Аршын оқыған намаз
Аршын оқыған намаз
Біз оқуға түскен жылы қыс қаһары қатты еді. Қаһардың қаһары одан да қатты тұғын. Қаһар – ұлттық университет қалашығының тәртібіне жауапты кісі. Кейін ұстаз болып кеткен Жұмағали ағайдың қаһары Қаһардан да кем түспейтін. Бірақ, біз үшін қыстан да, Жұмағалидан да, Қаһардан да қаһарлысы – әлбетте жоғары курстар болды. Мезгілсіз уақытта жұмсау, орынсыз ақша талап ету, болымсыз жиналыстар, осының бәрі жүйкеге тиіп, шаршатып жіберетін. 1-курстың ортан беліне жеткен кезде перваштар жаппай намазға жығыла бастады. Арасында тиіп-қашып мен де бармын. Старшактардың жайнамазын құшақтаған, момақан кейіптегі ұлдарға тиіспейтінін байқаған курстастар бұл әдісті де қолданып көрмекке бекінсе керек. Әрине, асыл дінді ұстанып, тәртіпті болып жүру кім-кім үшін де жарасымды. Бірақ, әшейінде төбелестің бел ортасынан табыла кетіп, бейәдеп тіркестерді күніне бірнеше мәрте қолдану тұрғысынан кәсіби адамға айналған кей достарымның тақуалық келбеті еріксіз жымитып, кеңкілдетіп күлдіртіп-ақ жіберетін. Апыр-топыр дін жолын ұстанғандардың қатарында Аршын да болды. Қолында тәспісі, басында тақиясы, мейірбан бейнесі алыстан менмұндалап, көркем жігітке айналды да шыға келді. Имандылықтың айнасы осы Аршындай болса керек, әп, бәрекелді деп риза болысып қалдық. Кейде бәріміз жамағат болып оқиық деп бірлікке де шақырады. Онысына келісіп, қатарласа тұра қаламыз. Аршын имам, біз қаздай тізіліп оған ұйып тұрамыз. Ғажап көрініс.
Жатақхана, оның ішінде 1-курстың ұлдары қашан тып-тыныш отырып тамақ ішуші еді. 511-дің Б бөлмесінде ұлы айқай, ұлы шу. Дәу қазанға тамақ істелген екен: кіл ашқұрсақ перваштар балға үймелеген арадай қазанға төңкеріліп тамақ ішіп жатырмыз. Ауыз шіркін тамақ ішіп те, сөйлеп те үлгереді. Аршыннан өзгесі сабыр атаулыдан жұрдай. Арекең «тамақты кейіндеу ішермін» деп, көрші бөлмеде намазын оқып алмақшы болды. Жайнамазын жайғалы жатып, жігіттерге тынышталыңдаршы деп ескерту жасағандай ишарат білдірген. Ешкім құлақ та асқан жоқ. Бірі кіріп, бірі шығып, у-шу болып жүре берді. Аршын екінші рет өтінішін айтты: «Жігіттер, намаз оқып алайын, сәл тыныштала тұрасыңдар ма?» деп мәдениетті түрде жеткізді. Әлгілер сәл тыйылады да, қайтадан араның ұясындай гуілдей жөнеледі.
Аршын жайнамазын жаяр-жаймасын білмей желпілдетіп әлі тұр. Үшінші рет айқайлаңқырап айтып еді, бірі естіді, бірі естімеді, қысқасы нәтиже болмады. Осы сәтте Арекең шыдамай кетті:
- Ей, тап әкесінің ауыздарын қызыл етігіммен ұрайын, өңшең ептібайымайды, лібәттар, қанды іштіңдер ғой... намазымды оқып алайын да тынышталсаңдаршы! ҚАМАТ АЛЛАХУ ӘКПАР АЛЛАХУ ӘКПАР, – деді де құлшылығына кірісіп кетті...