Адам қарады: 999 | Жарияланды: 2019-04-10 05:25:48

Алтынай (баллада)

Неге күле береді, жын ба қысқан?

Жан-ау сірә, ақылы мүлде ауысқан.

Күйге түскен неліктен аянышты,

Ей, дүние, не ұқтың бұл дауыстан.

 

Неге күле береді, сыры жұмбақ,

Әлде тағдыр кеткен бе мұңын ұрлап?

Ақылынан адасқан Алтынайдың,

Арқалаған азабын кім ұғынбақ.

 

Жырлатардай көктегі көркі құсты,

Ешкім бірақ білмейді дертін ішкі.

Айналдырған адамдар мазағына,

Мағынасыз күлкі бұл, қорқынышты...

 

...Кеше ғана қыз еді албыраған,

Қандай сынақ әкелді тағдыр оған.

Естелігін өткеннің естігенде,

Езіледі жүрегім қан жылаған.

 

Жолы қандай бұралаң басып өткен,

Аяқталды неліктен қасіретпен?!

Ойда жоқта кез қылып бір жігітке,

Он алтының көктемі ғашық еткен.

 

Ғашық еткен, айырып ақыл-естен,

Сұлу еді өмірдің басы неткен...

Еліктірген еліктей сұлу қыздың,

Ерке самал тарайтын шашын еппен.

 

Жарқырайтын жап-жарық жүзі күндей,

Жалт қарайтын жігіттің жүзі бірдей.

Қос жанары қап-қара жаңа піскен,

Мөлдірейтін бақшаның жүзіміндей.

 

Тәнті ететін өзіне қылығы бал,

Тазалығы тұманың тұнығы дәл.

Жігіт біткен бір көріп ғашық болып,

Жүрек біткен жырлайтын құнығып, ал.

 

Қарамайтын солардың біріне де,

Ұға алмады ешбір жан сыры неде.

Махаббатсыз сезімдер ояна ма,

Ғашық болмай жүректер тіріле ме?!

 

Тек бір-ақ жан жүрегін дір еткізген,

Тек бір жігіт көңілге гүл еккізген.

Екі жүрек бір-бірін тауып солай,

Жазын, қысын, көктемін бір өткізген.

 

Бір өткізген күндерін, апталарын,

Былғамастан кіршіксіз аппақ арын.

Сезді ме екен әлде олар ең алғашқы,

Махаббаттың мәңгі есте сақталарын.

 

Өтіп жатты айлар да, жылдар-дағы,

Әскер күтіп жігітті тұрды алдағы.

Мектеп бітіп оқуға түсті қыз да,

Арманының бүр жарып қызғалдағы.

 

Араларын екі жыл бөлмек енді,

Не көрсе де бәрін де тең бөледі.

Қос жүректің сертін ап мәңгілікке,

Шыр айналып уақыт дөңгеледі.

 

Сағыныштан қыз жаны өртенеді,

Күндер қандай бір жүрген көркем еді.

Домбыраға тағылған екі шектей

Екі жүрек бір күйді шертеді енді.

 

Махаббатты көрсе де осы берік,

Кеудедегі сезімнің оты жеңіп,

Өзі құлай сүйетін жігітінің

Сөз айтады бір күні досы келіп.

 

Досы үшін еді ғой жан бағалы,

Сене алмастан қыз бұған таң қалады.

Жүзіне түкіреді: «қарғыс атқыр,

Жүрегімнің жалғыз! - деп таңдағаны».

 

Әділеттің жолынан жығылдық па?

Өмір толы неліктен қиындыққа.

Адамға тән тап-таза періштелік,

Адамға тән шайтандық зұлымдық та.

 

Қорлық болып қолының жетпегені,

Жігіт досы қызға енді кектенеді.

Қара түнек тұмшалап көкірегін,

Бір сұмдыққа байқалды беттегені.

 

Өп-өтірік қайғыдан боп қаралы,

Алыстағы досына аттанады.

«Жүрегіме батты деп қатты менің,

Сендік адал сезімді таптағаны».

 

Аңғал досты сөзіне сендіреді,

Сендіреді, үмітін сөндіреді.

Ағайынның алдында таба болмай,

Келін алып келуге көндіреді.

 

Өрге тасын өтірік дөңгелетті,

Шындық үні шырылдап желге кетті.

Көзі түскен бір қызбен сөз байласып,

Әлгі жігіт әскерден елге жетті.

 

Ата-ананың жүрегін елжіретіп,

Алтынайдың жанарын мөлдіретіп.

Туған-туыс жақынның барлығына,

Көптен күткен күн міне, келді жетіп.

 

Барлығы тұр алдында құшақ ашып,

Кеудесіне елжіреп қысады асық.

Кеше ғана қолында аялаған,

Бақытының кеткендей құсы адасып.

 

Сүйгені де хал-жайын еді білмек,

Кетті жігіт кеудесін кегі билеп.

Алтынайдың көзінше шешесіне,

Көрсетеді бір қызды келінің деп.

 

Тұрып қалды, бұл оның не дегені,

«Айырбастап кетті оған неге мені».

Сүйгенінен көргенше опасыздық,

Жақсы еді ғой өмірге келмегені.

 

Жақсы еді ғой одан да жалғыздығы,

Махаббат деп айтамыз ал, біз мұны.

Топыраққа тапталып қала берді,

Адалдығы, үміті – жалғыз нұры.

 

Жетім жүрек тұтады кімді медет,

Көкірегін жіберді тілгілеп от.

Шарасынан кетердей шығып көзі,

Шашын жайып, қарқылдап күлді кенет...

 

Р.S:

Күлмеңдерші ол жанға өтінемін,

Аяңдаршы тағдырдың жетімегін.

Күліп бара жатады ол содан бері,

Жылап қоя береді көкірегім.

Қазақ тілінде жазылған