КӨНЕ КЕНТТЕР КҮМБІРІ
Тарихи тілашар-әліппе
Археолог:
Жетелейді өткенге
Ен сахара – қарт абыз.
Көз тігеміз көк белге,
Қолда - компас, картамыз.
Жортқан талай баһадүр,
Көсіледі ми далам.
Алдымызда шаһар тұр
Күл-талқан боп қираған.
Күмбездері күмбірлеп,
Көкте Аймен таласқан,
Жүректерде жыр гүлдеп,
Ел тамсана қарасқан.
Жидесі мен құрмасы
Дәмі кетпес ауыздан.
Жасыл бақтың сырласы
Су шапшыған хауыздан.
Шаһарды да, бауды да
Көріп, көңіл сүйінген,
Басып қалған баурына
Құм төбелер үйілген.
Жан беріспей бір-бірі,
Өткен жер ғой қан майдан.
Көне кенттер күмбірі
Естілгендей шалғайдан.
Өшіп кету мүмкін бе
Бар дүние өмірден?..
Жәдігер көп, бір күнде
Топыраққа көмілген.
Ұмыт бола жаздаған
Жер астында тарих бар.
Елеп, екшеп қазбадан
Кезім келді парықтар.
А
Аспара
Мың төрт жүз жыл шамасында
Аспара өзен жағасында,
Бір бекініс бой көтерген
Ұқсап бейне дара шыңға.
Үш жағынан канал орған,
Батысына – батпақ қорған.
Ақсақ Темір әскері үшін
Тұрғызылған қамал болған.
Айналасы – су алабы,
Дуалы бар мұнаралы.
Көзе өндірген шеберлер де
Мекен еткен бұл араны.
Қорғай біліп, құйын соққан
Жаугершілік қиын шақтан,
Тұрғындары кен қорытып,
Қару-жарақ, тиын соққан.
Асқақтатып Аспараны,
Сыр шертеді аспаны әлі.
Ел-шежіре дәл осындай
Әр қамалдан басталады.
Дәйекті дерек:
Аспара - ҮІ-ҮІІІ ғасырларда қазіргі Жамбыл облысы, Меркі ауданы, Андас батыр ауылының ортасында, Аспара өзенінің жағасында бой көтерген шаһар. Қаланың қарқынды өркендеген кезеңі - ХІ-ХІІ ғасырлар. Аспара туралы деректер ІХ ғасырлық зерттеуші Ибн Хордадбек пен ғалым Кудаманың (Х ғ.) жазбаларында кездеседі. Қала орнына жүргізілген қазба жұмыстары (1964-1965 жж.) барысында 1392-1393 жылдары Махмұд хан атты лақап атпен басылған Темірдің күміс тиыны табылған. Айналасы бірнеше шақырымға созылып жатқан қаланың бүгінде тек орталық бөлігі ғана сақталып қалған.
Сұрақ-жауап сабағы
Атқан ба, Иқан ба, Итқан ба?
- Үш түрлі аталған
Кент болған осындай.
Естіп пе ең атаңнан?
Атап бер тосылмай.
- Қазақшасы Иқан да,
Арабтарша Итқан ғой.
Үстемшілдер жаһанда
Талай кентті жұтқан ғой.
Еске салып, қырағы
Мұнаралы қамалын,
Төбешік боп тұр әне,
Жұрнағы сол қаланың.
Бұл атаудың бір ұшы
Арабтарда жатқан ба?..
Иқан болар дұрысы,
Итқан да емес, Атқан да.
Б
Баласағұн
Мұнарасы – тұғырлы,
Сарайлары – самала.
Кәрізбенен құбырлы
Су келетін қалаға.
Күтушісін сайлаған
Жайлы керуен сарайы.
Бұлбұл құстар сайраған
Жасыл гүлзар маңайы.
Минареті ақ бұлттан
Оранғандай ақ шәлі,
Ғимараты - жақұттан,
Кент еді бау-бақшалы.
Бақ жұлдызы жанған шақ
Көркі болған жаһанның,
Баласағұн – аударсақ,
Ордасы жас қағанның.
Жүсіп ақын атағы
Жайылып кең далаға,
«Құтты білік» кітабы
Жазылды осы қалада.
