Зейнолла ишан
Тарихи драма
Қатысушылар:
Зайнулла Расулев – (Зайнулла бин Хабибулла бин Расули) (1833-1917) қазақ даласымен іргелес Троицк қаласында «Расуля» медіресесінің негізін қалаған көрнекті дін қайраткері.
Ғатаулла - ишан
Ақмолла - ақын
Мәмбет молда
Нияз молда
Татар көпесі
Тергеуші
Ахмет – қазақ ағартушысы, Алаш қайраткері
Бәдірисафа – Ахметтің жұбайы
Махбубаямал – Зайнолла ишанның жұбайы
Медіресе шәкірттері
Ескерту:
Пьесада башқұрт жазушысы Лира Ахмат-Якшибаеваның «Зайнулла ишан» («Ақиқатқа апарар жол» (1 бөлім) және «Ақиқаттан мәңгілікке» (11 бөлім) (Уфа, «Кітап» баспасы, 2019 және 2018 ж.) кітаптарының материалдары пайдаланылды.
Бірінші көрініс
Сахна сыртында медіресе шәкірттері. Дұға оқылғаны микрофон арқылы естіледі.
Бірінші шәкірт.
Біз бүгін ұлы ұстазымыз Зайнола хазіретті есімізге алып, аруағына дұға бағыштадық.Иманды болсын! Жаны жәннатта болсын!
Екінші шәкірт.
Ол кісі барлық уағыздарында қарапайым және адал өмір сүруге шақырған екен.Кедей-кепшікке қарасуды, ауру-сырқауларға қамқорлық жасауды, жетім-жесірлерге қол ұшын беруді насихаттаған.
Бірінші шәкірт.
Ол өз ісімен де жұртқа үлгі болған.Елден келген қайыр, садақалардың барлығын дерлік медіресе қажетіне және кедей отбасылардан шыққан шәкірттерді оқытуға жұмсаған.
Екінші шәкірт.
Ол өз халқының рухани көсемі болды.
Сондай мейірбан кісіге қалай ғана жала жапты екен?!
Бірінші шәкірт.
Оны еске түсіруді артығы жоқ.
Сахна шымылдығы сырғып ашылады.
Мәмбет молда.
Құрметті дін ислам жақтаушылары. Қадірлі молдалар! Біздің бүгінгі бас қосуымызда талқыланатын үлкен мәселе – ежелгі қалыптасқан діни оқуымызға қарсы шығып отырған Зейнолла Расуловтың іс-әрекеті.Жұма намазда ол басқарып отырған мешітке адамдар сыймай кетеді.Мұсылмандардың біразы мешіттің сыртында отырып уағыз таңдайды.
Дауыс.
Ол жақсы емес пе?
Мәмбет молда.
Жамағаттың көп жиналғаны дұрыс, әрине! Алайда, мәселе оның уағыздарында, Ол зікірді дауыстап айтуды ұсынатын көрінеді. Мәулітті мерекелеу, әрбір мұсылман міндетті түрді таспиықты өзімен бірге алып жүру секілді шарттар қояды екен. Ал медіреседе «жаңа әдістің» мұсылман оқуына қолданылуының мүлде қате екенін жақсы білесіздер.
Нияз молда.
Бұл бағытты жақтаушылар басбұзарлар, Ислам дінінен кері кетушілер.
Мәмбет молда.
Сол себепті Орынбордағы мұсылмандар рухани жиналысына мүфтидің атына хат дайындадық. Бұл туралы Нияз молда айтып өтсін.
Нияз молда.
Зайнолла ишан Накшбандия қауымдастығы дәстүрін аяқасты етіп отыр. Ислам ғылымына кереғар пікірлерімен елді аздырып, үкіметке қарсы теріс пиғылды қалыптастыруға үлес қосып жүр. Оның шетелдегі сыбайластарымен де тығыз байланысы бар екенін білеміз. Халықтың едәуір бөлігінің оны қатты қолдап отырғанына алаңдаймыз, өйткені, ол Дағыстандағы Шамиль секілді Азиядағы екінші Шамиль болуы әбден мүмкін.
Мәмбет молда.
Олай болса осы хатқа қол қойыңыздар.
Жиналғандар жапырлап қол қоя бастайды. Бірнеше молда қолдарын қоймай, жиыннан шығып кетеді.
Екінші көрініс
Сахна сыртында медіресе шәкірттері
Бірінші шәкірт.
Абақтыда айдан, күннен жаңылдым,
Сарғайдым ғой, сар даламды сағындым.
«Қарашығым, құлыным!» - деп зарлаған
Алыстағы сорлы анамды сағындым.
Жатқан үйім - қабырғасы қара тас,
Жарық сәуле, жылы күнге жаны қас,
Ауыр иіс, ылғи қара көлеңке,
Ерте-кеш те, күндіз-түні арылмас.
Екінші шәкірт.
Тапал, салқын, тым қараңғы үңгір тар,
Есігімде мықты қара құлып бар.
Кіп-кішкене терезелер темірлі,
Мұндай үйден кімге естілер ащы зар!
Алтын Күнді, қара жерді сағындым,
Жан жолдасым - жүйрік желді сағындым,
Асау тайдай еркелетіп есірген
Ағайынды, туған елді сағындым.
Сахна шымылдығы сырғып ашылады.
Златоуст қаласы. Абақты. Торкөзден болмашы ғана сәуле түседі. Камерада екеу.
Зайнулла.
«Дүниеде не көрмейді ғазиз басың» дегенді қазақтардан естіп едім.
Сабыр қылайық, Ғатаулла!
Ғатаулла.
Ия, осылай болар деп кім ойлаған? Уфаға Сәлімгерей мүфти арнайы шақыртқанда да бұлай қиналмап едік.
Зайнулла.
Ондағы жаптым жала, жақтым күйеден тез аршылдық. Тіпті жиынға қатысып отырған кейбір белгілі молдалар мәселенің мәнісін білген соң жиыннан шығып кетті.
Гатаулла.
Гисмат Шагигарейге қатты риза болдым. Ол: «бұл жай күңкіл әңгіме ғой!» - деп кесіп айтты. Мүфтидің өзі ең соңында: «Жауаптарына көңілім толды. Ауылдарыңа барып, жұмыстарыңды жалғастыра беріңдер» - деді ғой.Тіпті бізден қолхат та алып қалды.
