Адам қарады: 112 | Жарияланды: 2018-09-14 14:19:57

Ашқарақ Руслан

Ашқарақ Руслан

 

Заманның заманында Еркебұлан екеуміз жатақхананың 310А бөлмесін  мекен еттік. Көрші бөлмеде тура тамақтың үстінен түсетін "ерекше қасиетке" ие, 4-курста оқитын Руслан деген жігіт тұрды. Бір күні Ерекең екеуміздің әліміз жеткенінше артынып-тартынып дүкеннен келген бетіміз еді: Нан мен май, биос, айран, колбаса, сыр, басқа да тәтті-пәттілерді барынша толтырыппыз. Ерекең едел-жедел спагетти, яғни бермешел дайындап та үлгерген. Сағат кешкі 5-ке таяп қалған мезгіл. Дастархан жайылып, шайдың буы бұрқырай бастағанда-ақ, есік айқара ашылып Руслан кіріп келді: "Дәстүрінен жаңылмайтын сабаз-ай".

"Оооо қалайсыңдар жігіттер!" деп біссіміләсін бастаған Руслан, нанға қалың етіп май жағып, қарпып жеп алды. Бұл – әшейін ауыз тигені. Жалпылдап қарсы алған болдық. Кеше бір қызбен танысқаны туралы әңгімені соғып отырып, нан мен сырды бірінің үстіне бірін қойып, бірнеше қабатты бутерброд жасап та алды. Содан кейін әлгі бутербродты әдемілеп ауыз қуысына ыңғайлады да, әңгімесін бастап кетті:

– Кеше жатақханаға сыныптас досым келіп тұр. Не істеп жүрсің десем, біреулермен ерегесіп қалдым, кешкісін бірге барып сөйлесіп қайтайық дейді. Барайын десем аздап қорқып тұрмын, бармайын десем қапелімде аузыма дені дұрыс сылтау да түспей қалды. Барайық дедім. Екеуміз аялдамаға қарай беттеп келе жатырмыз. Бір кезде тура алдымнан ауылдас қыздың шыға келмесі бар ма?! – деп өз әңгімесіне өзі таңырқады да, бұл таңғалыстан соң айран ішпесе болмайтынын анық аңғартты. Қырлы, қалың стаканға айранды мелдектете құйды да, тоқтамай сіміріп алды.

– Мынау ауылдың айраны ма? – дейді. Біліп тұрып сұрайтынына күйіп кетесің. "Иә, ауылдың айраны" деп КЕФИР деген жазуы бар қорапшаны Русланға жақындатып қойдық. Мұндай мысқылға пысқыратын ол ма, сампылдап ауызы жабылатын емес.

  • Осы қуырған тамақ зиян дейді, ә, – деді бермешелді қасықпен көсіп алып жатып.
  • Зиян болса жемей қоя салуға да болады, – деп Еркебұлан міңгір етті.

Перваш болған соң, пәлен деп батырып айтуға бата да алмаймыз.
– Жооооқ, - дейді ол, – дегенмен тәтті екен. Мектеп кезінде жей алмайтын едім. Жатақханаға келгелі бері үйреніп алдым. Тіпті жемесем тұра алмаймын. Әрі мына Еркебұлан тамақты өлтіріп жібереді емес пе. Дәмі тіл үйіреді.

Осы сөздерді айтып боламын дегенше, сойдақтатып шағын тәрелкенің ішін шарлап шықты. Біз де жеген боламыз, бірақ көршіміз шаңына ілестіретін емес. Тамақ жеу үшін әр әңгіменің басын бір шалған оның есіне әу бастағы оқиғасын салып кеп жібердік. Ол бұл уақытта колбасаны жақсылап кесті де, сырмен қабаттап нанның ортасына салды. Сосын жап-жаңа биосты ашып, әлгілерді қоса бұралақтатып ауызға аттандырып салып отыр.

  • Аа ия, содан келе жатырмыз аялдамаға қарай...
  • Жоқ, одан бұрын бір қызбен кезігіп қалып едіңіз ғой?
  • Еее, физфактағы Айкамен танысатын кез ғой
  • Физфагы нес, ауылдас қыз қайда пайда бола кеткен?
  • Аааа, Жұмагүл ма? Ия сол ғой Айка деген... Ауылдан бірнеше күн бұрын ғана келіпті. Арбаттың қайда екенін айтшы дейді. Айтайын деп ертіп Арбатқа тартып кеттім, деді де биосты шайқап-шайқап өңешіне бір-ақ лақтырды.
  • Екеуіңіз ғана ма?
  • Ия, екеуміз ғана, – дейді аузын асығыс сүртіп жатып.
  • Ау, әлгіндегі көмек сұрап келген мүсәпір досыңызды қайтпексіз? Разборка ше?

Әңгімесінің негізгі желісінен ауытқып кеткенін енді түсінді-ау деймін. «Мәә, Шерхан да қызық ғой, болмайтын нәрсені дабырайтады да жүреді» дейді түк болмағандай.

  • Анау қызбен асығыс қоштастым да, Шерхан екеуміз көк базар жақтан бір-ақ шығайық деп аялдамаға келдік.

Сонда мұның Жұмагүл-Айкамен бірге Арбатқа барғаны қайда қалды деп біз отырмыз.

  • Жігіттер, оның несін айта берейін, әлгі кеудесін кергендерді тарс-тарс орындарына қойып тастадық қой!
  • Олар нешеу екен?
  • Олар көп бізден. Мен көзқарасыммен-ақ алып тастаймын ғой, – дейді дабырлап.
  • Сіз сөйлеп-сөйлеп, мысын басып тастағансыз ғой?
  • Тура солай! Әй, журфактықтар күшті сөйлейсіңдер, – деп мақтап қоюды да ұмытпады. Сосын біраздан бері үстелдің шетінде тұрған талқанды толтырып кесесіне салып, оның үстіне айран құйды да кетуге ыңғайланды.

Бұл кезде дастарханның үсті де саудырап, жып-жылмақай болып қалыпты. "Қонағымыз" тұруға есікке беттеген соң, бізде бет сипап кереуетке құлай кеттік.

  • Мынау ғажап болды! – дейді ыржиып, – жүрек жалғап алдым-ау, әйтеуір. Қазір кешкі асты "Кафетериден" ішіп қайтатын шығармын. Бірге жүріңдер, – деді айран мен талқанды былғап тұрып.
  • Рахмет! Біз іште бола береміз (Жылдамырақ шығып кетсеңіз абзал болар еді).

Содан соң біраз күн бойы Руслан келмеді. Бөлмелестері ауылына кетті дейді. Бір ай өтер-өтпестен Еркебұланның ауылы Шаяннан бір қап ет келді. Бабын келтіріп астық, былбырап алдымызға келді. Сорпасын бөлек құйып, сілекейіміз шұбырып, асқа әне-міне қол салғалы жатқанбыз. Есік ашылып «Қалайсыңдаааар, бауырларым!» деп, екі қолына кере жайып Руслан кіріп келді.

  • Мен сендерге қызық айтайын, – деп біздің сәлемімізді күтпестен әңгімесін бастап кетті.
  • Кеше жатақханаға сыныптас досым келіп тұр. Біреулермен ерегесіп қалдым, барып қайтайықшы дейді. Мәәә, Шерхан да қызық қой, – деді жайнап тұрған дастарханға жайланып отыра бастап.

 

Абай Аймағамбет

 

Қазақ тілінде жазылған