Мен және Қарагөз
хикаят
Көше деген не?
Сыныптас көршім Қарагөздің маған айтқан жаңалығы: аудан орталығындағы туысына барып келіпті. Соны естігелі бері әлсін-әлсін жыным қозады. Қозбағанда ше. Кәдімгі туысының кәдімгідей көршісі бар емес пе? Соларды безіп жүретін бізбен жасты Жако деген баласы, шын аты Жапар, көзді құртатын компьютер ойнауды демде үйретіпті. Пысығын қарашы.
Ол аз болғандай екеуі телміріп, көп мультфильм көріпті. Қанша уақытты зая кетіргенін ойлаңызшы. Сонда да ештеңе бітіре алмай жалыққан соң, қыдыртыпты. Керемет жақсылық жасағандай. Ұзыннан ұзақ созылып, серейіп жатқан асфальт көшені көрсетіп: «Мына көше менің атамның атымен аталады!», – деп, жерден жеті қоян тапқандай масаттаныпты.
Біздің Қарагөз дүниеге жаңа келгендей, әрине, таң қалады. «Шын ба?!», – депті кәдімгідей тамсанып. «Әрине, шын!», – дейді анау танауы таңырайып. Әп сәтте беделі бес түйенің салмағындай өсіп үлгірген Жакоға Қарагөздің таңдана қарағанын жақтырмасам да, мойындауға тура келеді. «Қандай бақыттысың! Біздің сыныпта оқитындардың ешқайсысының да атасының атында көше жоқ», – дейді Қарагөз өкінгендей.
Сосын жайына тұрмай қызығып: «Ол кісі кім болған?», – демей ме. Жако енді тіпті асқақтай түседі: «Қоғам қайраткері, үлке-ен бастық болған!» дейді бәлсініп.
- Көшені түгел көрсетші, – дейді Қарагөз.
Онысы несі екен? Бұған дейін көше көрмегендей. Намыс қайда? Түк көрмеген кісідей. «Көрмегенге көсеу – таң», – деген осы екен-ау. Көшеден көшенің не айырмасы бар? Көрмей-ақ қойса да, ештеңесі кетпес еді. Әй-и, айттың не, айтпадың не. «Жау кеткен соң, қылышыңды боққа шап!» деген... Ойламаған жерден өстіп күйдіреді-ау адамды. Әлде Қарагөз мені адам деп ойламай ма екен? Мен адам болғанда, қандай!..
МЫН-А-АНДАЙ!
Бас бармағымды леп белгісі етіп, аспанды тірейтіндей күшеніп, біраз ұстап тұрдым. Бірақ дырдай боп тұрғаныңды ешкімнің таңсық көріп қарамағаны-ай десеңші. Ары-бері өткендер тым құрыса мына баланың бармағы неге көкті көрсетіп, шошайып тұр деп, мойын бұрсашы. Буырқанып тұрғанымды көрмей, «дардай» адамның намысын келтіреді. Қарагөз де былқ еткен жоқ.
Қызығатын нәрсені тапқан екен! Алматы мен Астанада оның көкесіндей көшелер даңғырап жатыр. Теледидардан талай телміріп тамашаладым. Ұйқылы-ояу сығырайған емес, қызығып бақырайған екі көзіммен бірдей көрдім.
Көше деген не өзі? Сол да сөз бе екен?! Тамашалайтын несі бар оның? Көзіңнің қышуын қандыра ма? Кез келген жолдың екі жағына ағаш отырғыз да, жыпырлатып үй салып таста. Көше деген, әне, сол. Ендеше көше дегенің – жол. Қыздар қызық өзі, «жол көресіңдер ме?» десең, ешқайсысы да құлшынбайды. Ал, көше кезуге бәрі құмар. Қарагөз нағып көше көргіш боп қалды? Түсінсем, бұйырмасын.
...Көп адам ештеңені аңғармайтын сияқты. Қарагөз екеуміз жер шарының ең әдемі нүктесінде сөйлесіп тұрмыз. Қалайша көрмейді? Неге сүйсініп, қызыға қарамайды?! Қызық...
Біздің сыныптағы ең әдемі қыздың жұп-жұмсақ өтінішін Жако қалай жерге тастасын. Сірә, қу болуы керек, көшені бойлап, меніңше, әдейі ұзақ жүреді. Соны ойлағанда, менің жыным атойлап шығып, дүрсе қоя береді:
– Қол ұстасып жүрдіңдер ме?
Бұл – менің сөзім емес. Қайдан шыға келетінін білмеймін, тосыннан сап етіп, ішіме кіріп үлгірген жынымның сөзі. Оны, әрине, Қарагөз сезбеді. «Мынаның есі дұрыс па?!» дегендей көз шарасы үлкейіп, таңдана қарағаны содан шығар.
– Жоға-а. Неге қол ұстасып жүруім керек?
Көкірегімді тепкілеп, ішімнен сыртқа атылып шыққысы келген ит жыныммен арпалысып тұрғанымды аңғармай ма, білмеймін. Білсе де «ал, не ғыласың маған!» деп, одан әрмен ашуландырғысы келе ме, қайдам.
Бірақ мен де тырс етіп, оңай шағылатын жаңғақ емеспін. Қандай түлен түртсе де, жынымның менен басым түсуіне ерік бермеймін. Жынымның менен күші асып кетсе, ұятқа қалдырмай ма?!
Әй, бірақ менің жыным – нағыз итжандының өзі. Қаншама рет сүмірейтіп, сыбағасын берсем де, қайтадан өзеуреп шыға келеді. Мені қалай түртпектегенін байқамай да қалам.
– «Көше көрмеппін бе!» деп, қолыңды бір сілтеп, кетіп қалуыңа да болушы еді, – деймін кітаптағыдай сыпайымсып.
- Қойшы-ы, ұят емес пе. Жай көше емес, атасының атында.
- Аты жоқ көше бар ма екен өзі?..
– Қойшы, бүйректен сирақ шығармай. – Қарагөз бұртиса да әдемі. - Атасының атындағы көшені көрмей, қалай қайтам ауылға?
«Е, атасының атында болса қайтейін, әл-Фараби, Абай, Мұхтар Әуезов атындағы көше емес қой».
Бірақ бұл сөзімді Қарагөз, әрине, естіген жоқ. Жапардың атасының аруағын әрі сыйлап, әрі ұялсам да, Қарагөзге ерегісіп, іштей айқайлап айттым. Сонда ғана долырып, айбарақ атып, жүрегімді жұлқылап жатқан жынымның айызы қанып, бәсеңсіп қалатындай. Жыным тынышталған соң сөйлемесем, Қарагөзді өкпелетіп алуым мүмкін.
Әйтсе де мына сөзі мені кәдімгідей ойландырып тастады. Егер менің атам бастық болғанда… Шіркін… бір көшенің атын беретіні сөзсіз. Кейін есейген соң, мен де сондай бастық болар ма едім. Бұл ойларым тыпырлап, өз көкірегімнің түкпірінде тығылған күйі томсарып жатып алды. Оны Қарагөзге айтып не керек.
Қарагөз – әйбәт қыз
Шынымды айтсам, Қарагөзді өкпелеткім келмейді. Өйткені ол - өте жақсы қыз. Дәлел керек пе, айтайын. Әнеукүні қарным ашып, буфеттен бәліш алуға ақшам жетпей, басым салбырап келе жатыр едім, қарсы кездесіп қалды.
- Мә, бір тістеші, - деді қолындағы жылтыр қағаздан көрініп тұрған бәлішін ұсынып. «Кішкене ғана тістейін, ұят болар», - деп, аузымды тақай бергенімде, жаңа піскен бәліштің иісі мұрнымды қытықтап, қалай асап жібергенімді аңдап үлгермедім.
- Оһо-о! Жалмауыз!.. - Қарагөз сықылықтап күліп жіберді.
- Мә, мынаны да тауыса сал, - қашқалақтағаныма қарамай, қалғанын
аузыма нығарлап тыға салды .
Қарагөз екеуміз бір көшеде тұрамыз. Арамызда бірі өңкиген, бірі тайпиған екі үй ғана. Мектепке дейін біржарым шақырым сүйретіліп, жаяу барамыз. Ертеңгісін асығып, бірге дедектейміз. Сабақтан соң, ұйқымыз келіп, маужырап, шаршап, аш тасбақадай ілбіп қайтамыз. Жаңбырлы күні асыққан делқұлы машиналар шалшықты шашу етіп, шашып кетеді. «Өй, машинада мый жоқ екен…» - деймін кейіп, ары қарай іштей не айтатыным белгілі ғой, Қарагөзден ұят та.
Шалбардың балағынан бастап, күртеміздің етегіне дейін су шашырайды. Мұндайда мен қуанбағанда, кім қуанады?! Тағы да су шашырағанын қалап, жолға жақынырақ жүрем. Машиналар бізді оқушы деп, аяуды білмейді, адам емес, темір ғой, шетінен тасжүрек. Жаңбырды көкірегіне жинап алып, жалпиып жатқан жолда көлкіген суды шашып кеп жібергенде, шапшыған фонтан сияқты бізді қайта-қайта қарық қылады.
