Адам қарады: 238 | Жарияланды:

ГЕЯ

фантастикалық әңгіме

Сағат таңертеңгілік тоғыз кезі. Қалалық мәдениет үйінің алды толы қызылды-жасылды киінген қыз-жігіттер. Жастар топ-топ болып өзара сырласады, күбірлеседі, бір-біріне көз тастасады. Ауық-ауық тұншыға шыққан күлкі, зілсіз әзіл-оспақтар естіледі. Міне осы топтан жырылып, оқшау шетте екі қыз тұр.

Бірі спортшылар бітімдес тік денелі, қараторы сымбатты қыз Гея да, екіншісі сары шашты, сарғыш өңді жүзінен әлі балалық табы кетпеген аса нәзік қыз Элиза. Гея ұстамдылау, ойлы жанарымен айналаға жайымен көз тастайды. Ал, Элизаның жүзінен әлденеге деген тым абыржушылық, мазасыздықтың табы сезіледі. Жүрек қылын шым-шым қозғап таңғы ауаны баяу ғана тілгілеген эстрадалық сазды әуен ойнайды.

 

Кенет эстрада үні сап тиылып, жұртты ішке шақырған ұзақ қоңырау соғылды. Қыз-жігіттер лек-легімен ішке кіре бастады.

-Қорқып барам, - деді жүрек тұсын басқан Элиза Геяға сыбырлап, –мына жерімді ұстап көргін, дүрс-дүрс ұрып, тура ұясынан шығып кететіндей.

-Өзіңді ұста – деді сабырмен Гея.

- Сонда да қорқынышты-деді Элиза қайта сыбырлап.

- Сабыр сақта. Біз мұнда ойнағалы келгеніміз жоқ қой.

Гея Элизаның қолынан қысып ұстап ішке нық-нық адымдай ене берді. Зал жартылай толған екен.

– Жігіттер  оң  қанатқа, тек оң қанатқа, ал қыздар сол қанатқа отырсын-деп дауыстайды мінбедегі мосқал кісі микрофонмен. Шынында да сол қанатқа кілең қыздар жиналыпты. Ал, оң қанатқа көздерімен ішіп-жеп мөңтеңдеген ығай мен сығай жігіттер.

Қос құрбы қыздар жақтың орта тұсыннан орын алды.

Гея  аздан соң басын көтеріп, зал ішіне көз жүгіртті. Зал бейне мерекедегідей безендіріліпті. Әр тұсқа қойылған шоқ-шоқ гүл, топ-топ боп ілінген қызылды-жасылды шарлар көздің жауын алады. Түрлі-түсті жібек матаға жазылған ізгі тілек, жылы лебіз жарнамаларынан ес танады. Ал, сахнада... Геяның жүрек тұсы зырқ етті. Сахнаның тең жарымын алып самсаған көздері бар электрондық есептеу машинасы тұр еді. Сарапшы электрондық машина осы. Ал, оның оң жағында қатар қойылған бірнеше стол. Сірә, бұл комиссия алқасының орны болар.

-Анаң қара – деді кенет Элиза бұны түртіп, - анау маған қарап отырған бұйра бас жігітті айтам, сірә, өзі маған ғашық секілді.

-Не болса соны айтпашы. Гея өзі де жігіттер жаққа ұрлана көз тастады. Шынында да бұйра бас балаң жігіт бұларға қарай тесіле қарап қалыпты. Әрі ойлы, әрі нұрлы қоңыр көзде әлденеге алабұртқан сыңай бар. Айтса айтқандай көрікті екен.

-Егер ғайыптан менің жарым сол болса тағдырға өкпем болмас еді, - деді Элиза ауыр күрсініп.

-Ал, мүмкін сол боп қалар, - деді Гея оның көңілін көтергісі келген пиғылмен.

-Айтасың-ау...

-Айтпағанда...Шын тілесең тәңірің тілегіңді берер де.

-Әй қайдам. Сен мені жұбату үшін айтып отырған сықылдысың. Әйтпесе тәңірі көкте, ал мына сұмпайы машина жерде емес пе? Бір біріне қалай көнсін.

Гея Элизаны аяп кетті. Әттең бұның қолынан не келсін.  Тек біртүрлі бауырмал сезіммен Элизаға ұзақ елжірей қарады. «Апырмай, сын сағатын көтере алар ма екен осы қыз» - деді іштей толғанып.

Көп ұзамай зал іші лық толды. Сахнаға комиссия алқасы көтерілді. Сарапшы машинаны жүргізушілер өз орнын иемденді. Бірінші болып департамент басшысы сөз алды.

