Адам қарады: 407 | Жарияланды: 2019-04-30 02:20:21

Мәңгілік Ел – мәңгілік мұрат!

Ой-санамнан бір елі кетпес, кең байтақ қазақ даласы,
Ұлан ғайыр атырапқа, көздің де жетпес шарасы.
Ата-баба мұра етіп, қастерлеп, қимай қан төккен,
Сынығымын асылдардың, Сүлеймен атты баласы.

Сегіз жыл болды келгеніме, ата жұртқа асығып,
Туған жерім артта қалды, қалғандай өзі шашылып.
Қимастықпен мен қоштастым, келерде қазақ жеріне,
Амалсыздан шара болмай, көңілдің күйін қашырып.

Қарақалпақ – туған елім, кіндік қаным тамған жер,
Түркі халық бір туғанбыз, қайсыбірін алсаң сен.
Ыстық маған мұның бәрі, кетпей естен бір сәтке,
Тандыр наның сондай тәтті, ішкен суың, саумал бел.

Саясаттан мен бейбақ ем, келгенде өз жұртыма,
Талай естіп көз де көрді, кейінірек бара ұмтыла.
Жаһандану заманында, қатардан қалмай ілессек,
Бір ұққаным сонда болар, пайдасы менің ұлтыма.


Елбасының назары ауған, Сарыарқаның өміріне,
Дәл осында Орда сал деп, ғаламаттай өңірге.
Бүкіл шенді шенеуніктер, түбегейлі қарсы боп,
Енді міне шалқып отыр, сол Орданың төрінде.

Жиырма жылда өте шықты, азды-көпті сол уақыт,
Талайларды тамсандырған, Нұр-Сұлтандай жоқ артық.
Жыл, ай, апта, күннен тағы, құлпыратын бұл қала,
Біздер үшін Алла берген, қуаныштай мол бақыт.

 

Былтыр болды жиырма жылдық, мерекесі Орданың,
Бас қалама өз атымнан, ыстық сәлем жолдадым.
Мерейленіп күннен күнге, өсіп келе жетіскен,

Елордаға Құдай жар боп, бір Аллам өзі қолдасын.

 

Сәулетіне еш сыным жоқ, сенбесеңіз қараңыз,
Ол біразін салып берген, Норман Фостер ағамыз.
Кем түспейді батыстағы, Нью-Йорк деген шаһардан,
Әлем әлі көзін тігер, талай ғимарат саламыз.

 

Тоқсан тоғыз боп саналды, бейбітшілік ордасы,
Уа, Жаратқан тірек болып, көмектесіп қолдашы.
Бейбіт елде бейбіт өмір, ашық аспан астында,
Жалғыз сенен медет болсын, өз нұрыңды жолдашы.

 

Екі мыңның онында сен, қабылдадың батысты,
Еуропалық бүкіл одақ, шет шетінен қатысты.
Басшы болып сол саммитте, талайға болған бір үлгі,
Алпауыттар саған қарап, естерінен шатысты.

Жыл асыра тағы болдың, көш басында елдердің,
Сол бір жылы көзге түскен, басқа емес сен дермін.
Азиада ойындары, алғаш рет ел төрінде,
Арман тұтқан бас орынды, ешкімге де бермедің.

Екі мыңның он жетісі, Еуразияның төрінде,
Елордамыз жайнай түсті, оны сенде көрдің бе?
Бүкіл әлем көзін тіккен, Нұр әлемдей ғажапты,
ЭКСПО-ны бір өткізіп, жинадық талай тәжірибе.

 

Мұның бәрі жетістігі, ұл-қызы болған қазақтың,

Ұмыт қылар ес-жадыңнан, КСРО берген азапты.

Жаңа заман, жаңа ұрпақ, жаңадан бастап өмірді,

Әлі талай үлгі болар, сенде бір бөлек ғажапсың.


Бүгінгі жас, келер ұрпақ, болашағы қазақтың,
Мәңгілік Ел ұраның боп, көрмессің енді азапты.
Сенім артқан біз жастары, жалын атқан көздерден,
Келешегі кемел айқын, Қазақ Елі ғажапты.

Мен білемін жастарыңды, бәсекеге бейімді,
Мемлекеті жайнау үшін, мол көмегі тиімді.
Қазағымның дамуына, тағы да қосар зор үлес,
Онсыз дағы біраз елдер, осы араға жиылды.

 

Елбасының жолдауында, естілді жаңа жаңғырық,

Сол үнменен біз келеміз, рухани бір жаңғырып.

Кемел елдің болшағын, біз қаламай кім басқа?!

Талай тарих қалдырармыз, естігенде таң қылып.

 

Мен сенемін жас ұрпаққа, ел сенімін ақтайтын,

Кейбір шенді шенеуніктей, туған жерін сатпайтын.

Ертеңгі күні ізі қалар, насихаттап жастарға,

Бізге қарап ықыласпен, осылар деп мақтайтын.


Елбасымыз сенім артқан, білімді, білікті жастарға,

Шүкір, тәубе, мен ризамын, осындай ашық аспанға.

«Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» - деп бекерге айтпаған,

Сол тарихқа себеп болар, өскелең ұрпақ бастама.

 

Қазақ тілінде жазылған