Жарық пен тамұқ
Ду қол шапалақ. Зал өре түрегеліп, қол соғып жатыр. Кейіпкерінің бұралаңы мен соқпағы мол өмір жолындағы қайғысы мен қасіретін, қуанышы мен шаттығын, әсте жан баласында жоқ ессіздігін бір бойына сіңіріп, сол әсерден әлі айықпаған актер жігіт көзін бір нүктеге қадаған күйі сұлық тұр. Соғылған шапалақтың бәрі бұның өнеріне таңдай қаққан көрерменнің ыстық ықыласы екендігінде шаруасы да жоқ сыңайлы. Көзін нүктеден тайдырған күйі театр орындығынан өре түрегеліп, ықылас танытып жатқан көрерменге енді назар салды. Көздегі ауыр мұңы серпілмеген қалпы әр көрерменге зейін сала қараған Ергеннің жүзіне сахна жарығы анық түсті. Қыр мұрынды, қара торы жігіт шылқи терлеген екен, керілген қабағының өзі әлденеден сыр шерте ме? Мәселе – көзде. Көздер... Суық, күлмейді, жалт қараған сәтінде адамға тән арамдықтың да, қуқыл тартқан алдамшы күлкінің де, ыза мен күйіктің де, алды-артына барлай қарайтын сынилықтың да, өңменінен өтер өткірліктің де табы жоқ. Ол көздер ғашық та емес. Бірақ, ғаламат, жұмбақ мұңды жанарына жасырған. Бұл ерек көздер. Шын талантқа тән көзқарас, даралық. Ерген сахнада тұрған қалпында әр көрерменімен сол ерек жанарымен сыр алысқандай болды. Әдейі қойылымға деп киген үстіндегі сарғылт тартқан көнетоз жейденің кеуде тұсынан шылқыған тердің табы көрінеді. Бұным жарамас дегендей Ерген кілт бойын жинап, әлі де шапалақ пен әсерден айықпаған көрермен алдында қолын кеудесіне қойып, бас иді. Көрермен бұған жан біткеніне қуанғандай, одан сайын қошеметін үдете түсті. Ерген бойдағы неше күндік уайым мен алабұртқан көңілін сәл серпілтіп, талмаусыраған күйі грим бөлмесіне бет алды. Грим бөлмесі бүгінгі қойылымнан шығып, дуылдасқан актерлерге толы. Бәрі бірдемеге күлісіп, өздері қойған эпизодтарын қайыра ойнап, ыңылдата әндетіп, аядай бөлмені даңғаза қылды. Бәрінің сыртынан бажайлай қарап тұрған Ергенді ешкім байқамаған сыңайлы еді, кенеттен қуқыл тартқан күлім көз сары жігіт:
- Пәлі шіркін! Бейшен келді, Бейшен, - деп назарды бұған бұрды. Ерген қаздай тізілген айналардың алдында тұрған орындықтың біріне сұлық отыра кетіп, өз жүзін өзі алғаш көргендей, көз тайдырмай, қадалды да қалды.
Дауысын кенеп алған қуқыл жүзді сары жігіт Ерген отырған орындықтың жақтауына жайғаса кетті.
- Мен айтам да, мынадай ойлы көзі бар жігітке зағип жанның рөлін берген біздің Әбеке де қызық-ау. Бұнын көзі өзінен бұрын сөйлейді ғой. Өлген малдың көзіндей сұлық тартқан біреу ойнаса, бас кейіпкер бас кейіпкер болмай қала ма? Мәселен, мынау ойнасын, - деп костюмін түймелеп жатқан ұзын бойлы жүдең тартқан Жанболатқа саусағын шошайтты. Жанболат менде нең бар деген сыңаймен Бақытжанға бір көз тастады да, үндемеді. Бұнын бейпіл ауыз екенін білетіндердің көбі айтқанын елемеген сыңай танытып, дуылдақ әңгімелерінің тиегін ағыта бергені сол еді, Ерген:
- Зағиптардың жанары сөйлемесе де, жаны сөйлейді. Дәл Бейшен тәрізді. Көрсоқырлық көзде емес, жүректе, мында міне, - деп Бақытжанның сол кеуде тұсын сұқ саусағымен нұқыды. Бақытжан орындық жақтауынан ілбіп түсіп, тасырайған көздерін Ергенге тігіп, енді жақ ашып жатыр еді, режиссер Сабыров, «Жә, жетер», - деп тиып тастап, сөзін жалғап кетті.