Зайнулла.
Ол рас. Бірақ, билік мүфтидің қолында емес, губернатордың құзырында ғой. Сол жолы Златоуст қаласынажетпей жатып губернатордың бұйрығымен бізді тұтқындады. Қандасымыз Дәулетшин қарақшыны қолға түсіргендей ұстады. Әрине, ол бұйрықты орындаушы ғана. Үкіметке қарсы үгіт жүргізді деген айып тағылды
Ғатаулла.
Ия, губернатордың шешімі менің қолымда бар. (Қалтасына қолын салып, қағазды алады. Дауыстап оқиды.) «Решение генерал-губернатора Оренбурга».25 сентября 1872 года. Подписано генерал-адъютантом Н.А.Крыжановским. Идругое «Решение...» – в том же году 21 декабря. В обоих документах имеются прошения об изолировании от башкир и взятии под надзор полиции и высылке из Оренбургской губернии указного муллы деревни Аккужа Beрхнеуральского уезда Зайнуллы Хабибуллина и башкира деревни Валитово Орского уезда Гатауллы Абдельмаликова за распространение нового религиозного учения».
Зайнулла.
Олардың айтып отырғаны қадымшылардың жапқан жаласына байланысты болар. Аққа Құдай жақ деген.
Адамға өсек пенен жала жаман,
Шыбында шағатұғын ара жаман.
Сөйлесе сөйлей берсін қара таған,
Қосылмас ақ маралға қара қабан.
Көтермес тура атқанды надан адам,
Ит сынды пайғамбарға абалаған.
Көнбейді ақылыңа қара надан,
Заң қуып шариғатқа қарамаған.
Осылай деп біздің досымыз Ақмолла ақын жырламап па еді?!
Ғатаулла.
Қалай тап басып айтқан?!
Зайнулла.
Қадірлі досым! Екеуміз қызық күнді де, қиын күнді де бірге өткіздік. Меккеге жаяу барған сәттер өмірі естен кетер ме?!
Ғатаулла.
Ия, ол бір көрген түстей тәтті күндер екен. Стамбулда, Мысырда, Бағдатта өткізген айлар әлі де жанымызды нұрландырып тұр емес пе?!
Зайнулла.
Біздің парызымыз Жаратқанға жалбарыну ғана емес.Біз Исламның бес парызын, шахадат, намаз, ораза, зекет және қажылықты орындауымыз шарт. Мақсатымыз - Ислам, Иман, Илхам. Сол мақсатқа жетсек – тілектің орындалғаны емес пе?! Қамықпайық!
Ғатаулла.
Әлі есімде. Сізге медіресе шәкірті Кесебай деген қазақ баласы келіп, атасының қырық күндік асына шақырды. Оның әкесі Келдебай деген кісі арнайы хат жазып жіберген екен.Хаттың сөздері жадымда жатталып қалыпты.
«Құрметті Зайнулла бин Хабибулла мырза! Сізге бір өтінішім бар. Біздің Ершібай әкеміз өлер алдында Алла алдында өз парызын – Мұхаммед Пайғамбардың отанына қажылық жасай алмағанына қатты өкінді. «Әділ мұсылман болуға тырыстым, бірде бір намазымды қаза құылмадым, кедейлерге садақа беріп тұрдым. Жалғыз арманым - Пайғамбарымыздың ізімен жүріп, қасиетті зәм-зәм суын іше алмадым... Адам күнәһар болады екен, мүмкін мен де, түсінбестіктен өз жақындарымның жандарына батып, азап келтірген шығармын. Сондықтан да бәрінен кешірім сұраймын. Менің бүкіл байлығым өзімнен кейін қалады. Енді балаларыма әділ және лайықты шейх болған хазірет менің атымнан Меккеге қажылық жасап, маған арнап «Йасин» сүресін оқыса, сонда ғана менің жаным тынышталады деп айтар едім.
Менің балам сендердің медреселеріңнің шәкірті. Ол атасының өтінішін тыңдап, сіздің адамгершілігіңіз туралы айтты. Әкеміз өте ақылды адам болған. Біз оны қатты сыйладық.Біздің өтінішімізден бас тартпаңыз.Сізді асыға күтеміз».
Зайнулла.
Шынында да сол жолы Алладан тілегеніміз қабыл болды. Қазақтың Жаппас руының ақсақалдары: «Сізді өте сыйлап, құрмет көрсетуге дайынбыз. Жаны таза, ұлағатты ұстаз, нағыз мұсылман екеніңізге көзіміз жетіп отыр. Біздің өтінішіміз бен ұсынысымызды қабыл алыңыз» - деді. Алланың қалауымен, жергілікті тұрғындардың қолдауымен бұл ұсынысты қабыл алдық.
Ғатаулла.
«Алыс сапарға жалғыз жол жүруге болмайды. Медіреседе бірге оқыған және қазіргі уақытта бірге жұмыс жасап жүрген досым Ғатаулланы жолсерік қылып алайын. Ол сіздердің жерлестеріңіз, Валитово ауылынан тумасы» деген соң маған да сол сапар бұйырды. Бір ғажабы, қазақтар барлық жолсапар шығынына жеткілікті қаржы берді.
Зайнулла.
Ия, Алла разы болсын!
Ғатаулла.
Есіңде ме, екеуміз ең алғаш медіресенің кітапханасында танысып едік қой.
Бүгінгідей көз алдымда. «Қалила мен Димна» деген кітапқа екеуміз таласып қалып, кейін жарыса оқып едік.
Зайнулла.
Онда ел билеген патшалардың мінез-құлқы, өмір сүрген ортасы, маңайында жүргендермен қарым-қатынасы, адал достық, өнегелі тәрбие, ұрпаққа өсиет айтылатын. Біздің ұстанымыз да сол кітапқа сай болды.
Ғатаулла.
«Ат жақсысы кермеде, ер жақсысы түрмеде» дейді екен. Сабыр етейік. Бұл азаптан да құтылармыз.
Сахна айналады.
Злотоуст қаласы.Тергеушінің кабинеті.
Тергеуші.