-Құрметті қыз-жігіттер – деді ол, - міне, сіздер көптен күткен сын сағаты да келіп жетті. Бірақ, біз сіздердің бұл сыннан сүрінбей өтетіңдеріңізге сенеміз. Өйткені сіздер Отан шақыруына өз жүрек әмірлеріңізбен үн қостыңыздар. Міне, біз сіздердің осы үлкен жүректеріңізге сенеміз. Туған ел аманатын ақтайтындарыңызға сенеміз. Иә, қымбатты қыз –жігіттер, Отан осыдан біраз жыл бұрын өзінің әйгілі үндеуін жариялады. Оның мазмұны Генетик ғалымдардың ген берілісі жөніндегі фундаментальдық еңбектерінен бастау алып, нағыз дарынды жастар тәрбиелеп шығару программасына ұласты. Бұл біздің Отан келешегі үшін ең шешуші фактор болатын. Өйткені, біз осы кезге дейін сиыр, қой, шошқа сықылды үй жануарлары мен мақта, бидай, күріш сықылды түрлі дақылдарды генетикалық тұрғыдан сұрыптауды үйрендік. Бірақ, іс мұнымен тоқтаған жоқ. Бір топ Генетик ғалымдар соңғы кезде сана, қабілет берілісі жөнінде де өте қызықты тың еңбектер жариялай бастады. Тәжрибелер барысында бірқатар нәтижеге қол жетті.Отан әлгі жиырма-отыз жыл көлемінде ел қуатын күрт көтеру мәселесін алға қойғанда ғалымдарымыз белгілі өз жобасын ұсынды. Оны сіздер қолдадыңыздар. Бұл нағыз патриоттық бастама еді.  Енді сіздер бүгіннен бастап жанұя құрасыздар. Жанұя болғанда да нағыз бақытты боласыздар.  Ол үшін мемлекет қолдан келгенінің бәрін істейді. Үйлі, балалы-шағалы боп Отанға адал қызмет етесіздер. Ел дәулеті, ел мәртебесін арттыруға күш саласыздар. Ә демей-ақ Отанымыз әлемдегі ең іргелі, ең құдіретті мемлекетке айналады. Бұдан артық бақыт бар ма, қымбатты қыз-жігіттер?

Зал сілтідей тынып қалған екен. Кенет екілене ду қол соқты. Гея да алақаны қызарғанша қол соғып жатыр. «Шіркін, Отанның адал патриоты болғанға не жетсін».

Кенет комиссия төрағасы қол көтерді. Бұл тынышталыңыздар дегені еді.

-Құрметті қыз-жігіттер – деді ол қарлығыңқы дауыспен, - енді сарапшы комиссияға өз жұмысын бастауға рұхсат етіңіздер.

Зал жым болды. Қыз-жігіттер бір-біріне үрпиісе қарасты.

-Ал, бастайық, - деп коиссия төрағасы отырғандарға иек қақты.

Комиссияның келесі бір мүшесі орнынан көтерілді. Ол алдындағы қағазға шұқшия үңіліп: - Катарина Рац! – деді.

Аз үнсіздіктен соң зал ортасынан сұп-сұр боп сопайған қыз көтерілді. Ол нақ бір не істерін білмеген баладай состиып сол тұрған орнында аңырып тұр.

-Сахнаға келіңіз – деді салтанатты жүргізуші.

Қыз есін жиып кібіртіктеп, сахнаға қарай өозғалды. Адымдарын санап әрең басып барады.

-Міне, мынау сіздің перфокартаңыз, енді біз сізге өз бақытыңызды табуға көмектесеміз –деді де анау қолындағы тілдей қағазды операторға ұсынды. Оператор оны бір сызат қуысқа сүңгітті. Сол-ақ екен, мыңдаған шам жамырап электрондық сарапшы машина сырт-сырт істей жөнелді. Самсаған шам бір жанып, бір өшеді. Үздіксіз сырыл, әлдебір шыны көздер ішінде зыр қаққан сансыз цифрлар көрінеді. Кенет сарапшы машина әлгіндей бір тілдей қағазды сарт еткізіп шығарды. Қағазды жұлып алған оператор: - Хосе Мигель! – деді комиссияға қарай үн қатып.

– Хосе Мигель!, Хосе Мигель, - деп залға қарай дауыстады салтанатты жүргізуші, - сахнаға шығыңыз.

Бір етженділеу жігіт орнынан әрең тұрды. Аяғын санап басып сахнаға қарай қозғалды.

-Жылдамырақ! – деді комиссия мүшесі, -Қане, қыздың қолынан ұстаңыз.

Жігіт қызға кеп қысыла қол ұсынды. Қыз да оған жаутаңдай қарап қол берді. Комиссия төрағасы тұрып кеп құттықтап екеуінің қолын алды. Неке куәлігін тапсырды. Әлдеқайдан шыға келген екі қыз екеуіне екі шоқ гүл силады. Одан соң қыз бен жігіт қол ұстасып залдың артқы бос қатарына барып отырды.

Гея мұның бәріне көз алмай қарап тұрды. Бұған қыз-жігіттің ұстамдылығы ұнады.

-Жарайсыңдар – деді іштей ширығып, - сенімнен шыға алдыңдар.

Жетекші орнынан қайта тұрды. Кенет сахнаға қарады да Геяның өз жүрегі атша тулай бастады.

-Сұмдық-ай, ендігі кезек менікі болса ше?

Жоқ, жетекші: - Рауза Аллен! – деді қағазына үңіліп.

Ширақ басып қараторы көркем қыз шықты. Хас сұлудың өзі екен. Мойылдай қара шашын бір маңдайына сілкіп тастап тайсалмай өз тағдырын күтіп тұрды. Қай-қайсысы да мен шықсам деп армандаған жігіттер жақ гулеп кетті. Ал, электрондық сарапшы үздіксіз сырт-сырт етіп, ақыры өзінің кесімді үкімін шығарды.

-Фредерик Арманд! – деді оператор дауыстап. –Фредерик Арманд!  Зал ах ұрды. Бір тік кеуделі жас жігіт ыршып тұрып сахнаға ұмтылды. Бақыттылығы жүзінен көрініп барады.

