Ұлпаға үзіп-үзіп тастағалы...
Ұлпаға үзіп-үзіп тастағалы
Нәтімді қаңтар-ұлық.
Болмай қап кезбе бұлттың басқа амалы
Әлі тұр аңтарылып.
Мұң аңқып құндағымнан тарағанда-ақ
Жаныма құнықты арман.
Аңдаусыз аспанға алғаш қарағанда-ақ
Көзіме көктем нұры тұнып қалған.
Жадыма жаз әуенін тоқығасын
Сыр төккем жөргегіме.
Күзде кеп оқимысың,оқымасым,
Сүрініп өрмегіме?
Ұлы өртке тамызық боп ақтың бәрі
Жалынға жұтылғасын.
Таңдайға татымады хақтың дәмі,
Кермек жас-ұтырлы асым.
Өттім де өзегінен күйіп ардың
Барымды ұмыттырып,
Ажалдың маңдайынан сүйіп алдым
Көзімді жұмып тұрып.