Ғатаулла Әбдімәліков екеуіңіз Үкіметке қарсы насихат жүргізіпсіздер.
Зайнулла.
Біз дін адамымыз. Мешітте Құдайға құлшылық жасаймыз. Медіреседе Ислам дінін ғана оқытпаймыз, осы заманғы пәндерді де оқытамыз.Біз тек дін қызметкерлерін ғана емес, мұсылман бастауыш мектептерінің мұғалімдерін де даярлаймыз.
Тергеуші.
Міне, менің алдымда он екі молданың жазған хаты жатыр.Олар сіздерді елге іріткі салушы, патша үкіметіне қарсы, пікірлері қисық деп айыптап отыр. Бұған не дейсіз?
Зайнулла.
Не дейін?! Қазіргі уақытта біздегі барлық мектептер де, медіреселер де тек дін уағызымен айналысады. Құранда Дін ғылымның атасы деген. Жәдит мектептері өте аз. Шын мәнісінде мектептерде заманға сай пәндер оқытылуы керек деп айтқаным рас. Арыз жазғыш молдалар: «Шын мұсылман араб дәстүрінде болуға тиіс. Оларға Еуропа білімі мен ғылымын меңгерудің еш қажеті жоқ. Өз тілінде оқытудың да қежеті шамалы. Өйткені, Құран араб тілінде түскен. Ал математика, география, тарих сынды пәндерді мектепте оқытудың қажеті жоқ дейді. Бүкіл әлем сусындап отырған ғылымнан неге бас тартуымыз керек?! Қыздарды тек Құдайға құлшылыққа үйретсе болды, қалғанын олар күйеуге шыққаннан кейін де үйреніп алады деген пікірге де қарсымын.
Тергеуші.
Сізді шариғатты терең біледі дейді. Маған мына жағдайды түсіндіріп бере аласыз ба? Сіз неге бұрынғы Ислам мектептері дәстүріне қайшы келесіз.
Зайнулла.
Өмірге заман өзгеріс әкеледі. Біз Әбу Ханиба мазхабындамыз. Нақышбанди тарихаты дегенді естуіңіз бар шығар. Аталмыш тариқаттың негізін қалаушы Қожа Мұхаммед Баһауддин Нақышбанди. Ол қуаттаған сопылық ілім Орта Азияға кең тараған. Оның көшбастаушыларының бірі Қожа Ахмет Йасауи.
Ал жадид деген сөз араб тілінен аударғанда жаңашыл деген мағынаны білдіреді. Ал бұрынғы қадымшылдық мектептердегі қадим деген сөз араб тілінде ескішіл деген ұғымда қолданылады.
Тергеуші.
Сонда ескішіл деп бұрынғы дәстүрден бас тартасыз ба?
Зайнулла.
Дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Байлардың мұраты мал жинау болса, пайғамбардың мұраты ғылым болған. Сондықтан да бізге Құдайға құлшылықпен қатар ғылым игеру аса маңызды.Білімнің маңыздылығы мұсылмандардың қасиетті кітабы Құран кәрімде де, пайғамбар хадистерінде де атап көрсетілген.
Жәдидшілдік дегеніміз тіліміз бен мәдениетімізді, әдебиетті дамытуды, пҽнделерге озық ғылымдарды үйретуді, ғылым жетістіктерін пайдалануды, әйелдердің теңдігін қолдайтын ағартушылық қозғалыс.
Тергеуші.
Сіздің шәкірттеріңіз арасында татар мен башқұрттар ғана емес, қазақтар да бар екен деп естідім.
Зайнулла.
Бар. Ақмола облысының Қызылжар уезінен Ахмет Жанталин деген шәкірт оқыды. Руы балта керей. Өте зерек шәкірт болы. Кейін өзінің туған ауылында үш жылдық орыс-қазақ мектебін ашып, оқытушы болып қызмет атқарды. Ондай шәкірттерім толып жатыр. Олардың халыққа пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ. Қазақтардың біразы біздің медіреседе оқыды. Олардың ықпалымен Тоғызақ өзені жағасындағы Ақымбай ауылында Бекет пен Нұрғали деген бай қазақтар мешіт салды. Мешіттің жанынан бастауыш білім беретін мектеп ашылды.
Тергеуші.
Шәкірттердің арасында елге танымалдары көп пе?
Зайнулла.
Қайсы бірін айтайын. Татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимов, қазақ ақыны Сұлтанмахмұт Торыайғыров, башқұрттың белгілі қаламгері Мәжит Ғафури, тағы басқалары бар.
Сырттан «Ләй-ла- ил--ла-ла, Мұхамед расулалла!» деген дауыстар естіледі. Тергеуші терезеден қарап,басын шайқайды.
Тергеуші.
Естіп тұрсыз ба? Сыртта абақтының алдында бірнеше жүз мұсылман жиналып, Құдайға жалбарынып жатыр. Олар Сіздің тілеуқорларыңыз екен.
Зайнулла.
Оларға айтыңыз. Үйлеріңе қайтсын. Далада босқа тонып қалар. Алла жар болса, абақтыдан аман-есен шығатыныма сенімдімін.Біздің мұсылман халқының төзімі мен сабыры, қанағаты діни нанымы секілді өте күшті. Тартқан азабы, көрген қасіреті үшін Жаратқан түбінде жарылқайды. Мүмкін ол күнді көре алмаспын, бірақ,ақиқаттың сәулесін бүркемелей алмайтын күн туарына кәміл сенемін.
Үшінші көрініс
Бірінші шәкірт.
Троицк щаһарының кіреберісіндегі белгітаста:
Жаратушы Құдірет! Кім бар саған тең келер?!
Зайнулла ишан жатқан жер – келушілер емделер.
Қарасындай көзінің сақта біздің қаланы,
Осы жерде мешіт пен медіресе бар бағалы - деген жазу бар.
Екінші шәкірт.
Ия, әулие, көріпкел ишанның басқан ізі осы қалада сайрап жатыр.
Бірінші шәкірт.
Сен білесің бе, Зайнолла хазіреттің кейінгі отасқан жары Махбубаямал оның босағасынан аттағанда он екі жаста екен.Оның жеті ағасы болған. Ал шешесі қыз туса, шетінеп кете берген екен. Содан әкесі енді қыз туса бойжеткен соң ишанға тұрмысқа беремін деп уәле етіпті. Ол уәдесінде тұрып қызды ищанға атастырады.
