Адам қарады: 3485 | Жарияланды: 2019-04-26 02:49:26
Тосын келген күз
Қырқаларды қырау басып бір демде,
биылғы күз тосын келді білгенге.
Абайсызда күйік шалып кеткендей,
күлтелерін шашып алды гүлдер де.
Белгісіздеу болса да артқы дерегі,
ісіп-кеуіп тұр аспанның көнегі –
Қара үлегім жылан жылы жоғалған,
қара бұлт боп таудан асып келеді.
Ары-бері шимайлаған байтақты,
жануардың табаны да жалпақ-ты.
Ашу буса тостақ-көзі аларып,
қоса шайнар еді шеңгел, жантақты.
Желдің дағы түсті жерге соры тік,
тастайтындай күз қазанын қорытып –
қаңбақтарды бүйірінен тепкілеп,
зырылдайды сай-салаға тоғытып.
Жұлқа тартып ғайыптан бір божы кеп,
жылы жаққа кетпек пе алып тезірек –
ию-қию тыраулайды тырналар,
көк жүзінде дауысы бар, өзі жоқ.