Эдем бағына кетемін мен!
Иыққа үлбір желегім сап,
Үміт саулап етегімнен,
Бақытсыз өлеңімді ап
Эдем бағына кетемін мен!
Күлте сайын жасым тамып,
Гүл өсіріп,мастанармын.
Жаным-жұмақ,басым-тамұқ,
Қойныма шер жастанармын.
Есептемес елде қалам
Сауап,ынсап,күнә арасын.
Өзім болам көрген адам
Вавилонның мұнарасын.
Эдем бағы тұрағым боп,
Жұпар текті жыр төгемін.
Ораларға пырағым жоқ
Ер жиылмас Күлтөбемін.
Естен шығып аспан асты,
Сонда ешкімді сағынбаймын.
Тастап кетем тастамасты
Жүрегіме бағынбаймын.
...Иыққа үлбір желегім сап,
Үміт саулап етегімнен.
Тек бақытсыз өлеңімді ап
Эдем бағына кетемін мен!