Адам қарады: 2153 | Жарияланды: 2019-05-03 02:40:56

Дін діңгегі -  бес парыз

Біссіміллә. Сөзімнің бұл әлқиссасы,

Кәлимә –исламның іргетасы.

Әуелі АЛЛА деңіз, мадақ айтып,

Әр - Рахман, Әр - Рахим боп сөздің басы.

 

АЛЛА нәсіп еткен ғой, асыл дінім,

Баға жетпес құндылық, алсаң білім.

Кәпір боп жаратылып, көп адассақ

Не болар еді сені мен менің күнім?

 

Шүкір де бұл Тәңірдің бергеніне,

Мұсылман боп өмірге келгеніңе.

Бес парыздың алды ғой, иман келтір

Жан шыққанша жүрекпен, тіліңмен де.

 

Иесі бар әлемнің жалғыз – АЛЛА,

Құлшылыққа лайықты Тәңір – дара.

Елшісі әрі құлы, ол – Мұхаммед (с.ғ.с)

Жіберілген үмбетінің бағына.

 

Қасиетті Кітабың – Құран Кәрім,

Рухани ем қондырар жалғыз дәрің.

Дүниелік істерің таусылар ма,

Күніне бір қолға алшы, қойып бәрін.

 

Үйретер сабыр менен төзім сырын,

Танырсың бұл өмірдің алуан қырын.

Ақыретке шынайы амал жина,

АЛЛАға таусылмасын мадақ – жырың.

 

Сырғысақ та өмірмен сынаптай біз,

АЛЛАға парыз іске еш асықпаймыз.

Уақытылы оқылмай жүр ғой намаз

Қызық көрсек, жалт беріп, қашықтаймыз.

 

Ұл өсті, қыз жетті деп ата – ана мәз,

Балиғатқа жеттің ба, парыз намаз!

Арақ пен темекі емес, қолқа керген

Әр үйден табылса екен, бір жайнамаз.

 

Намаз парыз, ей пенде, намаз парыз,

Өтелмесе, боларсың ертең қарыз.

Дүние ісі бітпес. Қияметте

Құтқара алмас намаздай сонда бар іс.

 

Ниетпен құбылаға бет бұрған қандай,

Бөліскен соң Тәңірмен, еш сыр қалмай.

Тамаша, рахат күйді сезінесің

Анадан жаңа туған, бір пәк жандай.

 

Ораза. Қандай ғажап, ұстағанға,

Татиды нәпсі тыйсаң, сауап мыңға.

Ниет қып, таң сәріден сәресі ішкен

Тәңірдің сыйы бөлек құлдарына.

 

Өсекке, өтірік пен құр мақтанға,

«Менде ораза» деп алып, бой алдырма.

Өзіңді астан ғана тыя жүріп,

Пенделікпен сауаптан қалыс қалма.

 

Тазарады тәнің мен жаның бірдей,

Рамазанды күт, бекер ойнап, күлмей.

Қандай ғана сауаптан қағылды екен,

Оразаның қадірін жүрген білмей.

 

Ал, зекетпен жан – дүниең нұрланады,

Қайырлы қылар, берсең, қолда барды.

Мырзалық – ақыретке ізгі амалың

Жәннатта төрден орын сайланады.

 

Дүние – қызыл түлкі, жиі алдайды,

Біреуге – нан, біреуге – дәулет қайғы.

Миллионға қызық қуған көп адам бар,

Садақаға жүз теңге қия алмайды.

 

Білмейді ау, ертең ғайып, не боларын,

Таусылмастай ғұмыры кем боларын.

Ақыретін ойламай, нәпсіге еріп,

Алдамшы қу тірлікке жем боларын.

 

Ең әуелі қайырлы іс жақынға қыл,

Жария қылма, болсын жасырған сыр.

Бөліскеннен несібең ортаймайды,

Ырзықты беруші – АЛЛА, мұны да біл!

 

Бесінші парызымыз – бұл қажылық,

Құт – сапар, сәтін күткен біз сағынып.

Құлыңда, АЛЛА, арман бар ма тұрса егер,

Тағдырында Қағба айналу жазылып...

 

Аш қалдырма арттағы жар, баланы,

Шариғаттың үкімі сақталады.

Табысы керегінен асып жатса,

Тәңір деп, мұсылмандар аттанады.

 

Қолы жетпес көп жанның бұл бір бақыт,

Қажеті ыңғай бермес, етек тартып.

Дүние шелі басқан жүрек, көзін,

Қаржылы, ниетсізде болмас уақыт.

 

Есіл дүние шашылған, бос, есепсіз,

Шайтан – дұшпан, ақшамен жеңбекпісіз?

Қажылық қып, Ібліске бір тас атпай

Өмір мәнін қалайша білмекшісіз?

 

Қиямет алдымызда. Ойланайық,

Бұл өмір бітпейді деп ойламайық.

Нәпсі – тәтті, тартады тіл үйіріп,

Имансыздық – терең ор, бойламайық.

 

АЛЛА иман бермесе, қайту қиын,

Есірген заман боп тұр, болмай тыйым.

Ертеңгі жауап күнін ойламайды,

Көп қазаққа уайым – той мен жиын...

 

Уақытты қадірле, бағасын біл,

Кәлима, құранмен бал тамызсын тіл.

Әйелге ері себеп, ал азамат

Ата – ананы қадірлеп, жәннатқа ұмтыл!

 

Тәңір қолдап, жасасын, дінім мәңгі,

Бес парызы өтелген ғұмыр - сәнді.

Құлшылық қылу үшін жаратылдық

Санаңа түй. Сонда өмір болар мәнді!

 

Қазақ тілінде жазылған