорий» деп христиан ұстанымы бойынша шоқындырып қойған атын ұмытқалы қашан!
Сонша ірі денелі болмағанымен, бір метр сексен бес сантиметр бойы, тарамыстай сіңірлі ұзын қолдары төбелеске таптырмайтын құрал. Бала кезден-ақ төбелестің айла-тәсілдерін жетік меңгеріп, «қорқу» деген қасиет сол кезден-ақ оның санасынан ада болып кеткен. Кез келген қарсыласын бір ұрып, әрі кеткенде екі рет жұдырық жұмсап, қалпақтай ұшыру оған түк те емес. Оның үстіне, талма жерді жаңылмай дәл көздеп, кірпік қаққанша аш күзенше бүгілдіре салатын әдістерге жетік. Керек жерінде аяқ, қолдары, тізесі, басы мен шынтақтары көз ілеспес жылдамдықпен іске қосылып үлгереді. Қылмыс әлемінде күш, әдіс, батылдық пен қатыгездік деген қасиеттер болмаса, аяқ астына тапталып қалатындығын ерте түсінген Григорий бала кездегі үйренген төбелес тәсілдерін түрме, зоналарда жүріп жетілдіре берді. Қаншама рет өзінен денесі ірі, ұрудың сан түрін меңгерген атақты төбелескіштермен жекпе-жекке шықты. Әр шыққан сайын ысыла, төселе түсіп, бір-жар рет тең түскені болмаса, соның бір де бірінде жеңіліп көрмепті.
Айдарды «кислый» деп фамилиясына ұқсатып қана емес, өңменнен өткізе, найзағайдай шаншыла қарайтын өткір көздерін сәл сығырайта, жанарын әлдене ашытып тұрғандай бет әлпетінің әнтек тыржиып тұратындығына байланысты қойса керек. Осы түрінің өзі, бір қараған адамның оның кім екенін білмесе де, денесін дір еткізіп, көңіліне біртүрлі қорқыныш ұялатады.
...Нарық экономика қатынасы алғаш басталған тұста халық сең соққан балықтай есеңгіреп қалған. Аудан орталығындағы бүкіл Кеңестер Одағына әйгілі Үштөбе ет комбинаты, Қазақстан ғана емес, Одақ құрамындағы республикаларға, тіпті сонау Сахалин, Буратияға киіз үйлерін тапсырыспен жіберіп, атағы жер жарып тұрған Үштөбе киіз үй фабрикасы жұмыс жасауын тоқтатты. Жекешелендіру деген желеумен, завод, кәсіпорындар жоғарыдағылармен әмпей-жәмпей болып, жемтіктерін бөліскен пысықайлардың иелігіне өтті. Ал олар өндіріске жан бітіріп, бүкіл аудан халқына нәпақа болған бұл алып кәсіпорындарды жүргізуді ойлаған да жоқ. Миллиондаған сомға бағаланған техника, дүние-мүліктерді бөлшектеп, ең ақыры, ғимараттардың өзін бұзып, кірпіш, есік, терезе мен тақтай, шатырларын ту-талақайын шығарып сатты. Әйтеуір, әбүйір болғанда Үштөбедегі «Жөндеу-механикалық заводы» кәсіпорны жемсауы кеңдердің обырлығынан аман қалды. Бірақ ол да жұмысын тоқтатып, нәпақасыз халыққа қайыры тимей тұрған жәйі бар.
Алғашқыда абдырап, не істерге білмей, шарасызданған жұрт ес жиып, жаңа заманның өміріне бірте-бірте бейімделе бастады. Бейімделгенде де жұмыс көздерін ашып, сұранысқа ие тауар, дүниелерді шығарумен емес, жаппай сауда - саттыққа бас қойды. Қарап тұрсаң бәрі коммерсант! Сондағы өнерлері бір жерден арзанға алып, екінші жерге үстеме баға қосып сату. Мұндай кәсіппен ежелден айналысатын өзбек, ұйғырларды атамыз қазақ баяғыда «бақалшы» деп атайтын. Соларға жүн, тері-терсектерін беріп, өтеміне тарақ, айна, сабын, иіссу, кездеме мата сияқты уақ-түйектер алып, бала-шағаларын мәз қылып қоятын.
Міне осындай сауда - саттыққа едәуір төселіп, өзінің пысықтығы арқасында шаруасын дөңгелетіп жүргендердің бірі – Үштөбелік кәсіпкер - Наташа Банкина.
Таңертең ертелетіп базарға келген Банкина сатуға берген тауарларының ақшасын саудагерлерден жинауға кірісті. Саудасы жүргендері ақшасын қолма-қол қайтарса, енді бірі қарыздарынан жарым-жартылай құтылуда. Бұл аңқаулықты қойсаңшы, өзіне қарыз саудагерлердің бәріне «бүгін тауар алуға Алматыға жүремін» деп, үйінде болмайтындығын, әйда, әбден жарнамалап бітті. Істес кейбір базаршы әйелдер Наташаға: «ананы әкел, мынаны әкел. Сол жақсы өтуде»- деп, тапсырыс беріп жатыр.
...Оны-мұны алу сылтауымен, күнделікті базар аралап, барлау жасап жүретін Григорий саудасы жүріп, кәдімгідей-ақ қоңданып алған Наташаның кәсіпкерлік тіршілігінен хабардар еді. «Іздегенге сұраған» деп, оның бүгін товарға жүретіндігін, әдейілеп тыңдағанын білдірмей, әйелдердің маңында теріс қарап тұрып-ақ жадына түйіп қойды. Наташаның үйіне қайтар кезін анадайдан байқатпай аңдып тұр. Енді бір сәттен соң, саудагер әйелдің соңынан елеусіз, едәуір қашықтықта еріп отырып, оның үй, мекен-жәйін де көріп алды.
...Григорий Үштөбе қаласының батыс аймағындағы, жергілікті ел ішінде «пьяный поворот» аталып кеткен «Западная» көшесіндегі Дмитрий Гусковтың үйіне бет алды. Онымен осыдан екі-үш ай бұрын танысып, үлкен бір ішіс жасаған болатын. Арақ ішсе де айналасындағы адамдардың сөзінен, іс-әрекетінен оның кім екенін, қандай адам екенін барлап, өзінше қортынды жасай отыратын әдетімен Дмитрийді «өзіміздің адам» деген пікірге тоқталған-ды.
Қазан айы болғанымен, ауа райы әлі жаздағыдай жып-жылы. Орыстың «бабье лето» аталған жанға жәйлі маусымы жан жадыратып тұр. Ел аузында «қарындаш» аталатын дарбазаның сыртында тұрып, құлақ жаңғырта ысқырып қалды. Көкшіл бояуы ескіріп, сұрғылт тартқан қақпа жәйімен ашылды да, ұйқыдан жаңа оянған ба, көз кіртиіп, шашының ұйпа-тұйпасы шыққан үй иесі көрінді.
- О, какие люди. Добро пожаловать! – Дмитрий келушімен құшақтасып, қос қолдап амандасты.
- «Кімді ойласаң сол келеді» деген сөз рас екен. Әлгінде ғана сені есіме алып едім.
- Өзгенің өзіңді сағынып, есіне алғаны жақсы нәрсе - ғой. Үйде біреу бар ма?
- Ешкім жоқ. Қатын қияр, қызанақ сатуға базарға кеткен, келіп қалар.
- Әзірге келмей, кешіге тұрғаны дұрыс, Дима. Ақылдасатын маңызды шаруа бар.
- Қане, үйге кіріп сөйлесейік. Бағанадан қонақжайлық танытуды да ұмытып кетіппін-ғой. Кешір, достым.
- Өзіміз-ғой, оқасы жоқ – деген Кислицын ашық тұрған есіктен үйге ене берді.
- Мынау менің көптен көрмеген досыма әкелген базарлығым. - Көйлек етегімен жасырылған шалбарының ышқырындағы бір жартылық арақты шығарып, стөл үстіне «тық» еткізіп қойды. Жайғаса отырған Григорийдің бетіне үй иесі аса бір риза, қуанышты жүзбен қарай қалған.
- Бәрекелді. Осылай жиірек келіп тұрсаңшы,- деп қулана күлген Дмитрий қырлы стақандарымен бірге, тіске басар екі-үш тал қияр мен қызанақ әкеліп қойды.
- Дима, алдымен сен мынаны айтшы. Тракторыңның жағдайы қалай, жүре ме?
- Жүргенде қандай. Тек газды басып, рөлді бұрап үлгер.
- Онда бүгін кешке, жұмыстан соң көлігіңді үйіңе әкеліп қой. – «Кислый» стақанға жартылай құйылған арақты қағып салып, келген шаруасына көшті...
«Қуды қу, шұқанақты су табады» деген тәмсілді қазекем қандай дәл, көрегенділікпен айтқан десеңші. Осы Дмитрий мен Кислицын базар маңында танысып, бір-екі жарты арақты қастарындағы екі жігітпен бөлісіп ішіскендеріне онша көп уақыт өте қойған жоқ.. Екінші рет кездесіп, тағы бір мәрте ақаңды судай ағызып, «жетім қыздың тойындай» отырыс жасады. Араққа тойып, масайыңқырап қалған Дмитрий:
- «Балықшы балықшыны алыстан таниды» емес пе, «кислый»? Мен сенің өз адамымыз екендігіңді бір көріп, әңгімелескеннен-ақ білгенмін. Бауырластар арасында сенің беделіңнің жоғары және кімге болса да сөзіңді өткізе алатын іскерлігіңді көп естігем. «Құлақ естігенді көз көреді» деген рас екен. Міне, танысып, дәмдес болып отырмыз. Мен Сарқанда туып өстім. Дұп-дұрыс тұрып жатқан жерімнен орнымнан су шыққандай, осында шұғыл қоныс аударуға тура келді.
- Не, онда менттер күн бермеді ме?
- Дәл үстінен түстің. Бар кінәм - бар-жоғы екі рет сотталғаным. Біреудің тышқақ лағы жоғалса да, менен күдіктеніп, үйге қақшиып жетіп келеді де тұрады, сасық текелер. Оның үстіне қатыным да ұяттан безіп, менттердің апанына жол салып алды. Қит етсе арызды домалатады да отырады. Міне, сонымен қараталдық болып шыға келдім,- деп мұңын шаққан. Содан кейін-ақ екеуі бірін-бірі ежелден білетіндей, дос болып кетті.
...«Кислыйдың» қылмыстық тобы жорыққа, әдеттегіше, түн жарымынан аса шықты. Тіркемелі МТЗ-80 тракторын ел көзіне түспес үшін, Банкина Наташаның үйінен аулағырақ жердегі, елеусіз бір қалтарысқа қаңтарып қойды.
- Қырандар, сендер осы жерде тапжылмай күтіп отырыңдар. Сақтықта қорлық жоқ. Мен жәйлап барып, әлігі сайтандардың кеткен - кетпегенін байқап келейін. Жоспар былай: Дима, Сергей,үшеуіміз операцияға кірісеміз де, Валера шухерде тұрады. Жұмысты өте сақ, шапшаң және шусыз жасаймыз!
Жауапты кезеңде ешкімге сенбей, тек өзі ғана қимылдайтын әдеті бойынша Григорий саудагер әйелдің үй ауласына таяп келіп тоқтады. Еңселі үйдің көше жақтағы терезелерінің бәрінде шам жарқырап тұр. Яғни, әлі кетпеген.
- «Таң білінбей тұрғанда кетіп жоғалсаңдаршы» деп, соны іштей құдайдан тілеп тұрғанда, үйдің есігі ашылды. Бұл бұтақтарын кең жайған жуан үйеңкі ағашының тасасынан сығалап тұр. Әне, күйеуі шығып, «газель» машинасын дүрілдетіп оталдырды. Темір қақпа айқара ашылып, ерлі-зайыптылар даң-дұң сөйлескен бойы көліктеріне отырып, ауладан ұзай берді.
- «Кислый» кешікті-ау»,- деп алаңдап тұрған жігіттердің жанына мысықтабандап жетіп келген ол асыға тіл қатты.
- Қане, тездете қимылдайық. Таңның ағаруына да көп уақыт қалған жоқ.
Арада шамамен бір сағатқа жетпейтіндей уақыт өткенде, тіркемесіне сықита жүк тиеген трактор Банкиндер ауласынан жәйлап шығып, қаланың батыс жағын бетке алып жүріп кетті.
...Алматының ат шаптырым базарында күні бойы тауар таңдап, оны машинаға басу қайдан оңай болсын. Діңкелеп шаршаған ерлі-зайыптылар Үштөбеге кіргенде уақыт түнгі он екіге жақындап қалған еді. Бірақ, қанша шаршаса да көңілдері тоқ. Алған тауарларының бағалары да ойдағыдай, сапасы да жақсы. Тапсырыс берген саудагерлердің де дүниелерін көздеген бағаға алды.
- Ертеңгі жексенбілік жәрмеңкеде, құдай бұйырса, жақсы табыс түсірерміз,- деп наздана күлген Наташа қақпаны ашып, жүк толы машина ауыр қозғалып аулаға енді.
Дәлізден ішке енген әйелінің: «Ой, горе!» деп, ышқына айқайлаған дауысын естіген күйеуі не болғанын түсінбей, үйге жүгіре кірді.
Масқара! Үйдің іші жау шапқандай – ойран топыр. Бейберекет шашылып жатқан дүниелер. Қаңқиған мебельдердің суырмалары жерде жатыр. Қойма ретінде пайдаланып жүрген балалар бөлмесіндегі саудаға шығаратын тауарлар жым-жылас, жылан жалағандай. Жатын бөлмеге кіріп кеткен Наташаның үрейлі дауысы шықты:
- Алтын-күміс, бриллианттар да, хрусталь ыдыстар да жоқ. Құдай-ау, асыл киімдерімізден де дым қалдырмапты. Хайуандар!- деп, өкіре жылаған әйел жүрегін ұстаған күйі талықсып, құлап бара жатты...
Сметаниндердің «серіліктері».
«Бір биеден ала да туады, құла да туады»,- деген қазақтың аталы сөзі рас-ау, осы. «Қабы да бір, сабы да бір» Сергей мен Валера екеуінің мінез-құлқы да, жүріс-тұрысы да, тұрқы мен болмыс бітімі де екі түрлі. Жиырма төртке биыл сәуірде толған Сергей аласа бойлы, толықша келген жалпақ бет. Өзі артық сөзге жоқ, томаға-тұйық. Одан төрт жас кіші Валера арықтықтан, ұзын бойы сырықтай сидыйып, көзге қораш көрінеді. Бірақ, сөзі де ширақ, қимылы да ылдым-жылдым. Жылпостығы сондай, өзіне керек адамның ыңғайына сөзімен де, ісімен де тез икемделе қояды. Оның қалада танымайтыны да, білмейтіні де жоқ. «Білмейтіні» болғанда, дұрыс жүріп, дұрыс тұратындарды емес, ұрлық-қарлыққа, бұзақылық пен сұйық жүріске әуес адамдардан білмейтіні жоқ. Өзі сотталып көрмегенімен, дос-жарандарының бәрі, үлкені бар, кішісі бар, түгелдей істі болып, түрме ботқасының дәмін татып көргендер. Солардың айтуымен, тергеу орындары, түрме мен зоналардың, онда отырғандардың тыныс-тіршілігімен етене таныс. Қылмыс Кодексінің баптарын жатқа соғады. Қылмыстың қай түрі қандай баппен сараланып, қай тармағына қандай мерзім беруі мүмкін екендігіне шейін жіліктеп, жаңғақша шағады. Қай жердегі колония қандай режимде екендігін, ондағы «пахандардың» кім және қай аймақтардың тумасы екендігін көзбен көргендей тақылдап кеп бергенде, тыңдаушы: «мынау жап-жас басымен сол жерлерде болып үлгерген бе?»,- деп таңданып, қайран қалар еді. Осындай, қылмыскерлер өміріне болмысының жақындығынан болар, ағасы Кислицынға да еркін. Зоналарда бас болмаса да, Григорийдің дәрежесін өсіріп, «пахан» деп көпшік қоя сөйлейтіні бар. Өйткені, ағасының өзін солай атағанын теріс көрмей, көңіліне майдай жағатынын қу бала біліп алған. Өзіне үйіріліп, «ләппайлап» тұрғандықтан, «кислый» да мұны,тым еркінсіп бара жатса, «так-такпен» тиісті орнына қойып отырғаны болмаса, жақын тартып, жақсы көреді.
Ағайынды Сметаниндердің екеуі де оқуға құлықты болмай, мектепте екі мен үштен жоғары баға алып көрген емес. Баяғы Кеңес заманындағыдай, күзгі сынға қалдыру, келесі сыныпқа көшірмей қою тәртібі жоқ. Сабағын білсе де, білмесе де, мұғалім оқушысын шылбырдағы тайдай жетектеп, тоқсан соңында «үш» деген бағасын қояды да, келесі сыныпқа көшіреді. Көшірмей қайтсын, «мектептің көрсеткішін төмендетіп, аудан атына кір келтірдің» деген айып тағылып, мұғалімнің өзі көзге шыққан сүйелдей болып қалатынын жақсы біледі.
Негізі жуас Сергей тоғызыншы сыныптан кейін әкесіне:
- Мен бәрібір институтта оқитындар қатарынан емеспін. Сондықтан, өзіміздің училищеге түссем деген ойым бар – деп, рұқсат сұраған.
- Оның да дұрыс шығар, ұлым.
Әкесінің ақылымен, «газ-электрмен дәнекерлеуші» мамандығын таңдаған Сергей пән сабақтарына ынтасы болмағанымен, оқып жатқан кәсібіне мықты. Әсіресе, тәжірибе жұмысында мастердің айтқан, көрсеткенін қағып алып, тұп-тұйнақтай етіп орындайды. Үш жыл оқып, кәсіби мамандықпен қоса, кәмелеттік аттестатын алып шыққан Сергейге әкесі біреулерден дәнекер аппаратын сатып әперді. Қасына бауырын серік етіп көріп еді, қылжаққа басқан оның ешқандай да көмекші бола алмайтындығына көзі жетіп, бөтен бір жігітті жанына алды. Оқуға қабілетсіз болғанымен, істі жанын салып істейтін Сергей елдің тапсырыстары бойынша монша пештерін, дарбаза қақпаларын, төселе келе, тіпті үйдің жылу жүйелерін жасай алатын дәрежеге жетті. Ел де қай маманның нағыз кәсіби шебер, қайсының «халтура» екендігін біледі емес пе, тапсырыс көбейіп, соның арқасында табыс та молайды.
Ұлының әрі қарай оқып, береке таптырмайтындығына көзі жеткен әкесі Валераны да тоғызыншы сыныптан кейін Үштөбедегі кәсіптік-техникалық училищеге берді. Үміттеніп бергенін қайтейін, сенім артқан баласы сабаққа екі күн барса, үш күн бармай, директор әкесін неше рет кеңсеге шақыртты. Баласы аңертеңгі асын қаза қылдырмай ішіп алып, екі-үш дәптерін қойнына тығып үйден шығады. «Сабаққа кеттім» деп қарасын батыратын оның училищеге бармай, көше таптап, қаңғып-қаңғып, ас ішетін мезгілде қайтып келіп жүргенін ата-ана қайдан білсін. Валерасын училище басшылары ноқталаған бұзаудай сүйрей берсін бе, ақыры оқудан шығарып жіберді.
... Он тоғыздан асып, жиырма жасқа аяқ басқан үлкен ұл Сергей жаздың бір жаймашуақ күні әп-әдемі монтиған, жалбыршаш сары қызды жетелеп әкеліпті.
- Әке, мен үйленемін – деп, жерге қарап, қызарақтап тұр.
- «Үйленемін» дейсің, ал өзің үйленіп те алыпсың! – Анасы-ау, Сметаниндер жанұясына тағы бір адам қосылып жатқанда, сен қайда жүрсің?- деп, қуанышты жүзбен, бақша жаққа қарай айқай салды.
- Өй бұзық, келін әкелемін деп алдын-ала айтпаушы ма еді? – Қуаныштан қаңғалақ қағып, асыға жеткен анасы келіннің маңдайынан өбіп жатыр.
Атың кім, айналайын?
Менің есімім Лена.
- Масқара, мен есім шығып, қызымды сүюді де ұмытып кетіппін-ғой,- деген Алексей де келіннің екі бетінен кезек өпті.
Қазақ сияқты емес, орыс ағайындардың үйленуі, құда-жекжат болу шаралары жеңіл емес пе?! Сол күннің кешінде-ақ Алексей бәйбішесін, қарындасы Антонина мен кіші ұлы Валераны ертіп, құда-құдағиының үйіне жетіп барды. Жаңа құдалар аталарынан қалған «ұлттық асы» – арақтарын сіміре ішіп, таң атқанша әндетіп, биледі. Қазақтың қоржын тігіп, ат жетектеп, бір қауым адам апаратын, бас-басына киіт кигізетін салтындай ма, құдасына костюм-шалбар, құдағиға көйлек, екі-үш шиша арақ пен бір қорап кәмпит апарғанның өзіне олар дән риза. Құшақтаса төс қағыстырып, қайта-қайта сүйіскен екі жақ та мәз-мейрам.
... Келіннің құрсағы құт болып, үш жылда бір қыз, бір ұл туып берді. Лена сөйтіп, өзінің де мәртебесін өсіріп, күйеуі мен ата-енесін де зор қуанышқа бөлеген.
