Отқа оранған әзілдер
Аспаннан, жерден, ойыстан, өрден ажал отын толассыз төпеп жатқан аламан соғыста қазақы қайсарлық пен жүректіліктен таймай алыс ауылда қалды-ау деген әзілін де қолтығына қысып ала жүрген ағаларымыз орайлы сөз тауып, орынды қалжыңға орын беріп отырғаны да ерліктің жалғасы десек болар. Адыр-адыр, жыра-жыра келбетінің өзі езуге күлкі үйірген бір ағамыздың аты да ойға оралмас қалтарыстан табылып қойылған екен. Сол – Тышан ағамыз жаумен жағаласып, жауыр мінсе де жылдардың жықпылды көшінен желе жортып өтіп, әңгіме айтса тыңдармандарын әзіл-қалжыңнан кенже қалдырған емес. Айтар естелікті өзі емес біз бастайтындай алдымен әрбірімізге тоқтала қарап тыңдар дайындығымызды бір байқап алады. Сонда ғана ағамыз осы жерге өзі жайғасып отыруы үшін баласы балшығы батпандап жағылған шым үйінің желден ықтасын іргесіне әдейі әкеліп орнатып қойған МТЗ-50 «Беларусь» тракторының орындығына баптана қонжияды.
Соғыста жылқы бақтым
- Тышан аға, осы сіз соғыста да жылқы бақты дейді...
- Ешще как, ол соғыста не болмады. Кезінде кавалерия майданның бір пұшпағын жамауға қатысқанын білетін боларсыңдар. «Атың жемқор болса, берді Құдай, қатының жемқор болса, ұрды Құдай» - деген қылыштай өткір мақалы бар қазақ ежелден жылқыға жақын, сондықтан үйірді қатардағы Сырғақов бақсын» деген жоғарыдан бұйрық келді. НКВД дегенің пәле ғой. Жеті қабат жердің астындағыны біледі. Менің жас кезімнен асау үйреткен атбегі екенімді соғыс басталмай жатып білген-ау. Ауылдағы қылқұйрық баққаның жөні басқа... Құлын-тайына дейін жайылымы кең далаға жайып жіберіп бір шетте жамбастай жатып «Батырлар жырын» асықпай оқитын жылқышылық қайда... «Сен бақташы боласың» дегенді естіп блиндажға жүгіріп барып: «Маған аттарды бақ деп жатыр. Тезірек далада өргізген үйірдің соңында оқитын кітап тауып беріңдер» деймін. Майдан шебінде кілең қулықтың ауылынан келгендер жинала ма, шорт. Асығыста қолыма «Майн Кампф» деген кітапты ұстата қойыпты. «Әй, мыналарың не?» - десем жыртың-жыртың күледі. Сөйтсем, бұл соғысты қалай ұйымдастырамын деген Гитлердің жастығында жастанып оқитын кітабы екен ғой. Содан жылқыны қалай бақсам дұрыс деп ешкімге тіс жарып сұрақ қоймай табынды алдыма салып орманға кеттім. Ауылдағы бақташының тірлігі басқа ғой. Мың сан жылқыны араннан далаға айдап шыққанда ауыл үстінде ақ боз тұман орнайды. «Хай» - деген ашщы айқайымды естігенде ғана шаңды аспанға көтерген жүрдек үйір барар бағытына көш түзе бастайды. Ал мұнда орманда бағатындарымның ұзын-саны жүздің маңайы. «Е, бұларды жайылымға бір күн шығарсам әрқайсының сырын біліп, қыбын табамын. Түр-түстерін бірден жадыма сақтап аламын», - деп мініс атыма жайлана отырып алып, сырттан бақылап жүрсем, орманда жүретін қыл құйрықтардың қыры басқа екен. Менің «хай, құрау-құрау» дегендеріме бұлар пысқырып та қарамайды. Қорадан шыққаннан кейін мойыны бұрылған, мүйізі тартқан жаққа қарай шұбыра жөнелетін қисық-қыңыр сиырлар секілді бұлар да жасыл желекті қуалап жеке-жеке басы ауған жаққа жүре береді екен. Содан анасын аннан, мынасын мұннан жинап аламын деп ағаш арасын сусылдатып жүрген мені көрген командирім:
- Сырғақов, мен де мал баққам. Сен жын қуғандай сусылдатып шаба берме. Бекерден-бекер атыңнын өкпесін аласың. Сен «Хай» - деп айқайлама, «Хайль» - деп айқайла. Анау басын шұлғып жүрген көк айғырды көрдің ғой. Үйірді ұршықша үйіретін нағыз бақылаушың сол. Кезінде штурмбаннфюрер мінген. Бір қатты шайқаста ол офицер «Тигр» танкіне мініп қашып кеткенде осы көк айғыр бізде пленде қалып қойған. Мен де үнемі ат баптайтын әскери бөлімшелерде болып келемін. Ат мініп, арба жегіп, шана сүйреу жастайымнан меңгерген тірлік. Тіпті сенің ауылыңда қолға түскен жылқыны бірден соғым деп қарайтынынан да хабардармын – деп капитаным фуражкасын бір шекесіне қарай құлата киіп, қулана қарап қойды. «Жүйріктерді, тұлпарларды,қысырақтарды қалай баптау керек екенін менен сұра» - деп қарсы дауға кіріп кете жаздап, тізгінімді әзер тартып тоқтаттым. Басшыны бақырайтып қойып қарсы сөйлегеннің оңбайтынын жақсы білгендіктен тілімді тістей қалдым.
- Міне, ытырынған айғырды да жуасытып, ептеп мініске үйрете бастадық-деп тоқтады ортанқол бастығым. Айтпақшы, полктастарым күлкі болсын деп берген Гитлердің кітабының да табынды бағуыма септігі тиді. Қалай дейсіңдер ғой. Басында жаудың кітабы басыма пәле болмасын деп кәртөшке көмген отқа лақтырып кеткім келген. Содан сайтан түртті ме, кітапты қолыма алып маған түсініксіз сөздерге қарай бастадым. Ақыл-есі түзу адам ұғар сөз жоқ. Бірде қасымдағы жауынгерлерден: «Мына кітапта. «Хальт», «Хальт» деп қақырайған қысқа сөз жиі кездеседі. Бұл не мағына береді? - деп сұрадым.
- Тоқта! – деген сөз. Мәселен, орман арасында ауа жайлып, қияс тартып бара жатқан атқа «Хальт!» - деп айғайлап қалсаң ол маңдайынан мылтық кезеңгендей шошып тоқтай қалады, - деді. Сөйтіп үйір бағамын деп қиырға қаңғып кетпей «кальт» деп қарамағымдағыларды қалт жібермей біраз неміс тілін де үйрене бастадым.