Оу, бір уақытта олардан да құтыламыз-ау. Алдымен өзімізді өзіміз, сосын бір-бірімізді бет орамалдарымызбен сүрткілейміз. Қарагөздің киіміне жаңа көргендей үңіле қарап, бипаздап сүртіп тұрып аламын. «Неге асықпай ұзақ сүртесің? – деп, ол ылғи таңданады. – Болсаңшы тезірек, сабақтан қаламыз».
Бірақ қалай сүртсек те, кепкеннен кейін балақтарымыз аздап айғыздалып шығады. Мұғалімдер мен ата-аналар көздеріңе қарап жүрсеңдерші дегенді бәленбайыншы рет ескертеді. Олар айтпаса, біз білмейтіндей. Бостан босқа ұрса бергенше, барлық жолдардың бойына тротуар жасап, жаяулар жағына қалқа қойса, бітті. Былғанбаймыз. Бірақ біз ақыл айтсақ, кім тыңдайды дейсің...
Қыздың аты қыз. Күші аз. Сабақ көп болатын күні сықап салған кітаптан қарыны қақырап кете жаздайтын сөмкесін мен көтеріп жүруге тырысам. Үлкен бір істі қолға алғандай, көңілім көтеріліп, жігерленіп келе жатам. Өйткені мен әлсізге жәрдемдесуге қашанда дайынмын. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды дейді білетіндер.
Бірақ Қарагөздің де маған жаны ашып, сөмкесіндегі екі-үш кітапты ғана береді:
- Ауырды көп көтере берме, бойың өспей қалады, - дейді жымиып.
- Өседі! - деймін мен ерегесіп. Әрине, үндемей-ақ келісе салсам да, ештеңем кетпес еді. Қайтейін, ерегіспе жыным үнемі аяқ астынан ойнап шыға келеді, ықтиярыма қарамай, үйіріп әкетеді.
- Жәрайды, жәрайды, - дейді Қарагөз сыңғырлап. Оның күлгені - сыңғырлағаны, сыңғырлағаны - күлгені. Себепсізден себепсіз жадырап сала берем. Қарагөз сыңғырлағанда, мен де сыңғырлап, сыйлық таратқандай қуантқым келеді-ақ. Бірақ сыңғырлай алмаймын. Жыныммен алысып тұрғанда, қолайлы сәт өтеді де кетеді. Әй, жыным-ай, сенен-ақ көрдім-ау көресіні...
О-ой, біздің Қарагөз әрі ақылды, әрі әйбат қыз ғой. Менің «жынымды» бірден танитын тәрізді. Сондықтан ба екен, жынның «тұтқынында» тыпырлаған мені сыңғырлап күліп, оп-оңай шығарып алады. Шіркін-ай, қыздардың бәрі Қарагөз сияқты ақылды болса.
Тағы бір дәлелім - сыныптың үздігі де сол. Қарагөздің ақылды екенін дәлелдеп, кім болсаң, ол бол, қобалжымай, бәс тіге алам. Сол себепті оған кешіріммен қарауға мәжбүрмін:
- Көп жүрген жоқсыңдар ма?
«Жоқ!» дейтін шығар деген тәтті үмітпен білдіртпей, көз қиығын тастаймын.
- Кө-ө-п жүрдік, - дейді Қарагөз қасақана ерегіскендей, - көше ұзын екен. Мен түгел көргім келді. Кешке дейін жүріп, аяғына әрең жеттік.
- Кешке дейін?!.. – Менің ышқынғанымды сезіп, жаны ашыса қайтеді екен. «Қап... бүлдірді-ау, бүлдірді-ау...»
- Иә-ә, - дейді Қарагөз даусын әндете созып. - Әбден шаршадым.
«Әй, Қарагөз-ай, мені жынды қылатын болдың ғой... Неге менің жынымды ұстатасың! Немене көше көрмедің бе? Саған не болды айдаладағы біреуге ілесіп?! Кешке дейін сенделіп көше кезгенің не? Есі кірмеген кішкентай бала емессің. Оқу озатысың! Бұл қыдырғаныңды естісе, біздің сыныптың ұлдарының бәрі де ұната қояды дей алмаймын.
Одан да үйге келіп, тып-тыныш сабағыңды оқып, мультфильміңді көріп, рахаттанып жатпадың ба! - деймін іштей шала бүлініп. - Менің жынымды ұстатыныңды сен неге ойламайсың? Соны білетін жасқа келдің ғой».
Дегенмен... қалай дегенмен, мен де әжептәуір ақылы бар адамға қатты ұқсаймын ғой деймін. Аттандап, айға ұмтылған жынымды елемеуге бар күшімді салып, мені таптап өтуіне жол бермеймін. Осы жасқа келгенше, жынымның үнемі мені аңдып, соңымнан бір елі қалмай, ұры иттей ілесіп жүретінін байқадым. Ол итке ілесе берсем, мені де бір күні ит қып шығармай ма?!
Қоғам қайраткері. Ол кім?
Оның үстіне мынадай жаңалықты естігеннен кейін қалай ойланбайсың. Жапардың атасы бастық болғанда, менің атам неге бастық болмаған? Әкемнің айтуынша, атам шақар, ешкімнен тілін тартпаған көрінеді. Зорлықты көрсе, айқаса кететін жалаңтөс, қызбаның нағыз өзі екен. Сол себепті талай қызметтен қағылып, ақыры малшылықты кәсіп қылыпты, соны қанағат етпеске шарасы қалмапты... Ендеше бастық болу үшін сөзді байқап сөйлеу керек. Демек, қулық керек. Есуас жын – менің «жекеменшігім», қалмайтын «досым» екенін білдірмейін. Өзегімде өрттей өршіп тұрған сөздерімді түгел айтпайын...
- Сонда не мүйіз шықты?..
Тілімді тістеп үлгердім. Мына жын қайдан ғана осы сөзді айтқызды?!. Менің қыр соңымнан қалмай, қайда барсам да, лезде тауып ала қоятын бұл не деген бәле?!
- Қызық қой енді... - Қарагөз маған көзін кең ашып, таңдана қарайды. -Сенің атаңның атындағы көше болса, сен де келген қонаққа көрсетер едің ғой.
Мына қыз менің жанды жерімді дәл тапты! Әттегене-ай, менің атамның атында тым құрыса шолтиған шолақ көше неге жоқ? Жапардың атасы қоғам қайраткері екен. Ал менің атам ше... қоғам қайраткері емес пе? Әбден қартайғанша, осы өзіміздің ауылдың қойын бағыпты, сиырын бағыпты. Ол да көпке жасалған жақсылық емес деп кім айта алады?! Ауыл да қоғам емес пе? Әлде ауыл қоғамға жатпай ма?..
Қоғам деген не өзі?
Құлағыма әлдебір сыбыр естілгендей. Бәсе, тап соның өзі! Жыным ғой баяғы. «Қоғам деген көп кісінің жиналған жері» дейді қызықтан құр қалғандай қылғынып. «Ауыл да солай» дейді тағы да күшеніп. Қылғынып сыбырлап үлгірмесе, есесі кететіндей, немесе сыбағадан құр қалатындай. Жарадың, жыным. Өзің өз болғалы сенің адам құсап, бір дұрыс сөз айтқаның осы бүгін ғана шығар...
Ауданда бастық болып, ауылдағыларға айтқанын істетсе, қоғам қайраткері деген сол ма?.. Қызық... Біреуге немесе көп кісілерге бұйрық берсе, сол кісі қоғам қайраткері ме?... Басқаша айтқанда, көптің малын бағып, автобусқа мінгізіп деген сияқты қызмет еткен - қайраткер ме, әлде көп адамға «жұмыс істеңдер!» деп әмір беріп қойып, өзі жайлы кабинетте мықшиып отырған - қайраткер ме?
Апайлардан сұрау керек екен. Қой баққан адамды қоғам қайраткері деп ардақтаса, несі бар? Көше атын неге қоғам қайраткеріне ғана береді.?
- Қоғам қайраткері деген кім? - деймін Қарагөздің қалай сайрайтынын көрейінші деп. Бірақ бұл да – жынымның сөзі...
- О-ой, со-оны да білмейсің бе? - дейді Қарагөз даусын созып.
Осылайша даусын созып сөйлегені музыка сияқты. Күлгені – сол музыканың әдемі қайырмасындай әсерлі. Қайта-қайта тыңдай бергің келеді.
– Елге көп жақсылық жасаған. Халықтың адамы ғой, – деген сөз маған әлдебір ғажайып ертегі әлемінен, алыстан талып естілгендей. Есімді дереу жиғызған – тағы да өзімнің жыным. «Бастықтардан басқалар жақсылық жасамай ма? Мыңдаған балаларға білім беретін мұғалімдер ше? Сан адамды ажалдан арашалайтын дәрігерлер ше?.. Баршаның шашын алатын шаштараздар ше... Шоферлар, етікшілер, күзетшілер...»
– Сонда не бітіріпті? – «Мына есерсоқ жынымды-ай! Сыпайы сөйлеуді білмей-ақ қойды-ау! Ойпырай, осы сенен қалай құтыламын?»...