Сотталып, отырып келген сайын осында тұрақтайтын жиені Григорийді, оған білдірмегенімен, отағасы Алексей іштей жақтырмайды-ақ. Алайда, өз қолын өзі кессін бе? Қарындасы Аня болса жер қойнында. Зонадан зона қоймай адақтаудан қолы босамай жүрген жиені үйіне қарап, сылап, жөндеуге уақытты қайдан тапсын, өзі әперген там баяғыда тип-типыл болған. Басқа барар жер, басар тауы жоқ. Саусағын қимылдатпастан шалқасынан түсіп, тек барын ішіп-жеп жатқанына қиналмайды-ау. Қаны сұйық Григорийдің кесірі, бір жағдайда, Сергей мен Валераға тиіп кете ме деп қорқады. «Сережам, жарайды, әйтеуір үйлі-баранды. Оның үстіне жуас, қақ соқпен ісі жоқ» деп бір қояды да, екінші оймен: «сол жуас, ерік-жігерінің төмендеу қасиетін пайдаланып, бірдеңеге ұрындырып жүре ме» деп қауіптенеді. Бірақ, көңіліне келіп қалар деп, бұл ойын Сергейге айтқан емес. Ал, көбелекше ұшып-қонған, табанының бүрі жоқ Валерасынан сезіктеніп, бәйбішесі екеуі оны жеке әңгімеге тартып көрген.
- Ұлым, осы сенің күдікті жүрістерің көбейіп кеткен сияқты. Байқаймын, Гриша ағаңмен де ым-жымың бір. Ол екеуіңнің жолдарың екі бөлек екенін ешқашан жадыңнан шығарма,- деп сөз бастаған әкесінің бетіне Валера жақтырмай, алара қарады.
- Мен кішкентай бала емеспін. Білемін өлер жерімді.
- Түнде көп жортасың. Көп жортқан түлкі құйрығынан айрылатынын білесің-ғой...,- деп келе жатқан анасының сөзін бөліп жіберді:
- Ер-азаматтардың сөзіне араласпа, мама! – Баласы сөздің соңын күтпестен, тарс-тұрс басып үйден шығып кетті.
...Валераның туған күнінің құрметіне кеше ақаңды суша сілтеп, содан бүгін бастары әңкі-тәңкі болып сынып отырған үшеудің алдында басталған бір жарты арақ.
- Бүгін Маяковскийдің поэзиясын жетілдіруге барамыз.
- Что-то не врубаюсь,- деген Сергей жартылай құйылған стақандағы арағын қылқылдата жұтып, стол үстіндегі қорабы ашылған темекіге қол соза берді.
- «Пахан», не темни, раскрой карту. – Валера ыдысындағы көз жасындай мөлдір сұйықты аузына ашырқанбай төңкере салды. Серіктестерінің соңын ала өзіне тиесілі стақандағы арағын басын артқа шалқайтқан күйі көмекейіне құйып жіберіп, стол үстіндегі төрт-бес тал қиярдың бірін құшырлата шайнаған Григорий де темекі қорабын қолына алды.
- Үштөбедегі Маяковский көшесін білесіңдер-ғой.
- Әрине. Біз білмейтін көше бар ма еді?
- Сол көшеде орын тепкен «Агрокомплект» атты кәсіпорын да ойларыңда болар?
- Әлбетте. Ана жылы сол мекеме бастығының басын жарып, төртінші «ходкаға» кеткенің де қазірге шейін көз алдымда – деп, кезек сөйлеген екі бауыры Григорийдің аузына кіріп кетердей, таңдана қарап қалған.
- Білсеңдер, бүгін кешке сол шараганы тазалаймыз.
- Жақсы нәрселері бар ма екен?- деп тықақтай сұраған Валераның бетіне Кислицын жақтырмай қарады.
- Сөзді бөле берме. Несі бар, несі жоғын шотқа салып отыратын ревизор емеспін. Төрт күннен бері сол маңда барлау жұмысын жүргіздім. Екі күзетшінің екеуі де түнгі он екі, бірден кейін, күзеттерін құдайға тапсырып, қатындарының қойнында қорылдайды. Базар жасап, көп адам топырлатудың қажеті жоқ, осы үшеуміз жетеміз.
... Шлактан құйылған биік дуалдан аула ішіне ырғып-ырғып түскен үшеу анадай жердегі қойма ғимаратының алдына барып тоқтады.
- Қане, батыр. Өнеріңді көрсет,- деген Григорий түнгі жорыққа шыққан кезде өмірі қолынан тастамайтын жарты құлаш шеге суырғышын Валераға ұсына берді. Ылдым-жылдым бауыры бір ырғағанда ашыла қоймаған құлыпты екінші жұлқып қалғанда, онысы аяқ астына топ ете түсті.
- Жарайсың. Дегенмен, бірінші талпыныстан нәтиже шығаруды үйрен.
Қоймадағы олжа ойдағыдай болмай шықты. Ең қомақтысы - алты бума линолеум. Бұның өзі арзанқол, сұранысқа онша ие емес – «лиепайский». Бес бума марля, жеті бума шыт материалы. Төрт алюмин фляга, оның біреуінің ішінде ғана жартылай құйылған күнбағыс майы бар. Тағы бес бума «бумезол» материалдан басқа, екі шәугім, самауырын, ыдыс-аяқ сияқты ұсақ-түйектен басқа іліп алар ештеңе жоқ.
- Бұл жолғы жорығымыз сәтсіз болды-ау, - дей бергені сол еді, Валераның бүйрек тұсына Григорийдің темірдей жұдырығы сарт ете қалды.
- Жағыңа жылан жұмыртқаласын! Ешқашан «сәтсіз» деген сөзді аузыңа алушы болма. Ондай сөзді «жұмыс» кезінде тағы бір қайталайтын болсаң, оны жадыңнан біржолата шығаруды мен өз мойныма аламын.
«Паханның» нұқығанының өзі ұрғанға бергісіз емес пе, Валера ішін басқан күйі, бүкшиіп отыр. Бір сәттен кейін барып, «ух» деп демін әрең алды.
Түскен олжаларын үшеулеп қақпаның сыртына тасып шығарған соң барып таяқ жеген бауыры ағасына жасқана тіл қатты:
Көлікке Сергей екеуміз барайық па, жоқ өзім жалғыз әкелейін бе?
- Мені қасқыр жеп кетпейді. Екеуің де жүре беріңдер.
Григорий дуал түбінде сұлап жатқан жуан бөренеге құйрық басып, қалтасынан темекісін шығарып тұтатты. Құшырлана сорып болып, темекі тұқылын шертіп жібергені сол еді, анадайдан біреудің тапырықтай басып жүрген аяғының дыбысы естілді. «Түн жарымында сандалып жүрген кім болды екен»- деп, ойлаған ол дыбысын білдірмей, дуалдың ішіне ырғып түсті. Екі қақпаның арасындағы сызаттан сығалап тұр. Әлігі адам ешқайда бұрылмастан тура заттар үйіліп тұрған жерге жетіп, ешнәрсе түсінбеген күйі абдырап қалды.
- Не понял,- деп күбірлей, жан-жағына алақтап қарай бергені сол еді, дуалдың арғы жағынан әлдене ыршып шықты. Енді бір сәтте Григорийдің қолының қырымен желкеге соққан соққысынан «ыңқ» еткен дыбыс естілді де, түнгі жүргінші етпеттей құлады.
Ағайынды екеу есек арбамен тепеңдеп жетіп, дуал түбіне тоқтағанда, үйілген олжаларының қасында жатқан адамның сұлабасына көздері түсті.
- Ой кто это, живой он?
- Еще как живой. Я его всего на пол часа отключил.
Шынында да, Григорий соғудың неше түрлі тәсілін біледі. Елеусіз ғана келе жатып, қатарласа берген адамды шынтақпен талма тұстан түйіп қалып, бүк түсіріп, түк болмағандай әрі қарай жүре беру, қолдың қырымен кеңірдектен немесе, желкеден тартып жіберіп, естен тандыру, тас төбеден жұдырықпен салып қалып, сұлатып түсіру бала кездегі көше төбелестерінен дағдыланған әдістері. Тіпті, қандай мөлшердегі күшпен соққанда құрбанының қанша уақыттан кейін есін жинай алатындығына шейін біледі. Өлтіру керек болса, талма жерден бір періп, жауының жанын жаһанамға жібере салу да оған түк емес.
Арада он - он бес минут өткенде, олжасын тиеп, «барымен базар болған» арба Сметаниндердің ауласына сықырлай кіріп бара жатты.
Түнде жортқан тонаушылар.
Қылмысты іздестіру бөлімінің инспекторы, полиция майоры Ержан Нұрахметов аудандық ішкі істер бөліміндегі өзінің жұмыс бөлмесінде түнгі сағат екіге шейін жұмыс жасап, үйіне жарым түнде оралды. Суып қалған тамағын жылытуға да мұршасы келмей, апыл-құпыл бір-жар асады да, тәтті ұйқы құшағында жатқан әйелін оятып алмас үшін, диванға киімшең құлай кетті. Қатты шаршағандығы сонша, арада он минут өтті ме жоқ па, үйді басына көтерген қорылға басты. Таң алдында кенжесі – ерке қызының қыңқылынан оянып, оны дәретке апарып, қайта әкеліп жатқызған әйелінің жүріс-тұрысын да сезген жоқ.
Алыптың ұйқысындай ұйқыдан оны телефонның «шыр-р» еткен ащы даусы оятып жіберді. «Тағы бірдеңе болды-ау, таң атпай мазалағандарына қарағанда».
Майор Нұрахметов тыңдап тұр.
Ержан, тағы да тонау. Аудандық ЗАГС мекемесі тоналыпты.
Жақсы, қазір жетем.
- Таңның атуына бір сағат қана қалды. Таңертен бірақ бармайсың ба? – деген әйелі Сәулеге жақтырмай қарады.
- Таң атқанша ұрының ізі де суып үлгереді. Жатып ұйықтай берсеңші, саған да ерте тұру керек-қой.
«Бұған да кінә жоқ. Көрген күніміз осы. Бірге қолтықтасып, ағайын-туғандарға, шақырған достардың үйлеріне қонаққа бармағалы не заман. Қайтсін енді, ел құсап қыдырып, үйге кісі шақырып, әйел емес пе, бір мезгіл көңіл көтеруді қалайды-ғой. Оның үстіне, мұғалімдік қызметінің тауқыметін айтсаңшы. Қазіргі балалар бұрынғы біз бе? Оларға дауыс көтеріп ұрсуға болмайды. Сабағын білмей, үлгерімі нашар болса - мұғалім кінәлі. Көшеде бірдеңе бүлдірсе де мұғалім жауапты. Осы күнгі ата-аналар да қызық. Балалары жиырма төрт сағаттың алты сағатын ғана мектепте өткізеді. Бірақ, оқушының бар қылығына ұстаз жауап беруі керек деген түсінік қалыптасқан. Сондай қиындықтарды басынан өткеріп, жүйке тоздырар уақытының бәрін мектепке сарп еткізгенімен, сол тауқыметті қызметін басқа жұмысқа айырбастау ойына да келмейтінін қайтерсің! Нағыз патриоттың өзі».
Шынында, түнеу жылдары ішкі істер бөліміндегі паспорт столының инспекторы лауазымы босап: «Сәулеш, осы қызметке ауыссаң қайтеді. Мен басшыларыммен сөйлесіп көрейін» деген болатын әйеліне жаны ашып.
- Үйбай-ау, балалардың у-шуынсыз, мектептің ауасын жұтпай қалай өмір сүрем? Қойшы, үйренген қызметімді атқара берейін. Оның үстіне «Қазақстанға еңбек сіңірген мұғалім» атағын беріп, азды-көпті еңбегімді бағалап отырғанда, кетіп қалғаным сатқындық болып шықпай ма?- деп, қызметіне шаң жуытпаған. Ондай қасиетін білетін құрбылары: Ой, біздің Сәуле жексенбі күні де мектепке келіп, ауасын бір жұтып кетеді. Өйтпесе - ұйықтай алмайды,- дейтін әзілдеп.
Кеше кешкіге бірге істейтін әріптесі: «майор» шенімді жуамын» деген сылтаумен үйіне қонаққа шақырған болатын. Әйелі екеуі жиналып, ерке қыздарын жетелеген күйі үйден шыға бергені сол еді, баяғы қызыл телефон бірдеңе шағып алғандай, шар ете қалды.
- Көтерме телефонды. Біз үйде жоқпыз,- деген Сәуленің сөзін тыңдамай, Ержан үйге жүгіре кіріп, тезірек телефонның тұтқасын алды.
- Тағы да төтенше жағдай. Мал ұрлығы. Мен сендерді жеткізіп салайын. Жылдам босасам, арттарыңнан барам-ғой. – Майор өзін кінәлі санап, қипақтап тұр.
- Жарайды, қиналмай-ақ қой. Сен зейнетке шыққан соң, демалмағанымыздың есесін әбден толтырармыз - деп, ашуланған әйелі үйге көңілсіз, сылбыр басып кіріп кетті.
Өзімен өзі қалған соң ашуы басылып, сабасына түскен Сәуле ой құшағына орана берді.
Қайтсін-ай, енді. Қатардағы сақшылықтан ішкі істер бөлімінде жауапты кезекші, тергеуші, аға тергеуші, ОБХС бөлімінің бастығы сатыларынан өтті. Кіші лейтенант шенінен бастап, аға лейтенантқа жеткенде, Республика көлеміндегі атышулы қылмысты ашқаны үшін, Министрдің арнайы бұйрығымен капитандықты аттап, бірден майор шенін алды. Жүктелген істі ашпайынша, немесе, берілген әлдебір тапсырманы орындамайынша өзіне де, өзгеге де тыным бермей, күні-түні шапқылаудан жазбайтын еріне жаны ашиды. Тіреп тұрған, жоғарыдан сүйеу болар ешкімі жоқ. Осының бәріне таза еңбегі, өз күші арқылы жетті. Тіпті, біреудің ала жібін аттамайтын шыншылдығы үшін, кейбір бақай есепті басшыларға жақпай, өзіне жау жиған кездерді де бастан өткерді. «Аққа құдай жақ» деп, атақ-абыройын жоғалтпай, қызметін адал атқарып жүрген құдай қосқан қосағына, кейде осылай артық кетіп, бұртаңдап қалатыны бар. «Барлық әйел затына тән әлсіздік-қой бұл» сынды ақтаумен өзін-өзі жұбатып та қояды. Жеме жемге келгенде өз айыбын мойындап, «онсыз да шаршап жүрген сүйіктімді: «күндіз-түні үй қарасын көрмейсің» деп, оны жазықсыз кінәлағаным дұрыс емес деген қорытындыға келіп тоқталады.
...Қаратал аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Асхад Жұлынов қылмысты іздестіру бөлімінің инспекторларын, криминалист пен учаскелік инспекторларды жинап, жедел кеңес өткізіп отырғанына екі сағаттан асып кетті.
Криминалдық жағдайларды әр офицер өзіне жүктелген тапсырма бойынша баяндап, бәрін тыңдап болған соң:
- Бұл қалай, жігіттер? Екі күннің бірінде кісі тонау. Күнара қарақшылық шабуыл. Күн сайын үй үптеп кету. Мал ұрлығы – ол өршіп тұр. Кейінгі күндері жасалған сол қылмыстардың бір де біреуі ашылған жоқ,- деген Жұлынов әріптестерінің бетіне бажайлай қарады.
- Ержан, бөлім бастығы ретінде сен не айтасың?
- Жігіттерім күн-түн демей шапқылап жүр. Қылмыс болған жерден із кесу, заттардағы саусақ таңбаларын түсіру, тұрғындармен сөйлесіп, бұрын сотталғандардың тамырын басып көру сияқты жедел іздестіру жұмыстарын жүргізудеміз.
- Нәтиже қайда? Нәтиже түгіл, қолдарыңда бір ілік жоқ. Тіпті, кеше бір түнде үш бірдей қылмыстық оқиға орын алды. Масқара болдық. Көшеге шығып, елдің бетіне қараудың өзі ұят.
- Табамыз,подполковник мырза.Түн қанша қараңғы болса да, таңның атпасына күн қоймайды. Табамыз, қылмыскерлер тұзақталады,- деген Ержанның сөзінде, өзіне ғана емес, қарамағындағы жігіттеріне деген нық сенім жатыр еді.
- Сенемін сендерге. Іләйім солай болсын! Бәріңіз де боссыздар...
Бүкіл саналы өмірін тыныштық сақтау қызметіне арнап келе жатқан ол, қылмыстық топтардың тап осылай еркінсіп, есіргенін, шектен шығып: «ал ендеше, не істейсіңдер» деген басынғандық әрекетін көрмепті. Сұмдық-қой, міне,төрт айға жуықтады – қылмыстық оқиға орын алмаған бірде-бір түн болмапты. Ел іші гу-гу әңгіме. Мұндай жағдайда, болмаған нәрсенің өзін болғандай етіп әсірелеп, көптіріп жіберетін елдің әдеті емес пе: «ойбай, біздің Қаратал ауданына Ресейден атақты банда келіпті. Мына сұмдықтардың бәрін жасап жүрген солар екен. Қарсы келгендердің басын кесіп, бағанаға іліп қоятындықтарын қағазға жазып кетіпті» деген қауесет өршіп тұр. Елдің әсірелейтін де жөні бар. Қылмыс дер кезінде ашылмаса, ондай ертегіге бергісіз көптірме әңгімелердің тарап кететіндігі бұрыннан белгілі. «Пәлен дегеннің алтын сырғасын құлақ етімен қоса жұлып алыпты». «Түген деген келіншек қолындағы сөмкесін бермей, тонаушыға қарсылық көрсеткен екен, үптегені аздай, ағаш арасына апарып зорлағаннан кейін итше тепкілеп ұрыптастапты» деген сөздер ел ішінде желдей есіп тұр. Жігіттер іздемей жатқан жоқ. Шапқылап, аяқтарынан сарсылуда. Алайда, қолда ілік болмағандықтан, еңбектері еш кетіп, білгенін істеген қылмыскерлер бостандықта сайрандап жүр. Міне, осы жағдайлар оның жүйкесіне салмақ түсіріп, түнде ұйқыдан, күндіз каүлкіден айырылды.
...Күндіздің өзінде қоңыр салқын қазан айы, соңына таман толассыз жаңбыр, алай-түлей желмен ұштасып, ауа райы халыққа қолайсыздық туғызып тұр. Бүгінгі, күні бойы сіркіреп жауған жаңбыр, арасында бір-жар рет толастағаны болмаса, түнде де басылмай, жердің миын шығарып жіберді.
«Жаңбыр мен боранда ит пен бала құтырады» деуші еді, түн қараңғысында жортушылардың ішіндегі Алексей Перов – Леха ғана бала. Одан басқаларының бәрі ересектер.
Ой, Алла-ай десеңші, «сынықтан басқаның бәрі жұғады» деген қазақтың сөзі рас болғаны-ау. Өгей болса да, «папа» деп әкесіне балап жүрген Григорийдің жүрген - тұрғанына, боғауыз сөз араластырып, қылмыс әлемінің ортасында айтылатын жаргондарының бәріне Леха қызыға да, қызғана қарайды. Биыл ғана он алты жасқа толған ол, өгей әкесіне еліктей, боқтап, кесек сөйлеуді әдетке айналдыра бастады. Әкесінің жұмсаған «алып кел, шауып кел» шаруаларына жарап, жанында жүргенінің өзі оған, кәдімгідей мақтан. Құрбыластарына: «мені көрдіңдер ме» дегендей, маңғаздана, қоқилана қарайды. Тіпті, әлдебір жорыққа өгей әкесімен бірге «барғанын» болмаса да, болғандай етіп әңгімелеп беретін оған: «Өй, сен қандай бақыттысың» деп достары таңдана қарап, таңдай қағады.
Мұның бәрі Леханың ойдан құрастырған қиялы екенін қайдан білсін, ауыздарының суы құрып тыңдап, «мен де солай болсам-ау»,- деп арман қылады. Жаман нәрсенің жұғысты болуы, міне, қандай!
...Биылғы көктемде отыз алтыға толған Юрий Палкин Григориймен түйдей жасты. Екеуі бір жылдың төлдері. Кислицындар Үштөбе қаласына Ақмоладан көшіп келген тұста мектеп партасында екеуі қатар отырып, бір сыныпта оқыды. Ал деп қол алысып, танысқаннан-ақ бір-біріне жақындасып, дос болып кетті. Дос болатын да жөні бар. Екеуінің ұсақ-түйек ұрлыққа, төбелес, дау-дамайға жақын қасиеттері ортақ. Қай жерде төбелес, жанжал шықса, сол топта міндетті түрде Юра мен Гриша бар болып шығады. Керек жерінде беттері бүлк етпей, өтірікті соғып жіберіп алдап, сытылып кету олардың үйреншікті әдеттері. Бір таңқаларлығы, әлдебір келеңсіздікке ұшырай қалғанда, екеуі не айтуды алдын ала келісіп алса да, келісіп үлгермесе де, бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, сөздері бір жерден шығып отыратын ерекшеліктеріне еріксіз таңданасыз. Мектеп қабырғасының өзінде-ақ екеуі апта сайын директордың алдына барып, милицияның кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі бөлімшесінде есепте тұрды. Мектеп басшылары олардан құтылғанша асық болып, сегізінші сыныпты «ойдағыдай» бітіргендіктері жөніндегі куәлігін қолдарына ұстатып, қос пәлекеттің кеткеніне қуанған-ды.