Дәйекті дерек:
Баласағұн – Шу өзені бойында орналасқан, мәдениет пен өнердің көптеген өкілдерін өрбіткен қала. Махмұт Қашқари осы жерде еңбек еткен. ХІ ғасырдың ғажайып ақыны, әйгілі «Құтты білік» кітабының авторы - Хас Хажип Жүсіп Баласағұни осы шаһарда туған. Қаланың гүлденген дәуірі – ІХ-Х ғасырлар.
Баршынкент
«Баршынкентте оғыздар мен қыпшақтар
аралас тұрады».
Жамал Қарши .
Баршындәрия жағасында
Бой көтерген дара қорған –
Орта ғасыр арасында
Баршынкенттей қала болған.
Өркені өсер елді ойлаған
Бекініске бекем белі,
Кең даланы ен жайлаған
Оғыз, Қыпшақ мекендері.
Парасатпен тұлғалана
Тіл табысып игі көппен,
Бір кездерде бұл қалаға
Баршын ару билік еткен.
Басқыншылар қанға малды,
Ойлап шарғы-амалдарды.
Тас бекінген бұл қамалды
Бірақ ешбір ала алмады.
Жошы әскері – бура қылық
Іске көшіп жан білмеген,
Өзен суын тура бұрып,
Берілуге мәжбүрлеген.
...Қайта түлеп, құндағы гүл
Қала болып жайнар мәңгі,
Жошы ханның Сырдағы бір
Ордасына айналған-ды.
Дәйекті дерек:
Баршынкент – Сырдарияның төменгі ағысы маңындағы орта ғасырлық қала . Қызылорданың оңтүстік-батысынан 25 километрдей жердегі қала орнына ХІХ ғасырда П. И. Лерх, В.А. Каллаур, 1946 жылы С.П. Толстов бастаған Хорезм археологиялық экспедициясы зерттеу жүргізген. Шыңғыс хан шапқыншылығына дейін оғыздар мен қыпшақтардың арасындағы маңызды стратегиялық бекініс әрі мәдени-сауда орталығы болған.
Г
Гай Ле Стрэндж
(1854-1933)
Қумай қызық, ән-думан,
Назары ауып Шығысқа,
Тіл үйреніп, бел буған
Жиһангерлік жұмысқа.
Ағылшындық түп тегі,
Шығыстану маманы.
Жаңалық боп күткені,
Шарлады кең даланы.
Парсы елдерін аралап,
Зерттеді салт-санасын.
Шежіресін саралап,
Танып, білді данасын.
Жаттап жырын, бал әнін,
Кезді қорған, қаласын.
Ашып тарих парағын,
Екшеді ақ-қарасын.
Аудармашы ғалымға
Қиын тимей танымға,
Кешіп жаңбыр, қарын да,
Көрді шаттық, зарын да.
Әр жазғаны – таным хат,
Өткен тарих тезінен.
Соның бірі – «Халифат»
Жеткен бізге шежірем.
Дәйекті дерек:
Гай Ле Стрэндж – 1854 жылы Англияда туып, 1933 жылы Кембриджде қайтыс болған белгілі шығыстанушы ғалым. 1870-1880 жылдары парсы елінде болып, мол мағлұматтар жинайды. Сыр бойындағы қалалардың тарихы жайлы құнды еңбектер жазады. Соның бірі 1905 жылы баспадан шыққан 600 беттік «Шығыс Халифат елдері» кітабы.
Д
Дешті Қыпшақ даласы
Он бірінші ғасырда
Сол аламантасырда,
Ертіс – Днестр арасы –
Дешті Қыпшақ даласы,
Айдарлы да айбарлы
Мемлекетке айналды.
Бес қаруын сайлаған,
Ат жалында ойнаған,
Дүр сілкінтіп әлемді,
Шарлап шыққан сан елді,
Ұлы жаугер тайпаны
Тарих жыр ғып айтады.
Шежіреде - көп ізі,
Елдігімнің негізі,
Қыпшақ атты бабаң бар.
Еуропаша – «командар».
Бетін ашып тарихтың,
Сырларына қаныққын.
Сұрақ-сынақ сабағы
Доржыкент – ол қай қала?
Шатырлары асылдан
Көз тұндырған жайқала,
Он алтыншы ғасырдан
Бой түзеген бай қала.
Жеті шатыр – Доржыкент,
Өз атына сай қала.
Кейін қандай болды кент?
