Адам қарады: 851 | Жарияланды: 2019-09-15 05:50:52

Екі жігіт

Амандасып келді үйіме жолдас жігіт,

Араласып жүретінбіз хал-жай біліп.

Отырдық  кездесуге  мәз  болысып,

Әрбір  жайдан  әңгіме,  дүкен  құрып.

 

Жайымды білгеннен соң болып қанық,

Біраз сырлар ақтардық жүрек жарып.

Тіршілігі турасында сұрақ қойдым,

Сөз  тізгінін  кезекпенен  өзіме алып.

 

Бала-шағам  деді, тегіс сау-саламат,

Ата-анам,  ағайыным, құда -жекжат.       

Ризамын бүгінгі өмір, тағдырыма,

Жаным жүр, рахаттанып көңілім шат.

 

Тамаша,  істеп  жүрген  жұмысым да,

Табысым тапқан жетеді, тұрмысыма.

Жақсы екен деп, риза боп жатырмын,

Жаратушы, сүйген құлын құр қылсынба?!

 

Жүзі тұрды тым ерекше шырайланып,

Үндемей біраз сәтке қалды ойланып.

Өзімен -өзі  іштей  сырласқан  соң,

Жалғастырды әңгімесін ол жайланып.

 

Көрсең  ғой, деді, менің бастығымды,

Өзіңе айтсар болсам бар шынымды.

Ондай жан әлі өмірден көре алмадым,

Ертегілер , аңыздарда  бар  бұрынғы.

 

Келіскен келбеті бар көркем мінез,

Көрерсің, қаласа Алла келгенде кез.

Шіркін-ай, ондай болу қайда бізге,

Ол  жігіттің  қасында, басқалар ез.

 

Сөйтті -де алды ойланып, таңдай қағып,

Бұл сөзге мен де кеттім құштарланып.

Үн-түнсіз бір тыныштық  орнатылды,

Бейне бір қалғандайын тіл байланып.

 

Өмір деді, күн мен түндей өзгереді,

Алмай қоймас келгенде өз кезегі.

Жүзін кірбің басты да, түйді қабақ,

Тағы бір сәт, тиылды сөзден енді.

 

Бір түрлі менің жаным кетті толқып,

Бір уайым бар-ау, деп қалдым қорқып.

Екі  көзім  тұр   қадалып қабағына,

Жұдырықтай жүрегім кетті шоршып.

 

Үйірілгендей кеудеме түйілген бұлт,

Көңілдегі шаттығым өзгерді күрт.

Тас-талқаны шыққандай тамаша ойлар,

Жақсы досым кеткендей айналып сырт.

 

Өкінішті-ақ, деді тағы біраздан соң,

Бұл өмірдің терісі көп, азырақ оң.

Керісінше бар қылығы бастығыма,

Қызметтес жігіт бар, бір қатқан тоң.

 

Ақыл да жоқ, бой да жоқ, бетте пішін,

Қарның да ашады көргенде  ісін.

Амалсыз  жұмыс бабы, кездесеміз,

Дайынмын, көрмеуге де соның түсін.

 

Ештеңеге көнбейтін, жүрген қырсық,

Табады шұқшиғанда көзден қылшық.

Біз  тұрмақ, бастықпен де келіспейді,

Көп нәрсені арам деп, түседі ыршып.

 

Сол бәлекет, бәрімізге болды бөгет,

Таппай жүрміз құтылар одан себеп. 

Бастық та, бөлек тұрып сөйлескенде,

Қудыратын дейді амалын, табу керек.

 

Жатырмыз сол туралы бас қатырып,

Кетеді балақтан бит, басқа шығып.

Әлектендік біразымыз әдіс ойлап,

Басқа ісіміз қалғандай біздің құрып.

 

Жарайды деп,  жолдасым  сөзін үзді,

Қалтасынан сағат, алып  көзін сүзді.

Үйге барып, ертең жұмыс демалайын,

Деп сағатын қалтасына қайта енгізді.

 

Мен де ұғындым жасаған ишарасын,

Амал жоқ, қонақ солай ұйғарғасын.

