Адам қарады: 5607 | Жарияланды: 2020-03-19 16:00:16

Балалық шаққа саяхат

Кіріспе орнына

Әр адам үшін жүрегінде ыстық орын алатын ең қызық, әрі хиқаяға толы кезең, әрине, балалық шақ болып табылады. Тек бала кезде ғана, сен, қалтаңа жапырақтарды толтырып алып бай боласың, тек балалық шақта ғана, сен, түрлі фантиктерді жинап дүкен ашасың, тек балалық шақта ғана, сен, балшық пен тас аралас бәліштер дайындап нағыз аспаз боласың. Ең бастысы тек балалық шақтың естеліктерінде ғана сен келмеске кеткен жандармен қайта қауышып, сағынышыңды бір басып қаласың.

Әттең, сол кезде бұл шақтың бар құндылығын толық қанды түсіне алмағаның ғана өкінішті-ақ. Тез өскің келіп тұрады, сөрелерде толып тұрған кәмпит пен тәттілерге қарап «Қап, бәлем, өсіп алайын, сені армансыз жей берем», деп аузыңа шұбырған сілекейіңді жұтып қойып, қиялдай кетесің, сондағы бар арманың анаң күштеп жегізетін тамақтардың орнына таң атқаннан кешке дейін шектеусіз кәмпит жеу болатын. Онда да анау-мынау «карамель» емес, тек қонаққа барғанда, я болмаса мейрамдарда бірен-сараң аузыңа түсіп қалатын «гриляж». Туф, сол кәмпиттің дәмін әлі де ұмытар емеспін. Қоңыр қағазға оралған жылтыр өрнектермен оюланған  кәмпитті ашып аузыңа сала кетсең болды, тістеп жемей сыртындағы шоколады ерігенше тамсанасың, содан кейін қант пен жаңғақты қытырлатып тістеп, жаның бақытқа бір малынатыны бар. Ер жете келе сол кәмпитті қанша жесем де, сол кездегідей болмайды. Білмеймін, құрамы өзгерген ба, жоқ қол жетімді болып кеткеннен бе, білмеймін, тек сол шақтағы «гриляж» кәмпиттің сиқыры басқаша еді.

Балалық шақты еске алсам, ең алдымен еске түсетіні бақалар мен үйректер, тауықтар мен қоян «Машка» және де менің ең жақын құрбым Лена. Ал енді бәрін бірітіндеп түсіндірейін.

Танысу

Көрші үйге алыстан немересі келді деген жаңалық маған түсте құлағыма келіп жетті. Анамның айтуы бойынша, Омбы деген қаладан жаздық демалысқа атасы мен апасына қолқанат болуға келіпті. Шайымды тез-тез ішіп, мен асыға көшеге қарай бет алдым.  Шарбақтың сыртына шығып, көршілерге қандай сылтаумен кірсем екен деп біраз ойланып тұрдым. Сәлден соң, бар білетін орысшамды жинап тұз сұрап кірем, деп ойладым. Алыстан келген қонақты көремін деп, баба Валяның қабаған иті туралы мүлдем ұмытып кетіппін. 