Осылай полктағылардың көбісі жаудың соңында, мен жылқылардың соңында күндер өтіп жатты. Дегенмен бұлар ақылды жануарлар ғой. Аспанда гүрілдеп ұшақ ұшса, жер-жүзін дірілдетіп танктер оқ ата бастаса шұрқырай кісінеп қалғыңқырап кеткен мені оятып алып ағашы қалың тұсқа қарай шаба жөнеледі. Ақылды болғандықтан олардың әрбіріне жеке бақылау, жеке аңдушылық та керек екен. Үйірде әрбірінің жағдайын дүрбімен қараймын деп кіжініп жүрсем, керсінше мойнын төмен салбыратып шөптесінді бырт-бырт үзгендер ақырын мені назарынан шығармайды екен. Бірде шөбі молдау алаңқайға шыққанда ауылдағы бақташылығым есіме түсіп мініс атымның ерін шешіп алып басыма жастанып, аяғымды созып жайлана бергенім сол еді, баяғы штурмбаннфюрердің айғыры бар жылқыны бір жаққа қарай бастай жөнелді. «Мынау қайтеді-ей!» деп алдын орағытып, әзер тоқтаттым. Байқасам, әлгі айғырдың төсінде свастика белгісі бар екен. Білдіртпей ғана терісін күйдіріп салған белгіні менің қырағылығым болмаса ешкім байқамаған да екен. «Ах, шпион. Фашистің тыңшысы!» деймін ашуға басып...
- Тышан аға, жылқы енді...
- Әңгіме тыңдағың келсе сөзімді бөлме. «Разведка, шпион» дегендер қолыма қару алған күннен бері зерттеген әскери салаларым ғой. Шпиондықты жасаса аттар жасасын. Бұл қылқұйрықтардың жайын білеміз. Қазақы бағымды көргендердің көзін байлап айға апарып тастасаң да өз қорасын адаспай тауып келеді. Анау айғырдың да сондайлығы бар екеніне алғаш көрген күннен күдігім туған. Қырағылықты естен шығармау керек деген осы. Орнында тұрмай шошандаған әлгі айғырды бұғаулап ұстап, командирдің алдына алып барып, «Міне, мен де тіл әкелдім», - дедім. Ол кезде біреулер фашистің солдатын ұстап әкесе болды «тіл әкелдім» деп бүкіл майдан даласына жар салатын.
- Тіл деуге келеді екен. Аузын ашқанда көрдім. Тілінің жеке өзі бір кило болар, - деп біразы әжуалап орманды басына көтеріп қарқылдап күлді.
- Сен, Сырғақов, кімді мазақ етіп тұрсың, - деп командирдің қолы наганына қарай кетіп барады. «Ой, жылқы дегеннің қырық түйеге жүк болар айласы бар» - деп ұзын-сонар әңгіме бастастам тыңдар адам табылар түрі көрінбейді.
- Бұл шпион. Сенбесеңіз – мініп көріңіз, - дедім де басшыма айғырдың шылбырын ұстата қойдым. Ол да епті екен. Орнынан атып тұрып жайдақ атқа лып етіп қарғып мінді. Жау жылқысының күтіп жүргені де сол ма, командирдің аяғы үзенгіге ілінген бойда-ақ аспанға бір секіріп, құйындата жөнелді. Осылай басшымызды бас көтертпей ала қашсын. Аяқ астынан ақылшымыздан айрылдық та қалдық. Серкесінен айрылған қойдай тыпырлап, жел өтінен ыққан табындай ұйлығып тұрмыз. Бәріміз олай-бұлай жүгіріп ентігіп тұрғанда бірі:
- Айғыр болмақ түгілі үйретілмеген сәурік болса да бірден снайперлік винтовкамен атып түсіру керек еді, - деп есерлеу ақыл қосса,
- Маған айтқанда танкімен қуып жетер едім,-деп екіншісі техникасын пайдаланатын жер таба алмай тұрғандай жөнсіз жұлқынды.
- Алысқа ұзап кетерін білгенде ЗПУ-23 пулеметімен төпелеу керек еді, -деді осы қарумен алыстан ұшып келе жатқан ұшақтарды атып түсіріп қолы жаттығып қалған бір офицер қызынып.
- Төбесінен түйдектетіп бомба тастау керек еді деп ақыл қосатын ортамызда ұшқыштың болмағаны да жөн екен. Әйтпегенде бүкіл қарумызды қолданып жалғыз атқа қарсы соғыс ашып ұятқа калатын едік, - деді майданды көбірек көрген бір кәртаміш солдат.
- Айғырды қойшы... Содан атқа мініп шаба жөнелген командирлерің не болды? Жолда секіріп түсіп қалды ма, әлде жауға тұтқынға түсті ме?
- Әрине жоқ! – деп қаттырақ сөйлеген Тышан ағамыз әңгімеге құлық қоймай отырған біразымызды жақтырмаған кейіппен бір сүзе қарап өтті.
- Үп-үлкен офицерді жауға беріп қойып орманда қарақат теріп жүр деп пе едіңдер бізді. Әкелдік. Біреулердің қаңғырып жүрген жалғыз солдатты ұстап алып, «тіл әкелдім» деп елді шуылдатанын айттым ғой жаңа. Қолға түскен офицерді ат-матымен қосып қайта ұрлап әкету тек кәнігі барлаушының қолынан келеді. Келіссөз жүргіземіз деп қайта-қайта барып жүріп командирімізді қалай ұрлап әкеткенімізді жау жағы білмей де қалды.
- Бір әйел көршінің ауласына кіргенде жоқ дегенде бір гүлдің өскінін байқатпай қалтасына сала қояды екен. Оны аңғарып қалған көршісі: « Ой, апай, өскінді сұрасаңыз өзім де қиып берер едім ғой. Дегенмен қолыңыздың тәп-тәуір қымқырмасы бар екен» - деп күліпті. Сол айтпақшы барлаушы дегендерің ұрлыққа жақын тұрасыздар ғой, - деп старшина жұртшылықты күлкіге шақырған еді,оны жақтырмай қалған ағамыз:
- Туу, әңгіме тыңдай алмайтын адам екенсің. Әңгімені тоқтатып... Майданда атысты кенет тоқтатқан адамды гауптвахтаға жабады. Әңгімені бөле берген сендердің біріңді де жауып тастаған артық болмас еді, - деп тыңдаушыларға тағы көзі алайта бастады.
- Айта бер, аға. Сендер де сөзді бөле бермеңдер – дедік біріміз орнымыздан тұрып. Осы көңіліне жақты ма, Тышан ағамыз бір жөтіркеніп алып әңгімесін қайта жалғап кетті.
- Майдан даласында қып-қызыл шайқас жүріп жатқан кезде келіссөз жүргізудің өзі оңай емес. Екі жақта атыс басталған кезде окопта тегін жатпайын деп қарсыласы бар-жоғына қарамай боратып ата беретін әдеті болатын олардың. Біздің барлаушылар дәл осындай берекесіз атысты пайдаланып қалуға әбден әккіленіп алған. Бәрі торғай қуғандай бытырлата атып оғы таусылған кезде біздің барлаушылар бүкшеңдей басып жүгіріп ала жөнеледі. Жау жағы автоматтарын қайта оқтап,тыныш сәтте темекілерін бір-бір сорғандарынша біздің барлаушылар дәл орталарынан өтіп кеткенін байқамай да қалады.