– Қой-са-ашы, қырсық сұрақ қоймай! – Қарагөз көзін төңкеріп, ұрысқан сияқты. – Бүйте берсең, бір күні қырсық болып кетерсің.
«Кірпік жұлған» оқиғасы
Иә, саған, оп-оңай өле қалатын адамың мен емес. Ерегіспе жыным қашанда қасымнан қалмайтын, көрінбейтін қанатым, ешкім сезбейтін перім десем, өтірік бола қоймас. Аспаннан түскендей топ етіп жетіп келгенін өзім де біліп үлгірмеймін:
– Сұрақтың да қырсығы бола ма екен? Білсең, айтпайсың ба не бітіргенін.
- О-ой, мен қайдан білем? – дегенде, Қарагөздің даусы бұрынғыдан да
сыңғырлап созылады, қара жібектің қалың талшықтары тәрізді кірпіктері қайқайып барып, қасына тіреледі.
Үшінші сыныпта оқып жүргенде, «кірпіктерің өзіңдікі ме?» деп сұрағанымда, «иә!» деген. «Өтірік айтасың. Мұндай кірпік ешкімде жоқ. Міне, менікі тікірейіп тұр. Сен бірдеңе жапсырып алғансың», – дедім. «Сенбесең, ұстап көр», – деді Қарагөз. Кірпігі өзінікі ме, білгім келіп, бір-екі талын ұстадым да, тартып қалдым. Жұлынып кетті. Қарагөз көзін басып, «мама!» деп, жылап жіберді.
Көзі шығып кетті екен деп зәрем ұшты. «Қарагөз, кешір, кешірші. Мен әшейін ойнап... байқамай қалдым. Ешкімге айтпашы» деп жалындым.
Сәлден кейін мұрны пышылдап, жылағанын қойды. Кішкентай жұдырығымен көзін уқалап, айғыздап сүртіп алды. Сосын мені жаңа көргендей бақырайып, таңдана қарады. Өзі титтей болып ап, менің бұған дейін бір рет те жалынып көрмегенімді біліп, таңданғанын айтсайшы. Өзі титтей болып ап, менің зәрем ұшқанын қалай сезді десейші. Сөйте тұра маған жаны ашығанын қарай гөр! «Жәрәйді, айтпаймын!» деді. «Уһ» дедім-ау. Бақырып, үйіне тұра жүгіргенде, көресіні көретін едім.
Қыздармен күрес
Содан бері алдынан қия өтпеймін, айтқанын істеуге тырысам. Менің бәйек болып, оған кәдімгі жұрт қатарлы дені сау адам секілді жағынуға тырысқанымды көріп, ол жымиып көңілденеді: «Қорықпа, папама айтқан жоқпын», – дейді. Егер ол папасына айтса, ол кісі менің папама айтады. Ашуға мінген дәу-дәу екі папа менің жалғыз өзімді екі жақтап сабаса, өлтіреді ғой. Тірі адамның зәресі ұшатын осындай қорқынышты жазадан мені Қарагөздің құтқарғанына қалай риза болмайын! Содан кейін «әйбат қыз екен» деп әлдеқандай қып, қатты сыйлаймын.
Бірінші-екінші сыныпта тыртаңдап оқып жүргенде, екеуміз ерігіп, талай күрескеміз. Оп-оңай жұмарлай салатынмын. Қыздармен күрескен көп жеңіл. Шалуды да, жамбасқа салуды да білмейді. Қарагөзге жаным ашып, талай тәсілдерді үйреткем, бірақ ұмыта береді. Қашанғы әуреленем, жыным ұстап, «жетеді енді» дегем.
Енді, әрине, біраз өзгердім. Оның жақсылығына орай мен де жақсылық жасауды ойлаймын. Бір күні сәті түсті. Сол жылағаннан біраз уақыт өткеннен кейін тағы күрестік. «Мәз болсыншы» деп, өтірік тәлтіректеп, жығыла салдым. Қарагөз мәз-мейрам. Сыныптағы қыздарға мақтаныпты: «Абайды ақыры жықтым», – деп. Біздің сыныпта қыздардың бәрінен күшті Айсара деген нығыз, дәу сары қыз бар. Шешесі сұмдық күшті. Ауылдағы тойларда күрескен әйелдерді шашып жібереді. Айсара шешесіне тартқан, жойқын. Тек тәсілі аз.
Сол бір күні үзілісте аулада кездесіп, «Қарагөзден жығылып қапсың ғой, мә-ә»...», – деп, тілін шығарып мазақтап, мырс-мырс күледі.
Жыным сайтандай сап ете қалды:
– Күресесің бе? – «Сөйлеген – жыным».
Оның даусын естімей, «мен сөйледі» деп ойлап, бейғам тұрған Айсара менсінетін емес:
- Сенімен бе? Шалбарың былғанып, мамаң маған ұрсып жүрер.
– Ешкімге айтпаймын, – дедім мен жығылатынымды алдын ала мойындағандай.
- Кел.
Қаймығатын емес, денелі, толық қыз мұнша шапшаң деп кім ойлаған?! Жайбарақат маңқиып тұрған Айекем шап беріп, жұлып жіберердей құшырланып, белдігімнен ұстай алды да, бір-екі рет үйіріп-үйіріп жіберді. Күшті деп, міне, осы Айекеңді айт! Екі иығынан итерсем, қайда-а, күшті! Бұзаудың тұқыл мүйізінен ұстап итерсең, ерегісіп, төрт тағандап тіресіп тұрып алушы еді. Сілең қатса да, мызғымайды. Айсара тура сол бұзау сияқты. Шегінер емес. Аяқтары күшті, жуан. Тіресе берсем, өкпем өшетін түрі бар. Айсара емес, танкпен тіресіп тұрған тәріздімін.
Жалмауызға да жан керек деген. Мен де белінен құшақтап ұстап, еңкейіп алдым. Айсара енді ентігіп, қанша күш салса да, үйіре алмай қалды. Екеуіміз де ырсылдап, ары ырғап, бері ырғап, титықтауға айналдық. Қайдан тап болғанын білмеймін, Қарагөз келіп қалыпты:
– Қызда-ар, – деп артына қарап айғайлады, – бері келіңдер. Айсара мен Абай күресіп жатыр.
Қыздардың көзінше жығылып, масқарам шығар деп қатты састым. Әрі Қарагөздің қыздарды шақырғанына ит жыным келді. Менен ірі, әрі ауыр Айсараны екпіндеп итеріп, өзіме қайта тарта бердім де, шалт қимылдап, оң жамбасқа салып, көк майсаға алып ұрдым. Ыңқ ете түсті. Жібере салдым. Айсара атып тұрды.
– Байқамай қалдым. Кел, қайта күресеміз, – деп, қызарақтап, екі қолын алға соза ұмтылды.
– Қойшы, Айсара, бүгіннен кейін қыздармен күреспеймін, – дедім «мазақ болып жүрем бе» деген ой миымның бір түкпірінен қылаң беріп.
Сөйтіп «Кірпік жұлған» оқиғасы менің қыздармен күресуіме де, кейін бас тартуыма да себепші болған еді.
Жынмен арпалысып өлсем...
Мен жұлмағандықтан ба, Қарагөздің кірпіктері бұрынғыдан да ұзарып, қасының көлденең ортасынан асып, қайқыланып кеткен. Басқа ешбір қызда мұндай кірпік жоқ. Бірақ оның кинодағыдай әдемі кірпігіне менің «есуасым», дәл айтқанда, жыным пысқырып қарайтын емес:
– Кешке дейін жүргенде, соны білуге жарамадың ба? Не туралы сөйлестіңдер сонда?
О-ой, біздің Қарагөз аңқау ғой, менің іштей өз жыныммен арпалысып тұрғанымды сезетін емес. Көзге көрінетін жаумен алысу оңай. Ал басқаның емес, өзіңнің ішіңде тыпыршып, қасқырдай ұлып, арыстандай атылғысы келіп, елірген есуас жынды басу үшін қанша күш керек екенін менен басқа ешкім де білмейді. Білсе, таңданар еді. Таңданбақ түгіл, жаны ашыр еді. Білсе, Қарагөзге майын тамызып, тамсана айтатыны сөзсіз. Бұдан кейін, әлбетте, Қарагөздің таң қалмасқа шарасы қалмайды. Ақылды қыз ғой, менің қадірімді сонда білер еді.
Кейін мен өз жыныммен аянбай арпалысып өлгенде, «Мен Абаймен бірге оқып едім. Өз жынын өзі өмір бойы тайсалмай тұншықтырып, қашан да жеңіс тұғырынан көрінді. Мұндай биік абыройға жеткен адамды еш жерден көрген де, естіген де жоқпын!» деп, ерекше тебіренер еді. Бүкіл сынып, бүкіл мектеп, тіпті мұғалімдер де «Абай, кешір, біз сені түсінбеппіз. Түсінуге біздің өреміз жетпепті» дер еді. Сосын Қарагөз қалтасынан тастамайтын кішкентай ғана әдемі қызыл гүлді ақ орамалымен мөлдіреген көз жасын сүртіп тұрып: «Құрметті халайық, біз тұрған көше бәріміздің де жүрегімізде мәңгі сақталатын Абайдың атында болсыншы!...» деп, бетін кішкентай алақандарымен жауып, солқылдап жылап жіберер еді.