Атап берер қай бала?
(Семей)
Ж
Жанкент
Бірі болар екінің,
Орта ғасыр қаласы.
Оғыз мемлекетінің
Орталық астанасы.
Қанат жайып өркені
Кемелденіп жайнаған,
Жанкент атты кент еді,
Сырдың бойын жайлаған.
Сұм заманда кешегі,
Жақпай бақталасына,
Өртке оранған деседі
Оғыз астанасы да.
Сұрақ-жауап сабағы
Тағам аттас қай қала?
- Өмір сүрген кешегі
Кезеңдерде қаһарлы,
Естіп пе едің, көшелім,
Тағам аттас шаһарды?
- Айтып тұрған тағамың
Дәстүрлі ас – жент қой.
Сауалыңа жауабым:
Жент атты кент қой.
Көркі бейне ертегі
Орта ғасыр кенті еді.
Қиратқанмен «тентегі»,
Ұмытқан жоқ ел тегі.
Дәйекті дерек:
Жент – Х-ХІІ ғасырларда Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы негізгі үлкен шаһар болған орта ғасырлық қала орны. Қаланың көркейіп, зор беделге ие болғандығы сондай, кейбір деректерде Арал теңізі Жент көлі деп те жазылған. Женттің ХІҮ ғасырдан кейінгі тағдыры белгісіз. Шаһардың негізгі орны - Қызылордадан 15 километр жерде орналасқан Жанқала жұрты.
Жамал Қарши
Құлаш ұрған асқарға
Жетісудың өрені.
Алмалық пен Қашғарда
Білім алған өрелі.
Қызықтырып бар жайы,
Тоқтап әрбір кентке,
Сапар шеккен арнайы
Жетісудан – Жентке.
Аралаумен Сыр бойын,
Отырар мен Сайрамды,
Жазып кеткен сырлы ойын
Пікір түйіп байламды.
Екшеп заман тынысын,
Ден қойған көп жайларға.
Үлгі санап ұлы ісін,
Ұстаз тұтқан Хайдар да.
Қару ұстап қаламдай,
Жер тарихын бағамдай,
Ғалым өткен Жамалдай,
Жазғаны бір романдай.
Дәйекті дерек:
Жамал Қарши – шын аты Абдул Фазал ибн Мұхаммед. Жетісу аймағындағы Алмалық қаласында туып, өскен (1230-1315 жж.) тарихшы, жазушы-ғалым. Алмалық пен Қашғарда білім алып, араб, парсы әдебиетін терең оқыған оның еңбектерінде Орта Азия мен Қазақстандағы қалалардың шығу тарихы, құрылысы, мәдениеті, шаруашылығы жақсы суреттелген. Оны Мұхаммед Хайдар Дулати де айрықша бағалап, өзіне үлгі тұтқан.
З
Зерттеуге жүгін де,
Біл бүге-шігін де
Сұлбасы аннан-мұннан да,
Топырақтан, құмнан да
Бой көрсетіп кенттердің,
Тарих жатыр зынданда.
Аршып алып «құндағын»,
Көз көрген соң жұрнағын,
Зерделейміз шамамен
Өткен ғасыр, жылдарын.
Жасыл гүлзар албарын,
Тірлік кешкен жандарын.
Анықтаймыз ретпен
Билік құрған хандарын.
Аумағы мен көлемін,
Зерттеп сәулет өнерін,
Сегізінші ғасырдан
Өркенді елді көремін.
Шапқан жаудан анталай
Шейіт болып жан талай,
Өртке оранған нешеме
Көк күмбезді хан сарай.
Сарапталған, зерттелген
Кешегі өткен кенттерден,
Байқалады қайсарлық
Беріспеске серт берген.
Бабалардың ерлігін,
Кең далаңның өрлігін
Зерделеуден басталар
Ұлы мәңгі елдігің!
И
Иван Грозный лаңы
Еліне мол берері
Салтанаты өрелі,
Сарайшықтың сәулетін
Иван патша көреді.
Көріп мұндай көркемді,
Іші күйді, өртенді.
Жалған намыс тұтанды,
Атақ үшін ертеңгі.
«Осы ма еді көрері?..»
Іштарлықтан өледі.
Қызғаныштың ішінде
Қызыл иті өреді.
Келіп таққа қатулы,
Айдаһардай аһ ұрды.