Гея жігітке қарап тұрып кенет өз жүрегінің шым-шым сұққылағанын байқады. Жігіт тура өзінің Эдифінен аумайды екен. Тік кеудесі, сәл қоңқақтау мұрыны, ең арысы бал-бұл жанған жанарының оты да ұқсайды. Гея лезде көзін жұмып туған ауылын ойша шарлай бастады.

Эдиф екеуі мектепте бірге оқыды. Эдиф ер мінезді, кесек тұлғалы, жастайынан спортқа құмар болды. Қашан да мектеп біріншілігінің алдын бермейтін. Бұл да онда спорт десе ішкен асын қоя жүгіретіннің бірі еді. Баскетболдан мектеп құрамасында ойнайтын. Сөйтіп жүріп екеуі табысты. Мінездес, пікірлес боп шықты. Эдиф мұны киноға, әсіресе, теңіздегі қайық серуеніне жиі шақыратын. Сонау көк теңіз төсінде екеуі екі ноқатқа айналып ұзақ-ұзақ тербелетін. Гея қолдарын суға малып ән айтатын. Эдиф оны жалықпай тыңдайтын. Балдыр исі сіңген ескі сұр қайық бұлардың балғын махаббатының бесігі еді.

Мектеп бітіретін жылы бір күні ойламаған жерден Отан үндеуі жарияланды. Отан туған елдің ұл-қыздарын жаппай эксперименттік бақылаудан өтуге шақырды. Ондағы мақсат елдегі ең қабілетті ұл-қыздарды іріктеп, бір орталыққа жинақтау, оқыту, тәрбиелеу болып шықты. Ал, одан соң олар ғылымның белгілі бір саласында қызмет істейтін болады. Ғылым мен өндірісті биік сатыға көтеруге атсалысады. Бұған әрбір жас қуана-қуана үн қосты. Жер-жерден эксперименттік бақылау комиссиялары құрылды. Электронды есептеу машиналары жастарды дарын қабілетіне қарай ажыратты. Жолы болған қыз-жігіттер асығыс орталықтарға жөнелтілді. Міне, осылай, жұлдызы оңынан туған аса қабілеттілердің ішінде Гея да кете барды. Ал, Эдифтің бойынан ондай дарын табылмады.

Міне, содан Гея төрт жыл бойы үлкен орталықта оқыды, тәрбиеленді. Физика ілімі бойынша мамандыққа баулынды. Төрт жыл дегенің төрт кұндей де болған жоқ, зымырап өте шықты. Оқтын-оқтын елге келіп достарымен, Эдифпен де кездесіп кететін. Ал, бұл кезде Эдиф спорт мектебін тәмамдаған. Ауылға келіп балаларды оқыта бастады. Соңғы бір келгенінде Эдиф мұны тағы да қайық серуеніне алып шықты. Теңіз айдынында екеуі тағы да ұзақ тербетілді. Ән шырқасты.

-Оқу бітті – деді Эдиф бір кезде бұған бір түрлі ынтыға ұзақ қарап, - оң мен солды таныдық, белгілі бір мамандығымыз да бар енді. Енді үй болсақ қайтеді?

Геяның екі беті ду етті. Эдифке бір түрлі мұңая қарап жәй ғана басын шайқады.

-Білмеймін. Бізді қазірше оннан жібермейтін сықылды.

-Қалайша? – деді таң қалған Эдиф, - олардың олай етуге қандай хақысы бар.

-Олар оқытты, тәрбиеледі. Енді шамасы бірер жыл сонда істеп беретін шығармыз.

-Олар оны о баста неге ашып айтпады. Жарайды. Онда ол жаққа мен барамын. Екеуміз де сол жерде істейміз.

-Білесің бе, Эдиф – деді кенет Гея батылсыздау үнмен, - біздің бұл ойымыз да болмайды. Себебі, Отан о баста бізді шақырарда алдына мүлде басқа мақсат қойған екен. Сол үшін бізді тәрбиелепті. Ал, оларша сенімен мен қосылмауға тиіспіз.

-Неге енді?

Гея айтсам ба, айтпасам ба дегендей үнсіз қалды.

-Айтсайшы енді. Неге біз қосылмауға тиіспіз?

Эдиф жанталасты.

-Себебі, - деді Гея – Отан о баста шақырғанда бізді тек қана оқытып, тәрбилеуді ғана ойламапты. Саясаткер Генетиктердің пікірі бойынша біздерді, басқаша айтқанда, ерекше дарынды қыз-жігіттерді сәйкес қабілетіне, мамандығына қарай бір-біріне қосса олардан кейін аса қабілетті ұл-қыздар дүниеге келетін көрінеді. Әрине, ол ел көріп, құлақ естіп жүрген жәйт. Ұстаның ұлы ұста, мұзыканттың ұлы мұзыкант болып жүргенІн жұрт көріп жүр. Ал, екі мұзыкант, екі физик, не екі биологтан туған ұл—қыздар ше? Олардың аса дарынды, нағыз вундеркиндер болып тумасына кім кепіл. Міне Отан соларға үміт артады. Әлі-ақ, алда жиырма-отыз жылда аса қабілетті балалар ержетеді, күллі ғылым тұтқасын қолға алады, табиғат тылсымына үңіліп, небір күрделі өндіріс құралдарын ойлап табады. Бір сөзбен айтқанда, аз-ақ жылда Отан дәулеті мен күш-қуаты шалқыған алып державаға айналады.

