Қойын дәптердегі құпиялықтар
Біздің ауылда жазғыш Жалынбектің қойын дәптері жайлы әңгіме білмейтін адам бар десек, ол шындыққа қисынсыздау болар еді. Себебі ол қашан да естелік жазуын тоқтатып көрген пенде емес. Кім көрінгенге көрсете бермейтін Жәкеңнің жазып жүрген дүниесі бәрімізді қызықтырады. Менің білуімше: кейбіреуді мақтайды, кейбіреуді даттайды. кейде жылатады, кейде жұбатады. Сөзбенен шымшыйды, теріңіз шыпшыйды, түзеп бойын, ойқастап ойын, бірде бүлдіртіп, бірде күлдіртіп отырып жазатын көрінеді. Жәкең өзіне жақын құрбы-құрдасы, мұртты мұңдасы, сырлас сыныптасы, сенімді серіктесі болмаса, оның қойын дәптеріндегі жазылған құпиялықтар туралы білуде мүмкін емес, анда-санда үзіп-жұлып соларға ғана көрсететін сыңайлы. Бірақ «Ел құлағы елу»,-ғой онысызда бір сөзге бір сөзді қосып,аяғы жетпес жерге сөзін жеткізетін жеңіл ауыздар мен пысықтардан шет жағасын естіп , көріпте жатамыз.
Меніңше осы Жәкең, сегіз қырлы,бір сырлы жігіт іспетті. Қырықты желкелеп қалған, қыр мұрынды, қою қасты, қалқан құлақты, жазық маңдайлы, шүңірек көзді (бір көзі сығыр),шашы селдір, орта бойлы, сіріңгедей қара жігіттің бойында, ойында бір тілсім дүние бардай сезіледі де тұрады. Ал бізге қарағанда күндіз-түні жанында көбірек бірге болатын жеңгеміз ғой, ендеше сүйікті жары, құдай қосқан қосағы Қатипа жеңгеміздің айтуына қарағанда: кейде Жәкең түн ортасында ұйықтап жатып, орнынан атып түрегеледі екенде, далаға шығып, дәрет-пәретін алып кеп, аппақ кимін киіп, жазу мен сызуға кіріседі екен. Тастай қараңғы түн ортасы ел ұйқыда, түн ішіндегі Жәкеңнің сыбдырынан кейде жеңгемізде,балаларда түн ұйқысын төртке бөліп, өрпердей қарайтын көрінеді. Содан не керек, сені не жын соқты? қай шабытың қытықтап, ұйықтатпай-ақ қойды. Ұйқы берші басқаларға, тым болмаса далаға төсегіңді салып берейік, содан айға қарап ұлып жазасың ба? жоқ әлде жымыңдасқан жұлдыздарды көріп күліп жазасың ба? бәрі өз еркіңде деп, жеңгеміз бұртиып,кейійтін көрінеді. Бұл ғана емес, Жәкең күндіз қандай жұмыс істеп жүрседе, шабыты кеп қыса қалса, ескі көк костюмның қалтасынан бірнеше көк дәптерлерден кесіліп жасалған, түбі қара жіппен мықтап тігілген, май сіңіп, тер сасып, сарғайып қалған қойын дәптерін алып шығады да жаза бастайды екен.
Бірде жайлау тауға мал айдап бара жатып, жол-жөнекей атынын түсе қап, оны-мұны бірдемесін жазып отыра қалғанда, ер-тоқымымен астындағы аты қашып кетіп, ес кіріп,жан шыққанда, алты айрығынан тер сорғалап, жағы қушиып, өзі жауатын бұлттай түнеріп , қызыл іңірде жайлауға әзер жеткені бар. Онысын қоймай бір күні атыздан шөп басып келе жатқан машинаның үстінде, қалғып- шұлғып отырып, жазып-сызыл келе жатып, көлік теңселгенде жерге абайсыз топ ете қалып, аяғын сындырып, ай көлемінде үйде жатқаны бар. Әй, әй сонда да қоймайды. Ендеше Жәкеңнің сонша көрсетпей, беріліп жазып жүрген дүниелерін Сіздер де білгілеріңіз келе ме?