Бұл сұмдыққа төзе алмай,
Бақырды да шақырды:
«Көріп тұр ғой бар ғалам,
Мұны салған сау ма адам?
Кремлі неге оның
Сарайшықтан аумаған?!!
Бұл әлемде бір ғана
Болу керек дүр қала.
Ол – Москва!» - деді де,
Әмір етті тұлдана.
Жоба үшін ұрланған
Сөйтіп, патша тұлданған,
Ондай ұқсас қаланы
Құртпақ болды бұл маңнан.
Асқақтатып Мәскеуді,
Билеу үшін қас төрді,
Сарайшыққа төндірді
Мың-мың жендет әскерді.
Қадалатын талай сұқ,
Сұлу сәулет, бар айшық
Қиратылып осылай,
Күлге айналды Сарайшық.
Сұрақ-жауап сабағы
Испиджабың қай қала?
- Жібек жолы бойында,
Сайрамсудың ойында,
Өркен жайған кешегі
Қала болған деседі.
Айтып берер мән-жайын
Қайсың барсың көшелі?
- Жиған сәулет мол сәнін,
Испиджаб қой ол шәрің.
Жалғаған ой-қырыңды,
Думан тойлы жырыңды,
Испиджаб ол Сайрамның
Көне аты ғой бұрынғы.
Көне шаһар Сайрамға,
Сауда-саттық , сайранға
Теңін артып лағылдан,
Керуен көші ағылған.
Соған куә орыны
Жаудан қирап, шағылған.
Дәйекті дерек:
Испиджаб - қаланың дәл қай жылы салынғаны белгісіз. ҮІІІ ғасырдан бастап Ұлы Жібек жолындағы сауда орталығы болғандығы мәлім. ХІІ ғасырдан бастап Сайрам деген атқа ие болған. Дәл сол тұста қаланы Хорезм шаһы Мұхаммед талқандайды. ХІІІ ғасырдың аяғында қала қайта өркендеп, сауда-саттық, дипломатиялық қатынастар жүргізе бастайды. ХҮ-ХҮІ ғасырларда Сайрам егіншілік пен ірі сауда орталығына айналады. ХҮІІ-ХҮІІІ ғасырларда жоңғарлар қаланы бірнеше рет қиратады. Алайда бір жарым мың жылдық тарихы бар шаһар қалдығы біздің заманға келіп жетті.
Қ
Құлан
Күмбезі көкке ұмсынған
Мешіті бар сәулетті,
Өркениетке құлшынған
Тұрғындары дәулетті.
Бекінісі бек бекем,
Тұрған мықты қамалдан,
Шағын ғана кент екен,
Сауда бекет саналған.
Куәгері даланың
Ұлы Тараз жолында,
Орыны бар қаланың
Айналған мол қорымға.
Құлан ауылындағы
Төбе-төбе үйінді –
Сол қаланың «құндағы»
Деген сөз бар түйінді.
Тамсандырған ажары
Сонау орта ғасырды,
Кентті, қырғын тажалы
Құм астына жасырды.
Сұрақ-жауап сабағы
Құйылған Тайқазаны
Қала неге жазалы?!.
- Тұрғындары қалауын,
Өнерге арнап, ой шыңдар,
Қарнақ атты қаланың
Сырын білер қайсың бар?
- Эрмитаждан қай жылы
Өзімізге бұйырған,
Тайқазаным әйгілі
Осы кентте құйылған.
Балқытылып қорғасын,
Оқ-дәрілер жасалған.
Шортанбайдай жорғасын
Тайпалдырған қашаннан.
Қала еді ежелгі
Өнерімен беделді.
Көріп қырғын кезеңді,
Жермен жексен теңелді.
Аң аттас қала
- Сәулет құрған ертеде
Таразбенен қанаттас,
Сол қаланы өлкеде
Білесің бе аң аттас?
- Ұлы Жібек сорабы
Керуен көшсіз таңы атпас.
Тоғыз жолдың торабы
Құлан ғой ол аң аттас.
Қанбазары сауданың
Салтанатын құрған жер –
Орталығы ауданның
Құлан аулы тұрған жер.