Эдиф аузын ашып аңырып қалыпты. Ақыры есалаңды тыңдағандай бей-жай халден арылып: - Бұл сенің өз сөзің бе? – деді.

-Өз сөзім десең де, мемлекет сөзі десең де болады, - Гея бойын жинап жігітіне тік қарады. – Эдиф, өзің де білесің, қазіргі кезде халықаралық жағдай тым шиеленісіп, аса қатерлі шекке жетіп тұрғанын. Кез келген ел, кез келген ұлттың бір-ақ күнде жер бетінен жоқ болып кету қаупі бар. Соңғы екі ғасыр кезеңін барласақ  қаншама тайпа, қаншама кішігірім ұлт жер бетінен жоқ болыпты. Тым әріге бармай-ақ, мына бүгінгі Палестинаны алайық Тарихы мен мәдениетін Жер жер болып жаралғалы бастаған сонау  ұлы жұрттардаң өзімен бір тізгіндес ел емес пе еді? Міне, ол қазір қандай күйде?  Отан бізге осы тақілеттес ой толғауды үйретті. Өйткені , қос құрылықтың ортасына орналасқан біздің мына шағын ғана еліміздің тағдыры қашанда да қыл үстінде. Дауыл соқса тек жел ығына жантаятын жатаған шөптесін сықылды айламен ғана жан сақтап келеді. Бір күні бұл айламыздың да таусылатын шегі бар. Сұрапыл дауылдардың жас өскінді түп-тамырымен де жұлатын кезі болады Міне , ел басшылары осыны ойлайды. Ел келешегіне көз жүгіртеді. Аз-ақ жылда ешкімге де дес бермес аса қуатты ел болуды армандайды.

-Сұмдық екен – деді Эдиф дауысын сыбырлағандай жай шығарып.

-Сұмдық емес. Бұл сонау алдағыны ойлаған аса сәтті көрегендік.

-Күлкілі... күлкілі... Тым күлкілі! – деді орнынан атып тұрған Эдиф қолын сермеп. – Сонау жиырма-отыз жылдан соң келер ұрпаққа үміт арту, олардың берешегінен дәмелену адам ары жетпейтін есуастық. Нағыз әумесерлік. Егер үкіметке қорған керек болса мына бізге, мен секілділерге неге айтпайды? Мына күстенген алақанмен қанша тойымсыз қойма болса да аз-ақ жылда қазынамен мөйліктетіп бермейміз бе? Иә, мына бізге неге айтпайды.

Сөйтті де ызаланып үлкен жұдырығымен қайық ернеуін қойып-қойып жіберді. Қайық қалт-қалт аунақшыды. Жұдырығы шып-шып қызыл қанға боялды.

-Не ісеп тұрсың, ақымақ! Гея шошына айқайлады.

-Ештеңе де... Ештеңе!

Эдиф қос жұдырығымен маңдайын түйгіштеп солқ-солқ жылап жібеді. Ал, осыдан соң-ақ бұлардың әңгімесі жараспады. Тек ұзақ жүзіп жағаға шығар тұста Эдиф бұған ұзақ телміріп:

-Енді не болады? – деді ақырын.

-Не болсын. Генетиктердің ойлағанындай болады.

-Патриот! – деді, не шыны, не кекесіні белгісіз Эдиф.

-Біз бәріміз де патриотпыз. Қош бол.

Гея одан әрі сөйлесуге дәті жетпей сырт айналыпжүре берді.

 Осыдан соң ол ешқашан да Эдифпен кездескен жоқ. Оқуды түгесті де алдын ала белгіленген бір ғылми мекемеде жұмыс істей бастады. Көп ұзамай бұлар көптен күткен межелі сәт жақындады. Сын сағаты келіп жетті. Алдымен бұларды бір-бірлеп әртүрлі биофизиологиялық зерттеулерден өткізді. Шамасы әрбір клетка, әрбір нерв талшығына дейін жеке-жеке үңілді-ау. Тексеру толық ай жарымға созылды. Күнде абыр-сабыр шұбырып аппараттар орналасқан кабинеттен кабинетке өтеді. Кеудесі мен самайына түрлі электродтар мен клеммаларды жапсырып ұзақ сағаттар бойына креслоларға таңылып жатады. Жыпылық атқан мың-сан көзді электрондық қондырғылар бұлардың қанын сырт-сырт сорып жатқан әбжыланға ұқсайтын. Үздіксіз ми толқындары зерттеледі. Ал, бұдан өзгесі де мәз емес. Күнделікті сан түрлі анкеталарды толтыру, есепсіз психологиялық сұрақтарға жауап беру жүйке-жүйкеңді жұқартып әбден шаршатып бітеді. Әйтеуір қыздар байғұс әрең-әрең шыдап жүрді. Сөйтіп, ақыры мынау есепті күн де келіп жетті.

Кенет Гея солқ-солқ жылаған құрбысының үнінен селк етті. Зал гу-гу етеді. Қараса, бір әп-әдемі ақсары қызбен манағы Элизаға ғашық болатын бұйра бас жігіт сахнадан түсіп келеді екен. Құшақтарында шоқ-шоқ гүл. Гея сағатына қарады. Ұзақ ой құшағында отырып қаншама уақыттың өткенін де білмей қалыпты. Қаншама қыз-жігіттің қосылғанын да аңғармапты. Бәрі де көз алдында өтіп жатқанмен бұл мүлде өзге дүние жетегінде болыпты.