Екінші шәкірт.
Жас қызды ұстаздың анасы Малиха анамыз бауырына салған. Ол ұстазбен абақтыда сегіз жыл отырып келгеннен кейін ғана қосылған екен.
Сахна шымылдығы сырғып ашылады
Зайнолла ишан Троицк қаласында.Сыртта жүздеген кісінің дауыстары естіледі.
Дауыстар:
Қощ келдіңіз, ишан!
Аман-есен келуіңізбен, хазірет!
Келген жолыңыз баянды болсын!
Алдынан Махбубаямал шығады. Басын иіп, сәлем жасайды.
Махбубаямал.
Қош келдіңіз, мырзам!
Зайнолла.
Аман-есенсіздер ме? Сіздермен көрісуді бұйыртқан Аллаға мың алғыс.
Махбубаямал.
Сіз жалғыз келгенсіз бе? Бәйбішеңіз сізге жолығамын деп кетіп еді.
Зайнолла екі қолымен бетін сипайды.
Бисмилла-рахман-рахим! Гүлбазиға қатты сырқаттанып жүр екен. Осыдан жарты жыл бұрын абақтыға мені іздеп келді. Жүздестік. Жанымда біраз уақыт бірге болды. Бірақ, елге оралуды тағдыр жазбаған екен. Алланың жазуы солай болған шығар. Жат жерден топырақ бұйырды. Жаны жәннатта болсын.Үйге кірейік!
Сахна бұрышына прожектор сәулесі түседі.
Махбубаямал.
Ол кісі мені келініндей, жоқ, тіпті туған қызындай қарап, мәпелеп күтіп еді. Сіздің шаңыраққа он екі жасымда келдім ғой. Содан бері талай жыл өтті. Жолыңызға қарай-қарай көзім талды. Сізсіз өткен сегіз жыл сексен жылға пара-пар болды. Аллаға шүкір, өзіңізді аман-есен көргеніме разымын.
Зайнолла.
Алла жазса, енді некелесеміз, Махбубаямал. Ерін күткен әйелге жұмақтың төрі лайық. Шыдамыңа рахмет!Мен саған бір жағдайды айтайын. Алғаш қажылық сапарға барғанымда Жаратқанға жалбарынып,тілек тіледім. Сондағы бір тілегім – Алланың мейірімі түсіп, маған ұл берсе деп едім.
Махбубаямал.
Алла жазса, тілегіңіз қабыл болсын, мырзам!
Зайнолла.
Мұхамбет пайғамбар Айшаны өте жақсы көрген екен. Оның ла еріне деген ықыласы шексіз болды. Айша анамыз Пайғамбарымыздан: «Əйелдің мойнында ең алдымен кімнің ақысы тұрады?» -деп сұрағанда Мұхамбет ғалайсалам: «Күйеуінің ақысы» - деп жауап берген. Сен сол Айша ананы үлгі тұтқайсың.
Махбубаямал.
Әрине!
Төртінші көрініс
Бірінші шәкірт.
Зайнулла ұстаздың медіресесінде қазақтың ұлы ағартушысы Ахмет Байтұрсынұлының жұбайы Бәдірисафа апамыз да білім алыпты.
Екінші шәкірт.
Ол кісіні Ислам дініне қабылдаған хазіреттің өзі.
Бірінші шәкірт.
Ахмет атамыз өз еліне барғанда күтпеген сауал оның да алдынан шығыпты. Ауылдастары: «Өзіңіз қазақ бола тұра, келіншекті басқа ұлттан алуыңыз қалай?» – деп сұраса керек. Сонда Ахаң: Ол рас!
Мына отырған Александра Ивановна,
Ризамын маған оны тағдырдың қиғанына.
Бір қазақ бір кәпірді мұсылман қылса,
Татиды он қазақтың иманына, – деп жауап беріпті.
Сахна шымылдығы сырғып ашылады.
Троицк қаласы. Мұсылмандар мешіті. Зайнолла ишанның басында сәлде, қолында тасбих, жанында асатаяқ.
Есіктен Ахмет пен Бәдірисафа кіреді.
Ахмет.
Ассалаумаһалейкум, құрметті ишан!
Зайнолла.
Уаһалейкумассалам!
Қай туған боласыз?
Ахмет.
Қостанай жақтан келіп тұрмын. Ахмет Байтұрсынұлы деген қазақ мұғалімімін. Ыбырай Алтынсаринның шәкіртімін.
Зайнолла.
Бәрекелді! Алтынсаринның «Бәріміз бір адамның баласымыз, Жігіттер, бір-біріңе қарасыңыз» деген өлеңін білетін шығарсыз.
Осы медіресенің ашылуына да ұйтқы болып, қаржылай көмек көрсетіп еді. Ол болмағанда медіресе де болмас еді.Алланың нұры жаусын!
Ахмет.
Ол кісі «Мұсылманшылық тұтқасы» деген кітап жазып, оқушыларға оқытқан болатын. «Бір Құдайға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» деген ұлағатты сөзі бұл күні ұранға айналды
Құрметті хазірет!
Сізге мен әдейі Құдай қосқан қосағымды әкеліп отырмын. Бұл кісі орыстың қызы. Елдегі патша әкімшілігі өзге ұлтпен некелесуге тыйым салған соң сізге алып келдім.
Зайнолла.
Дұрыс жасағансыз.
Бірақ, ол мұсылман дінін қабылдауы керек.
Ахмет.
Сол үшін келіп тұрмыз.Ол оған дайын. Өзінен сұраңыз.
Бәдірисафа.
Ия! Тілімді кәлимаға келтіруге дайынмын.
Зайнолла.
Олай болса айтыңыз.
Бәдірисафа.
Ләй-ла- ил--ла-ла, Мұхамед расулалла!
Зайнолла.
Ахмет.Зайыбыңыздың шын есімі кім? Ол мұсылманша есім алуға қалай қарайды.
Бәдірисафа.
Келісемін.
Ахмет.
Оның есімі Бәдірисафа болсын деп алдын-ала келіскенбіз.
Әкесінің аты Мұхамедсадық.
