Адам қарады: 211 | Жарияланды:

ТАСБАҚАНЫҢ САУЫТЫ

                                               

(Бір ертегінің ізімен)

 

Бір топ бала тасбақа,

Бір төбеге жиылды.

Құтқаршы деп сауыттан,

Жаратқанға сиынды.

 

 

Жаз да шығып келеді,

Үсіп өле қоймаспыз.

Құрбақамен жарысып,

Ойынға бір тоймаппыз.

 

Көтерумен ауыр жүк,

Қарын қалды қабысып.

Сілкінсек те бұл сауыт,

Түспей қойды жабысып.

 

Құтылудың тегі бір,

Таба алмадық шешімін.

Тигізумен келеді ол,

Жүріске де  кесірін.

 

Мазақтайды күнде кеп,

Алыс-жақын, «дос», «іні».

Сүйреуменен өте ме,

Өміріміз осыны.

 

Сауытсыз-ақ жүр ұшып,

Сауысқан да сақ құлақ.

Құмырсқа жүр әне,

Қабығы жоқ шақпылап.

 

Қанат емес тағы да ол,

Себі тиер ұшқанда.

Сауыты жоқ жүр жортып,

Қоян менен тышқан да.

 

Ұят екен елден де,

Жүреміз тек киген боп.

Жіп-жіңішке жүр ұшып,

Инелік те имеңдеп...

 

Артып ауыр бұл жүкті,

Келдің бізді қырыңа ап.

Құтқаршы осы бәледен,

Кетейік бір зымырап.

 

–Бізді түгел біледі,

Бұл өңірдің жар, тасы.

Жүргеніміз дін аман,

Сол сауыттың арқасы.

 

Асу асып қаншама,

Бабаларың сең бұзды.

Тасбақа деп атаған,

Сондықтан да ел бізді.

 

Іргемізде жүрмей ме,

Тісін басып ірі жау.

Енді бұдан айрылсаң,

Нең қалады, күнім-ау...

 

Деген ата ақылын,

Құлағына ілмеді.

Тағдырының күн ертең,

Не боларын білмеді.

 

Жаратқан ғой әу баста,

Қорғасын деп денесін.

Жалбарынып тұрған соң,

Тәңір оған не десін.

 

Екі сөзге келместен,

Тілектерін құп көрді.

Шешіп олар сауытты,

Жалаңаш боп шықты енді.

 

Қуанды-ай кеп тырбаңдап,

Шыққандай бір шыңға дәл.

Желдей есіп тарады,

Айналаға бұл хабар.

 

Естіді бұл хабарды,

Бірі қалмай шартарап.

Тісін басқан жыртқыштар,

Шыға келді анталап.

 

Алшы түсіп асығы,

Оңнан туды күткен ай.

Ілетұғын болды оны,

Қаршығалар тіпті оңай.

 

Тақты бақа мойнына,

Қасіретті шынжыр қып.

Жұтатұғын боп алды,

Борсығыңыз  бір қылғып.

 

Бітті бәрі, не керек,

Зарла енді, зарлама.

Еркін шоқи береді,

Сауысқан да, қарға да...

 

Сөйтіп өзі тарылтты,

Сайрап жатқан кең жолды.

Құтылам деп сауыттан,

Ит пен құсқа жем болды.

             

***

Ержетесің сен де ертең,

Азамат боп, батырым.

Тыңдаған жөн мұндайда,

Үлкендердің ақылын!

Қазақ тілінде жазылған