Байғұс Элиза бетін басып солқ-солқ жылайды. Ал, бұйра бас балаң жігіт тура бұлардың тұсынан өте бере басын бұрып ұрлана бір қарап қояды.

-Қойсаңшы, енді, - деп жекірді Гея Элизаға. – Сені мұнда зорлап келген ешкім жоқ қой.

Бұдан соң сахнаға тағы бір жұп көтерілді. Қыз бойшаң да жігіт тапал бойлы болып шықты. Бұған жұрт мәз болып ду-ду етеді.

-«Несі бар» - деп ойлады Гея. –«Несі бар, мұндай сәйкессіздік өмірде аз емес қой».

Кенет:- Е, тәңірім –деп сарнаған Элизаның даусынан жалт қарады. –Е, тәңірім, - деп сыбырлайды байғұс қыз. – Күллі пайғамбар, әмбиелеріңнің аяғына жығылып құлың болып өтейін. Маған ақ тілеуімді бере гөр. Жұртқа күлкі қылма мені.

Ол үнді қыздарынша қос алақанын маңдайына әкеліп басын төмен иіп алыпты. Екі көзі тарс жұмулы. «Сорлы қыздың жүрегі жарылып кетпесе неғылсын» - деп ойлады Гея.

Кенет өз құлағына өзі сенбеді. «Гея Сальданино!» - дейді дауыс, - Гея Сальданино сахнаға шығыңыз.

Геяның аяқ ұшынан ду етіп көтерілген бір толқын тура басына шапшыды. Лезде буын-буындарынан әл кетіп орнынан көтерілудің өзі мұң болды. Залға қарап еді жұрт назары тегіс бұған қарай ауыпты. Жігіттер жақ гу-гу етеді. «Мықты бол» - деді Гея өзіне өзі дем беріп. Онысы да оңды болды. Тез ширығып нық-нық басып сахнаға көтерілді.

-Тамаша – деді жетекші перфокартаны операторға ұсынып жатып, осындай ару қыздың қолынан ұстаған жігітте арман бар ма?

Оператор үндемей картаны өз ұңғысына сүңгітті. Сарапшы электрондық машина сырт-сырт соғып есептей бастады. Жыпылық атқан мың сан шам. Гу-гу еткен зал. Геяның жүрек тұсы дүрс-дүрс ұрып, бейне бір өз ұясынан шығып кететін тәрізді. Кенет Геяның көз алдына Эдиф келіп тұрып алды. Кәдімгі өзінің бала мінезді Эдифі. Бойы сорайып өсіп кеткен сықылды. Өзі сәл жүдеңкіреген бе деп қалды.

-Мен ше? – дейді жыламсыраған үнмен сорлы Эдиф. – Мені қайда тастап барасың?

Гея бетін басты. Өз ернін өзі қыршып; - Шыда, сәл шыдай түс, - деді өзіне-өзі сыбырлап. –Отан алдындағы  борышыңды ұмытпа.

Кенет сарапшы машина тілдей үкім қағазын шығарды. Оны алған оператор бірдеме деп жетекшіге дауыстады. Ал, ол залға қарап сөйлеп жатыр. Гея оның бірде-біреуін ұққан жоқ. Тек бар білетіні, залдан бір қараторы жігіттің епетейсіз тұрғаны, бұған қарай келгені, қолын алғаны... Одан соң  комиссия төрағасы бұлардың қолын қысып неке қағазын ұстатты, екі шоқ гүл силады.

Гея қараторы жігітпен ақырғы орындарға келіп отырғанда бір-ақ есін жинады. Ал, оннан соңғы Геяның есіл-дерті Элиза болды. «Мынау сынды көтере алар ма екен байғұс қыз?».

Элизаға кезек өте кеш келді, Жетекші атын атағанда Элиза ес жоқ-түс жоқ орнынан ербиіп тұрып, ілбіп басып сахнаға қарай жүрді. «Қайтер екен?» - деді Гея, - ең ауыры сарапшы машинаның үкімін күту ғой. Шыдай алса болар еді»... Жоқ, Элиза бұл кезеңге шыдады. Тек сәл ыңғайсыздау болғаны, ол тағы да сарапшы машина алдында үнділерше қос қолын маңдайына тіреп тағзым етіп тұрып алды. Күбірлеп әлдебір аят оқып тұрған сықылды.

-Жарайсың! – деп дауыстады Гея. – Құрбым, азғана шыдап бақ.

Сарапшы машина жұмысын аяқтап «Роми Армстронг» деген жауап хатын шығарды. – Роми Армстронг! – деп дауыстады жетекші залға қарап. Зал төрінен бір сап-сары арық жігіт сахнаға қарай аяңдады. Бейшараның мойны қылдай, тым әлжуаз көрінді. Екі иіні салбырап, қоңқақ мұрыны жер тіреп, әрең ілбіп барады.

Элиза бетінде қан-сөл жоқ аса сабырмен күтіп тұр. Жігіт барып қыздың қолын ұстады. Элиза қолын беріп тұрып кенет; -Жоқ! – деп шыңғыра шегінді. Қолын сермеп, - Жоқ...Жоқ...Ешқашан да!