Жаконы қайтесің?
Әттең... Қарагөз аңқау дедім ғой, менің мөлдіреген ойларымды білмегендіктен, теңіздей толқып тебіренбейді. Бүкіл дүние тып-тыныш қана өз орнында мүлгігендей, қаннен қаперсіз, жайбарақат. Ары-бері өтіп жатқан кісілер әлемнің қақ ортасында сөйлескен екеумізді көретін емес. Әсіресе, буына нан пісетіндей көкірегін көпке көрсету үшін көтеріп, талтайған мені елемей, бірінен кейін бірі өтіп жатқаны, намысыңды келтіреді екен. Жердің төбесін ойып жіберердей нық басып тұрғанымды қалай байқамайтынына таңмын. Екі қолымды екі бүйіріме тіреп, шалқамнан түсердей шіренсем де, бір адам көзге ілетін емес.
Ау, мына жұртқа не болған? Қалайша мені көрмейді? Осынша жайбарақаттыққа күйіп кетпей, адам сенгісіз төзімділік танытып, шыдап тұрған мен не деген мықтымын! Жұрттың бәрі мен сияқты мықты болса, бүкіл адамзат бақытқа жетер еді. Қарагөз менің жан дүниемді білсе, жаныма бататын «қызықтарды» шынжырдай шұбатып, мені қинамас еді.
– Ій-ии, мен көрмеген көп кино туралы, көзілдірік таққан бір Гарри Поттер деген бала туралы айтып, басымды ауыртты. Қып-қызыл өтірікті қиыстырып соққан кітаптарды «керемет фантастика!» деп тамсана береді. Әбден жалықтым. Қашып кетуге ұялдым. Тезірек құтылғым келіп, қайтарда «жаяу жүрмеймін. Автобуспен кетем!» дедім. Жаконың әкесі бастық қой деймін, ақшасы көп екен, таксимен қайттық.
Оһ, қуанғаным-ай! Қарагөз – сен ең ақылды, ең сұлу қызсың! Айдаладағы Гарри мен аудандағы Жаконың саған не керегі бар?! Оларға пысқырып та қарамағаның қандай жақсы! Сенің махаббатың – Отаның, ауылың. Мен сені өмір бойы мақтан етем осы үшін!... Қыздардың бәрі өз Отанын, ауылын сен сияқты сүйсе, еліміз бақыттың шыңында ән шырқар еді. Елі мен жерін мәңгі тастап, шетелге кеткендер бар ғой, олар – Отанын ақшаға айырбастағандар. Ондайлар біздің намысымызға тиеді.
Па, шіркін, біздің ауылдың көкірегіңді ашатын сәл қышқылтым жусанын иіскеп, жорғамен тайпалтып өтсең, машинаның сасық иісіне жолағың келмейді. Қырқаларда самал желмен тербеліп, өрттей алаулаған қызғалдағын терген адам оны ешуақытта ұмыта алмайды. Париж, Рим, Вашингтон... солардың бізге не керегі бар? Қаптап қақиған, серейген үйлер, жындай жыбырлап сапырылысқан неше түрлі көліктер... Көшелері сау адамның басы айналатын құмырысқаның илеуі сияқты. Ауылдағыдай атқа мініп, жапан түзде өзіңмен-өзің ойланып, еркін жүре алмайсың. Машиналары селдей ағылып, тыныштық бермей, ығыр қылатын шетелге түк барғың келмейді.
Қарагөз, сені енді бұрынғыдан да қатты құрметтеймін. Ақыры түсініпсің ғой өмір дегеннің не екенін. Он үш деген аз жас емес. Сенің осындай ақылдылығыңа сүйсінген мен, міне, үндемей қалдым, тұштаңдаған жыным тайып тұрды. Ол да сенен ұялған-ау, сірә.
Құпияның ашылуы
Қарагөздің сөзі миыма микроб сияқты кіріп, төріне қонжиып жайғасып алды. Қанша қусам да, желімдегендей жабысып алып, ойымнан кетер емес. «Қоғам қайраткері», «халықтың адамы...» Сондай адамды білмегеніміз – ұят. Аудан орталығы – «Алғабас» жердің түбінде емес, атпен екі күн ызғытсаң, немесе есек арбамен бірнеше күн китіңдесең, әйтеуір жететін жерде.
Кітап шаңының иісі мұрныңды қышытып тітіркендіретін кітапханаға кілтипанның кілтін іздеп, өз еркіммен бас сұқтым. Жамбастап созылып жатқан сөрелердің белін қайыстырып, әрқайсысы өз салмағын малданған, үндемей-ақ «кісімсінген» кірпіштей энциклопедиялардың бірінен кейін бірін алтын іздегендей мұқият ақтардым. Ауыздарына су ұрттап алғандай тым құрыса біреуі ләм десеші. Міз бақпай мелшиіп, «барым осы! Ары қарай оқымасаң, оқымай-ақ қой!» дегендей шіреніп, шалқасынан жатып алатын немесе шікірейіп тұрудан бір талмайтын энциклопедиялардан кәдімгідей көңілім қалды. Сонша қалыңдығын қайтейін, Жаконың жалғыз атасы туралы бір ауыз сөз жоқ. Нағып жаза салмаған десеңші. Өз жынын өзі-ақ жапырып тастаудан аянбайтын Абай деген үлкен басымды кішірейтіп келсем... Алтын уақытымды аямай бөліп, кәдімгі естияр адам сықылды зер салып, қарап отырсам... Е-ей, айттың не, айтпадың не... Дәл осы сәтте жынымның не дегенін жеткізуге ұялып отырғанымды білдірмей-ақ қояйын. Қарагөз естіп қойса, ұят та.
Іздеп-іздеп жалықтым. Жалыққан соң, шаршадым. Амал жоқ, бұрынғы заманның бәрін көріп келгендей көстеңдейтін тарих пәніне жүгінесің. Бәрін өз қолынан өткізгендей білетін Айгүл апайдан сұрадым.
– Е, тәйірі, – апайым қолын бір сілтеді, – кешегі Кеңес заманында тұтынушылар одағы деген болған. Ол кісі сол аудандық мекеме бастығының орынбасары еді. Оның есесіне баласы - қазір дөкей. Соның арқасында жағымпаздар жапатармағай жабылып жүріп, көшенің атын бергіздірді ғой.
Е-е, мінеки! Көшеге ат қоюдың бір құпиясы ақыры ашылды деген осы.
Кімнің сөзі?
Таңданбасқа амалым қалмады. Ішімде біреу сөйлеп тұр. Білдім. Тағы да сол – «дос» жыным!
«Біреу бастық деген атауды арқалап жүрсе, оның әкесінің, атасының атымен көше атала бере ме? Міне, мәселе қайда жатыр! Өзі немесе баласы үлкен бастық болса, қоғам қайраткеріне айналу оп-оңай екен. «Бастықпын» деп қампиған қарынды қант салған қапшықтай алдыңа өңгеріп, абыройыңды асырған қандай тиімді! Осы құпияны жаңа біліп жүрсің бе?» дейді.
Бәсе, мектептегі барлық оқытушылар да, оқушылар да директордан қаймығатын сияқты. Неге? Негесі сол, бастыққа қарсы келсе, жұмыстан шығарып жібереді. Сол себепті басқалар сескенеді.
Ішімдегі тағы сөйлеп кетті: «Басқаны жанына жақындатпай, жасқандырса, ол – қалайша халықтың адамы? Халық жақсы көрсе ғана сондай атаққа қолы жетпей ме? Халық кімді жақсы көреді? Дәрігерді, мұғалімді, автобустың шопырын, малшыны, шаштаразды... Емделіп, білім алып, автобуспен баратын жеріне жетіп алады. Сиырын сауып, тамаққа тойған соң, шашын алдырады. Содан кейін әншіні, одан жалықса, жазушыны іздейді. Міне, халықтың адамдары қайда жүр!»
Ій-ии, қойшы, басымды қатырып нағылам! Солай десем де, үйде тырп етпей отырып та, көшеде ары-бері жүріп те, терезеден телміріп тұрып та ойладым. Ақырында миымның экранында үлкен әріптермен жазылған сөздерге көзім түсті:
«БАСТЫҚ БОЛҒАН ӨТЕ ПАЙДАЛЫ!»
Сосын бұл жазулар өшті де, келесісі көрінді:
«МЕНІҢ ДЕ БАСТЫҚ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ!»
Жынымның сөзі ме, өзімнің сөзім бе, ажырата алмай, қарадым да қалдым...
Талас
Мектептен тағы да бірге қайттық. Мені аяу дегенді білмейді, жаным жақтырмайтын әңгімені айтуы сондықтан шығар.
Бөтен баламен, сол Жакосымен сөйлескені, қыдырғаны аздай, жазған өлеңін тыңдапты. Тыңдағанымен тұрмай, жаттап алыпты.