Болмады ақыры, айлаға бастым бір күні. Балаларына ойыншық, ішпек-жемек алып, ал жеңгемізге келіскен заманауи бір көйлек сатып алдым да, Жәкең ағамыздың үйіне бардым. Ондағы мақсат біреу ғана, Жәкеңнің қойын дәптерлерін бір шолып шығу еді. Міне сәті түсті, «Періше алтынды көрсе, жолдан тайыпты»,-дейміз бе? әлде, «Адам тіліне аспандағы бұлтта айналар»,-дейміз бе? жеңгеміздің көңілі жібіп, қолы ашылды да қалды. Бірақ талап біреу ғана, жарты сағат уақыт ғана беріледі. Үлгіргеніңше оқып көресің. Бөлек бөлмеге кірдім, алдымда алты қойын дәптері тұр. барлығының шеттері мүжіліп бүктелген, көнеден келе жатқан жәдігер дүниедей көзді алдайды. Сыртқы мұқабасының бояуы солғын, сүрең тартқан. Бірақ ішім жылып кетті білем, парақ беттерін еппен ашып оқи бастадым. Көңілге түрткі ой салатын бірнешеуін түртіпте үлгірдім:
Сонда Жәкең:
Бір күні көрші ауладағы ауадағы үйге жаңа отбасы көшіп келді. Ауадағы үй дейтінім, ол үйдің еш дакументі жоқ, қора-қопсы дегеннен де бей-жай еді. Сол үйге амандаса бардым. 15-20 жастар шамасындағы екі жас жігіт үй сыртында қара тер боп туәлет қазып жатыр екен. Аман-сәлемнен кейін, «Тышар көбейсін, жігіттер!»,-деп қалдым. Ана екеуі маған оқты көздерімен ата қарады...сөз төркінін осылар түсінбей ма екен? ішім жылап, сәл езу тарттым.
14.07.2017ж.
Бір жолы таз да болса, бай Тасқынның үйіне қонаққа бардым.Әйелі бір қазан ақ балау басыпты, ішінде бір тал қарайған еті жоқ. Әйелінің мен барғаннан бері қабағы түсіңгі, қонаққа деген ниеті жоқ. Түнде көрпем жұқа тоңып шықтым, көз шырымын да ала алмадым, таң әзер атты ғой. «Қонақты қондырма, қондырсаң тоңдырма»,-деген сөз шын екен-ау. Оны қойшы, атым да аш сияқты, іші-бауыры қабысып, оқыранып тұр.
Жоқ еді жерім қас қылған,
Көрдім ғой қорлық Тасқыннан.
Өзгеріп бара ма? жақындар,
Ақшамен атаққа асқынған?!
13.02.2017ж.
Аймұрат ауыл әкімі болады деген қауесет тарап жүр.Олай болса құдай берді деп қуанып қалдым.Баяғыда сол Аймұрат қыста қаладан келіп, үйге жатып, малын жеп,арақ-шарабын ішіп, атымды мініп екі-үш күн бойы жон-жота, орман-тоғайдан аң қарап, қанжығасын майлап қайтқан еді. Әй, бірақ қайдан? ол «Оны» ұмтып кетті ғой............
17.05.2017ж.
Бүгін атыз басына жездеммен бірге бардым. Жездем балдызсынып ойнап, жаз бойы осы қауын-қарбызды дұрыстап бір суарыспадың, ал жеме-жеңге келгенде мені осылай жетелей бастайсың дейді. Құдай-ау, бір жағынан үй салып, екінші жағынан мал бағып,жар құлағым жастыққа тимей жүргенін көрмей ма? екен. Ойнаса да ойындағысын айтты ма? кім білсін. Сөз келгенде сөйлемесең,сөздің атасы өледі деуші еді ғой. Менде жездемді қағытпалап, пах, шіркіннің дәмесін, әпкемді бір берсем, енді мені өзбек етіп алмақшымысың? бетіңнің қызылынан ұялғаныңды түк байқамай қалам. Жалтырайған тақыр басыңнан күн айнадай шағылысып қайтады. Ал анау сапсыйған тікенектей мұртың мен сақалдарыңа атыздағы шыбын-шіркей, масаларда сыйдаланып өлетін шығар-ау, жездеке деймін.
Суартып қауын-қарбызын,
Сынай ма жездем балдызын.
Өзбек етіп жоқ қоймақ па?
Бір үйдің мендей жалғызын.
16.06.2017ж.
Бай, бай емес, нағыз бай адам-басында қарызы жоқ адам шығар. Айдың соңы ауырлау, ә....Кредит деген пәле бар ғой, қалтаң түбін ақтаратын.
Еріксіз иланасың,
Кредит алу қиын емес.
Артынан қиналасың,
Төлеуге тиын толмас.
27.07.2017ж.
