Адам қарады: 434 | Жарияланды: 2019-09-15 06:51:30

Торытөбел

Торытөбел жүйрік болды сылаң қаққан,

Әкем марқұм, тай кезінен сылап баққан.

Аламанға үкілеп сан әкелгенде,

Батыраштар оқты көзбен сынап атқан.

 

Жануардың тұрқы бөлек дөңгеленген,

Құйрығы шарт түйіліп күлтеленген.

Босаса тізгін, оқтай тұр атылғалы,

Көп үміт күтетін ел Тортөбелден.

 

Сүзе тартып, ауыздығын қарш шайнаған,

Бөкен қабақ, бота көзі жайнаған.

Топты көрсе тұяқ түбі дүбірлеп,

Қиқу салса, намыс оты қайнаған.

 

Қабылан бас, қаз мойын, жібек жалым,

Құйғытамын құба жонда желмен сағым.

Өтті дәурен, қамшының сабындай-ақ,

Орала ма енді қайтып сол бір шағым?!

 

Шаршамайтын сен туралы ел аңыздан,

Айналдым қанатым бар жел қабыздан.

Қаз омырау, қасқыр төс қайран тұлпар,

Шаршы топта тебінгіден тер ағызған.

 

Баптағанбыз таң асырып күтіп ерен,

Ал анамыз ақ байлап үкілеген.

Тортөбелім төсін сызып көсілгенде,

Көзін сүртем әкемнің шытыменен.

 

Сағағы кең, салпы ерін,талыс танау,

Қара үзіп көрінуші ек алыстан-ау.

Күн салып, дүйім жұртым қарап тұрса,

Торы келед, томардай ұл жабысқан-ау.

 

Жез тұяғым, қара жер шаңын қаққан,

Көмбе бұзып көңілдің шамын жаққан.

Алдына қара салмас пырағым-ай,

Жанарыңнан сыр ұғам жалын атқан.

 

PS:

Туған жерде кіндіктен тамған қаным,

Туған жерде Тортөбелмен жанған бағым.

Пай-пай дәурен, өтті ғой оралмастан,

Мына өмірдің кеш сездім жалған барын.

 

Бас сүйек тұр басында өскен талдың,

Қабыры жатыр қасында көшкен шалдың.

...Қу тіземді құшақтап жылап алып,

Жырмен жағам жарығын өшкен шамның!!!

 

Қазақ тілінде жазылған