Таңғажайып түс
– Сен даладан көрінбедің, әрі-бері іздеп жүрсем. Әдина құрбысына наз айтты. Бірақ Нұргүл теледидарға беріліп қарағаны сондай, ештеңе естімеді.
Әдина көздерін уқалап-уқалап жіберіп, көк қобдишадағы деректі фильмге еріксіз көз салды. –Тынық мұхиттың асты осындай жап-жасыл бола ма? Небір өсімдіктер жайқалады. Теңіз кірпілері қыбырлап не істеп жатыр? Белбеу тәрізді және үсті тікенек балықтар неткен әсем. Сап-сары балықтардың қайқаң-қайқаң етуін қарай гөр. Біздің Шалқарда тым болмаса шабаққа ұқсаған титімдей балықтар да жоқ қой. Неліктен былай?
– Туу, сені-ай. Тықылдап мазаны аласың? Көл, теңіз, мұхит дегендерді айыра білесің бе өзің? Нұргүл дыз ете қалды. Оның жақтырмағанын сезіп Әдина демін ішіне тартты.
Бір кезде экран бетінде ұшатын балықтар пайда болды. Тыныштық әп-сәтте күрт бұзылды.
– Мұндай ғажапты кім көрген? Қара, қарашы, су ішінде ұшып барады.
–Қанаттары қандай керемет? Тура құстар секілді. Екеуі мәз-мәйрам. Қыбыр-жыбыр еткен моллюскілер, дәу кашалоттар мен акулалардан гөрі ұшатын балықтарға қыздар барлық ықыластарын аударды. Кино біткен соң Әдина мен Нұргүл әткеншек тепті. Доп қуалап, жіптен секіріп, кешті батырды. Дегенмен қандай ойын ойнаса да теледидардан көргендерін сөз ете берді.
Түн ортасында Әдина өзінің балыққа қалай айналғанын көрді. Басы, денесі – өзінікі, аяқ жағы балық. Ауыл сыртындағы «Шалқарда» емін-еркін сайрандауда. Кіп-кішкентай көл күтпеген жерден теңізге ұқсап кеткен тәрізді.
– Ей, су перісі, Әдина, тез-тез, мұнда кел. Әлгінде ғана інжу-маржан тиеген бір кеме су түбіне шөкті. Содан өзімізге керегінше бағалы заттарды, ақшаларды толтырып алайық.
Әдина үсті-басындағы сан түрлі инелері біресе тікірейіп, біресе құлпырып тұрған әлдеқандай теңіз мақұлығына қарап қатты шошынды. –Апыр-ай, сен Нұргүл емеспісің? Дауысыңнан ғана әзер таныдым ғой, әйтпесе. Осыдан соң Әдина мен Нұргүл алып су айдыны астына қарай сүңги жөнелді. Қолын жан-жаққа сермеп бара жатқанында шынтағын кереуеттің жақтауына оңдырмай соғып алды. Содан соң көзін ашып алып, түсініксіз күй кешті.
Таңертеңгі шәйін ішіп отырып түнде көрген түсі есінен ешкетпеді. Бір кезде үйге сүрініп-қабынып Нұргүл жетті. –Сұмдық түс көрдім,-деді ол танауы делдиіп. Қатты қорыққаным-ай. Екеуміз теңіз түбіндегі алтындарды аламыз деп небір су жануарларымен, неше түрлі құбыжықтармен соғысып жүр екенбіз.
Әлдеқандай үрейден жүрегі лүпілдеп соққан Әдина Нұргүлге қарап ернін тістеледі. Өзі көрген сұмдық көріністер туралы жақ ашпады. Тек Нұргүлдің теңіз жәндігі болып кетпей, аман-есен қасына келгеніне қатты қуанды.