ОРДАЛЫ ЖЫЛАН
Біздің сыныпта жиырма алты оқушы оқимыз. Мектебіміз ескі болғанымен қыста жылы, әрі жарық. Апамның айтысына қарағанда бұл мектепті 1975-76 жылдары Нарынқол ауданындағы колхозаралық құрылыс мекемесі салған екен. Апам:
-«Осы мектепті салуға басшылық жасаған сенің атаң болатын, күндіз-түні қасында жүріп құрылысын аяқтатқан»-деп айтып отыратын. Атам ол кезде сол мекемеде құрылыс инженері болып жұмыс жасапты.
Мен туғалы апамның тәрбиесінде болғандықтан әкемді-аға, шешемді –тәте деп айтатынмын. Әке-шешем қалада жұмыс істегендіктен ауылға жылына бір-екі рет қана келіп тұратын. Олар келген кезде мені апамның көзінше құшақтап, бетімнен де сүймейтін. Апам жоқ кезде тәтем мені қатты қысып тұрып құшақтап,бетімнен сүйіп-сүйіп алатын да:
-Апаңа айтпа! - дейтін.
Мен апама айтпайтынмын. Апама бауыр басып кеткендіктен оларды мен де онша жоқтамайтынмын. Ауылға келген кезде інім Абылайды ала келетін. Абылай қалада төртінші сыныпта оқитын ағам мен тәтемнің балалары. Ауылдың жағдайын көп білмейтін, орысша сыныпта оқығандықтан ағам мен тәтем оны жазда ауылға әкеп тастайтын. Бізбен қазақша сөйлесіп, қазақ тілін біршама біліп кететін. Сонда ауылда ата –апалары жоқ балалар қазақшаны қалай үйренеді екен деп ойлаймын. Менің апам кезінде колхозда есепші болып істепті. Мен сабаққа барғалы менің сабағымды оқыту, оқыған сабағымды пысықтау, киімдерімді реттеу, маған оқулықтар мен дәптер сатып алуды апам өзі реттейтін. Маған таза жүруді, үлкендерді сыйлап, оларға сәлем беріп тұруды, өтірік айтудың жаман әдет екенін үнемі айтып отыратын. Абылайға да соны айтып үйрететін. Біз апамның айтқанын орындауға тырысатынбыз.
Ал атам зейнетке шыққалы қазір үйдегі малға қарайды. Оларды суғару, шөп-жемін беру, астындағы қиларын тазалауға мен де ылғи көмектесіп отыратынмын. Қойлар қозы туған кезде жас қозылар сондай әдемі, әрі өте сүйкімді, оларға емізікпен сүт бергенді жақсы көремін. Әсіресе қарындары ашқан кезде бөтелкені тұмсығымен түрткілеп жіберетін. Шіркін, қойдың сүтінің уызы қандай керемет десеңші. Апам уызды пісіріп ішекке салып қоятын. Қатқан кезде уызды жесең дәмі аузыңнан кетпейді. Атам көп сөйлемейтін өз жұмысына сергек қарайтын. Жаз шыға қолдағы екі биесін байлап, қымыз ішетінбіз. Құлындарды желіге байлау, оларды күту менің жұмысым. Жаздай сол құлындарды жуасытып мінемін.
Ал атамның бәсіре деп маған ен салып берген тайына ерекше қарайтынмын. Менің қолымнан қант, нан жеп үйренген «Көк қасқам» мені көрсе жаныма жетіп келетін. Апамның тігіп берген ат дорбасына сұлы, арпа салып беріп тұратынмын. Атам биелерін апама сауғызбай өзі сауатын. Тор биенің бас асаулығы бар, ал жирен бие өте жуас болатын.
Астынан өтіп жатсаң да шошымайтын. Құлындардың атын мен қоятынмын. Тор биенің құлынына «Құлагер»- деп Ақан серінің, ал жирен биенің құлынына «Сүлік қара»- деп Қараш –Қараштағы Бақтығұлдың аттарының атын қойғанмын. Маған көбінесе көршіміз әрі бірге оқыған сыныптас досым Манас көмектесетін.
Жаздай құлындарды күтіп, қымыз ішіп, арасында футбол, тоғызқұмалақ ойнап жазғы демалысымыздың біткенін де байқамай қалатынбыз. Күнде кешкісін апам Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхатын», «Батырлар жырын» оқытып, Абай мен Мұқағалидың өлеңдерін жаттататын. Апамның айтысына қарағанда өлеңді құр жаттамай оның әрбір сөзіне мән беру керек екенін түсіндім. Абай атамыздың
Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ,
Қой мойынды, қоян жақ, бөкен қабақ.
Ауыз омыртқа шығыңқы, майда жалды,
Ой желке, үңірейген болса сағақ- деген өлеңін жаттап алған соң осы өлеңді өзімнің Көк қасқам мен Құлагер және Сүлік қаралармен салыстырамын. «Ауыз омыртқа», «бөкен қабақ» және «сағақ» деген теңеулерін түсінбесем де шоқпардай кекілі мен жалдарының майда екеніне көзім жетіп, сипалап разы болып қаламын. Жалынан сипағанды Көк қасқа да ұнататын.
Биелерді суғаруға барғанда Манас екеуіміз жаттаған өлеңдерімізді айтатынбыз. Манас та өлеңдерді мен сияқты тез жаттайтын. Бір күні мен Мұқағали атамыздың
Тамаша еді жазғы орман,
Құстар сайрап, мәз болған.