  • Баба Валя,- деп айқайлап көрші шарбақтың есігін ашып, аттап келе жатып, тұздың орысшасын ұмытып,- эта, бабушка тузи просит, - деп кіре қалғаным сол еді, Таймас «арс» етіп атып шықты. Жаным көзіме көрінгені сонша екі үйдің ортасында тұрған шарбақтан қалай секіре кеткенімді өзімде сезбей қалдым. Ең қызығы секіруін секірсем де, шыт көйлегімнің жағасы ілініп мен марианеткалар құсап іліндім де қалдым. Өзім арық, бойым ұзын, шашым қысқа қиылған еді. Сырттан қарасан бейне бір ағаштан ойылып жасалған қуыршақ секілді көрінгенім рас. Не істерімді білмей айғайға баса жөнелдім. Шіркін дауысты айтсайшы. Менің айғайымды осы жақын километр шамасындағы радиуста естімеген адам қалмаған шығар.
  • Аааааааааааааааааааааааааа,ааааааааааа-пааааааа,ааааааааа-паааааааааааа, ик,-деп арасында ықылық атып қойып, көзімді тас жұмып дауыстай бердім. Менің бұл операма алдымен көрермен боп далада ойнап жүрген кіші інім Болат жетіп келді. Өзі томпақ, бауырсақ секілді, сап-сары баланы сырттан қарасаң бейне бір періште дерсің, алайда менің таяқ жеуімнің ең басты себепкері, әрқашан осы сары балапан болатын. Апам екеуімізді ағаш қорадан отын әкелуге жіберсе болды, мен бұл кішкентай бұзықтан бірінші үйден атып шығып, жұмысты тез тындыруға тырысатынмын. Әйтпесе, бұл қаскөй, 3-те болсада, нағыз тапқыш айлакердің өзі еді. Менімен ілесіп ағаш жинаған сынай танытады да, менің көзім шалынған уақытта жанқалы таяқпен арқамнан сарт еткізіп ұрып, бар күшімен қашатыны бар. Ол, ол ма? Бұл айлакер сол мезетте қылмыстық қаруын тастай сала «апалап» жүгіріп, бар бәлені маған жауып, ақыры анамнан таяқты мен жейтінмін. Әрине, онда тұрған дәнеме жоқ десеңіздер, бұл менің кішкентай «періште інімнің» тек бастапқы ғана қулықтары. Алда әлі талай қызықты айта жатармын. Теледидар жүргізушісі секілді менде сіздерге, «арнамыздан ажырамаңыздар» деп, әңгімемді жалғастырайын.
  • Ей, Бохай, саған не болды, - деп қолындағы бауырсақты тістеп қойып бауырым менің концертімді тамашалап тұр.
  • Аааааа,- деп мен көзімді бір ашып-жұмдымда айғайлай бердім. Шарбақтың арғы бетінде Таймаста менен қалыспай үре берді. Біздің бұл дуэтіміз ақыры екі жақтанда адамдарды жинады. Апам бойы аласа келген арықша адам еді, басынан ақ орамалын тастамайтын.
  • Балам сен онда қайдан шығып алдың? Қарғам-ау, анаңда осы жана ғана үйден шығып кетті. Әлгі үлкен жүгірмектерде де жоқ, не істесем екен? Қап, балалығың құрғұр-ай,- деп санын бір соқты да, аяғымнан ұстап демеп тұра кетті.
  • Что случилось? Ай-ай-ай, как тебя угораздило то? Сулу, ты не беспокойся, сейчас деда позову.
  • Беспокойся, беспокойся, Валяжан, шақыр Саняны, шақыр шалыңды! Мына бала құлап жарақаттанбай тұрғанда,-деп апам менің аяқтарымды иықтарымен тіреп тұрды.

Осы уақытқа дейін құр айғайға басып тұрған мен, апамды көре сала енді жаным шығып, көңілім босап, жылап жібердім. Апам болса жұбатып, «Бісімілләсін» айтып мені жұбатуда. Дәл осындай трагикомедиялық эпизодта, біздің басты кейіпкер, яғни мен, Ленамен алғаш танысам.

- Чо ты орешь? Больно что ли,-деп орысшалаған шәңкілдек дауыс менің соломды тоқтатып, жалт қарауға негіз берді. Шарбақтардың арасындағы саңлаулардан көк гүлді шыт көйлек киген толық, бойы аласалау келген, шашы сап-сары, екіге бөліп өрілген, көзі көк қыз маған қызыға қарап тұр. Қолында дәу алма. Арасында соны тістеп қытырлатып тамсана жеп тұр.

- Неее-ет, - деп кекештеніп, бар білген орысшамды жинап, - просто пою, -деп жауап бердім. Ұялғанымнан жылағанды да ұмытып кеттім.

- Мммм, интересно, я –Лена, а тебя как завут?

- Баха.

Осылай менің Ленамен алғаш танысуым өтті. Әрі қарай не айтам. Дед Саня келіп мені түсіріп алды да, хикаяның бар қызық сәті осымен аяқталды. Трагикомедиялық оқиғаның комедиясы бітіп, жыртық көйлек пен жаңқаға сырылған аяқтың трагедиясын анам кешке күштілеп тұрып көрсеткені бар ма.