- Ал атқа мінген адамды жетектеп қайтқанда ше?
- Әй, балалар-ай. Барлаушылардың ептілігін бүгінгі сендер емес,сол кездегі жауынгерлердің өзі ұқпай қалатын еді ғой. Соғыс кезінде солдаттардың аңдитыны қарсы жақ. Өз орталарынан байқатпай өтіп бара жатқандарды сезіп қоятын олар тышқан аңдыған мысық деп пе едіңдер. Ол кезде жұрттың бәрі адамды аңдып жүріп ататын аңшы дейсіңдер ме. Бәрі жортқан қасқырды қапы жібермейтін қазақтардай мерген де емес. «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп окопта жатып бората беретіндер бізде де кездесіп қалатын. Ойбай-ой, мен жылқының ақылдылығын айтпай ұмытып барады екенмін-ау. Менің бір «Пилотка» деген байталым танк ротасын қойдай өргізіп, тұтқынға алып келгені бар.
- Ағасы бұл енді...?
- Енді сөзімді бөле берсең әңгімені айтпай қоямын.
- Құлдық, аға, құлдық. Енді ауызымды ашпаймын.
- Солай болар. Қай жерге келдім өзі?
- Әлі сол, жылқы бағып жүрсіз.
- Иә,сол... Мен күні-түні жылқының соңында жүріп соғыстың жайын да ұмытып кетеміз кейде. Аспанда, жерде тарс-тұрс, сатыр-гүтірге, бұрық-бұрық жарылысқа бой үйреніп кеткен кез ғой. Бірінен соң бірі келе жатқан танктердің гүрілін ауылдағы шөп таситын жалғыз трактордың дырылдағаны ғұрлы көрмейміз. Жайылып жүрген үйір ішіндегі естілері шынжыр табанын шықырлатып біздің жаққа қарай қаптап келе жатқан темір құрсаулы әбжыландарды байқап қалады. Апырай, десейші, еліне берілген жануарлар да болады екен-ау. Жылқының арасында өзінше еркелеп жүретін «Пилотка» деген ақ боз ат болатын. Өзінің сондай сымбатты екенін сезеді-ау деймін. Ор текедей ойқастап шыққанда бір-біріне екілене оқ себелеп жатқан екі жақтың атысы тоқтап қалатын. Байталды көргендер автоматты ұмытып бір-біріне ыржалаңдай қарасып мәз болатын еді. Сол ақ боз ат қаптаған танктер ұрысты бастаса біздің жауынгерлердің басын көтеруге шамасын келтірмесін ұға қойғаны ма,әйтеуір желе жортып барып танктердің алдына түсіпті. Алдынан әппақ болып сылаңдап шықан байталға танктегілер аузын ашып қарап қалған болуы керек. Содан сыландаған ақ боз ат қиыстап ала жөнеледі. Танктегілердің бәрі жолынан бұрылып оның соңынан қалай ілескендерін білмей қалады. Содан не керек, «Пилотка» бір ордан қарғып өткенде жаудың бар танкісі үйме-жүйме болып бірінің соңынан-бірі орға құлайды ғой. Олар осылай у да шу болып жатқанда біз қоршап, қойдай тізіп тұтқынға алдық. Сол жауынгер аттың ерлігіне тәнті болып шуылдасып жүргенімізде қалың мұртын сипап қойып Буденныйдың келе қалғанын қайтерсің. Командармның атқа жақындығы әлемге белгілі ғой. «Пилотканың» әңгімесін бүкіл майданды тоқтатып қойып бар әскери құрамаларға тыңдатты.
- Содан «Пилотка» қайда кетті?
- Қайда кетті, қайда кетті? Командарм оны өзіне сұратып алды-ау деймін.
- Сонда сіз баққан жылқылар жауынгерлер мінісіне берілмей ме?
- Сен мені көрінген жауыр атты баптап жүретін колхоздың жаман бақташысының бірі деп пе едің. Мендегі жылқылар – особый. Біреуін Броз Тито таңдап алғаны есімде. Енді біреуін Черчилльге сыйға тарттық-ау деймін. Бір күні үйірге жұлдыздары жарқыраған бір топ генералдар келді. Бақташы мен түгілі алғы шепте жүрген командирлерлерді назарларына да ілмей жылқыны аралап кетті. Араласа - араласын деп шеткері жақта жүрмін. Біздің табын жануарларды тамашалайтын зоопарк емес қой. Өздерінше білгішсініп бір-біріне айтарын жалыққанша айтып ақыры мен жаққа қарай ойыстады. «Бәсе, менсіз не айтасыңдар? Жылқышысыз не таңдайсыңдар?» деп кекетіп тұрмын іштей. Үздік-создық келді бәрі.
- Қатардағы жауынгер Сырғақов сен бе?
- Тап солай!
- Байқаймыз, жылқы бағысыңда қапы жоқ. Сенің жылқыларыңды Стекеңнің өзі бақылап отыр. Шашу шықпасын. Жеңіс тойына мініске біразын таңдаймыз. Бәрі жақсы күтімде болсын! – деді бірі қатқылдау сөйлеп.
- Е, ол Жеңіске жеткенше талайды бастан өткердік... Бірде... – деп ағамыз тағы бір әңгімені құлақтандырып келе жатыр еді үйде бағып отырған шөбересінің жылаған дауысы естілді.
Геройлық бұйырмады
Алға жылжыған уақыт өзгеріс әкеле береді ғой. Біздің ауылда Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің арасынан Тәйтіктің әкесі Тышан жалғыз қалды. Жауды Берлиніне дейін қасқырша қуып барғандары бар, Сталиннің бұйрығын орындаймын деп Сталинградтың үйлері түгілі жапырайған қорасы үшін жан алып, жан беріп соғысып қаңғыған оқтан қаза тапқандары бар, кейін ауылға аман-есен келіп өгіз жетелеп, арба сүйреген қарапайым жұмысқа арқасын жауырлап өлгендері бар, бәрі қара тізімді қалыңдатып жібергенде жалғыз Тышан ағамыз қалды қалбалаңдап. Мерекелі күндері киіп шығатын көк костюмінің өңірінде бос орын жоқ. Күлімсіреген сәби Владимир Ильичтің суреті бар октябрят белгісінен бастап, пионер, комсомол мүшелерінің кеудеге тағатындары, кеңес кезінің барлық ордендері мен медальдары жапырлата тізілген,құдды Ұлы Отан соғысының картасы секілді. Тек Кеңестер Одағының Батырының алтын жұлдызы ғана жоқ.
- Тышан аға, соғыста алмаған белгіңіз,тақпаған орденіңіз жоқ. Батыр атағына қалай ілікпей қалғансыз? – дейміз.
