Тағдыр тәлкегі
Бүгін ауа-райы өзгеше құбылыс көрсетіп тұр. Бір аптадай аптап ыстықтан кейін қала ішінің шаң-топырағын көтерген құйын алай-дүлей дауылға ұласып, соңы нөсер жауынға ай-налды. Көшеде бірі жұмысқа, енді бірі балаларын жетелеп мек¬тепке ағылған адамдар. Жетінші ауылдан қалаға қатынайтын автобусқа отырған Айгүлдің қасына егде тартқан әйел немересімен келіп отырды.
– Әже, компьютерде ойын ойнағым келеді. Сізге келуін келемін, сізбен жақсы, бірақ ата-анамды сағынамын, үйге барсам сізді сағынамын, бәрінен де қызықты компьютеріме жететіні жоқ қой, әже, – деді ойындағының барын жайып салған бала.
– Мен сенсіз қалай жүремін жарқыным-ау. Сенің маңдайыңнан бір иіскеп мауқымды баспасам, түн ұйқым төрт бөлініп, сен келгенше жанымды қоярға жер таппаймын, – деп кемсеңдеді әжесі.
– Мен сені өте жақсы көремін, – деп бала әжесінің мой¬нына асылып, қатты құшақтады да, – енді сәл шыдашы, мен оқуымды бітіре сала үйленемін, сосын сені қолыма алып, өзім күтіп-бағамын. Сен менің әжемсің, әркім өзінің әжелерін сыйлауы керек, өйткені сіздер – әжелер біздің әке-шешемізге өмір сыйладыңыздар ғой. Тек сен өлмеші әже
. – Құлыным сол, ақылыңнан айналдым. Сен айтсаң бол¬ды, мен ешқашан өлмеймін. – Немереңіз бе, апа?, – деді бұлардың өзара әңгімелерін қызықтап отырған Айгүл.
– Иә, ең кіші немерем, басқа немерелерімнен Айдосжа¬ным жеке өзі бір төбе. – Апай сіз неге немерелеріңізді ертіп жүрмейсіз, сіз де әже емессіз бе, – деді әлгі бала. Оның әр сөзі Айгүлдің жүрегіне оқ боп қадалғандай бо¬лып, тұла бойы тітіркене қалды. Балаға не деп жауап берем деп абыржып та қалды. Оның үстіне:
– Қарғам, балаларың бар ма еді? – деді немересінің сұрағын күрделей түскен әжей. Сұрақ астына қалған Айгүл:
– Балаларым бар, бірақ…, – деп күмілжіп қалды да, көлік терезесінен сыртқа қарап қатты ойға шомды. «Бұл тағдыр соншама мені несіне қинады екен. Алпысты алқымдаған шағымда балаларымның қызығын көріп, неме¬ре сүйем деген уақытта қу тіземді құшақтап жалғыз басым қалдым. Өзгелердің тағдырына қуанышпен, енді бірде қызғаныш көзбен қараймын. Аллам біреуге бақ, енді бірге тақ, біреуге бақыт, өзгесінің өмірін жақұт қылады… Жоқ, жоқ… Бәріне өзім кінәлімін. Марқұм әкем «Әрбір адам өз тағдырын өзі жасайды», – деуші еді. Өмірімнің, тағдырымның осындай болғанына бәлкім өзім де кінәлі шығармын?! Жоқ, олай болса мен қайтіп қара жер басып жүрмін, пешенеме жазылған осы болса қайтемін. Әлде, өмірлік жарымды дұрыс таңдамадым ба? Жоқ, марқұм күйеуім жақсы адам еді. Басымнан аяғыма дейін алтындатпаса да, мәпеледі, алақанына салып аяла¬ды, отбасына барын берді, мүмкін мен сол жанның қадір-қасиетін түсінбей, ырысын шашып, алтын басын сыйлама¬дым ба екен?! Жоқ. Мен де сүйдім жанымдай. Отбасының берекесі, ошағының жылуы, үш перзентін дүниеге әкелген