Атам менің ел үшін,
Туып-өскен жер үшін
Еңбек етті аянбай
Сендер және мен үшін... –
деп тақылдап тұр. Бұдан кейін менің жыным қозбағанда, кімнің жыны қозады?! Бұдан кейін мен күйінбегенде, кім күйінеді?!
Өзімдей баланың өлең жазғаны маған, шынымды айтсам, ұнап-ақ қалды. Бірақ Қарагөздің сол өлеңді әдемілеп оқығаны маған мүлдем ұнамайды. «Несі бар, керек болса, мен де шығарамын».
Қолма-қол шығара салайын десем, қу өлең маған жоламай, айдалаға қашып кеткен бе, ойыма ештеңе келер емес. Бірақ үндемей қалсам, Қарагөздің алдында бөтен баланың мерейі асады. Сосын Қарагөздің маған деген құрметі азайып қалатыны сөзсіз.
Қабағым түйіліп, іштей булығып тұрмын. «Қайдасың, менің жыным, қайдасың? Құтқар мені қысылшаң сәттен. Тым құрыса бір шай қасық өлең әкеп бер! Қайдасың...»
О, ғажап! Кенет ойыма әлдеқандай бір қуат құйылып жүре берді... Енді мен емес, жыным сөйлеп жатыр:
- Ой, сол да өлең бе! Бұл өлең - әдебиет емес. Жазып алып, жаттап, оқып жүретіндей ештеңесі жоқ, - дейді кіжініп.
- Неге жоқ?! Ұйқас та, ырғақ та бар. Ойы маңызды, - дейді Қарагөз салмақпен.
- Түк те маңызды емес. Бәріміздің ата-анамыз ел үшін, туған жер үшін еңбек еткені рас. Бәріміз де оларды үлгі етеміз. Бәріміз де Отанымызды сүйеміз. Соны айту үшін әуре боп, өлең жазу керек пе?!
«Жарайсың, жыным, жарайсың. Бұдан былай сені досым дейінші. Маған талай еңбек сіңірдің. Мен не айтарымды білмей, тосылып қалсам, құтқарып алатын батырым да, жанашырым да сенсің, жыным. Жарайсың! Жер астынан жік шыққандай аяқ астынан пайда бола кетесің де, ұялыңқырап тұрған мені құтқарып аласың. Сен сөйлеп жатқанда, мен әуреленіп нағылам?!»
Әне, адал дос сондай болса керек, мен үшін жыным тағы да өршеленді:
- «Ұйқтағанда атамыз, біз де ұйықтап жатамыз» деген сияқты шұбата берсек, өлең бола ма!..
- Сенікі өлең емес, - дейді Қарагөз жымиып.
Жымиып ызамды келтіргенше, ашуланып, жынымды басса екен... Дегенмен бірақ... Қарагөз – ақылды қыз. Осылай әдемі жымиып, мысымды құртады. Сызылып тұрған сүйкімді келбетіне қарап, артық бірдеңе айтуға өзің ұяласың.
Әй, бірақ... айттым ғой, менің жыным дос болса да, нағыз есуас деп. Оңбағанды қарашы, менің қарсылығыма қарамай, тағы да Қарагөзге дүрсе қоя берді;
- Неге өлең емес? Мұнда да ұйқас, ырғақ бар!
- Қызығатын ештеңесі жоқ, - дейді Қарагөз мөлдіреп.
- Соңына таяқтай леп белгісін қойса да, қызықтырмай ма!
- Жүз леп белгісін қойсаң да, қызық емес.
- Сонда осы саған не керек?
- Маған әдемі болғаны керек.
- Әдебиетте бәрі әдемі емес қой. – «Әне, менің жыным қасарысқанын қоймайды». – Жылататыны да, күлдіретіні де бар.
- Иә-ә... – Қарагөз көзін төңкере қарап, мойнын аққудай иеді. Даусын сыбызғыдай сызылта созып мойындайды.
- Жаңағы өлеңде күлдіретін де, жылататын да ештеңе жоқ... – дейді жыным.
- Ой салады...
- Ондай ойды ол айтпай-ақ, өзім де білем!
- Білсең, жазбайсың ба? Ұлылар ғана жаза алады.
- Бәрі білетінді жазудың не керегі бар? Сеніңше, Жако ұлы ма?! Жазу керек боп бара жатса, мен де жаза аламын.
- Тү-үу, қойшы. Қолыңнан келмеген соң, көре алмай айтып тұрсың ғой. Жако - әлі бала, кейін мүмкін ұлы болып кететін шығар, қайдан білесің?
Қап!.. Жынымның ашуланғаны сонша, тарс етіп, жарылып кетті. Мен сөйлей алмай, өн бойымды түсініксіз діріл билеп, сілейіп тұрып қалдым.
Өкпелеу
Қарагөз қабағын шытынды да, тез-тез басып, менен озып кетіп қалды. Мен тұла бойым өрт боп жанып, жалғызсырап үйге қайттым. Біресе суынамын, біресе ысынамын. Өмірде мұндай да ауыр сәттер болады екен!.. Мұндай сәтті ешкімге тілемеймін. Басынан кешпеген адам білмейді... Білмей-ақ та қойсын. Өте ауыр тиеді, обал...
Үлкендерге рахат! Ештеңе ойламайды, ештеңеге басын қатырмайды. Жұмысын істеп, тамағына тыңқия тойып, небір тәтті түстер көреді. Тезірек есейіп алсам, мен де балбырап жатар едім. Қайда-аа, мектеп бітіргенше қай заман... Одан кейін университетке түсу... одан кейін жұмыс іздеу... Жұмыс істегенде, айлығыңды уақытында берсе, жақсы... бермесе, менің әкем құсап телміріп, қиналып жүреді. Түу, өмір деген қандай қиын. Мұндай өмірдің кімге қызығы бар?
Ой мен жын
Мен үйге барғым келмей, басқа бір әлемге кеткім келеді. Оған баратын жол қайда? Ешкім білмейді, ешкім жөн сілтемейді. Мынау, бала екен деп, біреу әйбат жолға салып жіберсе, шіркін. Әлде үлкендердің өздері де білмей ме? Білмеген соң, осылайша қиналып жүре бере ме?.. Үлкендерді де аяу керек екен-ау. Олар балалары үшін өмір сүреді. Қолына келген бар жақсылығын жасайды. Ал, қолынан келмесе, қайтеді...
Байқаймын, үлкен болу да оңай емес. Бәлкім, есейіп әуреленбей-ақ қою керек шығар. Жо-оқ, қаласаң да, қаламасаң да, күндердің күнінде ер жетесің. Солардың бастан кешкенін сен де көресің. Сол күндерге бала күннен бастап, шынығып бару керек. «Шыныққан шымыр болады» деген нақыл бар емес пе. Ендеше мен неге шынықпаймын? Қалай шынығу керек? Иә, білем, талай естігем. Турникке тартылсаң, денең шынығады, кітап оқысаң, миың шынығады. Үйде, мектепте бәрі бар. Ешкімге жалынбай-ақ, өзіммен өзім жүріп-ақ, күшейе бермеймін бе?..
Мұндай ой маған бұрын келген емес. Бұл ойды маған кім әкеп берді екен деп ойлауға хақым бар ғой. Ешкім әкелген жоқ, өзі келді. Демек, менде ми жеткілікті. Әуеде көзге көрінбей қалықтаған ой менікі секілді ақылды басқа қызыға ма, шақырмай-ақ, өзі келе салды.
Жо-оқ, олай емес. Әкелген – өзімнің жыным. Өкініштісі – көзге көрінбейді. Бірақ ой болып келе қалады. Сонда қалай болғаны: жын ойға айналып кете ме, әлде ой жынға айналып кете ме? Соны білгім келеді...
Қарагөздің сөзі ойымнан кетпей қойды... «Жако... ұлы боп кететін шығар...» ал, басқалар ше, мәселен мен ше?.. Қарагөздің маған сенім артуы былай тұрсын, үміттенбегені жаныма қатты батты. Мен мұңайғанда, жыным да түңіліп, жоғалып кетеді. Бірақ күн ысып кетсе, үйдегілер «тамақ іш» деп шақырса, Қарагөз «жүрсеңші, сабақтан қаламыз» десе, мұңайғанымды ұмытып кетем.
Қарагөз «қолымды қысшы, күшіңді көрейін» дегенде, ақырын қысам.
- Сол-ақ па? – дейді ол жымиып.
- Аяймын.
- Шынымен бе? А-а, - дейді бірдеңе түсінгендей.
Мектепке қалай жеткенімізді білмей қаламыз. Алғашқы сабақ – әдебиеттен. Ұлықбек ағайдікі.
«Амансыңдар ма, ұлылар!»
Ол кісі бізге келгенде, ылғи, «амансыңдар ма, ұлылар!» деп жымияды. Расында біздің сыныпта ұлылар көп. Бірінші партада - мен, яғни Абай. Қасымда – Құрманғазы. Бізден кейінгі парталарда Махамбет пен Райымбек, Жамбыл мен Сәкен, Ерасыл мен Бөгенбай, Жәнібек пен Бауыржан, Төлеген мен Ертарғын отырады. Бір қызығы, біздегі ұлылардың көбі – ұлдар. Ұлы қыздарымыз аз: Дина, Күләш, Әлия, Мәншүк, Роза. Шетелдік ұлылардан Индира, Жанна. Басқалары – кәдімгі өзіміздің қарапайым оқушылар: Қайрат, Ермек деген сияқты...
