Ғасырлар толғауы
цикл
1. Түркілердің мұңды жыры
Көзіңе мақтап, сырт мақтап,
Аранын жебір құрт қаптап.
Еміне шапты епті жау,
Етегін елдің жыртпаққа.
Аждаһа жылжып түстіктен,
Аспанда шулап құс біткен.
Теріскей беттен соқты жел,
Үдеріп дала - түз тіптен...
Ебелек кетті еңіреп,
Айналып түнге төңірек.
Батырлар киген торғауыт,
Жыртылып жаға, жеңі жоқ...
Көбелек кетті жалпылдап,
Атанның ерні салпылдап.
Абыздар сауған ақылын,
Қарттарым қалды-ау қалтылдап.
Кетпесін қалай жан шығып,
Намыстан тәнің аршылып.
Туырлық жатса туралып,
Қаралы найза шаншылып.
Қазанын жоқтап ошақтар,
Той күнін аңсап қасаптар.
Білегін айға біледі,
Ашылмай қалған құшақтар.
Талбесік отқа жағылды,
Шайтандар билеп қағынды.
Перілер басты қарқылға,
Шоқты үрлеп-үстеп жалынды.
Алатау басын қар алды,
Қаратау басын зар алды.
Ойлай да ойлай арғысын,
Біздің де көңіл тоналды...
2. Жеңістің екпінді жыры
Қамыстан күрке тігілді,
Байраққа тізе бүгілді –
Тұлпардың тоғыз құйрығы,
Көк найза ұшына ілінді.
Серперлі садақ иілді,
Көкірек кекке түйілді.
Бірлігі берік түркіге,
Дос түгіл, дұшпан сүйінді.
Жақсылар озып шықты алға,
Ажалдан батыр бұққан ба?!.
Арыстан жалды арғымақ,
Шашасы шаңды жұтқан ба?!.
Тұратын жерде тұрыстық,
Жолбарыс болып жұлыстық.
Құрыштан құйған қылышты,
Жүрекке дәлдеп сұғыстық.
Аш қасқыр сынды алыстық,
Арқалы қанжар салыстық.
Атадан туған ерлердің,
Көтерді басын намыс тік.
Ежелгі дұшпан ел болмас,
Етектен кесіп жең болмас.
Айтып айтпай не керек,
Қансоқта көрмей жер болмас.
Жеңіске жеттік кезекті,
Ашытып тұрған өзекті.
Жас келін тұрып орнынан,
Ошаққа салды тезекті.
Жыр келді таңдайға өріле,
Қарттарым шықты төріне.
Ебелек келді елпілдеп,
Көбелек қайтты көліне.