Дәйекті дерек:
Қарнақ – қазақ хандықтары дәуірінде (ХҮ-ХҮІІІ ғғ.) маңызды рөль атқарған қалалардың бірі. Онда мыс, шойын қорыту, қорғасын балқыту, оқ-дәрі жасау кәсібі дамыған. Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне арналып жасалған әйгілі Тайқазан ХІҮ ғасырда осы Қарнақта құйылған. Қала медресесінде Шортанбай Қанаев, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Молда Мұса (Мұсабек Байзақұлы) сынды т.б. қазақ зиялылары оқыған. Орта ғасырдан белгілі қала орны Түркістан қаласының солтүстік-батысына қарай 25 шақырым жерде, қазіргі Атабай ауылы маңында.
М
Макдиси (Мұқаддаси)
Аспаптарын шертпелі,
Қазбаларын – кент «кені»,
Әр тасын да, қышын да
Түбегейлі зерттеді.
Аралап шартарапты,
Сауран, Яссы, Фарабты,
Көне кенттер мұрасын
Жер-жаһанға таратты.
Зерделеп ұлт, нәсілін,
Еңбек ету тәсілін,
Аманатты жеткізген –
Макдисидей асыл ұл.
Қас шебері сараптың,
Өр ғалымы арабтың,
Ұлы ұстазы іспетті
Тарих атты сабақтың.
Дәйекті дерек:
Әбу Шама әль-Макдиси – 1203 жылы Шам (Дамаск) қаласында дүниеге келіп, 1267 жылы жұмбақтау жағдайда мерт болған белгілі араб жазушысы, тарихшы, жылнамашы.
Сұрақ-жауап сабағы
Жаңалықтың жаршысы
- Суландыру жүйесін
Сыйға тартқан Сауранға,
Сол әулие иесін
Тауып берер жан бар ма?
- Екі жүз құл шарт қылып,
Кірісіп бұл шараға,
Кәріз канал тарттырып,
Су әкелген қалаға.
Ұшқыр ойлы, нар талап,
Ол – әулие Мір Араб.
Ел алғысын арқалап,
Міртөбе әне, тұр қарап.
----------------------------------
Міртөбе – Саураннан 6-7 шақырым аралықтағы жердің аты.
Түсіндірме сөздік сабағы
Мударрис
Аңызға балап шешенін,
Жеткізер білім кешенін,
Ұстазы медресенің –
Тәлімгерің, көшелің.
...Көне тілді көп білсең,
Ұмытылмас кешегің.
Ө
Өзкент
Тұрған жері – жәннат аймақ,
Сырдарияның сол жағасы.
Кент екен бұл қанат жаймақ,
Сауда үшін зор бағасы.
Көп бұрышпен жобаланған,
Мықты қамал қабырғаны,
Көрініп тұр зобалаңнан
Қорған үшін салдырғаны.
Он бес күзет мұнарасы,
Сақтық жайын аңдатқандай.
Шепке тұрар мың алашы,
Қала еді айбат қандай!..
Жайпап өткен мың қаралы
Қияметтер дерт боп кіріп,
Енді жүрміз үр қаланы
Сұлбасынан зерттеп, біліп.
Дәйекті дерек:
Өзкент – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Ақжол ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 10 километр жерде болған орта ғасырлық қала. Жазба деректерге қарағанда сауда орталығына айналған шаһар. Қаланың жобасы көпбұрышты, мықты қорған қабырғамен қоршалған. Қабырғалар бойындағы 15 күзет мұнарасының орындары сақталған.
Өнер өрімдері
Алты бұрыш, үш бұрыш,
Қырлы, сырлы қыш-құрыш
Кірпіштерден басталған
Ұлы өнерге бетбұрыс.
Қаратаудан тасылған
Текшеленген тасыңнан,
Ғимараттар өріліп,
Алтын қақпа ашылған.
Айшықтанып түс-өңі,
Бедерлене түсері –
Орта ғасыр сәулеті
Дәуірлеген тұс еді.
Күптелгендей мәрмәрмен,
Өн бойына сән берген,
Отыз түрлі кірпіштен
Сарайлары әрленген.
Күмбездері, мазары,
Керуен сарай, базары...
Неге тұрар әлемде
Бір Сауранның ажары?!.
П
Сұрақ-жауап сабағы
Перовск қай қала?
- Емес елсіз айдала,
Ән мен жырға бай дала
Алуан түске боялған
Перовск қай қала?
- Қилы заман, бақ көшіп,
Жанып, бірде жатты өшіп.