«Дәннің барар жері диірмен» деп, алғашқы ұрлықтарын бірге жасап, сот алдында мүләйімсіп тұрған олар кәмелетке толмағандықтарынан ғана шартты жазаға кесілді. Алған бұл шартты жазалары қылмыскерлер әлеміне салынған даңғыл жолдары екен. Одан кейінгі өмірлері тергеу, сот, этап, түрме, зона болып, диірмен дөңгелегіндей айналып жүре берді.
Ағасы Юрийдің жүгенсіздік іс-әрекетін, теріс үлгі-өнегесін көріп өскен Женя да «алмағаштан алыс түспеді». Ағасының айнымаған көшірмесі болды да шықты.
... Үштөбе қаласының Абылай хан көшесі бойындағы аудандық ЗАГС мекемесінің жанына жымысқыланып, үнсіз келген топтан Григорий жекеленіп шыға бере:
- Сендер әзірше осы ағаш арасындағы қалтарыс жерде жасырына тұрыңдар. Әрі-бері өткен машинадағылардың көзіне түсіп қалудан сақ болыңдар!- деді, сыбырлап айтса да, әмірлі дауыспен. – Ал сен, Женя, тез арада арбаны жеткіз. Бірақ, келгеніңде әрі таман, мектептің спорт алаңына барып тоқта. Арба сырт көзге көрінбейтін болсын.
Мекеме есігін жеделдете, төпелей ұрған Григорийдің даңғырын қатты ұйқы құшағында жатқан күзетші ал дегенде ести қоймады. «Твою мать» деп іштей бір сыбап алған ол қайта тарсылдатқанда, арғы жақтан тапырлай жүрген аяқ дыбысы шықты.
Иду, иду! Кого это среди ночи черти носят?
Жена в тяжелом состояний. Надо в «скорую» позвонить.
Есік жәйімен ашыла бергені сол еді, Кислицынның жуан жұдырығы күзетшінің басына сарт ете қалды. Қапелімде не болғанын ойлап та үлгермеген байғұс, тікесінен тік тұрған қалпы жерге сылқ етіп құлап түсті. Белгі берілісімен сау етіп кірген Юра мен Леха ес-түссіз жатқан күзетшіні есік көзінен әрі сүйрелеп әкетіп, қосалқы бөлмеге қамап тастады. Есігін сырттан екі бірдей столмен тіреп қойған олар ғимараттың ішін астан-кестеңін шығара тіміскілеп, емін-еркін шарлап жүр. Құдды бір, тексеріске келіп, санақ жүргізген комиссия дерсің!
«ЗАГС операциясы» бұлардың бүгінгі жүргізген үшінші жорығы-тын. Осыдан бар-жоғы екі сағат бұрын ойламаған жерден әжептәуір олжаға кенелді. «Жүргенге жөргем ілінеді» деген осы да!
Алдыңғы екі операция былай болған еді.
- Қой, іш пысып кетті. Көшеге шығып, елдің тұрмыс жағдайын тексеріп келейік,- деген Григорийдің сөзіне серіктестері қуанып, құптай келіскен.
- Пахан, қай бағытты бетке аламыз - деп, қарсы сұрақ қойған Женяның сөзін Кислицын жақтырмай қалды.
- Сен-ақ осы тықықтап тұрады екенсің. Менің соңымнан ерсеңдер өлмейтіндеріңді білесіңдер-ғой.
Төртеуі «күн көсем» - Ленин көшесі бойымен, орталықты бетке алғанда, сағат тілі түнгі оннан енді ғана асып бара жатқан. Жердің лайсаңдығы аздай, әлігінде ғана толастаған жаңбыр қайта сіркірей бастады. Топ мүшелерінің бәрі жағаларын көтеріп алған. Иықтарын құныстырып, «мынандай ауа райында жемтік қолға түсе қояр дейсің бе»- деп, көңілсіз, баяу жылжып келе жатыр. «Кислыйдан» басқасына салсаң, тап бүгін жорыққа шықпай, үйде бұйығып жатуға бар.
Түн қараңғысынан әлденені абыр-дабыр қызу талқылаған дауыс естілді де, алдыларындағы Шевченко көшесі бойымен, батыс жаққа бет алған екі қараны көздері шалды. Дауыстарына қарағанда әйелдер. Бірін-бірі тыңдамай, дабырласа сөйлескендерінен білініп тұр – ішіп алған.
- Іздегенге сұраған. Өздері жолды кесті, осыларды торға түсіреміз. Юра, Леха, сендер екі қатынның оң жағындағысын жәркөмдейсіңдер. Жека екеуміз сол жақтағыны тазалаймыз. – Бұл Григорийдің бұлжымай орындалуы тиіс бұйрығы.
Өз қызықтары өздерінде болып, әңгіме тиегін ағытып келе жатқан Лена мен Оксана шынында да қызу еді. Ленаның қайын сіңлісінің туған күнін атап, ақаңнан біраз сілтеген қос құрбы мас болмағанымен, біраз жерге барып қалған-ды. Содан-ғой, біріне-бірі сөз бермей, даурығысып келе жатқандары.
- Қане, үндеріңді шығармаңдар! - Әмірлі дауыспен бірге, екеуінің де кеңірдектеріне сұп-суық болып тиген пышақтан естері шыға қорыққан әйелдерді қарақшылар жол шетіндегі қалың ағаш ішіне қолтықтаған күйі сүйрелей жөнелді.
- Бәрін алыңдар. Бірақ, өлтіре көрмеңдерші. Жалынамын,-деген Лена құлақтарындағы алтын сырғаларын өзі ағыта бастады.
- Ия, балаларымыз бар, аяушылық жасаңдар. Құдай үшін, бізді ұрып, соқпаңдаршы. - Сыңси жыламсыраған Оксана мойынындағы бриллиант алқасы мен құлақтарындағы сырғаларын қоса шешіп берді.
- Саусақтағы темірлерді де шеш!
- Бәрін шешеміз. Қазір, қазір. - Үрейленіп, дір-дір еткен келіншек алтын сақина, білезіктеріне шейін сыпырып, тонаушыларға ұсына берді.
Бағанағы бүкіл көшені бастарына дуылдата көтерткен арақтың қызуынан ештеңе қалмай, сауығып кеткен. Тамақтарына суық пышақ тақалса, сауықпай қайтсын енді. Жан шіркін тәтті ғой, қорыққандарынан қалшылдап тұр.
Енді бір сәтте, үйлерінен тойға емес, «қыз сыны» байқауына қатысуға бара жатқандай, бар алтын, күмістерін тағынып, асыл киімдерін сықита киіп шыққан қос құрбы бойларындағының бәрінен айрылып, сымпиып шыға келді. Ол аз болса, қол сөмкелеріндегі азды – көпті ақшаларын жылан жалағандай етіп тазалап, соқыр тиын қалдырмай қағып кетті. Тіпті әтір, сүрме, ерін бояуы сияқты косметика заттарын да сыпырып алды. «Бастан құлақ садақа» деп, жандарының қалғанына қуанған қос құрбы ағаш арасынан тезірек сытылып, жылыстап кете барды.
...Азан шақырып қойған есімі Дайрабай болғанымен, бала кезден қысқартып, Дайыр аталып кеткен азаматтың бүгін шала байыған күні. Таңертең, бозала таңнан тұрып базарға бұзаулы сиырын саудалауға шығарған болатын. Жаз бойы жайылымда өз аяқтарымен жайылып, кәдімгідей-ақ семірген зеңгі баба ұрпақтары домаланып, ойнақтап тұр. Күні ертең бастарына бас қосылып, көбеюге тиісті екі бірдей ұрғашы малды сатпаса да болар еді. Бірақ, қыста жем-шөп жетпей, қиналатынын ойлаған ол, малдарының қоңдылығынан айырылмай тұрғанда сатып құтылуды жөн көрді. Оның үстіне биыл, биыл ғана емес-ау, нарық қатынасы орнағалы ұры-қары да көп болып тұр. Былтыр-ғой, көрші Бәкірдің соғымға деп күз бойы байлап, семіздіктен іркілдеп тұрған ту биесінің қолды болғаны. Обал-ай, қаладағы балалардың жұмыстан босап келуін күтіп, ертең – жексенбі күні соямыз деп отырғанда, түн қараңғысын жамылған екі аяқты қорқаулар қуып кетіпті. Қораның құлыбын бұзып, айдап әкеткендерінде, әншейінде ауыз жаппайтын, «қабаған» деп мақтайтын овчарка итінің «әу» деп үрмегенін қайтерсің! Қолдан не келсін, таңертеңінде «ойбайлады» да қалды. Өтініш жазып апарған полициядағылар: «іздеп жатырмыз, ұры табылғанда хабарлаймыз» деуден жазбады. Неше барып, аяқтарын тоздырғанымен, еш нәтиже шықпайтындығына көзі жеткен Бәкір, ақыры малдарынан күдерін үзіп тынған.
Міне, бір жағынан адал малының сол ұры – қарыларға қолды болуынан да қорыққан Дайыр бұзаулы сиырын базарға шығарып, саудалаған.Сәтін салып тез өтіп кетті.
Екі бөліп, костюмінің ішкі қалталарына сықырлата салып алған едәуір қомақы ақша бойын, кәдімгідей қыздырып бара ма, қалай өзі... Обалы не, қос бірдей малына алушы жақсы баға берді. «Қой, мынандай қомақы ақша қолға күнде түсе бермес. Базарлық ретінде қант-шәй, кәмпит-сәмпит апарып, бала-шағаны бір қуантайын»,- деген ол бірден орталықтағы дүкенге тартты. Саудасын аяқтап, дүкеншімен есептесіп болғаны сол еді:
- Ой, бәрекелді! Біздің Дәкең қашаннан бері сауда жасап, қант-шәй алатын дәрежеге жеткен? – деген таныс дауыс естілді. Артына бұрылып қараған ол баяғы Кеңес заманында көп жылдар өзімен бірге сүт фермасында бақташы болып істеген Зайырды көрді.
- Өй, сен қайдан жүрсің? Хал қалай? Бала-шаға аман ба? Қазір қайда тұрып жатырсыңдар? – деп бастырмалатқан Дайырға ескі досы: «шүкір-шүкір» дегеннен басқа жарытымды жауап та беріп үлгермеді.
- Қой, Зайыр дос. Екеуміздің мына тар жерде жөн сұрасқанымыз жараспас. Менің бүгін өзі шала байып, қатты қуанып тұрған жәйім бар. Бір жарты алып, мына вокзалдағы асханаға барып, тамақтанайық. Өткен, кеткенді еске алып, бір жасап қалайық.
- Мақұл. Шынында да біз көріспегелі, әңгімелеспегелі не заман.
... Бір жартылықты тауысып, екінші шөлмекке ауыз салған құрдастар әңгіме қызығына беріліп, жан-жағындағыларға назар аударар емес. Әй, қорқақты батыр, үндеместі шешен ететін ақаңның құдіреті-ай! Кім келіп, кім кетіп жатқанында шаруа жоқ. Өздері мен өздері естелік әлеміне еніп, әңгіме қызығына беріліп кеткен.
- Есіңде ме, Зайыр, екеуміздің достығымызды көре алмайтындар, біз туралы неше түрлі қауесет айтып, өсектеуші еді-ғой. Әлдебір тығыз шаруамыз бола қалған жағдайда, біріміздің орнымызға екіншіміз екі, тіпті үш ауысым бойы істеп, есептесіп, санаспай-ақ жұмысымызды адал атқарып жүре беруші едік.
- Ия, қазір-ғой, әлдебір болымсыз дүние, немесе тиын-тебен үшін анасы баласымен, қайын атасы келінімен соттасып, оттасып жататындары. Ондай дүниеқоңыздық пен жаны ашымастық бұрындар басқа ұлт өкілдері арасында кездесуші еді, ол зауал енді жесірін жылатпаған, жетімін қаңғытпаған қазағымыздың басына да төніпті.
- Жарайды, оны қойшы. Есіңде ме, фермадағылар біз туралы өлең шығарып, суреттерімізбен лабораториядағы тақтаға іліп қойғандары.
- Күні кешегідегідей көз алдымда. Тіпті өлеңіне шейін әлі жадымда:
Мынау тұрған Дайыр мен Зайыр,
Қолдарында күрек пен айыр.
Малдардың асты сары су,
Сендерден қандай қайыр?- деп жазылған болатын.
- Әй, өзіңнің есте сақтау қабілетің әлі жастардікіндей-ғой. Дегенмен, сол заман жақсы еді-ау. Ерінбей еңбек етсең, тиесіліңді шотқа салып, бір тиынын қалдырмай қолыңа санап беретін.
- Ойыңда ма, әр ай сайын, тоқсан сайын ақшалай сыйлық алушы едік - қой.
- Рас айтасың. Ол бір кең заман еді. Дос, енді қашан бас қосып, әңгіме тиегін ағытатынымызды бір құдайым біледі. Бұл кездесуіміз «жетім қыздың тойындай» есте қалсын. Мен тағы бір жарты әкеле қояйын. Жолымыз күнде түйісе бермейді. Дұрыстап бір демалайықшы.
- Дәке, екеумізге ауыр боп кетпей ме? Мен қызыңқырап қалдым.
- Ештеңе етпейді. «Шошқаға да бір күн мейрам»,- деп жауап қатқан Дайыр орнынан қозғалақтап тұра бастады.
Екеуара ашқарынға ішкен үш жарты арақ дегенін істеп тынды. Асханадан қашан, кіммен шыққаны есінде жоқ. Дайыр бір есін жиғанда, қай жер, қай көше екені белгісіз, әйтеуір, жел айдаған қаңбақтай, екі жаққа кезек теңселіп келе жатыр екен...
... - Құдайға шүкір, бірінші операциямыз ойдағыдай өтті. Жұп қылып, осындайдың тағы біреуін қайталап жіберсек - деп, сөйлемесе тұра алмайтын Женя аузын жиып та үлгермеді, анадайда, аяғы жаңа шыққан балаша, қаңғалақ қағып бара жатқан адамның қарасын көзі шалды.
- Сенің тілеуіңді құдай берді, Жека. Осыны жәркөмдейміз. Дайын болыңдар – деген Григорий ұзын сирақтарымен асыға адымдады.
Екі кісі екі жағынан қолтықтап, тал арасына дедектете жөнелгенде, Дайыр олардың кім екенін, қайда апара жатқанын білерлік шамада емес – тін. Әлденелерді айтпақ болып, түсініксіз былдырлай бергені сол еді, Григоридің тап төбеден тиген ауыр соққысынан балшық жерге сылқ етіп құлап түсті.«Шығасыға иесі басшы» деген осы да. Ақшадан да, қолындағы сағат, үстіндегі бір киер костюм – шалбары мен осы күзге қарсы сатып алған жылы күртесінен тып-типыл тоналған Дайыр, сол сыз жерде екі бүктетілген қалпы қала берді.
Осылайша қос аяқты қорқаулардың қылмыстағы үш операциясы да сәтті аяқталған еді.
Барымта
...Табиғи жолмен емес, күш – зорлықпен, жасанды, бақай есеппен жасалған достық алысқа барушы ма еді, «мызғымас, мәңгілік ұлы держава» деп әспеттелген Кеңес Одағы быт-шыты шыға күйреді. Одақтас Республикалардың арасындағы экономикалық байланыстар үзіліп, әр ел өз проблема, қиындықтарымен бетпе - бет қалды.
Жарық жоқ, көпқабатты үйлерде су мен жылу жоқ. Зейнеткерлердің, мүгедектер мен жетім – жесірлердің, балалардың арзымайтын зейнетақы, жәрдемақыларының өзі, тіпті, ілдәлдалап істеп тұрған мектеп, аурухана, халыққа қызмет көрсету сияқты мемлекеттік мекемелерде істейтін қызметшілердің еңбекақылары айлап, жылдап берілмеді. Оны төлейтін бюджет қоржыны қаңырап, бос тұр.
Бұрынғы жоспарлы экономикадан «нарықтық экономика» аталатын жаңа жүйеге көшу қиямет – қайымы басталды. Кеңес кезіндегідей емес, «барлық өндіріс, құрылыс пен шаруашылық нысандарына қожайындық ету құқы қарапайым халыққа тиеді» дегендері бос сөз екен, бәрі әдіра қалды. «Жекешелендіру» деген науқаныңда материалдық құндылықтардың бәрі іс басындағы үлкен-кішілі шенеуніктердің, биліктегілер мен шаруашылықтың тізгінін ұстаған басшылардың, солардың төңірегіндегі пысықайлардың иелігіне көшті. Колхоз, совхоздарда өмірбақи тер төге еңбек етіп, сол байлықтарды өз қолдарымен жасаған қарапайым еңбеккерлердің қолына ескі трактор, оның өзі екі – үш қожайынға біреу, қаусап тұрған мал базы, жүрмей, қаңырап тұрған комбайн мен бір-жар бас мал тиді. «Тиесілі пайыңа» деп, орталықтан алыс, суғаруға қиын жерлерден жер бөліп берді. Берілгенін қайтейін, ол жерді жыртатын техника жоқ, тұқым жоқ, оны сатып алатын ақша жоқ. Мемлекеттік мекемелердегі, басқа да нысандардағы айлап, жылдап еңбекақыларын ала алмаған жұмысшы, қызметкерлер прокуротура мен сот ғимараттарының табалдырығын тоздырып, әйда, «соттасу» науқаны басталды. Несін айтасың, ел жаппай күйзелді. Ішерге ас, тіске басар нан таппай, кілеттеріндегі талайдан бері жиналып қалған кебектен жаппа нан пісіріп, жеп отырғандар бар. Тепсе темір үзетін ер – азаматтар екі қолға бір жұмыс таппай, сандалды. Тілдерін тістеп, аш отырған балаларының қиналғанын көріп, соған қорланған азаматтардың өз-өзіне қол салуы көбейіп кетті. «Пәлен ауылдағы пәлен деген азамат жоқшылық күйігіне шыдамай, асылып қалыпты», «түген деген кісінің жас баласы аштықтан ісініп өліпті» деген суық хабар көбейіп тұр. Мұндай сұмдықты кім естіп, кім көрген? Несін айтасың, ел аман, жұрт тынышта, бұл бір халықтың басына төнген зауал болды.
Күнкөріс көзі – жұмыстың жоқтығынан ауылдағы жастар, ер – азаматтар қалаға ағыла бастады. Күнкөрісі болмаған соң, болашағы да жоқ ауылдағы үйін болмашы тиын – тебенге сатыла бастады. Сата алмағандары «өз үйі - өлең төсегін» бұзып, алушыларға есік – терезе, кірпішіне шейін, бұйырған бағаға саудалап, көбісі Алматыға көшіп жатыр. «Үмітсіз-шайтан» деп, екі қолға бір жұмыс табылар деген үміт – қой, әйтеуір.
Қалада құшақ жайып, қуана қарсы алатын нағашысы күтіп тұр дейсің бе, болымсыз тиын – тебен үшін біреулерге жалданады. Қыруар жұмысын істетіп алып, «жамбас ақыңа мынанша, тамағыңа мынанша ақша ұстадым» деп, қалған болмашы, арзымас пұлын қолыңа беретін құдайдан безгендер көп болып тұр. Жастар жағы, одан қалса, базарға арбакеш болып жалданады. «Дорогу, дорогу! Берегись!» деп, қоларбасына таудай етіп тиеп алған жүгін ышқына итерген, күнге тотығып, еріндері кебірсіген арбакештердің бәрі қазақтар. Жүздері жүдеу, иіндері түсіңкі, ақ тер, көк тер болған қандастарыңды көргенде жаның ашиды-ақ. Бірақ, қолдан келер қайыр бар ма?!
«Жүгін тасуға кім тапсырыс берер екен» деп көрінгенге телмірген арбакештің итшілеп тапқан ақшасы қай бір мандыған дейсің. Не қаладағы жалдап отырған жапырайған лашығының ақысына берерін, не үйдегі екі-үш баланың тамағына қалай жеткізерін білмеген әйелі байқұс әбден қиналып бітеді.
Ой, Алла-ай, десеңші, сонда үйлерінің бір-екі бөлмесін, жазғы асүйлерін жалға берушілердің дені орыс, неміс, кәріс, азербайжан мен ұйғырлар болып келеді. Қарап отырсаң, кейіннен үдере көшіп келгендер ғана емес, бұрыннан, кеңес кезінен үй жалдап тұрып жатқандардың бәрі қаракөз қазақтар. Өз елі, өз жерінде баспанасыз, үйсіз-күйсіз, босып жүрген қазақ сияқты ұлт басқа мемлекеттерде бар ма екен, сірә? Бұл бір ойланатын, сананы сансыратқан жәй болып тұр.
Тапқан-таянғаны не ішер асқа, не киер киімге жетпей, тарыққан кейбір азаматтардың күйректікке бой алдырып, ішкілікке салынып кеткендері бар. Сол жетіспеушілік салдарынан көтерген шаңырақтарының быт-шыты шығып, айырылысып жатқандары қаншама.
Қала, аудан орталықтарындағы көпқабатты үйлер есік, терезе, шатырларынан жұрдай болып тоналып, үңірейіп-үңірейіп бос тұр. Әсіресе, ауылдардағы тип-типыл бұзылып, там орнында үйіліп жатқан жал – жал топырақты көргенде, көңілге біртүрлі, қорқыныш ұялайды. Құдды, моланы көргендей үрейлі әсерде қалады екенсің.