- Ал, өнерпаздар! Бүгінгі қойылымды да мәресіне жеткізіп, әдемі нүктесін қойдық. І. Жақановтың «Қайта оралған ән» хикаятының желісімен қойған қойылымымыз көрермен жүрегінен жол тапты. Бұған соғылған шапалақ пен ыстық ықылас, сондай-ақ, мына өздерің куәсіңдер. Жарайсыңдар! - деп суық әрі қысқа қайырды.
Сабыров қашанда қысқа сөйлейді, мақтауға жоқ, тек көңілі түссе ғана арқадан қағатыны бар. Ұшына ақ түскен дудар шашына бастыра киген кепкасының астынан өңменнен өтер өткір жанарымен актерлер қауымына бір қарап алатын. Адам баласының болмысын сұмдық таниды. Жылпостық пен желөкпелікке жаны қас. Дегенмен, ондай жандарды қабылдайды. Рөл үшін әсте. Өмірдің мұндай жандарсыз болмайтынын ұғынады. Үстінен желбегей жамылған жеңсіз ақ жилеті, тор көз футболкасы, белін қайыс белбеумен буып, балақтары шұбала түскен сұр шалбары мен дал-дұлы шыққан кроссовкасы түспейді. Темекіден таттанған ерінінің үстіне бастыра қойған мұрты мен екі жағын басқан жұқа қылтиған сақалы сәл-пәл ағарған. Жөткірінсе де, күлсе де, ашуға булықса да, далдиып шыға келетін мойынындағы күре тамыры жүрегінің әр соғысын санап тұрғандай дір-дір етеді. Сөзін тәмамдаған режиссер өзіне ақтарыла қарап, кейіннен сөзіне қолдау мен қошемет білдірген қыз-жігіттерге тағы бір бажайлап қарап алды да, дегбірсіздене басып, том-торыс шығып кетті. Дуылдасқан актерлер костюмдерін иықтарына асып ап, грим бөлмесінен шығып жатты. Көш соңында қалған Ерген айнаға тесілген қалпы қимылсыз отыр. Алдында тұрған - өзі. Өз-өзінен түлең түрткендей қуақылана күлді. «Есім ауысайын деген екен», - деп сыбырлай сөйлеген Ерген орындықтан тұрып жатыр еді, режиссер Сабыров кіріп келді. «Жарадың жігіт!», - деп Ергеннің арқасынан қақты. «Талант не бар, не жоқ. Сен - талантсың», - деді режиссер. Кідіріс те болмады, қысқа қайырды. Жайшылықта ана-мынау сөзге елтімейтін Ерген режиссердің бір ауыз сөзіне елпең ете қалды. «Рахмет, аға! Барымды салдым», - деп айтуға оқталған еді, бұған мән бермеген режиссер көзімен айна алдын бір затын жоғалтқан адамша шола қарап, шығып кетті. Өзінен-өзі ұялған Ерген «мақтау сөзге салмақты болмай, дегбірсізденгенім-ай», - деп тұқыршып, қызараңдап, тіпті айнаға бет бұруға ұялды. Адамның болмысы ғой. Мақтау сөзге кім елтімесін?! Іштей болса да, масаттанады адам. Жаманы – жағымпаздық. Жиіркенішті....
***
Пәтердің есігін еппен ашқан Ерген қараңғы бөлменің жарығын да жақпады. Тіке жүрген қалпы қолындағы костюмін төсегінің үстіне қоя салды да, өзі шалқалай жата кетті. Құлағынан музыка дауысы, өзі сомдаған Бейшен тартқан «Полонез», қыздардың сыңғыр күлкісі, көрермен шапалағы кетпей қойды. Соның бәрін «Сен талантсың!» деген режиссердің бір-ақ ауыз сөзі жарып өткендей болды.