Сабаққа кейде жөндеп дайындала алмай қаламыз ғой, сонда әйгілі атымызға ұят екен. Сабақтан гөрі компьютер қызық. Ойнағың келе береді, сабақты кейде ұмытып кетіп, түннің бір уағында қалғып-шұлғып оқысаң, суми болдым ба? деп қорқасың. Басыңа жөнді ештеңе кірмейді. Содан кейін Ұлықбек ағай сөгеді:
— Әй, Абай, сен нағып бүгін дұрыстап әзірленбей келгенсің? Абай деген ұлы есімге лайық болу керек емес пе? Саған бүгін «үш» қоям! – дейді. Ол кісі қызық өзі. Менің атымды Абай қойшы деп, туа сала, әкемнен сұрап алған жоқпын ғой. Әкем өзі аузынан Абайды тастамай айтып отырады. Абай олай деген, бұлай деген деп. Абай ата тірі болса, Ұлықбек ағайға айтар еді:
— Ұлықбек шырағым, мына баланы менің есіміммен атаған екен. Кеше компьютер ойнап, үлгере алмапты. «Үш» қоймай-ақ қойшы, – деп. Расында маған – Абайға, Құрманғазыға, жалпы біз сияқты ұлыларға «үш» қоюға мұғалімдер ұялуы керек қой. Әрине, шынын айтсақ, сабаққа кейде дайындалуға үлгере алмаймыз. Бірақ есесін қайтарамыз. Келесі жолы сұраса да жетпей ме?.. Маған «әй, Абай!» деп айтудың өзі ерсі емес пе! Жарайды, өзі білсін...
Ұлықбек ағайдың айтуынша, Александр Македонский, Шыңғыс хан, Әмір Темір, Наполеондар – бәрі де ұлы. Менің таңқалатыным – жер жүзін жаулап алғың келсе, ұлыға айналасың. Неге онда Гитлерді ұлы демейді?!
Шынымды айтсам, мен де ұлы болғым келеді? Қалай? Ол үшін не істеуім керек? Өзім жауап таба алмай, Ұлықбек ағайдан сұрадым.
— Ең алдымен сабақты жақсы оқу керек. Рас, кейбір ұлылар мектепте нашар оқыған. Оның есесіне кейін сұмдық еңбектенген. Демек, еңбектенген ғана ұлы бола алады, – деді ол.
— Менің атам тоқсанға келді. Өмір бойы қой бақты, еңбек етті. Неге ұлы емес? Меніңше, осы дұрыс емес. Оны ұлы қойшы деп атау керек. Егер мен үлкен кісі болсам, жер жүзі президенттеріне айтар едім: «ұлы қойшы, ұлы сиыршы, ұлы шаштараз, ұлы етікші, ұлы тас қалаушы... тағы-тағылары болуы керек» деп. Ал біз сияқтыларды ұлы оқушылар десе, еш ренжімес едік.
— Тү-үу, Абай, сен өзің бір мыжыма бопсың ғой!.. – дейді Ұлықбек ағай. – ертеден кешке дейін тырбана бергеннің бәрі ұлы болмайды, еңбегің басқадан ерекше көрінсе ғана ұлыға айналасың. Жоспарлы еңбек биікке апарады.
Әне, ағайымыз тағы қателесті. Абайға мыжыма деуге бола ма? Абай атаның аруағы сезіп қойса, нағыз ұят сол емес пе? Бірақ Ұлықбек ағай ешкімнен қорықпайды. Біз сияқты ұлыларды бір шыбықпен айдайды. Бұрынғы ұлылар қандай болғанын анық білмеймін, бір жақсысы, бүгінгі ұлылар – біздер жуаспыз. Үлкен кісілерден ұяламыз. Ұялып жүргенде, қайтіп ұлы боласың? «Ақымақ айтқанға көнбейді», – дейді ағайымыз. Біз ақылды екенімізді білдіріп, жөнге көнеміз.
Менің тезірек ұлы болғым келіп, мазам кетеді. Қол көтерем:
— Ағай, қалай ұлы болу керек, жоспарын жасап бересіз бе? – деймін. Ұлықбек ағай кейіп, басын шайқайды:
— Әй, шырағым, – дейді маған, яғни Абайға. – Әркім жоспарын өзі жасап, өзі еңбектенгенде ғана ұлы болады. Кейін есейгенде, өзің жасайсың. Енді қысыр сөзді тоқтат! Уақытымды алма! – дейді даусын қатайтып. Ағайдың жынына тию – қауіпті, «аһа» деймін амалсыз.
Шыңғыс хан болғым келді
Алдымен Шыңғыс хан сияқты болғым келді. «Мен – Шыңғыс ханмын!» деп бірнеше рет ішімнен қайталап, мектептің ауласында ары жүрдім, бері жүрдім. Ешкім «мынау адам екен-ау!» деп те қарамайды. Мұндайда қайтіп ызаланбайсың! Ең болмаса бір адам көзге ілсейші. Намысыңды келтіреді. Мектепке кірер есікке тұрып алайын деп бір ойладым. Бірақ мұғалімдер көріп қояды, немесе жоғарғы сыныптың балалары «былай тұр» деп, Шыңғыс хан екеніме қарамай, лақтырып жіберуі мүмкін. Сол себепті өзіміздің сыныптың есігіне тұрып алдым. Әне, Қайрат келе жатыр. Ол – қарапайым адам, кіру үшін менен рұқсат сұрауы керек.
— Былай тұрсаңшы, – дейді маған батылы барып!
— Рұқсат сұрау керек! – деймін мен өз дәрежемнің керемет екенін сезініп. Сөйттім де, кеудесінен кері итердім.
— Өй, мынаны жын ұрған ба? – Қайрат күліп, соңынан келіп қалған Ермекке қарады. – Келші, мынаған көрсетіп жіберейік рұқсатты...
Екеуі шап беріп, екі білегімнен сығымдап ұстай алды да, дедектетіп, дәліздің қарсы бетіне бір-ақ апарды. Сөйтіп қарапайым ғана екі оқушы менің ұлы жоспарымды әп-сәтте бұзып-ақ тастағаны. Әрине, оларға ренжудің жөні жоқ. Олар – қарапайым адамдар, менің кім екенімді қайдан білсін... Экстрасенс емес. Осы сәтте екеуінің де соншалық қарапайымдылығына жаным ашыды. Осы сәтте мен өзімді бір сәтке ұлы сезініп үлгірдім. Өйткені ағайымыздың айтуынша, нағыз ұлылардың қарапайым халыққа қашан да жаны ашиды. Ал Гитлер жаны ашымағандықтан, ұлы деген дәрежеге жете алмай қалған.
Иә-ә, Македонскийдің де, Шыңғыс ханның да қасында қисапсыз әскер еріп жүрген. Мыналар маған әскер боп жарыта ма?! Қасыңда осындайлар ербиіп жүрсе, қайтіп қолбасы боласың? Өстіп жүргенде, қайдағы ұлылық?
Қалай ұлы болу керек?
Жексенбі күні әке-шешем, әжем, іні-қарындастарым – бәрі қонаққа кетті. Мен әдейі бармадым. Өйткені өз құпиям бар. Менделеев ешкімнің ойына келмеген химиялық элементтерді тауыпты. Мен содан кеммін бе? Іздеймін ендеше. Бірақ ол элемент қайда жатуы мүмкін?
Айналаны мұқият қарау керек. Алдымен, сатымен өрмелеп, шатырға шықтым. Айналама көз салдым. Ауылдағы үйлердің неше түрлі шатырларынан басқа ештеңе көрінбейді. Түсіп, үйге кірдім. Бөлмелерді араладым. Іздегенім жоқ. Бірақ терезелерде, пештің, үстелдердің үстінде, еденде шаң бар. Лупаны алып, ары қарадым, бері қарадым. Ешқандай элемент көзге шалынбайды. Шүберекті сулап алып, тозаң басқан жердің бәрін мұқият сүртіп, шаңның астын қарайын десем, шаңның асты болмайды екен. Сөйтіп еденді, терезелерді жуып шыққанда, елейтіндей ештеңе таппадым.
Аулаға шықтым. Бұрыш-бұрышты шұқшиып қарап жүріп, әбден сыпырдым. Іздегенім бәрібір жоқ.
Қораға кірдім. Мықшыңдап, терлеп жүріп, қидан тазарттым. Тағы да ештеңе таба алмадым.
Менделеев қалай тапты екен, ә?! Сірә, жұмыс істемей, күнде іздей берген болуы керек. Ылғи іздесе, әрине, бір күні бірдеңе табады! Ал менің уақытым қайда? Күнде сабаққа барам, үйдің жұмысына жәрдемдесем. Одан қалса, інілеріме жазу, есеп үйретем. Сөйтіп әуреленіп жүрсең, қалай ұлы боласың? Ашқан бір жаңалығым осы болды. Ұлы болу үшін бірдеңе тындыру керек. Тындыруға уақыт керек. Біздің сыныптағы ұлылардың нағыз ұлы бола алмай жүрген себебін енді түсіндім.