Көп рахмет, келгеніңе деп, қоямын,

Жалғап тұр, осылай кеп, үй арасын.

 

Көшеде көліктер көп, кетті отырып,

Болған соң екеуіміз, хош сау қылып.

Дөңбекшідім, сол түні ұйықтай алмай,

Елестеумен, екі жігіт  еткен  қылық.

 

Тамаша екен,деп қоямын біріншісі,

Неткен көркем, ұнасымды үлгілі ісі.

Не жетпейді ел ішіне бүлік салып,

Неге сонша, оңалмай  жүр екіншісі?!

 

Осы ойлар, жүрді ұзақ маза бермей,

Алған әсер әңгімеден тұрды сөнбей.

Жұмыс бабы қарбалас көбейді ме,

Жолдасымда көп уақыт кетті келмей.

 

Cодан кейін бір айдай уақыт өтті,

Үйдегі телефоным шылдыр етті.

Жолдасымның үні шығып арғы бастан,

«Ассалаумағалейкум!» деген жетті.

 

«Уағалейкумассалам!»  қауқылдадым,

Жатырмын, менде сұрап оның қалын,

«Тойға  кел!»  деді сенбі  болатұғын,

Жиналады онда жақын туғандарым.

 

Інішегім деді, үйленіп жатыр менің,

Қаласа, Алла, түсіреміз үйге келін.

Бастығым да болады осы тойда,

Қалаймын, болуыңды сонда сенің.

 

«Келесің ғой-ә?1» деді де, алды күліп,

«Келеріңді алдын ала, тұрмын біліп».

«Қаласа Алла!»  дедім де мына бастан,

Жылы көңіл таныттым, ішім жібіп.

 

Белгілі айтылған күн, келдім тойға,

Жолдасымды құттықтап, келген бойда.

Қарбаласқан адамдар, абыр-сабыр,

Жанталасып той болса сабылмай ма?!

 

Әр жерде адамдар тұр, топ-тобымен,

Әңгіме- дүкен  құрған, өз  бабымен.

Нұсқау беріп, асабаға тұр жолдасым,

Туыстары зыр жүгірген, той қамымен.

 

Бір кезде жолдасым кеп, сыбыр етті,

Тура  қазір, бастығым  келем депті.

Көлігінің жанынан қарсы алайық,

Деп  жүрер, күтпедің  деп, не себепті?

 

Неге дедім, жақсыны қарсы алмасқа,

Бәрібір, түк бітірмей тұрмын босқа.

Жарасса Алла,  қалап  әңгімеміз,

Айналып кетерміз біз жақын досқа.

 

Сөйткенше джип машина, келе қалды,

Түсті жігіт, ұзын бойлы, зор тұлғалы.

Елден ерек, жігіт пен мінген көлік,

Бас бұрғызды еріксіз тұрғандарды.

 

Түскен жігіт, аспанға тұрды қарап,

Асықпай, қара шашын алды тарап.

Аспанға тіккен  көзін, сәл түсіріп,

Ойланып қалды біздің, келген қонақ.

 

Бастығына жолдасым берді салем,

Қолына саусақ ұшын тигізді әрең.

Қылығынан кеселділік қана еседі,

Көріністен түршігіп, кетті  денем.

 

Сәлден соң, еріндері  жыбыр  етті,

Шопыры да шапшаң екен,елгезекті.

Тұтатты шылым салып ауызына,

Тартып тұрып, ойланды ол тезекті.

 

Қонағын досым демеп, қолтығынан,

Дастархан жаққа әкетті, тойға құрған.

Көріністен қабағымды кірбің басып,

Құлдырап кетті  көңілім  құлазыған.

 

Біраздан соң жолдасым, кеп қасыма,

Өзі мәз шыққандайын шың басына.

«Төрге апарып, бастықты отырғыздым»,

Деді сені, отырғызам  дәл  қасына.

 

Берекем, бұл сөзден соң, тіпті қашты,

Көңілімді енді уайым, бұлты басты.

Қандай қиын, керемет деп жүргенің,

Шыққаны кербез болып, нақ албасты.

 

Осы ойымды, жолдасымның сөзі үзді,

«Әне» деді, жапырақтай  болған  күзгі.