Ол жанұшыра есікке қарай жүгірді. Зал сілтідей тынып қалыпты. Гея тұра ұмтылып Элизаның жолын кесіп қолынан ұстай алды.

-Есіңді жи, Элиза!

-Жоқ – деп шыңғырады байғұс қыз. – Жоқ, мен ешқашан да оған жар бола алмаймын.

-Ақымақ!, - Гея оның жағынан шапалақпен тартып жіберді. – Сенің жеке басыңның қалауы Отан мүддесінен артық па?  Берген антың, патриоттық сезімің қайда оңбаған? Жұрт Отан үшін жан береді. Ал, сен есуас махаббат әләуләйін күйттемексің. Садаға кет, Отаннан.

-Немене? – деді аңырып тұрып қалған Элиза, - Мен... мен...

-Адам қасиеті көркінде емес, ақылында. Тек сен жұртты бұлай етіп қорлама. Қаламайды екенсің, бар шығып кет, жетесіз. Жолың ашық. Сені мұнда ешкім де зорлап алып келген жоқ.

Элиза төмен қарап аяғымен жер шұқылап тұрып қалды...Тек әлден соң көзін сүртіп, мұрнын пыс-пыс тартып, сахнаға қарай бұрылды. Гея оны қолтығынан демеп келеді. Элиза сахнаға шығысымен салтанатты жүргізуші жігітті жетелеп кеп мұның қолынан ұстатты. Некелік куәлігі мен шоқ-шоқ гүл тапсырды. Одан соң қыз бен жігіт сылбыр басып зал ортасындағы бос орындыққа кеп отырды.

Бұдан соңғы неке процесі көпке ұзаған жоқ. Сағат бірде түскі үзіліс жарияланды. Комиссия төрағасы сағат кешкі сегізде осы залда үлкен банкет кеші болатынын хабарлап, некелесу салтынан өткендер әзірше бос екенін білдірді. Гея мен Элиза өз жігіттерімен тысқа шықты. Дала тым ыссы екен. Бір түрлі дем болып тұр. Сірә, көп ұзамай жаңбыр жауатын сықылды.

-Қыздар, - деді Геяның жігіті батылданып (аты Фернандос болып шықты), - күн ыстық екен. Мен сендерді теңіз жағасындағы кафеге шақырамын. Ал оннан соң теңізге шомыламыз.

Бұл ұсыныс қыздарға ұнады.

-Барайық, - деді бірауыздан.

Төртеуі такси жалдап жағажайға лезде жетті. Кафеде халық көп екен. Сонда да бұлар бір бұрыштан төртеуіне орын тапты.

-Ішеміз бе? – деді Геяның жігіті Фернандос қыздарға қарай қулана көз қысып.

Қыздар үндемеді.

-Ішейік, - деді Элизаның жігіті Роми.

-Ал не жесек екен, - деді Фрнандос дастархан мәзірі жазылған қағазға үңіліп.

-Оқыңызшы, - деді Гея.

-Крокодил құйқасынан жасалынған қуырдақ, сегізаяқ бұқтырмасы...Жылан кеспесі.

-Мәссаған, - деп Элиза орнынан ыршып тұрды.

-Қойыңызшы. Алдап тұрсыз, - деді Гея.

-Бәрі рас, - деді Фернандос – нанбасаңыз әне, даяшы келе жатыр, даяшыдан сұрап көрелік.

-Мына қағазда жазылғанның бәрі рас па, көркем бикеш?

-Әрине, рас, - деді даяшы.

-Әне, көрдіңіздер ме?

Қыздар сылқ-сылқ күлді. Фернандос жымиды.

-Қане, қандай тағам бұйырасыздар?

Даяшы қағаз, қаламын алып жазуға ыңғайланды.

-Жылан етін.

-Немене? – деп ыршып түсті даяшы.

-Бізге жылан етін әкеліңіз. Ақыры мұнда жазылғанның бәрі рас дедіңіз ғой.

-Қайдағы жылан еті? Даяшы үрейлене қағазға үңілді.

-Міне , мынаусы, - Фернандос әлдебір тұсты саусағымен сыза салды.

Даяшы мәзір қағазына сәл үңіле түсті де өзінің алданғанын біліп сықылықтап кұліп жіберді.

-Әй, қу жігіттер, - деді, - енді мен сендерге шынында да нағыз жылан етін әкелемін.

-Әкеліңіз, - деді Фернандос, - бірақ үстемесіне бізге майға қуырылған қаз етін, тұздығы мол төрт балық кеспесі және сусын үшін қыздар айтыңыздаршы, осы аздап шарап тартқанымыз жөн болар-ау.

-Болса болар, - деді Гея күліп.

-Міне бұларыңыздың жөні басқа, - деді риза болған даяшы, - көп ұзамай бәрі де дайын болады.

Даяшы тағамды шынында да тез әкелді. Дәмі тіл үйірген қаз етін жеп отырып Гея алғаш рет өз жігітіне ұзақ барлай қарады. Фернандос күнге әбден тотыққан, шымыр денелі,  атжақтылау жігіт екен. Сұлу деп сұлу емес, бірақ бір көрген жанды өзіне тартып тұрар жүзінде әлдебір жылылық бар секілді. Қырмұрынды, қою қасты, қоңыр көзді. Киім киісі де мұнтаздай.