Бүкіл елде жаппай «коммерция» басталды. Коммерция болғанда, тауар шығару, өндірістік, немесе құрылыс бұйымдарын өндіру емес, бір жерден төменірек бағаға көтере сатып алып, үстеме бағамен саудалап, пайда табу.
Әсіресе, ауыл тұрғындарының халі мүшкіл. Қолда бар азды-көпті малдың бәрі сойылып, Талдықорған, Алматының базарларына жол тартты. Басқа бас қосылып, көбейіп отырмаған соң, баяғыдай мал жоқ. Кәдімгідей сиреп қалды. Одан қалғанын, әсіресе, қой малын «бартер» деген қызылкөзің құртып барады. Бір қойыңа, қазақтың ең көп тұтынатын май, қант-шәйіңді, бір қап кеспең мен ауыл қазағы арақсыз отыра ала ма, бір-жар шыны арағыңды қолыңа ұстатады да, «сауда бітті» деп, қарап тұрады. «Мынауың аз» деп айтып көр, пәлеге қаласың.
- Ұнамаса, басқа жерден су тегінге ал. Мен зорлағамын жоқ,- деп шіренеді. Сонымен мысың құриды.
...«Ауылға бизнесмендер келіпті. Қу жанға керектің бәрі бар көрінеді» деген, сымсыз телефон арқылы құлағына жеткен хабар бойынша Есімбек қария: «барып көрейік, не жақсысы бар екен?» деп, ауыл орталығындағы жалғыз дүкенге қарай аяңдады. Бизнесмендерің тепсе - темір үзетін, зіңгіттей-зіңгіттей төрт жігіт екен. Азық-түлік, тауар тиелген машинасынан басқа тіркемелі нән «Камаз» көлігі қаңтарылып тұр. «Қолма-қол ақша болмаса, бартерге мал аламыз» деп, жылмақ қаққан жігіттер тауарларын жайып салып, мақтаумен әлек. Осы кезде әйелі екеуі тулай тыпыршыған семіз ісек қойды жетелеген көршісі Бәкір келді. Бас бермей тұрған асау малынан айырылып қалудан қорықты ма, қойды ал дегеннен жүк машинасына бизнесмендерге тиетіп қойған олар сауда жасауға кірісті.
Қария байқап тұр: әйелі өзіне мөлшермен өлшеп үйге киетін арзандық бір шыт көйлек, күйеуіне бір жұп керзі етік пен жұмыс қолғабын алды.Бір пәшкі шәй, бір келі пешение, екі құмыра сұйық май мен үш жарты ақ арақты дорбаға салып, тағы бірдеңелерді айтпаққа ауыз аша бергені сол еді, саудагер:
- Ақсақал, бір қойға бір машина тауар алмақсыз ба?-деп шап етіп, Бәкірдің бетіне жақтырмай қарады.
- Бауырым-ау, семіз ісек қойым кемінде сегіз мың теңге тұрады. Ең болмаса, мыналарыңа тағы екі жарты арақ қоссаңшы...
- Әй, Бәкір, сол арақты ішпесең ішің кебе ме? Ата сақалың аузыңа түскенше балалармен жарысып арақ ішуіңді қоймадың-ау. Бала түгіл, немереңнің алды жігіт болып қалды. Оларға қандай үлгі көрсетпексің?- деп, жерге бір түкірген Есімбек қолын бір сілтеп, бұрылып кете барды.
Баяғыдан бері көшенің қарсы бетінде тұратын Бәкірдің әйелімен қосыла ішетінін жақсы білетін Есімбек қария құдайы көршілерінің осы қылықтарын жақтырмайды-ақ. Көшеде құлап жатып ішпегенімен, арақ дегенде құлқындары құрып, көмекейі бүлкілдей жөнелетін қасиеттері қай бір жақсы дейсің. «Қой» дейтін әйелінің түрі анау. Күйеуімен біріге ішуге тек сылтау ғана іздеп тұрады. Ешкімді ешкім асырап жатқан жоқ. Бірақ, «көрші қақысы-тәңірі қақысы» - дегендей, ежелден аралас-құралас, ағайын сияқты болып кеткен олардың осы бір оспадарсыз қылығына қалай көз жұма қарасын. «Айтқанның аузы жаман» екенін білсе де, жанашыр жан ретінде кірісіп, айтып тастайтын турашылдығы бар.
...Адам көркі шүперек болса, дала көркі мал екен-ау. Мысалды алыстан іздемей-ақ, өзіміздің Талдықорған мен Үштөбе арасындағы жота, белдерде осыдан екі-үш жыл бұрын жылқы дегенің кісінесе ойнақтап, зеңгі баба ұрпақтары еріне күйсеп, маң-маң басқан түйелері даланың сәнін келтіріп жүрмеуші ма еді?! Қазір сол сүйкімді, жүрекке жылы тиетін көріністің бірі жоқ. Қаңыраған дала ойсырап, жер кәдімгідей-ақ жетімсіреп қалған.
«Адам қырық күннен кейін көрге де үйренеді» деген мәтелді, біреу өліп, қайта тіріліп келіп шығарды дейсің бе? Қазекем осыны адам баласының бәріне көндігетіндігін мысал ретінде айтқанымен, шындығында да, кісі баласы уақыт өте келе қиындықтарға бейімделіп, қарсы әрекетке көшеді екен.
... Қиындық атаулыға қасқая қарсы тұрып, оны еңсерудің үлгісін нарық заманында «нәзік жынысты» деп жүрген қыз-келіншектеріміз көрсетті. Ер-азаматтар абдырап, не істерге білмей, шарасыздық танытқан тұста қыздарымыз белді шарт буып, ерлер беттей алмаған шаруаға ден қойды. Үйлеріндегі барды-жоқтысын жинап, одан қалса пайызы ерен жоғары болса да, банктерден несие алды. Күйеулерін бала-шағамен үйде қалдырып, қытайдың көкала сөмкелерін арқалап, түрік еліне, Қытай мен Ресейге жол тартты. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» - деп, ақын жырлағандай, шын мәнісінде, олар қайран қалдырып, таңдай қақтыратын тіршілікке бет бұрды. «Тауықтың түсіне тары енеді» дегендей, күн-түн демей, әйтеуір, нәпақа табу жолында тыраштанып, бала-шағаның қамы үшін жандарын жалдап, ойға да, қырға да шапты. Әрине, оңай шаруа емес, бірақ қайтсін, «басқа түссе, баспақшыл». Күнкөріс қамы үшін бар қиындыққа көніп, бейімделе білді.
Сақ дәуіріндегі ержүрек Томиристің, найза білеп, ерлермен тізе қоса жауға шапқан Құртқа қыз, Ұлы Отан соғысында ерліктің қос қанатындай болған Әлия мен Мәншүктің, қызыл жұлдызы жарқыраған истребительмен жауға қырандай шүйлігіп, төбелерінен ажал оғын себе ойран салған Хиуаз Доспаева апамыздың ерлік рухы бар екен қыздарымызда. Тәуба! Ер-азаматтарымыздың тәуекел ете алмаған шаруасын еңсеріп, қиындықты жеңе білген қыз-қарындастарымызға арнап, алтыннан ескерткіш орнатсаң да артықтық етпес!
Сауда ғана емес, өндіріс, құрылыс, халыққа қызмет көрсету сияқты бизнес нысандарын ашып, шаруаларын дөңгелентіп, «миллионер» аталған қазақтың қыз-келіншектерін көргенде көңілің қалай шалқымас!
Халық «өз күніңді өзің көр» деп, шіреніп отырған биліктің көмегінен күдер үзіп, қатал да болса, нарықтың жағдайына бейімделе бастады. «Тіршілік жасамасаң, аштан өліп, көштен қаласың» деген қағиданы санасына сіңіруге көшті.Бұрынғыдай дарақыланып, түймедей бір қауныштың сылтауымен, бір қойын алып соғып, сойып тастау әдетінен арылуға бет алды. Бір малын екі етіп, көбейтуге әрекет жасады. Жер – ананың емшегін емген жанның өзегі талмайтынын түсінгендіктен, қарызданып, борыштанып болса да, егін екті. Малдарының жем-шөбіне жоңышқа салып, қызылша өсірді. Төрт-түлік малы төсінде қыбырлай жайылып жүрген иен даланың да әрі кіріп, бойына жан біте бастады.
...Жасы жетпістен аунап бара жатқанымен, бала кезден әр ісіне, шаруасына тыңғылықты болуға дағдыланған Есімбек қария нарыққа тез бейімделді. Жастайынан мұндай қиындықтардың сан атасын көріп өскендіктен, үш ұлы мен екі қызын еңбексүйгіш, әр нәрсенің ығын білетін шаруақор етіп тәрбиелеген еді. Қолдарындағы бар малдарын ұқсатып, бір басын екі ете білуінің нәтижесінде, айналасы бес жылдың ішінде Қаратал ауданындағы белді кәсіпкерлер санатына ілікті. Ел ішінде «Есімбек базы» аталып кеткен баздың айналасы толған мал. Совхоз тараған кездегі тиесілі пайына тиген МТЗ-8О тракторы шаруасына жақсы болды. Шаруашылықтың бар дүниесі ту талақайға түскен кездегі, өзінің ешкімге есе жібермейтін бірбеткейлігі арқасында ғана, басшылармен таласып жүріп біраз суармалы жерді, көлемі әжептәуір жайылым алқабын алып қалғаны мұндай жақсы болар ма?! Бала-шағасымен, немере, жиендерімен жабыла жүріп жаз бойы соя, қызылша мен жуа алқабына қарайды. Сырттан бір адам жалдап көрмепті. Ұрпақтары үпір-шүпір болып, бала емес пе, арасында ойнап-күліп жүріп, суғару, шөптеп - баптау жұмыстарымен айналысады. Мұның өзі, байыбына барып қарасаң, Кеңес Одағы кезіндегі оқушылардың өндірістік оқу-тәжірибе бригадасы іспеттес. Күзде жиын-терім аяқталып, жиналған өнімнің ақшасы қолға тиісімен, немере, жиендерінің жасы кішілеріне велосипед, қыста тебетін шаңғы, кәңкиін, спорт формалары мен жаңа оқу жылына киім-кешек сатып әпереді. Жоғары сыныпта оқитындарының әрқайсында жеке компьютері, музыка орталықтары мен домбыра, баян, ионика сияқты аспаптары бар. Солардың бәрі өздерінің жаз бойғы ерінбеген еңбегінің жемісі. Балалардың керек-жарағына Есімбек қария ақша аяп көрген емес. Балапандарын соңынан ерткен қаздай, Үштөбеңді былай қойып, облыс орталығы - Талдықорғанның дүкендерін аралатып: «Қане, балаларым, өздеріңе керектінің бәрін алыңдар. Жаз бойғы тер төгіп еңбектенген істеріңнің қайырымы бұл» деп, немере, жиендерін арқа-жарқа етіп, шала байытып тастайды. Өйтпесе бола ма, еңбегінің нәтижесі мен өтеуін көрмесе, бала түгіл, үлкеннің әлдебір шаруаға деген қызығушылығы жойылып кетеді емес пе?! Аталарының әділдігі мен мәрттігін жақсы білетін ұрпақтары жаз бойы аңызақ жел мен шыжыған күннің ыстығында ерінбей, жалықпай еңбектеніп, күзде еңбектерінің жемісін көруге асығады.
...Көк мұзда көбік шаша ойнақтап, қарлы бораныңда иесін адастырмай, діттеген жеріне жеткізетін, адамның қанаты іспеттес «жылқы» аталатын сенімді, кірпияз малды асырауды Есімбек қария оу бастан қолға алған. Басқа малдары өз алдына, кісінесіп, тебісе шабысқан жылқыларының саны екі үйірден асып жығылады.
Сол шаруалардың бәріне Есімбек қарт сырттан бір адам шақырмайды. Барлығын өз бала-шағасымен тындырып жүр. Өзінікі, әйтеуір, бас-көз болып, дұрыс бағыт-бағдар беріп отыру.
Күн мен түннің кезек алмасып отыратындығы секілді, қай қоғамда болмасын, қаласаңыз да, қаламасаңыз да, қылмыс сынды келеңсіздік бұрын болған, бола да бермек. Мына, аумалы-төкпелі нарық заманында қылмыс дегенің, тіпті құтырып, түрлене өршіп тұр. Тонау, қарақшылық шабуыл, үптеп кету өз алдына, қазақ бұрындар көрмек түгіл, естімеген - бала ұрлап, қайтару ақысына ақша бопсалау мен «рэкет» деген қызылкөз пәле шықты. «Рэкет»демекші,ауылда тұратын бір апаға көршісі: қаладағы әлігі Қанат балаң қайда істейді ? – деп сұрамай ма.
- Рекет деген бастық қызметінде жұмыс жасайды. Тәуба, табысы мол болып тұр – деп, мақтана жауап қайтарыпты. Қайдан білсін, аңқау апа баласының елді қан қақсатып, тонап жүргенін...
«Кербұлақ ауданына сапарға кеттім» деп, Үштөбеден осыдан үш күн бұрын аттанған Кислицын бүгін түс қайта оралды. Көңілді, күліп келуіне қарағанда, сапары сәтті болған сияқты.
Ұзын саны он бір адамнан тұратын қылмыстық топтың мүшелерін бірін қалдырмай шақыртып алған Григорий сөзді төтесінен қойды:
- Мұжықтар, салт атқа қайсыларың жақсы отыра аласыңдар?
«Әлдебір жорықтың жоспарын талқылайтын шығармыз» деген ойдың жетегіндегілер үшін мына сұрақ тосын көрінді.
- Мен отыра аламын - деген Аслан Дағиев пен Николай Дешин, басшыларының талап ететін тәртібі бойынша, қол көтеріп, алдыға шықты.
- Мен бала кезден ат құлағында ойнаймын. - Мұны айтқан, осы топқа жаңадан қосылған, ирелең қаққан жүрісі күлкіні келтіретін ұзын сары – Володя Масляков.
Қазақ: «жынға жын, бақсыға бақсы әуес» деген сөзді қалай дәл тауып айтқан. Осы, өз іштерінде «Масляк» деп атайтын Володя Іле ауданынан болса, Аслан Дағиев – Семей облысының Таскескенінен. Павел Беляев сонау Ресейдің Алтай аймағынын келген. Топқа жаңадан қосылғандардың ішіндегі Коля Дешин ғана жергілікті. Қараталд өңірінде туып, осында өскен.
Ой, Алла-ай десеңші, білім-танымы, жас ерекшеліктері мен мінез - құлықтары әртүрлі, бірі-бірін танымайтын адамдарды табыстырып, бастарын қосып отырған не нәрсе? «Балықшы балықшыны алыстан танидының» кері ме, әлде? Өздері бұрын сотталып, отырып көрмегенімен, қылмысқа жақын жандардың бірін-бірі «алыстан танып», тауып ала қойғанын көрмейсің бе?!
Топтың жаңа мүшелерін Кислицын «Агрокомплект», «Ауылтехника» сияқты мекемелер мен үш-төрт үйлерді тонауға қатыстырып, қабілет, қарымдарын байқап көрген. Әккі қылмыскерлерге тән әбжілдік қасиеттері байқалмаса да, олар ортақол дәрежедегі ұры ретінде бағаланып, сынақтан өткен болатын. Сол сыннан кейін-ғой, сөйлемесе іші кебетіндей, тыныш жүре алмайтын Женя қужақ:
- Пахан, ну как, новички оправдали доверия?- деп, қызығушылық білдірген еді. Ішкі ойын сыртқа шығарып, шын сырын айтса, Григорий Григорий бола ма:
- Цыплят по осени считают. Время покажет,- жауабымен құтылған.
- Аслан, Володя, Митя мен Николай, сендер қалыңдар. Қалғандарың тарай беріңдер,- деген Григорийдің қысқа да нұсқа сөзіне ешкім жауап қатпастан, өз жөндеріне кете барды.
Тарасып кеткендерің де, жанындағылардың да: «қандай операция», «қайда барамыз?» - деп, сұрақ қоюға, басшыларының сырын білгендіктен, жүректері дауаламаған еді.
Сағат тілі он екіге қарай жылжып, түн ортасына таяған шама. Уақыт өткізу үшін серіктерімен карта соғып отырған Григорийдің:
- Ну, пора. С богом!- деген даусы шығысымен, қолдарындағы карталарын тастай-тастай салған қылмыстық топ шұғыл жолға жиналды.
... Николай, Володя, Аслан үшеуі трактор тіркемесіне жартылай төселген сабанның үстіне сұлай-сұлай кетіп, Григорий Дмитрийдің жанына - кабинаға жайғасты. Олар отыра салысымен оталып тұрған трактор орнынан ышқына қозғалды.
Қоңыр күз болғанымен, бүгінгі түн сонша суық емес сияқты еді, көлік Үштөбеден шығып, асфальт жолмен зырылдата жөнелгеннен-ақ трактор тіркемесіндегілер қалшылдап, тоңа бастады. «Қалыңырақ киініп, тон, немесе көрпе аламағанымыз-ай»- деп, өкініп келеді. Өкінгеннен не пайда, «тоқта» дегенімен, басшылары тракторды тоқтатпайды. Сол үшін босқа таяқ жеп қалатындарын білетіндіктен, тіркеме үстінде дірдектеп жата берді.
Қанабек ауылынан өте бере, асфальттан сол жаққа бұрылып, қара жолға түскен көлік өз арнасында жәйімен, ирелеңдей ағып жатқан Қаратал өзені бойымен салып ұрып келеді.
Қазақтың тұңғыш детектив жазушысы Кемел Тоқаевты, өнер саңлақтары Қанабек Бәйсейітов, Бикен Римова мен қазақ мақтанышы, саясаткер һәм қоғам қайраткері Қасымжомарт Тоқаевты дүниеге келтіріп, саналарына ой, бойларына қуат берген киелі Қараталым бұл. Аруақтарыңнан айналайын Ескелді би, Балпық баба, Қарымбай әулие сынды асылдарымыз суын ішіп, беті - қолын жуған, Сатыбалды Қазтаев, Ордаш Кендірбай, Төлеген Шәріпбай, Гүләйім Түстікбай, Назар Қалиұлы мен Қайрат Әлімбек сияқты ақындар мен Кемел Құсайынов сынды ұлтжанды азаматтар бала шағынан мөлдіріне шомылып, балығын аулаған, сұлулығына тамсанып, шабыттана ән-жырларына қосқан қасиетті Қаратал – ғой бұл. Ел басына күн туып, ашаршылық нәубеті кезінде басқа өңірдің халқы аштықтан бүгіліп, қырылып жатқанда, астындағы бал татыған балығын, жағасындағы қырғауыл, қоянын, кекілігі мен бөденесін беріп асырап, көрнеу ажалдан арашалап, сақтап қалған мейірімді, бай да мәрт Қараталым осы.
Қарап тұрсаң, шынында да Қараталдың асты-үсті мен қойнауы тұнып тұрған байлық – қой. Өзенді жағалай өскен қамыс – құрағы, қанша исең де сынбайтын сүмбі талының өзі не тұрады? Су жағасын опырылып, құлаудан сақтау үшін тәңірінің өзі әдейі жаратқандай, оған қоса табиғатқа көрік беріп, онша биік болмағанымен, тарбия, жапырағын кең жая біткен ағаштардың өзі бір сұлу көрініс. Шоқ-шоқ шилердің түбінде жасырынған бөдене, шіл мен қырғауылы, күндіз-түні жортып жүретін қоян-түлкісі, тоғай ішіне тереңірек енсең, торапайлары шыңғырып, шұбыра өріп жүретін шошқаларың иен жатқан байлық емей немене?!
Түгін тартсаң-майы шыққан Жетісуды-жер жәннаты деп атауы тегін емес. Арқар, елігі мен таутекелері тау-тасқа секірген Текеліден, Іле, Жоңғар Алатауы етегінен демалыс үйлері мен санаторилер салып, оларды әлемдік деңгейде жарнамаласа – жан-жақтан ағылып келетін туристерден түсетін қаржы бюджет қоржынын қампита түспес пе еді?! Қайтесің, «көрмес – түйені де көрместің» кері боп тұр-ғой.
Осыларды – табиғат берген байлықты ел игілігіне жарату үшін, туристік фирмалар ашып, бар жағдайын жасап қойса, қай Қырымыңнан, Сочи мен Ялтаңнан кем? Бал татыған балығы билеген Балқашым, көркіне көз тоймайтын, ұшы – қиырсыз, көбік шаша тулаған айдынында балықтың неше түрі өріп жүрген Алакөлім ше? Журналист, жазушылыр шырылдап айтып та, жазып та жатыр. Бірақ, соған құлақ асып, «туризм саласын дамыта қояйық» деп, білек түре құлшыныс танытқан Үкіметті де, жоғары лауазымды басшыларды да көрмей тұрмыз-ау. Тіпті, Президентіміздің өзі бұл мәселені талай рет биік мінберлерден айтты емес пе? Бірақ, «баяғы жартас – сол жартас» қалпында.
...Өзен жағалай, өндірте жүріп келе жатқан МТЗ-8О тракторының алдына түсіп, секектей қашқан салпаң құлақ қояндарың аңқау-ақ. Бұл жарықтықтарың фардың жарығына бір ілінсе, одан қараңғыға қашып шығуға қорқып, өкпесі өшкенше, өңкілдеп шаба береді екен. Мұнда, пәленің пәлесі түлкі-ғой. Әне, көліктің маңынан алыстамай, «маған не істейсіңдер» деп мазақ еткендей, анадай жерге барып шоқиып отыр. Жанына таянып, басуға айналғанда ғана орнынан қозғалып, қайта алға озады. Дөңгелек астынан «пыр-пыр» етіп ұшқан шіл, бөденелер: «беймезгіл мазаны алдыңдар-ау» сыңайымен, еріне көтеріліп, сәлден кейін шоқ-шоқ шилердің арасына қонып жасырынады.
