Адам қарады: 225 | Жарияланды: 2019-09-13 16:19:37

Сыбыр

“...Құрып кеткір өлеңді жазам бекер...”

                  Мейірхан Ақдәулетұлы

 

 

Көп айыбым көшер қандай амалға?..

Санай-санай сарғаяды санам да...

Абайламай ағат кетіп, от басып,

Талай-талай жас үйірдім жанарға.

 

“Ақынсың!” деп қаққанда жұрт арқамнан,

Кеудемсоқтай шалқып жаттым шалқамнан.

...Уа, Қара Өлең!

Шатпақ жазған шалдуар,

Қадіріңді қайдан ұқсын нәр тамған?!

 

Мың сұлуды жырға қосып мәз боп ек,

(Қайдасың сен

Бекзада өнер, бағзы әдеп?!)

Өкпелеген жүрек байғұс жүр қазір:

«Бүйткен Өлең құрып кетсін, жазба!» деп...

 

Желбіресе уақыт-кеме желкені,

Ермен қайғы езіп барады еңсені.

Ессіз көпті емексітер жалғыз сөз—

“Мәңгілік Ел!”—

Ең тамаша ертегі!

 

Үркек-үміт жанарынан мұң сырғып—

«Азатпыз!» деп қымсындық та күрсіндік...

Сыртқа шықпай, сыбыр еткен кеудемнің,

Сол тұсында өліп кетті бір шындық!

 

Тәтті үндерге масаттанып қоғамдық,

Жат тілдерге жұтылдық та...жоғалдық.

...Серттен тайып сызат салсам мен саған,

Кешір мені ОБАЛ және

АДАЛДЫҚ!

 

 

 

Қазақ тілінде жазылған