Туған күн

Кенже інім Болаттың туған күні шыжыған шілденің басында еді. Лена екеуіміз әдеттегідей теледидардан көрген қызықтарды ұмытпайтынбыз. Сондықтан да Болаттың туған күнін Ленаның сөзімен айтсам «с размахом» атап өтпек болдық. Сонымен  біздің дүбірлі тойды атап өту үшін, Лена екеуіміз бар жиған-терген тиындарымызды санап, базарға қарай бет алдық. Анамсыз артық аяқ басып көрмеген мен досымнан бір елі қалмадым. Екеуіміз сырттан қарасаң, бейне бір мултиктен шыққан кейіпкерлердейміз. Ол – аласа келген, сары томпақ болса, мен – ұзын бойлы, арық болатынмын. Екеуімізді барлығы «баурсақ» пен «ши бауырсақ» деп мазақтайтын.

Ал, досым екеуіміз базарға жеткенше, мен сіздерді бүгінгі әңгіменің бас себепкері, яғни туған күн иесі – Болатпен таныстырып өтейін. Сары домалақ бауырым қысы-жазы жасыл бешпетін шешпейтін. Ол анау-мынау емес, біздің заманда дефицит болып саналатын, плюш матадан тігілген болатын. Апам өз қолымен тігіп берген. Оның  тігілуінің басты себебі, бауырымның соғыс туралы киноларды көп көріп, жауынгерлердің жасыл гимнастеркасына қызығып тіккізген болатын. Бірақ бұл бешпеттің басты ерекшелігі, ол алдына толтырып тігілген түрлі-түсті түймелерінде болатын. Болатжанның сенімі бойынша, батырлардың басты ерлік белгісі медальдар мен ордендер екен. Сондықтанда апама екі күн бойы қақсап, ақыры айлакер әжемнің ойлап тапқаны, үйдегі темір қорапшаның ішіндегі бар түймені тізіп тігіп берген болатын. Кішкентай бұзық бар түймені кеудесіндегі «өғден» деп атап елге мақтанатын. Тіпті ол олма, барлық көрші әлі көрмеді деп, сол бешпетті киген екінші күннен бастап, көшеге қарайтын шарбаққа мініп алып мақтанатынды шығарды. Кішкентай сотқардың өзін батыр санап  «өғдендеріне» мақтанғанын қызық көрген үлкен-кішілі, енді оған ерекше құрмет көрсетіп үлкен кісілерше қолын алып амандасатынды шығарды. Бауырым болса бұл рөлге тез үйреніп алды. Кешке қарай көшеге шыққан қыз –жігітті де қарап отыратын. Ағаларымыздың достары өтіп бара жатса, болды:

  • Ассалаумағалейкум, кішкентай батыр, - деп жүгіріп келетін бозбалаларға, Болат маңғаздана қарап, асықпай қолын беріп, томпиған екі бетінен көрінбей қалған, кішкентай көздерін одан сайын сығырайтып, бауырым:
  • Уағалейкум, кіммен жүрсін? Қызың ба?
  • Иә. Чо, қалай ұнай ма?
  • Пойдет,-деп ернін бір жаққа шүйіріп өзінше болатын.

Міне, бұл үш жасар інімнің балалық қылықтарының бірі. Бірақ, Болат жайлы айтсам, оның жан досы қара ит Ақтөс туралы айтпауға мүмкін емес. Себебі, екеуі бір нанды бөліп жейтін айырылмас достар еді. Ақтөс біздің үйге Болаттың 9 айында күшік кезінде әкелінген болатын. Бізден үш үй кейін тұратын Ұйғыр атаның Найда атты итінің күшігі. Көзін енді ашқан кішкене қара сәби жануарды әкем бөтелкемен тамақтандыратын. Сарайдан шығармайтын. Себебі, Найда 1 апта бойы күшігін іздеп, шарбақтың сыртында таңнан кешке дейін біздің үйді аңдып жүрді. Қанша қусақта кетпеді. Ит болса да, ана жүрегі жібермеді,  тек апта соңында кетпейтінін білген соң сарайдан шығарып Ақтөсті көрсеттік. Найда баласының саулығын көрді ма, әлде бір аптаның ішінде біздің үйдің иісі сіңіп кеткен соң ба, білмеймін, күшікке жақынадамады да, шарбақтан шығып кетті де, қайтып келмеді. Екі апта сарайда жылы төсемеде жатып, сүтке тойған Ақтөс томпиған қара күшік болып шыға келді. Ойынға бір тоймайтын, бәріненде бөтелкемен сүт ішкенді қатты жақсы көретін. Бір күні сарайдан шығып, ойнап жүрген күшікті тамашалап тұрған  Болат бір мезетте шыр ете қалды. Жылғаны сонша не болғанын түсінбей қалдық. Сөйтсе, ойнап жүрген күшікке ағам бөтелкемен сүт бермек болған екен. Болат болса, өзінің бөтелкесі екен деп күшік емген сайын шырылдай жөнеледі екен. Қанша өзінін бөтелкесін әкеліп көрсетсек те, қоймады. Бір қызығы, Ақтөс бауырымның бұл қылығынан кейін, бөтелкемен ішуін мүлде қойды. 