- Е-е, ол бір бөлекше хиқая... – деп сақалсыз иегін бір саумалап алады да әңгімесін асықпай бастады. Қартайған адамға әңгіме айтудың өзі шағын әскери бөлімшемен соғысқандай-ау. Қайдан білейік. Зейнеттегі адам,сылдыр әңгімеден басқа дөңгелетері жоқ, қалаған жеріне отыра кетіп айтары бір таусылмайды дей-тұғынбыз. Тышан ағаның жайын кейінірек ұқтық. «Әй, анау қайда кетті?» - дейді бәкенелеу үйінің іргесіне сүйеніп әңгіме тыңдауға келгендердің біреуі орнынан тұрып ақырын жылыстап бара жатқанын байқап қалса. «Айта беріңіз. Қазір қайтып келеді ғой»-дейді бір білгішіміз. Айтқыш ағамыз оған көне қоя ма. «Сендерде тәртіп жоқ. Бәрің әңгіме тыңдауға келдіңдер ме? Бітті. Жан-жаққа шашырамай, шайқасқа шығатын жауынгерлер секілді жинақы отыру керек. Болмаса ертең келіңдер» - деп Тышекең орнынан тұра бастайды. Содан біріміз зыр жүгіріп барып «ауа жайылып кеткен тәртіпсізді» әкелеп-көкелеп жүріп алып келеміз. Бәрі жиналды-ау дегенде трактор орындығына жайғасқан ағамыз бар естеліктерін қолымен айтатындай алақанын алақанымен сипалап, саусақ-саусақтарын бөле уқалап біраз отырып алады.
- Соғыстың қай кезеңі оңай болды дейсің. Мына ордендер соның айғағы. Айтайын деп тұрғаным, майданның аяқталуға жақын қалған кезі. Жауынгерлердің ә дегеннен ауызға алып айтары: «Рейхстагты алар күн де алыс емес. Соғыс бітсе екен тезірек. Жалауды желбіретіп елге қашан жетеміз.» - деген қиял мен шындықтың итжығысы. Автоматтан ажыраса қоймаған біздер «Жұрттың ойы жалауда,менің ойым палауда» дейтін едік майдан даласында жауға жон арқамызды беріп тамаққа отырарда. Адамның ойы төгілген сорпа секілді тоқтаусыз,тұрлаусыз жылғаларды қуалап кете береді ғой. Кейбір ойлар көкейге сайтандай кіріп алып шықпайтыны бар. Иә, менде де, «бар орденді алдым, енді геройлыққа қашан жетемін деп жүргенде соғыс бітіп қалмасын» деген ой төбемді бір шаншып өтетін. Пендешілікке не дауа. Іштей уайымдап қоямын. Не керек, кеңес әскері шабуылдаған бойымен Берлинге де кірді. Үйді-үйдің арасында қырғын шайқастар болып жатыр. Атақ-даңқым бар, жаужүрек атаның баласымын ғой, «Маған, анау-мынау жапырайған үйлердің арасында соғысқан ұят болады. Не де болса Рейхстагтың ішінде ұрыс салайын» деп автоматымды асынып орталыққа тарттым. Байқаймын, соғыс аяқталуға жақындаған сайын мен секілді орден-медальдарі жарқырап атыстың нағыз қызған жерінде ойқастап жүретін жаужүректер аз емес екен. Келсем сондай мықтылардың өзі тышқан аңдыған мысықтай Рейхстагтың сыртын қоршап алып отыр. Оқты бората атып қойып алқақотан отыра қалады да темекі тартады.
- Әй, бұларың не? Сендерді қонаққа шақыратын қазақтың қара шаңырағы емес бұл. Фашистерді талай жерден қуып келіп енді үйіне кіре алмай босағаны аңдып отырғанымыз ұят шығар. Қәне тұрыңдар, ішке енеміз, - дедім.
Мен секілді бес жыл бойы от пен оқтың астында жүрген бір-екі жігіт орнынан көтерілді. Ұялғандары байқалып тұр. Темекілерін жерге тастап тарақанды езгендей мыжғылап-мыжғылап барып автоматтарын қолына алды. Не керек сол үшеуміз оқты жауын ғұрлы көрмей ара-арасынан сыналап өтіп ішке кірдік. Кездескенін жайратып келеміз. Бір уақытта есікті күзетіп тастай қатып тұрған бір фашистке автоматымды кезеп тұрып:
- Бункер қайда? – дедім. Ол сол міз бақпаған күйі қалшиып тұрып, көз қиығымен сол жақты нұсқады. «Гитлер бункерде тығылып жатыр» деген әңгіме шыққан. Ойым, сол патшағар қашып кетпей тұрғанда қолға түсіру. Оны аман-есен қолға түсіріп генералдар штабына алып барсам аспаннан іздеп жүргенім жерден табылмай ма. Тап қазір ұстап жеңінен сүйреп кететіндей қуанғаннан алақанымды қыздыра уқалап қоямын. Бәрі жырдай соғып жүрген бункерлері жертөледе екен. Жер астына түсіп алып зулап келеміз. Дәліз деген мұндай үлкен, мұндай ұзақ болар ма... Бір уақытта өрнектеп тұрып әдемі жасаған есікті көрдік. Ашық тұр. Саңылауынан әлде-біреулердің күңкілдескені естіледі. Тура іздегенім алдымнан шықты. Гитлер мен Ева Браун екеуі қантты қытырлатып, шай сораптап отыр екен. «Жұрт өмір мен өлім арасында жанталасып, майдан кешіп жатқанда сендердің шайды үрлеп ішіп отырғандарың мынау»-деп айқайға басайын деп бір ойладым. Бірақ,бес жыл майдан кешкен тәжірибелі жауынгердің шыдамсыздық танытқаны сөкеттеу болар деп тағы бір ой түйдім. Жау болса да ел басқарған үлкен адам ғой терлеп-тепшіп отырған шайына кедергі жасамайық деп барынша тәртіптілік, сыпайылық танытып ақырын шығып сыртта күте тұрғанды жөн көрдік. Бір уақытта қарасам ұзын дәліздің бойымен екі фриц көзілдірік киген бір адамды дедектетіп алып барады.
- Тоқтаңдар! Қайда бара жатырсыңдар? Дауысым қатты шыққанынан қорықты ма, әлгілер сасқандарынан қолындағы автоматтарын түсіріп алды.
- Шпрехен зи руссиш? – деймін зекіңкіреп. Соғыс аяқталуға жақын қалғанда тұтқынға түскен фашистер де көбейе бастады ғой. Сұрай-сұрай Меккеге де барасың дегендей қаптаған тұтқындарға тергеу сұрақтарын көп қойып, жаудың сөздеріне тіліміз жаттыға бастапты. Олар да Москвадан күні кеше келгендей орыс тілінде сайрап қоя берді. Мынау дырылдатып сүйреп келе жатқандары ғалым екен. Жай ғалым емес атом бомбасын жасаудың неше түрлі пұтихан-құйтырқыларын білетін пәле көрінеді.
