Сағыныш
Жалбыз исі аңқып жетер асқарынан,
Қыран ұшқан құзар тау бастарынан.
Менің жырым жаңбыр боп төгілсейші,
Туған жердің көк зеңгір аспанынан?!
Құшақ жайып бәрі алдан жүгіретін,
Туған жердің сезбесін кім құдіретін,
Қонақ келсе, мал сойып әбігер боп,
Жарқылдатып жатушы ек іңір отын.
Жайлау үсті ақбоз үйлер тігілетін,
Шаңыраққа шардиып қарындар ілінетін.
Дастарқаны әжелердің аққа толған,
Көңіліндей жомарт жанның білінетін.
Желілерге асау құлын байланатын,
Қымыз ішіп, етке ауыз майланатын.
Қызы бар кейбір үйге кезқұйрықтай,
Қутыкеш жігіт, торуылдап айланатын.
Тұяқ кесті төр жайлауы тозбайтұғын,
Құлақ кесті құлдар ардан озбайтұғын.
Күн суытып, ақ маржандай бұршақ жауса,
Қара пеште,қарағай шоқ қоздайтұғын.
Қарттарымыз зәулім құзбен теңесетін,
Күлтөбеде ұзақ-ұзақ кеңесетін.
Көкпарға түссе бура сан жігіттері,
Намыс үшін арпалысып егесетін.
Күнікейдей сұлуы күнмен таласатын,
Айлы кеш "Ақсүйек" ойнап жарасатын.
Жоқ жоғалтқан жолаушылар үйге келсе,
Құмалақ сап жеңгелерім бал ашатын.
Үкілеген ел жүйрігі мен еркесін,
Қадырлеген көш бастаған серкесін.
Патша көңіл, мәрт қазағым-ай, өнерлі!
Той-думанмен дүбірлеткен дала өлкесін.
Домбырасынан күй төгіліп жататын,
Шолпан туса, шаңырақтан таң ататын.
Ойхой,шіркін! Қайда қалды-ау,сол бір шақ?
Дариға дәуреннің қызығына бататын.
Бұлбұлдай ұшты бәрі бүгін көзімнен,
Әттең кейде, айырылып қалам төзімнен.
Сағыныштан өледі-ау деп бір шайыр,
Айнаға қарап қорқам ылғи өзімнен?!!