Қызылорда – кешегі
Перовск, Ақмешіт.
Перовск-Ақмешіт-Қызылорда
«Ак Мечет – важный форт. Видно его строил образованный
человек и нам будет трудно овладеть крепостью».
Перовский.
Жарлығымен патшаның
Жасақ құрып жүз-жүзден,
Жерін тонап басқаның
Үстемдігін жүргізген.
Алты қарыс араны
Перовский жандарал,
Ала алмады қаланы,
Ойластырып бар амал.
Сол заманда өткелек
Шығармаққа атағын,
Үсті-үстіне төкпелеп,
Анталатты жасағын.
Жетпей айла, ақылы,
Аласұрды, долданды...
Екінші жыл ақыры
Бағындырды қорғанды.
Бодандықта от кешіп,
Билік кетіп шаһардан,
Алпыс бес жыл Ақмешіт
Перовск атанған.
Төңкеріс кеп, шайқаған
Дүр сілкінте жаһанды,
Бағы жанып қайтадан
Ақмешіт боп аталды.
Ақ мекенге – ақ бесік
Берілді де зор баға,
Астана боп Ақмешіт,
Айналды Қызылордаға.
Дәйекті дерек:
Қызылорда – 1820 жылы салынып, 1853 жылға дейін Ақмешіт, орыс әскері басып алып, бекініс жасаған соң Перовск атанған қала. Қазан төңкерісінен кейін қалаға бұрынғы Ақмешіт атауы қайтарылды. 1925 жылдан Қызылорда атанып, 1929 жылға дейін қазақ елінің астанасы болды. Қазір осы аттас облыс орталығы.
Р
Түсіндірме сөздік сабағы
Рабат
Кірешіге арнайы
Жасалған бар жағдайы,
Рабат – әр шаһардың
Жайлы керуен сарайы.
Демек, орны шебердің,
Сауда мен қолөнердің.
Алыс-беріс саттықпен
Жалғасатын келер күн.
Регистан
Регистан – ұғымда
Құм басқан орындар.
Арнайы ғылымда
Көне кент-қорымдар.
Зерделеп ал сырын,
Толықтай ұғын да.
Сөзі бұл парсының
Қолданар ғылымда.
С
Сарайшық
Тамсандырып күмбез бен
Салтанатты сарайлар,
Саяхаттап қыр кезген
Таңданатын талайлар.
Керуен жолы сабылған
Орталығы сауданың,
Іздегені табылған
Алар небір көз жауын.
Абат өлке бау-бақты,
Алшасында нәр тұнған.
Қала еді аумақты,
Су құбыры тартылған.
Керуеншіге жолбасшы,
Бағдаршамы даламның.
Сарайшық – бұл алғашқы
Астанасы бабамның.
Тұрар еді от беріп,
Нұрын шаша ел-елге.
Иван патша кектеніп,
Қиратпаса егерде.
Дәйекті дерек:
Сарайшық – 1580 жылы 27 тамыз күні Иван Грозный арнайы жасақ жіберіп, Сарайшықты қираттырады. Себебі: әйгілі Кремль Сарайшық қаласынан көшірілген екен. Орыс патшасы: «Әлемде Мәскеуге ұқсайтын қала болмауы тиіс» - деп, Сарайшықтың күлін көкке ұшыртқан.
Сауран
«Сауран жеті қабат дуалмен қоршалған үлкен қала, оның
ішінде рабат, мешіт бар».
Әл-Макдиси.
Биік-биік мұнаралы
Жеті қабат дуалы бар.
Тұрған жері – Сыр алабы,
Жер астында «бұлағы» бар.
Қала ішіне мол, жарамды
Су жеткізген кәріздері.
(Өркениеттің сол заманғы
Әлі күнге бар іздері).
Мешіті бар, рабатты,
«Шайқалмалы минаретпен».
Имандылық, инабатты
Тұрғындары сыйлап өткен.
«Шіркін, көркін көрсең» деген
Аты шығып аймағына,
Айналды тез өркендеген
Сауда-саттық айлағына.
Бақ жұлдызы ашылғанда,
Іздеп елдің жоқ арманын.
Он үшінші ғасырларда
Астанасы – Ақ Орданың.
Он бір ғасыр ғұмыр көрген
Қала еді Сауран атты,
Өшіп мәңгі жұмыр жерден
Күйрегені жанға батты.