Мен айтқан қырсықты да, келе жатыр,

Масқара қып кетер мекен, тағы бізді.

 

Өзі айтқандай шағын бойлы, расында,

Келе жатыр жаяу жігіт той басына.

Жақындап қалғанында бізге таман,

Жадыратты жүзін менің жолдасыма.

 

Шын қуаныш байқалады көздерінен,

Маңайын жылытқандай өз демімен.

«Ассалаумағалейкум» деп амандасты,

Жаныңа сондай жайлы, сезе білген.

 

Жайдары құттықтады, жолдасымды,

Тілі бай, байсалды, екен сөзі ұтымды.

Биязы, көркем мінез келісіп тұр,

Ұнасымды, қылығы да жарасымды.

 

Өңі жылы, сүйкімді екен, қарапайым,

Сыпайылық сездіреді, қоңырқай үн.

Мына  жігіт  сабырлы,  салиқалы,

Бәрімізге ұнап барад, барған сайын.

 

Үйірілдік бірталай жан, маңайына,

Әңгіме етіп, тұрмысты, ел жайында.

Әркім өзі білгенше, айтып жатыр,

Сөз шығарып, ілінгенін таңдайына.

 

Біреу тұрып деді «өмірді түсінбедім»,

Келіп тұрар, кейде тіпті, түсім дегім.

Өстіп жүріп өлем бе, деп қорқамын,

Бірақ бізді, бұл заманда түсінер кім?!

           

Сол сәтте  жігітіміз  жаңа  келген,

Бәрімізге ілтипатпен сәлем берген.

Инабатпен, қоңырқай дауысымен,

«Рұқсат па» деп, кезегін алды сөзден.

 

Былай деп: сонда сөзін бастап кетті,

«Бұл өмірден бай, батыр, патшада өтті,

Құл-кедей, жалшы-малшы, үлкен-кіші,

Әрқайсысы  әртүрлі, тексіз-текті.

  

Шындығында бұл өмір, бізге сынақ,

Түсінгіміз  келмейді,  біздің  бірақ.

Жүрекке қондыра алмай таза иманды,

Сор кешіп, сондықтан, жүрміз жылап.

 

Мәселенің барлығы, сол иманда,

Зораяды, жақсылықты мол жиғанда.

Жүрегіңе тыныштық орнатылар,

Иманың кеудеге асыл, нұр құйғанда.

 

Дегенде, досым кетті, ортамыздан,

Тыржыйыңқы байқадым,түрін бұзған.

Бірақ бір жан оған көңіл аудармады,

Сүйкімді жігіт сөзін жалғастырған.

 

Сол иман, деді, сөзін жалғастырып,

Жүрегіңде жарқырап тұрса тұнып.

Әрбір  ісің  мағыналы,  берекелі,

Жібереді өмір мәнін ұғындырып.

 

Иман тозар,кетсек егер нәпсіге еріп,

Нәпсі тажал,тоймайды берсең ерік.

Иманыңды осалдатып, не нығайтар,

Төрт мүшені ұстау керек, бойда берік.

 

Алғашқысы: бұлардың бастағы ми,

Жақсылықты ойласаң, аласың сый.

Жамандыққа құмартсаң,есің кетіп,

Нәжіске толған миың болады қи.

 

Екіншісі: көз маңдайда жарқыраған,

Ұясы, деп, оны ұяттың айтады адам.

«Көзін қара арсыздың» деген сөздер,

Естілерден  біздерге, содан  қалған.

 

Үшіншісі: ауыздағы тиек жоқ тіл,

Қолдансаң оны теріс төгесің кір.

Зиян қылар сөз келсе оны  тияр, 

Асықтай, ауызыңа тас салып жүр.

 

Төртіншісі: құлақ  қой, еститұғын,

Естісең жақсы сөзді, алар шырын.

Жолама, жамандықты жайғандарға,

Қаш,естіме құлаққа сал да тығын.

 

Осы төртеу: ми, көзің, тіл мен құлақ,

Не жақсы не жаманды, алар құрап.

