Көш
Жол бастайтын ерлерім ерлігі ерен,
Қара таудан қозғалған елді көрем.
Жетім тайлағы ілесіп мұнар көшке,
Боздап келед жанары жас мөлдіреген.
Сөктірмеген сұм ғасырға керегесін,
Түйе қомында қоздырған делебесін.
Көшкенде атқа мініп, бесік ұстап,
Әжелер алдына алған немересін.
Көштен озық атам жүред күреңімен,
Тау бейнесі байқалар түр-өңінен.
Тімтініп тазы, қомданса қас қыраны,
Маздайтұғын махаббаты жүрегінен.
Қорықпайтын жауыннан, дауылынан,
Көш шұбырған Алтайдың бауырынан.
Тік қиямен, талай қырқаң артта қалды,
Сорғалады ашты тер ат сауырынан.
Жол-жөнекей суыр көрдік тоқтыдайын,
Жемтік аңдып отыр тағы топ құмайым.
Шалғыншы боп жігіттер жүр, анда-мұнда,
Дүрбі салып, жоқ іздеген жоқшыдайын.
Күн ыстық, теңселіп адам маужыраған,
Жол ұзақта ат-көлікте қалжыраған.
Таң бозара көшкен жұрт тоқтаған жоқ,
Еріндері кеберсіп сәл салбыраған.
Көш демейтін, сірә, мынау қайдан келген,
Жөн-жосықты біледі-ау, қайран жеңгем!
Жеткенде шаршап, шөлдеп ерулі елге,
Алдымыздан шығып олар айран берген.
Қырандай сонда көңілім шарықтаған,
Ақша бұлтқа айналдым-ау қалықтаған.
Қолы ашық, қонағуар, қараша жұрт,
Қымбатсың сол бейнеңмен, анық маған.
PS:
Мен әлі құйқалы жұртқа жетпегенмін,
Көш соңына қап қойсам кектенемін.
"Көш байсалды болсын",- деп айта алмасаң,
Ей, бауырым, мен сендерді жек көремін.
Әлдилеп анам, құлыным тез өс дейтұғын,
Ақ сүтімен жыр беріпті өшпейтұғын.
ТАЛ бесік пен ЖЕР бесік арасы ғой,
Бес күндік жолға қонар "КӨШ" дейтұғын.