Ақылды маймыл
Бәріде аңдарды күтіп-бағышулардың қателігінен болды. Қаладағы хайуанаттар бағынан бір маймыл қашып шықты. Қызығы сол ұзақ уақыт торда отырған ол адамдардың тілін жете меңгеріп, кез-келген пендеңізбен еркін сөйлесе алатын дәрежеге жеткен еді.
Оның маймыл екенін аң танушы зоологтарыңыздың өзі айыра алмайтын. Сондықтан құрметті оқырман, ендігі жерде біз оны жануарлар санатына қосып әуре болмай-ақ «Мәке- маймыл» деп атай берейік. Мәке -маймыл бостандыққа шыққан соң ұзақ ойланды.
Не істесем екен? -деді.
Сосын өзінің жеңіл атлетикаға икемі бар екенін сезді де қалалық спорт комитетіне барып жолықпақ болды. Есікті имене ашты.
- Ассалаумағалейкум!
- Уағалейкумассалам.
- Келіңіз.
- Жай жұмыс іздеп.
Комитет басшысы оның қортиған бойымен түк басқан түріне зер сала қарағанда кім екенін біліп, бір келісімсіздікті аңғарар ма еді, абырой болғанда көп бастықтарда кездесе беретіндей жай көз жүгіртіп өтті де бар болғаны тапал, қырынбаған біреу екен деп ойлады.
Сосын телефон трубкасын көтеріп, аржақтағы біреулермен ұз-за-қ сөйлесті. Жекіді. Кейбіреулеріне тапсырмалар берді.
Ал біздің Мәке-маймыл болса, бұл кезде ашық тұрған терезеден сыртқа қарап толқуменен отыра берді.
Қолыңыздан не келеді?-деді ол телефон трубкасын орнына қоя беріп.
- Барлығы!
- Биіктіктен секіре аласыз ба?
- Мінеки.
- Сальто жасай аласыз ба?
- Қарап тұрыңыз.
- Турникке қанша рет тартыла аласыз?
- Қалағаныңызша.
- Қазақшаны қайдан үйрендіңіз?
- Ертеде альпинистер үйірмесіне жетекшілік еткенім бар.
Хайуанаттар бағынан қашып шықтым десе онысы әбестік болар еді. Ол осылай жауап берді.
- Жақсы.
Қазірден бастап бөлім меңгерушісіз. Құттықтаймын!
Ол Мәке-маймылдың қолын ықыластана қысты да саусақтарына көзі түсіп кетіп, тырнақтарын қиып жүрсе қайтеді екен деді.
Ертесіне бүткіл бөлім біткен шуласты.
- Жаңадан бастық келіпті!
- Неде болса білікті маман келіп спорт саласы орнынан қозғалатын болыпты. Кештеу естігендерде кездесті. Көпшілікке тоқтам бар ма, әркім өз білген мақтау-марапаттарын айтысып бөлімдегілер күнделікті толастамады.
Ал түрлі дәрежедегі шенеуніктер болса ізетпен құрмет көрсетісті.
Сүйісіп амандасқандарда болды.
Кейбір жылдам ауыздылар: Мәке, айтыңызшы өзіңіздің спорттық табыстарыңыздың құпиясы неде депте сұрайтынды шығарды.
Мәке-маймыл болса, адамдар ой еркіндігін қанша түрлі нәрселерді шұқылап, бәлеқорлықтың түрін табуға жұмсайтыны секілді, осы шіркіндер менің маймыл екенімді біліп қоймаса екен деп уайым шекті. Уақыт зымырап өте берді. Мәке-маймылдың беделі күн санап өсті.
- Ойбай, не дейсің?
- Мәке-бастықтың командасы Азия біріншілігінде алдына жан салмапты!
- Ойбай не дейсің?
- Европа біріншілігінде қарсылас шақ келтірмепті.
- Бәрі Мәкеңнің арқасы басқалар осылай істей алушы ма еді қалай дегенде де жұмыстың көзін тапты.
- Шебер ұйымдастырушы....
Енді таныстары Мәке-бастықтың абырой атағын сырттай бөлісе бастады. Әркім оның қарамағына жұмысқа өз туыстарын орналастыруға тырысты. Олар қарапайым спорт нұсқаушысы, күзетші, жай жүргізуші тіпті еден сыпырушы болса да риза еді. Сосын бәрі ойласа келіп Мәке-бастықты қонаққа шақырыспақ болды.
Ойлары жақынырақ білісіп, бұйымтайларын айтпақ. Әрине барлық шенділерге кездесе беретініндей Мәке-бастықта қатты ойланды.
Барайын десе қонақ болған соң ішкілік деген пәлесі бар маймыл екенімді біліп қалса қайтемін, жоқ десе қүпиясын өзі ғана білетін таныстарының арасындағы ықылас-сыйластықтан ажырап қалармын деп қорықты.