- Сендер ғалымды маған тастаңдар да өздерің кете беріңдер. Соғыс бітті, - дедім. Оны естіген солдаттар бір-бірімен қуаныса қол алысып,қарындарын шапақтап кете барды. Мен ғалымын алдыма салып еш жаққа бұрылмастан тура штабқа алып келдім. Жұрт у-шу. «Бірі тез Москваға хабарлау керек» дейді. Екіншісі зыр жүгіріп маршалдардың бірін іздеп кетті. Біздің елдің басшылары өнерпез халық қой. Соғыс болсын, шорт болсын жеке бөлмеге кіріп алып гармонь тартатып мекіренген сиырдай ыныранып отыратыны да бар болатын. Бір маршалымыз (атын кейін ұмытып қалдым) жаман сырнайын иығына асқан күйі штабқа келді. Осы кезде генерал түгілі маршалмен кәртөшке жеп,анекдот айтысып отыра беретінбіз. Біз ыстық кәртөшкені қасықтап отырғанда генералдар ғалымға сұрақтарды қарша жаудырды. Риза болғандары соншалық: «Өте қымбат ғалым екен. Дереу Сталинге хабарласайық. Жауынгер Тышан Сырғақовты геройға ұсынайық» десті.
- Геройлық мәселесімен Бүкілодақтық староста Калининге мен хабарласайын – деді батырлыққа ұсыну жүйесін жақсы білетін бірі.
- Сақалы тарамданып, сөзі сараңданып қартайған қарияны қайтесіңдер? Мен тура Кобаның өзіне шығамын деп Сталинмен жақындығын танытқан екінші басшы қара құлақ телефонға жармасты. Екі маршал осылай керілдесіп тұрғанда мен шығып кеткенді жөн көрдім.
- Мына жауынгерге Кеңестер Одағының Батыры атағына документ толтырыңдар, – дегенді шығып бара жатып естіп қалдым. Талай барлауға барған разведчикпін ғой штабтағылардың мен естімесін деп күбірлескенін де аңғарып үлгердім. «Анау Рейхстагтың басына ту тіккен қазаққа батыр атағын бер деп жатыр. Енді мына кісіге беріңдер дейді. Қару алған қазақтың бәрі батыр. Батыр атағын кілең қазаққа берсек қалай болар екен өзі?» деп желкелерін қасып тұрғанын байқап қалып:
- Біз сендердің алтын жұлдыздарыңсыз-ақ батырмыз, - дедім де есікті тарс жауып шығып кеттім.
- Сонымен қолға түскен ғалым не болды?
- Қайдан білейін. Сталинге мен айтамын, жоқ мен хабарлаймын деп дауласып жүріп айрылып қалған-ау деймін.
Тышан ағамыз осылай қай кездесуде де әңгімесін тұздықтап айтып, еркін сілтейді. Оны расында да «жұлдызсыз батыр» дейміз біз де.
Бірде аспанда, бірде жерде
Тышан ағамыз бұрын үйдің қасындағы бөренеге отырып алып әлде-нені жонып, балта саптап, ер-тұрман баптаушы еді. Қазір сексенді түгесіп, тоқсанды орталай бастаған шағында ол әдетін қойыпты. Тек трактор орындығына отырып алып әскери әңгімесін сыздықтатуды ұмытпапты.
- Тышан аға, осы сіз соғыста негізінен барлаушы болыпты дейді. Барлаушы неміс тілін білуге міндетті ме?
- Ешшо как. Немісше жақсы білетінім ол кездегі фрицтер түгілі соғысты телевизордан ғана көретін бүгінгінің балалары - сендерге де белгілі ғой. Есімде. Фашистер Днепрдің арғы жағында, біз бергі жағында. У-шу сапырылысып жүрміз. Бір-бірімізге оқ атқаннан даурығып айқайласуымыз көп. «Әй, Тышан, аналар не деп дабырласып жүр?» деп сұрайды командир. Днепрдің сағасы кең ғой. Арғы жақтағылардың сөзі анық естілмейді. Мұндайда командирлер қарап тұра ма, «Мынау таң ағармай тұрғанда сен арғы жағаға өтіп, ақпарат алып кел» деп бұйрық берді.
Қыс боранды болды дегендей оқты жан-жағын көрінбейтіндей бората ату сол соғыстың дәстүрі еді ғой. Мың сан автомат оқшантайы қызып балқып түскенше дырылдап тұрғанда майдангерлер оның оғын маса шаққандай көрмейді. Қуаңшылық кезінде егінге қаптаған шегітке секілді ұшып келіп жарылып жатқан снарядтарда да есеп жоқ. Жердегі оқ аз болғандай бірін-бірі қуалап ұшқан ұшақтар біресе пулеметтерін зіркілдетіп, біресе бомба тастап естен тандырады. Бомба тастағыштардың аңдитыны окоп. Жаяу әскерлер көбінесе окоп қуып жүріп соғысады. Мен окопқа көп жоламаймын. Көбінесе блиндажда жүремін. Иғыма погон таққаннан бері командирлерге жақын жүретін әдетім. Ең бір жауапты кезде керек болып қаламын ба деп бұйрықтарға құлағымды түрік ұстаймын. «Әй, Тышан сен аналардың тілін білесің ғой. Айтшы. Қаруларын зіркілдете бермей тоқтата тұрсын. Таң атты. Күн шықты. Бір уақ ауылдан келген хаттарды оқып алайық» дейді командирлер. Осындай аяқ астынан маған жедел тапсырылатын міндеттер де көп. Жұрт түнде окопта бұқпантайлап, қалың бұталарды қорған қылып бір сәт көз шырымын алайын деп сүмендеп жүрсе менде ұйқы деген жоқ. Барлаушының міндеті сол: бірде арғы жақта, бірде бергі жақта тапсырма орындап жүргенің. Күндіз түні әрлі - берлі сандалып жүрген мені фрицтер де біліп алған. «Ә, Тышан, тағы келдің бе?» - деп тілін бір жалап қойып махоркасын орап отыра береді. Біріміз арғы жақ,екіншіміз бергі жақ деп бөле-жармасақ бәріміз бір соғыста жүрміз ғой. Фрицтер жағы түтінін будақтатып махорка шегуді де үйреніп алған
Сол түн тастай қарағы болды. Аңдап басып,қырағылық танытып сақ жүрмесең қасыңда қыбырлап жүргеннің кім екенін біліп болмайсың. Бәрі менің сергектігіме сенеді. Бәрі маған шұғыл тапсырма берілгенін байқап тұр. Бұйрық түгілі қара сөздің өзін «айтылған сөз - атылған оқ» деп білетін қазекемнің баласымын ғой. Тапсырма беретін командирдің алдына келіп өкшеммен топырақты бұрқ еткізіп: «Жолдас майор, сіздің бұйрығыңызбен қатардағы Сырғақов келіп тұр!» - дедім таңдайымды тақ еткізіп. Сонымен өзеннің арғы жағына өту керек. Ал мен малту дегенді білмейтінмін. Енді оны ежіктеп түсіндіріп жататын заман ба. Жағада тік жыраларды паналап тығыла қарап мың сан әскер тұр бақылап.
- Ай, иттер-ай.