адал жар, балаларының анасы емеспін бе?! Әттең, осы тағдырыма тек өзім ғана кінәлімін. Барымды бар деп бағаламай, асып-тасып, жастық желігіне масайып, ұлыма дұрыс тәрбие бере алмай, өмірімнің маған қатайғанын да сезбедім. Алдымда жар ма, ор ма оны да бағамдамадым. Бұлай болады деп үш ұйықтасам түсіме кіріп пе еді?! Осы күйге түскенім үшін мені кім аяйды? Жанашыр ту¬ысым да жоқ. Үш балам үш жақта тентіреп, хабар-ошарсыз, не күйде екендерін де білмеймін. Өзімнің жүрген түрім мы-нау, үйсіз, күйсізбін… Бейбіт күнде мүсәпір бейкүнә жанды кім аясын. Аяса Аллам аяр. Жоқ бұлай болмас, өз жанымды өзім жегідей жегенше алдыма қарап өмір сүрейін. Күн батқан соң, ол күн қайта атпай ма?! Тағдырымның алдымда даярлаған сыйы да бар шығар, мүмкін». Айгүлдің бұл ойын қоғамдық көліктен шуласып түсіп жатқан жолаушылардың айғай-шуы бөліп жіберді. Қолына қытайдың ала сөмкесін алып сыртқа шықты. Жаңбыр толассыз құйып тұр. Адамдардың бірі көлікке мінгессе, енді бірі қол шатырларын ұстап жан-жаққа тарасып жатыр. Тек Айгүл ғана жаңбырдың саябырлағанын күтіп аялдамада қалды. Ала сөмкенің ішінде күнделікті күнкөрісі үшін үстеме-леп пайда тауып жүрген бірнеше қорап темекі, тәтті кәмпиттер және тауарларын қоятын үлкен қобдиша. Темекінің бір талы он теңге. Табатын табыс әртүрлі. Кей¬де күніне жүз, енді бірде үш жүз теңгеге дейін жетеді. Қу шөппен аузын сүртіп, үйге жаяу қайтқан күндері де болады. Жаңбыр сәл бәсеңсіген шақта базар шетіне де келіп жетті. Базардың іші лық толы адам. Асықпай заттарын шығарып, орналастырды. Бүгін са¬удасы жақсы жүріп, Айгүл үшін ерекше күн болды. Кешке дейін әкелген затының жартысын сатып, көңілі жайланды. Таңертең бір күдік, бір үмітпен ояанып еді.
– Апай, сәлеметсіз бе? Бұл жерде сауда жасауға болмай¬ды деп сізге талай айттым ғой, – деді участкелік инспектор Талғат аяқ астынан жетіп келіп. Бұл жігітпен бірер ай бұрын осы базарға келгенде танысқан. Аққұба, бойшаң, сымбатты жігітті Айгүл алғаш көргенде-ақ өз баласына ұқсатып жылы сөйлескен. Осы жолы да Талғатты көргенде қуанып кетті. – Балам, халің жақсы ма? Келін, бала-шаға қалай?
– Апай, түсінсеңізші, мені де қадағалайтын адамдар бар. Онсыз да шағым түсірушілер көп. Бұл жерде енді тұрмаңыз, тек маған ренжімеңізші.
– Талғатжан, менің үстімнен арыз түсіретін адамдар бар ма? Мен өзімді мүсәпір жан деп есептеуші едім, менен на¬шарлары да бар екен-ау.
– Апай, жүріңіз, участкеге, мен қағаз толтырып, сізге әкімшілік айып – пұл саламын.
– Талғат-ау, оны төлейтін менің ақшамда жоқ қой. – Үндемеңіз, тек мына жерден кетейік. Айгүл бірден заттарын жинастырып, Талғаттың соңынан ерді. Полиция участкесі деген аты ғана, оның өзін де тек маңдайшадағы жазудан оқып білуге болады. Әйтпесе, үш бөлмелі пәтерге орналасқан, соның бір бөлмесіне Талғат ертіп кірді.