Машинадай жүрдек болмаса да, қара жолдың апшысын барынша қуыра зырылдап келе жатқан трактордың алдынан қараңдай көрінген малдың ба, жанның ба, топталған сұлабасы көрінді. Жақындай бере белгілі болды - қос салт атты. Жарқыраған фарымен қою түнді қақ жарып, даланы басына көтере дарылдап келе жатқан көлік жол тосушылармен қатарласа бере тоқтады.
Салт аттылардың әрқайсының жетектерінде қос-қостан төрт ат. Олар аттарынан, бұлар трактордан түсе-түсе қалысты.
- Қалай, қырандар, көп күтіп қалған жоқсыңдар ма?- деп, Григорий түнгі жолаушылармен құшақ айқастыра амандасты. Басқалар да қол алысып, танымаса да, сәлемдесудің рәсімін жасап жатыр.
- Дима, сенің бүгінгі атқаруға тиісті міндетің осымен аяқталды. Енді қайта беруіңе болады. Егер «менттер» тоқтата қалса, айтар жауабыңды ұмытқан жоқсың-ғой?- деген Кислицынның сұрағына:
- Жоқ-ә. Жолға шықпас бұрын, сенің айтуың бойынша, жолдама қағазыма сапар бағытын «Кировск кенті» деп жазып алғанмын.Қам жеме,бәрі дұрыс болады.- Шапшаңдата жауап қатқан Дмитрий оталып тұрған көлігіне қарғып мініп, трактор орнынан жәйімен қозғала берді.
...Қаратал өзенінің батыс жағындағы тал-терегі қамыс - құраққа астасқан тоғай қойнауындағы, ел ішінде «Есімбек базы» аталып кеткен қонысты бетке алған алты салт атты шу, сыбдырсыз, жымысқылана жылжып келеді. Тастақ жердей емес, құмдауыт жердің бір жақсысы, қанша тұяқ малды қатар айдап келе жатсаң да, қашан тақалып жақындағанша тұяқ дыбысының естілмеуі-ғой. Топ алдында барымташы Сапаш пен оның көп жылдан бергі барымталас серігі Қалыбай.
«Барымташы» айдары оған алғаш мал ұрлап сотталғанан-ақ жабысқан. Бұл туралы ел ішінде: «Сапаштың көзі жеті қараңғы түнде жерге түскен инені де көре алатын өткір» деген сөз бар. Мектеп қабырғасынан соң әкесіне көмекші болып,совхозда жылқы баққан ол бар-жоғы он тоғыз жасында Заңмен қайшыласты. Көрші ауданнан келген барымташылармен сөз байласқан Сапаш бағымындағы он екі бас жылқысын өз қолымен шығарып бергені үшін алғаш рет сотталып, түрме ботқасының дәмін татты. Оқушы кездің өзінде әкесінің жанында талай рет көзге түртсе көргісіз борандарда жылқылармен бірге ыққан кездерді де бастан өткеріп,табиғат тылсымын, жер жағдайына әбден бейімделіп алған. Көзін тырнап ашқаннан мал соңында, ертесімен малмен бірге өріп, кешкісін сонымен қайтқан адам малсақ болмай қайтсін. Жастайынан ат құлағында ойнап, нелер асауларыңды тез арада ноқтаға, мініске көндіріп ала қоятын әбжілдігіне ауылдастары таңданып, таңдай қағатын. Қаншама рет асау үйреткен кездерінде үріккен ат өзін аударып, тастап кеткен жағдайлар болды. Бір ғажабы, қанша мәрте асаудан құлағанда, бірде-бір рет мертігіп көрмепті. Ұшып түсіп, соңынан қалмай қайтара ұстап, әйтеуір, соны мініске үйретпей тынбайды. Жылқылармен жаз жәйлау, қыс қыстауларда көшіп, қонып жүргендіктен, жер жағдайына әбден қанық. Тастай қараңғы түндерде адаспай жол тауып, діттеген жеріне сайтандай сап ете қалады. Бірақ, бір қарағанда жақсы көрінетін, ел қызығатын осы қасиеттері, өзіне сор боп жабысқан еді. Сол алғашқы отырыстан соң-ақ түрмеге адаспайтын жол салып алды. Одан кейін үш рет сотталып үлгерді. Қылмыстың басқа түрін менсінбейді. Жасайтыны тек ұрлық. Ұрлық болғанда да - барымта. Әсіресе, жылқы ұрлаудың хас шебері. Кербұлақ ауданының төңірегіндегі Ескелді, Көксу, Панфилов пен Қаратал аудандарында мал жоғалса, күдік алдымен осы Сапашқа түседі. Құр күдік дәлел болсын ба? Ұрлықты ым-жымын білдірмей жасайтындығы сонша, оның «сау сиырдың боғы емес» екендігін сезіп, ұрының сол екенін біліп тұса да, милиция қызметкерлері тергеп – тергеп, дәлелдің жеткіліксіздігінен амалсыз босатып қоя береді. «Ұсталмаған – ұры емес» деген осы да!
«Барымта» жоспарын ойға алысымен Кислицынның есіне осы «барымташы» - Сапаш түскен еді. Содан – ғой, өткен аптада Григорийдің «сапарға кеттім» деп, шұғыл түрде Сарыөзекке жол тартқаны.
Бұл Сапаш пен «кислыйдың» танысқандары өзінше бір хикая.
Григорийдің кезекті – төртінші, Маңғыстаудағы отырысында екеуі бір зонада тоқайласты. Бақылаушы – зона тілімен айтқанда - «дубактар» қанша сақтық танытып, «шмон» кезінде зектердің қойны-қонышы мен төсек-орындарын түк қоймай, аудара - төңкере тексергенімен, сотталушылардың, әсіресе, бірнеше «ходкасы» бар зектердің қолында ақша жүреді. Сол ақшаларына олар қызыл кеңірдек болып карта ойнайды. Ақша жүрген жерде дау-дамай, талас пен тартыс қатар өріс алады емес пе? Сондай бір ойын үстінде Сапаш пен Григорий кергілесіп қалған. Оның соңы зонадағы монша артындағы жекпе-жекке ұласты. Бойы тапалтақ болғанымен, денесі шымыр, қимылы да ылдым-жылдым Сапашың да оңай - оспақ емес екен. Талма жерлерді дәл көздеп, талдыра соғады. Бірі қоян-қолтық ұрысты қалап, жақындасуға ұмтылса, екіншісі алыстан соғуды көздейді. Екеуі итше тепкілесе ырсылдап, ұзақ төбелесті. Григорийдің бойы мен соған сәйкес қолдарының ұзындығы осы жерде кәдеге асты. Қоян-қолтық ұрысқа жоламай, қашықтан қақырата ұрып жүр. Ұрыстың қыр-сырын әбден меңгерген, әккіленіп, жекпе-жектің хас шеберіне айналған «кислый» қоймауға айналды. Бір ұмар-жұмар айқас сәтінде астына басып, ұзын, тарамыс сынды шеңгелді саусақтарымен қарсыласының кеңірдегін сығымдай қысып, тұншықтыруға айналды. Осы кезде ауа жетпей, әлсірей бастаған Сапаш, жан беру оңай болсын ба, соңғы бар күшін сала, «кислыйдың» иегі астынан басымен қақырата соқты. Оңбай тиген соққыдан көзі қарауытып, есі кіресілі-шығасылы болып, сылқ ете түскен Григоридың: «твоя взяла» деген жан даусы әлсіз, қырылдай шықты. Екі жақтың да жақтастары жекпе-жекшілерді тұрғызып, үсті – бастарын қағысқан.
«Дубактарың» қай зонада болмасын, бірнеше рет отырып, сенімге кірген сотталушылармен әрқашан әмпей-жәмпей. Солардың, бір құмырасына екі есе бағасын алып, жасырын кіргізген арақтарынан «мировой» ішісті. Қол алысып, құшақ айқастыра татуласқан олар содан бері айнымас дос болып кеткен еді.
Діттеген жерге таяу қалғанда Сапаш қылмыстық топ мүшелерінің әрқайсының атқаратын міндеттеріне жеке-жеке тоқталып, пысықтай түсіндірді.
Үйірлеп жылқы айдап кету дегенің сендердің түнделетіп қорадағы сиырды жетелеп әкету, немесе, өрістен алдыға салып қуа жөнелу емес. Оның өз тәртібі мен қыр - сыры бар,- деген атақты барымташы жылқы ұрлығына алғаш шығушыларға біраз мағлұмат берді. Кім білген, шынында да жылқы ұрлауың, өзі бір жатқан өнер екен-ғой.
...Есімбек қарияның басшылығы мен оның үш ұлының шаруаға ұқыптылығы, еңбекқорлықтары арқасында төрт түлік малдарының саны өсіп, олар аудан көлеміндегі ірі кәсіпкер санатына ілінген-ді.
Жылқы малы дегенің қазақтың ұлттық бренді десе болғандай емес пе?! Мінсең - көлік, жесең - азық, ішсең - шипалы сусын санатындағы қымызы қандай! «Ер қанаты – ат», «жылқы етін жесең тісіңе кіреді, жемесең түсіңе кіреді» деген, шындықтан бір елі алыс кетпейтін мәтелді де ойлап шығарған сол қазекем.
... Есімбектің базына түн жарымында суыт жүріп жеткен алты салт атты, топ басшысы Сапаштың алдын - ала жасаған жоспары бойынша, тоғай шетінде жусап жатқан жылқыға тосыннан тиді.
Екі үйірден астам жылқының тең жартысын бөліп алып, дүркірете қууға бет алғандары сол еді, жалы төгілген еңгезердей айғыр арқырай кісінеп, барымташыларға тап берді. «Байқамасаңдар, үйірін қорғаған айғыр өздеріңді ат үстінен жұлып лақтырады» деп, бағанағы Сапаштың айтқан ескертпесі шынға айнала бастағандай. «Қанды басың бері тарт!» Айғырдың осы әрекетін ғана тосқан баукеспе ұры, ал дегеннен-ақ атуға әзір ұстаған дүмбісі кесілген шолақ мылтықтың шүріппесін басып үлгерді. Қараңғы түнді тіліп түскен «шаңқ» еткен қанды ауыз қарудың дауысы естіліп, жанұшырып, шыңғыра кісінеген айғыр омақаса құлап түсті. Мылтық даусы шығысымен, малшы, жылқышыларға арналып салынған шатырлы шағын үйден атып шыққан адамның қарасы көрінді.
Аттан, аттан. Жылқыға жау шапты!
Тұрыңдар! Малды әкетті! – деп, тоғайды басына көтере, ышқына айқайлаған дауыс естіліп, баз маңынан ұзай бастаған жылқы соңынан бастырмалата қуған қуғыншының қарасы көзге шалынды.
Енді бір сәтте барымташылардың соңынан «гүрс-гүрс» етіп, екі қайтара атылған мылтықтың даусы қара түнді қақ жара шықты.
«Мынау ескертпе ретіндегі ату. Үшіншісінде біреуіміз нысанаға алынарымыз анық. Тайсалмай, осынша барымташының соңынан жападан-жалғыз қуғын салғанына қарағанда, бұл өзі қорықпайтын, талайды көріп, әккіленген қу болды. Мұндай жүрек жұтқандарға бір оқпен біреуімізді жайрата салу түк те емес. Басқа қуғыншылардың қарасы көзге шалынбағанына қарағанда, ол жалғыз болғаны»- деп, әп-сәтте ойлап үлгерген Сапаш аттаншыға жауап ретінде, арт жаққа қарай бастырмалата атып-атып жіберді. Ойы: «кімге болса да жан, шіркін, тәтті. Мүмкін, соңымыздан өкшелей қуғанын қояр». Қайда! Арт жақтан мылтық тағы да екі-үш рет атылып:
Тастаңдар малды. Енді ескерусіз атамын,- деген қуғыншының қарлыққан, әмірлі даусы естілді.
Өй, әкеңнің көрін ... Болмадың-ғой. Ендеше өз обалың өзіңе. - Қысқа мылтықтың «шаңқ» еткен дыбысы ащы шықты. Қуғыншы жүрек тұсын ұстаған күйі, ат үстінен оң жақ қапталға қарай жантая құлап бара жатты.
Ат құлағында еркін ойнайтын, ызғытқан күйінде, көздемей-ақ, мөлшермен атып, қалаған нысанын ұшырып түсіру – қай барымташының болмасын, үйреншікті машығы емес пе?! Сапаш та сондай, құралайды көзге ататын мерген-ді. Қараңғының өзінде мөлшерлеп атқан оғы қуғыншының дәл кеудесіне қадалған болатын.
Жылқы жарықтықтың өз үйірін бастайтын айғырын атып тастамаса, олардың айдап, қуып әкетуге көнбейтіндігін атақты барымташы жақсы біледі. Сондықтан ғой, ал дегеннен-ақ азынай келген айғырды бір оқпен, ойланбай жайрата салғаны.
Жылқылардың сол жағынан жанай, құйғыта, айналып өткен Сапаш енді үйірдің алдына түсті. Алдыда жол бастап отырмаса, өздері жайылатын аумақтан әріге аттап баспай, жылқылардың жан-жаққа бытырай қашып кететінін жақсы білетіндіктен солай етті. Үйірдің соңын Қалыбай барымташы арт жақтың қауіпсіздігіне жауап беруші ретінде тұйықтап келе жатса, екі жақ қапталындағы «кислыйдың» жігіттері жылқылардың шашау шыққанын қақпақылдай айдап, қуып келеді.
Көрші Кербұлақ ауданын бетке алған жылқылар бірте-бірте бағытын өзгертіп, кері қарай, Кәлпе ауылы жаққа қарай жосылды.
«Барымташы» жаңылып, бағытынан адасып қалды ма, әлде?»- деп таңданып қалған Григорий жағдайды біраздан кейін барып түсінген еді.
Сапаш үйірді Кәлпе ауылы жылқыларының Қаратал өзенінің жағалауында жайылатын жон-жоталарға бастап келеді. Шиырланып, нешеме рет жүрілген, таптаурынды ізбенен құйғытып барады. Әрине, бұл таң атысымен-ақ «аттандап», іздеу салатын із кесушілерді адастырудың бірден-бір дұрыс әдісі. «Жылқыларға келген пәлені төменгі ауылдардан іздесін, пәтшағарлар!»
Бір-жар рет Қаратал өзенін кештіріп, енді бірде қайтадан жылқыларды жоталармен құйындата бастап бара жатқан Сапаш, Кербұлақ ауданы аумағындағы, өзі бұрындар бірнеше рет үйірлеп жылқы қуып әкелген терең аңғарға барып бірақ тоқтады. Қашуға мұрша бермес үшін, қуып әкеткен жылқыларды діңкелетіп, қатты жосылта айдау да барымташылардың үйреншікті тәсілі. Түнімен құйғыта шапқаннан болдырып, шаршаған жарықтықтар екі иінен дем алып, жуасып-ақ қалыпты. Бастарын төмен салып, не болғанын түсініп үлгермеген, дел-сал халде тұр. Бұл кезде жымыңдай көз қысқан жұлдыздар сөніп, таң бозара ата бастаған-ды.
... Сол күні Сапаштың алдын-ала келіскен сыбайластары Жәркенттен қауырт жетіп, он сегіз бас жылқыны өз жерлеріне түнделете айдап әкетті.
Жан түршіктірер зорлық.
Бір сағаттан бері сыланып - сипанып, бет, тырнақтарын бояп, шырттай болып киініп алған қос қызына ашық тұрған есіктен қызыға да, сүйсіне қарап қалған аналары бөлмеге сөйлей кірді:
- Не, бикештер, тағы да бір жаққа жиналдыңдар ма?
- Мама, біз дискотекаға кеттік.
- Түһ, сендердің-ақ дискотекаларың таусылмайды екен. Алдыңғы күні ғана барып, құмарларың қанғанша билемеп пе едіңдер?
- Ну, мама, өзіңіз де жас болып көрдіңіз. Сізді әкеммен таныстырып, табыстырған осындай би кеші емес пе еді? – деп, Люба анасының бетіне қулана, күлімсірей қарады. – Үйде омалып отыра бергеннен күйеуге шыға алмай, кәрі қыз атанғанымыз сізге керек пе?
- Ауыздарыңнан ана сүтінің дәмі кетпей жатып күйеушілдерін өздерінің. Ойнақтап жүріп, от басып қалғандарыңды білмей қаларсыңдар...
Мұндайда қыздардың ынтымақтық таныта қоятын әдеті бойынша әпкесінің сөзін Катя қоштай жөнелді:
- Қайдағы сүттің дәмін айтасыз мама. Люба күзде он алтыға толады, менің жасым он төртте. Болашақ күйеуді осы бастан таңдап, мойындарына ноқта кигізіп қоймасақ, дұрыс жігіттер осы күні қат екенін білесіз ғой-деген ол, анасының иығына асыла кетті. Екі бетінен еркелей, кезек сүйіп жатыр.
- Алаңдамаңыз, мама. Біз түн жарымына қалмай ораламыз. – Люба да шешесін құшақтап, маңдайынан өбіп қоштасты.
«Құдайым-ай жүрегім құрғыр неғып лоблып кетті. Қос қарлығашымды пәле-жаладан сақтай-гөр» - деп, қыздарының соңынан шоқынып-шоқынып алған анасы терең ой құшағына бата берді.
...Кеңес Одағы ыдырап, немістер Германиясына, еврейлер Израиліне, орыстар Ресейіне үдере көшкен тұста, Үштөбенің тақ ортасынан ойып тұрып, кең сарайдай етіп салып алған зәулім үйін арзан бағаға сатып, Пономаревтар әулеті де көп дүрмекпен бірге, Ресейдегі Барнаул қаласының түбіндегі Покров ауылына қоныс аударды. «Тарихи отанымыз» деп, жүректері лүпілдей, алып-ұшып жеткенін қайтейін, ол жердегі қандастары бұларды әзірейіл көргендей, тыжырына қарсы алды. Азды-көпті жүктерін контейнерден түсіріп, үйге енгізген кезде, «нелері бар екен» дегендей, қызығушылықпен қарап тұрған көршілерінің көздері шарасынан шыға жаздады. Төбемен тілдескен биік «бирюса» тоңазытқышын, ине - жіптен шыққандай жап-жаңа ұйқы бөлмесінің гарнитурын, залдың кісі көңілі тоятындай әдемі жихаздарын, тағы басқа үй мүліктерін көрген ауылдастарының көздері атыздай болды. Жеккөрінішті сезіммен таң қалысып, «вот, настоящие казахские буржуи» десіп, сырт айналып кеткен. Қазақстандағы сияқты, көршілестердің бірі-біріне қол үшін берісіп, көмектесу, қуаныштарына ортақтасу сияқты қонақжәйлік қасиеттер бұларға жат сияқты.
«Көршілер құтты болсын айта келгенде, қазақтың ұлттық тағамы ретінде, стөлге мақтана қойып, силармыз» деп, базардан арнайы сатып алған қазы-қарта, жал-жаясы мен ірімшік, құртын ала келген болатын. Танысын-танымасын, келген адамға дастарханын жайып, сыйлап жіберетін қазақ түгіл, Үштөбедегі орыс, неміс пен кәрістердің өзі «новоселье – ерулік» деп,қонаққа шақырысып, аралас-құралас болып жатпаушы ма еді?! Көршілердің бірімен бірі араласып, кіріп-шықпайтыны қызық екен...
Көшіп барғандарды аса таң қалдырған нәрсе: мұндағылар үлкен-кішісі жаппай, жатып тұрып арақ ішеді екен. Ішуден қазақстандық орыстар-өзіміз де кенде емеспіз. Той-томалақта, әлдебір мереке, салтанатта орнымен, өз шамаңды біліп ішу бір бөлек те, бұлардағы сияқты, ес-түсті білмей, есіре жұтып, артын дау-дамай, төбелеске айналдыра ішудің айырмасы көп-қой. Тіпті, кейінгі кезде, өзі талай қатысып, көріп жүрген қазақтардың тойлары арақ-шарапсыз, қымыз, шұбатпен ғана өтіп жүр. Ештеңе жоқ, арақсыз да ән айтылып, би биленіп, бәріміз де көңілді отырушы едік.
Тағы бір таңдай қақтырып, таңдандырған жағдай: бұларда тұрмысқа қажетті дүние-мүлік жинап, заман ағымына орай, мәдениетті, өркениетті өмір сүру дәстүрі қалыптаспапты. Жұмыста киген шоқпыт-шоқпыт, ескі киімдерін үйде де үстілеріне іле салып, жүре беру - еш ерсілік саналмайды. Он-онбес күн бойы бел жазбай еңбек етсе, артынша, міндетті түрде, апта бойы арақ ішеді. Бұл бір бұлжымас салт іспетті. Аса сөкеттігі – сары ауыз, үлпілдек мұрты да тебіндеп үлгермеген ұлдары мен жап-жас қыздары әке-шешесімен бірігіп, жарыса ішеді. Олары жат қылық саналмайды екен. Он үш-он төрт жастағы жасөспірім қыз,жігіттердің ата-аналарының көзінше сүйісіп, құшақтасқан күйі тоғай аралап кетуі де қалыпты жағдай. Тіпті,былтыр көшенің қарсы бетінде тұратын Семенның он төрт жастағы оқушы қызы балпанақтай ұл тауып қойғанын қайтерсің...