- Тәйт, қызыл әскерлерді ит деп итжеккенге айдалып кетсін деп тұрсың ба?
- Жә,жарайды. Сонымен арғы жағаға өттіңіз бе?
- Тоқта. Қызығы әлі алда. Жағаға жабысып тұрғандардың біразы өзге тірлікке жарамаса да бәрі жабылып бір бөрене кесіп берді. Өзен түгілі мұхиттан қаймықпай, талмай жүзетін бір тұлпардың арқасына мінгендей бөренені тақымға қысып арғы бетке жүзіп бердім. Айналам тастай қараңғылық дедім ғой. Солдат күрегімен ескен өзеннің суы ғана шылп-шылп естіледі. Қорқынышты ұмытып тек алға жылжу керек деген адам жан-жақта ысқырған оқты, күркіреген зеңбіректің гүрсілін мүлде естімейтін керең болып құлақтан таза айрылады екен. Меңіреу тыныштықтың ортасында келе жатқандаймын. Жүзіп келемін. Жүзіп келе жатып «Иә, Жасаған өзің жар бола гөр» деп суға малшынған бөрененің бүйірінен бір сипап қоямын Бір уақытта артқы жағымнан қатты дарылдаған дыбыс естілді. Тура өзенде жүзетін кемедей мүлде таяу келіп қалыпты. Екі қанаты екі жаққа далиған ұшақ. Тура төбеме төніп келеді. Автоматпен басып салайын деп қаруымды жоғары көтере беріп едім ұшақ қайыс жібінен ілді де кетті. Қаруымды оңай қолдан бере қоямын ба. Сол жармасқан күйімде жібермедім. Үлкен ұшақ емес пе. Мені дырылдатып сүйрей жөнелді. Қатты ұстап қасарысқан бойыммен аспанға көтеріліп жүре бердім. Ұшқыш терезесінен қарап, ыржалақтап күледі. Байқаймын мені мазақтап біраз сүйрегеннен кейін судың бетіне лақтырып кетпек. Мен ұстаған жеріме тастай қатып қолымды босата қоямын ба... Ертегідегі екі қазға аузына тістеген шыбықпен ілінген көл бақа секілді тырбаңдап-тырбаңдап ақырын қол созып көтеріліп ұшақтың дөңгелегіне жабыстым. Одан әрі қанатына қолым жетті. Анау терезеден маған қарайды да аузын барынша ашып қарқылдап, шегі қатып күледі. «Тапқан екенсің ойыншыққа айналдыратын адамды» - деп іштей ашуға булығып, бір қолымды босатып жұдырығымды түйдім. Ол одан сайын мәз. Ұшқыш болсаң өзің ұшқышсың, талай жыл соғысты көрген Сырғақовтың сырын білмейді екенсің дедім де бір қолыммен вещмешокта жатқан гранаталарды алып көрсеттім. Ұшқыштың қорыққаннан көзі алайып көзілдірігінен де үлкен болып кетті. «Так, мен биіктіктің суығына қатып қалмасын десең люкті аш. Болмаса ұшағыңды гранатамен жарамын да өзім өзенге секіріп кетемін»-деп айқайладым. Батырға да жан керек. Сөзімді естімесе де істің насырға шабатынын жақсы ұқты. Сықырлатып люгін ашты. Ұшқыш адамдар оқыған келеді ғой. Оның орысша білетініне күмәнім болған жоқ. Кабинасына кіріп былай дедім:
- Көп сөз көмір, аз сөз алтын Сен мына планшетіңді шеш те маған бер. Бір парашютыңды мінемін де жерге тартамын, - дедім. Ол айтқаныма бұра-бұлтақсыз көнді. Сұрағанымды алып төмен қарай құлдиладым. Қараңғылықта қалықтап, қалбалақтап келіп судың бетіне былш ете түстім. Ұшақ кері айналып ұшқан ба, қалқып бара жатқан бөренемнің дәл қасына құлаппын. Не керек бөренені қайтадан аттай мініп алып біздің жағаға әуперімдеп өттім. Блиндажға кіріп барсам басшыларым омыртқаға шақырған күні жілік шағатын жігіттердей құлаштап ұрып,гүрсілдетіп «рыба» деп қойып домино соғып отыр екен. Су-су болып кіріп барғанымды көріп үрейленгендіктен бәрі шалқасынан түсе жаздады. Сыпайылық танытып автоматымды иыққа асуды да ұмытып кетіппін. Жау көрген адамның түрі қай бір оңсын. Түрім расында да албастыдай болған-ау, шамасы.
- Сайтан көргендей неге сонша шошындыңдар? – деп қара қошқыл бетімде тісті тұсым да бар екенін көрсетіп ырсиып күлген болдым да мән-жайдың қалай болғанын түсіндірдім. Сендерге өтірік, маған шын, мен әкелген планшетте бүкіл соғыстың жоспары бар екен. Анау-мынау емес Гитлердің өзі қол қойған құжаттар. Фашистердің біздің шалғай ауылымызға да қашан келетіні жайлы да жоспар жазылып, картаға түсірілген екен. Карта үлкен. Той жасайтын дастархандай кең көсіліп жатыр. Өмірімде тұңғыш рет ауылымды картада көріп таң-тамаша болдым. Басшыларым картаны, құжаттарды жайып салып көріп мәз. Есінен адасқан адамдай:
- Сен ұшақа қалай міндің? Жерге қалай түстің? – деп қайта-қайта сұрай береді. Мен әкелген «тіл» жайын естіп генералдар жиналды. Түнделетіп маршалдар келді. «Бағасы зор, бағасы зор» деп бәрі таңдай қағысады. Кезек-кезек қолымды қысады.
- Нағыз барлаушы. Керек болса жерден аспанға,аспаннан жерге ұша беретін әмбебеп барлаушы - деп мақтауымды жеткізіп жатыр бәрі.
- Тышан аға, сол жерде сізді бір үлкен наградаға ұсынбады ма?
- Осы сендер-ақ атаққа құмар екенсіңдер. Леонид Ильичтің кеудесін жапқан мың сан марапатты көргеннен кейін мына жұрт атаққұмарлықтан тартына ма десем, соңғы кезде атаққа таласа-тармаса ұмтылатындар тіпті көбейіп кеттіңдер ғой. Бөлімге үлкен ақпарат әкелгенімнің өзі қандай орденнен болсын қымбат емес пе.
- Ана ұшқышыңыз сол кеткеннен кетті ме?
- Кетті. Кетпегенде ұшағын тартыл алар ма едім. Әттең ұшақ жүргізуді үйренуді ойға алмаған екенмін. Пәтшағар ұшқыштың атын да сұрамаппын. Құжатыңды көрсет деп апшысын қуыратындай жерде жайланып КГБ-ның кеңсесінде отырғамыз жоқ.
- Сізге аспанда да, жерде де, тіпті суда да соғысуға тура келген екен-ау.