            Туған күн иесімен таныс болсаңыздар, енді, бас кейіпкерлер яғни Лена екеуімізбен бірге базарға жүріңіздер. Үлкендерсіз бір елі сыртқа шығып көрмеген мен қолымдағы елу теңгемді алақаныма қатты қысып келем. Лена болса аузы жабылмай әңгіме айтып келеді. Мен шала орысша сойлесем, ол шала қазақша сөйлейді. Сөйтіп екі шала әңгіме айтып келеміз. Базардың жолында үлкен мектеп бартын, сонын жанына келгенде Лена:

-О, Баха, кара барбарис, - деп бұтақтарда өсіп тұрған қызыл ұсақ жемістерді жұлып алып, иіскей жөнелді. Мен болсам:

-Туу, Лена это жаман ғой.

- Нет, Баха ни жаман, на понюхай, - деп маған қолындағы бір уыс қызыл моншақтай жемісті созды. Мұрнымды қанша шүйірсем де, досымның көңілін қалдырмайын деп иіскесем, газдалған қызыл лимондтың дәмі аузыма келді.

- Мә, Лена мынау лимонад қой.

- Говорила же Баха, ни жаман. Давай соберем.

- Не үшін?

- Соберем, потом Баба Валя нам лимонад сварит. Акша экономить будем.

- Мынау кишкентай ағаштан көп жинай алмаймыз. Мен алдында мамаммен қалалық баққа барғанмын, сонда мынандай бирбарисің көөөөөп,- деп қолымды жан-жаққа сермеп көрсете жөнелдім.

- А, сен, дорогу білесің?

- Иә, -дедім де алға қарай жүгіре кеттім. Негізі менің даңдайсыған себебім, әрқашан Ленадан мен сұрап жүретінмін. Ол өзі шетінен білгіш. Маған бәрін сол үйрететін. Ал, дәл қазіргі уақытта мен өзімнің одан бір нәрсе артық білетініме қатты қуанып, жол сілтегіш болып алда жүгіріп келемін. Мектептің сол жағындағы жолда базар болса, оң жағында бақ еді. Мен жолдан тез өтіп, жасыл желек мекеніне бет алдым. Лена артымнан ентігіп еріп келеді. Екеуімізде үн жоқ. Бір жаңалық ашқан ғалымдар әрмен қалсын. Біздің арқамызда өскен қанаттар одан бетер шығар. Барбарисі бар ағаштар бақтың ортасында өсетін. Негізі бұл саябаққа осы уақытқа дейін екі-үш рет қана келген болатынмын. Оның өзінде де тек анаммен. Адасып қаламын деген ой менде дәл осы уақытта болмады. Сірә, балалық болар. Бірақ, бұл аңғалдығым үшін әлі алда өкінетін боламын. Тек қазір емес. Ленажан екеуіміз жүгіре бақ ортасына тез жетіп келдікте ұсақ жемістерді жинай кеттік. Ең қызығы қолда бұл табысымызды салатын зат жоқ екен. Екеуіміз ойлана келе, бар жиған-тергенімізді қалтамызға салдық. Күн шыжып тұр. Бір кезде досым екеуіміз шөлдей бастадық та шығатын жол қарастырдық. Қайда барсақта, айналып бір жерге келе береміз. Түс ауған шақта, ыстықта далаға апам айтпақша «Ел итін шығармайтын»  кезде, әрине ешкім жоқ болатын. Сондықтанда Лена екеуіміз амалсыздан бода-бода жылап, орындықта біраз отырық. Содан кейін, көңіліміз біраз бөлінсін деп тыңшылар ойынын ойнауға кірістік. Сондағы тапқан табысымыз екі түйме. Білесіздер ме, достар. Біздің шын достық осы сәтте нағыз шынайы қалпын осы уақытта алған сияқты. Себебі біз, қиындықпен табылған, мен көк  гүлді түймемді, ал Лена болса, сары ақ домалақ түймесін бір-бірімізге ойдан құраған  «Мәңгілік достық» ұранын айтып, сыйлап, алақанымызға түкіріп, қол алысып, соңына дейін бір-бірімізді тастамауға ант берген болатынбыз. Осылай біздің саябақтағы серуеніміз шым-шытырық оқиға болып,  ақыр соңында өтіп бара жатқан бір апай бізді көріп, бас қақпаға дейін шығарып салды. Шынын айтсам, туған күн туралы екеуіміз мүлдем ұмытып кетіппіз. Үйге екеуіміз бет-аузымыз қап-қара, көйлектеріміз алапес қызыл даққа толы, кір-қожалақ болып қайтып келдік. Осылай Болаттың туған күні, ақыры Лена мен Баханың хикаясымен аяқталды.