Зайнолла.
Жақсы. Бері жақындаңыз. Әуелі азан айтып, жаңа есім берелік.
Аллаһу Әкбәр! Әшһәдү әннә Мұхәммәт рәсүлүллаһ! Хәййә ғәләс-сәләһ! Хәййә ғәләл фәләәх! Аллаһу Әкбәр! Лә иләәһә илләллаһ!
(құлағына алақанын тосып, үш мәрте айқайлайды)
Сіздің есіміңіз Бәдірисафа. Әкеңіздің есімі Мұхамедсадық.
Зайнолла.
Әбу Ханифа мазхабы бойынша екі ер кісі немесе бір ер кісінің орнына екі әйел кісінің куәлігі керек. Куәгерлер есі түзу және мұсылман болулары шарт. Ондай кісілер бар ма?
Дауыстар:
Бар!
Зайнолла.
Ендеше бастайық! Бері таман жақын келіңіздер. Куәгерлер үйленуге ниет білдірген кісілерден кейін тұрыңыздар.
Зайнолла.
Мұсылмансыз ба?
Ахмет.
Әлхаммдулилла, мұсылманмын.
Зайнолла.
Сіз ше?
Бәдірисафа.
Ия, Ислам дініндемін!
Зайнолла.
Оған дәлелдеріңіз қандай?
Екеуі қосылып:
Ләй-ла-ил-ла-ла, Мұхаммед расул Алла!
Зайнолла.
Ахмет Байтұрсынұлы, сіз Мұхамедсадыққызы Бәдірисафаны өмірлік жар қылып қабылдайсыз ба?
Ахмет.
Қабылдаймын.
Зайнолла.
Мұхамедсадыққызы Бәдірисафа, сіз Ахмет Байтұрсынұлын өмірлік жар қылып қабылдайсыз ба?
Бәдірисафа.
Қабылдаймын.
Зайнолла.
Куәгерлер, естіп тұрсыздар ма?
Куәлер:
Куәдүрміз, куәдүрміз,
Куәлікке жүрәдүрміз!
Жиналған халық қасында,
Таңда Хақтың алдына
Куәлігін бередүрміз!
Зайнолла.
Олай болса неке суын әкеліңіз.
Су әкелініп, неке қияр рәсімі жасалады.
Неке дұғасы оқылады.
Зайнолла.
Әстағфируллаһ, әстағфируллаһ, әстағфируллаһ әл-азыйм, әлләзи лә илаһә иллә һуәл хаййәл қаййумә уә әтубу иләйһ, тәубәтә абдин залиминли-нәфсиһи лә йамлику ли-нәфсиһи мәутән уәлә хайятән уә лә нушура.
Әһузу-Бисмилла айтылғаннан кейін мына дұғаны оқиды:
«Әлхамдулиллаһилләзи зәууәжәл әруаха бил әшбах уә әхалләнникахә уә харрамәссифәһ. Уәссаләту уәссәләму алә расулина Мухаммадинилләзи бәййәнәл харама уәл мубах уә алә Алиһи уә Асхабиһилләзина һум әһлуссалаһи уәлфәлах.»
Жиналғандар беттерін сипайды. Қаумалағандар ерлі-зайыптыларды құттықтайды.
Зайнолла.
Міне, енді сіздерді құдай қосқан ерлі-зайыптылар деп атай аламыз.
Құтты болсын! Ұзағынан болсын!
Неке суынан куәгерлер және сол маңайдағы кісілер ауыз тиеді.
Зайнолла.
Ал енді жортқанда жолдарыңыз болсын!
Ахмет.
Айып етпесеңіз, сізге бір өтінішім бар еді.
Зайнолла.
Айтыңыз!
Ахмет.
Бәдірисафа тілді үйренсе де дінге енді ғана келді. Сіз басқарған медіреседе бірер ай болып, ұстаздардан тәлім алса, дәріс тыңдаса деп едім.
Зайнолла.
Қарсылық жоқ. Біздің медіреседе татар, башқұрт қыздарымен қатар қазақ қыздары да бар. Солармен бірге болар.
Ахмет.
Рахмет, Хазірет!
Бесінші көрініс
Бірінші шәкірт.
Көшпелі қазақпыз ғой күрке астында,
Өнер жоқ, ұйықтаған тек көрпе астында.
Бейқам боп жата берсең қор боларсың,
Жау жоқ деп ойламаңыз бөрік астында.
Екінші шәкірт.
Жігіттер, хабардар бол заманадан,
Сиырдан артық емес надан адам.
Неге біз қор боламыз басқа жұрттан,
Біз-дағы туып-өстік ата-анадан.
Бірінші шәкірт.
Осы шумақтардың авторы Ақмолла ақын Башқұрстанның бұрынғы Белебай оязына қарасты Тоқсанбай ауылында дүниеге келген.Әкесі Мұхамедияр қазақ, анасы башқұрт қызы, өзінің азан айтып қойған есімі Мұфтахетдин. Орынбор мен Троицк маңындағы татар медресе-мектептерінде оқып, татар тілінде білім алған.
Екінші шәкірт.
Ақмолла қазақ, татар, башқұрт халықтарына ортақ ақын. Зайнолла ишанның сенімді досы болған екен. Ал ол кісіні Мияс қаласында қарақшылар өлтіріп кеткен күні хазірет жүрегін ұстап! «Аһ, Ақмолла досым қазаға ұшыраған екен» - деп қапаланған екен.
Бірінші шәкірт.
Қалай сезген десеңші?
Екінші шәкірт.
Әулие, көріпкел кісі болған ғой.
Сахна шымылдығы сырғып ашылады
Медіреседе Зайнолла мен Ақмолла екеуі шүйіркелесіп отыр.
Зайнулла.
Екеуміз көріспегелі талай уақыт өтіпті, досым! Елде не жаңалық бар?
Ақмолла.
Естігенімді айтайын ба, көргенімді айтайын ба?
Зайнулла.
Естігенің өтірік те болуы мүмкін, көргеніңді айт!
Ақмолла
Құсмұрын жеріндеҚозыбай бидің шаңырағында Дәндібай деген бимен кездесіп қалдым. Ол мені менсіне қоймай шекесінен қарап: «Е, естек ақын екенсің ғой», – деді. Бидің беліндегі жалпақ белбеуі бар екен.
