Адам қарады: 174 | Жарияланды:

САРҚЫТ

                                                                                  

Апам иттерге тамақ құйып жатып өзіне –өзі күбірледі:

– Бұл ауылдың иттері қайда зытып кеткен. Күнде ас құйғанда таласып жатушы еді.

Есіктің алдында құрық жонып отырған Рахымбек ата:

–  Көрші ауылдың бір түйесі қалақай жеп, іші кеуіп өліпті– деді.

– Е–е, тойлап жатыр екен ғой тамам ит. Ас құйған елегендерді аяғымен итеріп, бір– бірінен  аулақтатты да:

– Аққоян неғып қалып қойған? – апам үйдің көлеңкесінде ұйықтап жатқан итке қарады.

 

– Байғұстың жүруге шамасы келмеген ғой. Әбден қартайды– деді.

Аққоян осы үйдегі иттердің көбінің шешесі.Бір– екі жыл бұрын қазандықтың басында ұйықтап жатқан Аққоянның артқы сирағын оқыралаған сиыр басып кеткен болатын.Оның сирағын қойшылар әуелі шүберекпен орап, сыртынан шыбықпен қатырып байлап, емдеп көрген. Бірақ, Аққоян ақсақ болып қалды.Көшкенде ол бір түйенің үстінде, не бізбен бірге арбада отырады. Кәріліктен көзі де көрмей қалған.Ол асын ішеді де күні бойы ұйықтайды.

Есіктің алдында күйбеңдеп жүргендердің бірі:

– Пай–пай! Әне келе жатыр тізіліп–деді, үйдің қарсы алдында жатқан жалғызаяқ қабырға жолды нұсқап.Бәріміз солай қарадық.

– Қарайгөр,қаз–қатар тізілуін.Немене, Көктөбет бірдеңе көтеріп келе ме? –Рахымбек ата көзін қолымен қалқалап ұзақ қарады.

– Иә, ол ет көтеріп келеді– деді, жиналып қалған балалардың бірі.Иттер жақындай берді.

– Е –е,өкпе– бауыр көтеріп келеді екен ғой, – десті қарап тұрғандар.

Әркім  өз шаруасына кетті.Ошақ басында күйбеңдеп жүрген Қайша:

– Т–ә–ә–т–е, ананы қарашы, о тоба! –деді жағасын ұстап, менің апама. Біз ол жаңсаған жаққа қарадық.Көктөбет аузындағы өкпені ұйықтап жатқан Аққоянның тұмсығына тыққыштап, түрткілеп жатыр екен.Аққоян тұмсығына барған еттің иісіне оянды ма, әйтеуір көзін ашып, иіскелеп жұмсақ бауырды бір шетінен жеуге кірісті.

Көктөбет болса, ол тамағын жеп болғанша күзетіп отырды.

– Құдірет, кәрі шешесіне сарқыт әкеліп бергені екен ғой– десті үлкендер.

 

Қазақ тілінде жазылған