– Айгүл апай, енді сауданы қоюыңыз керек. Бұдан әрі мен сізге рұқсат бере алмаймын. Осы сөздерден кейін Айгүл көпке дейін үнсіз қалды. Оның еңсесінің түсіп кеткенін байқаған Талғат:
– Есімнен шығып кетіпті ғой. Өткенде сіздің балаларыңызға сұрау жариялағанмын…
– Иә, Талғатжан, нендей хабар? – деді бетіне қуаныш күлкісі үйірілген Айгүл.
– Сүйіншіңізді дайындаңыз.
– Айналайын-ау, балаларымнан жақсы хабар болса немді аяйын – деп, ала сөмкесін ақтарып, ішінен кішігірім қобдишаны алып шығып үстөл үстіне бес жүз теңге қойды. Бұндайды күтпеген және сүйінші сұраймын деп, әйелдің соңғы тиын- тебенін алып шыққанын көргенде Талғат абыр¬жып қалды. – Оныңыз не? Мен сізге… Айгүл сөмкесін ақтарып, балаларыңа базарлық деп кәмпит тәттілерін шығарып бәйек боп жатыр.
– Айгүл апа, мына заттарыңыз бен ақшаңызды тез алыңыз. Мен сізден ешнәрсе дәм, етіп отырған жоқпын, дұрыс түсініңіз. Айгүл де өз ісінің дұрыс еместігін біліп, екі беті алаулап қатты ұялды. Қайтсін енді, төрт жылдан бері балаларынан хабар күтумен жүр.
– Өзіңіз айтқандай үлкен қызыңыз Жанар Бішкекте тұрады екен. Ал, кіші қызыңыз Ресейдің Омбы қаласында, тұрмыс құрған.
– Құлындарым-ау, аман-есен екен ғой! Еркемтайым… Айгүлдің бұлыңғыр үмітке толы ішкі жан дүниесін түсіне қойған Талғат орнынан тұрып, Айгүлдің қолынан ұстап:
– Кешіріңіз, ұлыңыз нендей бір лаңкестік әрекетке қатысы бар деген күдікпен қамауда жатқан көрінеді, одан арғысын айта алмаймын – деді.
– Ең жақсы хабар апа, қыздарыңыз зар боп сізді іздеп жүр. Бүгін-ертең келіп те қалар. Одан арғыны Айгүл естіген жоқ. Көзден аққан жас қайғы мен қуаныштың, әрі сағыныштың, мұң мен зардың запыран болған шері еді. Жұдырықтай лүпілдеген жүректен тараған ыстық қан алпыс екі тамырымен он екі мүшесіне жан бітіріп, сол қанымен тәнін тоғыз ай, тоғыз күн бөлісіп, өзегін жарып шыққан балаларына ана қарғысы, ана реніші бола ма?! Қайдан болсын, өзінің бір бөлшегі емес пе?! Па шіркін, Құдірет! Жаратушының жарылқауын-ай! Қос жанардан аққан жаспен бірге тас кеудесі жібіді, ана еміреніп қоя берді.
– Апай, ренжімесеңіз, бір нәрсе сұрайын деп едім – деді Талғат.
– Мұндай күйге қалай түстіңіз деп сұрағалы тұрсың ғой, Талғатжан, – деді Айгүл. Ойының үстінен дөп түскеніне қымсынған Талғат, «сұрап нем бар еді» деп өз-өзін іштей кінәлады.
