Жамандыққа апармас , жақсылыққа жүрген із
Жамандыққа апармас , жақсылыққа жүрген із,
Ей бауырым ешқашан , жаман ізбен жүрмеңіз.
Айдала да қалмайды, мына отырған қарттарым,
Кеудеден жан шыққанша, біз бәріміз біргеміз.
Тірісінде бағалап, Ата-Ананы құрметте,
Өзі салған үйінен, өзі алыста жүрмек пе?
Дәл осындай ісіңді, естігенде бір күні,
Балаларың сол кезде, қәдіріңді білмек пе?
Немересін аңсайды, Ата-Әжелер қашанда,
Бұны көрген мына мен, ашуымды басам ба?
Көзі тірі кезінде, Қарты кеткен әр үйдің,
Бақыт, байлық, көрінбей қаларын біл тасаңда.
Қарт дегенің қазына, бағалайық барында,
Өмір бақи жүрмейді, балам-ау деп жаныңда.
Үйіңнің бір шетін бер, жылы болса болғаны,
Хан сарайы сияқты, керек емес залың да.
Нанға дейін бағалап, деуші едік қой нан ұрсын,
Жанға бейім жылулық, жүректерге жағылсын.
Осы отырған жандарым, бәріне үйіне ағылсын,
Менің жалғыз тілегім, қарттар үйі жабылсын...