Банкир
Мынау бір банкир – сараң бай, тексіз, тантық бір,
Абайға қарап, тұяғын атша тарпып тұр.
Алладан кейін өзі болған соң – асқақ ол,
Алаштан күллі алапатымен артық –
Бұл!
Бура-Көк Доллар көбігін көзге бүркіп бір –
Өлең де елден үркіп тұр.
Әйелден-дағы жұпардың иісі аңқымай,
Ақшаның иісі, басқаның иісі...
Мүңкіп тұр!
Ақтау да, әне, шалынып әрең тұр көзге.
Каспийді кезіп жүр ме екен мендей бір кезбе?
Аққудан-дағы ақшаның иісі шыға ма?!
...Гәккудің иісі шығатын еді-ау – бір кезде!
Ақсораң деген шың ғана ма екен,–
Құрлық қой –
туған--Құдайға мәңгі құлдық қой!
Қазақтың иісі шығатын Қарқаралыдан –
Ақшаның иісі шығады!
Мынау – сұмдық қой!!!
Ал, мырзам, кел де, алшаңда, ай-хой, алшаңда!
Алдыңда сенің ақжол ғой қайда барсаң да.
...Астанадан да ақшаның иісі шығады.
Алаштың иісі қай жаққа кеткен, ал, сонда?!
Күн шығып күліп, дүние көзін жаңа ашқан.
Ақысын төле, нөсерлеп берсің қара аспан?
Түріктің арын қорғаған қызғыш құстайын,
Рухтың иісі аңқып-ақ тұр ғой – «Манастан»?!.*
Ақшаның иісі шығады неге Алаштан?!.
*Қырғыздың халық эпосы.