Адам қарады: 93 | Жарияланды: 2018-09-15 14:24:12

Базар экономикасы

 

Батыстың базары* кеп бой алды да,

Дүние қызыл-жасыл боянды ма?

"Базарың құтты болсын..."**-деп бұ күнді,

Біржан сал болжап кеткен  Қояндыда.

 

Бар ма екен дүниеде менен бейбақ,

Жүретін базар көрсе елеңдей ғап?

Жіберген мені осында-- сол серілер,

Өздері жолаушылап келе алмай ғап...

 

Дүние--назарымда:

 Facebookтің шырқап хисса, ғазалын да;--

Қоянды көз алдымнан бұлбұл ұшып,

Батыстың балқып жүрмін базарында.

 

Қарамай ақын елге, -- Ай қарап па?

Жындыдай құлашымды жайғам отқа:

Қасымда Жанбота жоқ, күнім түсті,--

Құлдан кеп құдай болған бай-манапқа.

 

Біреуі Лондон жақтан ұшып кеп жүр,

Гавайдан біреу сұлу  құшып кеп жүр;

Биден--би тумап еді біздің елде,

Мыналар қалай иттей күшіктеп жүр?!

 

Еліріп, екіленіп құтыруға,

Бұлардың бар ма осы құхы мұнда--

Түбіне көзім түссе, көңіл--күпті,

Тігерге тұяғы жоқ тұқымында?!.

 

Дүнияның дерті деген бой алды ма,

Бұ жалған қызыл-жасыл боянды ма?

Базарың құтты болсын, думанды елім,

... Екі көз әлі, бірақ,-- Қояндыда...

 

*Рыноктық экономика.

**Біржан салдың әні.

 

Қазақ тілінде жазылған