«Би болмас белін жалпақ буғанменен,
Тазармас көңілі харам жуғанменен», – деп бастадым да, жанында ұйқылы-ояу отырған бір молданы көрген соң:
«Кей надан көзін жұмып құр мүлгиді,
Сопылық табылмас көз жұмғанменен», – дедім.
Зайнолла.
Тура айтыпсың. Оны кім жақсы көреді? Елге жақсаң да, болыс-билерге жақпайсың ғой.
Ақмолла.
Өзім де соның зардабын тарттым.
Сарғайдым терезеден қарай-қарай,
Зарығып шыдамайды тәтті жан-ай!
Есенгелді, Бәтішке қарсы келіп,
Ақмолла қорлық көрді талай-талай – деп өлеңдеткен кездерім болды.
Есенгелді деген бай бір жаназада маған қаратып: «Өлеңді жерде өгіз семіредіӨлімді жерде молда семіреді», – дегені бар. Мен болсам басымнан сөз асырмай: «Дұрыс айтасыз!Өлеңді жерде өгіз семіреді,Өлімді жерде молда семіреді. ал Ақмолла жоқ жерде сіздей надандардың басын ит кеміреді» – деп едім. Сол сөзден кейін бай маған жауықты.Қарабалық елінде бала оқытып жүргенімде сол Есенкелді және Бәтіш деген байлар үстімнен «солдаттан қашып жүрген башқұрт» деген арыз түсіріп, түрмеге қамалдым.
Зайнулла.
Сен қазақтарға ренжісең, менің бауырлас башқұрттарға деген өкпем қара қазандай.Маған жала жауып, абақтыға жатқызуға себепкер болған башқұрттың надан молдалары.
Ақмолла.
Қазақтан көрген жақсылығым да аз емес.Түрмеге түскен соң Құдайбергенов Иманбай деген қазақ кепілдікке екі мың сом беріп уақытша бостандық алдым. Ол көп ақша ғой. Сол кезде бір қойдың құны 25 сом болатын, Содан кейін Шыңғысханов Ғұбайдолла Жәңгірұлына өлеңмен хат жолдадым. Ғұбайдолла сұлтан мән-жайға қанығып, қол ұшын беріп, жаладан арашалап қалды.
Зайнулла.
Ал мені қажылыққа аттандырған, қаржыландырған қазақтар екенін білемісің?
Ақмолла.
Естуім бар.
Зайнулла.
Адалдар мен жомарттар да, пасықтар мен сараңдар да кез келген ұлтта бар.
Ақмолла.
Ағаш жонатын да өнерім бар екенін білесің ғой. Жітіқара деген жерде Желқуар өзені жағасында қарағайдан қиып, үш бөлмелі мектеп үйін салғыздым. Ер балалар ғана емес, қыздар арасында Ақсұлудай зерек шәкірттерім болды,Оларға Құран аяттарын жаттатумен бірге орыс, араб, парсы тілдерін үйреттім.Ақсұлу қызға арнаған өлеңім де бар:
«Ақ бетің айдын көлдің алабындай,
Шаһирдың қасын сұлу қаламындай,
Қып-қызыл екі бетін алқызыл гүл,
Талқала, Троискінің қаласындай.
Топ жарған, үкілеген жүйрігімсің,
Оқытқан шәкіртімнің арасында-ай.
Еліңнің жақсыларын бір дәріптеп,
Сайрашы сандуғаштың баласындай»,
Зайнулла.
Бәрекелді! Біз ер балалардың ғана емес, мұсылман қыздардың да көзін ашуымыз керек. Оларға лайықты білім беру керек. Қазақ даласында бұл бағытта Алтынсарин көп жұмыс атқарып жүр.
Ақмолла.
Оның жанына ылғи марқасқалар жиналған. Жақында Наушабайдың Нұржаны деген ақынмен таныстым.
«Рабымсың, ырыздықты өзің беруші,
Не халімде екенімді білуші,
Бір өзіңе зар илеген мен ғаріп,
Әрбір іске разы болып, көнуші!», – деп Аллаға мінажат қылып, имандылық туралы жырлап жүрген ақын екен. Ол Ыбырайға сүйеу болып, Қостанайда ашылған мектептерде Ислам дінін оқыту қажет екенін айтып жүр.
Зайнулла.
Ондай ақындарға қолдау жасау керек. Әйтпесе, байды мақтап, күштіні жақтап жүрген ақынсымақтар жеткілікті.
Алтыншы көрініс
Бірінші шәкірт.
Сопылық – қу дүниеден безуге, нәпсіқұмарлықтан сақтануға, Алла Тағалаға мағрифат, яғни таным немесе хақиқат жолы - тариқат арқылы құлшылық қылуды дәріптеген өмір салтымызға айналғаны мәлім.
Екінші шәкірт.
Жәдид ғылымы бастапқыда Қырым және Еділ бойындағы ханафилік мҽзһабты ұстанған түрік тілдес халықтардың арасында дүмшелік пен фанатизмге, догмаға қарсы қозғалыс болды.
Бірінші шәкірт.
1890 жылдан бастап Троицкілегі «Расулия», Уфадағы «Ғалия» медіреселерде маман мұғалімдер дайындалып, Башқұртстанда бұл жүйе толық бекітілді. Оқытушылар Стамбул мен Мысырдағы, Бақшасарай мен Қасымов қалаларындағы педагогикалық курстарды бітіріп келді. Білім берудің еуропалық стандарттары енгізілді. Орынбор өлкесінде әйелдер мектебі ашылды.
Сахна шымылдығы сырғып ашылады
Троицк қаласы. Қазанға апаратын күре жол. Жол бойында пар ат жегілген арбада екеу отыр.Зайнолла ишанның қолында асатаяқ.
Көпес.
Сізге Алла разы болсын, Хазірет! Міне, көптен күткен арманым орындалды. «Жектіріп пар ат, Қазанға қарап» - деп Ғабдолла Тоқай айтақшы, Қазанға жол түсті. Жол бойы Сіздің ұлағатты әңгімеңізді есту бір ғанибет.
Зайнулла.