– Жас шағымда өзімді бақыттымын деп санаушы едім, – деп бастады сөзін. – Әке-шешем ауқатты жандар болды. Ауылда сегіз жылдық білім алған соң қалаға оқуға келдім, ол кездері ауыл жастары таңдаған мамандық мұғалім еді ғой, ел қатарлы пе-дучилещеге оқуға түстім. Жатақханада тұрдым, не жеймін, не ішемін демедім, бәрін ауылдан жіберіп тұратын. Сөйтіп, уақыт аққан судай зымырап өте шықты. Өмір деген ағысы қатты өзен. Сол ағысқа түсіп кетсең болғаны болашағыңды болжау қиын. Кейде иірімдерге тап боласың, жалт етіп бұрылғанша тұңғиыққа алып кетеді. Ал осы буырқанған өзенде алып кеме бар, ол әке-шешең. Отырғызып алып, өле-өлгенше сол өзеннің бойымен жетер жетістігіңе, шығар шынар биігіңе алып барады. Қалаға келіп, өз басыма өзім би болған соң, «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа жоқ. Қалаға келгенім жаңа өмірді бастағаным деп, жастықтың жалынымен жайдарман күн кештім. Сабақты жақсы оқыдым, үш курсты үздік аяқтап, жазғы демалысқа үйге кетер уақытта құрбылар келісіп, бір-бірімізге қонаққа баратын болдық. Ең алғашқы сапарымыз Базаргүлдің ауылы. Кешкісін Базаргүл бөлмеге келіп, «ал Айгүл кеттік», – деді. Ештеңені де аңғармадым, соңынан еріп сыртқа шықсам, көлік күтіп тұр екен. Ішінде бейтаныс екі жігіт отыр. Сәлемдескеннен кейін, сөзге келместен көлік орнынан қозғалды. – Базаргүл, құрбыларымызды тоспаймыз ба? – деп сұрап едім, ол:
– Қазір басқа көліктермен келеді. Жақын құрбымсың, олар келгенше дайындала берейік, – деді. Құба – құп, жан құрбым деген соң, сөз бар ма, Базаргүлдің ауылы қайдасың деп бір-ақ тарттық. Бір-бірімізбен танысып, у-да-шу, ән айтып, көңіл көтеріп, ауылға қалай келгенімізді де аңғармадым. Ауыл шетіне кіре бере салт ат мінген балалар көлікті қоршап алып, жүруге мұрсат бермеді. Жүргізушіміз сыртқа шығып, қолын ауыл жаққа көрсетіп ербеңдетіп, бір нәрсе айтып еді, әлгілердің барлығы «сүйінші, сүйінші» деп тұра шапты. Аң-таңмын. Тек Базаргүл ғана миығынан күліп, маған қарап көзін қысып, «ауылда бүгін үлкен той болғалы тұр» деді. Ойымда ештеңе жоқ. Көліктен түсіп жақындай бергенімізде үйден үлкендер шығып, шашу шашып, бетімізден сүйгенде бір-ақ сан соғып қалғанымды түсіндім. Төр бөлмеге кіріп басыма орамал салғанда ғана есімді жидым. Жылайын десем жүрек құрғыр лүп-лүп етіп, бір жағынан сайтан күлкі қысып, үндемей отыра бердім. Қайырлы бол¬сын айтып жатқан көрші-қолаң, туыстар, үй іші лық толы адам. Солардың арасынан танитыным жалғыз Базаргүл ғана. Бір мезетте бөлмеге бет-жүзі анамдай әйел адам кіріп келгенде көзден жастың аққанын көрсең. Орнымнан ұшып тұрып құшақтап алып, ал келіп жыла. Шешем байғұс қазір қызым үйге келеді деп тосып отырғаны көз алдыма елестеп, көз жасымды тия алсамшы. Қайтейін көрмегенім осы болса бұны да көрейін дедім… Бір апта уақыт өтті, не қуғыншы