Талант. Табиғат сыйы. Өзгеден еректік. Интеллект. Дара. Дарын. Талант адамда не – бар, не – жоқ. Шорт кесті режиссер. Есесіне, реалист. Талантсыз болу адамның кінәсі ме, табиғаттың қатесі ме? Ал талпыныс ше? Талпыныс та еңбек қой. Жоқ! Талаптың адамы бір бөлек, таланттың адамы бір бөлек. Талантсыз болсам, кетер ем бірден сахнадан. Иә, тәрк етер ем. Таланттарға жол байлау боламын ба? Жо-жоқ, болмайды олай. Бірақ, менде бар ол жалын. Ол өшпек емес. «Талантты болу қауіпті, талантсыздардың ішінде». Сұмдық сөз....Талант деген кім өзі? Адам. Хммм... Адам ше? Адам болу да – талант. Оның оты өзгеден ерек жанады, бойында анау айтқандай зұлымдық жоқ, бірақ сырбаз, қарапайым, бірақ тәкаппар, қияли, бірақ шыншыл, ессіз, бірақ есті.... Себебі ол сан қырлы. Ол – талант. Көптің ішінде мұндай жандарға ауыр. Бұлар ашылмаған сыр сандық іспеттес. Бір тетігін дәлдеп бассаң, ғажайып әлемінің сырлы үніне қанық боласың. Адамның бәрі талантты дейді. Өтірік! Адам ешқашан да тең болмаған, болмайды да. Жаһан сан түрлі. Қоғамды тең қыламыз деген талай идеологияның күлі көкке ұшты, қабырғасы қақырады, жүйе сынды. Неге? Себебі, адам тең емес. Ол әрқилы. Оларға теңдей мүмкіндік берілсе де, оны әркім өз шегінде қолданады. Талантта да дәл солай. Талантсыздар жетіп артылады, жетеді. Өнерді жүрекпен сүйетіндер жасасын, өнерге сатқындық жасалмаса екен . Өнерге сатқындық деймісің? Сен өзіңді сатпа, өзіңді! Бұл не сонда? Насихат па? Насихат тобырға ғана керек. Жекенің өз жолы бар....
Ергеннің болмысы өзгеге ұқсамайтын, ұзын бойлы сұлбасының өзінде көрген адамға бірден ой тастайтын өзгеше даралық бартын. Кіртие қараған көзінің өзі жауабы жоқ бір сұрақтың шешімін таппаған жанша қиыла қарайтын. Қашан да қара киінеді, тік жүреді, тәкәппар емес, бірақ кербез. Арзандыққа ұмсынған емес, талғамы дара, мәдениеті жоғары. Бойдағы өнері тағы бар. Ерген ерекше дарынды актер. Табиғат берген таланты бұғып жатсын ба?! Жарып шықты. Бүгінде ділдей бір театр актері. Қашан да шабыттың шырмауында жүреді. Әр сомдаған рөлін үлкен сауаттылықпен орындайды, себебі өзіне адал, өнерге адал. Қойылымға дайындық жүріп жатқан күннің өзінде сахнада ғана рөлге еніп, тысқа шыққасын күйбең тірлікті қуалап кетпейтін. Неде болса, сомдар рөліне шын беріледі. Соның әсеріне елітіп, өз-өзін ұмытады.