Уақыты болмаса, Ньютон бақтың ішінде тып-тыныш демалып жатар ма еді?! Егер үстіне алма құлап түспесе, жатқан бойы ұйықтап қалар еді. Әкем айтатын бүкіләлемдік тартылыс заңы ашылмай қалар еді... Иә-ә, Ньютон қандай бақытты адам! Алма құлайтын жерді қалай дәл тауып жатқан десеңізші!..
Мен де ойлануға арнайы уақыт бөлуім керек.
Газеттерді алып, бақтың ішіне кірдім. Төсеп тастап, алма бақтың саясына жаттым. Алмалар әлі піспеген, бақырайып қарап жатырмын. Шикі алмалардың ешқайсысы құлайтын емес. Неге құламайды? Оһо! Ақыры бір жаңалық аштым: «Шикі алма құламайды!» Ньютон алманың жерге неге құлайтынын тапты. Ал, мен құламайтын себебін аштым. Себебі:шикі алма қатты, сабағы да қатты. Сондықтан үзілмейді.
Бірақ өзімді ұлы деп мойындату үшін бұл жаңалық аз, тағы да табу үшін шыдап жата беру керек. Ньютон қалайша жаңалық ашты? Көрді. Көрген соң, ойланды. О, міне, мен ашқан екінші жаңалық: ұлы болу үшін ойлай білу керек!
Тү-у, мына шыбындарды-ай, қайдан ғана мені тауып алды? Ұлы болуға бар күшімді салып, талаптанып жатқанымда, бір тыныштық бермейді. Шыбыннан ұятсыз ештеңе жоқ-ау деймін.
Қуып жіберсең, сағындырмай-ақ қайта оралады. Сол ма, басқасы ма білмеймін, әйтеуір шақырмай-ақ, жетіп келеді. Ызың-ызың етіп, әлсін-әлсін мазамды ала береді. Мыналардың қорлығын-ай! Ойланайын десем, қайта-қайта кедергі келтіреді. Міне, міне, жол-жөнекей тағы бір жаңалық аштым.
Ұлы болу үшін саған ешкім бөгет жасамау керек екен!
Егер Македонскийге тосқауыл қойса, Еуропадан аттап шыға алмас еді. Абай мен Байронға немесе Гетеге кедергі жасай берсе, өлеңін, поэмаларын жаза алмас еді...
Ал Англияда ылғи жаңбыр жауып тұрады дейді. Жаңбыр жауғанда, шыбындар тоңып, тырп ете алмай, қонған жеріне жарқанаттай жабысып алады. Ал біздің Қазақстанда күн ыстық. Әсіресе жазда. Шыбын мен маса мазаңды ала береді, ала береді. Және өңшең жынды шыбындар...
Алақай, тағы да жаңалық аштым!
Осындай жындылар мазаңды ала берсе, қалай жаңалық ашасың? Тіпті мүмкін емес!
Менің басымды қатыратын – ұлылар қандай болуы керек деген сауал.
Ағайымыз мынадай бір әңгіме айтқан. Атақты Эйнштейн әйгілі Чарли Чаплинге құттықтау жіберіпті. «Сіздің кинофильмдеріңіз баршаға түсінікті. Сіз ұлы адам болдыңыз. Құттықтаймын!», – депті. Сонда Чарли оған: «Сіздің еңбектеріңізді ешкім түсінбейді. Соған қарамастан, сіз ұлы адам болдыңыз. Мен де Сізді құттықтаймын!» – деп жауап беріпті. Осыдан кейін түсініп көріңіз: ұлы адам қандай болуы керек?
Соны білсем, мен де ұлы адам болар едім.
Мектеп бітіргенше, әлі қайда-а.... Кедергі келтірмесе, ойлана берем. Бәрібір бірдеңе тындырам. Қалайда!
Босқа қарап жүрмей, мен де ұлы болғым келеді!.. Өйткені... өйткені Қарагөздің сөзі ойымнан кетпейді.
Менің құпиям
Ертеңіне мектепке бара жатқанда, Қарагөзге қулана қарап:
- Жаңалықтарды естідің бе? – дедім.
- Қандай?
- Менің киімдерімнің аты бар.
- Киімде де ат бола ма екен?
- Болғанда қандай! Мысалы менің атымда. Абай атындағы шалбар – менің шалбарым. Абай атындағы кәстөм. Абай атындағы сөмке...
- Ха-ха-ха, - Қарагөз сыңғырлап күліп жіберді. – Тағы қандай жаңалықтарың бар?
- Шұлығымның аты – Жуасбай. Қалай кисең де, көне береді. Бәтіңке – Жаяубай, қайда барсам да, апарады. Ал, Абай атындағы күнделік – үнсіз «сөйлейтін» қағаз телефон. Мектептегі сөзді ата-анама жеткізеді.
Қарагөздің күлкісі үдей түскенін көріп, мен шабыттана түстім.
- Күрте – сауыт, жаңбыр атқылаған тамшылардан қорғайды. Дәптер – Ақжазық, қалам – Найзабек, ақ жазыққа жаза береді. Кітап – әл-Фараби, бәрін біледі, бәрін айтып береді.
- Бұлттар түкіргенде, жаңбыр жауады.
- Найзағай – аспандағы өшпелі жазу.
- Күннің күркірегені – аспанның жөтелгені.
- Ұялы телефон – өсектер қоймасы.
- Апама сары май керек, маған шабатын тай керек. Қоңызға қи керек, оқушыға мый керек. Аңшыға түлкі керек, қыздарға күлкі керек.
- Ах-ха-ха... – Қарагөздің ішек-сілесі қатты. - Ой, қандай тапқырсың! Тағы нең бар айтатын? – Күліп тұрып, сенер-сенбесін білмесе де, қызыға қарады.
Менің былтырдан бері ешкімге көрсетпей, дәптерге жазып жүргенім бар еді. Жакодан мықтылығымды дәлелдеу үшін сол құпиямды ашпасқа амал қалмады. Не де болса тәуекел! Дәптерді ұсындым: – Екеуміз туралы әңгіме жаздым, оқып көрші.
Қарагөз «шын ба?» дегендей таңдана елең етіп, оқуға кірісті...
Елу өтірік
(әңгіме)
Мектептен үйге қайтып келе жатқан екі оқушы – Қарагөз бен Абай «өтірік айтудан жарысайық» депті. Әрине, алдымен Абай бастаған:
- Шалбар киген құрбақалар темекі тартады дейді. Рас па?
- Рас. Өйткені полиция масалар оларға айып төлеткенін теледидардан Айсара көріпті, - дейді Қарагөз.
- Сол масаларды шопыр шіркейлер шынжырлап тастапты.
- Ия, шіркейлерді қыз бұқалар пілдей ғып семіртіпті.
- Қыз бұқалар шашымызды жуамыз дегенде, үйдей аралар бөшкедей сабын беріпті.
- Сол сабынды жасаған – аспанда ұшатын құмырсқалардың арыстандай шалдары.
- Құмырсқаның шалдары содан кейін кеседей ракета жасап, түймедей айға барыпты.
- Бәтіңкесі жердегі сайда қалыпты.
- Жердегі кемпір тышқандар тырқ-тырқ күліп, бәтеңкесін айға лақтырыпты.
- Бәтіңкем былғанып қалды деп құмырсқаның шалы ашуланып, жерге тастағанда, мұхитта жүрген акулаға тиіп, қарны жарылып қалыпты.
- Акулаға операция жасап жатқанда, киттей инелікке суық тиіпті.
- Торғайдай кит келіп, үйдей инелікке найзағай укол салыпты.
- Инелік рахаттанып, оймақтай мұхиттың түбінде ұйықтап қалыпты.
- Күн ысығанда, мұхит қайнап кетіпті.
- Ақ тауықтан туған қараторғай қанатын жайып, күнді бүркепті.
- Түйедей түлкі барып, күнді қоржынға салып, ұрлап әкетіпті.
- Қара сақал көк қораз ашуланып, күнді түлкіден тартып алып, қайтадан аспанға іліп қойыпты.
- Жел соққанда, ай доптай дөңгеленіп ұшыпты.
- Көйлек киген көбелек айды ұстап алып, тағы да аспанға іліпті.
- Аспанда ұшып жүрген лақ шегірткеге «Аспанда топырақ жоқ. Етігіңді шешіп жүрсеңші!» депті.
- Шегіртке етігін шешкенде, мұрнын қаламмен шұқып, кітап оқып отырған қозы киіп алыпты.
- Тышқандай бұзау бармақтай етікті таудай қозыдан шешіп алып лақтырғанда, жұлдыздарға тиіпті.
- «Анау не өзі?» деп аңқиып келе жатқан Қарагөздің аузына жұлдыздар кіріп кетіпті.
- Бұлтты жейде етіп киіп алған Абай келіп, Қарагөздің ауызындағы теректей жұлдыздарды мақтамен суырып-суырып ала беріпті.
- Бір аяғына тәпішке, бір аяғына пима киген Ұлықбек ағай жұлдыздарды аспандағы бұлттарға сумен шегелепті.