Ата-анадан көргенін, оларға еліктеп, балалардың да соны жасайтын әдеті бар емес пе? Ресейде мектептегі осы екі қызына құрбы-құрбыластары күн бермей, «отырса опақ, тұрса сопақ» болды. Бірде күнделіктерін жыртып тастаса, екіншіде кітап, қаламдарын тығып тастап, бермей қан қақсатты. Ұл балаларының қызды сыйлау деген әдептен жұрдай екендігі сол - Любасы мен Катясы екі күннің бірінде мектептен жылап келетін. «Балалар-ғой, ұрсысар да, татуласар» деп, жүре берер ме еді, қайтер еді,өткен жаздағы ең соңғы, шыдамның шегіне жеткізген оқиғалар болмаса...
Күйеуі Максимнің ерінбейтін, жанкешті еңбекқорлығы мен өзінің жоқты бар етіп, ұқсататын ұқыптылығы арқасында, Ресейге табан тіреген төрт жылдың ішінде бұлар шошқа асырап, мал, құс-құрт ұстап, бір адамдай-ақ қорланып алған болатын. Ал деп көшіп келгенде сатып алған екі мегежін, ала сиыр мен торы биенің жыл сайынғы төлдері арқасында, төрт жылдың ішінде ауласы, кәдімгідей, кішігірім шаруашылыққа айналған-ды. Үйрек-қаздары қаңқылдап, тауықтары «жұмыртқа таптым» деп, ауылды бастарына көтере қыт-қыттағанда, көрші-көлемдерінің іштері қызғаныштан жарылып кете жаздайтын. Тіпті, оларын жасырмай: «вы куркули, казахские буржуи» сынды кекесін сөздермен, мұқатып отыруды әдетке айналдырған. Максимді де мұжықтар онша жарата қоймай, сыртқа тепті. Себеп-біреу: олармен бірігіп, құлағанша арақ ішпейді. «Жанұям, балаларым, жұмысым» сылтауымен, бір-жар құмыра арақтық пұлды «угощаю» деп, орталарына тастайды да, сырғақтап кете барады. Бар кінәсі сол – олар құсап желікпейтіндігі.
Өткен жылдың көктеміндегі мегежіндері жаппай төлдеп жатқан кез. Түн қараңғысын пайдаланып, шошқалардың астауындағы жемге әлдебіреулер, қандай екенін қайдам, у тастап, қабандары да, мегежіндері де торапайларымен қоса, бірі қалмай қырылып қалды. Алыстан ат арытып жау жетті дейсің бе, көршілерден келген кесепат екенін білгенімен, «ұсталмаған ұры емес». Арада екі ай шамасы өткенде, ауладағы қора-қопсысы, ішіндегі малдарымен қоса өртеніп кетті. Әйтеуір, әбүйір болғанда, Максим түтінге қақалып, шашалып жүріп, екі сиырды от құшағынан суырып шығарды. Соның бәрі көршілерінің «қызғанышының қызыл иті» екендігін білгенімен қолдан келер қайыр жоқ. Милицияға шағымданудың еш пайдасыз екендігін білгендіктен, ешқайда бармады да, арызданбады да. Қыздарының оқу жылы аяқталысымен, қолда қалған екі сиырын, баспанасы мен азды-көпті дүние мүліктерін арзымайтын арзан бағаға сатты да: «енді көрмеген «тарихи отаным» сен болсын» деген сөзді іштей айтып Қазақстанға көшті де кетті.
«Құлындарым-ау, сол. «Қазақстанда тұратын әр азамат мемлекеттік тіл -қазақ тілін білуі тиіс» деп, Любасы мен Катясының қазақшаны өз беттерінше үйреніп жүргендерін айтпайсың ба?! Ресейге көшпей тұрғанда тіл мәселесіне онша мән бере қоймаушы еді, ондағы орыстардың өздеріне жасаған қысастығы мен әділетсіздігін көргеннен кейін: «мама, папа, әлемдегі ең қонақжәй, бауырмал, басқа ұлттарды алалап, бөлмейтін халық-қазақ. Біз - орыс, неміс, кәрістер соны бағалай алмай жүрміз. Қазақстанда туып, өніп - өсіп отырсаңдар да, әлі күнге шейін бір ауыз қазақша сөз білмейсіңдер. Бізге де үйренуге қозғау салмадыңдар. Бұл дегенің – елге, ұлтқа қиянат»- деп, әр жерде, кезі келген сәттің бәрінде айтып жүргендері. Пәлекеттердің, өзара құпия сырларын бұлар түсініп қоймауы үшін, қазақша сөйлесіп отыратындарын қайтерсің. Ынта қойып, берілгендіктері сонша, орыс жерінен оралған бір жылдың ішінде қазақшаға төселіп, кәдімгідей-ақ, сөйлесе алатын дәрежеге жетті. Алтындарым менің! Біз ғой мұнда, қазақшаға үдірейе қарап, әліпті таяқ деп білмейтініміз. Дегенмен, «ештен кеш жақсы» деп, қазақ тілін үйрену керек екен. Әйтпесе, қос құлыным айтқандай, мұнымыз шынында да, елдің, жердің иесі - қазақ ұлтына қиянат» .
...Ұрлықтан түскен арам ақшаға алынған «Жигули» машинасының рөліне масаң күйде отырған Григорий мен жанындағы Палкин өмірлеріне дән риза. Ауыздарындағы темекілерін будақтата тартып, әңгімені соғып келеді. Әлгінде ғана, Ескелді ауылында тұратын өздерінің бір жемтіктесімен ертеңгі жүргізетін ұрлық операциясының бүге-шүгесіне шейін талқылап, жоспар құрып шыққан. Мұндай әңгіменің арақсыз сәні келуші ме еді? Үшеуі екі жарты ақмағамбетті бөліп ішіп, қағанақтары қарқ, сағанақтары сарқ болып келе жатқан беттері.
Юра, нам теперь баб надо наидти. Как на это смотришь?
Какой базар? «Пахан» сказал, будет сделано – деп, Юрий езу жиғаны сол еді, ауылдың шыға берісіндегі жол жиегінде тұрған екі қызға көзі түсті.
Во, молодые тёлки. Сейчас их зацепим.
Асфальт жолдың шетіндегі шаңды «бұрқ» еткізе шұғыл тоқтаған машинаның есігін ашқан ұзын бойлы сары қыз имене тіл қатты:
Дяденьки, по пути до Уштобе довезите.
Базара нет. - Қыздар отырысымен, көлік орнынан жұлқи қозғалып, жүйітки жөнелді.
Машина ішіндегілердің мас екендігін ал дегенде аңдамаған қыздар, арақтың күлімсі исі қолқаларын қауып, тұншыға жаздағанда бірақ білді. «Апырмай, ішіп алған адамдар екенін қалай аңғармадық. Байланысып, мазаны алмаса жарады...» - деген қорқынышты ой Любаның да, Катяның да бойларын қалтыратып жіберді. Қанша үрейленгендерін білдірмеуге тырысқанымен, жылан арбаған торғайдай дірілдеп, бүрісіп отыр.
Көк «жигули» Ескелді ауылынан шыға берісімен, күре жолдан сол жаққа қарай шұғыл бұрылғаннан-ақ бір сұмдықтың боларын сезгендей, екі қыз қосарлана шу ете қалды.
- Бізді қайда апара жатырсыздар?
- Осы жерде қалдырып кетіңіздер!
- Қорықпаңдар. Бір-екі жүз грамдатып, демаламыз. Одан кейін керек жерге апарып тастаймыз, - деген Григорийдің көзімен көзі ұшырасқан Любаның зәресі зәр түбіне кетті. От шашқан қысыңқы жанары киноларда көрген қорқау қасқырдыкінен аусайшы! Жап-жасыл ма, әйтеуір біртүрлі, қорқыныш тудыра жанып тұр.
Біз ішпейміз, әлі оқушымыз. Тоқтатпасаңыз, қазір машинадан секіріп кетеміз. Сіздер жауап беретін боласыздар...- деп, есік тұтқасына жабысқан Катяның бетіне алдыңғы орындықта отырған Палкин, артқа бұрылған күйі шапалақпен салып қалды.
- Қане, енді қимылдап көрші. Буындырамын да, бақ еткізіп, ол дүниеге өз қолыммен аттандырып жіберемін.
«Мына қасқырлар бір жерде тоқтап, арақтарын ішіп алған соң, мүмкін Үштөбеге апарып тастар»... - деген болымсыз үміттің жетегіндегі апалы-сіңлілі екеу үрей мен шарасыздықтан қимылсыз қалған. Олай ететіндеріне соншалықты сеніп те отырған жоқ. Әйтеуір, «суға кеткен тал қармайдының» керімен үміттенген түрлері-ғой.
Құйындатқан күйі Қаратал өзенінің жағасына жетіп, көліктен түскен Григорий жүк салғыштын бір шиша арақ пен жарты бөлке нан шығарды.
- Қане, сұлу бикештер, сәтті кездесіп қалыппыз. Бүгін бір дүрілдетейік.
- Пәлі, бұларың айрықша шақыру күтіп отыр. Машинадан түсулеріне мен көмектесіп жіберейін,- деген Юрий қыздардың қарсылықтарына қарамастан, оларды көліктен дырылдата сүйреп шығарды.
Состиып – состиып, жыламсырап тұрған қыздарға жартылай арақ құйылған стақандарды ұсына берген Григорий:
Арулар, неғұрлым сезімтал, неғұрлым ұғымтал болсаңдар, арамыздағы түсіністік соғұрлым тез орнайды. Ұялмай, тартып жіберіңдер-деп, Катяның аузына стақанды тақай берді.
Арақ құйылған екінші ыдысты қолына алған Палкин, шегіншектей берген Любаның шашынан ұстап, басын шалқайтқан күйінде, қыздың аузына ащы суды құйып жіберуге әрекеттенді. Еріндерін жымқырып, қарсылық танытқан қыздардың жақтарынан, екеуі ақылдасып алғандай, бір мезгілде шапалақпен тартып – тартып жіберді.
- Қарғыс атқырлар, бұл істеріңе әлі жауап бересіңдер! - Жыламсырай айқайлаған Любаны Палкин өзен жағасындағы шоқ талға қарай сүйрей жөнелді.
- Біздің жауап берер сәтімізді сендер көргенге шейін кім бар, кім жоқ...
Тал арасына апарысымен, Григорий де Катяның киімдерін жыртқылап, шешіндіре басатағаны сол еді, алысып, жандалбаса қылған қыз зорлықшылдың сіңірлі, тарамыстай білегін ауыз толтыра, оңдырмай қыршып алды. Қою, қара қошқыл қан зу ете түсті.
- Ах, ты сучка. За это сейчас с тобой отквитаюсь!
Қолының ауырғанынан бір сәт босаңсып қалған Григорийдің шеңгелінен сытылып кеткен қыз жартылай жалаңаш күйінде қаша жөнелді. «Қорқаулардан құтылсақ екен». Жанталаса жүгіріп келе жатып:
- Люба, вырвись. Убегай!- деп, шырқырай айқай салды.
- Вырвишься... А я тебя разорву...- деген Кислицын жанұшыра далбасалап бара жатқан қызды оншақты қадамнан соң-ақ қуып жетіп, аяғынан қырқа шалды. Қалпақтай ұшып түсіп, ауырсынғаннан сұлқ жатып қалған бейбақтың шашынан сығымдай ұстап, әлігіндегі тал түбіне қарай дырылдата сүйрей жөнелген зорлықшылдың әрекеті – дәрменсіз лақты тартқан қорқау қасқырды көзге елестеткендей еді.
- Керегі жоқ. Керегі жоқ, ағатайлар. Сендердің де біз сияқты қарындастарың бар шығар...
- Екеуміз де әлі пәкпіз. Аяй көріңдер!- деп, шырқырай жылаған қыздардың құлындағы дауыстары екі аяқты хайуандарға шыбын шаққандай да әсер етпеді.
- Біреулер ластап кеткен қалдық емес, пәк болғандарың бізге жақсы...
Шамаларының жеткенінше арпалыса қарсыласқан ауыздарынан ана сүтінің дәмі әлі кетіп үлгермеген қос сәбидің үстіндегі киімдерінің парша-паршасы шығып, әр жерде шашылып қалды.
Енді бір сәтте екеуінің де: «мама, мама, спаси! Ой, больно...» - деген дауыстары бірі-бірінен оншақты қадам ғана қашықтықта біткен екі шоқ талдың түбінен қатар шықты. Еш лыпасыз, анадан туғандай тыржалаңаш күйлерінде қыстығып, өкси жылаған қыздардың дауыстары талайға шейін сембей тұрды.
- Повезет, так повезет, старина. Кто подумал, что при старости нарвемся на цельных тёлок - деп, қарқылдаған Палкиннің сөзіне Кислицын де қосыла, дарақылана күлді.
– Давай, это дело отметим. Разливай...
Арсыз, жымысқы күлкілері мен өздеріне өздері бек риза түрлерінде, бейкүнә, шарасыз сәбилердің арына дақ, жүректеріне жара салу қиянаты емес, ата жауын қан майданда жеңіп, соған масайрап, шалқыған кейіп бар.
...Ертеңінде таңертең Ескелді ауылының табынын жаюға шыққан екі бақташы өзен жағасындағы жантүршігерлік оқиғаның орнын көргенде, көздері шарасынан шығып, шалқаларынан түсе жаздады.
Қайырым, мейірімнен жұрдай, «адам» деген аты болмаса, екі аяқты мақұлықтан еш айырмасы жоқ қос малғұн, балалық шақтың бал қызықтарына тойып та үлгермеген, шарасыз жатқан балғын бүлдіршіндерді түні бойы кезектесіп, бірнеше реттен ауыстыра қорлаған еді. Жабайы, аюандық құмарлары тояттаған соң, ес-түссіз, тыр-жалаңаш қалпындағы екеуін сол жерге тастап, таң біліне өз жөндеріне кеткен болатын.
Ата - анасының үміт етіп, әлпештеп отырған қос тал гүлі ерте умаждалып, лас аяқтардың астына тапталып қалды. Мәпелеген қызғалдақтары толық ашылып үлгермей, мезгілсіз солғанына жақсыны да, жаманды көп көрген көне қария - қасиетті Қаратал қапалана күрсініп, ағысынан жаңылғандай еді. Екі аяқты хайуандардың, адам айтса сенгісіз, жантүршігерлік қатыгездігіне жер-ана қарс айырылып жұтып кетпей, сол малғұндарды қалай ғана көтеріп тұр екен десеңші...
Өмір үшін айқас
Бүкіл Қаратал өңірінің жұрты үрей құшағында. Күн құрғатпай жасалған қылмыстардың толастар түрі көрінбейді. Ұрлық-қарлық, кісі тонау, үй үптеп кету мен мал ұрлығы дегендерің ушығып тұр. Қылмыскерлердің елді де, құқық қорғау органдарын да көзге ілмей, әбден басынғандығы сол емес пе, бұрындар «түн қараңғылығын пайдаланған қарақшылар қалтарыста пәлен деген әйелді зорлап кетіпті» сынды жайсыз хабарлар анда – санда ғана естіліп жатушы еді, міне, қылмыстың бұл түрі де көбейіп кетті. Әйелдерді былай қойып, он екіде бір гүлі ашылмаған, көрер қызықтары алда апалы-сіңлілі оқушы екі қызды зорлап, қорлап, ағаш арасына ес-түссіз тастап кеткендері ел ішіндегі үрейді, жел үрлеген өрттей кеулетіп, өршітіп жіберді.
...Аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Асхад Жұлынов қылмысты анықтау, іздестіру, тергеу қызметіндегі офицерлерді, криминалистер мен учаскелік инспекторларды тағы да жинап, шұғыл кеңес өткізіп отыр.
- Қорқыныш құшағындағы Қараталдың халқы түнде далаға шығудан қалды. Қылмыстың құрық бермей, күн өткен сайын түрленіп, күшейіп тұрғаны мынау. «Қылмыскерлер ұсталмады» деп, қол қусырып, шарасыздық танытып отыра бермекпіз бе?
Кеше ғана аудан орталығындағы жалғыз тир түн ішінде тоналып, төрт бірдей ауа қысымымен атылатын мылтық қарақшыларға қолды болды. Көр де тұр, спорт бәскекесі үшін пайдаланылатын сол мылтықтар күні ертең қайта жасалып, кісі өлтіретін суық қаруға айналып шыға келеді. Қылмысты іздестіру бөлімінің бастығы, майор Нұрахметов, сіз не айтасыз?- деп, басшы Ержанға тіктеле қарады.
Жайшылықта ресмилікке онша бармай, әріптестерін «жігіттер», немесе, «Қанат, Самат» деп аттарын атап сөйлесе беруші еді, аудандағы мына шырмауықша шиырланған қылмыстық жағдай ресми сөйлесуге амалсыздан итермелеп отыр.
- Көзбояу ретінде жалғыз-жарым адамды түн құшағына ендіріп, қашықтықтан аңду салып та көрдік. Айламызды түсініп қойғандай, қылмыскерлер ол адамдарымыздың маңына жоламай, тағы да ауа қармап қалдық. Алайда, жіптің бір ұшығын ұстағандай болып отырмыз. Сол варианттарды бүгін – ертеңдер іске асырсақ, бұйырса, қылмыскерлер қолға түседі деген ой бар.
- Бұл жорамал ғана ма? Жоқ әлде, шын мәнісінде жіптің бір ұшы қолға ілікті ме?
- Жорамал емес. «Асамай жатып, құлдық» айтпай - ақ қояйын. Бірақ, тап осы операциялардан кейін ісіміздің нәтижесін көріп қалармыз, жолдас подполковник.
- Кешіріңіз, подполковник мырза. Тағы да қылмыстық оқиға. Абылай хан көшесіндегі тир маңында екі әйелді белгісіз біреулер тонап кетіпті - деп, ішкі істер бөлімі кезекшісінің есіктен асыға кіріп, баяндауы шұғыл кеңесті үзіп жіберді.
... Қаратал аудандық ішкі істер бөлімі шұғыл тергеу тобының мүшелері: қылмыс іздеу бөлімінің полиция аға лейтенанттары Сергей Зубарь мен Эдуард Ким, шұғыл қызмет кезекшісінің көмекшісі, аға лейтенант Мерген Арбаев қару сақтау бөлмесінен «Макаров» табелді қаруларын алысымен, кезекші машинаға жүгіре келіп отырды.
- Сержант Қаратаев, Абылайхан көшесі бойымен теміржол бекетін бетке ал!- деген бұйрық берілісімен, көлік орнынан жұлқи қозғалды.
Морозов атындағы нөмірі елу бірінші мектептің стадионы тұсына жете бергенде, машинаның жарқыраған фарынан байқалды: футбол алаңын бетке алған бір топ адам жарық сәуледен қорғалақтай қашып барады.
- Бұлар тегіннен тегін бой тасалап бара жатқан жоқ. Солар екені анық. Эдуард екеуіміз арттарынан қуамыз. Мерген, сен осы көшенің бойымен олардың алдын кес!- деп Зубарь бұйрық беріп үлгерді.Сезікті топтың соңынан бастырмалата қуған тәртіп сақшыларының:
- Стой! Полиция! Стоять! – деген әмірлі дауыстарына құлақ аспаған топ екіге жарыла қашты.
Мектеп стадионын қақ жарып өтіп, Пушкин көшесіне бет түзеген екеу - Кислицын мен кәмелетке толмағанымен, өгей әкесі Григорийдің баулып, бөлтірікше ауыздандыруының арқасында қылмыс әлемінің қыр – сырына бойлап, талай түнгі жорықтарға қатысып үлгерген ұлы Леха - Алексей Перов еді. Мектептің баскетбол алаңына қарай жанұшыра қашып бара жатқандар - Юрий Палкин мен оның он тоғыз жасар інісі Женя болатын.
Аға лейтенант Зубарь қашқындарға жетуге таянған кезде, оның жақындап қалғанын сезген Григорий стадион шетіндегі жуан ағаштың тасасына жасырынып үлгерді. Енді бір сәтте, қашан, қай жерден алып үлгергенін қайдам, Кислицынның қарулы қолдарымен сығымдай ұстаған жуан сойылы Сергейдің қос тізесіне бірдей сарт ете қалды. Қашқынның жасырынғанын аңғармай, қатты ағынмен зулап келе жатқан қуғыншы, орақпен орғандай, етпетінен сұлап түсті. Ағайынды Палкиндердің соңына түсіп, қуып келе жатқан Эдуард әріптесі Сергейдің құлап түскенін көз қиығымен көріп қалған болатын. «Иттер, жазым қылмаса игі еді!»
- Стоять! Буду стрелять на поражения! – Қаруымен екі рет қатарынан аспанға атып-атып жіберді. Алдындағы қашқындарды жайына қалдырып, Зубарьға көмекке ұмтылған Эдуардтың артынан да «гүрс» етіп атылған дауыс естілді. Бұл – ПСДН-254 ракетницасымен Кимді көздей атқан Юрий Палкиннің ісі болатын. Әбүйір болғанда, ракетница Эдуардқа тимей, сол жағынан жанай өтіп кетті. Жақын қашықтықтан атылған қару полиция қызметкерін жаралап, тіпті, жанды жеріне тисе, жазым қылып жіберуі кәдік еді. Ракетницамен атып өлтірген жағдайлар өмірде талай болған.