Ерген өмірде адал жігіт. Қаңқу сөзге ерген емес, көп ашылмайды, қысқа қайырады, адамды бағалай біледі. Шығармашыл болса да, өмірді ертегідей көрген емес, дәл сол қалпында қабылдайды, адамды да. Өз қағидаларын бұзған емес, бұзса, өз-өзін кешірмей кетеді. «Өмірде бақыт жоқ. Бақытты бол деген тілекке мен иланбаймын», - дейді Ерген. «Өмір бақи бір бақыттың шегіне жету, оған белгілі бір жаста қол жеткізу мүмкін емес. Бақыт ол – иллюзия. Адам өмірі бақытты болмайды. Бірде шаттықтан төбең көкке екі елі жетпей жүрсе, бірде құр сүлдерін қалып, тағдыр салған сынақтың тезін кешіп жүргенін. Ақиқаты осы ғана. Әсте өмір фортепиано клавишы іспеттес дегенге мен иланамын. Бірде ақ сүрлеу жол, бірде қара сүрлеу жол көсіліп сала береді. Өмірдің заңдылығы солай ғана, бұл өзгерген емес, ғаламзаттың бір түкпірінде басына бақыт құсын қондырып алып, масайрап жүрген бір жанды көрген емеспін. Толыққанды бақытты боламын, соған ұмтыламын деп күш сарп ету – далбаса. Бақытты бол деп бір жанға айтқан емеспін. Бұл ұғым геометрияда өз-өзін ақтай алмаған теорема іспеттес. Бұнымен жан баласын алдап, оған бақыт тілегіш ақ жүрек болғым келмейді. Бары осы... ».
***
- Ерген сені Ақан Серінің рөліне лайық көрдім. Қолдағы шағын фрагменттегі Ақанның бір-екі монологын қазір жатта, проба жасап көрерміз. Гримёркада тұрған жасыл шапанды үстіне іле сал. Кейіннен образды айқындармыз. Ал, тарқаңдар. Дайындықты үдету қажет. Парижде қоятын қойылымның маңызы зор, - деген режиссер Сабыров аузындағы шырпысын тістеген күйі, сабылып жүрген актерлер қауымына бір назар салып, Ергенге көз тастады. Ерген сәл-пәл ойланған күйі бір нүктеден көз алмай қарап қалды. Сабыровтың назар салғанын байқап қалып, қолындағы буылған қағаздағы текстті әрі аударып, бері аударып грим бөлмесіне бет алды. Бөлме ішіне шаңқай түскен күн көзі бет қаратпайды. Қыздар терезедегі жалюзилерді зыр еткізіп жауып жатыр. Сабыров құлаққағыс еткен пүліш жасыл шапан киім ілгіштің бірінде ілулі тұр екен, Ерген шапанға қарай ұмсына беріп еді, қуқыл жүзді Бақытжан кіріп келді. Ергенді бір иығымен жанап, итеріп айна алдына өтті. Жүзінде мысық күлкі, зымияндана қарай ма, қалай өзі?!
- Сері сенің не теңін? Өзіміз театрда талай жүріп, ірі сом рөлдерді алуға жүрексінетін едік. Сен үдеттің ғой, пәлі. Қыста «Қызыл жебедегі» Тұрар, қала берді Ромео, жақында Бейшен, енді Сері дейсің. Қошеметке масаттанып жүрмісің?
Ерген мұның сөзін елеусіз қалдырмады.
- Мен жаман актермін бе? Рөл бекітсе, демек лайықпын.
Ерген Бақытжанның ашу қысқан жүзіндегі арам әрі ызақор күлкіге шыдай алмай, қасақана аспандай сөйледі. Бақытжан ызалана, дарақы күледі.
- Залымдықты доғарған дұрыс. Тым аяныштысың, - деп тегеурінді қалпын сақтаған күйі соңғы сөзін соза әрі күрсіне айтқан Ерген Бақытжанға зілсіз назар салды.
Мына сөзге Бақытжанның қаны қызып, шекесі дың ете қалды да, айна сүртеміз деп қойған шыны құтыда тұрған сірке суын қалт еткізіп ашып, Ергеннің көзіне дәлдеп шашып жіберді.
-Ааааа.....
Адамның естуге дәті жетпейтін құлақ тұндырар әлдебір сұмдық ышқынған дауыс.... жерге салдыр-сұлдыр түскен құты дыбысы, шаң-шұң дауыстар....
***
Құлаққа ұрған танадай тыныштық. Қап-қараңғы. Ерген тынысы тарылғандай, кеудесін өзгеше бір қорқыныш жайлап, жүрегі зу ете қалды. Екі көзін қолымен ұстап қояды.