- Аспанда атпен шауып келе жатқан тасбақа бұлттарды асап-асап жеп қойыпты.
- Шошқадай бүрге тасбақаны үйге шақырып, таудай ет асатыпты. Сосын көлдей сорпа беріпті.
- Көлдей сорпаға математик микроб тайып жығылыпты.
- Трактордай таракан жығылып жатқан микробтың мұртын жұлып алып қашыпты.
- Таудай саршұнақ оның жолына аяғын көлденең тосыпты. Таракан сүрініп құлағанда, шұлығы былғаныпты.
- Сиырдай шыбын сол шұлықты сүртіп тазалап, алғыс алғанын Еуропа мен Америка елдерінің телеарналары таңдана хабарлады.
- Мүйізтұмсықтай қоңыз «Жарайсың!» деп шыбынға бір бөшке ұнтақ әтір ұсыныпты.
- Құлағымен секіретін кенгуру қылдай қоңыздың алпыс метр арқандай бантигін жуып беріпті.
- Сіріңкедей піл шаштың бір талындай кенгуруға мультфильм көрсетіпті.
- Бас бармақтай жираф сол сіріңкедей пілге «Кімнің баласысың?» деп таңданыпты.
- Самолетімен ұшып келе жатқан қырықаяқ: «Піл – менің балам!» деген екен тайсалмай.
- Оны естіген Айдағы түйедей шымшық оянып, түшкіріп қалғанда, күн күркірепті.
- Сол сәтте күннің дәл ортасында «Жылы екен» деп ұйықтап жатқан жылан оянып кетіпті.
- Жылан аяғын созғанда, аспан мен жердің арасына қатынайтын пойыздар өте алмай, тоқтап қалғанын кейбіреулер білмейтін шығар.
- Сол пойызды айдаған – бірінші сыныпта оқитын Кептер.
- Пойызда билетсіз келе жатқан кептерді оқытқан шібидей тюлень ғой.
- Шібидей тюленьді танимын. Ол – ақ қарғаның баласы.
- Қарғаға арғымақтай кене есеп шығартыпты.
- Кененің есебі «дұрыс емес» деп, мысықтай сиырлар шәуілдепті.
- «Неге «дұрыс емес» дейсің!» деп, сиырды масадай тауық қытықтап жылатыпты.
- Жатудан жалыққан төрт бұрышты жұмыртқа «ал, керек болса!» деп, тауыққа қарғып, мініп алыпты.
- Абай «аспаннан соның бәрін көріп тұрдым» десе, мұхиттың түбінде шашын әдемілеп тарап отырған Қарагөз сенер-сенбесін білмей, шаршап, ұйықтап қалыпты...»
Қарагөз оқып біткенше, қайта-қайта сықылықтап күле берді.
Мен: - Жете ме, жетпесе, ертең тағы да табам, - дедім қызуланып. Қарагөз тағы да мәз боп, күліп тұрып, жұдырығымен иығымнан өзімсініп ақырын ұрып-ұрып қойды. – Жетеді, жетеді! Шыныңды айтшы, осының бәрін қайдан таптың?
- Қорадағы ақ тауықтың қара жұмыртқасынан көзіммен көшіріп алдым.
–Хи-хи, - Қарагөз тағы сықылықтады. – Сен бүгін күнде көріп жүрген өзіміздің Абай сияқты емессің!
- Енді қандай?
- Басқа, мүлдем басқа. Өзгерген Абайсың.
- Өзгергенім жаман ба?
- Жо-оқ, жаман емес. Қайта қызығып тұрмын. Мен де сен сияқты өзгергім келеді. Сен қалай бұлайша керемет болып кеттің. Соны айтшы, Абай!
Оһ, қуанғаным-ай, ішімдегі жыным да шаттанып, тыпырламай тыныштала қалды. Қарагөз сияқты қыз қиылып сұрап тұрғанда, немді аяйын.
- Өзгеру оңай емес. Ол үшін көп ойлану керек екен. Өзің туралы да, өзгелер туралы да. Сосын ойыңды қағазға жазасың, қайта оқып түзетесің.
- Нені түзетесің?
- Ойыңды! Қайталап оқыған соң, ойың сені жетектейді.
- Аһа-а, ойың өзіңді өзгертеді ғой. Міне, қандай қызық! Біздің ойларымыз шашылып, әр күні әр жерде қалып жоғалады. Мына жазғаның қандай керемет. Таңғалып тұрмын. Бұрын кәдімгі Абай едің, енді керемет Абай болдың. Өзгерген деген осы ғой. Мына әңгімеңдегі қиялдың бәрі сенікі ме? Шыныңды айтшы, осының барлығын өзің шығардың ба?
- Өзім емес. Ішімдегі жыным сыбырлады.
- «Жыным» дегенің не, ойым десейші, – деді Қарагөз күлкісін тыйып, - Мынада кейде бір өтіріктің ішінде екеуі жүр. Осының суреттерін көрсе, қандай қызық болар еді, аһа. Мультфильм болса, тіпті тамаша... Не деген тапқырсың! – Сосын көзіме ойлана тік қарады. – Қандай талантты, әйбат баласың. Керемет таңғалып тұрмын. Осылай жазған сендей бала жер жүзінде жоқ шығар. Өстіп-өстіп сен кейін нағыз ұлы адам болып кетесің ғой...Сонда біз сені мақтан етіп жүреміз – Бірінші рет көріп тұрғандай маған қызыға, ұза-ақ қарады.
Шаттық деген не екенін өмірімде алғаш рет біліп тұрған сияқтымын. Адам өзін үлпілдеген мақтадай жеп-жеңіл сезінеді екен. Күллі жер-дүние тербеліп билегісі келіп тұрғандай. Ауа қандай тәп-тәтті!
Па, шіркін, көктемнің бүгінгі күні неткен тамаша! Қарагөз күнде көріп жүрген талдырмаш, нәзік ақсары қыз емес, басқа әлемнен келген әппақ періште сықылды. Торғайлардың шырылы бұлбұлдың сайрағаны секілді. Көше бойлап, өріске бет алған маңғаз сиырлардың мөңірегені виолончельдің асықпай созылған даусы сияқты. Иттердің бірі әуп-әуп етіп, екіншісі шәу-шәу етіп үргені соларды серпілтіп, күш беретін әдемі қайырма деп қаласың. Ара-арасында кербез қораздар да ауыл ансамбіліне сән беріп, қиқулап қояды. Ары-бері өтіп жатқан үлкенді-кішілі машиналар күндегідей есіңнен тандыра қатты гүрілдемейді, әдемі ызғытып, сүйкімді зырылдайды.
- Біз ауылда қалатын шығармыз, - Қарагөз біртүрлі мұңайған секілді төмен қарады. Көзі жасаурап кеткен сияқты көрінді. «Қалдырмаймын» деп айтуға ұялдым. Жұбататын басқа бір жылы сөзді іздеп, сасқалақтап, әрең тапқансыдым:
- Сен де оқуға түсесің. Алматыға! – дедім аузымды толтырып.
- Рахмет, айтқаның келсін! – деді Қарагөз бірден көзі жайнап.
- Сөмкеңді берші. Мен көтеріп барайын.
Қарагөз күлімсіреп, ұсына берді. «Менен басқа ешкімге бұлайша сеніп тапсырмайсың. Рахмет саған!» дедім іштей. Дәл осы сәтте екі сөмкені көтеріп келе жатқан мен қандай бақыттымын десеңші.
Қуанған адамның көзіне дүние кенеттен құлпырып кеткендей көрінетінін бүгінге дейін қалай байқамағанмын?! Әне, көбелектер ұшатын гүлдерге айналған. Әртүрлі машиналар да шаттанып, бойын кернеген шабыттың қызуымен ерсілі-қарсылы зуылдап, біресе жарыспақ, біресе қуыспақ ойнайды. Анау оқушылар мектепке ұстаздарды қуанту үшін бара жатыр, ал сабақтан шыққан мыналар өздерінің ата-аналарын қуанту үшін қайтып келеді. Ары-бері қуаныш тасып жүрген секілді. Арықтағы су өлеңін сылдырлатып, ауылды аралап, саяхаттағанына мәз...
Көгілдір, мөлдір шатыр сияқты аспан мейірленіп төнеді, сұлуланып кеткен сүйкімді күн күлімдеп қарайды. Айналаның бәрі – ағыл-тегіл қуаныш. Кісілер неге кідірмей, жүріп барады? Қуанышы қойнына сыймай, тоқтай алмағандықтан. Қарлығаштар, қараторғайлар, торғайларға еліккен басқа түрлі құстар да жоғары-төмен зулайды. Солардың бәрінен ерекше көзге түскені – миымның экранына тағы да қалқып шыға келген жазулар:
КЕЙІН МЕН БАСТЫҚ БОЛСАМ, ЕҢ ӘДЕМІ КӨШЕНІ ҚАРАГӨЗДІҢ ЕСІМІМЕН АТАЙМЫН!
Үш рет қайталап, ішімнен оқығанымды Қарагөз, әрине, естіген жоқ. Үндемей, жымиып келе жатыр.