Ықылық, кекірік және...
Үшеудің басы қосылса, ортаға ғайыптан тайып бір шишаның шиыршық атып келе қалуы заңдылыққа айналғалы қашан. Қазекеңнің қанына өтіп сүйгіне сіңбесе де, ет пен терісіне сіңген. Атасынан қалмаған ас болмаса да өкірең өктемдігін көп жылдар көлдей жүргізген көршіден қалған «сый-сияпат».
Көкмойынды кертіп ашып көлбей құйылған қырлы үремкені үкілей соғыстырып кеңірдек асырып жіберді де, үшеудің екеуі екіленіп әңгіме қозғады.
— Өз басым өзек жырта өзеуреп әңгіме соғатындарды ұнатпаймын. Неге екенін, ондайдың ойсыз, құнсыз, мылжың әңгімесі айтыла бастаса болды, ықылық атып ырқымнан айырылам да қаламын. Қоймайды дейсің, су іш, желкелет, бәрібір. Ананың айызын қандыра айтқан әңгүдік әңгімесі үдеген сайын, менің ықылығым өршіп-үдеп дем бітуге тақап қалады.
— Ойпыр-ай-ә, сен де бар бұл қырсық мені де меңдеген. Өсек, өтірік, өгей сөз айтылған жерде қандай қырсық шалатынын — кекіріп кергимін де қаламын. Үсті-үстіне үдеп, жанымдағылардың мардымсыз, мағынасыз миғұла әңгімелері айтылған сайын кекірігім кердең атып, жүрек айнып құсып та алатын кезім болады. Бұл пәлекет ылғи да солай, қырсық емес қырын келген ауру ма деп қаламын.
— Аурудан айығасың, ал менікі әдетке айналғанына көзім жетті. Кезіге қалдым дейін, кезіккенім салиқалы да салмақты, мәселен осы өзіміз айтып отырған әңгіме секілді сөз айтылса — ықылығымның ызыңы да білінбейді. Ал сөз бұзылып, ырбың-жырбың, ыңырақайға ауысты бітті, ыңқыл ықылықтың тығыны тарс кетті дей бер.
— Қазір заман өзгерді, еркек басымызбен отбасы, ошақ қасындағы қатын-қалаштың әңгімесін айтатын болдық.
— Қызыл кеңірдек болып саясат «сарайынан» сайрай
жөнелетінімізді қайтесің. Мәнісін білмей, байыбына бармай
байбалам сала бәйек болатынымызды айтсаңшы.
— Өз қотырымызды қоя қойып, шет елдің «шеңгеліне» қол салатындар да бар.
— Ойпыр-ой, ондайлар қызыл кеңірдек боп опырыла қотарылғанда өз басым ықылығымның ышқынғанынан ауа жетпей қылғынып, көмекке көксау жөтелімді қосып аман қаламын.
— Ең аяғы үйде бала-шаға, әсіресе әпербақан әйел ардың-гүрдің болғанда кекірігім үйреніп үйреншікті болғандікі ме — бір қалпынан танбай кергіп отырады. Онымды әйелім тоқшылыққа балап тоқмейілсиді.
— Қызметте қиын, әсіресе жетісіне бір өтетін лездемеде кім сөйлемейді, не айтылмайды... Менің құлақ үйреніп мәнісі кеткен ықылығым бұнда үйреншікті ауру, жазылмас кесел болып сіңісіп кеткен.
— Кейінгі кезде қайын атам мен енемнің алдында кекіріп кесірлі болып бордай тозатын болып жүрмін.
— Мені тіптен қара басатын боп жүр. Теледидардан жаппай жайлаған жасампаздықты көріп отырып талай рет ықылығыма шашалып, кетіп қала жаздағаным бар.
— Мен де қазір қазит оқып, радио тыңдаудан қалдым.
— Әбеке, сәл сабыр, мұрның иіс сезе ме, бірнәрсе мүңкіп кеткендей...
— Е, иә, атаңанәлет танауды жарып барады, ішінде ит өлгеннің бүлдіргеніндей-ә!?.
...Осы сәт бағанадан бұл екеуінің «салихалы» әңгімесін «ықыласпен» тыңдап отырған үшінші:
— Мен кейбіреулердің кердең де көкезу әңгімелерін тыңдаған кезде ішім жүнжіп, ішірткі ішкеннен әрменге кетіп, іш-құсамды ұстай алмайтын кеселге тап болғанмын... — деп ағынан жарылды.