Е, Жәкем-ай! бекер қарап жүрген жоқ екенсіз-ау, деп қимастықпен дәптерінің бетін жауып, ақ жеңешеме тапсырдым. Аз ғана уақыт ішінде үлгіріп, жазып, түсінгенім осыншалық болды. Жәкеңнің қағаз бетіне түспеген тың дүниелері де қанша ма? әзіл-қалжыңы аралас қойып қалатын сөздерін біреу түсінсе, біреу түсіне қоймас. Ал мынау жазылған дүниелері әрбір адамға ой саларлық өмір сюжеттерінің көрінісі іспетті сезілді. Сондықтан мен Жәкеңді таланты бар, танысы жоқ, арынды ақын, жазғыш Жәкең, саналы сатириік, ақылды артис көрем. Бірақ оны түсінбей жүргендер немесе көре алмайтындар оны есірген есалаң, қушиған қотыр, көк ауыз ақымақ, сапылдақ соқыр деп де мінеп , сынап жататындар да баршылық.
Міне аспанды шарлаған алып от шары да ұясына еңгейіп барады. Батыс көкжиегі қызыл бояуға малынып тұрғандай. Жәкеңдерде жұмыстан қайтып келетін уақыты бопты. Мен оған өзінің ауласынан шыға берісінде кезігіп қалдым. Біз ауылдаспыз, ол менен он жастай үлкен болса да бел құрдастардай жақындасып, әзіл-қалжыңымыз енді-енді жарасып, жақындасып келеміз. Соңғы кездер жолымыз түйлісе қалса, қауғалақтап амандасып, ағымыздан ақтарыла қаламыз. Тіпті айтыса, тартыса да жөнелеміз. Жақсының жаттығы жоқ-ау деп менде азды-көпті жіберіп жүргем, енді міне сол үрдісіміз тағы бір рет қайталанғай тұр. Бұл жолы кезекті өзім бастай кеттім:
Ассалаумағаликом! Жәке, ағасы!
Көңіліңнің жоқ аласы.
Жазғыш деп Сізді білемін,
Сөзімнің сол ғой бағасы.
Түріңе бірақ күлемін,
Абыржып кеткен қарашы.
Қайдан келдің япырай,
Қыршаңқы шалдың баласы.
Шаршап тағы жүрсің бе?
Жұмысың алыс арасы.
Өтеді бәрі күрсін бе?
Жазылар бастың жарасы.
Жәкеңнің күн көзіне тотыққан терілері қарайып, көк кепкасының астындағы бұйра шаштарынан сорғалаған ашты тердің, самайын айғыздап кеткен дағы көрініп тұр. Шекесінің оң жақ тұсы ( бір жолы екі аяқты шайтан арбасы волесипеттен жығылып, жер сүзе құлағандағы тыртық жарасы) қара қотырланып қалған екен. Жәкем, Сәл езу тартып, қолымды қыса, тамағын бір-екі қырнап алды да, қызыл тілін безеп кеп жіберді.
Уағаликомуассалам, ақын бауыр!
Халыққа шығып келед атың тәуір.
Арақ-шарап, Жегеннен аулақ болып,
Еңбек етер ел үшін қақың ауыр.
Ғажап-ақ сен біздерді іздегенің,
Қара табан біреу ек біз дегенің.
Рухани Жаңғыруды жалау етіп,
Жақсы ғой халықтан қол үзбегенің.
Ей, ей ...деп қоямыз Қаке, өзімізше деп Жәкең сөзін аяқтатып, менің қас-қабағыма тігіліп, жауап күткендей қарап қапты.
-Охо, бәрекеді. Жәкесі! көкесі! тамаша соны жырларыңыз тау бұлағындай қайнап жатыр-ау, тіл көзден, түфа, түфа!!! Мені ұлық біреуге теңеп жібердіңіз-ау шамасы. Тәйірі бұл сөзіңізге күманым бар.
-Ой, бауырым! Болашақ жастардың қолында деген. Аузыма құдай салып тұрған шығар. Бірақ артық ішіп-жеп, отырған орыныңда ұйықтап қала беретін болсаң, құрыдым де, құлқыныңа онда бір күндер-і-і-ііііі құм құйылатынын ұмытпа! ха,ха,ха,(Масқара күлкі).........жә,жә, жүр үйге кірейік. Айтыс жасауғада бәр-бәріне мүмкіндік бар. «Қазақ, қазақ емес, нағыз қазақ-домбыра», домбыра білмесең Қытайский қобыра,-деген .
-Недеген мақал, әр сөзің алтын ғой, аға! шынымен де, Домбыраның үніне құлақ түріп, жусанның исін иіскемеген қазақ, қазақ емес-ау тегі.
-Тұрмайық! түгі! Жеңгеңнің ақ шайы әңгіменің дәмін келтірер, Ағаңның қоңыр домбырасы әр ненің сәнін келтірер!....(Ха,ха,ха, жарасымды күлкі)
Қиыс батыстан соққан желемік біздің жарасымды күлкімізді әуелетіп әкетті. Ендігі әңгіме , әзіл әлемі, құпияға толы естеліктердің бір пұшпағы үй ішінде иленсін!