жоқ, не қызымыз тірі ме деп іздеп келген жан баласы жоқ. Артынан білдім, осы істің басы қасында, шешеме «тоспаңыздар кейін келемін» деп жедел хат жіберген Базаргүл «жан құрбым» екен. Қойшы, әйтеуір үйленіп үй болдық. Жолдасым жақсы адам болып шықты, өзімнен бес-алты жас үлкен. Қалаға көшіп келдік, ол алыс сапарға жүретін ауыр жүк көлігінің жүргізушісі болды. Мен базарға шығып, ет сатумен айналыстым. Сол жылы, бір қыс ішінде ата-анамнан бірдей айырыл¬дым. Әкемді жерлеп үйге қайтіп келе жатқанда жол апатына ұшырап, құдай сақтап аман қалдық. Ол кездері тұңғышыма аяғым ауыр еді. Бірақ, сол апат кесапат болып баламнан шықты. Дүниеге бір аяғы екінші аяғынан қысқа және қол саусақтары кемтар болып туды. Апармаған жеріміз жоқ. Медицинаның қауқары жетпеді. Өзге балалардан кем болмасын деп еркелетіп, бары¬мызды бердік. Күн өткен сайын сабағы нашарлап, соңында мектепке бармайтынды шығарды. Келемеждеп, балалар «мутант» деп мазақтайды екен. Әйтеуір сегізінші сыныпты бітіргесін әрі қарай оқуын жалғастырмай үйде отырды. Ол екі ортада екі қызым дүниеге келді. Неге екенін білмеймін күйеуім ұлға қатал болды, ұрып-соғуға дейін баратын. Балаларды үйге қалтырып, екеуіміз туған-туыс, жо¬ра-жолдастарымызды түгендеп қыдырып, көңіл көтерумен болдық. Өмір деген осы екен ғой деп өзіме өзім мәз болдым, Базаргүлге де рахметімді айтып қоямын, осындай бай тауып бергеніне. Шаттық, бақыттан басым айналды. «Күйеуім қашан демалысқа шығады екен, қайда барсақ дұрыс болады, базарға барып үстіме қандай киім алсам», – деген ойлардан арылма-дым. Бірақ, қуанышым көпке бармады. Жолдасым ісік ауруына шалдығып, үш ай төсек тартып, көз жұмды. Отбасымызды асырау ауыртпашылығы бір өзімнің мой¬ныма түсті. Қыздар болса ер жетіп қалды. Еркемтайдың жаны қиналды маған қарап. Жұмыс іздеді, бірақ баламның жайын көріп ешкім де жұмыс бермеді. Бір күні Еркемтай келіп
– Мама, мешіт медресесінде шәкірттер алып жатыр екен, баруыма рұқсат берсеңіз…, – деді. Тілегін құп алдым. Балам намаз оқып, күнде мешітке барып, тәшпих тар¬тып, жаназаға қатысып қысқа мерзім ішінде жас имам болып шыға келді. Көрші қолаң зират басына барса да, айт мерекесінде, оразада да шақыратын болды. Алған садақасын балам үйге әкелді. Тек балама:
– Еркемтай, садақаларыңды алма, мен бармын ғой, бәріңді асырауға шамам жетеді. Сен оданда жаныңда отырғандарға «тәбәрік» ретінде таратып бер, – деп үнемі айтып отырдым. Күндіз базарға шығып саудамен айналыссам, кешкісін еден жуып ақша таптым, барлығы да «сары бала, қара қазан қамы» үшін. Жағдайымыз біраз жөнделіп қалды. Бір күні Еркемтайым үйге келмеді, іздемеген жерім, қоңырау шалмаған адамым қалмады. Таң атқанша көз ілмедім. Жұмыстан үйге келсем балам келіп кетіпті, мені іздемеңдер деген екен. Әйтеуір, амандығын білгесін жа¬ным