...Аға лейтенант Мерген Арбаев әріптестері арасында өз кәсібіне құлай берілген қабылетті, жауапкершілікті терең сезінетін қызметкер ғана емес, облыстық жарыстарда аудан намысын абыроймен қорғап жүрген жақсы спортшы ретінде танымал. Қарындары шерниіп, бұғанақтары салбырап, «ырс-ырс» еткен полиция қызметкерлерін көргенде: «мына түрлерімен қылмыскерлерді қалай құрықтамақшы» деп, кәдімгідей – ақ, ашуы келетін.
Пушкин көшесі жақтан жүгіре шыққан екі адамның сұлабасын Мергеннің қырағы көздері анадайдан шалды.
- Тоқтаңдар! Полиция! – деп, талай жарыстарда жүлде әперген өзінің сүйікті қаруы «макаркасымен» ескерту ретінде аспанға атып жіберді. Жанұшыра бой тасалаушылар – сойыл соққысынан жарақаттанған Сергейге көмекке келіп үлгерген Эдуардтан қашып бара жатқан Кислицын мен оның ұлы Леха болтын. Қос қашқын полиция қызметкерінен құтылмасын сезіп, Абылайхан көшесі бойындағы аудандық баспахананың бетон дуалынан әрі қарай қарғып-қарғып кетті. Аға лейтенант сақтық үшін қашқындар секірген жерден емес, оншақты қадам әріректен ішке ырғып түсті. Сонысы абырой болған екен. Григорий секіріп түсісімен, екі жүзі бар жалаңдаған өткір пышағын қынынан суырып, дуал түбінде: «твой час настал, мент поганый» деп күтіп тұрған болатын. Ойы: қуғыншыны секіріп түскен бойда, өзінің сенімді әдісі - қос жауырын ортасынан қанды қаруын бойлата сұғып, жанын жаханамға жібере салу. Бұл қулық-жоспары іске аспағанына намысы келген әккі қылмыскер пышағын кезеген күйі Мергенге ақыра ұмтылды.
- Өміріңмен қоштас, мент!
Шабуылшының тұтқиылдан, көз ілеспес шапшаңдықпен тап бергендігі соншалықты, полиция қызметкері әлігінде, дуалдан секірер кезде кабурасына салған тапаншасын суырып та үлгермеді. Ай жарығымен суық қару «жарқ» ете қалды. Жолбарыстың ептілік, әбжілдігімен Мерген артқа ытқып кетті. Денеге дарымай, кеңірдек тұсынан, ай жарығымен жалт етіп өте шыққан ажал қаруының, кәдімгідей, «ы с-с» еткен даусы қандай суық еді! Бейне, улы жыланның шағар алдындағы жан түршіктірер ысылы дерсің! Талай жаттығуларда ерінбестен, таптауырынды етіп, көз ілеспес жылдамдықпен орындап жүрген тап осы тәсіл болмаса, ел тыныштығы қызметкерінің кеңірдегі қиылып, қызыл қанға бояла, қырылдып жатуы кәдік еді.
- Ах ты, пацан. Еше умеешь сопротивляться! – Ешкімге есе жіберіп көрмегендіктен, онысын өзі мақтан тұтып жүретін «кислый» ашуға булыға мысықша ырғып, пышағын екінші қайтара сілтеді. Қарсыласы қаруын сілтеген сәтте өзіне жеткізбей қағып үлгерген Мерген оның пышақ ұстаған оң қолын самбо әдісіне салып қайырып жіберді. Қару үшін ғана емес, енді өмір үшін айқас басталды. Қылмыскер төбелестің сан түрін меңгерген әккі және дене күші басым болғанымен, аға лейтенант Арбаев та қаруды дарытпау, қарсы шабуылдау, қорғану сияқты жауынгерлік тәсілдерге жетік. Бірін бірі еңсере алмай, итжығыс түсіп жатқан тұста,Мерген не болғанын түсініп те үлгермеді. Басына тиген ауыр соққыдан аспан шыркөбелек айналып, бүкіл дүние төңкеріліп жүре берді. Бұл – баспахананың үйіліп жатқан отыны арасынан жуандығы білектей сойылды апыл-ғұпыл жұлып алып, арт жақтан мысықтабандай келе,Мергеннің басынан құлаштай соққан Григорийдің өгей ұлы Леханың ісі еді.
- Молодой, а сильный и ловкий гад...- деп, ентіге, қырылдай сөйлеген Кислицын ес-түссіз жатқан полиция қызметкерінің жанынан тезірек жылыстьап кетуді ойлап, жемтіктесіне «кеттік» дегендей ым қақты...
Көмескі із
Ержанның мектеп қабырғасынан кейін таңдап алған мамандығы педагог болғанымен, мұғалім болып бір күн де қызмет жасаған жоқ. Талдықорған индустриялық – педогогикалық техникумын бітірісімен, сол жылдың күзінде Кеңес Армиясы қатарына азаматтық борышын атқаруға шақырылды. Душанбе қаласында әскер міндетін атқарып жүргенінде жауынгерлік-саяси дайындықтың үздігі, жақсы спортшы, саяси сауаттылығы жоғары жауынгер екендігімен дараланды. Өзіне жүктелген тапсырманы жауапкершілікпен, мүлтіксіз орындайтын ұқыптылығымен көзге түсіп, арнайы оқуына бармай-ақ кіші сержант шенін алған-ды. Кейіннен, сержант, аға сержант шеніне көтерілді. Борышын атқарып келісімен есепке тұру үшін Қаратал аудандық әскери комиссариатқа бас сұққан. Құжаттарымен танысқан майор оған күтпеген ұсыныс жасасын.
- Аға сержант Нұрахметов, тыныштық сақтау қызметіне, яғни милицияда істеуге өзің сияқты сенімді, білімді де жауапкершілігі жоғары азаматтар қажет. Оған адам таппай отырғанымыз жоқ. Алайда, адамның да адамы бар. Өзіңді сол қызметке лайық көріп, қолқа салайын деп отырмын,- деген әскери комиссар Ержанның бетіне сынай қарады.
- Жолдас майор, менің бітірген оқуым педагогтық. Тыныштық сақтау қызметінде істейтін арнайы білімім жоқ-қой.
- Қай оқу орнын тәмамдағаныңды да, неге бейім екендігіңді де, сен айтпай-ақ, құжаттарың мен әскери бөлімің берген мінездемеден біліп отырмын. Сен бойында күш-қуатың тасып тұрған жассың. Өзің комсомолсың. Жалынды жастық шағыңда елің үшін ерінбей, қай жерге көбірек пайдаң тисе сол жерде еңбек етуің керек. Отан жөнінде батыр Бауыржан атаңның не дегенін білесің бе?
- Отан үшін отқа түс – күймейсің...
- Міне-міне. Оны өзің де біліп тұрсың. Жарайды., мен тап қазір жауабыңды бере-ғой деп отырғаным жоқ. Дұрыстап ойлан. Қабырғаңмен кеңесіп, ата-анаңмен ақылдас – деген майор жас жігітке ой салып, үлкен сенім білдіре шығарып салған.
Арада жарты ай өткенде, әскери комиссариаттың ұсынысы мен аудандық комсомол комитетінің жолдамасы бойынша, аға сержант Ержан Нұрахметов Қаратал аудандық ішкі істер бөліміне қызметке алынған еді.
Қызметін ІІБ кезекшісінің көмекшілігінен бастаған ол, жауапты кезекші, учаске инспекторы, тергеу, қылмысты іздеу сияқты қызмет сатыларының бәрінен өтіп, үлкен тәжрибе жинақтады. Өзінің ізденімпаздығы мен «істің ұсақ-ірісі болмайды» деп, бәріне асқан жауапкершілікпен қарауы нәтижесінде, ашылмай жатқан күрделі істердің көбісін басшылық Ержанға тапсырады.
Қызметте беделі солай болса, әріптестері ғана емес, аудан тұрғындары оның жанұясындағы өзара сыйластық пен түсіністік ахуалына қызыға да қызғана қарап, үлгі тұтады. Жан-жары Сәуле білімнің алып шаңырағы – Абай атындағы Қазақ педагогика институтын қызыл дипломмен бітіріп, содан бері тапжылмай бір орында - аудан орталығындағы нөмірі он үшінші мектебінде ширек ғасырдан бері математика пәнінен дәріс беруде. Оның қаншама шәкірттері аудан, облыс қана емес, Республикалық пән олимпиадаларында жеңімпаз, жүлдегер атанып, ұстазының төбесін көкке жеткізіп қана қоймай, мектептің атын әйгіледі.
Тәуба, тату-тәтті, ауызбірлікте өмір сүріп жатқан ерлі-зайыптылардан өрген қос көгершіндері білім, тәртіп, ізденімпаздық мәселесінде ғана емес, жас болса да, адамгершілік, кішіпейілділік пен жауапкершілік қасиеттерінде де жерге қаратып көрмепті. «Білім» демекші, тұңғыштары Арайлым мектеп қабырғасынан кейін Алматы Мемлекеттік Университетін, одан кейін сол білім шаңырағының магистратурасын қызыл дипломмен тәмамдады. Қазір анасының жолын қуып, Алматыдағы Қазақ-Американ университетінде ұстаздық етуде.
Қазақ өзі ырымшыл халық емеспіз бе, жерлестері - Алакөл ауданының Қарлығаш ауылынан түлеп ұшқан атақты жазушы, қоғам қайраткері Әнуар Әлімжанов ағаларындай болсын деп, соның құрметіне Әнуар атаған ұлдары ата-ана сенімін ақтап қана қоймай, жазушы ағасының атына кір келтіріп көрген емес. Мектепті алтын белгімен аяқтап, Алматы қаласындағы Қазақ – Британ Университетінен қызыл диплом алып шықты. Сол жылы Ұлыбританиядан магистратураны да үздік тәмамдады. Қазір Астанада Ғылым және Білім Министрлігінде Басқарма бастығы лауазымындағы қызметін абыроймен атқарып жүр. «Жас, жас та болса - бас» деген осы да!
...Ішкі істер бөлімі бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Асхад Жұлыновтың жаңа жыл қарсаңындағы қызметтік лездемесінің соңындағы тұжырымы қысқа болды:
- Биыл ешқандай да балмаскарад өткізілмейді. Ауданымыздағы қылмыс ахуалы мынандай шиеленісті жағдайда болып тұр. Ел-жұрттың бізге деген өкпесі қара қазандай болып отырғанда, не бетімізбен тойлаймыз?
- Қылмыстық ахуалға сәбилердің қатысы қанша? Оларды жылына бір келетін шырша тойы қызығынан айыруымыз қаншалықты әділетті болмақ... – деген наразылықтар әр жерден айтылып қалды.
- Балаларыңыз мектептегі шырша мерекесімен шектеледі де. Маған қайт дейсіңдер енді...
Жеке құрам мен келісім-шарт бойынша істейтін ұжым мүшелері бастық кабинетінен көңілсіз тарқасты.
Күнәсіз періштелер – сәбилердің тілеуін құдай беріп, бастықтың өз бұйрығын көп кешікпей қайтып алып, шырша тойы қызықты да көңілді түрде ішкі істер бөлімінде өткізілетінін бұл кезде ешкім білмеп еді.
...«Мұнайөнімдері» кәсіпорнындағы осымен екінші рет орын алған қант ұрлығы бойынша жұмыс жасап жүрген Ержан шапқылап, аяғынан таусылып бітті. Оқиғаны көрген, білген тірі жан жоқ. «Осылар болуы мүмкін-ау» деген бұрын сотталғандардың да тамырын басып байқады. Ешбір ілік қолға ілінбей тұр. Із кесіп көрген. Мына сұмдықты қара! Пәлекеттер, ұрлық орнынан шыққаннан-ақ трактор тіркемесінің артына - екі жағына бірдей ағаштың үлкен бұтақтарын байлап алғаны анық байқалды. Көлік қанша жүрсе де тарбиған қалың бұтақтар трактор мен тіркеменің ізін қолма-қол сыпыртқыша сыпырып, жойып отырған. Даңғыл жолға шығысымен бұтақтарды ағытып тастап, әрі қарай жол тартыпты. «Кәззаптар. Осы ақыл, осы қабілеттерін қылмысқа емес, ел-жұртқа пайда келтіретін ізгі іске жұмсаса-ғой. Енді іздеп, тауып көр, бір мая шөптің ішінде жоғалған инені. Машинасы бар, тракторы бар, даңғыл жолда қайшы алысқан жүздеген көліктердің арасынан керек ізіңді айырып ал, ізшіл болсаң...
«Тышқан ізіндей болса да із қалдырмауы мүмкін емес. Бұрылыс, қиылыстарды қайта мұқият қарап шығу керек»,- деп ойлаған майор әлігінде тексеріп өткен жолдармен кейін қарай жүрді. Бұрылыс, қалтарыстардан бір ілік тапсашы, бәрі таза. Қуантарлық ештеңе байқалатын емес, «Опа. Стоп!» Тар көшеден үлкен жолға түсер бұрылыста тіркеменің оң жақ дөңгелегінің ізін «сыпырғыш» сыпырмай, «ұмыт қалдырыпты». Бар-жоғы он бес-жиырма сантиметр көлеміндегі із сары топыраққа көмескі болып түскен. «Ия, құдайым, сәтін сала көр» - деп күбірлеген ол папкасынан жалма-жан қағаз, қарындашын суырып алды. Қуанғаны соншалықты, былғанып қалуды да ойламастан, сары топырақ жолға кілемге отырғандай жәйлана жайғасты. Бала кезіндегі сурет салуға икемдік қасиеті іске асар деп кім ойлаған, көмескі із бедерін асықпастан, мұқияттап қағаз бетіне түсіре бастады.
Қалаға жанама орналасқан Фрунзе учаскесіндегі ескі танысы Николайдың ауласына кіргенде, үй иесі Ержанды қуанышты жүзбен, күле қарсы алды.
- О, наш любимый участковый, добро пожаловать! Какими судьбами? – деген ол, келген қонаққа мазут сіңген алақаны күректей қолын ұсынды.
Бұл Николайдың қылмыс іздеу бөлімінің бастығын «наш любимый участковый» деп, жылы, сыйластық сезіммен атайтын өзіндік себебі бар.
Алғаш милицияда істеп жүрген жылдары аудан орталығы – Үштөбе қаласы мен осы Фрунзе бөлімшесінде учаске инспекторы лауазымында табан аудармай төрт жыл істеген болатын. Ұрлық-қарлығы көп, екі күннің бірінде араққа тойып алып төбелесу, тағы да басқа қылмыстық ахуалы өршіп тұрған бұл учаскеде тәртіп орнату үшін Ержан табанын тоздырып, талай тер төккен. Сол келеңсіздіктердің қызу ортасында арақ ішсе өрекпіп, қызбалыққа салынатын, оның соңын қоян-қолтық айқасқа айналдыруды жақсы көретін осы Николай жүретін-ді. Сондай бір масаң күйде көршісін соққыға жығып тастаған мұны учаске инспекторы ішкі істер бөліміне апарып қамаған. Ертеңіне сауығып, жынынан айырылған бақсыдай, сүмірейіп тұрған Николаймен Ержан сүт пісірім уақыт әңгімелесті. Кітаптағы Қылмыстық Кодекстің баптарын көзіне шұқығандай етіп көрсетіп:
- Міне, көпшілік орнында арақ ішкеніңнің өзі бір қылмыс. Мас күйінде қоғамдық тәртіпті бұзып, шу шығарғаның – екінші қылмыс. Ол аздай, жазықсыз біреуді соққыға жығып, денесіне жарақат салдың. Қылмыс Заңының мына тармақтары бойынша сот сені ең аз дегенде үш жыл бас бостандығыңнан айырып, түрме ботқасының дәмін татуға үкім шығарары анық,- деп толтырылған ресми қағаздарын оның көз алдына тосқан болатын.
- Жолдас лейтенант, мен сотталсам, шиеттей үш бірдей балаларым не болады? Бір жолға кешіріңіз. Мені болмаса да, үш балапанымды аяй көріңіз...
- Осыны арақ ішпей тұрып неге ойламадың? Үш бірдей сәбиің бар екенін, оларды асыраушы тек өзің екенін жаңа біліп отырсың ба?
- Қарғыс атқыр арақты енді аузыма алсам, құдай ұрып кетсін. Тап осы жолғы қылмысымды кешіріп, түрмеден аман алып қалыңызшы. Ер-азамат ретінде енді қайталамауға уәдемді беремін – деп, балаша еңкілдеп тұрып жылаған-ды.
Ержан оны жәбірленушімен беттестіріп, татуластырған соң, айыппұлмен құтылған Николайың азамат екен, сөзінде тұрды. Арақтың өзіне жақпайтындығына көзі жетті ме, жоқ әлде, уәдеге беріктіктен бе, мүмкін балаларын жанындай жақсы көріп, солардың келешегін ойлағандықтан ба, әйтеуір, содан қайтып ішімдік атаулыны аузына татып алған емес.
...Трактордың қай жерінде қандай ақау барын даусынан-ақ айырып, қолма-қол диагнозын қойып, оны демде жөндеп беретін таптырмас маман – Николайдың аты ауданға тарап, даңқы дүрілдеп тұрған. Көліктерінің ақауының себебін біле алмай қорлық көріп, тұғырыққа тірелгендердің бәрі, бірі-бірінен естіп, жөндету үшін осы Николайды іздеп табады.
Ал, достым, сенің көмегің маған ауадай қажет.
- Менен көмек керек болса, сен үшін әрқашан дайынмын-ғой, Ержан Құмарұлы. Қандай қиындық бар? – деген ол ағаш орындықты қонағының астына қойды.
- Сен қаладағы, тіпті бүкіл аудандағы трактор атаулыны бес саусағыңдай білесің...
- Тым асыра мақтап жібердің-ау. Жарайды, айта бер. Қолдан келгеннің бәрін жасаймыз.
- Мына сызбадағы трактор дөңгелегі ізінің иесін табу үлкен мәселе тудырып тұр,- деген Ержан папкасындағы қағазын шығарып, Николайдың қолына ұстатты.
- Мынауың трактордың емес, тіркеме дөңгелегінің ізі-ғой,- деген маман қағаз бетіне тесіле қарап қалған.
- Да, сложную задачку ты мне задал.
Сызбаға кемінде он бес минут үнсіз, үңіле қарап ойланған ол:
- Егер қателеспесем, мынау «Правда» шаруашылығында жұмыс жасайтын Дима Гусковтың тіркемесіндегі дөңгелектің бедері. Түнеу жылдары ол екеуміз «Ауылтехника» мекемесінен тыңайтқыш тасыған болатынбыз. Сондағы трактор тіркемесінен көрген бедер, құдай мені есімнен жаңылыстырмаса, тап осы.
- Бәрекелді, Дмитрий, сен маған таудай үлкен көмек көрсеттің. Бұл жақсылығыңды ешқашанда ұмытпаспын.
- Ержан Құмарұлы, түрмеге жол тартқалы тұрғанымда, мені құтқарып алған жақсылығыңның жанында, менің көрсеткен болымшы қызметім түкке де тұрмайды,- деген Николай майордың қолын құшырлана қысып қоштасты. – Көмек керек болса, қысылмай келе бер. Рахымды адамдар үшін менің үйімнің есігі әрқашан ашық.
Ел ішінде «пьяный поворот» аталатын, Үштөбе қаласының батысындағы «Западная» көшесінде тұратын Гусковтың үйіне Ержан түс қайта келді. Науқанның қызып тұрған кезі болғанымен, трактор аулада қаңтарылып тұр.
«Ой, оңбағандар-ай! Бұл араққа тәуір қарайтындарға дауа жоқ-қой. Құдай біледі, шаруашылық басшылары қазір техника, жұмыс күші жетіспегендіктен, бір қолын екі ете алмай, аласұрып жүр. Екі күннің бірінде ішіп, арақтан аузы құрғамайтын Дмитрий тағы мас болып жатқан шығар»,- деген ойдың жетегіндегі қылмыс іздестіру бөлімінің бастығы майор Ержан Нұрахметов МТЗ-80 тракторы мен артындағы тіркемесін зер сала қарауға кірісті.
«Бәрекелді!» Тіркеме дөңгелегінің бедері мен әлігінде өзі қағазға көшіріп алған көмескі іздің сызбасы бірдей. «Қателесіп, ұятқа қалып жүрмейін» деп, екінші, үшінші рет қайтара салыстырды. Тура сол! Дәл өзі! Тіркеме қорабының іші сыпырылған ба, жоқ әлде, мұқияттап жуылған ба, әйтеуір тап-таза.
«Қандай жүк тасыса да қорапта шаң-тозаң, тиелген жүктің қоқым-соқымы сияқты бір белгілері қалушы еді. Мынаның қорабы жылан жалағандай. Соған қарағанда, жасалған қылмыстың ізін жасырудың далбасасы болар. Әйтпесе, бұлар қай бір тазалығы асып, көліктеріне көңіл бөліп жүретін жандар».
Осы оймен кілтсіз ғана жаба салған трактор есігін айқара ашты. Тап-таза! «Мұндай кіршіксіз тазалық мүмкін емес. Бір шикілік бар». Ашық жерден күдік аларлық ештеңе таппаған Ержан жүргізушінің аяқ астына тасталған резеңке төсенішті көтеріп қалды. Аяқ басар резеңкенің асты шашылған аппақ қант!
«Уай бәле! Бәсе, түйсігім алдамаса керек еді!»
- Гусков, тұрыңыз! Ұйқыңның уақыты аяқталды! – деген зілді дауыстан Дмитрий шошып оянды.