Рахмет, мырза! Пар ат дегеннен шығады, байқайсыз ба, екі ат қатар жегілгенде, терте оларды ұстап тұрады, бірінен бірі озып кете алмайды.Кез келген халықтың діні мен тілі де сол секілді қатар жүруі керек. Ал тізгін бір қолда болуы тиіс. Сонда жолдан да адаспайсың, баратын жеріңе де уақытылы жетесің.
Көпес.
Құрметті хазірет! Менің Сізге қояр сауалым бар. Сіз елге сыйлы кісісіз. Өмір бойы Ислам дінін насихаттап келесіз. Қаншама мешіт, медіресе салғыздыңыз. Бірақ, не өзгерді? Халық сол қалпында қалды. Сараңдық, қулық-сұмдық жойылған жоқ.Сонда мешіттердің қандай маңызы бар?
Зайнулла.(күлімсіреп)
Сауалыңыз орынды, әпендім! Мына сіз үлкен фабриканың қожайынысыз, Сабын өндіресіз. Бұл да өте сауапты іс. Ал енді ана жол бойындағы балаға көз салыңызшы.
(жол бойында ойнап жүрген жас бала көзге шалыынады)
Көпес.
Кір-қожалақ баланы айтамысыз. Ия, көріп тұрмын. Киімі де, өзі де лас екен. Соған қарамай батпақта ойнап жүр.
Зайнулла.
Міне, көрдіңіз бе, таза сумен жуынса, сіздің сабынды қолданса бұл бала да тап-таза болатын еді. Мешіт пен медіресе де таза бұлақ секілді. Оның босағасынан аттап, уағыз тыңдаған, білім алған мұсылман тазарып шығады.
Көпес.
Қазіргі уақытта жұрт сенің бет-жүзіңе қарамайды, қалтаңда ақшаң болса ғана сыйлайды. Бұған не дейсіз? Көп адамға жұмыс тауып бердім. Ал намаз оқуға, ғибадат жасауға кейде уақытым да болмай қалады.
Зайнулла.
Барлығы Бір Алланың қолында. Троицк қаласында біздің мешітке қазақтар көп келетін. Солардың «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талтаңда» деген мәтелі бар. Ақшамен сіз өзіңізге жұмысшы жалдап, еңбек еткізе аласыз. Ақшаға қымбат киім-кешек, жұмсақ төсек, әртүрлі азық-түлік, дәрі-дәрмек сатып аласыз. Бірақ, сол ақшаға нағыз шынайы достықты сатып ала алмайсыз. Сол ақшаға тыныш ұйқыны, жақсы тәбетті де сатып ала алмайсыз. Сол ақшаға денсаулықты да сатып ала алмайсыз. Сондықтан да мал емес, жан тәтті. Аллаға құлшылық жаныңды тазалайды.
Көпес.
Ия, ия, солай ғой. Бірақ, «жылқы аласы сыртында, адам аласы ішінде» деген бар ғой. Сырты күліп тұрса да, ішінде бүлік жататындар бар.
Зайнулла.
«Түсі игіден түңілме» деген де бар. Әрине, адамды бірден ажырату қиын. Менің Ақмолла деген досым: «Әуелі тазалау керек іштің кірін, іште толып жатпасын сасық ірің» деген. Алайда, адамның сөзіне және ісіне қарап жақсы не жаман екенін білуге болады. Сөзі мен ісі сай болмаса ол екі жүзді. Сөзі ғибратты, ісі үлгілі болса, онда адамгершілігі зор нағыз мұсылман сол.
Көпес.
Хазірет.Басыңыздан өткен оқиғаларды айта отырсаңыз, бізге де ғибрат болсын.
Зайнулла.
Мына асатаяққа назар салыңыз. Алладан шын жалбарынып тілесең – мақсатыңа жетесің. Мен қажылықтан оралғанда мына көрші ауыл тұрғындары судан қаталап, ішетін суды алыстан тасып жүр екен. Дұға оқып, осы асатаяқпен жерді түртіп қалғанымда, су атып щықты. Ол менің құдіретім емес, Алланың кереметі.Сүйтіп, бұлақ көзі ашылды.
Көпес.
Керемет.Ажар анамыздың зәмзәм суын тапқанына ұқсайды екен.
Зайнулла.
Ия, Ажар да Құдайға бар жан-тәнімен жалбарынды, сосын тілеуі болды.Енді бірде алыстан маған Шамиғұл деген молда іздеп келді. Маған сынақ тапсырып, бата алғалы келген екен. Мен болсам жол жүргелі тұр едім. Есік алдында дәл сіздікіндей пар ат жегулі тұрған. Оны арбаға отырғызбадым.
«Жақын маңайдағы ауыла баратын едім. Сол жерге жаяу кел!» – дедім. Ол қабағын да шытқан жоқ. Артымнан келді. «Енді келесі ауыл мені күтіп отыр. Сол араға кел!» – дедім. Тағы да айтқанымды екі етпеді. «Ал, енді сынақтан өткізіңіз!- деді. Сабыр түбі сары алтын деген сол. «Сен сынақтан өттің!»- деп жауап бердім. Батамды да бердім. Ол қазір елге белгілі ишан болды.
Көпес.
Ондай ізгі жандарға жұмақтың қақпасы ашық шығар.
Зайнолла.
Бес парызын орындаған пенде ме, мешіт салдырған бай ма, қара суға зар болған кедей ме, кімге жұмақтан орын бұйыратынын бір Алла ғана біледі.
Ажалсыз пенде жоқ. Киген киімің, көрген сыйың,болған жиын, салған үйің, жиған малың, еккен талың, ішкен шәрбат,татқан балың, сыйласқан дос, сүйген жарың – бәрі қалады. Бауыры суық қара жер бәрімізді қойнына алады. Ана жотадағы бейіттерге қараңыз. Олардың арасында бай да, бағылан да, батыр да, ғалым да, ұры-қары да жатыр.
Бейітке мәйіттің артынан үш-ақ нәрсе еріп барады. Ол – дүние-малы, отбасы, және жасаған амалы. Жиған малы мен әйелі, бала-шағасы марқұмды жер қойнына тапсырғаннан кейін қайтып кетеді. Ал жасаған ісі өзімен бірге қалады. Алла алдына барғанда да сол ісі арқылы сый көреді.