«Бұлар неге ашылмайды? Әлде түн бе? Түн болса да, бір жарық сәуле бар ғой. Әлде... әлде түс көріп жатырмын ба? Ей-й-й-й». Ерген екі қолымен көздерін қайта-қайта уқалай берді. Кенет біреу қос қолынан шап беріп, ұстай алды. Ерген селк етті.
- Бәрі жақсы болады Ерген. Иә, жақсы болады.
Сабыров қой. Ерген бірден таныды. Сабыров соңғы сөйлемін ерекше күрсініспен дірілдей айтты ма, қалай өзі?! Ерген Сабыровтың жүзін көре алмағанына шыдас бермей кетті. «Бұл қалай?! Дауысын естимін, дәл жанымда тұрды ғой. Жүзін көре алмаймын ба?». Ерген өз-өзін төмпештей ұрып, қос жанарын саусақтарымен білеп тұрып ашқысы келді. Іштей бір дауыс өзінің есі кеткен сұмдық ойға дес бермей, ышқына айқайлайтын тәрізді. «Жо-жоқ, мен соқыр емеспін! Бұл не түнек қапас?? Мен зағип емеспін! Жоқ!». Қараңғы, қараңғы. Қап-қараңғы...
***
«Полонез» әуені сахнаны жаңғыртып әкетті. Пианинода ойнап отырған жігіт оның әр клавишын ышқына басып, ессіз адамдай беріліп кеткен. Ызаланған долы дауылдай төнген музыка үні көрерменді қимылсыз қалдырды. Демдерін ішіне тартқан жұрт сарғылт тартқан көнетоз жейдедегі толқын шашты жігітке бар назарын салып, қарап қалған. Өнер құдіреті. Музыка... Жігіт соңғы ноталарды тіптен аспандатып жіберді, ызаға булыққандай, әр клавишты аямай басып-басып жібереді. Терең ойда музыка үніне өзінше елтіген жігіт, алаңсыз күндерін аждаһаның аузына байлап берген ессіздей, өзін соншама сорлы, бейбақ сезінді. Кеудесіне толған мұң-шерін парлаған жаспен де ағыта алмайды. Себебі, ол жыламайды. Бұл Ерген еді. Бейшеннің рөлін сомдауда. Бұл жолы Ерген өзгеше, мүлдем таңсық жандай көрерменіне де жатсына қарайды. Қойылым соңында көрермен залдан дүр етіп түрегеліп, актер жігіттің талантына қошемет соғып, ықылас білдіріп жатыр. Пианино жанында еппен көтеріліп, сүйеніп қалған Ергенді қос жігіт қолтығынан демеп, сахнаның қақ ортасына алып келді. Ергеннің көз алды қараңғы түнек, сығырайған жарық сәуленің титімдей де нұры шағылмайды. Есесіне, ду қол соғылған шапалақ үні құлақ тұндырады. Бұның бәрі Ерген үшін, Ерген өнеріне көрерменнің шексіз құрметі. Бұл өнерге деген ықылас. Ерген жұмбақ мұңды жасырған ойлы көздерімен әр көрерменін қалт жібермей, енді баппен қарай алмайды. Ол дәл Бейшеннің кебін киді. Ол – зағип. Талантқа тісін қажаған жүрексіздің қара пиғылы мұның жанарын мәңгілікке тас түнекке көлегейледі. Бірақ, ешкімде жоқ сұңғыла дарынын емес. Ергеннің өзі айтқандай зағиптың жанары сөйлемесе де, жаны сөйлейді. Ергеннің жаны ышқына айқайлағандай болды. Шарасыздықтың уытты дәмі таңдайынан кермек таттай жүгіріп өтіп, жүрегіне қызған шоқтай қадала берді. Бірақ, мына құлақ тұндырар шапалақ үні, Ергеннің өнеріне деген тым жоғары құрмет бойына қанат бітіргендей. Шын талантқа тосқауыл жоқ. Олар да кейде қорғансыз сәбидей күй кешеді, аяқтан шалынады, сүрінеді, шегі жоқ тамұққа батып та кетер. Бірақ тосқауыл жоқ. Аспандайды әлі. Ерген көрермен алдында, шексіз өнер құдіреті алдында бас ие берді, ие берді. Ду қол шапалақ...