 

Сары домалақ

            Кешегі менің серуенімнен кейін, анам шарбақтан бір елі аттап баспауымды апама қатаң қадағалауды бұйырды. Бір сөзбен айтқанда үйқамақ. Лена болса, оған жақсы, апалары көлге алып кетіпті. Кешегі сертімізді ол бұзсада, мен бұзбаспын деп,  үйдегі қызыл жібек жіптен мойныма алқа жасап, сары ақ түймені байлап алдым. Көрсін Лена келген соң, мен қандай уәдеге берік адам екенімді деп көйлегімнің сыртына шығарып ұзын етіп тағып алдым. Апам үнсіз. Мені немен алдандыратынын білмейді. Мен болсам бұртиған қалпы аулаға шығып әрі-бері жүрдім. Өшімді кімнен аларымды білмедім. Тауық қораға барып, әтештің артынан бір қусам, одан зерігіп, үйректерді арыққа шығарып оларға балшықтан бомаба жасап атқылап біраз ойнадым. Апам менің бұл қылығымды құптамай, ақыр соңы, үйге кіргізіп қойды. Содан кейін ісім сол кісіні аңдумен болдым. Қазір есіме алсам әжем өте таза кісі еді. Таң атысымен кеш батқанға дейін үйді айнадай жылтыратып отыратын. Жер үй болсада, шашылған қоқым таппасың. Ең бірінші апамның ісі күнделікті пешті әктеу болатын. Сонда қанша от жақсақ та, ошақ қасы таза болатын. Үйге келген қонақтарда әрқашан таң қалатын.

- Үйдің тазалығы, ошақтан басталады, балам,-деп мені үйретіп отыратын. Апам хат танымасада, бес уақыт намазы мен дәреті әрқашан түзу болатын. Кішкентай кезімде намаз оқығанын қызық көріп, иілген сайын арқасына мініп еркелейтінмін, сонда да кет деп мені итеріп, иә болмаса, күнделікті парызын тастаған емес. Тек оқып біткен соң, жәймен түсіндіруге тырысатын. Өсе келе түсіндім. Апам жасы үлкен кісі болса да, мінезі жас баладай еді. Әр затқа тез сеніп қалатын, ал менің бүгінгі аңдыған ісім анамның түскі асқа келуінен басталды.

- А, Әлияжан келдің ба, - деп апам үйге кірген анама бір қарады да шәйнекті отқа қойып қызыдыра бастады. Түскі асты ортаға салып, анам қол жуып келгенше үстелді тағамдармен жайната жөнелді.

- Мынау бала не істеді, анашым, сізді мазаламады ма? – деп анам үстелге отыра бере қабағын шытып маған бір қарады.

- Жоқ, күні бойы қолына кітабын алып, әңгіме-дастан оқыды, - деп менің сотқарлықтарымды апам айтпады.

- Жә, онда жақсы болған екен. Құлыным, анау тұрған сөмкемді алып берші, - деп анам маған жылы шырай таныта бастады,- Үлкен жүгірмектер қайда?

- Бақытбек пен Бақытжан көкеңнің үйіне кетті. Оларға шөп әкеліпті ерте, соны түсірісіде. Болат болса қалыспады, солармен ілесе кетті.

- Е, олары жөн болған екен, - деді анам сөмкесінен үстелге бұрын-соңды көрмеген сап-сары, қызғылт домалақ жеміске толы пакетті қоя салды.

- Мәәәә, мынау не? Апа, маған берші?-деп аш балаша пакетті құшақтай жөнелдім.