Тамақты бұлар асықпай ішті. Оны-мұны күлдіргі әңгімелер айтысты. Одан соң жағажайда адам тым көп болғандықтан жігіттер теңіз катерінде сейіл құруға шақырды. Теңіздегі сейіл төрт сағатқа созылды. Одан шаршап қайтқан бұлар біраз тыныққан соң банкет кешіне асықты.

...Банкет кеші қызықты өтті. Жанды тербеп, жүрек шымырлатқан эстрада, би, махаббат әуендері естен кетпестей әсер етті. Ізгі тілекке ұштасқан әзіл-оспақ ду-ду күлкі көпке дейін толас тапқан жоқ. Одан соң қыз-жігіттер өз ошағына, әркімге алдын-ала белгіленген тұрғын жайға тарады. Көп жүрекке не қуаныш, не қайғы-мұң әкелері белгісіз, сөйтсе де оны әрбір жас әлдебір тәтті үмітпен асыға күткен шешуші түн басталды.

...Гея таңертең ұйқысынан шошып оянды. Түс көріпті. Түсінде Эдиф екеуі жүр екен. Шамасы кинотеатр алды ма, ығы-жығы адам. Эдиф бұған үн қатпайды. Өкпелеген сықылды. Бұл «Эдиф» деп жақындай түссе, ол әрі қарай қашады. Әйтеуір бұдан сырт айнала береді.

-Эдиф саған не болды?

Бірақ, мұның даусына құлақ асқан Эдиф болмайды. Кенет ол үлкен жолды кесіп өтіп, қашпақ болады. Сол-ақ екен аңырап кеп бір машина оны таптап өтеді.

-Эдиф! – Гея шыңғырып басын ұстай құлайды. Эдиф... Эдиф! Ал шұбырған машиналар ағыны тоқтар емес. Бірінен соң бірі ұмар-жұмар бүк түскен Эдифті аяусыз таптап өте береді,..Өте береді.

Гея жеңіл көрпесін сыпырып тастап, кеудесін тік көтеріп отырды. Басы мең-зең. Жан дүниесі әлем-жәлем. Ет жүрегі езіле, әлгінде ғана көрген сойқан түс елесінен әлі айыға алар емес. Мұндай да ауыр түс болады екен? Жан ұшырған сорлы Эдифтің сүлбесі қайта-қайта көз алдынан кетпей қойды. «Бейшара болған Эдиф». Гея өз саусағын өзі ызалана қыршып алды. Жанарына мөлт-мөлт жас үйіріліп қоя берді. – Неге бұлай?... неге бұлай? – деген әлдебір ащы өксік көмейіне кеп тірелді.

Гея бірақ, өзін өзі ұстай білетін қыз тұғын-ды. Кенет басын дір-дір сілкіп, жанарындағы жасты сүртті. Сөйтті де жайымен ала көлеңке бөлме ішіне, өздері жатқан ақ төсекке көз салды. Сонда ғана ол өзінің жаңа отауын, осы бүгін ғана өткізген алғашқы неке түнін еске түсірді. Қасында етпеттеп, ұзынынан түсіп Фернандос жатыр. Қақпақтай жауырыны бір көтеріліп, бір түседі. Бейне бір бұл дүниеде ештеңе де болмағандай жастық құшып пыр-пыр ұйқыға басады.

Осыдан соң бірсыдырғы ерлі-зайыптылар тұрмысы басталды. Бірақ, тұрмыс дейтіндей бұлар оның ешқандай ауыртпалығын тартқан жоқ. Сүйікті Отаны бүлардан бар қамқорлығын аяған жоқ. Жақсы баспана, мол табысты жұмыс орны бар. Асты асханадан ішеді. Бар қызығы жұмыс, әртүрлі жаңа идеялар үстіндегі ой пікірталасы, одан қалса кино мен театрларға барып бой жазу.

Гея мен Фернандос екеуі де ядролық физика саласында жұмыс жүргізді. Қазіргі іргелі мемлекеттер космос көгіне шарықтап, ядролық қаруды қалқан етіп отырғанда, біздің мына мешел экономикамызды мүлде жаңа сатыға көтеретін келешек энергетиканың қайнар көзі осы ядролық физика – ең жетекші сала болып табылсын деген болатын басшылар. Сөйтіп, оған қажетінше қаржы бөлінді. Ең талантты деген жастар тартылды. Әрине, оның нәтижесі де жаман болған жоқ. Көп уақыт өтпей-ақ,  орталық ғылми басылымдар түрлі ізденіс жемісі жайлы ірі-ірі еңбектер жариялай бастады. Ол күллі дүние жүзі ғылми жұртшылығын құлақ түре жүруге мәжбүр етті.

Гея мен Фернандос та бар ықылас-зейінін өздері жұмыс істейтін алып циклотрон төңерегіне аударған еді. Жатса-тұрса аса қуатты магнит құйынында жөңкіген элементар бөлшектер көз алдында тұратын, сол бөлшектермен бірге жарық жылдамдығынан да ұшқыр қиялдарға ерік беретін.  Ауыр бөлшектер кеп тоспа металдарды соққылайды. Ал, ол соққыдан басқа үлгідегі ұсақ бөлшектер және жаңа заттар пайда болады. Сөйтіп, ұлы табиғат ғасырлар бойы мәңгі қойнына сақтап келген құпия қазынасын бұлар өлермендікпен суырып алып жатты. Осылай,

келешек Отан қуатына деген алғашқы өз үлестерін де қоса бастады.