жай тапты, бірақ жүрек құрғыр баламның бір пәлеге ұшырағанын сезгендей кеудеме сыймай, алабұртып үйге отырғызбады. Сыртқа шықсам дала жым-жырт, көзге түртсе көргісіз тастай қараңғы. Бір мезетте үй артынан дауыстар шықты, ақырын басып, жақындап тың тыңдасам, бір топ балалар Еркемтайды жетек¬теп келеді, балам аяғын баса алмайды, бірдеңе болып қалды екен деп, жүгіре басып, жандарына келсем, шылқи мас. Үйге әкеліп жатқыздым, сол күні түні бойы жылап шықтым. Ерте тұрып жұмысқа кетпей баламмен сөйлесейін деп барсам, орнында жоқ. Осы жағдай бір жұмадай жалғасты. Жылап та, ұрысып та айттым, балам тек тыңдайды да қояды, көздері құдды бір шыныдан салынғандай, өзім де ба¬ламнан қорқа бастадым. Кешкісін үйге келсем балам үйде отыр. Іштей риза бол¬дым. Ақылымды айтып жатырмын: – имандылық жолында жүріп бұлай еткенің дұрыс болмады, үміт артып отырғаным бір өзіңсің, ертең қыздар ержеткен соң үйлі-баранды болып жеке кетеді, шаңырақтың иесі сенсің, – дедім. Балам сол баяғы қалпы, «ләм-мим» деп ауыз ашпады. Тек Үндістанға бір айға оқуға баратынын айтты. Қаражат жоқтығын айтсам да балам көнбеді. Не істейін енді, банктен барып несие алып, жіберуге мәжбүр болдым. Осыдан кейін дұрысталады деген үміт басым. Бір айға деп кеткен балам алты айдан кейін бір-ақ орал¬ды. Оған дейін, жанымды шүберекке түйіп, Аллаға жал¬барынып, амандығын, аман-сау оралуын тіледім, ашпаған есігім, тоздырмаған табалдырығым қалмады. Қайтейін, балам қайтып оралғанмен үйдің берекесі оралмады. Еркемтай мешітке емес, басқа бір жерде бас қосатынды шығарды. Азық-түлікті жамағат келді деп мен жұмыстан келгенше бәрін үйден тасыды. Қос қарындасын имандылық жолына түсіріп, намазға жықты, өзіме де дауыс көтеріп, «Әр мұсылман өз қажетін Жаратушы, аса қамқор мейірімді Алла тағаладан ғана тілеуі керек. Намаз оқымаған қазақ мұсылман емес. Мама, сен намазға жығылмасаң, мен мұсылман емес анаммен тұра ал¬маймын» деп қиғылық салды. Неге жұмыс істемейсің десем, «иншаллла, бәрі Аллаһтың қолында. Аллам жарылқайды. Сен де жұмыс істеме» деп өзіме қарайды да отырады. Күн өткен сайын баламның шалбарының балағы қысқарып, сақалы өсе бастады. Қара сақалының әрбір қылы маған қарап айбат шегіп, баламды қара түпсіз тұңғиыққа апара жатқандай болды. Бұл ісі не осы деген мақсатпен мешітке барып имаммен сөйлестім.
– Балаңыз өте инабатты, тәрбиелі бала еді… Бірақ қазіргі кезде мешітке келмейді, өздері жеке бір пәтерде жи¬налып істерін сонда тындырады. Апай, кеш болмай тұрғанда балаңызға араша түсіңіз – деді. Имамның астарлай айтқан сөзін үйге келгенде бір-ақ түсіндім. Кіріп келсем үй толған сақалдылар, өңкей жастар. Ер¬кемтай үлкен қарындасын ұзатқалы жамағатын ертіп келіпті. Қанымның басыма шапқаны соншалық, әлгілермен бірге Ер¬кемтайды да үйден қуып шықтым. Балам теріс