Иманыңды күшейтер, не азайтып,

Ол тапқаның жүрегіңде табар тұрақ.

 

Дегенде, жүзі жайнап пәк нұр төгіп,

Мен жылауға шақ қалдым, ішім еріп.

«Оңбаған» деп жүріппін, «асыл жанды»,

Жолдасым жалған айтқан сөзге сеніп.

 

Көзімді көтере алмай, төмен салып,

Ұяттан бара жатыр, денем жанып.

Тас тығылып қалғандай тамағыма,

Бет алаулап, құлақ ұшым тұр қызарып.

 

Қызуым көтеріліп, денем ысып,

Тер сорғалап барады, ұят қысып.

Тура маған арналған, бұл насихат,

Тесік тапсам, кетер едім, қазір түсіп.

 

Жігіт бұзбай қалыбын, сол сабырлы,

Әңгімесін баяу ғана жалғастырды.

Қазағым, дана сөзін жай айтпапты ау,

Дегенде, білімі бар жыққан мыңды.

 

«Міне» деді, бұл өмірде нағыз байлық,

Жүректе иманымыз болғанда нық.

Адам қып, жан мен ақыл өмір берген,

Иеңді ойла, Жаратушы, содан қаймық.

               

Таза ниет, ықыласын көңіл сезген,

Жүрегіміз жұмсарып, әрбір сөзден.

Алтынға да айырбасқа қимайтұғын,

Салмағын сезініп тұр, іште безбен.

 

Білімділер, деді, бізге қалдырыпты,

Өсиеттер, мәні  адамға  ұғынықты.

Адастырмас біздерді, анық жол бар,

Аллаға бойұсынған, болсақ мықты.

 

Осы жерде жігіт сөзін тәмәмдады,

Тыңдағандар түгелдей ойда қалды.

«Тағы айтшы» деп, көздері өтінгендей,

Жігітке  жалынғандай  жанарлары.

 

Асаба зор дауысымен айғай салды,

Жастар келер мезгіл, деп, аз ақ қалды.

Дастарханға өтіңдер, жайғасыңдар,

Ойнап-күліп, атырайық бүгін таңды.

 

Өт, төрлет, деп, қонақтар бір-біріне,

Өрлеуде бастығымыз алған төрге.

Біздің топтың табаны қозғалмады,

Желімденіп қалғандай осы жерге.

 

Қарасам маңайыма көзбен шолып,

Кетіппіз барлығымыз ойға шомып.

Насихаты шын асыл, жігіт айтқан,

Толығымен көңілдерге кеткен қонып.

 

Арамызда кекселеу, тыңдаушы адам,

Сөз кезегін былай, деп, жалғастырған.

«Айналайын» деді, «өркенің өссін сенің,

Көрінеді кең  жүрегің, иман  тұнған.

 

Жай  бекер  емес  екен, асыл  сөзің,

Естіп бұны  көрмегем  бұрын  өзім.

Жамағатың  тыңдаған,  дән  риза,

Данышпандар қалдырған асыл сөзін.

 

Деген сөзден, жігітіміз кетті ұялып,

Жүзі де қан жүгірген,сәл қызарып.

Реті келгеннен соң, айтып ем деп,

Сабырлы дауысы да бұзбай қалып.

 

Тағы шықты дауысы асабаның,

Байқатып, шақырудан шаршағанын.

Сендерден басқасының бәрі отырды,

Өтіңдер, деп, басына дастарханның.

 

Біздің топта, кетті жылжып орынынан,

Көңілдерге ой  қондырып толығынан.

Жаным еріп, нағыз ойдың нәрін алдым,

Жігіт айтқан өсиеттің қорығынан.

 

Құлағыма сеніппін-ау, көзбен көрмей,

Ақылымды иманыма жүгіндірмей.

Неткен сұмдық, жақсыны жаман деуім,

Сыртынан тон пішіуім сырын білмей.

 

Бір қуаныш, бойымда бір өкініш,

Неге екенін, ойланып, сіз көріңіз.

Сізге қалай, білмеймін, ал мен үшін,

Өмір бақи ұмтылмас, бұл болған іс

 

 

Қазақ тілінде жазылған