Бастапқы қадамдарының өзі осылай аса сәтті басталғанына бұлар өте қуанышты еді.

-Біздің Отанымыз аз-ақ жылда аса іргелі мемлекеттер қатарына шығады, - дейді Гея.

-Ал, алдағы жиырма-отыз жылда біз күллі дүние жүзі мемлекеттерінің бәрін басып озамыз. Өйткені, онда біздің ұлдарымыз, нағыз «вундеркиндер» армиясы сапқа келіп тұрады.

-Шынында да солай болар ма екен?

-Олай болмағанда ше? – деп қыза түсетін Фернандос, - бұл ешқандай дәлел тілемейтін тұжырым. Өмір мен ғылым мұны әлдеқашан дәлелдеген. Біздің ұрпақтарымыз сөзсіз данышпан, аса алғыр жігіттер мен қыздар болып туылады.

-Болса болар, - деп күледі Гея.

Міне осылай ешбір алаңсыз күндер тізбегі өтіп жатқан. Бір күні бұлар кешқұрым атақты «Көкмұнар» ресторанына демалуға келді. Ресторанда адам көп екен.  Ду-ду. Көңілді. Эстрада толассыз ойнап тұр. Бұлар бір шеттен орын тауып, даяшыға тамақ, сусын және аздап ішімдік әкелуді тапсырды. Сөйтті де эстрада әншісінің аса жағымды әуеніне елітіп, құлақ түрді. Бірқатар жұрт сазды мұзыка ырғағына қосылып билеп жатқан. Кенет жылдам басып бір жігіт келді де Геяны биге шақырды. Гея Фернандосқа қарады.

-Билеңіз, - деді Фернандос жігітке, - бірақ, есіңіде болсын бір-ақ жолға рұхсат беремін.

-Рахмет, - деді жігіт Фернандосқа тағзым етіп.

Жігіт өте жеңіл билейді екен. Кезінде бишілер мектебін тәмамдағаны көрініп тұр. Шыр айналған жігіттердің риясыз күлкісі... Шыр айналған дүние...Геяның көкірегін лезде қандай да бір шаттық әуені кернеп бара жатқандай сезілді. Бірақ, аздан соң екпіндеген күй әуені сап тиылды да би тоқтады. Жігіт Геяны жеңіл ғана жетелеп Фернандосқа әкеліп тапсырды.

-Рахмет!

-Сізге де рахмет – деп күлді Фернандос.

-Қалай, жақсы билейді-ау шамасы, - деді Фернандос жігіт кеткен соң Геяға.           

-Тамаша. ұшып жүргендей болдым.

-Мен де солай билеуді үйренем.

-Қалай үйренесің?

-Би мектебіне барамын.

-Бар - деді Гея, - айтпады деме. Егер сен өстіп жақсы билеуді үйренбесең, мен ылғи да өзге жігіттермен билеймін.

-Келістік, - деді Фернандос күліп.

Бұдан соң олар әншілер мен бишілер өнерін қызықтап көп отырды. Оны мұныны әңгіме етті. Шарап ішті. Әйтсе де аздан соң-ақ Геяны әлдеқандай бір көңілсіздік қайта билей бастады. Әлгі жігіт қайта келіп биге шақырса екен деп тіледі... Бірақ ол жігіт келмеді.

-Қайтамыз ба? – деді Фернандос мұның ойын сезгендей.

-Қайтайық.

Кенет Геяның көзіне рестораннан шығып бара жатқан әлдебір таныс бейне шалынды. Кең жауырынды, тік денелі, бұйра бас аса бір ыстық бейне. «Эдиф!». Анық сол. Қасында ұзын бойлы, сары шашты жас әйел кетіп барады.

Геяның жүрегі аттай тулап жүрек қабынан шығып кете жаздады. «Эдиф!» - деп орнынан атып тұрғанын да сезген жоқ. Жүгіре басып есікке қарай ұмтылды. Бірақ, есікке жете бергенде бұған қарсы кіріп келе жатқан біреше кісі жолықты да біраз бөгелуге тура келді. Гея тысқа жүгіріп шыққанда Эдифтер таксиге мініп жатыр екен.

Гея; - Эдиф! – деп айқай салды.

Бірақ, олар бұған көңіл аударған жоқ. Такси баяу қозғалып жүре берді.

Гея, - Эдиф, Эдиф! – деп жан даусы шыға шыңғырып такси соңынан жүгірді. Такси тоқтамады. Бірте-бірте жүріс алып, оқтаудай бетон жолға түсті де машиналар легіне қосылып жүйткій жөнелді.

-Эдиф, Эдиф!

Геяның бетін тарам-тарам жас жуып кетті. Мойылдай қара шашы дуда-дуда болып тарқатылып, такси соңынан құстай ұшып барады.

-Гея саған не болған?

Фернандос соңынан бар даусымен айқайлады. Бірақ, оны есіткен Гея жоқ... Екі құлағы тарс бітіп қалған секілді.

-Эдиф!

-Есіңді жи Гея!

-Эдиф...Эдиф! Қайран Эдифім менің. Есітпедің бе мені шынымен. Ұмытқаның ба?

Гея өкпесі өшіп, ес-түссіз жүгіріп келеді. Жүгіріп келеді. Арқасында қаздай тізіліп, азынатып сигнал беріп келе жатқан машиналар легін де сезер емес.

-Қайран Эдифім менің!.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған