Адам қарады: 1114 | Жарияланды: 2019-09-15 05:52:52

Ақсақал арманы

Пойызымыз отырған кетті жылжып,

Перронда жүгіреді жұрт абыржып.

Қозғалғанда көлігіміз көп күттірмей,

Иығымнан түскендей бір ауыр жүк.

 

Бағыт алдым, Қарағанды қаласына, 

Қойыны қара алтынды даласына.

Іс-сапармен он күнге кетіп барам,

Жолда болам тәуліктің шамасында.

 

Жайғастым купеме кеп белгіленген,

Менен басқа, үш адам онда енген.

Болса екеуі  жас жігіт енді бірі,

Арамызда ақсақал қартаң келген. 

 

Ақсақал жайғасыпты, төсек салып,

Қалған үшеу отырмыз, үнсіз қалып.

Қаласа Алла танысу алдымызда,

Жөн сұрасу біріңді-бірің танып.

 

Тынымсыз жүйткіп пойыз тербеледі,

Тақылдап темір табан пернелері.

Анда санда кісінеп көрсе бекет,

Биедей құлын көрген кермедегі.

 

Артта қалып барады, бұйрат белдер,

Қалың тоғай,сай-сала, су-өзендер.

Әрқайсысы әртүрлі көңіл күйде,

Алдыда ойға шомып тұр кезеңдер.

 

Жайылады, шүйгінге құныққан мал,

Жайбарақат тіршілік бұны ұққандар.

Аттары бос төбеде бірнеше адам,

Астына көрпе төсеп тыныққандар

 

Даланың тынысы бұл тамылжыған,

Мамыржай байқалмас жан абыржыған.

Оранып ойдың әсем орманына,

Мөлдір бұлақ тоғайы қалың жырам.

 

Тамаша көріністен көз ала алмай,

Терезеден кірген ауа, таза қандай?!

Табиғатпен етене араласқан,

Жүйкең де тынығады мазаланбай.

 

Тыныштығын табиғаттың тұрған бұзып, 

Тоқылдатып табанын  пойыз бұзық.

Кең дала кеңпейілдік танытады,

Бұл да бір қарап тұрсаң ойын қызық.

 

Біраздан соң үнсіздікті өзім бұздым,

«Біліссек жөн болар еді» дедім біздің.

Есімін бір адамның білген жақсы,

Дегендейін, білгенше түрін жүздің.

 

«Танысайық, дедім, менің атым Дастан»,

Екеуі де қол созды ойланбастан.

Қол қысысып, таныстық жылы жүзбен,

Жолсерік болу қандай, көңіл қосқан.

 

Әңгімеміз жарасымды тапқан ортақ,

Ойларымыз тоғысты кетпей алшақ.

Көз жұмулы беймәләм бізге жайы,

Төсектегі ақсақалға келер болсақ.

 

Кезекпен отырдық сөз алмастырып,

Естілерден қалған ғой жақсы ғұрып.

Бөтен сөз, жоқ әңгімеміз жайма шуақ,

Ешқайсымыз танытпай оғаш қылық.

 

Әңгімеміз әр салалы өмір жайлы,

Жол қысқарып адам да жалықпайды.

Үйден алған дәмдерден орта толып,

Қайнақ судан бықтырып қойдық шайды.

 

Қол жуып жайғасарда дастарханға,

Келіңіз, деп жұмулы көз ақсақалға.

Отырып бізбен, дедік дәм алыңыз,

Сізсіз бізге тамақ алу жарасар ма?

 

«Көп рахмет, балаларым» деді, ақсақал,

Ықылас пен ниеттерің екен адал.

Дәмді болсын астарың, қол шаяйын,

Тамақ алып маған енді қарамаңдар.

 

Сабыр сақтап, асықпадық дәм аларға,

Ақсақалсыз көңіл енді жайланар ма,

«Төрлетіңіз, отырыңыз» деп жатырмыз

Құрметпен орын бердік оралғанда.

 

Ақсақалға енді толық  көңіл бөлдім,

Байқадым солғын тартқан әжімді өңін.

Зор денелі, ойлы көз, кең маңдайлы,

Сабырлы да салиқалы жүзін көрдім.

 

Ат жақты, қою қасты, қыр мұрынды,

Қалың ерін, батырлардай ол бұрынғы.

Ақ басында тақия кең пішілген,

Елестетер ақ ордада түңлігіңді.

 

Басылған мұрт, ақ сақалы ақ алтындай 

Құлақтары қарлығаштың қанатындай.

Киімі де ұнасымды, ұқыпты екен,

Қазақтың төбе биі болатындай.

 

Терең әжім тағдырынан сыр сақтаған,

Беті мен маңдайға кеп тұрақтаған.

Көп көріп, көп уайым жеген бе екен,

Деген ой келе қалды, сұрақ маған.

 

«Бисмилла» деп барып, алды астан

Алла атымен бастады бізді қосқан.

Ондай тағам болады берекелі,

Тәтті тамақ болмайды онан асқан.

 

Сәлден соң бізге қарап жылы жүзбен,

Былай деп үнсіздіктің жібін үзген.

Есімім Тәңірберген, руым албан,

Хабар алмақ болсаңдар, - деді бізден.

 

Айтайын өзім жайлы жол қысқарсын,

Бөтендік жоқ өздеріңмен танысқасын.

Пайдасы болса сөзім байқарсыңдар,

Қажетсіз жері болса қалыс қалсын.

 

«Әрине» деп, мен де сөзге араластым,

«Оныңыз дұрыс қой» деп жағаластым.

Пайдасын іздеп өмір бір берілген,

Шапқылаймыз қамын ойлап қара бастың.

 

Ойлап тұрсам, дедім, осы өмір қызық,

Үлесіңді жақсы ғой, деп алсаң үзіп.

Мағынасын ойланбай айта салдым,

Қайықпыз деп теңізде жүрген жүзіп.

 

Дегеніме, сәл үндемей қалды ойланып,

Жүзі кетті бұрынғыдан байсалданып.

Отырмыз ойлы жүзден біз көз алмай,

Салмақты сөз боларын байқап анық.

 

Расында, деді, ойласақ өмір жұмбақ,

Адамға жоқ фәниде мәңгі тұрмақ.

Көз жұмулы, бағанадан көңіл ояу,

Сендерді амалсыздан жаттым тыңдап.

 

Өздеріңдей мендағы жас болғанмын,

Бұл өмірді қызық көріп бастағанмын.

Көзді ашып-жұмғанша өтті де өмір,

Қазір міне жетпіс сегіз жасқа бардым.

 

Қойыпты атымды атам – Тәңірберген,

Жалғыз ұлмын әкем мен шешем көрген.

Қайран шешем мені туған жесір қапты,

«Халық жауы» деп айдалып, әкем өлген.

 

Асырап бақты анашым мейіріммен,

Нұр құйылып тұратын пейілінен.

Аман қыл деп жалғызымды тілейтұғын,

Қадырыңды анашым кейін білгем.

 

Тақуа жан көрмедім өзім мұндай,

Анам намаз оқитын қаза қылмай.

Тәңірден тіле дейтін бар тілекті,

Жүрегіңе иман қонбас таза қылмай.

 

Бар шаруаңды Алланы ойлап істе,

Опық жеп қалма дейтін өкініште.

Жатсаң-тұрсаң Аллаға сиынып жүр,

Бисмилласыз дейтұғын тамақ ішпе.

 

Жаратып Алла бізге өмір берген,

Біз сүйікті құлымыз ризық терген.

Құдіретіне сиынып құлшылық қыл,

Таймайтын бар байлығың иман деуден.

 

Анамды мен де ерекше құрметтегем,

Сөзін тастап алдынан бір өтпеп ем.

Өтеймін деп ана алдында борышымды,

Асыл арман жататын жүректе кең.

 

Бұл өмірден алған ұғып тәжірибем,

Көңілімнен жойылмайды менің түйген.

Асыл анам кеңесін ұстана алмай,

Ұмтылмастай жаныма соққы тиген.

 

Өмірімдегі ең алғашқы өкінішім,

Есімде бес жасымда қылған ісім.

Ойнап жүріп көршінің ауласында,

Бүлдіргем терезенің бір шынысын.

 

Білесіңдер ол кездегі ел тұрмысын,

Запа шеккен халықта көрген қысым.

Үлкен нұқсан келтіріп көрші үйіне,

Орасан зор болып тұр бұл қылмысым.

 

Жасырындым қораға, үйге кірмей

Жанымды қоярға жер жүрдім білмей.

Кеңпейілді анам мені жұбатқанмен,

Тамақ та іше алмадым екі күндей.

 

Екіншісі, мектепте болған жағдай,

Балалар жүре ала ма ойнақ салмай.

Ұстаздың орындығы қалды қирап,

Үстінен секіргенде мен аңдамай.

 

Осы шығар, деп ойладым, біткен жерім,

Қорқыныштан сорғалап кетті терім.

Сұмдықтың нақ көкесі осы болар,

Отыра қап, жылау болды бар білгенім.

 

Сол сәтте сынған шыны түсті есіме,

Уайым жегем сонда мен несіне.

Балалық қой деп қоямын қорыққаным,

Шыдатпайды орындық қайғы жемесіме.

 

Анамда дереу үйден шақыртылды,

Осы шығар, дедім, байлар бақытымды.

Ұстазымыз жүргізген ұзақ тергеу,

Орындыққа құн төленіп барып тынды.

 

Уайымға көп берілме деді анашым,

Өмір мәнін ұқпаған сен баласың.

Бәрін тілеп Алладан амал жаса,

Сонда баққа бөленген сен боласың.

 

Алла жазған деді сенің тағдырың бар,

Сенбесең, бұл өмірде боласың дал.

Құлыным саған қастық ойламаймын,

Менікі емес, Алла сөзі, құлағың сал.

 

Үшіншісі, Алматыда оқып жүргем,

Сабақтан жатағыма жаңа кіргем.

Бөлмеме кіріп келсем, ойран-топыр,

Мен тұратын екеуіміз жолдасыммен.

 

Екі жігіт жолдасымды сабап жатыр,

Қояма, екеу болсаң да, қанша батыр.

Арашаға кірістім келе сала,

Ашу қысса кетпей ме бойдан ақыл.

 

Білмеймін қайдан түскен қолға таяқ,

Енді мен тұрамын ба екеуді аяп.

Шабыттанып таяғымды сілтегенде,

Жіберіппін ана екеуін қанға бояп.

 

Қатты таяқ біреуінің басын жарып,

Екіншісі еденде жатты талып.

Қолма қол милиция келді-дағы,

Түрмеге алып барды кісен салып.

 

Жүрегімді енді нағыз қайғы басты,

Не боламын деп ойлап, құтым қашты.

Өзім мен ауылдағы шешемді ойлап,

Камераға көлдей қылып төктім жасты.

 

Түрме деген кім білген құбыжықты,

Жаралаған жүрегімді  қайғы шықты.

Баяғыда сынған шыны орындықпен,

Тырнағына татымайды мұның тіпті.

 

Жолдасым жіберген соң арыз жолдап,

Жеткізбей сотқа ісімді қалды қорғап.

Кінәлі боп сойқан салған екі сотқар,

Құтылдым түрмеденде Құдай оңдап.

 

Бұл оқиға маған болды үлкен сабақ,

Өмірге жарамас  деп қарау салақ.

Ақылыммен өткенімді сараптадым,

Өзіме қоймай болмас дұрыс талап.

 

Тәмәмдап оқуымды тұрмыс құрдым,

Мамандығым бойынша жұмыс қылдым.

Шешемді бала-шаға асырадым,

Тілеумен тұрмысымның дұрыстығын.

 

Жылдар өтіп дәрежем де көтерілген,

Тынымсыз еткен еңбек өтелінген.

Жан-тәніммен беріліп қызметіме,

Түбіне талай істің жете білгем.

 

Төртінші, деді менде болған жағдай,

Біз отырмыз саусақта қозғай алмай.

Ақсақал қалтасынан орамал ап,

Әсем әжім жіпсіген сүртті маңдай.

 

Әңгіме осы тұста біраз тынды,

Көзін қадап далаға алуан сырлы.

Бәріде бір Алладан ғой деді де,

Былай деп әңгімесін жалғастырды.

 

Жала жауып үстімнен арыз түсті,

Нағыз парақор деп атапты мені күшті.

Тыныш өмір аяқ асты тас талқан боп,

Пәлеқорлар кеселінен болдым істі.

 

Біраздан соң жұмыстан қалдым босап,

Бұл соққыдан үлкен қайғы алдым асап.

Бір жұмадай орнымнан тұра алмадым,

Құлазыған жан дүнием көңіл босап.

 

Сонда ғана менің нағыз ойланғаным,

Дүние бекер дедім қуған сағым.

Бойымды өкініштің өрті билеп,

Маза бермей лаулайды іште жалын.

 

Баяғы сынған шыны орындықпен,

Түк емес екен түрме менің түскен.

Олар тек балалықтың кеселі екен,

Үлкен қайғым осы шығар менің ішкен.

 

Күрсінді ойлы ақсақал Тәңірберген,

Сыр төгіліп жүзіндегі әжімдерден.

Тым тырыс біз отырмыз қозғала алмай,

Оқып ойды ақсақалдың өңінде өрген.

 

Пойызда қалғандайын саябырлап,

Жай шайқалып тоқылы да баяуырақ.

Жүрегінің дүрсілін сезіп тұрмыз,

Ақсақалдың кеудесінде жатқан тулап.

 

Сол жылы деді анашым дүние салды,

Енді қайғым зорайып қосақталды.

Бір ісімнен береке көре алмай,

Қызығы жоқ, қу дүние босап қалды.

 

Анашым бұл өмірмен қоштасарда,

Тіл келтіріп Лә иләһа иллаллаға.

Құлыным аяла деп иманыңды,

Тапсырдым деді өзіңді бір Аллаға.

 

Анам кетті қара жердің қойынына,

Қайта өмірді келмейді қайыруға.

Есіме түсті анамның өсиеті,

Болмас деген қайғыға бой ұруға.

 

Деді анамның өсиеттерін есіме алдым,

Өзім және өмір жайлы ойға қалдым.

Сұм дүние тұншықтырып иманымды,

Кеудемдегі қиналған қайран жаным.

 

Қорқынышым қайғым да дүние үшін,

Малда ғана деп ойлаппын сүйенішім.

Анам айтқан ақ жолға түссем ғой деп,

Өкініштен өрттей болып күйген ішім.

 

Ұғынбаппын не екенін, тәуба, шүкір ,

Алла берген тағдырға қылып күпір.

Ұмытыппын Иемді жаратушы,

Дүниенің  құлы болып, белі бүкір.

 

Төрт істен осы болды қорытқаным,

Бәрі бекер екен-ау қорыққаным.

Толыққанда таза иманға жүрегіміз,

Түсінеді адам өмір толық мәнін.

 

Содан бері отыз бес жыл өткердім,

Құлшылықсыз бір күнімді құр етпедім.

Жүрегімде орныққан ісімде оңып,

Қалап Алла қабыл болған ниеттерім.

 

Жалықтырып жібердім бе? - деді ақсақал,

Деді оқиын ақшам намаз күнде батар.

Ойларсыңдар тоқсан ауыз сөз түйінін,

Бар емес пе халқымызда деген мақал.

 

Байқасақ әрнәрсенің мақсаты бар,

Атқарса өз міндетін пайда шығар.

Ас ішкізер үддесінен шыға алмайды,

Кесе екеш кеседағы болса сынар.

 

Ал адамның міндеттері орасан зор,

Біздерді мақсатымен Жаратқан Ол.

Бұлжытпай Алла әмірін орындасақ,

Қос өмірдің баянды бақыты сол.

 

Осылай деп әңгімесін аяқтады,

Күн қызарып ұясына таяп қалды.

Ақсақалдың өмір жайлы өсиеті,

Ұйықтап жатқан ойымды оятқан-ды.

Қазақ тілінде жазылған