ағымдағы сектаның шырмауына түскенін сонда ғана түсіндім. Амал қанша, кеш ұқтым. «Бір жақсының артынан бір жаман келеді» деуші еді, сол рас екен. Тәуелсіздік алып, бөрігімізді көкке атып, мәз мейрам болдық. Бірақ, қара пиғылды, ұлтымыздың тамыры¬на балта шабатын, ұрпағымызды ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан дәстүрінен, діні мен иманынан айыратынын ойламадық қой, Талғатжан, ойламадық. Үлкен қызым күндіз күлкі түнде ұйқыдан айырылды. Күнде компьютердің алдынан шықпады. Бір күні: – мама, мен тұрмысқа шығамын, Қырғызстанға кетемін, – дегенде есімнен танып құлап қалдым. Қызымды райынан қайтару үшін істемеген амалым қалмады. «Қырыққа келген, бір рет отбасын құрған, жүрегім қабылдамайтын адамға шыққанымды қалайсың ба, әлде менің өмірмен қоштасқанымды құп көресің бе, мама? Еркемтайдың айтуына қарағанда мені екі күннен кейін алып қашпақшы» деп қызым ағыл-тегіл жылады. Көнбеуіме шара қалмады. Кешкісін үйге қырғыз жігіті келді, тәрбиелі. Бішкектегі Ата-анасына кетерде келін әкелетінін айтыпты. Комьютердегі скаиппен олармен де сөйлестім, жақсы адамдар екен. Біріншіден Аллаға, екіншіден сол адамдарға қызымды тап¬сырып, рұқсатымды беріп, сол күні түні жастар Бішкекке аттанды. Дағарадай үйде кіші қызыммен қалдым. Аласұрып далаға шығып, қайта кіріп, таңның атуын тосумен болдым. Өз баламды өз қолыммен жат елге ұзаттым, ендігі бар ойым кіші қызым болды. Ол да бас-аяғын тұмшалап, тұйықтанып, кісікиік болып тысқа шығуды қойды. Бір үйде тұрып туған қызыңмен сөйлеспеу деген… сұмдық-ай, ешкімнің басына бермесін. Ал, Еркемтай болса жұмыс істемей үйдегіні түзге тасу¬мен болды. Үйге келген қонақтарға жекіп, «мен сіздерге бір күн түнеуге мұрсат бердім. Енді үйімнің берекесін кетірмей кеткендерің дұрыс болады» деп қуып шығатын болды. Үйімізге тірі пенде келуін қойды. Баламды сөзге тартып, мән-жайды білейін деп едім, ол:
– Мама, біз дін таратушымыз және дінсіз исламды бұрынғы өз қалпына келтіреміз. Қазіргі дініміз әлсіз, иман¬дарымыз жоқ. Сондықтан біздің қатарымызға қосылып, намазға жығылыңыз. Аллаһ тағалам біздерге жұмақтың төрінен орын дайындайды. О дүниеге барғанда періштелер қарсы алып, Дәриссәлам жұмағының есігін ашып, кәусәр бұлағынан сусындатады, апа. Мына өмір өмір емес, нағыз өмір сол жақта. Біз ислам дінін тұрғызу жолында жаны¬мызды пида етуге дайынбыз. Бәрі Аллаһтың қолында, бір Жаратушының әмірімен. Менің тілегіме қарсы болмаңыз. Кіші қарындасымды тұрмысқа беремін, – деді. Соңғы сөздерін естігенде қалай қолым барғанын білмеймін жағынан тартып жібердім, қызымды тек менің жа¬нымды алып қана ұзатасың, сені ойына келгенін істетіп қояды деп ойлайсың ба? Мен сенің анаңмын Еркемтай, Мұхаммед пайғамбардың өзі «алдымен анаңды сыйла, анаңды сыйла, одан кейін тағы да анаңды сыйла» демеді ме?!
– Мама, мен ондай пайғамбарды білмеймін, Менің пайғамба-рым Иса, – деді. Балама ақыл айтып, түсіндіруден шаршадым, осы сөздерінен кейін мүлдем сөйлесуді қойдық. Қызымды күзетумен болдым. Оның үстіне сол жылы он бірінші сы¬ныпты бітіруші еді, тест тапсыруға дайындалуда. Ақырын, еміс-еміс қызымды бұл жолдың дұрыс еместігін, уақыты келгенде намаз оқитынын айтып, аз да болса да бетін бері бұрдым. Қанша жанталасып тырыссам да, қызға араша бола алмадым. Еркемтай күнде жамағатын ертіп үйге келіп, ұзататынын, шариғат бойынша некелері қиылғанын да айт¬ты. Бір түнде қызым жоғалды да кетті. Полицияға да ба¬рып шағымдандым, Еркемтайдың барып жүрген пәтеріндегілердің үстінен де арыз жаздым, бірақ қызым үшті-күйлі жоғалды. Тек үш күн өткеннен кейін жұмыста жүрсем ұялы теле¬фоныма қоңырау шалып, «мама, маған ренжімеңіз, мен өз бақытымды таптым» деп тұтқаны баса салды. Содан кейін қызымның дауысын естуге зар болдым. Кешкісін көңілім кетіп сал болып үйге келсем есікте үлкен қара құлып тұр. Бұл қалай екен деп, ойлағанша болған жоқ, екі адам келіп, бұл үйдің сатылып кеткенін айтып, өздерін осы үйдің қожайыны-мыз деп таныстырды. Еркемтайдың жамағат достары келіп жүргенде үйдің қағаздарын алып кетіп, аттарына аударып алған екен. Сөйтіп осы күйге жеттім, Талғатжан. Талғат ешбір сөзге келместен: – апай, мен сізді үйіңізге жеткізіп салайын, – деді. Жетінші ауылға жеткенше екеуі де жақ ашпады. Айгүл нағашы жиенінің үйінде тұратын. Үйде емес, ал¬дында салынған кішігірім лашық. Үйге жақындай бергенде жиені келінімен шығып, бүгін үйде қонбайтындарын, ертең бірақ келетіндерін және Айгүлге әзірше басқа бір жерде түнеуін сұрады. Амал жоқ, Айгүл кері айналып, бұрылыстан шыға бере Талғаттың күтіп тұрғанын көріп қуанып қалды. Бірге қалаға қайта оралды. Оның айтқанына көнбей, құрбысының үйіне баратынын айтып, сапаржайда түсіп қалды. Құрбысы қайдан болсын Айгүлдің, түні бойы сапаржай¬да қонып, азанмен ерте базарға келді. Орнына келіп отырып, қалғып кеткенін де байқамады. Бір мезетте аппақ киінген күйеуі «Айгүл тұрсаңшы балаларың келе жатыр, қарсы ал» деді де ғайып болды. Айгүл көзін ашса түсі екен. Онысы несі, бүгін күн жұма болғасын түсіме кіріп, құран дәметіп жүр екен ғой, ол да ана жақта менің осы күйге түскеніме күйініп жүрген шығар деп ойлады… Дала ала көлеңке. Қала мешіттерінен азан шақырыла ба¬стады. Айгүлдің көз жасы мөлтілдеп, алдында не болып жатқанын түсінбеді. Мешіттегі азаншылардың даусы, құдды бір Аллаһтың сөзін жеткізгендей «балаң бар, бал-а-а-ң-ң бар, баллла а-а-ң-ң-ң ба-а-р» деп шақырып тұрғандай еміс-еміс құлаққа жетеді. Көз жасын сүртіп қараса алдында Талғат, артында бір топ адам.
– Анатай, анашым, анатайым, – деген дауыстарынан қыздарын таныды. Құшақтасып жыласып, мауқын басып, бақыттан басы айналды, тек мөлдір тамшыға малшынған көздері жәутеңдеп қыздарына кезек-кезек қарады.
– Апа, – деді анасының құлынын іздеп тұрғанын байқаған үлкен қызы. Еркемтай түрмеде, тек уайымдамаңыз, осында келерден бір-екі бұрын кездестік. Қазір істің ақ-қарасы анықталуда. Жақын арада босатылуы мүмкін. Еркемтай сізге дұғай- дұғай сәлем айтты. Мен үшін анамнан кешірім сұраңдар-шы, – деп жалынып, босап шыққасын, Сізді өмір бойы алақанына салып өтетінін және те харам жолдан бойын аулақ салатынын айтты. Айгүл бұл сөздерді естіген шақта «Айналайын ары¬сым, тектінің ұрпағысың ғой, айналып келіп қазығыңды табатыныңа сенімді едім ау» деп қыздарын бауырына басты, көз жасына ерік берді. Бұл кезде күнде ұясынан көтеріліп келе жатыр еді. Бұл көріністі әрі қарай көруге Талғаттың шыдамы жетпеді. Тек аспандағы күн күлімдеп, ананың балаларымен қауышқанына риза болып, бұл қуанышты шартарапқа жеткізіп, бақытты отбасын сәулесімен нұрландырып тұр.