-Ешще как. Өзеннен өтіп тіл алып кел деген мен үшін көрші шалдан бір атым насыбай сұрап әкел дегенмен бірдей ғой. Дегенмен, дөңгелененіп алып «о ля ля, о ля ля» деп иықтарын қосып тербеліп әндетіп отырған жау әскерінің ортасына жөнін тауып кіре білу керек. Фрицтер де жай отырмайды. Әрбір қимыл-әрекетіңді қалт жібермейді. Енді ше. «Кел, кофеге кел» деп елпілдеп құшақ жайып қарсы алатын нағашың емес.
- Сіз енді тілді жақсы білесіз.
- Тіл білмейтін барлаушы мылтықсыз шабуылға шыққан жауынгермен бірдей. Барлаушы деген тілді білсе сөйлеу керек, білмесе аузына ие болған дұрыс. Сенің орысшаң менің немісшемнің қасында арқан есе алмайды екен, геноссе Ганс – дегенім бар неміс барлаушысымен әлде-неге келіспей дауласып, ашуымды жасыра алмай қалған кезімде. Міне, барлаушының дұрыс сөйлей білуінің мәні қайда жатыр деп аяқтады Тышан ағамыз әңгімесін.
Күрзевоймен Мәскеуге
Тышан ағамыз үйдің іргесіндегі трактор орындығында үш-төрт адамға үздік-создық әңгіме айтып отырған. Бір уақытта ауылдың көшесінен майда тасты күтірлетіп бүйірі күнге шағылысып, құндыздай құлпырған қара «Хаммер» өте берді.
- Мынауың не пәле? Танк пе? Қазіргінің машинасы не болып кеткен?
- Жаңа қазақтар осындай машина мінеді, ақсақал.
- Машина демекші, соғыстың соңғы кезінде шопыр болып, «Полуторка» міндім. Үстінен ат секіріп кететін бәкене болса да жарықтықтың жаны сірі еді. Анау батпаққа батқан «Студебеккерлеріңнің» өзі ышқына айқалап, дөңгелектерінің өзін айналдыруға шамалары келмей тұралап жататын. Біздің «жаман полуторканың» жолсызбен шаңды аспанға көтеріп бара жатқанын байқап қалса нағашысын көргендей қуанып, кабиналарының төбесіне шығып, пилоткаларын бұлғап «Көмектесіңдер. Мына батпақтан сүйреп шығарыңдар!» деп жарыса айқайласып жатады. «Қайын жұртыма асығып бара жатыр едім»деп қырын қарап кететін заман емес. Соғыстың аты соғыс. «Біреу - баршаға,баршасы - біреуге көмектесуге тиіс» - деген жауынгерлікті құрметтегендер айтатын қағида ғой. Төпелеген бомбаның астынан машинаны олай-бұлай бұрып жыландай ирелеңдеп зулап өтіп, жетіп барасың. Әскери шопырлар тиянақты ғой. Сүйрейтін болсаң тросс бар, майын ауыстырамын десең май бар, бөшке-бөшке бензин де қорабыңда домалап жатады. Не керек,мұхиттың арғы жағынан алдырған ауыр машинаны пышаққа жығатын соғымдай арқандап алып батпақ-сатпағына қарамай дырылдатып сүйреп шығасың. «Рахмет» деген сөзін айттыруға үлгермей шұғыл тапсырманы орындау үшін әрі қарай қайта зулап жөнелесің.
Бірде қорабыма жәшік-жәшік гранаталарды толтырып алып Берлин қайдасың деп құстай ұшып келемін. Кабинасы тақтай, қорабы тақтай моторы күркілдеген ескінің көзі – алысқа бармас деп сыртынан-ақ жақтырмайтындар көп болды ол кезде де. «Машинаның мықтылығы өзінде ғана емес жүгізушісінің шеберлігінде» - дейтін жөн білетіндер. Мен өзім ана қала мен мына қала арасында безгек тигендей безілдеп ұсақ-түйек жүк тасығанды ұнатпайтынмын. Тепкілеп емес ептілеп мінген көлігім қандай қашықтықтағы болсын шалғай рейстерге шыдайды. Сол менің мініскерлігім мен көлігімнің жүріскерлігін білетін басшыларым маған күрделі тапсырмалар беріп алысқа жұмсайтын. Берлин жаққа мыңдаған танктерді, мыңдаған зеңбіректерді, снарядтары қаздай тізілген «Катюшаларды» тиеп алған эшалондардың бірінен соң бірі өтіп жатқан кез. «Саған шұғыл тапсырма бар. Берлинге барасың» - дегенді естіп ә дегенде ойланып қалдым. «Ескінің аты ескі. Сүйгін сықырлатып платформаға көтеріп жатқанда дөңгелектері шашылып қала ма» деген күдікті ой да келді. Бірақ ойланатын не бар. Басқа-басқа емес үлкен басшылардың өзі сенім көрсетіп, тапсырма берді. Так что орындау керек. «Шешінген судан тайынбас». Шопырым машинаңды дайында» - деп жұмысқа кірісіп кеттім. Үш күн жуып, төрт күн жақсылап майладым. Дөңгелегін желдеттім, бензинін көлдеттім. Содан соғыс болғалы дұрыс жол көрмеген машинам Еуропаның баптап төселген тас жолына шығып алып түлкідей құйтыңдап, жылдамдықа басып азынатсын келіп. Дегенмен, қанша құйындатсам да жол алыс қой. Азынатып,азынатып айдағасын машинам болдырып қалды ма, әлде ұзақ жүргенге өзім шаршаңқырап көзіме ұйқы тығылды ма, біраз жүрісімді баяулаттым. Машинамды ыңылдатып қойып жан-жағыма қарасам, масқара! Айналам меңіреу тыныштық. «Мен атой салып, айқайлап кіргенше той басталып кетіпті» дегендей Еуропаның қай жерінде де атыс тоқтаған. Гранаталарды салдырлатып мен келемін. Байқаймын айналамдағы жұртқа граната түгілі бытыраның оғының өзі керек болмай қалған секілді. «Е, ендігі соғыстың ең қызығы қазір Берлинде өтіп жатқан шығар» деп өзімді-өзім жұбатып қоямын. О заман да бұ заман бес жыл соғыс ішінде машинаның қорабы толы қарудың ешкімге керексіз болып қалғанын кім көрген.
Бір уақытта алдымнан сырнайлатқан, әндеткен солдаттар шықты. Орталарында ордендері жарқыраған генерал да бар. «Бұлар кімдер?» деп ойымды жинақтап үлгергенше асфальтты тесердей болып билегендер «Катюшаны», оған ілестіріп «Огонекті» бастырмалата шырқап жіберді. «Ой, мыналар біздікілер ғой» - дегенімше болған жоқ,бір топ солдат машинамның қорабына секіріп шығып матростардың «Яблочка» биін сатырлата жөнелді. «Гранаталарды жарасыңдар» - деймін жанұшыра айқайлап. Жағасын жайлауға жіберіп мәз болып жүрген генерал мені кабинадан құшақтап түсіріп:
- Жол болсын,батыр. Қайда бет алдың? – дейді арқамнан жылы шырай танытып ақырын қағып.