Бірақ адам өз ақылымен бір табыстарға жете қалса ол айналасындағылардың қызғаныш сезімін оята қалатыны, алайда көп ұзамай оның сыры ашылатыны сияқты Мәкең бұл жағына да ой жіберді.
Құрметті оқырманым, біз қалай ойласақта кейіпкеріміздің дәл қазіргі жағдайын түсінгеніміз дұрыс еді.
Сонда да болса ол кез-келген шақыруға бара бермейтінін айтып қинала келісімін берді.
Отырыс бірден қызды.
Түрлі дәрежедегі шенеуніктер, бөлім қызметкерлері есеп-қисап өкілдерімен салаға қатысы болмасада бай бизнесмендер (олардың байлықтары киген киімдері мінген көліктерінен көрініп тұрды). Ертелі-кеш компьютерден қолы босамайтын хатшы қызға дейін түгел жиналыпты. Бірінші сөз барлық бастықтарға берілетіні секілді Мәке-бастыққа берілді.
- Не айтамын? - деді ол орнынан жайлап көтеріліп. Сосын сөзін спорт саласының жетістіктері мен кемшіліктеріне арнады. Ал бизнес өкілдеріне: сіздердің жұмыстарыңызға пайда және табыс тілеймін деді арнайы тоқтап.
Сөзімді қорытындылай келе айтарым: Барлығыңыз бақытты, ден-саулықтарыңыз зор жан- ұяларыңызда амандық болсын!
- Ду қол шапалақ.
- Жарайсыз Мәке!
- Мәкеңнің алтын сөзі үшін ап қоялық.
Артынша асабаның аңқылдаған дауысы естіліп сөз тағы бір қадырлі шенеунік Сәкеңе берілді. Обалы не керек Сәкеңді жақсы сөз игі тілектер айтты.
Бірақ барлық бас қосуларда бола беретіндей сөз соңын отырғандардың қолпаштау шуылы басып кетті де оның не дегені есімізде қалмапты.
- Ендігі сөз мекемеміздің бас есепшісі Сәлима апайға беріледі...
Міне осы арада абыройсыздық деген пәлеңіз Мәкеңе өзі келіп жармасты. Онан ары тыңдауға оның шамасы жетпеді. Құлағы шуылдап басы айналды. Ол басқасын білседе адамдардың арақ ішкендегі құпиясын білмеуші еді.
Айналасындағы заттар: Қара лакпен жалтырата боялған шетелдік орындықтар, қабырға жиһазы, ары-бері көлбеңдеген қара мысық тіпті хатшы қызға басын ие әлденені айтып күліп отырған алтын тісті жігітке дейін екеу боп көрінді. Бәрі бұлыңғыр есік терезеге, терезе есікке барып қабысып қалғандай. Төбеге көз салып еді аспалы шамда шайқатылып тұр. Дұрысын айтсақ бұл кезде кейіпкеріміздің өзі теңселіп отырған еді. Ол жайлап жан-жағына қарады.
Әне бір тыржыңдап отырған қайсысының әйелі екен?
Былай істемей ме бүйтіп!
Осы көрініс Мәке-маймылдың табиғи болмысына әсер етті де инстинктін қоздырып жіберді. Ол көздерін ойнатып, ерінін шүршитті. Жұртқа қарап тілін шығарды.
- Ананы қараңдар! - деді. Рольде болғандықтан ішпей отырған сау жүргізуші. Алайда барлық жерде жүргізушілердің сөзіне құлақ аса бермейтіні секілді. Қызу көпшілік өз-өзімен дуылдасып отыра берді.
Ал Мәке-маймылдың болса шындықты айтқысы келді.
Ол өзін мұнан артық ұстауға шамасы жетпейтінін білді де атып тұрып:
- Мен маймылмын! - деп қойып қалды.
Оған ешкімде сенбеді. Бар болғаны: «Арақтың адамды маймыл ететіні рас екен-ау» - деп шиқылдай күлісті.
- Мырзалар мен маймылмын! Адамзаттың ақыл-ойының үздік үлгісін көрсетіп неге маған құлақ аспайсыздар?
Осыны айтқанда оның бойы жеңілдеп баяғы табиғи еркіндігін сезінді. Бұл сәлде болса оған қуаныш рахатын сыйлады.
- Қойыңызшы ағай!
- Маймылы несі?
Әзілдің де жөні бар!
Орынбасары мен бір жігіт «Мәке» мүмкін жатып дем аларсыз деп көмек ниеттерін білдіре қойьш еді. Оны тыңдайтын Мәке-бастық па?
- Мырзалар қараңыздаршы! Мен мас емеспін ғой. Мас адам осыны істей ала ма? деп атылып барып аспалы шамға ілініп тұрып қалды.
- Браво! Браво!
- Шеберлік деп осыны айт.
- Әй, біз сіздей бола алмаспыз.
- Құттықтаймыз! - деп жиналғандар қол шапалақтасып тұрып алысты. Мәке-маймыл жұртты сендіре алмағанына қатты ашуланды.
Ашу дегенің тағыға кері әсер ететінін бәріңізде білесіздер. Ол енді өрши түсті.