- Бұл мандарин дей ма? Сондай бір жеміс екен. Дүкенге таңмен бір партиясын толтырып әкелді. Басында менсінбей жоламай жүрсем, орыстар талап алып жатыр. Тіпті екеуі осы үшін сөзге келіп қалды.  Жұмыстағы Олядан сұрасам «Аня, это же мандарины они знаешь какие полезные, вкусные», деді. Содан менде елден қалыспай бір пакетін құшақтай келдім,- деді.

- Е,  сары домалақ десейш. Ә, шынымен жақсы дүние-ау деймін,иісінің өзі керемет мұрынды жарып барады. Қой, біреуін ашып жеп көрейік те, кілет үйге қоя салайын. Апта соңында ауылдан ағаларың келгенде үстелге жарқыратып қоямыз, - деп апам бір сары домалақты алып шықты да, қалғанын асықпай, кілет үйде тұрған жаңа самаурынның ішіне салып қойды.

Мен болсам анамды жағалаудамын. Не де болса дәмін бір көретін дүние ғой. Ертерек  жеп алмасам аға-бауырларым келсе, маған жетпес деп, үйдегілерді алдаусырата бастадым.

-Маматай, сыртымен жей ма, жуып келейін ба?

- Жоқ, балам ашып жейді екенсің, қабығын тастамау керек екен, кептіріп қойсаң, кейін шайға қосып ішсең жақсы болады деді Оля. Тамағыңды іш енді, аңдымай.  Қазір ашып, бәріңе бөліп қоямын, - деп анам сары домалақты тазалап үйдегілерге бір-бір тілімнен бөліп қойды. Мен болсам асығып көжемді іштімде, мандариннің бір тілімін алдыма қойып жан-жақты зерттей бастадым. Өзі жарты ай секілді, иісі керемет, дүние екен. Не болса да дәмін көрейін деп, бір тістеп қалып едім, сулы, шырынды жеміс екен. Әрине кішкене бөлікке тоймадым да, бір айла ойлап таптым. Ісім оңға басса, саған армансыз бір  тоярмын деп іштей түйіп, үстелден атып тұрдым. Жоспарым іске асу үшін анамның жұмысқа кететін уақытын тосып жүрдім. Бір шетінен апама өзімше қолқанат болып, үстел жиысып, жылы суды тегешке құйып ыдыс жудым. Апам дән риза.

- А, балам жарайсың. Қой, енді демалайық. Күн шыжып кетті. Бәрі келгенше бір мызғып алайық, - деп апам төр көрпелерді төсеп жантаяа бастады. Маған да керегі осы еді.

- Апау, менде шаршадым ертегі айтшы, - деп қарт әжемнің қойнына кіре кеттім.

- Әй,  балам мен бүгін шаршадым. Кешке айтайын, жата ғой құлыным, - деп маңдайымнан иіскеді де, мені жас балаша әлдилеп ұйықтатуғы кірісті.

- Еркем, еркем, еркем-ай,

Еркелеген еркем-ай.

Ерекелеген еркемді,

Еркелетсем екен-ай,

 

Бір ағашта екі алма,

Менде алмайын, сенде алма.

Ауылда той болғанда,

Мен барғанда, сен қалма.

 

Қара костюм жараспас,

Кие білмегенге.

Асыл сөздер қор болар,

Сүйе білмегенге-ай,- деп әнін айтып апам өзі ұйықтап қалды. Қап, бәлем, маған керегі де осы еді.

-Апау, ұйықтап жатырсың ба? – десем үн жоқ. Жаймен ғана комзолының қалтасынан  сипалап, «еркемайлап», апатайымды әлдилеп, әндетіп, кілет үйдің кілтін алдым. Адымдап барып тыныш қана, тышқандарша жорғалап барып, кіре берістегі қойма бөлменің есігін ашып, самаурынның ішінен сары домалақты ашып, армансыз бір тойғаным бар. Әрине, бәрін бір күнде жей алмадым. Сондықтан да, жоспарымды төрт күнге созып, соңғы күні жеп отырсам, апам оянып, қасыма келіпті.

- Тәтті ма, қарағым?

- МҺм,- деп жеп отырмын.

- Әлияжан көп әкелген сияқты еді, кеше ашсам екеу қапты. Тышқан құрғұрлар жеп қойған ғой, - деп аңқау апам басымнан сипап кете берді.

Қазақ тілінде жазылған