Үстіне төне қарап тұрған майор погондағы полиция қызметкерін көргенде, бір сұмдықтың тақалғанын сезгендей, сасқалақтап қалды.
Не болды? Сіз мұнда не істеп жүрсіз?
Тез жиналыңыз. Бөлімге барып сөйлесеміз.
Ал дегенде абдырап қалғанымен, өзіне өзі келіп үлгерген Гусков «қорғаныстың ең тиімді түрі - шабуыл» қағидасы бойынша айқайға басты:
- Тұтқындау үшін қолыңызда прокурордың санкциясы бар ма? Жоқ екеніне сенімдімін. Мен шағымданамын!
-Заңды жақсы оқыған болсаңыз: Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодексі 132-бабының 1-тармағы негізінде, қылмысқа қатыстылығыңызды анықтау мақсатында ішкі істер бөлімінде үш тәулікке дейін ұстауға қақымыз бар екенін де білуіңіз керек.
Сырт көзге сыр бермегенімен, жүрегі су ете түсіп, «біткен жерім осы шығар» деген қорқынышты ойдың жетегіндегі Гусков шарасыздықтан, асықпай, жайлап киіне бастады...
Қазақстан Республикасы атынан...
«Кислый» бандасының соты аяқталыпты! Бүгін үкім оқылады екен!» – деген хабар сымсыз телефон – ұзынқұлақ арқылы алақандай ауданға тез тарап кетті.
Аудандық сот ғимаратының алды ығы-жығы халық. Мұрты тебіндеп жаңа өсіп келе жатқан жасөспірімді де, шекесіне бантигін қондырып алған сүп-сүйкімді, лақша секіріп ойнап жүрген бүлдіршін қыздар мен еңкейген кәрі қартты да осы жерден кездестіруге болады. Енді қайтсін, бірінің әкесі, бірінің «іштен шыққан шұбар жылан» - баласы, енді бірінің күйеубаласы дегендей, әрқайсы өз адамының жыртысын жыртып, соттың неғұрлым жеңіл жаза қолдануын құдайдан тілеп, балға үймелеген сансыз көп арадай, ғимарат төңірегін торуылдап жүр.
Сот отырысы хатшысының ғимарат алдына шығып:
- Ішке кіріңіздер. Сот процесі басталады – деген сөзі естілісімен, сырттағы жұрт сот залына лап қойды. Бірі-бірін итере кимелесіп, әрқайсысы алдыңғы қатардағы орындықтардан орын алуға ұмтылып жатыр.
- Тыныштық сақтаңыздар. Ақырын, орын бәріңізге жетеді.
Көп кешікпей, қару асынған айдауылдар қолдарына кісен салынған тұтқындарды сот залына бір-бірлеп кіргізіп, темір тордың арғы жағына жайғастырды.
Тордың есігі «шиқ» етіп жабылды да, аузына әдеттегідей салдыр-гүлдір етіп, жұдырықтай құлып салынды.
Темірмен торланған терезелер шалқасынан ашық тұрса да, ішке лүп етіп кірген жел жоқ. Зал іші пеш жағылған қазандай қайнап кетті. Тамыздың ыстығы сыртта шыжғырып тұрса, адамға толы залдың іші ысымай қайтсін!
- Тұрыңыздар! Сот келе жатыр!
Бойы ортадан сәл биігірек, үстіндегі мантиясы өңіне ресмилік беріп тұрғанымен, түсі жылы сот отырысының төрайымы аяқтарын тық-тық басып сот залының төріне оза берді.
Бұл - әділеттің ақ Туын желбіретуші – сот қызметін Талдықорған облыстық сотында қарапайым сот отырысының хатшысы болып бастаған Биша Қожақұлқызы Арпабаева еді.
...Оқымағанымен, көкірекке тоқығаны көп әкесі Қожақұл шежірені шемішкеше шағып, қазақтың шығу тарихын жік-жігімен таратып беретін-білімдар еді. Жаз бойы бие байлап, қымыз сауады. Ауылдастары, әсіресе қарттар жағы «қал-жағдай сұрасуға, шежіре тыңдауға келдік» сылтауымен Қожақұлдың шаңырағына атбасын тіреп, қымыз ішіп, әңгіме көрігін қыздырады. Үйлеріне күн құрғатпай келетін, жантайып жатып қымыз ішіп, әкесімен әңгімелесіп тұратын Қалмолда ата осы үйге келген сайын: көр де тұр. Бұл майда сақау қара қызым сот болады - деп, Бишаны тізесіне еркелете отырғызып алатын. «Майда сақау» дейтіні де бекер емес. Жастайынан аурушаң болғандықтан, ешкім бетіне келмей, еркелетіп өсіргеннен бе, шолжаңдап, сақаулана сөйлейтінді әдет қылып алыпты. Оның үстіне «р» әрпіне тілі келмейді.
Алты жасқа толғанда: «барам да, барамның» астына алып, мектептің бірінші сыныбының табалдырығын аттайды. Бойы қысқа болғандықтан, төбесі партадан сәл ғана қалқыңқы қара қызды Роза тәтейі ең алдыңғы партаға жайғастырады да алғашқы сабақты бастап кетеді.
- Қане, балалар, кім санау біледі?- дейді тәтейлері алдындағы көздері жәудіреген балақандарына.
- Мен білем! – Орнынан атып тұрған Биша: би, екі, үш, төйт, беш – дей бергеннен-ақ, бүкіл оқушылар сыныпты бастарына көтере ду күледі.
- Сендей күлсеңдей, мен енді пайтаға отимаймын! – Қаршадай болғанымен, сыныптастарының өзіне күлгеніне намыстанып қалған қара қыз айқайды сала жылаған күйі мектептен шыға қашады.
Кешкісін бұлардың үйіне келіп, «оқушысының» алғашқы сабақтағы қызығын жырдай етіп әңгімелеп берген Роза ұстазға ата-анасы қосыла күліседі. Бишаның анасы Қатира да:
- Жарайды, кішкене өссін. Келесі жылы жетіге толғанда мектепке барса да оқып үлгерер - деген тоқтамға келеді.
«Бақ шаба ма, бап шаба ма» деген қазақтың асыл сөзінің жаны бар-ау, осы. Орта мектепті кілең беспен болмағанымен, кәмелеттік аттестатында үш пәннен ғана төрттігі бар, қалғаны «өте жақсы» бағамен аяқтаған балаң қыз құжаттары қолына тиісімен, білім қуып, арман қала - Алматыға жол тартты. Қазақтың атақты білім шаңырағы – Қазақ Мемлекеттік Университетіне құжаттарын өткізіп, мемлекеттік емтихандарды тапсыруға кірісті. Таңдаған мамандығы - заңгер болу. Ол мамандықты қалауының да өз тарихы бар.
Барлық емтихандарды ойдағыдай тапсырған Биша конкурс деген пәледе бір балы кем болып, «құлап» қалды. Мектептің белсендісі, оқу озаты және ұстаздарының: «міне, Арпабаевадан үлгі алыңдар» деп, мақтан тұтқан қыз ауылға чемоданын арқалап қайтқанды намыс көрді. Үй салумен айналысатын атақты АДК-ның: «жұмысшылар қажет» деген хабарландыруы бойынша комбинатқа сырлаушы болып жұмысқа кірді. Талаптанып, ерінбей-жалықпай еңбектенген жанның еңбегі еш болушы ма еді?! Жаз бойы істеп, әжептәуір үйреніп, алдыңғы қатарлы жас құрылысшылар санатына енген ол мақтау естіп, марапатқа да ілінді.
Сәби кезден суыққа төзімсіз Биша қыс түсе қайта-қайта ауыра берген соң анасы Алматыға барып, намысшыл қызын жұмыстан шығарып, ауылға алып келген болатын.
...Қалмолда нағашысының «ой, бұл қызым сот болады» деген жақсы сөзі сәби кезінен санасына сіңіп өскендіктен бе, тағдырдың жазмышы солай ма,оны қыздың өзі де бажайлап көрмепті, ешкімнен сұрамай, ақылдаспай автобусқа отырды да, іргеде тиіп тұрған облыс орталығы-Талдықорғанға жол тартты. Мақсаты – қалалық сотқа бару. «Сұрай-сұрай Меккеге де жетесің» деген халық сөзі рас екен. Бірақ, әркімдерден сұрастыра жүре келіп жеткен жері қалалық сот емес, облыстық сот мекемесі болып шықты. Алғашқы қарқынмен қорықпай, жүрексінбей келгенін қайтейін, ғимаратқа кірісімен денесі дірілдеп, бойын бір белгісіз қорқыныш па, үрей ме, әйтеуір сондай бір сезім билеп, дәлізде үн-түнсіз, сілейіп тұрып қалды. Біраз уақыт өткенде төр жақ бөлмеден ұзын бойлы, зор денелі славян түстес қарттың шыққанын көріп:
- Ағай, сот төрағасының бөлмесін көрсетіп жібересіз бе?- деп, жасқана тіл қатты.
- Сот төрағасы мен сияқты едім. Қандай шаруамен келдіңіз? Қане, кабинетке кіріп сөйлесейік,- деген төраға жылы жымиып, жаңағы өзі шыққан бөлмеге қарай жол бастады.
Сот дегенді сұсты, анау-мынауыңды менсіне қоймайтын, қатал адам деп көзге елестетін қыз таң қалып келеді. Түсі жылы, өзі әзілдесіп сөйлейтін қарапайым адам екен. «Сот төрағасымын» деп, қалжыңдап тұрған біреу емес пе?»- деген ой басында қылаң берді. «Кім болса да сөйлесіп көрейін».
Өзін «Сергей Сергеевич Дмитриенко» деп таныстырып өткен облыстық соттың төрағасы қыздың аты-жөнін, қай мектепті, қандай бағалармен бітіргенін тәптіштей сұрап, аттестатын көрді. Мұның оқудан жолы болмай, конкурстан «құлап» қалғанын, жаз бойы құрылыста сырлаушы болып істеген тарихын мұқият, зейін қоя тыңдап отыр.
- Болашақта қай оқу орнына баруды көздеп, қандай мамандықты таңдайтын ойыңыз бар?
- Келесі жылы сол оқу орнына қабылдану үшін емтиханға жатпай-тұрмай дайындаламын. Қайткенде де түсемін. Бірақ, бос жатпай, қыс бойы сіздерде жұмыс істесем деп едім...
- Бәрекелді! Алдына белгілі мақсат қоя білетін, соған жету үшін еңбектеніп, талпынатын жастарды мен жақсы көремін,- деген Дмитриенко сөзін әрі жалғады.
- Орысша таза сөйлейді екенсіз. Орыс мектебін тәмамдап па едіңіз?
- Жоқ. Мен қазақ мектебін бітіргенмін. Бірақ, орыс тілі мен әдебиетін сүйіп оқып, кілең бес алатынмын.
- Тіпті тамаша! Бізге неғұрлым екі тілді меңгерген қызметкерлер қажет.
- Сіздерге қызметке тұрсам, орысшаны бұдан да жақсы үйреніп алар едім...
- Онда былай болсын, Биша қызым. Сот отырысы хатшысының орны екі айдан кейін босайды. Оған шейін курьер болып істей тұруға қалай қарайсыз?
- Жақсы, Сергей Сергеевич. Мен қандай жұмыс болса да істеуге дайынмын.
- Дұрыс. Өте дұрыс. Ертеңнен бастап жұмысқа шығыңыз.
Жастайынан зерек, әр ісіне ұқыптылықпен қарап, тыңғылықты орындауға дағдыланған Биша өзіне сеніп тапсырылған міндетті тез меңгеріп алды. Келесі жылдағы жоғары оқу орындарына қабылдау уақыты таяғанда сот төрағасы бұл күтпеген ұсыныс айтсын:
- Биша, қызметіңізге жақсы төселіп, жұмысыңызды адал атқарып жүрсіз. Сіздей іскер қызметкерден мен ғана емес, бүкіл сот ұжымының айырылғысы келмей жүргенін несін жасырамын. Сондықтан, өзіміздің Талдықорған заң техникумының сырттай оқу бөліміне түсіп, осы қызметіңізді істеп жүре бергеніңізді қалаймын. Өмірдің жақсы-жаманы мен ащы-тұщысын көп көрген - майдангер, әкең санатындағы қария ретінде айтарым: өзіңіздің болашағыңыз үшін сол бірден бір оңды шешім болмақ.
- Жоғарғы оқу орнында білім алу арманым құр қиял болып қала бере ме сонда?
- Неге қиял болып қалады? Техникумды тәмамдаған соң институтқа да түсіп, сырттай оқып бітіресіз. Теориялық білімді тәжрибемен ұштастыра жүргізген адамнан жақсы маман шығатындығын сізге дәлелдеудің қажеті жоқ шығар?
Ата-анасымен ақылдасқан Биша төраға айтқан ұсынысқа тоқталып, сол жылы Талдықорған заң техникумына түсті. Үш жыл оқып, дипломы қолға тиісімен, өзіне бала кезден арман болған ҚазМУ-дың сырттай бөліміне еш қиындықсыз қабылданған болатын.
...Өтіп кеткен Кеңестік заманның кемшін тұстарымен қоса жақсы жақтары да жетерлік еді-ау. Қазіргі кездегідей, қызметке орналасу үшін біліміңмен қоса тамыр-таныстық, пәре беру мен жемқорлық сынды қылқұрттық әрекеттер болмайтын. Адал еңбекте өзін көрсетіп, білікті маман, моральдық қасиеттері мен жауапкершілігі жоғары азамат екендігін дәлелдеген жанды басшылық сенімен ақылдаспай-ақ кадрлық резервке қояды. Сол сыннан өткеннен соң лауазымың жоғарылайды.
Биша Қожақұлқызының сот отырысының хатшысы болып еңбек еткеніне тоғыз жыл толып, университеттің үшінші курсында оқып жүргенінде Талдықорған қалалық сотының аға сот орындаушысы қызметіне тағайындалды. Арада үш жыл өткен соң, ол кезде қазіргідей жеке нотариус қызметі жоқ, қалалық мемлекеттік нотариалдық кеңсесінің нотариусы лауазымына жоғарылатылды. Университеттегі дипломын ойдағыдай қорғап алған соң, Талдықорған облыстық әділет басқармасының бөлім бастығы лауазымына ауыстырылып, облыс бойынша нотариат қызметі мен кадр мәселесіне жетекшілік жасады.
Сол қызметінде жүргенінде, қарауындағы талай мамандарды тәрбиелеп, резервке қою арқылы судья етіп шығарған әділ де қамқор басшы – облыстық әділет басқармасының бастығы Серік Кәшкенұлы Байбатыров жоғары басшылық алдына Биша Арпабаеваның кандидатурасын судья лауазымына ұсынды.Сөйтіп,арада бір жыл өткен соң, осы Қаратал аудандық сотының судьясы лауазымына тағайындалған еді.
Қарап отырсаң, бәрі өзін-өзі тәрбиелеп, адал еңбек етуі, талаптанып оқуы мен ұдайы ізденісте жүріп, білімін жетілдірудің арқасы. Әке, көкелерінің тамыр-таныстығы, жоғарыдан соғылған қоңырау мен ақша арқылы лауазымға оңай жолмен іліккен шикі мамандар мен танауын көтерген дымсезбес маманрдар қаншама!
Биша Қожақұлқызы осы әркімнің қолы жете бермейтін қызметін, бірінші – Құдайдың қолдауы деп білсе, екіншіден, сонау жылдары үстіне құрылысшының жарғақ костөмін киіп, есік, терезе сырлап, бояу исінен қаншама рет уланғаны, соттың таусылып болмайтын сансыз қағаздарын қаланың қуыс-қуыстарындағы талай мекемелеріне зыр жүгіре жүріп тасыған, одан кейінгі лауазымдарында ізденіп, ерінбей еткен еңбегінің өтеуі деп түсінеді.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен тағайындалған аудандық сот судьясы лауазымын, өзіне берілген қызметтік артықшылық деп емес, Елбасының мұның иығына артқан үлкен сенімі мен салмақты жауапкершілік жүгі деп қабылдады. Сол сенімге селкеу түсіріп алмай, алдына әділеттің үстемдік етуін қалап, мұң-мұқтаждарының заң шеңберінде шешілетіндігіне үміт артып келген қарапайым адамдардың шаруасын еш кілтипансыз тындырып беруге барын салды. Тәуба, «Судья Арпабаева бюрократ екен, арызыма немкетті қарады». «Әділетсіз шешім, заңсыз үкім шығарды» деген сияқты жаман сөз артынан еріп көрген емес.
...Ұшқан шыбынның да ызыңы естілмей, бүкіл зал тым-тырыс. Бәрі сот отырысы төрағасының аузын бағып қалған. Бақпай қайтсін, жиналғандардың көбісі сот орындығына отырған онбір қылмыскердің бірінің ата-анасы, екіншісінің жары, енді бірінің бала-шағасы, дос-жарандары. Олар, әрине сотталушының жазасын жеңілдетіп, неғұрлым аз мерзім бергенін қалап, іштерінен құдайдан соны тілеуде. Екінші топ үйлері үптеліп, адал еңбекпен жиған-тергенінің, қоймаларының тоналып, бүкіл ұжым жабыла тапқан құндылықтырының қылмыскерлердің құлқынына құйылып, жер сипап қалғаны үшін жазаларын ауырлатып, сот төрағасының оларға неғұрлым қатаң жаза беруін тілеп отыр.
Алты айдан аса түнде жортқан қос аяқты қорқау қасқырлардан жапа шегіп, жеке бастары тоналған, зорланып, қорланған жандар қаншама! Солардың бәрі осы темір тордың арғы жағындағы мейірім, қайырымнан жұрдай, «адам» деген аты болмаса, хайуаннан бір де кем емес тіршілік иелерінің түрмеден шықпай, мәңгі қалуларын шын жүректен тілеуде. Зорлықшылдарға деген жеккөрініштілік пен өшпенділіктері көздерінен анық білініп, оларға заңның зауалын ғана емес, көктегі құдіреті күшті Құдайдың да қаһарының төгілуін бар болмыстарымен қалап отыр.
«... Қазақстан Республикасы атынан...
Алматы облысы Қаратал аудандық соты судья Биша Қожақұлқызы Арпабаеваның төрағалық етуімен, сот отырысының хатшысы Мейіркүл Омарбекованың, прокурорлар: Есім Базарханов пен Нүсіпбек Көшербаевтың, адвокаттар – Бақытбек Бәйсеиітов, Андрей Иванников, Тұрар Исқақованың қатысуымен, Үштөбе қаласында 2000-жылдың 25-тамызы күні ашық сот отырысында қылмыстық іс қарады.
Кислицын Григорий Андреевич - Целиноград облысы, Калинин ауданының Покров селосында туған. Ұлты орыс. Қазақстан Республикасының азаматы. Толық емес орта білімді. Еш жерде жұмыс жасамайды. Заңдылы некеде жоқ – азаматтық некеде тұрады. Бұрын бірнеше рет сотты болған - аса қауіпті рецидивист. Үштөбе қаласы Пронин көшесі 18- үйде тұрады.
Кислицын Григорий соңғы рет бас бостандығынан айырылған жерден 1999-жылдың 29- шілдесінде 1 жыл 6 ай 24 күн мерзімінен бұрын босанып шыққан. Алайда, бұрынғы алған жазаларынан тиісті қорытынды шығармай, түзелу жолына түспеген. Өзінің ағайындары мен таныстарынан, құрамына барлық саны онбір адам тартылған қылмыстық топ құрып, 34 қылмыс жасаған. Ұйымдасқан топты тікелей басқарып, қылмыс әрекеттерінің жоспарын өзі жасап, топтың әр мүшесінің міндеттерін белгілеген. Әр қылмысқа өзі белсенді қатысып, түскен ақшалай- заттай олжаны қылмыстық топ мүшелеріне бөліп беріп отырған.
Сот жәбірленушілер мен куәгерлердің жауаптары, қылмысқа қатысты айғақтық заттардың негізінде, сот-медициналық және криминалистік сараптамалардың қортындыларын, айыптаушы жақ пен қорғаушы жақтың дәлелдерін тыңдай келе, Қазақстан Республикасы Қылмыстық Процессуалдық Кодексінің 368-ші және 383-ші баптарын басшылыққа ала отырып:
Кислицын Григорий Андреевичті ҚР Қылмыстың Кодексінің 179-бап 3-бөлімінің «а , г», 178 - бап 3-бөлімінің «а,в», 175-бап 3-бөлімінің «а,в» тармақтары, 131-баптың 4-ші, 235-баптың 2-ші, 251-баптың 3-ші, 255-баптың 4-ші, 321-баптың 2-ші, 120-баптың 2-ші бөлімінде қарастырылған қылмыстар бойынша айыпты деп тауып, 16 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға;
ҚР Қылмыстық Кодексінің 60-шы бабының негізінде, бұрынғы соттылықта өтелмеген мерзімі қосылып, жиынтығында 18 жыл бас бостандығынан айырып, дүние-мүлкін тәркілеуге;
Жазаны ерекше режимдегі колонияда өтеп, оның 6 жылын түрмеде отыруға Үкім етті!»
Зәбір көргендердің нахақтан төгілген көз жасы мен назасы жіберсін бе, халыққа үрей туғызып, жазықсыз елді қан қақсатқан ұйымдасқан қылмыстық топтың басқа мүшелері - он қылмыскер де алды 15, арты 7 жыл бас бостандықтарынан айырылды...