Дәйекті дерек:
Сауран – іргетасы ХІІ ғасырда қаланған ірі сауда орталығы. Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырымдай жерде орналасқан орта ғасырлық қала. ХІІІ ғасырдың орта шенінде Ақ Орданың астанасы болған. ХІҮ ғасырдың аяғында Әмір Темірдің әсери қамалына айналған. ХҮІ ғасырда дәуірлеп, ХҮІІ ғасырдың аяғы мен ХҮІІІ ғасырдың басында әлсіреп, ХІХ ғасырдың басында біржолата күйреп тынған.
Сығанақ (Сунах)
«Болса Тәңірім екінші өмір қиғандай
Сығанақта көз жұмар ем қиналмай».
Хисамиддин әл-Сығанақи
(ХІІ-ХІІІ ғғ.)
Ойлап елдің ақ арманын,
Сырға тіккен бақ орманын,
«Отырармен егіз қала»,
Астанасы Ақ Орданың.
Зейін салсақ шындығына,
Шежіресі - құнды мұра .
Осы кентте құрылыпты
Алғаш «Алаш мыңдығы» да.
«Алаш» болған ұрандары,
Бейбіт өмір – ұлы арманы.
Ақ-қара ту жасағына
Ешкім қарсы тұра алмады.
Мәуелі бау-бақшасы бар,
Ақ күмістен ақшасы бар,
Ширек ғасыр билік құрған
Ерзен хандай патшасы бар.
Қазақшасы – «қамал, қорған»,
Сығанақтай қалаң болған.
...Күні бітіп, өртке оранды
Обыр, озбыр һарам қолдан.
Дәйекті дерек:
Сығанақ – іргесі 982 жылы қаланып, алғаш «Сунах» деген атпен белгілі болған шаһар. Х ғасырда өмір сүрген араб географы Макдиси Сығанақты «Отырармен кіндігі бір егіз қала» деп көрсеткен. Сығанақ пен Отырардың арасы 160 км. (60 фарсах). ХІҮ ғасырдың екінші жартысында шаһарда хан сарайы салынып, Орыс ханның атында ақша соғылған.
Сұрақ-жауап сабағы
Ғашық болған қаласына
Ақынды атай аласың ба?
- Шығыс Қыпшақ даласында
Мәшһүр еткен алашын да,
Сығанаққа жаны құштар
Ақынды атай аласың ба?
- Мәрмарланған қырлы тастан
Сұлулығы сырлы дастан,
Сығанаққа ғашық болып,
Хисамиддин жырға қосқан.
Т
Тараз
«Қала өте үлкен әрі әдемі, бау-бақшалы,
ғимараттарының терезелері көп болған»
Әл-Макдиси
Тығыз өскен жайқала
Сая баққа бай қала.
Төрт құбыла қақпасы
Ашылатын айқара.
Тұрар қамал, қорғаннан
Қала сырты орланған.
Қолөнердің ордасы
Күміс кені қорланған.
Табылып бар асыл да,
Оранған көк жасылға,
Қала болды гүлденген
Он үшінші ғасырда.
Біздің заман басында
Бой көтеріп, расында,
Жеткен дейді дәуірі
Он алтыншы ғасырға...
Тарқап тағдыр түнегі,
Сол орында жүрегі
Әулие-Ата, Жамбыл боп,
Бүгін қайта түледі.
У
Уәсифи (Васифи)
Кәрізін Сауранның,
Жерасты суларын,
Жемісін баулардың,
Жүзімдік нуларын.
Қамалдың ішінен
Қазылған құдығын,
Өгіздің күшімен
Тартылар тұнығын.
Күмбезді мұнара
Шынжырлы «дестесін»,
Әсермен бұрала
«Шайқалу» кестесін.
Суреттеп нақпа-нақ
Бұл күнге жеткізген
Қыранға ақ балақ
Мың алғыс тек бізден!
Дәйекті дерек:
Уәсифи – 1514-1515 жылдары Сауранда тұрған ақын әрі жазушы. Өзінің естеліктерінде ол осы қала туралы қызыға жазып, құнды мағлұматтар қалдырған.
Ш
Шайбани мен Жиренше
Сығанақ пен Сауранның
Керуен жолы арасы.
