Ұштым ұждан жұмағынан
Ұштым ұждан жұмағынан
қанатымды сүйіп күн.
Қиялыңда дос көрдің бе,
қош келдім бе,сүйіктім?
Боздауық таң бауырында
безілдетіп ақ сырнай.
Бозаң қалам,жатырмысың
бағы қонған тақсырдай.
Өтіріктің өкшесіне
өрмегімді ілдім де,
тарқамайтын кемпірқосақ
тоқып қойдым,білдің бе?
Бүрме-бүрме бес күнімнің
қымтай-қымтай тақымын.
Сирағыма жетпей қалды
ырылдауық шақырым.
Жетім көңіл жылтың қағып
жұлығынан жалғанның.
Күнді əкеткен көкжиекке
кеште тағы алдандым.
Қарашаның құндағында
қалғығанда ызбай мұң,
кірпігімді кезек-кезек
күзеткен-ді жүз қайғым.
Жанарыма жасырынған
жарқылдан да жалықтым.
Бауырыңа енсем бе екен,
мен де сендей ғаріп,түн?
...Ұшсам ұждан жұмағынан
қайта айналып келем бе?
Қанатымды қайырып ап...
Құлап түссем!
ӨЛЕҢГЕ!!!