- Берлинге!
- Өзіңнің де шашың қураған қамыстай ағарып,мына төрт дөңгелегіңнің бүрі кетіп таздың басындай жалтырап қалған екен. Соған қарамай Берлинге дейін жеткендерің мықтылық, молодец! Бірақ бұл қалада құдаң күтіп отырған жоқ шығар? Соғыс бітті.
- Мына бір қорап гранаталарды қайтемін. Алғы шептегі солдаттарға таратып бер деген бұйрық бар.
- Өте дұрыс бұйрық екен. Бірақ бұл гранаталарын енді қалбалақтап қаптап ұшып жүрген құзғындарды үркіткеннен басқаға қажеті болмас. Дегенмен «таратып бер» - деген бұйрық алған екенсің. Сенің де командиріңнің сөзін жерге тастамайық. Жарылғыштарыңның барлығын чекасын мықтап бұрап қойдай өріп жүрген солдаттарға таратып бер. Соғыстан ескерткіш болсын. Ендігі жаңа тапсырма былай... «Соғыстың біткеніне қуанған жауынгерлер ән айтудан тоқтай алмай жүр. Сен де шамаң жеткенше, тамағың қарлыққанша шырқа. Сосын мына солдаттарды мінгізіп алып, үйге қайт»- деді. Генерал айтты – заң. Поездың тар вагонында қысылғанша таза ауада желдетіп барайық дегендер көбейді. Не керек, машинамыз орнынан қозғалғаннан-ақ біресе жерге түсіп,қайтадан машина қорабына мініп сарт-сұрт билеген халық жақын арада тоқтар емесін көрсетті. Шала піскен кішкене қарбыздайы бар, үйректің жұмыртқасындайы бар алуан түрлі модивикациялы гранаталарды сол жәшік-жәшігімен шеткерірекке үйіп қойып, шағын стол жасады. Столды дөңгелете қоршап тұра қалып кезекпе-кезек «солдат паегін» тартып жіберуді бастады. Бір көңілді әуен толастамай жатып «Молдованеску» биі кетті, одан әрі кезекті «Лезгинка» алды. Қайдан тапқандарын бір құдайдың өзі білсін,атысты тоқтатқан фашистерге тігінге тапсырыс беріп үлгерді ме, әйтеуір бір топ акалар ортаға өзбектің біркелкі ала шапанын киіп шығып, бұзып-жарып ала жөнелді. Машинаның қорабында толы солдаттың бәрі өнер институтын бітірген дерсің. Ішінде өнерден кенже қалған бір қаражаяуы байқалмайды. Тура жұрт бомбамен жерді дірілдетіп жатқанда бұлар клубтардың еденін дірілдетіп би үйренумен жүрген секілді.
- Әй, мыналарды алыңдар, десем,
- Бес жыл қалтамызда жүріп жамбасымызды тесердей болған гранаталарды өзің ал. Соғыс болмаса да тас қопарып кен ашуға жарайды,-деп кекетіп күлкіге айналдырды. Не керек солдаттарды сиғанынша мінгізіп алып туған жер қайдасың деп зулап жөнелдік. Ән де, би де таусылмайды. Польшаның шекарасынан одаққа қарай ішке өте бергеніміз сол еді, сыртта отырғандар кабинаның төбесін тесіп жіберердей тоқылдатсын келіп.
- Не болып қалды?
- Украинаның шетіне келіп қалдық. Мені Львовта тастап кетесің. Ана жігіт Житомирге барады. Сондықтан Львовтан кейін оңға бұрыласын. Одан кейін – Донецк...
- Тоқта, тоқта. Сол жақта Белоруссия қалып барады. Ең бірінші – Минскіге, одан кейін – Гомельге...
- Әй, айналайындар. Мен сендерге такси ме?
- Генерал тапсырма берді ғой. Сондықтан әрбірімізді үйімізге жеткізіп тастауға міндеттісің.
- Әй, онда мен Қазақстанға жақын бес жыл ішінде жетер түрім жоқ қой. Жоқ, мен сендерді ең үлкен остановка – Мәскеуге апарып тастаймын. Әрі қарай өздерің жол табасыңдар.
Не керек, шуылдасқан жұртымды әзер көндіріп, Мәскеу қайдасың деп тартып бердім. Содан қайта әнге кірісіп,биді қыздырып жатырмыз. Бес жыл соғысқа шыдаған машинаның қорабының нағыз тепкінің астында қалғаны осы болды. Қорапта кішкене әскери парад өткізіп, Мәскеуге марштың екпінімен кірдік. Кіре бергенде МАИ тоқтатты. Ол кезде Мәскеудің автоинспекциясын солай атады-ау деймін.
- Әй, біздер Жеңістің солдаттарымыз. Бізді гүлмен қарсы алу керек.
- Бізді тек әскери пост тоқтатуға құқылы,-деп жатыр солдаттар таласа-тармаса сөйлеп. МАИ-дың сөзге тоқтаған кезі болған ба...
- Әскери постарың әлі Берлиннің айналасын реттеп жүр. Ал сендердің қай жерден, қашан, не алып мінгендеріңді қазір көреміз,-деп машинаның асты-үстін қарай бастады. Олардың әдеті ғой, тіміскіленіп машинадан бірдеңе іздей бастайтыны. «Не қарап жүрсің? Біз майданнан келдік. Жеңіспен келдік...» деп солдаттар бір сөзін бірнеше қайталап ашу шақыра бастады.
- Бәрі дұрыс қой. Бірақ Мәскеуге бір машина толы гранатамен жібере алмаймын. – дейді МАИ күннің ыстығы жетпей шала піскен арбыздай домалап жатқан жасыл ала пәлелерге көзімен жарып жіберердей тесірейе қарап.
- Масқара. Су жаңа гаранаталар. Жолда тастауды ұмытып кеткеміз ғой,-деп қатты өкінген офицер фуражкасын жерге лақтырды.
- Болмайды. Жап-жаңа қару, жарылғыштарды дереу әскери полигонға шығару керек, - деді инспекторлыққа қолы жетіп қасарысқан қырсықтардың басшысы.
-Ура! Таптым, таптым, - деді бір солдатымыз жерден жеті қоян тапқандай.
- Нені таптың? – дейді МАИ жағы.
- Бұл гранаталардың енді керегі болмасын біліп чекасына қол тигізген жоқпыз. Бәрі сол зауыттан шыққан, майланған күйінде. Оған гранаталарды сонау майдан даласынан тиеп алып келе жатқан мына шопырымыз куә. Нанбасаңдар, - деп бір гранатаны қолына ала салып үйіліп жатқан жәшіктердің үстіне лақтырып жіберді. Инспекторлар шапшаң екен. Үріккен қояндай секіріп барып, жақын бұталардың арасына зып беріп кіріп кетті. Жарылғыштар жарылмай қалды. Бәрі орамалдарымен шып-шып терлеген маңдайларын сүртті. Сөйтіп Мәскеудің МАИ қызметкерінің зәресін ұшырғанымыз бар.