Қарақшыдай жаулардың
Көбейіпті қарасы.
Салып түрлі айлаға,
Тонап бейбіт керуенді,
Батқан оңай пайдаға,
Шайбаниің ерленді.
Һарам олжа сауған мың
Естіп мұндай «ерлерді»,
Билеушісі Сауранның
Жиренше хан кәрленді.
Жасақ құрып арнайы,
Жолдың жасап бар қамын,
Тобыр топтың анайы
Шығарған тас-талқанын.
Он бесінші ғасырдың
Сексенінші жылы еді.
Сынығындай асылдың
Жиренше елдің құлы еді.
Сұрақ-жауап сабағы
Бас мударрис кім еді?
- Сан салалы, алуан мың
Ғылым жолы білері,
Медресесінде Сауранның
Бас мударрис кім еді?
- Үлгі болған жақсы ісі,
Еліне көп берері –
Медресенің басшысы
Шамсаддиндей ер еді.
------------------------------
1/ Уәсифидің досы - Шамсаддин Мухаммад Курти
І
Іңкәрқала
Өте ерте, ерте еді...
Сыр бойы атты өлкені
Қоныс еткен көне кент
Бүгін құдды ертегі.
Биік қорған дуалы,
Әлемге аян шуағы.
Егін егіп, мал баққан
Шаруалардың тұрағы.
Шаршыланған аумағы,
Суармалы бау-бағы.
Атына сай заты бар
Кент көңілді баурады.
Ілгерілі-кейінді
Кезеңіне бейімді,
Көне қала деп білдік
Жыл санауға дейінгі.
Таласты ма орынға?
Кімнің тұрды жолында?..
Әсем қала бұл күнде
Айналыпты қорымға.
Дәйекті дерек:
Іңкәрқала – Қызылорда қаласының оңтүстік-батысынан 225 шақырым жердегі ежелгі қаланың орыны. Қаланың сыртқы көрінісі тік төрт бұрышты, айналасы биіктігі 1,5-1,7 метр келетін дуалмен қоршалған.
Қақпасы оңтүстік жағында. Қазба жұмыстары кезінде табылған көзе сынықтарына қарағанда қала тұрғындары біздің заманымыздан бұрынғы І ғасырда өмір сүргенге ұқсайды. Олар суармалы егін шаруашылығымен және мал өсірумен айналысқан.
Я
Сұрақ-жауап сабағы
Соңғы әріптен қай қала?
- Бала болсаң кемелді,
Білім қуған саралы.
Айтып берші сен енді
Я-дан келер қаланы.
- «Янгикент пен Яссы
Деген үлкен қалалар
Өркениетке жол ашты» -
Деп жазады бабалар.
Яссымыз – Түркістан,
Қожа-Ахмет қаласы.
Ағылатын әр тұстан
Күллі адамзат баласы.
Арал маңы – орыны,
Қала болған әріде,
Янгикенттің қорымы
Зерттелуде әлі де.
- Жауабыңа қанықты
Разымыз, Жантөре!
Жете білу тарихты
Өте үлкен мәртебе.
Ақ күнің туар алдыңнан
(Түйін сөз)
Бойынан Жібек жолының
Кенттердің аршып қорымын,
Зердеңе міне, жеткіздім
Орынын, пішін-порымын.
Сынығын құрап көзенің,
Өткеннің лебін сеземін.
Тапқандай сол бір дәуірден
Өркениеттің өзегін.
Жүректің іздеп жүз емін,
Електен екшеп, сүземін.
Қайран қап астамшылыққа
Жабайы деген түз елін.
Өткеріп күнді дабылды,
Өртенді кенттер, шабылды.
Келмеске кетіп шежірем,
«Жабулы қазан жабылды».
Дәуірі жүріп кезбенің,
Болмады іс пен сөзде мін.
Қор болып қанша асылым,
Қолында кетті өзгенің...
Күн батса, қайта күн шығар.
Тарихым қалай тұншығар?!.
Дауылдан қайта түлеген
Қазағым міне, бір шынар.
Желіңе бие байланар
Күнің де жақын жайланар.
Кезің де келер, ұрпағым,
Мәңгілік елге айналар.
Ол үшін шыңға, тасқа өрлеп,
Аршындай алға бас, төрлет.
Ақ күнің туар алдыңнан
Тегіңді жүрсең қастерлеп!