Көпес.
Шамам келгенше мен де елге жақсылық жасағым келеді. Ақшаны орнымен жұмсасам деп ойлаймын. Бірақ, елдің бәрін жарылқай алмайсың.
Зайнулла.
Мұхамбет ғалайсалам Алла жолына жұсмсалған ақша, кедейлерге садақа ретінде берілген ақша және отбасының қажеті үшін жұмсалған ақша сауапты бәрінен көп әкеледі деген. Ал жағдайыңыз келсе мешіт салдырыңыз, медіресе ашыңыз.
Көпес.
Құдай қаласа.
Зайнулла.
Иншалла!
Жетінші көрініс
Бірінші шәкірт.
Ғайбат деген адамның сыртынан жалған сөз айту дегенді білдіреді. Құран Кәрімде мұсылмандардың өсек айтуына, бірін бірі көзінше емес, сырттай жамандауына тыйым салынған. Ғайбат, өсек айту өлген бауырының етін жегенмен бірдей үлкен күнә болып саналады.
Екінші шәкірт.
Пәле қуған пәлеге жолығады,
Жала қуған жалаға жолығады.
Біірінші шәкірт.
Куәлі істі куә табар,Куәсіз істі күмән табар,Одан болмаса, иман табар.
Сахна шымылдығы сырғып ашылады.
Троицк қаласы. «Расуля» медіресесі. Маңдайшада «Құран сөзі - Құдай сөзі» деген жазу жазылған. Зайнулла ишан кабинетінде. Есік қағылады.
Зайнулла.
Кіріңіз!
Мәмбет молда.
Құрметті хазірет! Аяғыңызға жығылайын. (жығылады)
Қабылдағаныңызға рахмет. Мен байғұс кезінде Сізге жала жапқандардың ішінде болған едім. Істің ақ-қарасын аңғармаппын. Сіз елден алғыс алып жүрсеңіз, мені қарғыс атты. Айықпайтын дертке душар болдым. Құдайдың құтты күнінде талма ауруым ұстайды, қояншық дей ме, білмеймін. Әбден көресіні көрдім. Өйткені үлкен қылмыс жасадым. Таза адамға күйе жақтым. Ажал сағаты та таяу секілді. Күнәмнан арылайын деген ниетпен Сіздің алдыңызға келіп тұрмын. Алланың мейірімі кең дейді. Менің қысастығымды кешіре аласыз ба?!
Зайнулла.
Алланың кешірмейтін күнәсі жоқ. Мен де сізге кешірім жасай аламын. Бірақ, қоятын бір шартым бар.
Мәмбет молда.
Айтыңыз, тақсыр!
Зайнулла.
Осыдан шығып үйіңізге барыңыз. Барған соң үлкен құс жастықты қолыңызға алыңыз. Сол жастықтың ішіндегі құстың жүнін бір тал қауырсынын да қалдырмастан ауылдың көшелеріне шашып тастаңыз. Бұл ісіңізді сол көшенің тұрғындары көріп тұрсын. Сосын маған қайтып келіңіз.
Мәмбет молда.
Сол ғана ма?
Зайнулла.
Ия, сол ғана! Қалған әңгімені маған қайта оралған соң естисіз.
Мәмбет молда.
Рахмет, Хазірет! Рахмет!
Қол қусырып шығып кетеді.
Сахна айналады. Қалың тұман. Қар жауған секілді. Қауырсындар ұшады.
Алғашқы көрініс қайталанады.
Мәмбет молда.
Асалаумаһалейкум, Хазірет!
Зайнулла.
Уаһалейкумассалам!
Мәмбет молда.
Айтқаныңызды айнытпастан орындадым, Хазірет.
Зайнулла.
Қиын болған жоқ па?!
Мәмбет молда.
Түк те қиындығы жоқ. Айналдырған бір сағаттың ішінде түгел шашып, тауыстым.
Зайнулла.
Ендеше сол қауырсындарды бір талын да қалдырмай түгел жинап әкеліңіз. Сонда кешіремін.
Мәмбет молда.
Тақсыр-ау! Ол мүмкін емес қой. Құстың жүнін жел көтеріп әкетті. Батпаққа былғанды, таза жүні қалмады десе де болады.
Зайнулла.
Міне, көрдіңіз бе, айтқан сөз - атылған оқ. Кері қайтарып ала алмайсыз.Ғайбат тілден шықса, кәпір діннен шығады.Сөз қында жатқан пышақ секілді. Онымен жақсы істерді атқаруға да болады, ал абайлап ұстамасаңыз жазықсыз жандарды жаралайсыз.
Мәмбет молда.
Онда мені қара басты. (Жылайды) Маған кешірім жоқ дегеніңіз бе?
Зайнулла.
Бұдан былай бұл фәниде кісілерге жақсылық жасаңыз. Қайырым қылыңыз. Әр пенде істеген ісіне қарай Алладан не сый, не жазасын алады. Алладан кешу тілеңіз!
Хор: (дыбыс үлкейткіш арқылы естіледі)
Қайыршының түбі тесік дорбасын
Көрген кезде қатты күлді жолдасым.
Күлме, досым! Дүнияға келгенде
Сен де осы қайыршыдай болғансың.
Әке-шешең саған берсе қарызын,
Оны өтеу де мойындағы парызың.
Ел ішінде жоғалмайды мейірім,
Жаратқанға жетіп жатса арызың.
Қайырымды қаталатқан патшалар
Тақ пен тәжді басындағы бақ санар.
Сараңдардың көзі өмірі тоймайды
Сарайында үйілсе де ақшалар.
Алтындатқан ғимаратқа кір, мейлі,
Ешбір пенде артық өмір сүрмейді.
Тек байғұстар Алла берген ғұмырдың
Байлықпенен ұзармасын білмейді.
Бідім алдың, ақыл толды, ес кірді,
Дұрыс өткіз мына жалған – бес күнді,
Таяқ еттен, сөз сүйектен өтеді,
Ғайбат айтпа, өсектеме ешкімді.
Айтқан сөзге түбі жауап бересің,
Мұны естіген саналы жан не десін?!
Сондықтан да әр сөзіңе абай бол,
Көрге түспей көресіңді көресің.
Шымылдық