- Мен маймылмын! - деді де аспалы шамнан ашық тұрған есік жақтауына секіріп жармаса қойды.
- Ха-ха-ха-ха!
- Хи-хи-хи-хи.
- Сіз маймыл емессіз!
- Достар айтыңыздаршы, осындай талантты адамды маймыл деуге бола ма? Біз сіздей басшылардың арқасында әлі талай-талай асуларды алатын боламыз. Бәс тігуге бармын!
Мұны айтқан орынбасар еді. Әрі десе ол осындай сәтте біріншінің көзіне түсіп қалуды ойлады. Сіздер білесіздер ме? Кейде көпшілік сізге «ауышсыз» десе сіз қаншама құжат жинап сарапшылардың қорытындысын көрсетсеңізде сол ауыш күйінде қалатыныңыз бар. Қазірде сол жағдай орын алып Мәке-маймыл көпшілікті сендіре алмады. Сосын ол бастықтардың мақымына салып біразырақ сөйлеп тастауды жөн көрді. Мүмкін сонда сенер.
- Айналайындар-ау деді ол. Сендерді қалай сендірсем екен!
Не, іштеріңде адам мен айуанды айыра алатын бір кісінің болмағаны ма?
Бұл жөнсіздік қой!
Сонда сендер айлық-жалақыны қалай алып жүрсіңдер. Ұят қайда?
Құдай-ау адамның болмысын танып-білмеу деген...
Сенбесеңдер міне ерінім, құлағым.
Бірақ достары: - Қайдағы зиянсыз мақұлықтың бұл араға қандай қатысы бар?
- Құжаттарыңызды сұрасақ ол бізге ыңғайсыз.
- Азар болса қырынбаған шығарсыз. Соған бола отырыстың шырқын бұзуға болмайды ғой. Маймыл деген жаратылыс ормандарда болмаса зообақтарда ғана жүреді десті.
- Со-со-солай деді қызулау бизнесмен.
- А-а-алып бара жатқан денеңізде жоқ. Бір адамдай сұлусыз деді оң жақта отырған шенеунік.
- Енді ол алланың жаратқаны да...
Сіз онан да анау жүргізуші жігіттің құлағына қарамайсыз ба, сіздікіндей екеу келеді. Қарапайым адамдардың шенді кісілердің алдынан табыла қалса ол әрдайым арзан мысалға айналып кететіні бар.
Күтпеген жерден құлағының салыстырмалы теңеуге айналып кеткені жүргізушінің ызасын келтірді.
Бойына ішкіліктің уыты жайылған кейіпкеріміз қарап тұрсын ба. Ол енді есік жақтауынан жиһаздар төбесіне бір-ақ қарғыды.
- Бис! Бис!
- Приз.
- Құдай-ау бізде сіздей бола алар ма екенбіз!
Мәке-маймыл жиһаздар үстінде жүріп түрлі сальтолар жасады. Өнерін еңкейіп-шалқайып та көрсетті. Сосын хатшы қыз маған ұнайды, биге түссем қайтеді депте өрекпіді.
Бірақ маймыл болған соң тегіне тартпай қалмаушы ма еді ол басқада қызықты істер істеді. Оны айтып біз оқырмандардың көңіл-күйін түсірмей-ақ қоялық.
Кенет ол қуанып кетті. Оңтайлы шешім тапқаны шүңірейген көздерінен көрініп тұрды.
Солай болғаннан кейінде ол отырғандардан соңғы рет сұрап алды:
- Мырзалар маймыл екеніме сенбейсіздер ғой?
- Сенбейміз!
- Күмәндарыңыз жоқ қой?
- Жоқ! Сіз адамсыз.
- Ақырғы сөздерің бе?
Ақырғы сөзіміз.
Әне сенбейді екен!
Онда қараңыздар. Ол шалбарының ішіне қолын салып жіберіп ұзындығы бір кездей жүндес құйрығын суырып алды.
- Ой-бай!
- Мас-қа-ра!
- О, әкең...
Сәтінде мінэйім отырыстың асты-үстіне шықты. Тарелкелер қирап ішілмеген рюмкелер еденге төгілді.Адамдар айғай-шуға басып есікке сыймай қалысты. Осы қарбаласты пайдаланған Мәке- маймьш ашық тұрған терезеден сыртқы тұңғиыққа бір-ақ секірді.Бұл кезде қараңғы болатын. Соңынан жылап-сықтаған әйелдер мен былапыт сөздерді қушырлана қолданған ер адамдардың дауысы көпке дейін естіліп жатты.
- Не деп жылады дейсіздер ғой ә?
Қызымды жұмысқа кіргіз деп берген үш жүз долларымды кімнен өндіремін.
Баламды комитеттің атынан оқуға жібер деп берген бес жүз долларымды кімнен өндіремін деп жыласты.
Және де бастық деп кім көрінгенге жалпақтай беретін қазақы мінезіміз-ай деп қарғап-сіледі.
.