Көлшіктерде, суларда,
Үйрек ұшып қаз қонған- деген өлеңін жатқа айтып болған соң:
-Е, Мұқағали атамыздың да туған жері біздің жер сияқты тоғайы бар, сулары бар жер екен-ғой. Ол жерде біздегідей саз бар ма екен? Шіркін сол атамыздың туған жерін бір көрсек қой деп, Манасқа айтсам, ол да бұл өлеңін біледі екен. Біліп қана қоймай олардың бір жақын туыстары сол Қарасаз ауылында тұратынын айтқанда мен оған қызығып қарадым. Сол кезде Манас Қадыр Мырза Әлінің «Қонақтарды шет елдіктерге таныстыру» деген өлеңін жаттап келіпті, соны айтып берді.
Маған қатты ұнаған Қадыр ағаның сол өлеңін мен күні түнімен оқып, жаттап алдым. Сөйтіп жүргенде жазғы демалысымыз аяқталып сабақ та басталып кетті...
Алғашқы күні сынып жетекші Гүлзада апайымыз:
- Жазғы демалыста кім қайда барды, немен айналыстыңдар, қандай әдеби кітап оқыдыңдар?-деп бәрімізден сұрады.
Әлішер мен Сымбат Алматының жанындағы лагерьге барыпты, Раушан Қарағандыдағы мамасының туыстарына барып келіпті.Әли жаздай жайлауда болып, балық аулағанын айтып берді. Басқа оқушылар біз сияқты ауылда болыпты. Іштерімізде әдеби кітапты көп оқыған Манас екеуміз болып шықтық.
-2-
Бір күні қазақ әдебиетінен сабақ беретін Мәпірет апайымыз жануарлар туралы шығарма жазып келіңдер –деп үйге тапсырма берді.
Мен өзімнің құлындарым туралы жазатынымды Манасқа айтып едім:
- Мағжан, құлындар туралы мен жазайын, сен басқа тақырыпқа жазсаң қайтеді? –деді. Манастың көңілін қимай келістім.Үйге келгенше қандай тақырыпқа жазсам екен –деп ойланып келдім.
«Көк қасқа» тайым туралы жазсам Манас екеуміздің шығармамыз ұқсас болып қалуы мүмкін. Ары ойлап, бері ойлап өткен жылы атам айтып берген «Ордалы жылан» туралы әңгімені жазуды ойладым.
Атамның бір жақсы қасиеті маған жас кезімнен бастап кітап оқытып қана қоймай, әртүрлі ертегілер мен қызықты әңгімелерді, батырлар туралы қиссаларды жиі айтып беретін. Ол әңгіменің қысқаша желісі былай болатын.
Шөп шауып жүрген шөпшілердің арасындағы біреуі бір күні ескі тамның арасынан шыққан бір жыланды орақпен өлтірсе, артынан тағы бір жылан шығады. Оны да шауып өлтірген жігіт сол жерде тағы біраз жыландарды да шауып тастайды.
Оның бұл әрекетін естіген араларындағы жасы үлкен қария кісі:
-Шырағым, сол жыландарды бекер өлтірген екенсің, ол жер ордалы жыланның ордасы болатын. Ордалы жыланға қиянат жасапсың. Сен бұл жерден басқа жаққа кетпесең ордалы жылан сені кешірмейді. Қайтседе сені тауып, шағып өлтіреді. Біздің қазақта «Ордалы жыланды өлтіруге болмайды» -деген бұрыннан келе жатқан сөз бар.Тіптен атамыз қазақ үйге кіріп кеткен жыланның басына ақ құйып шығарып жіберетін. Оларға өзің тиіспесең олар өздігінен ешкімге тиіспейді. Сен енді мұнда көп тоқтамай, аманыңда қоныс аудар-деп жігітке ақыл айтады.
Ақсақал айтқан әңгімені мұқият тыңдаған әлгі жігіт басқа жаққа кетіп қалады...
Бір күні алысқа қой айдап шыққан қария кісі қойдың арасындағы қошқар мүйізді қойдың мүйізіне оралып келе жатқан бір жыланды байқайды.
Көпті көрген қария кісі бұл тегін емес екенін біліп, жыланды аңдиды. Қойлар кешкісін күйіс қайтаруға жатқан кезде жылан қойдың мүйізінен түсіп қалып, күндіз қойлар қозғалған кезде қайтадан мүйізге оралып, қойлармен бірге жүріп отырады. Осылайша төрт-бес күн өтеді. Бір күні жылан мүйізден сырғып түседі де, су суғарып жүрген сушыларға қарай жорғалайды. Қария ақырын артынан жүріп отырады. Жорғалаған жылан қатар тұрған сушылардың етігінің біріне кіріп кетеді. Бар жағдайды толық түсінген қария сушыларды шақырады. Келген сушылар сәлем беріп болған соң, қария жылан кірген етіктің кімдікі екенін сұрайды. Етіктің иесін білген қария:
-Көрер күнің бар екен, сен кезінде ордалы жыланды өлтірген екенсің. Мына етігіңнің ішіне сенен өш алып, өлтіру үшін әдейі келген жылан кіріп кетті-деп етікті сілкіп жыланды түсіреді.
Жерге түскен жылан басқаларға емес етіктің иесіне ысылдап айбат көрсетеді. Сол кезде қария жігіттің етігін жыланға тоса қояды.
-3-
Жылан етікті шағып, бұрылып жүре береді.
Сонда қария жігітке:
-Сен оны өлтірме, басына айран құйып басқа жаққа көшіп кет. Енді ол сені іздемейді. Ол өз сертін жасады, енді саған тиіспейді-деп қария ақылын айтып өз жөнімен кетеді. Жігіт қарияға рахмет айтып, айтқанын істейді.
Атамның осы айтып берген әңгімесін жазуға отырдым.